Хақ дін, құнарлы тіл, ұлттық салт-сана екі дүниеде тура жолға бастайды

Хақ дін, құнарлы тіл, ұлттық салт-сана  екі дүниеде тура жолға бастайды

Бейбіт Сапаралы, жазушы, дінтанушы, «Қағанат» консорциумының басшысы:

– Бейбіт аға, әңгімеміздің «бісмілләсін» еліміздегі ислам дінінің бүгінгі жай-күйінен бастасақ...
– Бисмиллахи рахмани рахим! Әлхам­дулилла, қазақ елі мен жеріндегі ислам мәселесі біздің қоғам үшін, оның ішінде қазақ халқы үшін ең жетекші орында. Өйт­кені біз мұсылман болып жаратылдық, ұл­ты­мыз – қазақ, тегіміз – түркі. Алла тағала­ның өзі «мен сендерді бір-біріңді тану үшін қауымға, ұлтқа бөліп жараттым» деген. Ен­де­ше, ежелдегі түркі қауымына да кез- кезімен келген елшілердің ішінен нәби жолданғандығына сенуге болады. Біздің мұсылмандығымыз, түркілігіміз, қазақылы­ғымыз бір-бірімен әсте қойындасып жатыр. Ұлттығымыз бен діншілдігімізге байланысты әлсіреген, қатты нұқсан келген кездерді де бастан өткердік. Оған үш ғасырлық отарлау­шылық саясат, одан кейінгі 70 жылдық Кеңес үкіметінің атеистік дәуірі себеп. Ал енді қазіргі Тәуелсіз ел туы астында Қазақ­стан қай жағынан алсақ та едәуір алға басты. Ой еркіндігі, сөз еркіндігі, діни сенім бостан­дығына қол жеткіздік. Алайда дінге еркіндік береміз деп барлық дәстүрлі және адасқан дінге есігімізді айқара ашып тастап, қазақ протестант, кришнашы, католик... болам десе де еш ренжімейтін болдық. Тіпті бір үйде бірнеше дін өкілдері тұратын жағдай­ларға дейін кездесіп қалуда. Мұның мемле­кетке тигізер зиянды жақтары өте көп. Себе­бі біз дербестік алғаннан кейін мұхиттың ар жағынан келген есепшоттарын­да ондаған миллиард қаржылары бар үлкен ұйымдар таза дінді насихаттау үшін емес, қазақ қоға­мын  ыдыратып алып кететін теріс пиғылдағы ой-жоспарлармен келді. Бөлінген қоғам билеуге жақсы. Өйткені Қазақстанның жері байтақ, дүниежүзілік деңгейдегі үлкен қазба байлықтары бар, халқы өте аз. Сондықтан әртүрлі діни сенімдерге бөлініп, бір-бірі­мізбен алауыз болып жатсақ, онда басқа­лар­ға оп-оңай жем болар едік. Шүкір, елімізде ислам дінінің орны мен маңызы күшейе түсуде. Бұрын жер-жерде мешіті бар аудан, ауылды табу қиын болса, қазір мешіт-медресесі жоқ ауылды таба алмай­сыз. Бұл – жақсылықтың нышаны. Азаны шақыры­лып, шариғатты білетін жергілікті имамдары, тақуадар жамағаты бар болса, сол өлкенің көркейгені. Отыздан астам ұлт өкілдері иман келтірген ислам діні еліміздегі қоғамдық келісімнің шынайы тірегіне айна­лып, өзге діни сенімдегілердің зор үміт арта қарайтын қауіпсіздік кепіліне айналуда.
– Дегенмен ислам діні кеңірек қанат жайып, халық арасында діни сенім күшейген сайын сан түрлі сұрақтың да көбейе түсетіні заңдылық қой. Қазіргі біздің қоғамды нарық билеп тұрған кезеңде хақ жолда жүріп кәсіппен айналысу қаншалықты мүмкін?
– Рас, қазіргі таңда қоғамдық өмір және дін, билік және дін, рухани қайраткерлер және дін, кәсіпкерлік және дін секілді өз шешімін күтіп тұрған ондаған күрделі мәсе­лелер бар. Мысалы, исламдық банк жүйе­сін­де риба, демек, ақшадан ақша жасау – харам. Сондықтан бүгінгі кезде намаз оқып, қажылыққа барып келген діндар банк қыз­мет­керлері біртіндеп мүмкіндігінше ислам банктеріне ауысқысы келеді. Сондай-ақ Алланың тура жолына түскен түрлі сала­дағы қызметкерлер, айталық, кеден, құқық қор­ғау саласының мамандары арасында жемқор­лыққа бармай, халал ризық табу үшін жайлы қызметінен кетіп жатқандары да бар. Бүгінде біздегі қалыптасқан үрдіс бо­йын­ша, көптеген жекеменшік компания­лар мемлекеттік тендер алу үшін алашағы­ның он, кейде жиырма пайызын тиісті «мә­се­ле шешкен» шенеунікке сыйлық деп, жо­ла­шар деп беруі керек. Мұның өзі пара беру болып саналады және де негізгі жұмыс­тың сапасы өте нашарлайды. Адал мал таба­мын деген­дердің алдынан осындай кедергілер шыға­ды. Дегенмен мұндай мәсе­лелер біртіндеп қоғамдық қарым-қатынас өзгерген сайын өз оңтайлы шешімін табады деп ойлаймын. Мұндай үрдістерді бір жаққа қарай дінге бағыттап, қатты күштеуге де болмайды, өмірдің өзі біртіндеп ақ пен қараны айқын­дайды. Себебі исламда зор­лық жоқ. Бүгінгі таңда қазақ қоғамындағы дін мәселесінің шешілмеген түйткілдеріне қарамастан, бір­шама алғабасушылық та жоқ емес. Айталық, жақын болашақта ис­лам банктері көбейе түссе, адал қаржылан­дырудың көзі болса, бәрі халал бола бастайды. Қазіргі кезде мемлекеттің қаржы­сын қалтасына басып алып, түрлі жолдармен байыған қаншама қазақ шетелдерде жүр. Мысалы, Англияның өзінде осындай 50 мыңдай отандасымыз тұрады екен. Олардың әрқай­сысы кезінде Қазақстаннан ең аз де­ген­де 10 миллион долларды жырып алып кеткен. Өйткені жиған-тергені одан аз болса, ол жақта өмір сүру қиын. Сондай-ақ қазіргі өз ішіміздегі миллиондаған қаржысы бар қалталылар да шетелдегі туыстары сияқты зекет, садақа бермейді, қайырымдылыққа мойын бұрмайды, көрші-көлемге, пақыр-міскінге қарайласпайды.
– Біздің еліміздегі ислам өкілде­рі­нің беделінің өсуіне не кедергі?
– Ең алдымен шынайы діндарлық, тақуалық жетпейді. Жаратушыға жалбары­нудан гөрі адамнан сұрап, адамнан қорқу басым. Қай жағынан алып қарасақ та, ілім малдан артық тұрады. Демек, шариғи терең ілім болмай, мұсылманның бедел-дәреже­сінің артуы қиын. Шариғаттан аттап өтіп тариқатқа жол тартса, иманын шайтан иек­тейтіні секілді, мазхабта жоқ жолдарға бой ұрып, діни бүліншілікке бас қою – тек қана тозақтың от азабына ұрындырады. Осы орайда, үкілі үмітіміз – топ-тобымен сәждеге бас қойып жатқан иманжүзді жастарда, ал үрейіміз іштен іріте бастаған «салафшыл», «құраншыл», «зікіршіл» ұлтсызданған, рух­сыз­данған тентек топтарда.
 Ислам мемлекеттерінің көбінде шариғат мәселелерін бақылау жөнінде арнайы ме­ке­мелер бар. Осы құзырлы органдар мем­ле­кеттегі қолдануға болатын, болмай­тын тауарларды қатаң бақылаудан өткізіп, қо­ғам­дағы кез келген мәселеге үн қатып отырады. Біздің елде діни сенім бостандығы туралы заң мүлдем әлсіз. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жауапты қызметкерлерінің, жалпы діндар қауымның қоғамдағы белсенділігі өте төмен. Олар Парламентте арнайы сағат алып, сөз сөй­леп, Үкімет мүшелері алдына тиісінше мәсе­ле қойып отыруы керек. Алайда біздің дін­ба­сы­лар Рамазан айында облыс әкімдеріне ұран тастап, дүкендерде арақ-шарап сатуға тыйым салудан ары аса алмайды. Біз зайыр­лы қоғамда өмір сүріп отырмыз. Жергілікті дүкен­дерге, жекеменшік иелеріне «арам шишаларды сатқызба» деген құр бос сөзден ештеңе өзгермейді. Көзбояушылық үшін ғана ішімдікке шектеу қойғаннан гөрі, халықты имандылыққа шақырудың басқа жолдарын қарастыру қажет. Мысалы, Рамазан айында жоғары оқу орындарында студенттерге арналған ауызашар орындар жасап қойса, отыз күн бойы ораза тұтқан жастарға үлкен демеу болар еді. 11 миллион мұсылман жамағаттың пітір сада­қа, жай садақа, зекет малдары оны алуға тиіс сегіз түрлі қауымға нақтылы жеткізіліп тұрса, қала-ауылда әлеуметтік жағдай мейлінше жақсара түсер еді. Құрбан айт кезінде құр­бан шалу мәселесін кешенді түр­де қарасты­рып, ірі-ірі қала, аудан, ауылдық жерлерде құрбанға мал шалуды, тиісінше таратуды мықтап ұйымдастыру да муфти-имамдар­дың ұйытқы болуына тікелей байланысты. Бұдан басқа да қоғамдық өмір­ге пайдасы бар іс-шаралар ұйымдас­тыруға болады. Айталық, біздің қоғамда қазіргі кезде жастардың кештетіп үйлену мәселесі, қара­көз қарындастардың некеден тыс қалып, «кәрі қыз» атану жағдаяты бел алып барады. Осы жағдайды шешуде кейбір елдерден үлгі алуға болады. Мыса­лы, Түркияда аудан әкімдері жағдайы жоқ отбасылардағы жасы келсе де үйленбей жүрген жастардың тізімін жасап, олар туралы біршама анықтамалар жинайды. Одан кейін олардың бір-бірімен танысып, тіл табысуына жағдай тудырып, көңілдері жарасқан жүздеген жас жұбайлар­ды жи­нап, қоғам қайраткерлерін, күйеу-келіннің ата-аналарын шақырып, үлкен стадионда салтанатты іс-шара ұйымдасты­рып, некеле­рін қиып, дастарқан жайып, той жасайды. Той иелеріне қайырымды жергі­лікті кәсіп­керлер шама-шарқынша көрпе-төсек, жи­һаз, тұрмыстық техника секілді керек-жа­рақ­тарын сыйға тартады, бір жыл­дық пәтер ақыларын төлеп береді. Сыйлық тамыр-таныстықпен жасалмайды. Мысалы, 100 жұп үйленсе, олардың әрқайсысының бел­гі­­ленген нөмірі болады. Кәсіпкерлер осы нөмір арқылы кез келген жас отбасыларға сыйлықтарын тарту етеді. Ал бізде өздерінің қарызданып-қауғаланып, ақысын асыра төлеген тиісті пәтерлерін ала алмай жүрген­дер қаншама...
– Исламды ең алдымен ғылым деп түсінген ежелгі ғұламаларымыз білімді ылғи жетілдіріп отыру керектігін айтып өткен ғой. Қазіргі кезде біздің жастарымыздың арасында шетелдерге барып діни сауат алып жатқандары жетерлік. Алайда осы шетелдерден оқып келіп жатқан жастар мен жергілікті діндарларымыздың арасында біршама түсінбеушіліктердің туып жататынына жиі куә болып жүрміз.
– Иә, соңғы жылдары он мыңдаған жастарымыз діни басқармалардың, орта­лықтардың, арнайы қорлардың жолдама­сымен Сауд Арабиясында, Мысырда, Сирия­­да, Түркияда, Ливанда, Иранда, Өз­бек­станда т.б. шетелдерде оқып келіп жатыр. Алайда оларға Қазақстан мұсыл­ман­дары Діни басқармасы да, Сыртқы істер министрлігі де, Дін істері жөніндегі комитет те оқуға түскеннен бастап бітіргенге дейін қатаң бақылау жасамайды. Жастар нендей маз­хаб­та ілім алып жатыр, кіммен араласып жүр, қандай мақсаттары бар, елге келгеннен кейін немен айналысуы тиіс, оған ешкім бас қатырғысы келмейді. Тіпті кейбір жергілікті имамдарымыздың өзі оларды түрлі ағым­ның өкілдері ретінде қабылдайды. Ал сол шеттен оқып келген жастардың көбі араб тілін жақсы меңгерген, шариғаттан білімдері бар, халықаралық өмірді көргендер. Елге келгенде Діни басқарма оларды «күмәнді бағыттасың» деп сыртқа ысырады. Сонда олар қайда баруы керек? Кәсіппен айналы­сайын десе, олардың жүріс-тұрыстары, киім киістері, сақал-мұрт қойыстары басқаларға ерсі көрінеді. Мұндайларды мемлекеттік қызмет саласына да еш алмайды, мешіт-медресеге де жолата бермейді. Сондықтан олдардың көпшілігі елшіліктің, қайырым­дылық қорлардың маңайында аудармашы­лық сияқты уақытша күнкөріспен айналыса­ды. Қоғам шетке ысырғандықтан, көзі ашық жастар өздері топ жинай бастайды, соларға уағыз айтады. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері дінге қатысты адамдардың топтасып жүргендерінен қауіптеніп, тергеп-тексеретіні тағы бар. Сонда олар қоғамнан да алшақтап, күдікті секта өкілі болып қала береді. Ал ислам дініне қатысты көкейінде көптеген сұрақтар туындаған адамдар жергілікті имамдарға, муфтилерге баратын болса, дұрыс уағыз тыңдай алмайды, сұра­ғына қанағаттанарлық жауап ала алмайды. Өйткені қазіргі біздің мешіттерімізде негі­зінен білімдері медреселерде ғана оқумен шектелген, қосымша курстан ғана өткен, араб тілін білмейтін жастар отыр. Ел ішінде сауатты діндарлар, дін қызметкерлерінің тапшылығынан, дін өкілдері, ғалымдар, жазушылар, еңбек адамдары, қоғамның кез келген өкілімен ашық пікірталасқа түсіп, нұр шашқан мәдениетімен, парасат-пайы­мы­мен, мейлінше терең білімпаздығымен, сабыр-ұстамдылығымен дәлелді түрде өз айтқанына иландыра алмағандықтан, ис­лам­тану саласы ғылымда өрістемей, күмән­ді әдебиеттер көптен-көп таралып жүрген­дік­тен, елімізде ислам діні өкілдерінің беделі төмен. Біздің қоғамда осындай шешімін таппаған, ойласпаған мәселелер бар. 
– Халыққа дәстүрдің озығы мен тозы­ғын ажыратып беретін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жетпей жатады. Зиялы қауым­ның өзі бірі дәстүрді жақтаса, енді бірі діннің дәстүрден биіктігін дәлелдеп бағуда. Осыған не дейсіз? 
 – Расул Аллаға Құран Кәрім түскеннен кейін қазақ халқы алғаш­қылардың бірі болып исламды қабылдады. Сондықтан қазақтың салт-дәстүрлерінің 100 пайызға жуығы шариғатқа сәйкес деп ашық айта аламын. Айталық, ұлттық киімдеріміз  ша­ри­ғатқа сәйкес. Қыз балаға, келіншекке, бәйбішеге арналған ұлттық киімдер – әуретті жапқан әлемдік дәрежедегі жоғары сән үлгілері. Кезінде бабаларымыз әйел адамның киген киіміне қарап, сыртынан оның тұрмысқа шықпаған жас қыз екенін немесе келіншек, не бәйбіше екенін ажыра­татын болған. Ал қазір тіпті қажылық­қа барып келген апа­лары­мыздың өзі басына орамал тақпай, еуропалық шалбар киіп жүреді. Қазақ­тың ұлттық киімдері тұрмыс-тіршілікке ыңғайсыз немесе әдемі болмаған­дықтан қолданыстан шығып қалған жоқ, өзіміз ұлт­тық киімімізді заманға ыңғайлай алмадық. Сол сияқты өзіміздің ұлттық та­ғам­дарымыз­ды аз пайдаланатын болған­дық­тан, халық ішінде күрт толысу, қатерлі дерттерге шал­дығу үрдісі бел алуда. Бұрын қазақта семіздік деген болмаған. Ал қазір нәпсіні тыймай, тамақты үсті-үстіне ішеміз, ата-бабамызда болмаған түрлі тағамдарды жейміз. Осының барлығы ұлтымыздың азғындауына әкеп соғуда, өлім де жасарды. Кезінде сонау 1840 жылдары Жәңгір ханның тұсында миссио­нер­лердің арнайы мектеп-интер­натында біршама қазақ балалары оқыған екен. Бұл мектептің бір артықшы­лығы, осында білім алатын, интернатта тұра­­тын қазақ бала­ларына «бұлар өз ұлты­ның тағамын жеуі керек» деп бір уақыт ет асып, сорпа беретін болған. Ал сенбі, жек­сен­бі күндері балалар­ды атқа мінгізіп, қала сыртында серуендетеді екен. Өйткені бала­лар өз тамырынан үзіл­месін десе керек. Ал қазіргі кезде қай оқу орны балаларға қазақ­тың ұлттық таға­мын беріп жатыр?!
– Бүгінде хиджап киген қазақ қыздарын жиі кездестіретін болдық. Орамал тағып, ұзын етек кию былай тұрсын, бет-аузын түгел тұмшалап жүретіндер бар...
 – Қазіргі заманда Еуропа елдерінде хиджап кигендерге ашықтан-ашық заң жүзінде тыйым салып жатыр. Ал көптеген батыс елдерінде ер мен ердің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын жақтап, осы мәселеге келгенде әр адамның жеке басы­ның құқығын құрметтегіш болып қалады. Одан қалса, небір шайтани фотографтар бір мезетте пәленше мың адамды жалаңаш суретке түсіремін десе, оған да ерік беріледі. Ал енді әурет жерлерін жауып, жабық киім кигендердің құқығы аяқасты болып жатады. Тәнді жауып тұратын киімдерге пәрәнжі, хиджап деген аттар қойып алып, оны жаман қылып көрсетуге тырысатындар бар. Бұл – идеологиялық арандатушылықтың белгі­лері. Батыс жұрты ислам дінін терістеуге, бұрмалауға, қаталдандырып, қайырымсыз кейіпте сипаттауға тырысып бағады.Біздің депутаттарымыз да мұсылман қыздардың абыройы мен ар-намысын ойлап, орта және жоғары оқу орындарында әурет жерін жауып жүретін қандай үлгідегі киім кисе болады деп бас қатырудың орнына,  бір жынысқа өту туралы жаратушының қаһарын шақыратын арнайы заңды талқылауда.
– Жоғарыда мәдениет пен өркениеттің дінмен байланысында да түйткілдердің бар екенін айтып қалдыңыз. Расында, қазіргі әсіре еліктеушілігіміздің кесірінен болса керек, ұлттық мәдениетіміз жаһандық өркениетке жұтылып бара жатқандай. Дін мен руханият, мәдениет арасындағы байланыс жөнінде не айтар едіңіз?
Бүгінде қазақтың асқынып тұрған дертінің өзектісі – тіл мәселесі. Мемлекет басшысы «қазақ пен қазақ қазақша сөйлес­сін» деген талап та қойды. Менің осы сөзге қосарым, қазақпен қазақ жай ғана қазақ тілінде емес, құнарлы әдеби тілде көркем сөйлесуі керек. Қазіргі таңда тіпті жазушы, жорналшылар, зиялы қауым арасында мақалдап, бейнелі түрде ойын жеткізетін адамдар азайып барады. Меніңше, тіліміз­дің жұтаңдануының ең басты себебі тағы да төл кәсібімізден ажы­ра­ғанымызға келіп саяды. Өйткені біздің сөздік қорымыздың 60 пайызға жуығы төрт түлік малға байла­нысты болып келеді. Кәсібімізден айырыл­ған соң көптеген сөздеріміз де қолданыстан шығып қалуда. Бүгінде біздің қоғамдағы кәрі, жастан «үзеңгі жолдас» деген сөзді естисіз бе? Жоқ. Өйткені қазір біз атқа мінбесек, үзеңгінің не екенін білмесек, бұл сөздің мағынасын қайдан танимыз? Сол сияқты жылқы, түйеге байланысты мыңда­ған көркем сөздерді архаизмге айналдыр­дық. Рухани мәйегіміздің әлсіздігінің тағы бір себебі: ұлтымыздың бетке ұстарлары сана­латын жазушыларымыз, зиялылары­мыз, ғалымдарымыздың көпшілігі – кешегі Кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан, сол заманның тәрбиесін көргендер. Бұрынғы кеңес кезіндегі соцреалистік шығармаларда міндетті түрде бала ата-анаға ескілік көзі деп қарсы шығатын, жалаңаш әйел сурет­телетін, зинақорлық та көрініс беретін. Кей­бір жазушыларымыз әредікте намаз оқып жүрсе де, ислами құндылықтардан мақұ­рым, халық сұраны­сын қанағаттанды­ратын шығарма жаза алмайды. Бүгінде жастардың арасында иман­дылыққа бет бұрған, намаз оқитын­дары көбейіп келеді. Бірақ олар өздері оқитын тұшымды әдеби шығармаға зәру, театрға барайын десе, онда біреудің әйелі біреудің күйеуіне ғашық болатын немесе еркектің өз отбасын тастап, басқа әйелді алатын қойылымдары жүреді. Ашық­тан-ашық зинақорлық көрсетіледі. Мәде­ниет қайраткерлеріміздің өзі мұны әлі түсін­ген жоқ. Батыстық өнер саналатын опера және балет шариғатқа тіпті келмейді. Сон­дық­тан көзін, тілін зинадан сақтағысы кел­ген­дер өнер ордаларына барудан бас тартады. Ал қазіргі киноларға келетін бол­сақ, мен батыстық үлгідегі фильмдерден гөрі төл туындылардан көбірек қорқамын. Біздегі түсіріліп жатқан фильмдер – батыс­тың тапсырмасы. Қазақты азған ел ретінде көрсету үшін режиссерлеріміз ең айуандық дүниелерді таңдап алады. Қазақ қыздары­ның миллионнан бірінің жеңіл жүріске салы­нуы қазақ­тың кім екенін шырайын шығарып көрсе­тетіндей шындық па? Кешегі Құнанбай ата­мыз­дың заманында Қодар мен Қамқа қалай жазаланды? Егер сол заманда ел басқарып отырған Құнанбай аға сұлтан атасы мен келіні арасындағы қарым-қаты­нас­қа қатысты тараған пыш-пыш әңгіме­лерді куәлерді тарта отырып, ақиқатқа көз жеткізіп, кінәлілерді жазалау арқылы тый­ма­ғанда не болар еді?
– Бейбіт аға, сіздің осы уақытқа дейін қоғамдық, кәсіпкерлік еңбегіңізден бөлек, Құнанбай қажы, Абай, Шәкәрім туралы зерттеу еңбектер жазғаныңыздан хабардармыз. Ендігі уақытта халықпен бөлісер тағы қандай жаңалығыңыз бар?    
 – Дінтану, исламтану, қазақтану мәсе­лелері бойынша хатқа түсіретін көсемсөздік жазбалар, ғылыми-зерттеу еңбектер, көр­кем шығармалар көкейде қордаланып қал­ды. Заман ағымы қадалып отырып еңбек­­тенуге көп ретте мүмкіншілік бере бермейді. Ғаламторда орыс тілінде жарық көріп жатқан қоғамдағы ең өзекжарды мәселелер бойынша мақалалар, бірнеше томдық кі­тап­тар, баспасөз бетіндегі оқта-текте көрініс беретін сұхбаттар, әр алуан тақырыптағы телехабарлар, іштен бақылау жасайтын рияқорлық мәселесі біздерге тыныш тап­тырып, күнделікті құлшылық-дұғадан қана­ғаттанарлық сезімге бөлей­ді...
Қазіргі кезде біздің қоғамда осы уақытқа дейін айтылмай келген небір қабырғалы мәселелер бар. Біз бүгінде Елбасыны ұлттың көшбасшысы деп жүрміз. Алайда оның би­лік­ке қалай келгенін ешқайсымыз тыңғы­лықтап біле бермейміз. Осы орайда мен еліміз Тәуелсіздік алғанға дейінгі көшбас­шылар туралы және Елбасы туралы біршама зерттеулер жазсам деген ойдамын. Дәл қазіргі уақытта қазақтан шыққан нар тұлға, медреседе тыңғылықты білім алып, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген аса көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов жайлы ғылыми-зерттеу мақала жазуға неме­се деректі-толғамдық фильм түсіруге дайындалып жүрмін. Н.Оңдасынов – 34 жасында Премьер-министр болған кісі. Ол Сталиннің қолдауымен Мәскеуде білім алған. Белгілі себептермен 57 жасында қызметінен босап, елден кетіп, 85 жасына дейін, яғни 1989 жылға дейін Мәскеуде тұрды. Сол тұста Нұртас Оңдасынов Кеңестер Одағының Молотов (1890-1986), Сус­лов(1904-1982) секілді нағыз серке басшы­ларымен тығыз байланыста болып, Қазақ­станға қатысты мәселелерге сырттай ба­қы­­лап атсалысып отырған екен. Нұртас Оңдасынов – қазақ елі үшін орасан зор ең­бек етіп кеткен рухани көшбасшы. Нұрмұ­хаммед Оңдасынұлы қариямен 1985-1989 жылдар аралығында Алматы мен Мәскеуде бірнеше кездесіп, дастарқанынан дәм татып, хат-хабар алысып, телефон арқылы байла­ны­сып тұрған уақыттар мен үшін әрдайым жадымызда жаңғырып тұратын жарқын сәттер. Егер осы зерттеу жүзеге асса, қазақ мемлекетінің саяси өмірінің соңғы жүз жыл ішіндегі біршама қатпарлары ашылар еді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым бар...
Кезінде біздің бар тұрмыс-тіршілігіміз, кәсібіміз, дүниетанымымыз төрт түлік малмен байланысты болатын. Ал қазір атам қазақтың қандай төл кәсібі бар. Бас салып автокөлік жасауға да, компьютер құрауға да, жер серігін жасауға да ұмтыламыз, бірақ ата-бабаларымыз мыңдаған жыл айналысып келген кәсіпті менсінбейміз, оған кешенді түрде жағдай жасамаймыз. Мысалы, қытай, жапон, кәріс секілді экономикасы әлдеқайда алға кеткен халықтар бүгінге дейін өз ата кәсіптерінен ажыраған жоқ, салт-дәстүрлерін де көздерінің қарашығындай құрметтеп, сақтап отыр. Тағы бір мысал келтірер болсақ, көптеген араб елдері, мұнайы да, басқа да қазба байлықтары бола тұра, өздерінің түйе шаруашылығын, бәдәуилық тіршіліктерін әлі күнге жалғастырып келеді. Арабтар соңғы үлгідегі ең қымбат темір тұлпарларды мініп жүрсе де, өздерінің ұлттық киімдерін киеді, өлеңдетіп айтысады, төл кәсіптерімен айналысады, салт-дәстүрлерін күнделікті тұрмыс-тіршіліктерінен тысқары қалдырмайды. Ал сол бәдәуилер киіп жүрген киімді қазіргі кезде қажылыққа барып жатқан ондаған миллион мұсылман киеді. Өйткені олардың киімдері өз жерлерінің ыстық ауа райына лайықталып тігілген. Ал біз өзіміздің салт-дәстүріміздің қазіргі заманға қалай сәйкестендіріліп, өзгеру керектігін әлі шеше алмай келеміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста