Халықтың ұятын ояту үшін тіл полициясын құру керек
Cерік Тұрғынбекұлы, ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Серік аға, ең ұлық мерекеміздің бірі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Қазақтың сан ғасырлық арманы болған сол Тәуелсіздік мерекесін қалай тойлап жүрміз? Екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ – Тәуелсіздік сөзінің парқына жете алдық па?
– Қазақстанда, құдайға шүкір, той көп. Мұны жақсы ырымға балау керек. Бірақ сол тойлардың ішіндегі ең ұлығы, дәрежесі жағынан да, деңгейі жағынан да ең биігі Тәуелсіздік күні болуы тиіс-ті. Өйткені біздің күллі тірлігіміз бен 20 жылда қол жеткізген жетістігіміз осы Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Тәуелсіздіктің арқасында дербес ел болдық, әлемге танылдық, Астананы салдық. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Тіптен кеше әлемді дүр сілкіндірген оқиға – Астана саммитінің өзі Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген дүние деуге болады. Сондықтан Тәуелсіздік күнін жалаң той ретінде ғана өткізбей, саналы ой ретінде қабылдауымыз керек.
Әдетте, көп елдерге қақтығыс, қантөгіспен келетін Тәуелсіздік бізге қалай келді? Оны Кеңестер Одағының ыдырауымен ғана байланыстырсақ, қателесеміз. Тәуелсіздікті өз аяғымен келіп жеткен жетістік деп білсек, оның қадірін ешқашан да ұғына алмаймыз. Ол бізге сәтімен келсе де, қазақ халқының осы жолда қаншама қан төккенін ұмытпауымыз керек. Қаншама құрбан болды. Басқа қақтығыстарды былай қойғанда, 10 жыл бойы орыс империясына қарсы шапқан Кенесары көтерілісін қалай ұмытуға болады? Бұдан кейінгі Кейкі, Аманкелді батырдың ұлт-азаттық көтерілісін айтуға болады. Мұның жалғасы ретінде тарих қойнауына кешегі Желтоқсан көтерілісі келіп кірді. Ендеше, бізге Тәуелсіздік бәз біреулер айтып жүргендей, өз аяғымен келген жоқ. Немесе ол алып империяның қателігінен болып қол жеткізе салған дүние емес. Тәуелсіздік – кешегі халықтың асқақ арманы. Алаш арыстарының идеясы.
Ендеше, сол дүниемізді аяқасты етуге еш қақымыз жоқ. Тәуелсіздік күнін тойлағанда, ең алдымен, Абылайдың арманы, кешегі Кенесары көтерілісі, Желтоқсан рухы мұндалап тұруы тиіс. Қазақта батыр көп: осы арман жолында жанын пида еткен Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырларымыздың аруағы әспеттелуі керек. Батыстан әншілер шақырып, құр даңғаза, әлем-жәлем концеттер өткізгеннен гөрі тәуелсіз елдің асыл мұраттарын жырласақ, әлдеқайда әсерлі болар ма еді?
Түркістанға оралған қасиетті қара қазанның қақпағы қайда? Қақпақсыз қазанның дәм-тұзы көрінгенге жем болып кете бермей ме? Кенесары бабамыздың Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада қалған басы қайда? Тәуелсіздігіміздің жалы күдірейіп, жеке ел болған егемендігіміздің еңсесі бұдан әрі көтерілсін десек, елорда төріне жат қолында қалған бабаларымыздың басын әкеліп қоюымыз қажет.
– Бұл сұрағым алдыңғы сұрақпен үндес болғалы тұр. Біз сонау Алаш арыстары армандаған күнге жете алдық па? Олар армандаған Тәуелсіздік қандай еді?
– Ол күнге, әрине, жеттік. Енді сол Тәуелсіздігімізді әр мұсылман Құранды қолына алып қастерлегендей қастерлеуіміз керек. Алаш арыстары сол кездің өзінде қылышын қайраған империяның айбарынан қаймықпай, қаншама құнды дүниелерді жүзеге асырмақ болды. Ол құндылықтардың ішінде Алаш арыстарына қазақтың қамы бәрінен биік тұрды. Қандай жұмыс жасаса да, ұлттық мұратты басты мақсат етіп қойды.
Кейін империя саясаты өзгені тұншықтыра бастағанда екінші сортты ел болып шыға келдік. Оның тілі де, діні де, бетке-ұстар қаймағы да құрдымға кете жаздады. Өзге халыққа, өгей басшыға табынтып қойды. Осы құлдық санадан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Өйткені озбыр саясат Алаш арыстарының айбатын тұншықтырғаннан кейін былайғы жұрт өзгенің ықпалында кеттік. Осыдан болар, Тәуелсіздік деген сөздің қасиетіне бойлай алмадық. Еліміз осы сөздің мәнін енді-енді түсініп келе жатқан секілді.
– Тәуелсіздік күні Жаңа жылдың тасасында қалып барады. Бұған не себеп? Оны Жаңа жылдың тасасынан қалай алып шығуға болады?
– Орынды сұрақ. Жетпіс жыл бойы Кеңес өкіметінің ең сүйікті мейрамы болған Жаңа жылды әлі де тұғырынан түсірмей, алаулатып-жалаулатып жүрміз. Тіптен әрбір отбасының Жаңа жыл түнін сағат тықылымен тағатсыздана күтіп, шыныаяқ соғыстыру дәстүрін де тәуелсіз еліміз тәрк ете алмай отыр. Дұрыс-ақ! Орта тойда «орта толсын» дейтін қазақпыз. Алайда оның еліміздің ең басты тойы – Тәуелсіздік күніне селкеу түсірмеуі керек еді. Желтоқсан айы басталысымен-ақ, еліміздің бас қаласынан бастап мерекелік алаңда мерекелік шырша бой көтеріп, жарқ-жұрқ етіп менмұндалап тұрады. Ертеңгі Тәуелсіздік тойы иек астында тұрғанда келесі айда келетін Жаңа жылға бүгіннен бастап дайындық басталады. Осы тойды Тәуелсіздік күнін тойлап алғаннан кейін қолға алсақ та болады ғой...
Жаңа жылды ешкім де орнынан тайқытып жібере алмайды. Оның есесіне ұлық мерекемізді тең тойлап, терең толғап тұғырына бекіте түсу басты міндетіміз емес пе? Ендеше, ұлық күнімізді ысырып қойып, ел-жұрт болып Жаңа жылды тойлайық не болмаса Тәуелсіздік мейрамының қадір-қасиетін ойлайық.
– Бүгінде ұлтқа қатысты мәселе қозғасақ, мемлекеттік тілге соқпай өте алмаймыз. Тілді дамыту үшін не істеу керек? Өткенде отырыстардың бірінде тіл полициясын құру керек деп қалдыңыз. Бұдан басқа жол жоқ па? Жалпы, тілді дамыту жолында атқарылып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма?
– Әсет Найманбаев ағамыздың бір өлеңі бар еді: «Ақында менен сорлы жан бар ма екен, бір сөзі баспа орнына берілмеген», – деген. Меніңше, қазақтың бүгінгі халі осы секілді. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл болса да, тіл байғұс көкпарға түскен көк серке секілді додаға түседі де жатады. Біздің тілге қосқан үлесімізден гөрі «оны қалай дамытамыз?» деген дау-дамай, талқы-тартысымыз көп. Оны несіне қақпақылға сала береміз? Қаражат болса, қисапсыз бөлініп жатыр. Ол қаржыны босқа шашқанша, ғалымдар мен жазушылардың, журналистердің тіл туралы жазған еңбектерінің қаламақысына бермей ме?
Тілді орыстардың өзі ынталанып үйреніп жатқанда, тіл білмейтін намыссыз қазақтарды орынтақ беріп несіне тайраңдатып қоямыз? Тілін білмеген қазақтар керек болса тілін де, ділін де, тіпті жерін де сатып жіберуі мүмкін ғой? Қазақ басылымдары оқылмайды. Керек болса, Астанада қазақ басылымдарын сататын «Алты Алаш» дүңгіршегі екі-ақ жерде бар. Керісінше, Ресейдің кірме басылымдарын кез келген жерде сатып жатады. Осыдан соң тілдің жағдайы қайдан оңалады? Меніңше, тілді «былай үйретеміз» деп құр даурыққанша, кешегі келмеске кетті деп жүрген жүйенің амалдарын пайдаланған жөн. Өйткені өткеннің бәріне үрке қарауға болмайды. Соның бірінде «орыс тілін білмесең, саған барлық жерден есік жабық» деген емеурін бар болатын. Бізде қазақ тілін білмесең – намыс емес. Қызметке тұру үшін намыс емес, таныс керек.
Тіл білмейтіндер де әкім бола береді. Олардың өз тілі бар. Ол – «жемқорлық» тілі. Мұндайларды тек «қашан ұсталып қалғанша орнымнан түсіп қалмасам болды» деген ой ғана мазалайды. Сол себепті тілді дамытып, халықтың ұятын ояту үшін қаржы полициясы секілді тіл полициясын құру керек. Себебі біз бүгінде қорыққанымыздан ғана адам сыйлайтын халге жеттік. Не болса да ақшамен ғана есептейтін халге келдік. Дәл осы кезде тілбұзар мекемелерге айып салса, тілбұзар басшыға шара қолданса, біраз тәртіп орнар еді. Осыдан басқа амал қалмады деп жүйе жасауымыз қажет. Көшедегі қазақ тілді жарнамалардың барлығы жарымжан. Бұрын қаланы «ң» мен «н-ны» ажырата алмайтын басшылар басқарды. Ендігілеріне не жорық?
Осының бәрі жауапсыздықтан, талапсыздық пен тәртіптің, қадағалаудың жоқтығынан болып отыр. Өткенде тілді талқылауға арналған жиында Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қазақша «көп сөз – боқ сөз» деп қағазға қарамай, қазақша айтқанына мәз болып қалдық. Сол айтпақшы, тілді боқ сөзден арылту үшін енді тәртіпке жүгінуіміз қажет.
– Жыл санап емес, апта санап алыптарша өсіп келе жатқан Астананың өзі неге тұрады? Елордамыз көз алдыңызда көркеюде. Жалпы, елордадағы рухани ахуалды қалай бағалайсыз?
– Мен үшін ең басты тақырып Тәуелсіздік болса, одан кейінгі айшықты тақырыбым – Астана. Астана, өзің айтқандай, менің көз алдымда өсті. Осында тұрғаныма да 12-13 жылдай уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында мен Астананың қилы кезеңдеріне куә болдым. 10 жылдай Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайын басқара жүріп, небір елеулі іс-шаралардан тыс қалған емеспін.
Мен қаланың ең шарықтаған шағын қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің басқарған уақытымен байланыстырамын. Жасыратыны жоқ, ол қаланың қиын-қыстау кезінде келді. Сөйте тұра, талантты басшы елорданы биікке сүйреп келеді.
– Жетістікті жырлаған жақсы-ақ, бірақ мәдениеттің ордасы болуы тиіс елордамызда Алаш арыстарының бірде-біреуіне арналған ескерткіш жоқ. Бұл туралы не дейсіз?
– Ол рас! Оны талай мәрте көтердім де. Астанада аспанмен таласқан үйлер көп болғанымен, Алаш арыстарына орнатылған ескерткіш жоқ деуге болады. Әрине, Есіл жағасында Кенесары ескерткіші тұр. Абайға да орнатылған ескерткіш ауыз толтырарлық. Тәуелсіздік монументі, Керей мен Жәнібекке арналған ескерткіштің өзі неге тұрады? Ат үстіндегі Бөгенбай батырдың ескерткіші де Астана айбынын келтіріп тұр. Алайда солардың ішінде Алаш идеясын көтерген қайраткерлерге бірде-бір орын бұйырмапты.
«Астананы Есілдің бойы, Ақмола жерінде болса» деген ойды алғаш Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов арман еткен. Кейіннен Сәкен Сейфуллин де Қазақ елінің астанасы туралы талас-тартыста осы жерді көздегені белгілі. Одан кейін осы пікірді кеңестік жүйе кезінде Қаныш Сәтбаев жалғастырды. «Астанаға лайық бірден-бір мекен – Ақмола облысы» деп ойып тұрып айтып кеткен осылар еді ғой. Астана алдымен мәдени ошақтарымен құнды болады. Өйткені халық көп шоғырланатын жер, мектептер, университеттер ашылып жатыр. Дегенмен мәдени ошақтар тым аз. Осы Алаш арыстарына арналған бірде-бір ескерткіштің жоқтығы жаныма қатты батады. Онжылдық мерейтой қарсаңында сый жасаудан бәсекеге түскен әкімдер Алаш арыстарына арнап ескерткіш орнатуды ескермеді. Тіпті елордада Алаш арыстары атындағы аллея болса да артық етпес еді. Астана – Алаш арыстарының арманы болған, Алаш арыстарының арманынан бой көтерген қала.
– Сіз Астанаға келгелі бері бірнеше рет Конгресс-Холлда кештер өткіздіңіз. Соңғы кешіңізге «Аспанның асты – Астана» деген айдар тақтыңыз. Сондай-ақ «Есімің сенің – Елорда» деген бірыңғай Астана туралы өлеңдер жинағын жүйелеп жатқаныңызды естіп жатырмыз. Қалың қазаққа белгілі ақын, қаламгер ретінде алдағы шығармашылық жоспарларыңыз туралы оқырмандарды хабардар ете кетсеңіз...
– Жас жылдарымызда желіп-жортып жүріп көп уақытымызды қызық- думанға қор етіп жіберіппіз. Енді, міне, пайғамбар жасынан асып, егде тарта бастаған шағымызда уақытты қамтып қалу үшін жанталаса жұмыс істегің келеді. Алайда «ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, қайда той, қайда жиын қалғың келмейді. Сөйте тұра, соңғы жылдары шағын өлеңдерден гөрі көлемді дастандарға ауысып бара жатырмын. Бұл ниетім жеміссіз де емес. «Кейкі батыр» дастаны, «Алаш», «Махамбет және Жәңгір хан» дастандарым Мемлекеттік сыйлық алды. Ұзақ жыл Сәкен Сейфуллин мұражайын басқарып, біраз зерттеп-зерделегенімнің нәтижесінде «Сәкен – сұңқар» деген дастан жаздым. Ол тіпті кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған болатын. Өтпей қалса да өкпем жоқ. Содан өзімді қамшылап, «Ахмет – Іңкәр» деген Байтұрсынұлының жастық шағы, бозбала махаббаты жайлы дастанға кірісіп кеттім.
Жалпы, поэма-дастандарым екі бағытта: ғашықтық және батырлық болып келеді. Батырлық-дастан циклынан қазақтың ғарышкер батыры Тоқтар Әубәкіров туралы «Ғарыш – қазақ» деген дастан бітіріп, оны республикалық басылымдардың біразы жариялап та үлгерді. Ал ғашықтық дастандарынан Сәкен сері Жүнісовтің алғы сөзімен, ол кісінің көзі тірі кезінде «Ақан сері – Балқадиша» дастаны дүниеге келген болатын. Тиражы аз – 2000 дана болғандықтан, өз қолымда бір данасы да қалмапты. Оқырмандар табан астында талап әкетті.
Жақында «Балуан Шолақ – Ғалия» деген дастан жазып бітірдім. Алла жазса, оқырмандарымен қауышып қалар күн де алыс емес секілді. «Фолиант» баспасының ұсынысымен «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша «Торғай» деректі кітабын жазып жатырмын. Екі рет Орынбор, Қазан, Уфа, Троицк қалаларына барып, мұрағатты ақтардым. Көптеген тарихи құндылықтарға қол жеткіздім. Амандық болса, алдағы көктемде оқырмандардың қолына тигізсем деген ниет бар.
Мұның сыртында драмалық шығармаларға да бой ұрып қоятыным бар. Қазақстан театрлары бір-бірлеп қойып жатыр. Бұған да тәубе деймін. Ал өлеңдерімнің негізгі тақырыбы – қып-қызыл саясат, халық тағдыры, ұлт қамы дегендей.
– Әңгімеңізге рахмет.
ТОСЫН ОЙ
«Астананы Есілдің бойы, Ақмола жерінде болса» деген ойды алғаш болып Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов арман етіп көтерген. Кейіннен Сәкен Сейфуллин де Қазақ елінің астанасы туралы талас-тартыста осы жерді көздегені белгілі. Одан кейін осы пікірді Кеңес Одағы кезінде Қаныш Сәтбаев жалғастырды. «Астанаға лайық бірден-бір мекен Ақмола облысы» деп ойып тұрып айтып кеткен. Сөйтіп келіп орнаған Астанада Алаш арыстарына арналған бірде-бір ескерткіштің жоқтығы жаныма қатты батады.
ТОСЫН ДЕРЕК
Тарихи жәдігерлердің ішінде Сәкен Сейфуллин Совнаркомның төрағасы болып келген соң шығарған ең бірінші бұйрығы бар. Бұйрық әлі де маңыздылығын жоймаған. Сәкеннің «Совнарком» орынтағына отырған соң алғашқы бұйрығы – «Бүкіл ісқағаздар қазақ тілінде жүргізілсін» деп шығарылыпты. Ордалы жыланның ішінде отырып осындай ерлікке бару – тек асыл арыстардың ғана қолынан келетін жайт.