Ұрпақ Абай, Шәкәрім идеялары негізінде тәрбиеленсе, шын мәніндегі рухани өркендеген қоғам қалыптастыра алар едік

Ұрпақ Абай, Шәкәрім идеялары негізінде тәрбиеленсе, шын мәніндегі рухани өркендеген қоғам қалыптастыра алар едік

Салтанат Ізтілеуова, филология ғылымының докторы, ҚазҰПУ-дың «Тұлғатану» орталығының жетекші ғылыми қызметкері:

–  Салтанат Далбайқызы, сіз осыған дейін Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын зерттеп, жеті-сегіз кітап шығардыңыз. Әңгімеміздің басын сол Шәкәрім шығармашылығымен бас­тасақ деймін. Мәселен, сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ халқына Шәкәрім мұрасы қандай идеяларымен маңызды?
– Шәкәрім Құдайбердіұлы халқымызға аса керекті мол рухани мұра қалдырып кеткен қазақтың дана ақыны және ойшылы. Ол бірінші кезекте – сөз зергері. Шәкәрімнің поэтикасын зерттеу барысында, оның қазақ халқының көркем сөзін, өлең өрнегін қаншалықты байытқандығына көз жеткіздік. Шәкәрім адамзатқа ортақ күрделі тақы­рыптарды: Алла, адам, өмір, өлім, махаббат, қоғам мәселелерін өлеңмен өрнектейді. Ол Алланы сүю, адамды сүю, қоршаған ортамен үйлесімділікте болу мәселесін жырлайды. Осындай өзекті тақырыптарды жырлау барысында Шәкәрім қазақ поэзиясын «шын нұр», «шын асық», «таза ой», «таза жан», «тәтті тіл», «от жүрек» сияқты бейнелі және мазмұны терең сөз тіркестермен байытады. Сонымен бірге кейіпкерлер психологизмін образды сомдау барысында «көңілдің қабағы салбырады», «күншіл мұндар», «жебір ұлық қылдай іс», «өлі жүрек», «әділетсіз залым», «сұм ақыл» сияқты көптеген жаңа образдық сөздерді қолданысқа енгізген. «Ақылдың көзі», «шолғыншы ой» деген ұғымдық ора­лым­дарды Шәкәрім өз поэзиясының мазмұны мен мәнін айшықтау үшін пай­даланған. Ол «жар», «нұр», «шын» ұғымдық категорияларына ерекше ден қояды. Осы ұғымдар арқылы Шәкәрім ұлттық тәрбиенің танымдық тіректерін ашып береді. Ойшыл ақын «Жар», «Жаратушы», яғни «Алла», оны сүю, оған сену арқылы адамның адамгершілік қасиеттері бастау алады деп насихаттайды. Барлығының бастауы – «Жаратушы». Ал оны біз «жүрек көзі», «көңіл көзі», «көкірек көзі», «іш көзі», сияқты терең сезімдік, саналық белгілеріміз арқылы танимыз. Шәкәрім поэзиясында әлемдік мәселелер көтеріледі. Ақын олардың шешілу тетіктерін іздейді. Қоғамды, елді көркейтудің негізгі жолы «адал еңбек» деп көрсетеді. Адамның өз таң­дауы­мен, еркімен, ішкі құлшынысымен жаса­латын адал еңбек iскерлікке, біліктілік пен білім­ділікке негізделеді деп есептейді. Барлық адамдарды, халықтарды, жақсы­лыққа, татулыққа және әділетке бастайтын «ар ілімі» оқытылуын ұсынады. Ал «ар ілімі» – «адал еңбекке», «арлы ақылға», «ақ жүрекке» негізделеді. «Ар ілімін» білу мен насихаттау әділетсіздікке, арамдыққа, өтірікке, жалқаулыққа тосқауыл болады. «Адам түзелсе, қоғам мен өмір түзеледі» деп біледі Шәкәрім.
– Шәкәрімнің рухани мұрасының негізгі берері ретінде азаматты, тұлғаны тәрбиелеу мәселесін айтып отырсыз. Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ ұлтының жас ұрпағын тәрбиелеу ісінде Шәкәрімнің тәрбие идеяларын қалай пайдалануға болады?
– Адамзат тарихындағы елеулі ойшыл­дардың барлығы дерлік адам мәселесіне, оның тәрбиесіне, рухани жетілуіне ерекше ден қойған. Шәкәрім де қазақ халқын тәрбиелеу және жеке адамды тәрбиелеу мәселесін өзінше шешуге ұмтылыс жасаған. Ол адамды тәрбиелеудегі ең тиімді жол Алланы, Жаратушыны сүюге баулу деп білген. Әсіресе әділетті, талапты, еңбекті адамды жетілдіретін құндылықтар деп есептеген. Шәкәрім адам мәселесіне қатысты Абайдың пікірлеріне айрықша мән берген. Және осы тақырыпты тереңдете талдаған. Бүгінгі ұрпақ Абай, Шәкәрім идеялары негізінде тәр­биеленсе, шын мәніндегі рухани өркендеген қоғам жасайтын едік. Қазіргі заманда Шә­кәрімнің «түзу адам», «шын таза жан» концепциясының маңызын түсініп, осы концепцияны басшылыққа алу зор пайда әкелер еді. Себебі адамды қалыптастыру оның дүниетанымын қалыптастыруға бай­ланысты. Ал «түзу адам» болса, ол Алланы, әділетті, шындықты, білімді және еңбекті сүйеді. Шәкәрім қазақ жұртын, әсіресе жастарды осы құндылықтарды игеруге үгіт­тейді. Ол үшін адал еңбектен, адал табыстан жоғары нәрсе жоқ. Өкінішке қарай, қазіргі Қазақстан қоғамында адам тәрбиесін тым ақсатып алдық. Басым көпшілік халықтың көкейін ақша биледі. «Ақша патша» болған, барлық игіліктер мен молшылықтарды тек ақшасы бар адамдар пайдаланған қоғам орнаттық. Ең басты өкініш, адал еңбектен, маңдай терімен табуға тиісті нәпақасын байшікештерден ала алмай жүргендер тым көбейіп кетті. Байлар, әкімдер елдің ортақ табысын жеп кетуге, талан-таражға түсіріп, жеңіл жолмен пайда табуға әдеттеніп алды. Негізгі ауыртпашылықты көтеретін қара­пайым халық мемлекеттің ортақ табысынан қағылып отырғандай. Осының барлығы ел халқына ауыртпашылық түсіріп отырғаны рас. Демек, Қазақстан үшін Абай мен Шә­кәрім көтерген әділеттілік идеясының маңызы күшті. Биліктегілер әділеттілікті үнемі бас­шы­лыққа алып отырса, халық пен билік арасын­дағы түсіністік пен жарасу болады. Осындай жағдайда билікті қолдаған халық үлкен еңбек құлшынысына барады. Ал жасампаз еңбек елді одан әрмен байытады, қуатты және бәсекеге қабілетті етеді. Осы тұрғыдан алғанда ойшылдарымыздың еңбек туралы пікірлерінің қолданбалық маңызы арта түседі. Жасампаз еңбек қана еліміздің еңсесін көтереді. Елбасы да осы өзекті қағидаға ерекше назар аударуда. Мәселен, Президент «Қазақстан – 2050» стратегиясы Жолдауында елдегі адам тәрбиесі мәселесіне ерекше назар аударып, сыбайлас жем­қор­лықты, ұрлықты, мемлекет пен халықтың ортақ табысы мен байлығын шашуды тоқ­татуды талап етті. Меніңше, осы міндет­терді орындау жолында Абай мен Шәкәрім мұрасы үлкен рөл атқара алар еді. Себебі ұлы ойшылдар адал еңбек пен әділетті болуды үйретеді. Өкініштісі, бүгінгі қоғамда біз осы өсиеттерді орындай алмай отырмыз. Билік иелері халық ұстаздарынан үлгі алып, үйрене алмай отыр. Менің қорқатыным – қоғамдағы жемқорлық. Бұл құбылыс бүкіл ел халқының моральдық азғындауына негіз болып отыр. Көпшілік ақшаны, байлықты, карьераны бірінші ке­зекке шығарып, адал еңбекті, қайырым­дылықты, әділеттілікті екінші кезекке ысырып тастады. Адал еңбегі­мен, білімімен, біліктілігімен байлыққа жет­кен адамды халық құрметтер еді. Бірақ та ондай азаматтар тіптен аз. Сондықтан елде жағымпаздық, өтірік пен жершілдік белең алуда. Әсіресе өтірік пен жалғандыққа белшемізден баттық. «Өтірік өрге баспайды» деген халқымыздың ұстанымымызға айналған нақыл сөзін көпшілік ұмытып кеткендей. Енді осы тұста Шәкәрімді еске алыңызшы… Шәкәрім барша қазақты бөліп жармай, бауырым деп қараған. Ұлтын сүю арқылы бүкіл адамзатты сүю дәрежесіне көтерілген. Ол «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан Абай өсиетіне адал болған. Бүгінгі қазақ ұрпағы ұлы ойшыл­дардың осындай ұстаздық үлгісінен ғибрат алып отырмыз ба? Керісінше, бүкіл қазақты тең көріп, әділетпен қатынас жа­саудың орнына керісінше, кетіп барамыз. Қарапайым ғана әлеуметтік әділеттіліктің талаптары орындалмауда. Осының нәти­жесінде, мемлекетіміздің жұмысы ақсап жатады. Бізде тұрақты тәрбие жұмысы, мақсатты Қазақ­стандық патриотизмді қалыптастыру, адам­гершілік идеологиясын уағыздау және Алаш арыстарының рухани мұрасын игеру жетіспейді. Ел бойынша тәрбие жұмысының әлсіреуі түрлі салалар­дағы қызметтер сапасының төмендеуіне әкеледі. Тәрбиедегі қайшылықтар түптің түбінде Қазақстанның мемлекеттілігінің тіректерін әлсірете бас­тайды. Сондықтан әрбір жауапты қызметтегі басшы білікті, адал және халыққа қызмет етуді бірінші кезекке қоя білетін кадрларды іріктеуді әдетке айнал­дыруы міндет. Ол үшін жоғарғы биліктің осы мәселені шешуге деген ниеті болса, жеткілікті. Қандай басшы бол­масын өз ұжымында тәрбие мен идеология мәселесіне назар аудар­ғаны абзал. Технократиялық ойлау, өндіріс мүддесі, табыс барлығы қажет. Осыларға гуманитарлық ойлау, демек, адам тәрбиесіне назар аудару қосылса табыстар баянды болмақ. Бұл орайда тағы да Шәкәрімге жүгінсек болады. Мысалы, адам тәрбиесіне қатысты Шәкәрім­нің ойларының ерекшеліктері баршылық. Шәкәрім Абайдың «толық адам» кон­цепциясын дамыта отыра «шын таза жан», «түзу адам» концепциясын ұсынады. Ол адам үшін ұждан керек дейді. Ал ұжданды адам өз ісінде ынсапты, әділетті, мейірімді ұстанады. Осы сапаларды ақ жүрек пен адал еңбек нәрлендіріп қозғалысқа түсіреді. Бұл құндылықтар адам бойында біріксе, ол нәпсіні жеңеді. Ал нәпсі өте қауіпті. Ол тек ішсем жесем, кисем екен дейді. Нәпсіге керек тек материалдық игіліктер ғана. Нәпсінің тиылмауынан түрлі ауытқулар туындайды. Ал басшы болған адамның нәп­сісін тыймауы тіптен зиянды. Ол өз нәпсісін қанағат­тандандыру мақсатында қоғам мен мем­лекеттің байлықтарына ауыз салады. Сол себепті қазіргі қоғам үшін халыққа Шәкәрім­нің «шын таза жан», «түзу адам» концеп­циясын түсіндіру, насихаттау және тәрбие жұмысының тірегіне айналдыру маңызды. Тәрбиені ұлылардың ұлағатына сүйеніп жүргізсек қана, ел алдындағы стратегиялық міндеттерге жете аламыз. Шәкәрімнің тәрбие­лік мұрасын, Абайдың рухани мұ­расымен біріктіріп жалпы­мемлекеттік тәрбие беру концепциясын жасауға әбден болады. Абай мен Шәкәрімнің идеялары өте терең мағынада болғанымен әр қазаққа түсінікті. Олар келесідей тәрбиелік кате­горияларға ден қояды: еңбек, талап, ақыл-ой, сақтық, сабыр, ар-ұят, ынсап, рақым. Осындай сапалары бар адамдар Алланы сүйсе нағыз «шын таза жан» болмақ. Қазіргі тілмен айтсақ «Жан- жақты жетілген тұлға». Адам тәрбиесін мемлекеттік мақсат дәрежесіне көтеріп жұмыс істесек, рухани дамыған тұлғаны қалыптастыруға әбден болады. Адамды жөндеу арқылы мемлекетті де, қоғамды да жөндей аламыз. Адам факторы ең сенімді, ең өнімді және ең пайдалы құндылық екендігін дамыған елдердің тәжірибесі ұдайы дәлелдеп келеді.
– Шәкәрім Құдайбердіұлы әділетті, арды шындықты бірінші орынға қойды. Қазіргі Қазақстан қоғамы үшін осы құндылықтардың қажеттілігі тіптен де арта түскен сыңайы бар… Бірақ біздің қоғам сол идеяларды өткен заманның құндылықтары ретінде қарағысы келетін секілді…
– Қазіргі экономикалық прагматизм заманында санамызды индивидуализм билеп алды емес пе? Сондықтан «ар ілімі» утопия сияқты көрінуі де мүмкін. Әсіресе «ақшаны патша» қылған адамдар үшін «ар ілімі» бос қиял, орындалмайтын армандар болатыны жасырын емес. Қазір адамдардың басым көпшілігінің ниет, пиғылы нәпсі жа­ғында, ішсем, жесем, кисем пайда көрсем екен дейді. Әлеуметтік қатынастарда тұтыныс қоғамның құндылықтары салтанат құруда. Әсіресе Батыстың дамыған мемлекеттерінің көпшілігін жайлай бастаған әлеуметтік праг­матизм құбылысы дамушы мемлекеттер ха­лықтарына өзінің зиянды үлгісімен ықпал етуде. Еңбек етпей, басқаны қанап, алдап-арбап немесе тонаумен өмір сүретіндердің саны арта түсуде. Моральдық деградация, әлеуметтік девианттылық, психологиялық агрессия мен пессимизм тым асқынып кетті. Озық ойлы өкілдер адамзаттың осыншама моральдық азғындап тозуы әлемдік катас­трофаға әкелетіндігін көріп отыр. Адамзаттың одан әрмен деградациялауына тосқауыл қоятын бірден бір фактор – әлемдік гума­нистік ой. Гуманизм мәні адамзатты, адамды сүю және қадірлеу. Шәкәрімнің «ар ілімін» осы адамзаттық гуманистік ойлауға қосылған зор үлес деп бағалаймыз. Ақын «ар ілімін» оқыту арқылы барлық халықтарды, бірінші кезекте қазақ халқын жаманшылық атаулыдан құтқаруды мақсат тұтады. Шәкәрім материалдық игіліктерге қарсы емес. Керісінше, ақын оның мол болғанын, барша халыққа адал еңбекпен келгенін қалайды. Бүгінгі қоғамдық ойда айтылып жүрген әлеуметтік әділеттілік принципін «ар ілімін» орнықтыру арқылы тиімді жүзеге асыруға болады. Ғылым, білім, өнер, шаруашылықты жаңғырту барлығы адал еңбекке негіздел­генде қоғам мен мемлекет түзеледі. Дұрыс қоғамда адамдар қорлауға, зорлауға ұшырамайды. Барша халық заңға бағынып әділетті қатынастарда болады. Шәкәрім күн тәртібіне қойған «ар ілімін» оқыту, насихаттау және тәрбие жұмысының тірегіне айналдыру қоғамды құтқарады.
– Сіз ғылыми еңбектеріңізде Шәкәрім шығармашылығын Абай, Әл-Фараби, Кұңфудзы, Жүсіп Баласағұн т.б. ойшыл­дардың туындыларымен салыстырмалы талдауға ұмтылатын секілдісіз. Бұл ойшылдардың бір-бірінен ерекшелігі қандай, қандай ортақ идея төңірегінде бастары бір арнаға тоғысады?
– Салыстырмалы талдау – ғылымда ең бір кең тараған зерттеу әдісі. Сондықтан ұлы ойшылдар мен сөз зергерлерінің дүние­танымдағы ерекшеліктерді, жаңашылдықты білу үшін салыстырмалы зерттеу қажеттілік. Көзіміздің жеткені адамзаттың ұлы ойшыл­дарының көтерген мәселелері ортақ. Олардың дені жалпы­адамзаттық құндылық­тар: Құдай – адам, тәрбие – қоғам мәселелері. Дана­лардың мақсаты – адамды табиғатпен және қоғам­мен өзара үйлесімділікте өмір сүруге үйрету. Олар адамның жетілуіне, қоғамның дамуына бөгет болатын зиянды құбылыстардың табиғатын ашады. Түрлі зиянды құбылыс­тардан құтылудың тиімді жолдарын көрсетеді. Даналар адамзаттың рухани жаңаруын бірінші кезекке қояды. Олар әділетсіздік, жемқорлық, өтірік, өсек-аяң, мақтаншақтық қоғамды іштен ірітетін зиянды құбылыстар деп есептейді. Оларды сылып тастамай мемлекет нығаймайды деп біледі. Мысалы, осыдан 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген Кұңфудзыны алайық. Қытай данагөйінің айтқандарын халқы осы күнге дейін мемлекетті басқару идеологиясы ретінде басшылыққа алып келеді. Кон­фуцийлік адамзаттың тарихындағы ең бір ықпалды дүниетанымдық жүйеге айналды. Ал бұл жүйенің тірегі – халықтың, биліктің мемлекеттің өзара жарасымдылықта, түсі­ністікте өмір сүруі. «Билік халықты өз баласындай көрсе, халық билікті әкесіндей сыйлағаны дұрыс» деген қағида. Қазіргі Қазақстанға керегі де – осы. Бабамыз Әл-Фараби қоғам қайырымды қала болғанын қалайды. Демек, қоғамда әділеттілік пен татулық салтанат құрғаны дұрыс. Абайдың Алланы сүй, адамды сүй, әділетті сүй» деген ұлағатын барша адамзат басшылыққа ала алады. Ал Шәкәрім үшін үлгі дана Абайдың адамды тәрбиелеуге қатысты ой-пікірлері. Байқап қарасақ, әр данышпан адамзаттың ортақ мәселелерін көтереді және олардың шешілуінің жолдарын нұсқайды.
– Жаһандану заманында адам тәрбиесі, жастарды адамгершілікке баулу мәселесінде көптеген жаңа, шешімін таппаған диллемалар мен қайшылықтар пайда болатыны белгілі. Осындай кезеңде азамат тәрбиелеу мақсатында сіз өзіңіз жеке һәм сіз қызмет ететін университет қандай қадамдарға бара алып отыр?
– Қазірдей нарықтық қатынастар зама­нында жастарды адамгершілік рухында тәрбиелеудің маңызы арта түсті деп ой­лаймын. Мемлекет қазақстандық пат­риотизмді жандандыруды қолға алып жатыр. Жастар саясатының мемлекеттік концепциясы жасалуда. Спорт пен салауатты өмір салтын насихаттаудамыз. Мұның барлығы – қажетті шаруалар. Этнопедагогика мен ұлттық тәрбиені ұйымдастыруда ізденістер жасалуда. Мен қызмет жасайтын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ жастарын, студенттерді, оқушыларды тәрбиелеудің заманауи жаңа инновациялық әдіс-тәсілдері жасалуда. Студенттер қазақ халқының озық өкілдерінің өмірі мен қызметі үлгісінде тәрбиеленуде. Университетіміздегі «Тұлғатану» орталығы осындай кешенді шаруаларды шама-шарқынша атқарып жатыр. Сонымен қатар барлық факуль­теттерде Абайтану, Шәкәрімтану оқуларын өткізу дәстүрге айналып келеді. Осындай креативті бағдарламаларды басқа оқу орындарына да ұсынудамыз. Мысалы, университтетің «Ұлттық тәрбие» журналы жаңа ойлар, пікірлер, ұсыныстар алаңына айналды. Болашақ ұстаздар мамандығына қарамастан, Абай мен Шәкәрімнің рухани мұраларын игеріп университетті бітіреді. Осындай пайдалы және жүйелі тәрбиелік жұмыстар басқа да жоғары оқу орындарында іске асса деген ниетіміз бар. Бірақ та жалпы, қоғамның адамгершілік бейнесі көмескіленіп барады. Қылмыскерлік, жауыздық, қаты­гездік сыбайлас жемқорлыққа жалғасып қарапайым халықты аяусыз жәбірлеуде. Әділетсіз қоғам шығармашылықты, талантты, нәзіктікті жапырып таптауда. Осылардың себебін, шындықтың, әділеттің, адамды сүюдің азайып кетуінен іздеуіміз қажет. Жүздеген миллион доллар халық байлығын иемденіп, шетел асып кеткендердің саны жүздеп саналады. Қазақстан халқының адал еңбегімен жинақталған осыншама байлық­тардың сұраусыз жоғалғаны әрбір қазақтың жанын ауыртатыны даусыз. Осындай жағдайда отансүйгіш жас ұрпақты тәрбиелеу қиын. Бірақ та осы қиын мәселені шешпесек, Қазақстан болашағын қамтамасыз ете алмаймыз. Зиялы қауымды толған­дыратын ең күрделі диллема осы деп білемін. Әділет­сіздікті көре тұра жас ұрпақты тәрбиелеу оңай емес. Осылай болып жатыр екен деп қолды қусырып отыруға тағы болмайды. Даналар ұлағатын насихаттау, түсіндіру, тәрбиелік жұмыстарға ендіру арқылы балаларды, жастарды, үлкендерді ұдайы тәрбиелей беруіміз керек. Тәрбие арқылы әділет пен шындық бойына сіңген халық барлық жаманшылықтан біртіндеп құтыла бастайды деп ойлаймын. Яғни қандай қиын кезең болмасын, бізге көмекке ұлы бабаларымыз­дың рухани мұрасы келеді деп сенуіміз қажет.

СӨЗ САРАСЫ
Бүгінгі ұрпақ Абай, Шәкәрім идеялары негізінде тәрбиеленсе, шын мәніндегі рухани өркендеген қоғам жасайтын едік. Қазіргі заманда Шәкәрімнің «түзу адам», «шын таза жан» концепциясының маңызын түсініп, осы концепцияны басшылыққа алу зор пайда әкелер еді. Себебі адамды қалыптастыру оның дүниетанымын қалыптастыруға байланысты. Ал «түзу адам» болса, ол Алланы, әділетті, шындықты, білімді және еңбекті сүйеді. Шәкәрім қазақ жұртын, әсіресе жастарды осы құндылықтарды игеруге үгіттейді. Ол үшін адал еңбектен, адал табыстан жоғары нәрсе жоқ. Өкінішке қарай, қазіргі Қазақстан қоғамында адам тәрбиесін тым ақсатып алдық. Басым көпшілік халықтың көкейін ақша биледі. «Ақша патша» болған, барлық игіліктер мен молшылықтарды тек ақшасы бар адамдар пайдаланған қоғам орнаттық. Ең басты өкініш, адал еңбектен, маңдай терімен табуға тиісті нәпақасын байшыкештерден ала алмай жүргендер тым көбейіп кетті. Байлар, әкімдер елдің ортақ табысын жеп кетуге, талан-таражға түсіріп, жеңіл жолмен пайда табуға әдеттеніп алды. Негізгі ауыртпашылықты көтеретін қарапайым халық мемлекеттің ортақ табысынан қағылып отырғандай. Осының барлығы ел халқына ауыртпашылық түсіріп отырғаны рас. Демек, Қазақстан үшін Абай мен Шәкәрім көтерген әділеттілік идеясының маңызы күшті. Биліктегілер әділеттілікті үнемі басшылыққа алып отырса, халық пен билік арасындағы түсіністік пен жарасу болады. Осындай жағдайда билікті қолдаған халық үлкен еңбек құлшынысына барады. Ал жасампаз еңбек елді одан әрмен байытады, қуатты және бәсекеге қабілетті етеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста