Ұлттық тәрбие төңірегінде кафедра емес, ғылыми-зерттеу институтын ашатын кез келді
Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор:
– ҚазҰПУ-де тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Екі-үш жылдан бері оқу үдерісіне ұлттық тәрбие пәні енгізіліп, тіпті ұлттық тәрбие кафедрасын ашыпсыздар. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ, осы төңіректе кеңірек әңгімелеп берсеңіз...
– Меніңше, білім беру үрдісінде ең әуелі тәрбие ісін алдыға шығару керек деп ойлаймын. Сондықтан да мен өзім Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып келген күннен бастап студенттердің тәрбиесін бірінші кезекке қойып отырмын. 2008-2009 оқу жылын университетте «Тәрбие жылы» деп жарияласақ, сол жылы бүкіл тәрбие жұмысын бір жүйеге түсірдік. Бұл салада көптеген сынақтар, тәжірибелер өткізіліп, біз солардың ең таңдаулы бағыттарын оқу-тәрбие үдерісіне іріктеп, пайдалануға қол жеткіздік. Алғаш әдептану, факультативтік сабағын енгізсек, келер жылы бұл ұлттық тәрбие деп аталатын арнаулы пәнге айналды. Елбасы өз Жолдауында: «Білім беру ісіндегі тәрбие компонентін күшейту керек, патриотизм, моральдық құндылықтар, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық – бұл құндылықтар оқу орындарының барлығында олардың қандай меншік түріне жататынына қарамастан берілуі керек» десе, міне, осы құндылықтардың бәрі біз оқу үдерісіне енгізген ұлттық тәрбие пәнінің құрамдас бөліктері болып табылады. Жастарымыз батыстың бізге жат, анайы тәрбиесіне бой алдырып, ұлттық ерекшеліктерін, қазақы сыпайылығы мен әдебін, рухани құндылықтарын, тілін, ділін, дінін, мәдениетін жоғалтып жатса, біздің ел болып, ұлт болып қалуымыз екіталай. Олай болса, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық тәрбиені шұғыл өрістетпесе болмайды. Ол үйде, балабақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жаппай оқытылып, үйретіліп, бір-бірімен сабақтасып жатпаса қауқарсыз болып қалады.
Біз қолға алып отырған ұлттық тәрбиенің қайнар көзі – фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, бабалар сөзі, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл-ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары, әдеп пен инабаттылық иірімдері екенін естен шығармағанымыз абзал. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік қасиеттер де ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.
Жалпы, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Оның мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаларды тәрбиелеу. Ал енді ұлттық тәрбие пәнінің міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен дінін құрметтеу, жастардың интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін парасатты, ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, білім және мәдени рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру. Ұлттық тәрбиенің басты нысаны – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Міне, біздің оқу-тәрбие үдерісіне ұлттық тәрбие пәнін енгізудегі мақсатымыз – тәрбиелі ұрпақ пен тұлғалар қалыптастыру және ұлт болашағын кемелдендіруге үлес қосу. Ал тәрбиелі ұрпақ оқуда да, мемлекет пен ел алдында да үнемі алда болатынын ұмытпағанымыз абзал.
Университетімізде жаңа ашылған ұлттық тәрбие кафедрасы осы саланың білікті мамандары – белгілі ғалымдарды топтастырып отыр. Екі жылдан бері республикалық «Ұлттық тәрбие» ғылыми-көпшілік журналын шығарып жатырмыз. Ал енді біздің университетімізде өмірге келіп, дамып жатқан ұлттық тәрбие пәні балабақшаларда, мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қолға алынып жатса – нұр үстіне нұр.
– Серік Жайлауұлы, Сіздердегі ұлттық тәрбие кафедрасын бітіріп шыққан студенттер болашақта кім болып шығады, қандай мамандық алады? Мүмкін, мектептерге де ұлттық тәрбие пәнін енгізіп, халықтық педагогиканы жаңғыртуымыз керек шығар, сонда сіздерден бітірген жас ұстаздар мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие төңірегінде дәріс берер ме еді?
– Бұл жерде біз баршаға түсінікті болуы үшін мына мәселенің бетін ашып алуымыз керек. Қазірше біздің университетімізде ұлттық тәрбие жеке мамандық болып ашылған жоқ. Яғни ұлттық тәрбие пәнінің мұғалімі деген мамандық бермейді. Ол жалпы пән ретінде барлық факультетте, барлық мамандық бойынша оқытылуда. Былайша айтқанда, болашақ мұғалімдер, мейлі ол физик-математик, химик немесе тарихшы, әдебиетші, мейлі психолог, экономист, заңгер мамандығында оқысын, бәрі бірдей ұлттық тәрбиенің теориясын, ғылыми негіздерін жақсы біліп шығуға тиіс. Өйткені ол қандай мамандық иесі болмасын бәрібір тәрбиеші ғой. Олар ертең мектептегі шәкірттеріне ұлттық тәрбиенің негіздерін үйретуге міндетті.
Егер біздің осы ұлттық тәрбие жөніндегі бастамамыз республика бойынша қолдау тауып, ол балабақшаларда, мектептерде және орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жаппай оқытылатын заман туса, ұлттық тәрбиені университетте мамандық ретінде оқытуға болар еді.
– Қазіргі жастардың арасында арақ ішу, темекі тарту, жезөкшелік, нашақорлық секілді жағымсыз қылықтардың көбейіп кетуінің бір ұшы осы ұлттық тәрбиеден алшақтап қалуымыздың салдары емес пе?
– Бүгінгі таңда жастарымыздың араққа, есірткіге және темекіге үйірсектеуі бұл батыстық үрдістердің әсері екенін бәріміз де біліп отырмыз. Күндіз-түні көрермендерді жаулап алған ұзын сонар телесериялдар, ғаламтордағы жағымсыз ақпараттар жастарымызды үйіріп алғаны сонша, соларға еліктеп-солықтаушылық белең алып барады. Ұлтымызға тән инабаттылық, ибалылық, ізеттілік, ата дәстүр, салт-сана, ең бастысы, кісілігі ұмытылып барады. Біз мұндай жағымсыз үрдістерге тек ұлттық тәрбиені ғана тосқауыл етіп қоя алатынымыз айдан анық болып отыр. Ендеше, елімізде ұлттық тәрбиені барынша жандандыратын шақ туды. Ел болып, ұлт болып қалуымыз нақ осы тәрбиеге байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал.
– Қазіргі жастарымыздың барлығы дерлік компьютерді жақсы меңгерген. Интернетке қазақтың ұлттық құндылықтарын тартып, қазақы дәстүрді дәріптейтін жақсы дүниелерді кіргізу керек дегенге қалай қарайсыз?
– Бұл пікіріңізбен келісемін. Электрондық-ақпараттық техника шырқау биікке көтерілген бүгінгі таңда ғылым мен техниканың осы жетістіктерін тәрбие ісіне қолданып жатсақ, ұтылмас едік. Ғаламтор сайттарына, веб-порталдарға ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материалдарды толтырып тастасақ, оның жас ұрпаққа тигізер ықпалы мол болар еді. Қазір бұл мәселе төңірегінде ойланып жатқан ешкім жоқ. Біз алдағы уақытта педагог, этнограф ғалымдарымызды осы мәселеге жұмылдырсақ деген ниеттеміз.
– Ұлттық тәрбие кафедрасын ашып, ұлттық тәрбие пәнін енгіздіңіздер. Ал ұлттық тәрбиені оқытатын оқу-әдістемелік құралдар бар ма?
– Университетте ұлттық тәрбие кафедрасын ашып, оқу үдерісіне ұлттық тәрбие пәнін енгізген соң, оқулық және оқу-әдістемелік құралдардың да жайын ойластырдық. Осыған байланысты университеттің педагог ғалымдарынан авторлар ұжымын жасақтап, өткен оқу жылында ғана бес оқулық пен оқу құралдарын жазып, баспадан шығардық. Олар: «Ұлттық тәрбие: салт-дәстүр, әдеп-ғұрып негізінде», «Ұлттық тәрбие» (таңдамалы лекциялар курсы), «Ұлттық тәрбиенің этика-эстетикалық негіздері», «Ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі», «Ұлттық тәрбие және дін» деп аталатын кітаптар. Еліміздің басқа да жоғары оқу орындары ұлттық тәрбиені оқу үдерісіне енгізер болса, оларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге біз әрқашанда дайынбыз. Ұлттық тәрбиенің теориялық және тәжірибелік мәселелері бізде терең және жан-жақты зерттелу үстінде. Біздің университетіміздің жанынан құрылған республикалық ұлттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілістерінде, ұлттық тәрбие клубында елімізге белгілі педагог-ғалымдардың бастарын жиі қосып, ұлттық тәрбие проблемаларын жан-жақты талқылаудамыз. Айталық, «Ұлттық тәрбие отбасында», «Балабақшадағы ұлттық тәрбие», «Мектептегі ұлттық тәрбие», «Жоғары оқу орындарындағы ұлттық тәрбие» деп аталатын дөңгелек үстел басындағы жиындарымызға республикадағы белгілі ғалымдарды, жоғары педагогикалық оқу орындарының профессорларын, облыстық, қалалық білім департаменттерінің, мектептерінің басшылығын, мамандарын, тәжірибелі мұғалімдерін қатыстырып, олардың ұлттық тәрбие жөніндегі ой-пікірлерін, ұстанымдарын, ғылыми тұжырымдарын жинақтап, оларды ұлттық тәрбие кафедрасында, үйлестіру кеңесінде талқылап, тиісті тұжырымдар жасадық. Құнды-құнды дүниелерді оқу үдерісінде пайдалануды жөн көріп, тиісті жинақ шығардық.
– Ұлттық тәрбиені дәріптеу үшін жастар арасында арнайы олимпиадалар өткізу керек шығар?
– Мұндай олимпиадалар керек-ақ. Бізде бұл мәселе тәрбие жоспарына енгізілген. Оны енді бүкіл республика мектептері мен жоғары оқу орындары қолға алып жатса – нұр үстіне нұр. Ұлттық тәрбиені насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. Телеарналарда осыған байланысты бағдарламалар көрсетіліп жатса, үлкенге де, кішіге де пайдасы зор болар еді.
– Бәлкім, барлық жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбие факультетін ашуды қолға алу керек шығар?
– Бұл бүгінде әбден пісіп-жетілген мәселе. Ұлттық тәрбие жөнінде ғылыми-зерттеу институтын да, факультет ашатын да кез келді. Бірақ соған жоғарыдан тиісті көңіл бөлінбей келе жатқаны өкінішті.
– Бүгінде жастар арасында құқық бұзушылық пен әртүрлі діни секталарға еніп кету байқалады. Сіздер оқу орнындағы жастардың жүріс-тұрысын, әлеуметтік қалыптасуын қадағалап, бақылап отырасыздар ма?
– Мен жастар арасында осындай келеңсіз жайларға жол бермеу үшін оларға ұлттық тәрбие беруге көңіл бөліп отырғанымызды айтып отырған жоқпын ба? Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген жас адам ешқашан келеңсіз жағдайға, ықпалға бой алдырмайды. Ал діни ағымдардан, секталардан сақтандыру да – ұлттық тәрбиенің құрамдас бір бөлігі. Бұл мәселе де ұлттық тәрбие пәні аясында оқытылып жатыр және университеттік тәрбие шараларының аясында әр алуан іс-шаралар өткізілуде.
Қысқасы, «ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, қазақ болып, ұлт болып қаламыз десек, жастарымызды ұлттық ерекшеліктерге тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ел болудың бір жолы – ұлттық тәрбие екенін ұмытпайық, ағайын.
– Елбасымыз өзінің Жолдауында: «Білім беру ісіндегі тәрбие беру компонентін күшейту керек» деп атап айтты. Жалпы, Жолдау жайлы пікіріңіз қалай?
– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Жолдауы мазмұны жағынан да, сипаты жағынан да бұрынғы Жолдауларынан ерекше. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысының екінші кезеңі дүлей толқындай төніп келе жатқан мына заманда бірде-бір елге қол қусырып қарап отыруға болмайды. Осыған орай Елбасымыз өз Жолдауында былай дейді: «Біздің міндетіміз – экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әртараптандыруды жалғастыру болып табылады. Біз 2015 жылға қарай табысы жоғары елдердің қатарына қосылуды көздеп отырған елміз».
Сондықтан Елбасымыз Жолдауында еліміздің өміріндегі көкейтесті мәселелер бойынша он түрлі бағытты ұсынды. Оның әрқайсысының ел дамуында ерекше маңызы бар. Ал бізге, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына, Жолдаудағы «Адами капиталдың сапалы өсуі» деп аталатын жетінші бағыт тікелей қатысты. Адами капиталдың өсуі, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау ісіне тікелей байланысы бар мәселе. Осы арада Президент өз Жолдауында білім беру жүйесін жаңғырту барысында жүзеге асырылуға тиісті алты түрлі міндетті алдымызға қойып отыр. Ол міндеттер мынадай: оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен инновациялық технологияларды кеңінен енгізу; педагогтер құрамының сапасын арттыру; біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру; мемлекет – жекеменшік әріптестігін дамыту; жастарды әлеуметтік бейімделуге үйрету; оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту міндеттері.
Біздің университет бұрыннан-ақ осы бағыттарда жұмыс істеп келеді. Білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкес келуді өмірдің өзі алға тартып отырғанын ескерсек, біз бүгінде оқу үдерісіне осы заманғы әдістемелер мен инновациялық технологияларды кеңінен енгізуге күш жұмсап отырмыз. Әлемдік атышулы университеттермен әріптестік байланыстар орнату арқылы білім берудің сыннан өткен, әбден мойындалған инновациялық әдіс-тәсілдерін оқу үдерісіне батыл енгізудеміз. Шетелдік мәртебелі университеттермен студенттер, магистранттар, профессорлар алмасу немесе шетелдік профессорларды шақырту, өз профессор-оқытушыларымызды соларда тәжірибеден өткізу ісі қарқынды жүргізілуде.
Бүгінгі басты міндет студент жастарымызға сапалы білім беру болса, меніңше, шәкірттердің университет қабырғасында терең білімді игеруі олардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Айталық, студент тәрбиесіз, көргенсіз, тәртіпсіз болса, қаншалықты жағдай жасасаң да, ата-бабаларымыздың сөзімен айтқанда, басына алтын құйсаң да, тіпті Кембридж университетінде оқытсаң да, ол ешқашан тиянақты білім ала алмайды.
Алашқа айтар датым...
Бүгінгі басты міндет студент-жастарымызға сапалы білім беру болса, меніңше, шәкірттердің университет қабырғасында терең білімді игеруі олардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Айталық, студент тәрбиесіз, көргенсіз, тәртіпсіз болса, қаншалықты жағдай жасасаң да, ата-бабаларымыздың сөзімен айтқанда, басына алтын құйсаң да, тіпті Кембридж университетінде оқытсаң да, ол ешқашан тиянақты білім ала алмайды. Меніңше, білім беру үрдісінде ең әуелі тәрбие ісін алдыға шығару керек деп ойлаймын.
Ұлттық тәрбие төңірегінде кафедра емес, тіпті ғылыми-зерттеу институтын да, факультет ашатын да кез келді. Бірақ соған жоғарыдан тиісті көңіл бөлінбей келе жатқаны өкінішті.
Оқшау ой
Елбасы өз Жолдауында: «Білім беру ісіндегі тәрбие компонентін күшейту керек, патриотизм, моральдық құндылықтар, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық – бұл құндылықтар оқу орындарының барлығында, олардың қандай меншік түріне жататынына қарамастан берілуі керек» десе, міне, осы құндылықтардың бәрі біз оқу үдерісіне енгізген ұлттық тәрбие пәнінің құрамдас бөліктері болып табылады. Жастарымыз батыстың бізге жат, анайы тәрбиесіне бой алдырып, ұлттық ерекшеліктерін, қазақы сыпайылығы мен әдебін, рухани құндылықтарын, тілін, ділін, дінін, мәдениетін жоғалтып жатса, біздің ел болып, ұлт болып қалуымыз екіталай. Олай болса, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық тәрбиені шұғыл өрістетпесе болмайды. Ол үйде, балабақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жаппай оқытылып, үйретіліп, бір-бірімен сабақтасып жатпаса қауқарсыз болып қалады.
Егер біздің осы ұлттық тәрбие жөніндегі бастамамыз республика бойынша қолдау тауып, ол балабақшаларда, мектептерде және орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жаппай оқытылатын заман туса, ұлттық тәрбиені университетте мамандық ретінде оқытуға болар еді.