Ұлт тағдырына немқұрайды қараған адам ең қауіпті адам дер едім

Әкім ЫСҚАҚ, қоғам қайраткері, ақын, сазгер:

– Әкім аға, ел сізді жазушы, пуб­ли­цист, сазгер, заңгер ұлт жанашыры, жал­пы жан-жақты азамат ретінде таниды. Шыны керек, сіз қарапайым журналист кезіңізде-ақ талай игі істің басынан табылғаныңыз анық. Ал енді депутат ретінде, әсіресе, бір ерлігіңіз ел есінде ерекше қалғандай. Яғни бүгінде еліміз тарихтың сонау бір аласапыран кездерінде көз жазып қалған бауыр­ларымен қауышып, төрт көзі түгел елге айналса, ол кезінде сіздің мыңға жал­ғыз қарсы тұрып, Үкімет жобасына бала­ма жасаған «Халықтың көші-қоны туралы» заңыңызды бүкіл­ха­лық­тық талқылауға ұсынып, қабыл­да­туы­ңыз десек, еш қателеспейміз. Кім білсін, бір кездері сондай заңды қабыл­да­ма­ғанда, қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалар ма едік... Енді дәл бүгін қазақ үшін ең бірінші кезекте қандай заң қабылдау кезек күттірмейтін мәсе­ле дер едіңіз?
– Қазақ үшін қай кезде болмасын, ең өзекті мәселе мемлекеттік тіл мәртебесі һәм оның қоғамдағы шынайы қолданысы мен рөлі болып келеді. Және бір қызығы, сонау ХХ ғасырдың басында, содан соң Кеңес үкіметі тұсында да қазақтың тіл мәселесі өзекті еді. Тәуелсіз ел атанып, өз алдымызға ел болғанымызға 20 жыл болды, әлі тіл мәселесі бір шешімін таба алмай-ақ қойды. Ал тіл – кез келген ұлттың, кез келген мем­ле­кеттің жаны, сондықтан да біз тілімізді түзеп алмай, қазақ бола алмаймыз. Өзі бір ауыз қазақша білмейтін қазақ қанша жер­ден «мен керемет ұлтжандымын, жатсам-тұрсам да елдің қамын ойлаймын» десе де, мен өз басым ондай адамға сене алмай­мын. Cондықтан да қазақ үшін ең бірінші кезекте «Тіл туралы» Заңды қолға алу керек дер едім. Мейлі мемлекеттік қызмет, мейлі басқа, қысқасы еліміздің барлық саласында қазақ тілінің көсегесін көгертпей, мем­ле­кеттік тіл ретінде мәртебесін көтермей, біз еш нәрсені шеше алмаймыз. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл болса, содан бері еліміздің жоға­ры оқу орындарындағы, әсіресе техни­­калық мамандықтар, жалпы нақты ғылым салаларына қатысты оқулықтар қазақ тілінде, қазақы түсінікпен жазыл­маған. Ол түгіл, қарапайым мысал, неме­ремізді қазақ тіліндегі балабақшаға береміз, бірақ солар кешке үйге орысша сөйлеп келеді. Себебі көптеген бала­бақ­ша­лардың жай аты ғана қазақша болмаса, ұлттық нақыш жоқ, тәрбиешілердің өзі орыс­ша-қазақшаны араластырып, қойырт­пақтап сөйлейді. Ол аз десеңіз, отбасында орысша сөйлесетін үйдің балалары бақ­шада да басқалармен тек сол тілде сөйлеседі. Бұл балаларға өте қатты әсер етеді. Оны тоқтатудың, қазақшаға үйре­ту­дің орнына тәрбиешінің өзі қосылып кетеді. Қазақ тіліндегі бақшаға, мектепке мем­ле­кеттік тілде сөйлейтін, оның қадір-қасиетін жүрегімен сезінетін, ұлттық дәстүрге адал ма­мандарды алмай, бұл іс оң нәтиже бер­мейді.
Осы орайда, Бауыржан Момышұлының «Балаларға бесік жырын айтатын келін­де­рімнің азайып бара жатқанынан қорқам, екінші, немерелеріне  ертегі айтып беретін әже­лердің азайып бара жатқанынан қорқам. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқам» дегені еріксіз ойға оралады. Біз қалай қазақы болып өстік? Біріншіден, біз әке мен шеше­нің ғана емес, ата-әженің тәрбиесін көрдік. Апамыз (әжемді осылай атайтынмын) бізді әр түн сайын ертегімен ұйықтататын. Тіпті, кезінде апам айтқан «Алтын сақа» мен «Керқұла атты Кендебай» әлі күнге дейін есімде. Кейін осыларды мектеп бағдар­ла­масында да оқыдық, бірақ солар дәл апамның аузынан естігендей ғажайып әсерге бөлей алған жоқ. Сосын әжеле­рі­міздің бір жақсы қасиеті – өздері ойдан ертегі шығаратын және оларда зұлымды – батыр, арамзаны – адал, жалқауды – еңбекқор, жауызды ата-анасын, Отанын сүйетін жан жеңетін. Қарап тұрсақ, ол кісілер өз халқының қамын ойлайтын кере­мет бір қазақы мінезді қайраткер болмысын жасай­ды екен ғой. Бүгінде біздің өз ұлтын шын сүйетін азамат болып өсуіміз осыған тікелей байланысты деп ойлаймын. Жалпы, ұлттық қасиет адамға ана сүтімен дариды. Сондықтан алдымен өзін, ата-әже, әке-шеше, бауырлары мен ауыл-елін сүймеген адам ұлтын сүйе алмайды, ал ұлтын сүйме­ген адамнан өз басым еш жақсылық күт­пеймін. Тағы да батыр Бауыржан ата­мыз­дың: «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі» дегенін еш уақытта жадымнан шығарған емеспін. Және мұны барлық қазақ мектебінің кіре беріс жеріне жазып қойса артықтық етпес еді. Меніңше, балалардың Отанға, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімін ояту- әрбір ата-ананың, мұғалімнің, тәрбиешінің бірінші кезектегі міндеті дер едім.
Менің балаларым орта мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақ тілінде бітірді. Шындығында, үш тілді біліп өсті. Соның өзінде жасыратыны жоқ, араласқан ортасы, жора-жолдастары орысша болды. Алайда перзенттерімнің үйде орысша сөйлегенін естіген емеспін. Бұл отбасына, ата-бабасына, өзіне деген құрмет деп білемін. Ал біздің мінез-құлқымыз бен тәрбиемізді кезінде атамыз қадағалады. Ол кісі бізді адамгершілік пен адалдықты ту етіп, біреудің ала жібін аттамау, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуге, еңбек­қор­лыққа баулыды. Інім Қасым екеумізге атам қора тазалау, малға шөп салу, суару, отын жару секілді үй шаруасын бөліп беретін. Себебі екеумізге бір іс тапсырылса, ерегісіп қалатынымызды білетін. Сосын егер де біріміз бір жаққа кететіндей болсақ, екін­шіміз оның жұмысын өзімізге қоса ала­тын­быз, «анау ше» деп кері тартпайтынбыз.
Қазір өзім де ата болдым ғой, бала­ларым мен немерелеріме «бір ауыз болса да жақсы сөз айтыңдар, себебі адамдар оның шуағына бөленеді, өзгені қуантсаң, өзің де қуанасың. Ал әлемдегі ең жақсы сөз – өз ана тіліңде» деп отырамын ылғи да. Бұған қоса айтарым, Отанды сүю, қазақ тілінде сөйлеу – әрбір қазақтың адам­ды­ғының алғашқы белгісі.
– Қазір қазақы салт-дәстүр, жөн-жоралғыдан алшақтап кетсек, сіздіңше, ол ненің кесірінен? Жаһанданудың әсері ме, болмаса урбанизацияға ұшы­рап, ауылды жоғалтып алған­ды­ғы­мыздан ба? Жалпы, бұрынғы ауыл мен қазіргі ауыл салыстыруға келе ме?
– Ол ауыл мен бұл ауылдың арасы жер мен көктей. Бұрынғы ауыл қандай еді, шіркін! Есікті құлыптау деген жоқ, тіпті аула да қоршалмайтын. Көршілер қажет болса тіпті бір-бірінің үйіне түн ортасында да кіріп келе береді. Атам ауылдың биі секілді болды. Мәселен, біреу мас боп келіп, бала-шағасына маза бермей, әйелін құлындай шыңғыртып сабап жатса, араша түсуге атам бармаса, әлгі басқаға тоқтамайды. Өйткені ауылдың тең жартысын атам оқытқан. Ал ол кез ұстазды ұлы санайтын кез ғой, «Сұлтан ағай келе жатыр» десе, тентектер сонадайдан қашатын. Біз бір бөлмеде атам, апам және мен үшеуміз жататынбыз. Шырт ұйқыда жатсақ, кейде шабармандар кіріп келетін де «Сұлтан ағай» дейді жас болса немесе келіп тұрған үлкен кісі болса «Сұлтеке, тұрыңызшы» десе болғаны, атам атып тұратын. «Не боп қалды, қарағым?» дейтін бірден. Себебі жайдан-жай ешкім­нің мұндай уақытта өзіне келмейтінін, яғни кім де болса қысылып тұрғанын біледі. Сол кезде бір таңғалатыным, ауылда бір нәрсе бола қалса, бір адам милицияға жүгір­мей­ді, бір адам сотталмайтын, есесіне тәртіп бүгінгіден әлдеқайда түзу. Себебі ол кез қазақ сөзге тоқтайтын, елге жаманатты болған­нан өлімді артық көретін. Аталы сөзге тоқтайтын, батасыз жолға шықпайтын ауыл еді ғой. Қазір ауылдың сәні кеткені жоғарыда айтқан жаһандану мен урба­ни­зацияның салдарынан да шығар, бірақ негізгі себебі осындай ақсақалдар мен немересіне ертегі айтпай көз ілдірмейтін әжелердің азаюынан ғой деп топшылаймын өзім.
– Аға, осы бұрын зиялы деп ауыл мұғалімдерінен бастап, ақын-жазушы, өнер адамдары мен ғалымдарды айтушы едік қой. Ал қазір зиялы деген кім? Зиялы дегеніміз билігін бас пай­дасына көбірек бұратын шенді-шек­пенді ме, болмаса, артық ақшасы бол­са, оны өзіне зәулім сарай мен шетел­ге қыдыруға жұмсайтын қаржылы азамат па? Әлде ол балаға білім емес, тест жат­татқызатын мұғалімдер ме? Мүм­кін зиялы «кітабымды шығарып беріп қала ма?» деп бір байға жалтақтап жүрген ақын мен жазушы шығар? Жалпы, зиялылық қазір ұлтжан­ды­лықтың баламасы бола алып жүр ме?
– Төле би мен Қазыбек би Әйтекеден: «Жігіт­тің жақсысы қандай болады» деп сұрапты. Сонда Әйтеке: «Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген» деп жауап берген екен. Сол айтыл­ғандай, менің түсінігімдегі зиялы – өзгені қадірлей біліп, сол арқылы ел мен жұрт тарапынан өзіне деген құрмет сезімін де оята білетін адам. Жұрт алдында әдемі сөйлеу емес, маңыздысы – сол сөзіңе өз ісің сай болуында. Өкінішке орай, бүгінде «аузы қисық болса да байдың баласы сөй­лесін» деп, қолында биліктің тізгіні бар адам көрсе, жағымпазданатын жаман әдет дарып барады. Сондағысы «баламды оқуға түсіруге немесе қызметте көтерілуге жәрдемі тие ме» деген пендешілік ой ғой. Одан да баласына жақсы білім мен тәрбие берсе, оның өзі-ақ кез келген шыңға жетер еді.
Адам бір-бірін іздемесе көңілді кір басады. Бір-бірін құрметтемесе, ынтымақ, береке құриды. Ал аталар аманатына адал­дық танытпай, ел мен ер қадірін ойламаса ел болудан қалады. Бәрінен де бабалар бағытын таңдаған, ана тілін қолдаған, елдің ар мен намысын қорғаған, өмірін ұлт жолына арнаған жанның орны бөлек! Шынын айтуымыз керек, бүгінгі зиялылық ұлтжандылықтан тым алшақтап кетті. Ұлттық мүдде қорғалар тұста «өзіме зияны тимесін» деп көмейдегі сөзін айтпай, бұғып қалып жатқандардан мен соны аңғардым. Ел сенетін ағалардың ісі сол болғанда «Сулейманның жағдайы қалай болмақ?» деп, айдаладағы сериал кейіпкерінің тағ­дырына алаңдап, бал аштыратын халыққа не өкпе? Сондықтан осы ретте бізге адам­ның бойына ізгілік дәнін сеуіп, қазақтың рухын көтеретін кинолар түсіру керек секілді. Сондай ақ қазір өзінен басқаның бәріне немқұрайдылық таныту секілді жаман үрдіс етек алып барады. Міне, осын­дай ұлт тағдырына немқұрайды қараған адам ең қауіпті адам дер едім мен. Осы тұста бір мысал есіме түсіп тұрғаны, бағзы­да бір байдың екі құлы болыпты. Құлдықтан әбден шаршаса керек, бір күні екеуі қашып шығыпты. Бірі «аз да болса, азаттықтың ауасын жұтып, өзімді адам ретінде қастерлейін» деп уақытылы тамақ ішіп, өзін күтсе, екіншісі «бәрібір бізді ұстап алады, жалпы құл боп тудым, құл боп өлем ғой» деп қалай болса солай жүріп, жатып ұйықтай беріпті. Содан үш күн дегенде екеуі ұсталыпты. Бай ары-бері қараса, екеуі де – құл, дегенмен бірінің үсті-басы тап-таза, өңі түзу де, екіншісінің сол баяғы құлдан өзгерген түгі жоқ. Мұны көрген бай аз уақыт та болса өзінің адам екенін сезініп, өзін-өзі қастерлей білген құлға азаттық беріп, өзінің ең жақын серігі етсе, екіншісін өзіне құл деп қарағаны үшін құлша жаза­лапты. Сол сияқты біз де ұлт ретінде өзіміз­ге немқұрайды қарамай, өзімізді-өзіміз қастерлей білейік, сонда ғана бізді өзгелер қадірлейді.
Өзіміз кішкентайдан қозы бағып, шөп шауып, ауылдың қара топырағында бала болып асыр сала ойнадық. Біз елді сүюді, жерді сүюді сол топырақтан бастадық, біздің бойымызда бір жылт еткен жақсы қасиет болса, қазір сол топырақ астында бір төмпешік болып қана жатқан қасиетті қара шалдар мен ақ жаулықты әжеле­рі­міздің арқасы. Ендеше, біз кіндік қанымыз тамып, балалық шағымыздың сайраған іздері қалған және де ең қасиетті деген жандарымыздың сүйегі жатқан сол топы­рақтың бір шөкімін, дарқан даланың сүйемдей жерін ешкімге бермейміз. Қасық қанымыз қалғанша сол жерді қорғауға әзірміз. Әр адам елін осылай сүйсе, шіркін!
– Аға, сіз кезінде қазақтың жетім балаларын іздеп АҚШ-қа дейін барған азаматсыз. Тумай жатып тірі жетім атанып, бесігінде жатқанда-ақ өзге­лердің шешімімен жат жұртқа кете барған қазақ балаларымен кездесу сәтін тағы бір айтып берсеңіз. Қазір сол балалардың жағдайынан хабарыңыз бар ма? Жалпы, жетімдерді мұхит асыру деген бүгінде толастады ма?
– Мен кездескен баланың есімі Арман болатын. Оның кейінгі тағдыры қалай өрбігенін білмеймін, бірақ кезінде мені туа сала жат жұртқа бастаған сол баланың тағдыры қатты толқытқаны рас. Арманға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазыл­ған «Абай елі» атты кітапты табыс­тадым, ондағы ойым кейін өсе келе өз елін тани жүрсін дегенім еді. Сосын басына тақия, үстіне қазақы қамзол кигіздім. Өзі 10 жастағы, ес жиып қалған бала ғой деп және екі ауыз сөз үйретуді жөн санадым. «Ассалаумағалейкумді» үйреткім келді, бірақ ол қиынға соқты да, «сәлеметсіз бе?» дегенді үйреттім. Бірақ қоштасуды үйреткім келген жоқ, оның орнына «рақмет» дегенді үйреттім. Ең құрығанда өзінің қазақ екенін ұмытпай, кейін өз қолы өз аузына жеткенде бәлкім, қан тартып іздеп келер деген үміт қой. Шіркін, қан деген, расында да, тартады екен, әлгі үймен қоштасып есікке беттей бергенімде әлгі Арманның жүгіріп келіп мойнымнан құшақтай алмасы бар ма?! Тастай жабысып алған, жібермейді. Аме­рикалық әкесінің өзі «Әй, әй, әй, қан тарта­ды екен ғой, балам сізге кетпесінші деп жатыр» деді. Сол жерде тұрған бәріміздің көңіліміз босап кетті. Содан әрең ажырап, қол босаған шақта тура елшілікке тарттым да, кіріп: «Жат жұртта болса да Арман деген атын да өзгертпепті, АҚШ жеріндегі Алаштың көзіндей ең құрығанда осы бір баланың өмірін қадағалап, көзден таса қылмаңыздаршы» деп табыстап, елге оралған соң да сол бала көпке дейін көз алдымнан кетпей, мақала жаздым. Арада бірнеше жыл өтіп, әлгі Арман кәмелет жасқа толды-ау дегенде газетке тағы мақала беріп, іздедім. Ешқандай хабар ала алмадым. Бұлай аласұрғаным кәмелет жасындағы жан қай елдің азаматын таңдауын өзі шешеді. Әлі күнге дейін сол Арманнан күдер үзгім келмейді, кейінгі тағдыры алаңдатады мені. Қазақ боп туыл­ған жанның қазақ боп қалғанын қалаймын. Көп емеспіз ғой, бір қазақ болса да жат­жұрттыққа айналмаса екен!?
Жалпы, қазақ не көрмеген халық?! Сондай зауалды шақтың бірінде Тянь-Шань асып бара жатқан бір ақсақал өз әулетінен туған балалардың барлығына қазақ деп ат қоя беріпті. Ондағысы қайткен күнде де олар өздерінің қазақ екенін ұмытпасын дегені ғой. Тарыдай шашыраған қазаққа әйтеуір Тәңірдің көзі түзу, себебі тарихта қаншама халық өмір сүріп, тіпті бір ғана жойқын соғыста жер бетінен құрып кеткендері болды, ал біздің «мың өліп, мың тірілсек те» осы Тәуелсіздікке жеткеніміз, онымен қоймай, ұлан-ғайыр даланы мекендеп қалғанымыз сол Жаратқанның сыйы дер едім.
– Елбасымыз өзінің биылғы халыққа Жолдауында 2025 жылдан бастап еліміз латын қарпіне көшеді деген төре­лік сөз айтты десек болғандай. Әйтсе де әліпби ауыстыруға наразы жұрт­тар да жоқ емес. «Онсызда ала-құла қазақ әліпби ауысса, онда тіпті бірін-бірі түсінуден қалмай ма?» дейді олар, ал сіз не дер едіңіз? Латын қарпіне көшкеннен қазақ неден ұтылып, неден ұтады деп ойлайсыз?
– Мен осы сұхбат барысында атамды көп айттым ғой, тағы да сол атама келсем, ол кісі кейінгі ұрпағы, мына біздерге арнайы өсиет жазып қалдырып кетіпті. Соны парақтап отырсам, атам бір жылдары төте жазумен, бір жылдары латын, сосын кирилше жазыпты. Ол біздің ұлтымыздың тарихи кезеңдерін көрсететін нақты дерек, яғни қазақ бір ғасырда үш мәрте әліпби ауыстырса да, соған тез бейімделген халық. Ендеше, бүгінгідей дамыған заман­да латынға көшсек, бірімізді біріміз түсін­бей қаламыз дегенге мен өз басым қосылмаймын. Латын әліпбиін біз оқыған емеспіз, білмейміз, бірақ немісше оқыған­дығымыз бар, сол кәдеге жарайды деп ойлаймын, себебі таңбалары бір ғой. Көр­шілес өзбек ағайын көшті ғой, солар жаман болды ма? Ол енді әлемдік қаріп қой. Ағылшынша да, немісше, французша да бәріне келе береді, сондықтан одан қазақ­қа қауіп төніп тұр деген қате пікір дер едім мен.

Алашқа айтар датым...
Мен қазіргі қауғасақалдылардан шошимын. Баяғыда аталарымыз сақал өсірді, бірақ ол сақал адам бойындағы қадір-қасиеттің белгісі, ізгіліктің нұрындай еді ғой. Ал бүгінгі сақалдылардың көздерінен қорқынышты бір ызғар еседі. Сондықтан айтарым, ол сақал мен бұл сақалды шатастыруға болайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын, сондай сақал қойған, намаз оқитын жігіттердің ұялы телефонға таласып, бірін-бірі пышақтағаны жайлы естігенде, шошыдым. Себебі шын иманды адамның болмашы дүние үшін адам жанын қиюы мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, имандылық сырт кейіпте емес, жүректе жатуы керек. Сонда ғана дініміз ұлтты жік-жікке бөлетін емес, біріктіруінен мықты темірқазыққа айналады.

Оқшау ой
Бір дәрігер мен суретші көрші тұрады екен. Бірақ дәрігерден гөрі суретшіге адамдар жиі бас сұғатын болса керек. Соны көре алмаған дәрігер қалайда бір жерде мұқалтармын деп тісін қайрап жүреді ғой. Сөйтіп жүргенде бір күні суретшінің көрмесі болыпты. Елдің бәрі суретшінің суретін тамсана қарап, мақтап жатса, жалғыз дәрігер көршісі «мен сіздің бояу-сояуыңызды түсіне бермеймін, бірақ маман дәрігер ретінде айтарым, салған суреттеріңіздегі адамдардың бәрі науқас, оларды емдеу керек» депті. Жұрт не дерін білмей тұрып қалады, бәрінің көзі суретшінің аузында. Сонда суретші байыппен ғана «Бәлкім, сіздікі дұрыс, менің суреттегі адамдарым науқас шығар, бірақ сіз емдеген науқастардан гөрі менің суреттегі науқастарым ұзағырақ жасайды» деп жауап беріпті. Ақиқатында, сол оқиғадан бері бәлен жыл, бәлен ғасыр өтеді, әлгі суретшіні дүйім дүние таниды, бағасы жыл санап артса, ал әлгі дәрігер ешкім танымаған күйде өмірден өтеді. Суретшінің аты Пикассо еді. Бұл сөзден әр адам әрқалай тәлім алар, алайда менің айтпағым, егер әр адамның бойынан бір дерт табылса, ол ұлтшылдық «дерті» болса игі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста