Көпжасар НӘРІБАЕВ, экономика ғылымының докторы, профессор, академик:
– Бүгінгі күні біздің білім жүйемізге не жетіспейді?
– Кеңес Одағы кезінде бірен-саран мамандықтар ғана қазақ тілінде оқытылып, негізінен маман дайындау көбінесе орыс тілінде жүрді. Оқу жоспары орыс тілінде болып, тәрбие де орысша берілді. Осылайша біз білім беру жүйесінің ұлттық моделін құра алмадық. Мәселен, өзбек, украин, сосын Балтық елдеріндегі эстон, латыш, литва халықтары секілді жоғары білімнің ұлттық жүйесін қалыптастырып үлгермедік. Бұл жерде бар мәселеге орыстарды кінәлай беру де ұят шығар. Өйткені қазақтарды негізінен білім, ғылымға тартқан – Кеңес Одағы. Оны жасыруға болмайды. Кеңес Одағы кезінде білім, ғылым өте жақсы дамыды, ел білім жағынан көтерілді. Сөйтіп жүріп біз білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыра алмадық. Оқулықтарымыздың басым бөлігі орыс тілінде болды. Қазақ бөлімдерінің өзі орыс тіліндегі оқулықтарды оқитын. Сондықтан ендігі жерде біз ұлттық құндылықтарымызды қосып, ұлттық негізге құрылған білім берудің ұлттық моделін жасауымыз керек. Біздің қазіргі жүйеміз – Кеңес Одағының бірыңғайландырылған, ұлтсыздандырылған жүйесінің қалдығы. Ол жүйе ұлтсыз ұрпақтарды тәрбиелеуге бағытталғандықтан, ұлттық мәдени мұра, рухани қазына, елдің салт-дәстүрі, тілі мен ділі сыртта қалды, отандық тарихымыз бұрмаланды. Дәл мұндай қалыппен оқыта беру – болашақ ұрпағымызға обал. Кеңес Одағы кезінде оқыту деңгейі жоғары болғанмен, ұлттық құндылықтар алыстатылды. Тәуелсіздік алғанымызға қанша уақыт өтсе де, осы бір олқылықтың орнын толтыра алмай келеміз. Біздің білім беру жүйеміздің ұлттық сипаты, рухани мәйегі болмаса, ұлт тағдырын, еліміздің ерекшелігін, халқымыздың менталитетін ескермесе, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелемесе, оны қалайша ұлттық білім жүйесі деп айтамыз? Сондықтан біз ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыруымыз керек. Өзінің төл мәдени байлықтарын меңгермеген жан әлемдік өркениетті де жарылқамайды. Ұлт тағдыры білімге тікелей байланысты, сондықтан бізге білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасау қажет.
– Қазір немен айналысып жатырсыз?
– Қазір 75 жылдық мерейтойыма орай, екі-үш кітабым жарық көрді. Жас кезімнен ойға келген нәрселерді түртіп қоя беріппін. Біраз нәрсе жиналып қалыпты. Сол жастық шақтағы жырларды «Жастық сырлары» деген атаумен, одан кейінгі бөлімде Желтоқсан оқиғасына орай, «Желтоқсан жаңғырығы» деп атадым. Өйткені Желтоқсан оқиғасы кезінде ең алдымен таяқ жегендердің бірі мен болдым. «Ұлтшылсың, қазақтарды көп оқыттың» деп талай таяқ та жедім. Осы турасында кітапқа кіргізейін деп жатқан бір өлеңімді оқып берейін.
Желтоқсанда бас көтерген жастарды,
Ұлттық рух, ар-намысы бастады.
Ал оларды шын қолдаудың орнына,
Қан жосытып, қырып салып тастады.
Биліктегі белсенділер бүлінді,
«Қанды қол» боп жаман атқа ілінді.
Бір-біріне айдап салған қазақты,
Бейбақтардың бет пердесі түрілді.
Қазақсың ба бір-біріңді мұқатқан,
Атын алып Жаяу Мұса ұқсатқан.
Басқаларға бас байлатып ұстатып,
Бір-біріңе аяғыңды тұсатқан?!
Абай айтып, күңіренген қазағым,
Болдың ғой сен талай елдің мазағы.
Басқа түскен өзге сорың аз ба еді,
Тарихтың көп тартып ең ғой азабын.
Қашан басың қосылады ел болып,
Ауызбірлік, ынтымағың кең болып?!
Алауыз боп өтесің бе осылай,
Кім көрінген, ит пен құсқа жем болып?!
Бұл 1986 жылдың 29 желтоқсанында жазылған. Желтоқсан оқиғасы кезінде бәрі Мәскеуден басқарылғанымен, бірін-бірі ұстап, сатып берген қазақтар болды. Әйтпесе, Мәскеудегілер мындағы қай қазақтың не істеп жүргенін қайдан біледі? Осы бір күйініштен туған өлең еді. Ел- жер туралы осындай өлеңдерді бір тарауға топтастырдым. Бұрын еш жерде жарық көрмегендіктен, кітабымды да «Жасырын жатқан жырларым» деп атадым. Бұл жайлы бірінші рет сіздерге айтып отырмын.
– Білім саласында аяқ астынан жасалатын реформалар жетерлік. Осы орайда кезінде білім саласын басқарған министр ретінде бүгінгі күні аяқ астынан жасалатын реформалар жөнінде не айтар едіңіз?
– Білім саласына түбі реформа қажет. Қоғам дамып, өзгеріске түскен сайын білім сол қоғамның талабына сай болуы керек. Қоғам сұранысының деңгейінен шығатын маман кадрлар дайындау қажет. Білім тіпті қоғамның алдында дамып, қоғамда болып жатқан өзгерістерден оқ бойы озық тұруы тиіс, яғни білім қоғамды алға сүйреуі керек. Өйткені сол білімнің арқасында, білімнің нәтижесінде қоғам дамиды. Білім болмаса, қоғам ешқашан дами алмайды. Бірақ біз соны бағалай алмаймыз. Білімге көп саланың бірі ретінде қараймыз. Содан кейін мемлекет тарапынан қаржы бөлгенде әйтәуір қаржының сарқытын беріп, білім саласын асырап келеміз. Бұл – өте үлкен қате. Мемлекетті дамытамыз десек, бізге білімді алдыңғы орынға қою керек. Мемлекетіміз үлкен іргелі мемлекет болып, дамыған елдердің қатарына қосылсын десек, білім мен ғылым саласына аса көп мән беруіміз қажет. Өкінішке қарай, білім саласымен Білім министрлігі айналыссын деп ысыра салуға бейімбіз. Негізі, біліммен барша қоғам айналысуы керек. Білім саласы Білім министрлігінің жекеменшігі емес. Барлық саланың назары білімде болуы керек. Өйткені білім саласының дамуымен ғана қалған салалар алға дамиды. Қоғамның жаңаруына орай, бізге жаңа білім жүйесі керек. Бұрынғы білім жүйесінің кемшілігі идеологияға негізделген еді. Бар мақсаты партияны мақтау, дәріптеу, партияның айтқанын орындау болатын. Бірақ осы бір білім жүйесінен де біз алып қала алатын нәрсе бар еді. Бірақ біз соның бәріне қолды бір-ақ сілтедік. Сол кездегі білім беру саласынан бір ескере кететін нәрсе – іргелі білім берудің нәтижесінде орта мектепті бітірген баланың білім деңгейі шетелдегі университет бітірген баланың деңгейімен бірдей болатын. Бізге соны сақтап қалу керек еді. Сақтап қала алмадық. Бұл – өте өкінішті жайт. Осыған орай біздің білім жүйемізге реформа керек. Ел болған соң, барыс-келіс, араласу болады, сондықтан шетелдік білім беру жүйесінің озық жүйелерін біз өзімізге алу керекпіз. Бірақ біздің бір кемшілігіміз, біз шетелдің жүйесін түбірімен көшіріп ала саламыз. Өзімізден ештеңе қоспаймыз. Біздің жоғары білім реформасының жалғыз мақсаты шетелдің барлық талап-тілектерін өздерінен бұрын орындап, айтқандарын екі етпей іске асыру сияқты. Сонда біз Еуропа оқу кеңiстігіне кім болып кіреміз? Білім жүйесінің ұлттық сипаты қалыптаспаған, естіп-білгенін електен өткізіп өлшемей, бәрін бойына сіңіре салатын, басқа елдердің жүрген жолын ойланбай қайталай қоятын жасанды, еліктегіш ұлт ретінде кіреміз бе? Мысалы, шетелдің Баллон процесін алдық. Бірақ біз сол өзгеріске кезең-кезеңімен баруымыз керек еді. Ең алдымен мектебімізді дайындап, орта білім беру жүйесін түгелдей 12 жылдыққа өткізіп алу қажет еді. Сонда қазіргі уақытта университетте 1-2-курстарда оқытылатын көптеген пәндер мектепте оқытылып, жоғары оқу орнында түбегейлі білім беретін іргелі ғылыми дәрістер мен кәсіби мамандық беретін жалпы және арнайы пәндерді жүйелі түрде тереңдетіп оқытуға мүмкіндік туар еді. ЖОО-дағы біраз пәндерді мектепке көшіріп, ЖОО-да кәсіби мамандық беретін жүйе енгізуіміз керек-тін. Ал бүгінгі күні біз Баллон процесін жоғарғы білім жүйесіне қабылдап алып барып мектепті көшіреміз бе деп жүрміз. Қазір біздің қиындығымыз осында болып отыр. ЖОО-дағы біраз пәндерді оқу орнының бағдарламасынан алып тастадық, бірақ оны мектеп қабырғасында енгізбедік. Осылайша көптеген пәндеріміз не анда, не мұнда жоқ күй кешуде. Не мектепте, не ЖОО-да өтпеген соң, ол пәндер қазір мүлдем оқытылмауда.
Сондай-ақ маман дайындағанда ой-өрісі кең, қоғамның даму заңдылықтарынан хабары бар маман дайындау керекпіз. Және оқу орындарының бағдарламасы ұлттық құндылықтарға негізделуі қажет. Ұлттық құндылық болмаған жағдайда жұтаң, бірыңғай білім баланы көгертпейді. Ұлттық құндылықтарын меңгермеген бала әлемдік дәрежеге шыға алмайды. Сондықтан әлемдік өркениеттің негізін қалайтын ұлттық құндылықтар екенін біз ескеруіміз керек. Ал біз әлі күнге соны жоғары мектептің оқу бағдарламасына енгізе алмай отырмыз. Талпыныс бар, бірақ нәтиже жоқ. Соңғы кездері реформа бір ізге түскен секілді. Білім берудің сапасын жоғарылату, білім сапасын өлшеу секілді көптеген нәрсе істеліп жатыр. Білім сапасын тексеру үшін алдымен сапаның өзін жақсартуымыз керек. ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын жақсартып, ЖОО-да дәріс беретін ұстаздардың жалақысын көтеру керек. Кеңес Одағы кезінде ЖОО ұстаздарына жағдай жақсы жасалатын. ЖОО мұғалімінің жалақысы лауазымды қызметте отырған тұлғаның айлығынан жоғары болатын. Мәселен, өз басымдағы жағдайды айтсам, мен Халық шаруашылығы институтында ғылым жөніндегі проректор болдым, сонда айлығым 450 сом болатын, ал профессорлар 500 сом алатын. Одан кейін Жоғары білім беру министрлігіне орынбасар болып ауыстым, ол жерде айлығым 330 сом болатын. Кейін министр болдым, жалақым 410 сом болды. Міне, салыстырып қарап тұрсаң, ол кезде қарапайым ЖОО профессорының айлығы министрдің айлығынан жоғары болатын. Тікелей білім сапасына әсер ете алатын тұлға профессор болған соң, олардың айлығын министрдікінен де жоғары қылып белгілейтін. Жалақысы жоғары болған соң, білімге ұмтылатын жастар да көп еді. Профессорлар да алған айлығын өтеп, ғылыми жаңалықтар ашуға ұмтылатын. Кейін ЖОО-дағы ұстаздардың жалақысын төмендеткен соң, талай ғалымдар бизнеске кетіп қалды. Өйткені айлығы отбасын асырай алмайтын дәрежеге жетті. Біз білімді сыйласақ, профессорларды сондай дәрежеге жеткізбеуіміз керек еді. Қазір ешкім ғалым болғысы келмейді. Айлығы шайлығына жетпейтін ғылым саласы ешкімге керек болмай қалды. Баллон процесіне көшкен шетелдік ЖОО-ның жағдайы өте керемет. Материалдық-техникалық базасы мықты, студенттерінің ізденуіне толық жағдай жасалған. Бізде Назарбаев университеті ашылды. Оқу орны толықтай заманауи материалдық техникалық базамен жабдықталған. Егер еліміздегі барлық университет сондай дәрежеде болса, нұр үстіне нұр болар еді. Білімнің сапасына да сенімді болар едік. Шыны керек, біз бір кездері реформадан шаршап кеттік. Өйткені бірінің үстіне бірі қабылданып, білім саласын шатастырып жіберді. Бірақ олардың ешқайсысы аяғына дейін жетіп, дұрыс нәтиже берген жоқ. Өйткені білім саласында министрлер екі жылда бір ауысып отырды. Ал келген әрбір министр өз өзгерісін, өз жобасын, жаңалығын енгізуге тырысты. Оның соңы басталған реформаның аяқсыз қалуына әкеліп соқты. Жүйелі жүйенің болмауы білім саласын әлсіретті. Сол үшін бізге білім саласын ғылыми түрде негіздеп алу керек еді. Мысалы, көптеген салалар алдын ала ғылыми негізделеді. Ауылшаруашылығының өзінде малды асылдандыру үшін оның ғылыми негізі жасалады. Содан соң іс жүзінде жүзеге асырады. Дәнді дақылдардан көп өнім алғысы келгендер де алдын ала оның ғылыми негіздемесін жасайды. Білім саласы да осындай сала. Сондықтан білім саласындағы әрбір жасалатын реформаның ғылыми негіздемесін жасап алу керек еді. Егер білім саласына енгізілетін әрбір өзгерісті ғылыми тұрғыдан негіздеп алатын болсақ, онда оның нәтижесі боларына да сеніммен қарар едік. Сол нәтижеге жетуге тырысар едік.
– Еліміздің ғылым саласында жасалып жатқан жағдайға көңіліңіз тола ма?
– Білімді күшейтетін нәрсе – ғылым. Білім мен ғылым бір медалдың екі беті секілді. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес. Білім болмаса, ғылым қайдан шығады? Ғылымның іргетасы – білім. Сондықтан білім мен ғылымға қатар жағдай жасау керек. Ол үшін барлық университеттердің жанында ғылыми орталықтары болуы керек. ҚазҰУ-де 10 жылдай ректор болдым. Сол 10 жылдың ішінде 16-17 ғылыми-зерттеу институтын аштық. Ол кезде ғылыми-зерттеу институттарының қол жеткізген нәтижесі оқу процесіне енгізіліп отыратын. Мәселен, ғылыми-зерттеу институтының қызметкері өзінің қол жеткізген табыстарын дәрісханада сабақ беру кезінде тәлімгерлеріне жан-жақты түсіндіруіне мүмкіндік берілді. Сөйтіп, ұстаз білім мен ғылымды ұштастырып, білімді жетілдіріп отырады. Ғылымның өз міндеті бар. Меніңше, ғылымның ең басты міндеті – білімді дамыту. Одан соң қоғамымызды дамыту, экономиканы дамыта отырып, жаңалықтарды енгізу, технологияны дамыту секілді міндеттері бар. Егер ғылым, білімді дамыта алса, байыта алса, онда білім алған жастар жұмыс істеп қызметке тұрғанда соны кәдесіне асырады. Өкініштісі сол, кезінде біз ғылымды таратып алдық. Кеңес Одағы тараған соң ғылымнан береке қашты. Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық академияға айналды. Көптеген ғылыми мекемелер жабылды. Ғалымдар басқа жұмысқа ауысып, ғалымдарымыздың санын азайтып алдық. Сондықтан енді сол ғалымдарымыздың орнын толтырып, ғылымды дамыту ісін қайта жолға қою керекпіз.
– Осы 75 жылдық ғұмырыңызда қандай ісіңізді өзіңіз ерекше мақтан тұтар едіңіз?
– Менің барлық саналы ғұмырым осы білім саласында өтіп жатыр. 1960 жылы ҚазҰУ-ді бітіргенмін. Мәскеуде үш жыл аспирантураны оқығаннан кейін Халық шаруашылығы институтында 12 жылдай жұмыс істедім. Жай ұстаздықтан бастап проректорлыққа дейін көтеріліп, Білім беру министрлігінің орынбасары болып ауыстым, одан соң министр болдым. Министр болып істеп жүрген кезімде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орын алды. Ұлтшыл министр атанып, орнымнан алындым. Негізі, біздің қазақта ұлтшылдық жоқ. Қазақ ұлтшыл халық емес. Керісінше, қазақ интерноционал халық. «Ұлтшыл, қазақ халқын көп оқытты» дегенде бұлар бәрін дұрыс түсінбеді. Тіпті түсінгісі келмеді. Мәскеуден комиссия келіп, мені шақыртты да: «Неге сен қазақты көп оқыттың?» – деді. Мен: «Қазақ қайта аз оқып жатыр, оқитын қазақтар жетпей жатыр», – дедім. Соңғы рет ол уақытта 1959 жылы санақ болған. Сол санақ бойынша есептеп, қазақтардың үлесі 36 пайыз деп санады. Орыс 42 пайыз. Олардың ойынша, қазақ студенттердің саны да 36 пайыз, орыс студенттері 42 пайыз болуы керек көрінеді. Ал сол кездегі біздің қазақ студенттерінің саны 53 пайыз болатын. Соны көріп, міне, қазақ студенттерінің саны басым дейді. Мен: «Институтқа жасы келгендер, құрылысшылар, шопандар түспейді. Оқуға түсетін балалар мектепті енді бітіргендер. Сондықтан біз мектеп бітіретін қазақ жастарының үлесін анықтап алуымыз керек. Егер сол үлес салмағынан асып жатса – сөз басқа», – деп қарсы дау айттым. 1985-1986 жылдары мектеп бітірген балалардың 60 пайызы қазақтың балалары болатын. Егер осы үлеспен санайтын болсақ, онда ЖОО-да білім алып жатқан сол кездегі қазақ жастарының саны, керісінше, жетпейді. Қазақ жастарының білім алуы үшін кезінде осындай да күрес жүрген. Осы кезге дейін біздің алға қойған мақсатымыз ұлттық кадр даярлау болатын. Көптеген салаларға қазақ кадрлары жетіспейтіні айтылатын. Машина жасау, құрылыс, транспорт, байланыс саласында мамандар дайындау керек болатын. Оларды дайындауға Мәскеуге, Омск, Томск, Киевке жіберу керек болатын. Одан гөрі, өзімізде дайындау тиімді болатынын біле тұрып, мені «қазақ балаларын көп оқыттың» деп ұлтшыл деген айдар тақты. Айтысып-тартысып, пікірім дәлелді болса да, мені тыңдамады. Сосын министрліктен кетіп, екі-үш жыл академияда жұмыс жасадым. Министрліктен кеткен соң ұлтшыл болып, екі-үш жыл көңілім жабырқап жүрді. Ақиқатты қоғамға түсіндіре алмағаныма, қазақтың жоғын жоқтауға келгенде қолымнан ештеңе келмегеніне ренжідім. Бұрын араласып жүргендер араласпай, көшеде көріп қалса, бұрылып кететін. Бұрын араласып жүрген жолдастар да жоламай кетті. Кейін Елбасымыз билікке келгеннен кейін бәрін орын-орнына қойды. Арнайы шақырып, ҚазҰУ-де істің алға жылжымай жатқанын айтып, ректорлық қызметке шақырды. Айта кетер жайт, осы жоғарыдағы қызметтердің ішінде өзіме ыстығы, қызметтегі өмірімнің жарқын кезеңі деп ҚазҰУ-де істеген 10 жылымды айтар едім. Сол кезеңде ҚазҰУ-ге автономды статус, дербестік алып бердік. Ол кезде бұл статус тек Мәскеу мемлекеттік университетінде ғана бар болатын. Жалғыз аталмыш оқу орны ғана өзін-өзі басқаратын. Елбасымыз өзінің қаулысымен ҚазҰУ-ге арнайы дербестік статусын берді. Ол бізге үлкен жәрдем болды. Біріншіден, бізге қаржыны Білім министрлігі емес, тікелей мемлекеттік бюджеттен аударылатын болды. Одан соң ҚазҰУ-дің жағдайы күрт жақсара бастады. Ұстаздарының да айлығы бұрынғыдан екі есе көтерілді. Қарапайым қызметкерден бастап профессорларының да жалақысы жоғарылады. Бұрынғы кетіп қалған ғалымдар қайтып оралды. Сөйтіп, ҚазҰУ-де тұрақтылық пайда болып, көркейе бастады. Заман сұранысына қарай халықаралық қатынастар, халықаралық байланыс, әлемдік экономика, менеджмент, маркетинг секілді маман дайындайтын факультеттер аша бастадық. Шығыстану факультетін ашып, ол жерде араб, парсы, кәріс, қытай, жапон, түрік тілдері оқытыла бастады. Ол факультеттің студенттері оқып жатқан тілдері бойынша сол елдерге барып, сол жерде оқып, елдің мәдениетімен, әдебиетімен жақын танысып, тілдерін ширатуды жолға қойдық. Ол кезде аталмыш университет Киров атындағы ҚазҰУ болатын, кейін әл-Фараби атамыздың атын алып бердік. Мұның өзі оңайға түспеді. Өйткені көп адам қарсы болды. Тағы Елбасының қабылдауына кіріп: «Өзбектер, тәжіктер «Фараби біздікі» деп жатыр бабамызды. Өз топырағымызда туған ұлымыз ғой. Жан-жақты энциклопедист ғалым. Физик, математик, философ, тарихшы адам. Әл-Фарабидің аты біздің университетке лайық. Бізде сондай факультеттер бар», – деп едім, ол кісі Үкіметке дереу тапсырма беріп, мен ректор болып сайланған соң, 4-5 айдан кейін ҚазҰУ Фараби атамыздың атын иеленді. Сол кезде Кеңес Одағында 38 ЖОО-ның аты Киров атында болған екен. Фарабидің атын алғаннан кейін оны ақтау керек. Сосын университеттен фарабитану ғылыми-зерттеу орталығын құрдым. Онда Фарабидің мұрасын зерттедік. Ағын Қасымжанов атты фарабитанушы ғалымды сол орталықтың директоры етіп сайладым. Ол әл-Фарабидің көптеген еңбектерін зерттеп, осы мақсатқа жастарды жинап, кітаптарын басып шығарды. Одан кейінгі істеген еңбегіміз университеттің барлық факультетіне фарабитану дейтін сабақ кіргіздік. Әр факультет Фарабидің еңбегін оқытады. Сонда барлық студент университетті бітіргенде Фарабидің кім екенін біліп шығады. Әйтеуір осы ҚазҰУ-ді басқарған кезім өзіме ыстық. Ондағы атқарған әрбір істерім жаныма жақын. Әрине, бұл басқа қызметім қызмет емес деген сөз емес. Министрлік орын, мәселен, үлкен қызмет. Министр болып жүрген кезімде 3-4 институт, 12-13 техникум ашып, көптеген жатақхана, оқу ғимараттарын салдырдым. Бірақ осы ҚазҰУ-ді басқарып жүрген кезімде ұлтыма, білім саласына көп нәрсе істей алдым деп ойлаймын. Бірақ артыма көз жіберіп қарағанда, көңілім жайланып еске алатын, қанағаттанатын қызмет осы ҚазҰУ-де істеген кезім, сол қызметім бір төбе.
– Қазір дүниежүзін алаңдатып отырған мәселе – жаһандануға ұмтыламыз деп ұлттық құндылықтардан айырылып қалғанымыз. Осы орайда білім мен ұлттық құндылықты қалай қатар қоюға болады?
– Ұлттық тәрбие дейтін пән мектеп қабырғасында жүруі керек. Ұлттық тәрбие отбасынан басталады. Кейін балабақшада, мектепте, ЖОО-да толығуы керек. Білімнің ұлттық мәйегі ретінде барлық болашақ мамандық иелеріне қазақтың төл мәдениетін, рухани қазыналарын дәріптейтін дәрістер беру керек. Балабақшадан бастап университет бітіргенше Отан – ел тарихы, фольклор, мәдениет пен ұлттық өнер, ұлттық спорт ойындары, халықтың салт-дәстүрлері, ұлттық педагогика мен психология, ұлттық кәсіпкерлік пен шаруашылық үлгілері және т.б. толып жатқан ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын пәндер мен тәрбие түрлерін оқытып-үйрету қажет. Қазақстан білімін дүниежүзілік жүйеден, бүкіл адамзаттық рухани, мәдени байлықтарынан бөліп, ажыратып алу емес, керісінше, сол адамзаттық ортақ өркениетке өз тегіміз, өз рухани төлтума құндылықтарымызбен барып кіргеніміз абзал. Сонда ғана тағдырымызды, мәдениетімізді, тіліміз бен ділімізді, тағы да басқа қадірлі қасиеттерімізді сақтап қаламыз. Өз халқының рухани мұраларын меңгермеген азаматтың бүкіл адамзаттық өркениеттің биігіне шығуы екіталай.