Ұлт руханияты мен мәдениеті, игілігі үшін еңбектенген адам өмірден шаршамайды
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, академик:
Елімізге танымал көрнекті ғалым, академик Әбдімәлік Нысанбаевтың туғанына – 75 жыл, шығармашылығына 50 жыл толып отыр. Саналы ғұмырын түгелдей гуманитарлық ғылымдар саласындағы шығармашылық ізденістерге арнаған ұлт руханиятының қалыптасуы мен дамуының түрлі қатпарларын философиялық тұрғыдан зерделеуден өткізумен айналысқан ғалымды сөзге тартқан едік...
– Жетпіс бес жыл ғұмырыңыздың қаншасын толық ғылымға бере алдыңыз. Кез келген ғылым саласына тереңдеп ену үшін ішкі ізденіс керек екені анық, сол ізденіс сізде қалай пайда болған еді?
– Жетпіс бес жылдық өмірбаяным болса, соның елу жылдық белесі философия саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналды деп айтар едім. 60-жылдардың басында Қызылорда мемлекеттік педагогикалық университетін қызыл дипломмен тамамдағаннан кейін (қазіргі Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университет) Қазақстанның Ғылым академиясына келіп жұмысқа тұрдым. Ол кездегі бар арманым – бойымдағы күш-жігерімді, шығармашылық шабытымды ғылымға, білімге арнау, сол арқылы ұлттық руханиятқа қызмет ету еді.
Ол кезде Ұлттық Ғылым академиясы академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен әлемге танылған және талай кәсіби шебер мамандар қызмет атқарған еліміздегі іргелі зерттеулерді жүргізудің нағыз үлгісі атанған ғылыми кадрлардың шоғырланған ордасы болатын. Сонымен қатар ғылыми шығармашылығымның бастауын белгілі заңгер, академик Салық Зиманов жетекшілік еткен «Философия және құқық институтымен» байланыстырамын. Артынша Мәскеуге барып ғылыми ізденісті аспирантурада жалғастыруыма Қаныш Имантайұлы мен Салық Зиманұлы себепкер болды. Кандидаттық диссертациямды 1964 жылы Мәскеуде, ал математикалық танымның философиялық сипаттамасын беруге арналған жаратылыстану философиясы бойынша докторлық диссертациямды 1975 жылы қорғадым.
– ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының директоры лауазымында жүргеніңізге жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Тәуелсіздік тұсынан бері басқарып келесіз? Қандай қиыншылықтар болды?
– Қиыншылықтар, әрине, болды. Әсіресе Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңіндегі небір қиын, дағдарысты кезеңдерде мекеменің жұмысын босаңсытпай ұстап тұруға тура келді. Не нәрсені болса да қирату, жою оңай, ал одан қиынырағы, әрине, «қолдағы алтынның қадірін білу», бүтін дүниені сақтау, жетілдіру, заман талабына сай қалыптастыру екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Сондықтан қоғамның барлық қиын кезеңдерінде маған қуат беріп отырған рухани күш – Қазақ елінің ұлттық Тәуелсіздігіне, болашағына деген сенім. Әрине, еліміздің саяси тәуелсіздігімен қоса, әрбір азаматтың өзіндік рухани тәуелсіздігіне, тұлғалық еркіндігіне ұмтылу қажеттігі бірге тұжырымдалады. Халқымыз үшін ғасырлар бойы маңызды болып келген Тәуелсіздік идеясын жауапкершілік мәселесімен астастырып қарастыру қажет болды. Яғни әрбір адамның ұлт руханияты алдындағы жауапкершілігі өте жоғары болуы қажет.
Сонау жиырмасыншы және отызыншы жылдары қазақтың небір рухани саңлақтары тарих сахнасынан көрінгені белгілі. Ол кезең қазақ зиялылары өзін шын мәнінде әлемге танытқан кезең болатын. Ұлт руханияты Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай және т.б. зиялылар тобымен етене танысып, солардың арқасында халықтың ұлттық санасы оянды, кемелденді десе де болады. Міне, осындай өзіндік ұлт руханиятының жарқырап, өзінің дүмпуін танытқан екінші шақ өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары деп бағалауға болады. Жаңа замандағы қазақ зиялыларының үлкен тобы тоталитарлық қоғамның қыспағына қарамастан руханияттың барлық саласында, оның ішінде өнерде, білімде және ғылымда өзін асқан биіктен танытқан шағы болатын. Ғылым Академиясында ғылымның барлық саласы бойынша дарынды мамандар шоғырланып, қазіргі еліміздегі білім мен ғылымның іргетасын қалыптастырған болатын.
Қазақстанда бұрынғы Одаққа, одан қалды әлемдік философиялық әлеуметке ерекше танылған, өзін мамандар алдында мойындатқан «Алматы философия мектебі» қалыптасты. Академик Ж.Әбділдин бастаған диалектикалық логикамен айналысатын топтың ғылыми ізденістері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды.
– Жаңағы қиын-қыстау кезеңдерде қазақ ғылымын жоғалтып алмай, беделін түсіріп жібермей ұстап тұру үшін көп еңбек сіңіргеніңізді білеміз. Сол еңбектеріңізді замандастарыңыз қалай бағалайды деп ойлайсыз?
– Әріптестерім де, мемлекет те сол еңбегімді тиісінше бағалайды деп есептеймін. Оны мемлекеттің осы күнге дейін үйіп-төгіп берген марапат, сыйлықтарынан да білуге болады. Сол үшін замандастарыма рақметімді айтар едім. Өз ішіміздегі ғана емес, көптеген елдердің ғылыми орталықтарының құрметті мүшесі, көптеген халықаралық деңгейдегі журналдардың редакциялық кеңесі мен алқасының мүшесі болып келдім.
Қазақстанның ғылыми деңгейін, оның халқының даналық парасатын әлемге таныту үшін әлемдік ғылымның интеграциялық үрдістерінен шеттеп қалмау керек.
– Ғылыми еңбектеріңіздің көлемі жөнінде айтсаңыз...
– Жуырда жас мамандар менің ғылыми еңбектерімнің санын есептеп шыққан болатын. 500-ден аса ғылыми мақалалар мен 40-тан астам монографиям жарыққа шығыпты. 80-нен аса ғылыми туындыларым әлемнің 25 тілінде жарияланып, ондаған дүниежүзінің жетекші елдерінде беделді халықаралық конференцияларда баяндама жасаған екенмін. АҚШ, Германия, Қытай, Түркия, Ресей, Иран, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Мысыр, Украина, Польша, Болгария, Франция және т.б. елдерде ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін жариялап отырдым. Еліміздің философияны дамыту саласындағы жетістіктерімен әлемді ғылыми көпшілікке лайықты деңгейде таныстыра білу қажет. Ол үшін әртүрлі ғылыми орталықтармен байланыстар орнатып, әр қилы елдердің білікті мамандарын өзіміздің елдің ғылым саласындағы жас ұрпағымен жүздесуіне, қатынасуына себепкер болу керек. Философия мен саясаттану салалары бойынша тек Қазақстанның ғана жас мамандары емес, сонымен қатар көрші жатқан Ресей мен Қырғызстанның, Түркия мен Иранның көптеген ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарының дайындалуына ғылыми жетекшілік етуге тура келді.
– Егеменді мемлекетіміздің дербес елдігін танытатын Әнұран, Елтаңба, Ту сияқты мемлекеттік рәміздер қатарына ұлттық энциклопедияны жатқызатындар болады. Осы ұлттық энциклопедиямыздың пайда болуы жөнінде не айтасыз?
– Ол да Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы кезек күттірмес маңызды істердің бірі болатын. Энциклопедияның дәстүрлі рәміздік сипатымен қатар, мән-мағыналық, мәтіндік мазмұнының байлығы ұлт руханиятының кемелденуі үшін оның маңыздылығын арттыра түседі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шешімі қабылданған соң, «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясына бас редактор болып тағайындалдым. Алдымызда «Қазақ энциклопедиясын» заманауи жаңа талаптарға лайықты, Тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебесін асқақтатуға бағытталған, тарихи шынайы деректерге негізделген ғылыми ұстанымдар мен әдіснаманы басшылыққа ала отырып, тарихымыз бен мәдениетіміздегі ақтаңдақтардың ақиқатын ашып көрсететін, түбірімен жаңа Тәуелсіз елдің энциклопедиясын дайындау міндеті тұрды. 1997 жылдан 2003 жылға дейін Философия және саясаттану институтындағы негізгі жұмысыммен қатар, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы қызметін қоса атқарып, Тәуелсіз Қазақстанның негізгі кітаптарының бірі болып саналатын көп томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының алғашқы төрт томының шығуына үлес қостым. Халқымыздың ұлттық руханияты үшін аса маңызды «Қорқыт ата», «Құрманғазы», «Мұхтар Әуезов», «Қазақстан Республикасы. Он жылдық шежіресі», «Қазақ», «Қазақстан Республикасы. Энциклопедиялық анықтамалық», «Екі мыңжылдық дала поэзиясы», «Түркістан» халықаралық энциклопедияларының шығарылуының өзі ұлтымызға деген ізгі ниеттің, рухани дүниемізге деген құрметтің көрінісі деуге болады. Халқымызды шынымен жақсы көрсек, оған деген құрметіміз жоғары болса, онда оны осылай халықаралық деңгейдегі іспен, нақты шығармашылық әрекеттермен танытқан жөн және оның рухани байлығын, өзін-өзі жете тануға талпынысын ғылыми жүйелейтін уақыт та келді.
Ұлттық энциклопедия – ең алдымен сол ұлттың, халықтың дүниетанымы мен ұғымын жүйелейді, отандық ғылым мен білімнің, жалпы, қоғамның жаңа сатыға көтерілуіне негіз қалайтын іргетас. Жаңа ұлттық энциклопедияны оның тұжырымдамасын жасаудан және талқылаудан бастап, жан-жақты, терең мазмұнды, тұжырымды ғылыми мақалалармен жабдықтауды басты назарда ұстадық.
– Жаңа энциклопедия арқылы жаңа көзқарас қалыптастыру үшін қандай ұстанымдарды жетекшілікке алдыңыздар?
– Ұстанымдар болды. Көне түсініктерден арылуға барынша ұмтылыс жасадық:
– Сыңаржақты дүниетаным қағидаларынан арылған, отаршылдық еуроорталықтық көзқарастар ықпалынан тазартылған, шынайы ұлттың руханиятын, даналығын, тарихын, этнографиясын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін, спортын және т.б. толық қамтитын;
– мемлекеттік құрылымды ішкі саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйеге, жер-су, табиғатқа, ғылыми-техникалық прогреске байланысты ұғымдар мен ақпараттарды қамтитын, қазіргі индустриялық-инновациялық даму жолына түскен еліміздің жетістіктері болашақ жинақта да көрсетілуі тиіс екені жоспарланады;
– адамзат тарихында қордаланған асыл дүниелермен, қазақ халқының түрік-ислам мәдениетінің, Шығыс өркениетінің тарихында елеулі орны бар ғалымдардың, елбасылардың, қоғам қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың негізгі еңбектерімен таныстыратын;
– қазақ тіліндегі ғылыми терминологияны, ұғымдар мен атауларды ана тілінің заңдылықтарына, ерекше ойлау машығына лайықтап қайта жүйелейтін, сөйтіп, отандық ғылым мен қоғам мәдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне негіз болатын әмбебап энциклопедия болуға тиісті деп тұжырымдап, жаңа міндеттер белгіледік.
«Қазақ ұлттық энциклопедиясының» дүниеге келуі Тәуелсіз еліміздің ғылыми-мәдени өміріндегі елеулі құбылыс болды. Жаңа тұрпаттағы ұлттық энциклопедияның тұжырымдамасын дайындап, жұмысты өркениетті жолға қойып, редакцияның кадрлық, материалдық жабдықталуын ұйымдастырдық. Әрине, энциклопедияның заман талабына сай шығуы үшін аянбай тер төккен ұжымымыздың еңбегі зор болды. «Қазақтың ұлттық энциклопедиясын» дүниеге келтіру жөніндегі ой-арманымызды, жоба-жоспарымызды жүзеге асыру жолында тер төккен марқұм Тілеухан Жұмаханұлының қажырлы еңбегін айырықша атап өткен жөн.
– Елбасының басшылығымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік жобасын жүзеге асыруға көп үлес қосқаныңызды білеміз. Осы жобаға нақты қанша көлемде кітап қоса алдыңыздар?
– «Мәдени мұраның» басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған рухани байлығын барынша ғылыми електен өткізе отырып, ғылыми жүйелеу арқылы оқырман қауымға ұсыну, сонымен қатар әлемдік ғылыми ойдың үздік үлгілері мен жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау болатын. Жеке өзімнің жетекшілігіммен осы мемлекеттік бағдарламаның ауқымында 62 том кітап шығарылыпты. Оның ішінде 20 томы қазақ халқының ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі философиялық мұрасын жинақтауға арналды.
Осы маңызды мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 том әлемдік философиялық мұраның ең үздік үлгілері мен үзінділері түрінде жинақталып, мемлекеттік тілге тәржімаланды, әл-Фарабидің бұрын жарияланбаған шығармаларының 10 томы және әлемдік психологиялық мұраның 10 томы, сонымен қатар шығыс пен батыс философиясы бойынша жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған екі оқу құралы жарық көрді. Осы аталғандардың қай-қайсысына болса да бейқам қараған жоқпыз. Көптеген түсініктемелер мен мақалалар жазу, бұл томдардың әрбір бетін електен өткізу және олардың мазмұны мен формасына толықтай жауап беру керек.
Адамзаттың саналы тарихында өзінің ұлттық рухани әлемін електен өткізуге, оны тереңдете ғылыми зерделеуге талаптанған қоғамның озық ойлы өкілдері мен тарихи тұлғалары бұрындары да болған. Қазақ зиялылары өткен ғасырдың басында ұлттың болмысын жан-жақты қарастыруға тырысқанын көбіміз білеміз, ал қазіргі заманда ұлт руханиятын сараптаудан өткізушілердің саны көбейе түсуде. Шынымен де, гуманитарлық кеңістікте осындай үрдістердің бірте-бірте жарқын көрініс бере бастауының өзі жалпы халықтардың есейе бастағанының, рухани кемелдене түскенінің өлшемі іспетті. Өз халқыңның рухани құндылықтарын жүйеге келтіріп, оның бойындағы бұлыңғыр тұстары болса елеп-екшеп, жетістіктері болса барынша жарқыратудың өзі рухани әлемді байыптаудағы, жалпы ғылыми ізденіс жолындағы ғалымдық, азаматтық борыш екені анық. Ұлт руханияты мен мәдениеті, игілігі үшін еңбектенген адам өмірден шаршамайды.
– Әбдімәлік аға, қазақта текті әулет деген ұғым бар. Әріптестеріңіз, замандастарыңыз сізді үлгілі, зиялы отбасының отағасы ретінде мақтап жүреді. Отбасыңызда өзіңізден басқа ғылым жолын қуған кімдер бар?
– Өмірлік зайыбым Нысанбаева Зейнеш Әшенқызы – химия ғылымының кандидаты. Ұлым Назар – заң ғылымының кандидаты, қызым Динара – философия ғылымының кандидаты, қазіргі кезеңде Түркияда қызмет атқарады. Сонымен қатар бес немерем бар. Олардың үлкені Шыңғысхан – экономика ғылымының кандидаты, Данияр – заңгер маман, Айжан – Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы университететті бітіріп келген білікті маман. Әмір мен Дәмір деген немерелерім бар.
– Жеке адамды, қоғамды, халықты ілгері сүйрейтін құндылықтардың негізгісі ретінде нені атар едіңіз?
– Бүкіл әлеуметтік тіршілік сенімге негізделген. Сенімсіз ешқандай жақсылық пен ізгілік болмайды. Біздер ертеңгі күнге сеніммен қарап, парасаттылыққа, ізгілікке, ұлылыққа ұмтыламыз. Сенім бүкіл тіршілік тұғыры болып есептеледі, ендеше, ол – ең негізгі құндылық. Өзара сенім болмаған жерде жақсы отбасы, сәулетті де дәулетті мемлекет, мемлекеттер арасындағы аймақтық және әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздік болмайды. Сенім – күрделі сұхбат процесінің нәтижесі. Өркениеттік сұхбат процесінде мемлекеттер арасында өзара түсіністік пайда болып, ең қымбат та негізгі құндылық ретіндегі сенім сезімі қалыптасады. Сөйтіп, біздер әлемде өз шешімін әлі таппаған өткір де күрделі мәселелер мемлекетаралық, конфессияаралық, ұлтаралық, мәдениетаралық сұхбат процесінде өз шешімін табады деген сенімдеміз.
Ұлттық ұстаным
Халық жадында жаңғырып, оның күнделікті өмірімен астасып, сабақтасып отырмайтын тарих – өлі тарих. Жансыз тарих жер бетінен жоғалған халықтарда ғана болады. Бұрын қазақ елінің тарихы, қазақ халқының жүріп өткен ұлы тарихи жолы құр деректер тізбегі түрінде самарқау баяндалып келсе, бүгінгі талап басқа. Біз осы тарихымызды ұлттық және стратегиялық мүдде тұрғысынан халқымыздың ізгілікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз саяси процесс ретіндегі, ұлт-азаттық күрес түріндегі қасіретінен сабақ алып, қайта жазып шығуымыз қажет. Осы орайда, халқымыздың қоғамдық-саяси ойы дамуының елеулі кезеңінің шежіресі іспетті Тәуелсіз ел тарихын қайта бір парақтап шығу бүгінгі бізге де, болашақ ұрпаққа да пайдалы болмақ. Сондықтан сонау XX ғасыр басындағы зиялы қауым ұстанған ұлттық идея бүгінгі күні Тәуелсіз елімізде іске асуда.