Түркі академиясы құрылса, ақтаңдақтар азаяр еді

Түркі академиясы құрылса, ақтаңдақтар азаяр еді

Ханкелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Тарихты ешбір ұлттық, мемлекеттік, нәсілдік мүддеге бұра тартпай, шынайы жазу мүмкін бе?

– Мүмкін емес. Тарихта мейлінше шатасқан, бас-аяғы араласып кеткен оқиғалар көп. Айталық, Қазақ хандығы XV ғасырдың екінші жартысында Шу бойында Қозыбасы деген жерде шаңырақ көтерді. Қасым, Есім, Хақназар хандардың қайрат-жігерімен шайбанидтердің қол астында қалып келген оңтүстік өңірді өзімізге қаратып алды. Патшалық отарлаудың салдарынан 1924 жылға дейін оңтүстік облыстар астанасы Ташкентте орналасқан Түркістан АКСР-ына кірді. ХХ ғасырдың 50- жылдары Бостандық ауданы, тағы біраз жерлер Мәскеудің өктемдігімен Өзбекстанға берілді, кейін Киров, Жетісай, Пахтарал аудандары Қазақстанға қайтарылды. Бір кезде Қытаймен шекарамызды анықтаған да – Ресей империясы. Соның қырсығынан Қазан төңкерісіне дейін кеңестік дәуірден бері даулы саналып келген біраз жер Тәуелсіздік тұсында Қытай қарамағына өтті. Бүгінде осы тарихты Қазақстан, Өзбекстан, Қытай зерттеушілері ешбір ұлттық, нәсілдік, мемлекеттік мүддеге тартпай қалай жаза алады? «Жерімізден айырылдық» деп біз айта алмаймыз, «қазақ жерінің есебінен іргеміз кеңіп қалды» деген сөзді олар айтуы мүмкін емес. Артық ауыс сөзге бола халықаралық жанжалдан ешкім ештеңе ұтпайтыны және рас.

Бүгінде Ресей ғалымдары XVI ғасырдан басталған отарлау саясатын, яғни Орал тауларынан бергі жерлерді жаулап алғанын ақтағысы келеді. Еуропалықтар Африканы, Америка құрлығын өздеріне қарата бастағанда, Ресей неге қарап отыруы керек, әрі-беріден кейін бұл Шығыстың Батысқа сан ғасырлық өктемдігіне есе қайтару деп дәлелдегісі келеді. Ал Қазақстан ғалымдары Ресейге бодан болудың зардаптарын әлі санап біткен жоқ. Тіпті ең соңғы оқиға – «ҚазСат»-тың жоғалуын алайықшы. Біз жерсерігін жасағандарды айыптаймыз, олар өздеріне шаң жуытқысы келмейді.

Тарих – өткенге бағышталған саясат. Демек, оны өз мүддесіне тартпай жазу әлдекімнің сойылын соғуға ұрындырмай қоймайды.

– Егер мүмкін болса, тарихшы ретінде ең ежелгі адамзат өркениетінің негізін қалаушы халық деп кімдерді атар едіңіз?

– Адам баласының пайда болуы туралы екі тұжырым бар. Бірі «адамды Құдай жаратты» дейді, екіншісі адамның жер бетіндегі эволюциялық дамудың барысында пайда болғанын дәйектейді. Археологиялық зерттеулер әзірге ең ежелгі адамдардың қалдырған ізін Африкадан тауып отыр. Бірақ адамдар пайда болысымен өркениет негізін қалауға кіріскен жоқ. Жануарлар дүниесінен ажырап шыққанша, табиғатқа, қоршаған ортаға тәуелсіздігін жеңгенше, бірнеше миллион жыл өтті. Тұтынушы шаруашылық түрінен өндіруші шаруашылық түріне көшуін ғылымда «неолиттік революция» деген ұғым-түсінікпен айдарлайды. Ол – осыдан 10-12 мың жыл бұрын орын алған құбылыс.

Әлем тарихы оқулығында ең ежелгі өркениет негізін қалағандар ретінде қазіргі Египет, Грекия, Италия көрсетіледі. Дегенмен арғы түріктер, арғы қазақтар алғашқы өркениетке аз олжа салмаған. Жылқы малының қолға үйретілген жері Қазақстан екені – әлем мойындаған ақиқат. Қостанаймен іргелес Челябі аумағынан табылған Арқайым, Сынтасты қалаларында дөңгелек жасау, металлургия, қала салу кәсібі Египет пирамидаларынан да бұрын дүниеге келіпті.

Менің ойымша, адам баласы бір-бірінен тәуелсіз, әр мезгілде Жер шарының түрлі бөлігінде дүние есігін ашқан тәрізді. Сол себепті бұлардың өркениет негізін түзудегі үлесі де салыстыруға жатпайды, әрқайсысы өзінше дара, бәрі қосыла келе, адамзат өркениетін жасақтады. Тарихты Олимпиада жарысына айналдырудың қисыны жоқ.

– Тарихтың қойнауында сан мың жұмбақ жасырынып жатқаны белгілі. Ал тікелей қазақ халқына қатысты аса маңызды тарихи құпия бар ма? Бар болса, оның ашылмау сыры қайда жатыр?

– Қазақ тарихында зерттелгеннен зерттелмеген, түпкілікті құпиясы ашылғаннан ашылмаған мәселелер көп. Сақтар қай тілде сөйледі, «түрк» деген сөз нені білдіреді, біз қалайша «қазақ» атандық, Қазақ хандығы қай жылы құрылды, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сынды ата заңдардың түпнұсқасы табылуы мүмкін бе, Абылайды жоңғар тұтқынынан босатқан қазақтар ма, орыс офицері Миллер ме, қазақ зиялысы әлеуметтік қауым ретінде қашан қалыптасты, Аманкелді Имановтың ажалы кімнен келді, Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірген кім?.. Осылай жалғаса береді. Мына мәселе маңыздырақ, анауы маңызды емес деп сұрыптау, сыныптау мүмкін емес. Құпиясыз тарих болмайды. Онсыз тарих ғылымы да өмір сүруін тоқтатар еді.

– Түркілердің ежелгі түптөркіні туралы талас көп. Тіпті айдаладағы негрдің бойынан осы халықтың қанын табатын жағдайлар да кезігеді. «Біз қайдан шықтық, қайда тарадық?» дегенді қысқаша тұжырып өтіңізші.

– Бұл таластың мәні «түркілер қазақ даласына сырттан келді ме, жоқ әлде байырғы тұрғындары ма?» деген сұраққа келіп тіреледі. Бірінші ұстанымды қолдайтындар 2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғимаратына Күлтегіннің ескерткіш тасы орнатылғанда «қазаққа қатысы жоқ дүние ұлықталуда» деп наразылығын білдіргені есімізде. Мен «байырғы түркілер де, одан бұрын осы далада өмір сүрген сақтар да – қазақтың арғы тегі» деген пайымды қолдаймын. Соңғы төрт мың жыл бойы Ұлы даладағы материалдық, заттай, мәдени-рухани, антропологиялық сабақтастық пен жалғастықтың үзілмеуі – осының айғақ-дәлелі.

– Түркі халқы адамзат тарихындағы ең алғашқы жазуды пайдаланды деп жатамыз. Бірақ кейін сондай өркениет үрдісінен неге қол үзіп қалдық? Егер ата жолын қуар дәстүрді ұстансақ, ғылым мен білімнің биігіне шығып, кейінгі кездері кім көрінгеннің отары болмас едік қой?

– Иә, байырғы түркі жазуы, Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазулар – көненің куәсі. Мұндай мұрасымен мақтанатын бірен-саран ғана халық бар. 751 жылы Тараздың түбінде арабтар мен қытайлар шайқасып, Орхон-Енисей жазуының тағдыры шешілді. Жеңіске жеткен арабтар сына жазуын ығыстырып, өз графикасын орнықтырды. Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетейін, 1988 жылы орыстар христиан дінін қабылдауының мың жылдық мерейтойын өткізді. Келер 2011 жылы біздің ислам дініне кіргеніміздің 1260 жылдығын атап өтуге негіз бар.

Әрине, жазудың тарихтағы орны биік. Әйтсе де жазу ата жолын сақтаудың басты шарты емес.

Қазақ даласының отарланатыны XV ғасырдан-ақ белгілі болды. Ұлы географиялық ашулар, португалиялықтардың 1415 жылдан Солтүстік Африканы бағындыра бастауы, ең бастысы – 1492 жылы еуропалықтардың Америка құрлығына аяқ басуы нәтижесінде салт атты-көшпелі шаруашылық мәдени типтің урбанистік-отырықшылық даму жолының алдында тізе бүккен еді. Мұның сыртында XV ғасыр қарсаңында Әмір Темір мен Тоқтамыс хан өзара қырқысып, түркі әлемінің қуаты зая кетті. Міне, осындай тағдыр анықтағыш бетбұрысты сәтте құрылған Қазақ хандығы шайбанидтермен, Ноғай ордасымен, моғолдармен бірде шабысып, бірде табысып, мемлекет ретінде қалыптасқанмен, экономиканың әлжуаздығынан, техникалық осалдығынан урбанистік-отырықшылық әлеуетке ие іргедегі Ресейдің немесе алыстағы Англияның отарына айналмай тұрмас едік. 1552 жылы Иван Грозный әскерінің Қазанды алуы, 1581-1583 жылдары атаман Ермактың Сібірді бағындыруы келесі кезекте кім тұрғанын айтпай-ақ ұғындырды. Найза мен қылыш от қаруынан әлдеқайда әлсіз ғой. Шәкәрім қажы жазғандай:

– Қайда кетті жаралыс берген байлық?
Ұстағаны әскер мен қару сайлық...
Мен ақ жүрек деген сөз босқа шығын,
Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын.
Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,
Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.
Әлдінің әлсізді жәбірлеуі қазір тоқтатылды деп өз басым айта алмаймын.

 – Л.Н.Гумилевтің түркі тарихына байланысты жазған еңбектері біздің халықтың шынайы болмыс-бітімін бейнелеп, шығу тегіне адал ой айтты дей аласыз ба?

– Л.Н.Гумилев – тарих ғылымына зор үлес қосқан ғалым. Оның ғұндар, хазарлар, байырғы түркілер, Еуразиялық бірлестік туралы зерттеулері кезінде КОКП-ның партиялық, таптық, ұлыдержавалық теориясы мен идеологиясына қиғаш келгені өз алдына, жүрегі, ниеті халқым деп тебіренген талай қазақ ғалымдарына моральдық, шығармашылық қолдау болды, методологиялық ұстанымның бірегей үлгісіне айналды, арғы қазақтар тарихтың ұзына бойына дамымай мешел қалғандар емес екендігін биік өремен дәйектеді.

Тарихты жасайтын күш – халық. Ал тарихшы ғалым зерттеп отырған тарихтың бел ортасында тұрған халықты жақсы көруге немесе ұнатпауға міндетті. Басқа жол жоқ. Бейжай, самарқау көңіл күймен тарихты зерттеуге ешкім тыйым салмайды, әрине, бірақ ондай ғалым Л.Н.Гумилев шыққандай биіктен көріну мүмкін емес.

Қазақтың арғы-бергі тарихын ешкімдікіне ұқсамайтын теориялық-методологиялық пайыммен зерделегенде Л.Н.Гумилев ішіне қулық сақтады деген ойға бара алмаймын. Ол – қазақтың біртуар азаматтарымен, мәселен, Ақселеу Сейдімбекпен риясыз пікірлесіп, хат жазысып тұрған жан. Қазақтар туралы пікірінің дұрыстығы шығар, артында қалған жесірі жұмыс кабинетіндегі жиһазды кітаптарымен бірге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне табыстады.

Л.Н.Гумилев шығармалары бүгінгі күн үдесінен шығып тұрғанына бір мысал келтіре кетейін. Әйгілі «Открытие Хазарии» деген еңбегінде ортағасырлық осынау елдің түбіне бұқара халық пен билеушілердің түрлі дінді ұстағандығы жеткенін дәйектегені белгілі. Бұл – тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін тағылымды тарих.

Өзгелердің тарихын өз ұлтының тарихынан кем көрмей, алаламай, күйелемей жазған ғалым Л.Н.Гумилевті нағыз гуманист десек, қателеспейміз.

– Жалпы түркі халықтарының тарихы туралы зерттеу жүргізген басқа ел ғалымдарының көздегені не? Біздің жоғымызды жоқтау ма, әлде біз арқылы өз халқының белгісіз қырларын түсінуге ұмтылу ма?

– Тұтас түркі тарихы VIIІ ғасырда аяқталды. Одан бергі тарих – өз алдына бөлініп шыққан түркі халықтарының: қазақтың, өзбектің, қырғыздың, ұйғырдың тағы басқалардың тарихы. Бір ғана қазақ тарихын алайықшы. Зерттеулер Америкада, Африкада, Азияда жарияланғаны бар, құдайға шүкір, жетерлік. Олардың ішінде Отан тарихына арналғандарын мазмұны мен ой-түйіндеріне қарай төрт топқа жіктеуге болатын тәрізді. Бірінші топты құрайтын зерттеулерде Қазақстан тарихын ақиқат биігінен ашуға ынталылық басым түсіп жатады. Екінші топқа кіретін зерттеулерден өткеніміз бен тағдырымызды боямалап, «жақсартыңқырап» көрсетуге бейімділік байқалады. Үшінші топтың зерттеулері тырнақ астынан кір іздеу, түймедей кемшілікті түйедей етіп көрсету тәрізді айла-амалдарға көбірек назар аударады. Бұларға уақыт өз үкімін шығара жатар. Төртінші топты құрайтын ғалымдардың еңбектері зерттеуден гөрі аңыз-ертегіге ұқсап кетеді.

Құқықтық, демократиялық елде жазғаны Конституцияға қайшы келмесе, ешкімді де айыптау мүмкін емес. Бізді жақтамайтыны да, өз есебі өзіндегілер де ар алдында жауабын берер.

– Түркі халықтарының өз ішінде тарихи тартыс тудырып отырған тақырып не? Одан ұтылмауды ойлайтын тараптардың мақсаты қандай?

– Әлгінде айттым, зерттелгеннен зерттелмеген мәселе көп екенін. Бәріміздің мақсатымыз біреу – өткенді дұрыс тану, тарих тағылымын сана мен жүрекке сіңіру. Енді осыларды оңтайлы шешудің жолы табылған сияқты. Есіңізде болса, өткен жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Әзірбайжанға, Түркияға сапары кезінде Астанада халықаралық түркі академиясын құру идеясын жариялаған еді. Болашақта осы академия түркітектес халықтардың тарихын бірлесе зерттеуді ұйымдастырса, тартыс тудырушы тақырыптар, ақтаңдақтар азаяры сөзсіз. Бұдан ешкім ұтылмайды, қайта ғылыми ақиқатқа жақындай түсеміз.

Алашқа айтар датым...

Тарих ғылымы – қасиетті ғылым. Ол бұра тартуды да, әсіре бояуды да, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғуды да көтермейді. Оның өлшемі – шындық, ақиқатқа жүгіну.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста