Трансшекаралық өзендер мәселесіне Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, Сыртқы істер министрлігі де араласуы керек
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Розақұл аға, міне, үшінші сессия да басталды. Парламенттің өткен сессиясы ауқымды жұмыстарға, қызу талқылауларға толы болды, өзіңіз Мәжіліс жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Екінші сессияда Мәжілістің қарауына 140-тай заң жобасы келген, соның 96-сын қарап, Мәжілістің жалпы отырысында мақұлдап, Сенатқа жібердік. Бірінші сессияда алдымен қараған мәселеміз – 2013-2015 жылға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу жайы. Елбасының жүктеген міндеттеріне сәйкес, қаржының кейбір баптарын өзгерту керек болды. Осыған байланысты бұл сұрақ ширақ талқыланып, заң тез қабылданып кетті. Сонан соң бірқатар жаңа заңдар мен қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізілді. Өткен сессияда тапсырманың бәрі орындалды деуге негіз бар. Заң болғаннан кейін кейбір мәселелердің бәрін қамтамасыз ету мүмкін болмай қалады. Сол себепті заң бір жыл, екі жыл жұмыс істегеннен кейін кейбір нормаларына өзгерістер енгізіліп жатады. Міне, біздің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет ауыл шаруашылығына байланысты заң жобаларын талдап, зерделеп, өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. Қолданыстағы агрошаруашылық кешенін дамытуға арналған кейбір мәселелерге өзгерістер енгізілді. Негізгі түйткілдердің бірі – бізде ауыл шаруашылығында зиянкестерге қарсы күресте гербицидтердің бәрі өзімізден өнбейді. Бірақ заңда сол өзімізде өндірілген гербицидті алсақ, оған субсидия беріледі, ал басқа мемлекеттен алып келсе, оған субсидия берілмеуі қарастырылып қойылған. Міне, енді осы тұсқа өзгеріс енгізіліп, субсидия беру мәселесі қарастырылды. Содан кейінгі өзекті мәселе – мақта шаруашылығы, көкөніс өндіру, бау-бақшаларды күтуге байланысты. Зиянкестерге биологиялық әдіспен күрестің жақсы жері – пайдалы микроорганизмдерге зиян келтірмейді. Тек қана зиян келтіретіндерді құртады. Осы тәсілмен жұмыс істегендерге субсидия қаралмаған болатын. Міне, осы мәселе бойынша да өзгерістер енгіздік. Сөйтіп, 2013 жылдың өзінде оған 150 млн теңге қарастырылды. Келесі жылдан бастап жылына 456 млн теңге қарастырылады. Өзім тікелей айналысып жатқан мақта саласын дамыту деген заң жобасы бар. Бұл заңда да кейбір нормалар жақсы істемей жатыр. Айталық, мына мақта өңдейтін зауытта тек қана мақта өңдеумен айналысады. Басқа нәрсемен айналысуға тыйым салынады деген норма бар. Біз алдымен осы заңдағы кедергілерді жоюымыз керек.
– Жедел қабылданған заңдардың ішінде, елдің арасында көп түсініспеушілік туғызған әрі халықтың наразылығын тудырған заң жобасы – әйелдердің зейнеткерлік жасына байланысты. Осы мәселеде Елбасы үкіметті де, министрлікті де қатаң сынға алған болатын, сол кездері Парламент де дәрменсіз күй кешкен сияқты болды. Сіздің ойыңызша, қателік қай жерден кетті?
– Осы заң жобасы Парламентке келіп, біздің Мәжілісте қарау кезінде, жұмысшы тобының қарау кезінде көп ұсыныс енгізілген болатын. Президент те бүгінгі күнде шешілуі қажет мәселе екенін айтып отыр. Жалпы, мен бұл заң жобасын қолдаймын, бірақ кейбір мәселелерге мән беру керек еді. Жалпы, бұл заңның асығыс қабылданғаны рас. Бұл жерде ең негізгі екі кемшілік бар. Біріншісі, бұл заң жобасы халық арасында кеңінен талқыланған жоқ. Сондықтан көп адам оны түсінбей де қалды. Екінші мәселе – жасын ұлғайтқаннан кейін оларға қосымша әлеуметтік қолдау мәселелері қаралмай қалды. Үкімет Парламентте бізге уәде берді, біз оны қарап жатырмыз, 503 мың жаңа жұмыс орнын қарастырып жатырмыз, соның барлығы осы зейнет жасы ұлғайтылған әйелдерге берілетін болады дегеннен басқа ештеңе айтылған жоқ. Нақты мынадай жұмыс орны ашылады деген факті айтылған жоқ. Нақты айтылмағаннан кейін біз оны халыққа да сенімді түрде түсіндіре алмадық.
– Дүниежүзінде орташа зейнеткерлік жас ұлғайып келеді: 68, 70, тіпті одан да ұлғайтамыз ба деп жатыр. Өйткені халықтың саны өспейді. Еуропада, Жапонияның өзінде де туу көрсеткіші төмен. Бізде демография жақсы, дегенмен жас аналарға, көпбалалы аналарға кеңірек жеңілдік жасау керек шығар, мүмкін.
– Президент үндеуінде Үкіметке тапсырды ғой осыны. Айталық, әйел бала туып, сол баланы күту кезінде бір жылдың ішінде соған қосымша зейнетақысы төленіп тұрсын. Ол республикалық бюджеттен бола ма, жергілікті бюджеттен бе, жоқ, әлде жұмыс орны есебінен бола ма – Үкіметке осыны шешу тапсырылды. Бұл – үлкен мәселе, бір жылға дейін олар зейнетақысы жоқ, ештеңе істемегеннен кейін қалып кетеді. Екіншісі, жұмыс берушілердің есебінен төленетін 5% жәрдемақыны 10%-ға дейін жеткізу тапсырылды. Менің ойымша, қазіргі үшінші сессияда осы өзгерістер бізге Үкіметтен келеді.
– Өзіңіз талай жауапты қызмет атқарған туған өлкеңіз оңтүстіктің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай баға бересіз, халықпен жүздесулер нені көрсетті?
– Облыста қыруар шаруалар атқарылып жатыр, әсіресе елді мекендерді, қалаларды көгалдандыру, оларды ретке келтіру, жол, су, жарық мәселесі бойынша көп шаруалар тындырылғаны көрініп тұр. Бірақ шешілуі тиіс мәселелер де жоқ емес. Біріншісі, Елбасы 2005 жылы өзінің жарлығымен арнайы экономикалық аймақ құрып, осы оңтүстік өңірінде мақта-тоқыма кластерін қалыптастыруды тапсырған болатын. Міне, осы мәселе бүгінге дейін шешілмей келеді. Осы тоқыма кластерін дамытуға мемлекет тарапынан, республикалық бюджеттен 8 млрд-тан артық қаржы бөлінді. Әзір сол арнайы экономикалық аймақта барлық инфрақұрылым мемлекет есебінен дайындалып қойылды. Бірақ ол жерде жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бірлі-жарым ғана. Жалпы, тоқыма саласының өзі – күрделі сала. Нақты өнім өндірген кезде ғана пайда көрінеді. Мақта талшығынан иірілген жіп, «пряжа» дейміз ғой, шығарылса, оның пайдасы 7-10% ғана болады. Ал енді содан дайын өнім шықса, пайда басқаша. Дайын өнімнің пайдасы 35%-ға дейін жетуі мүмкін. Міне, сонда ғана тоқыма өндірісі пайда береді. Ал енді ол үшін бұның бәрін біріктіретін үйлестіруші болуы керек. Экономикалық аймақта «Оңтүстік-текстиль» деген жалғыз жіп иіретін фабрика бар. Ал бұл аздық етеді.
– Мемлекеттік бағдарламаға енгізілген бе еді?
– Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму жобасына кіріп, соның аясында құрылған. Барлық жеңілдік берілген. Бірақ ол кәсіпорын әзірше жұмыс істемейді. Себебі оның айналымдағы қаржысы жоқ. «Қазақстан даму банкінен» несие алынған, енді сол кредитті қайтаратын да мезгіл келіп қалды. Сол себептен оның айналымда ақшасы жоқ. Ақша түскен күннің өзінде банкке аударылады. Міне, сол себептен бүгінгі күнде тоқтап тұр. Ал біз 150 мың тоннаға дейін мақта талшығын өндірсек, оның 95%-ын шетелге жіберіп жатырмыз. Былайша айтылғанда, қосылған құнымызды шетелге сыйлап жатырмыз. Өзіміз пайдаланып жатқан жоқпыз. Осыны үйлестіретін министрлік керек. Одан бөлек мақта өндірген диқаннан немесе мақта өңдеген ұйымнан, зауыттан сол мақта талшығын алып, мемлекет бюджеттің есебінен сатып алып қор құруы керек. Мына астықтан қор құрып жатырмыз ғой, сол сияқты мақта талшығының қорын құру керек. Бізге қанша керек, өзіміздің Қазақстанға, тек қана осы өңір емес, айталық, басқа аймақтардағы кәсіпорындарға қанша тонна керек, бюджеттің есебінен сатып алайық. Сосын мынаны өңде, ол өңдеп, өзі өнім шығарғаннан кейін өнімін сатып, содан кейін алған ақшасын қайтаратындай болса... Ал қалғанын көрген пайдасының есебінен істей беретін болса. Сол ақшаны ол үш жылға дейін айналдырып, өзінен-өзі аяққа тұрып алады емес пе?.. Міне, осы мәселені кезінде мен Премьер-министрге депутаттық сауал етіп жолдағанмын, енді, аманшылық болса, оның жауабын алармын деп үміттеніп отырмын.
– Өзіңіз ел аралағанда байқаған шығарсыз, мына Жетісай жақта, осыдан пайда жоқ деп, мақтадан басқа дақылдарға немесе бау-бақшаға, қауын-қарбызға өтіп, мақтаны тастап кетіп жатқандар көп.
– Иә, оны байқадым. Бұрын мақта шаруашылығымен айналысқандар мақтаны өңдеп, зауытқа тапсырса, зауыт үш күннен кейін оның есепшотына ақшасын аударатын еді. Сол кездері мәшине де мініп, там да салып, той да жасап жатты. Әзір енді оларға қарайласатын, көмектесетін ешкім болмай тұр. Апарып мақтаны қашан бітіріп сатам дегенше, одан кейін мақта талшығының да бағасы биржаларға байланысты өзгеріп тұрады. Негізі, мақтаны жинайтын кезде Ливерпульдағы биржада баға төмендейтіні бар. Өйткені барлық жақта мақталар өңделіп келе бастайтын кез. Наурызға дейін баға төмендеп, наурыздан бастап оның бағасы қайтадан көтеріле бастайды. Ал диқанға қаражат бүгін керек. Осылай қиналғаннан кейін олар енді басқа дақылға көшуге мәжбүр болып, қолма-қол ақша келетін жаққа өтіп жатқанның себебі де – сол. Жалпы, мақта Қазақстанда тек қана осы оңтүстікте ғана өседі. Мемлекет тарапынан субсидиялау негізінде біз осы саланы дамытуымыз керек. Бізге трикотаж өнімдері Қытайдан, шетелден келіп жатқаны жасырын емес. Ал бізде өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз жоқ деп айта алмаймыз. Сол себептен біз дәл осы саланы дамытуымыз керек. Үкімет кезінде бізге ешқандай мал шаруашылығы керегі жоқ, біз өнімді шетелден сатып аламыз, сол тиімді деп, біраз шаруашылықтың берекесі қашып кетті. Бұл жерде мәселе – тек қана сол жейтін немесе киетін өнімнің мәселесі емес, бұл жерде осы шаруашылықтардың арғы жағында қанша халық тұрғанын естен шығармауымыз керек. Сол халықтың жұмыс орны, сол халықтың тұрмыс кешуі, осыны біз ойлауымыз керек қой. Осы мақта саласының өзінде 1 миллионға жақын адам нәпақа тауып жүр. Ертең олар жұмыссыз қалса, нағыз әлеуметтік түйткіл сонда туады. Осы жерде кейбір дүниеге шолақ қарайтындар бар, осыған қарның ашады. Елбасы көп нәрсені біледі, әйтпесе арнайы экономикалық аймақ құрып, осы тоқыма кластерін дамытып, тапсырма бермеген болар еді. Осы өңірдің халқы үшін дарияға Мақтаарал өңірінің тұрғындарына ыңғайлы болсын деп арнайы көпір салынды. Негізі, артық шығын шығарып оны салмаса да болар еді, 20 яки 50 шақырым артық жүрер, бірақ сол халықтың игілігі үшін істелген нәрсе бұл. Сол себепті ауыл шаруашылығы дегенде біз тек қана ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді емес, сол салада айналысып жатқан халықтың мәселесін ұмытпауымыз керек. Өйткені ол – ең ауыр сала, пайдасы аз, еңбегі ауыр, өнбегі аз дегендей, сол себептен ол жерге қанша жерден көмек берсе де артық бола қоймас, себебі бұл біздің ұлттық қауіпсіздігіміз болып саналады.
– Розақұл аға, өзіңіз де байқаған шығарсыз, соңғы жылдары мына суармалы жерлер, трансшекаралық өзендер мәселесі шиеленісіп бара жатыр. Тіпті биыл шаруалар оңтүстікте ғана емес, Жамбыл облысында да қатты қиналды. Қырғызстан мен Өзбекстан, шекаралас Тәжікстаннан келетін кейбір өзендер, Достық каналындағы судың азаюына байланысты шаруалар қиналып қалды. Тағы да Елбасының пәрменімен жүзеге асып жатқан жобалар өміршеңдігін көрсетті. Шардарадан қосымша жаңа каналдар тарту, Көксарай арқылы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Дегенмен, өзіңіз айтқандай, шаруаға бүгін тиын керек, бүгін ақша керек, бүгін бала-шағасына тамақ керек. Осы мәселе биыл өткір болып шиеленісіп кетті, шаруалар бұл жайында сізге де айтып жатқан шығар. Осыны қалай шешу керек, мемлекетаралық келісімдер неге сақталмайды?
– Президенттің 2050 стратегиясында осы мәселе де айтылды. Бірінші кезекте, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, екіншіден, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылды. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Менің ойымша, үкіметтегілер жағдайды жақсы біледі. Суды тиімді пайдалану технологиясын енгізу, тамшылатып суғару мәселесі, міне, осыны енгізу, содан кейін барып сол жердің табиғи ерекшелігіне байланысты тиімді дақылдарды егу мәселесін шешу керек. Бұнымен қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жатыр. Енді негізгі мәселеге келсек, Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ Сырдария бар, Амудария бар. Жалпы, осы өзендерді пайдалану мәселесіне тек қана ауыл шаруашылығы министрлігі емес, біздің Сыртқы істер министрлігі де дипломатиялық жолдармен араласып тұруы керек. Онсыз бұл жағдай оңала қоймас. Өйткені мына қырғызстандықтарды түсінуге болады, Қырғызстанның негізгі байлығы – сол су ғана. Судан электр қуатын алады да, сол электр қуатын сатып, сонымен күн көреді. Мен онымен талай жұмыс істегенмін. Он жыл облыс әкімінің орынбасары болсам, сол он жыл бойы осы мәселемен айналысқанбыз. Талай-талай әдістерді осы суды алу мәселесінде қолдағанбыз. Енді сол дипломатиялық шеберлігіміз жетіспей жататын сияқты. Кейбір жерде көршіге көмек те беру керек, кейбір жерде олардың алдында мәселе де қоя білу керек.
– Тағы бір түйткіл. Өзіңіз Парламент депутаты ретінде көптеген ұлтжандылық мәселелері бойынша, әсіресе мемлекеттік тіл, ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік туралы жиі мәселе көтересіз. Осы жағынан халық дауысыңызды естіп, марқайып қалады. Сіздің ойыңызша, мына мемлекеттік тілдің дамуына не жетпей жатыр? Заң бар, стратегияда айтылды, Елбасы «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деді. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілге құрметі ерекше жаңа буын қалыптасқаны да рас, оған да шүкіршілік. Дегенмен қазақ тілінің босағада қалып кететін тұстары әлі де бар. Осыған қатысты мемлекеттік тілдің дамуына қандай баға бересіз және осы мәселені оңтайлы шешудің тағы бір тетіктері бар ма?
– Тілді дамыту үшін, бірінші, сол тілге деген қажеттілік болу керек елде. Біздегі ең жетіспей жатқаны – осы. Әйтпесе мына қаржы жағынан, мемлекеттік қолдау жағынан ешқандай кінә қоюға болмайды. Айталық, 2003 жылы республикалық бюджеттен осы мақсатқа 150 млн теңге бөлінген. Кейінгі жылдары 5млрд-қа дейін қаржы бөлініп жатыр. Оқулықтар да, әдістемеліктер де, оқыту орталықтары да бар, қағаз да, қаржы жағынан бәрі шешіліп жатыр. Бірде-бір мемлекетте мемлекеттік тілді дамыту үшін осынша қаржы бөлінбейді. Бізде ол жеткілікті. Елбасымызға рақмет, осыны халық үйренсін, осыған ынталы болсын деген мақсатта бәрін істеп жатыр. Бұл жерде сол шешілмей жатқан бір мәселе бар, бұл – сол тілге деген қажеттілік. Осы әлемдегі кез келген мемлекетке барыңыз, сол мемлекеттік тілді білмей, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге бола ма, жоқ па деген сұраққа қандай жауап аласыз. Бәрінде бірдей болмайды, ал бізде бола береді, бізде оған талап жоқ. Заңға осыған өзгеріс енгізу жөнінде біраз ұсыныс болды, бірақ оған әзір ерте шығар, тұра тұрайық. 2011-2020 жылдарға арналған тілді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бар, сонда осы біз 2020 жыл деп қойдық. Елбасының жолдауында Қазақ мемлекеті дегенге өтеміз деген мәселелер көтеріліп жатыр. Қазақша сөйлегенімде өзге емес, қазақтардың ренжитінін қайтерсіз.
Солардың өзі ана тілінде сөйлемейді.
– Рақмет аға, еңбегіңіз жемісті болсын!