Төл оқулықтар дайындауда тәжірибеміз әлі де жеткіліксіз

Төл оқулықтар дайындауда тәжірибеміз әлі де жеткіліксіз

Бүбіхан Баратқызы, «Алматы кітап» баспасының вице-президенті:

– Бүбіхан Баратқызы, міне, тағы бір жаңа оқу жылы басталды. Осыған орай, биылғы «Алматы кітап» баспасына түскен тапсырыс көлемі қандай?
– Осыған дейін шығарылып келген жаңа буын және байқау оқулықтарымен қатар, өткен жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы нұсқауымен баспамыздан балама оқулықтар шығаруға жол ашылған болатын. «Атамұра», «Алматы кітап», «Просвещение Казахстан» баспаларынан бастауыш сыныптарға арналып жарық көрген сол балама оқулықтар бір жыл бойы республика мектептерінде оқытылып, сапалық деңгейі анықталды. Сапалы оқулық таңдаудың мектеп ұжымына берілген мүмкіншілігінің нәтижесі болар, биыл баспамызға оқулыққа тапсырыс былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір көп берілді. «Алматы кітап» баспасы биылғы жылы балама оқулықтардың 3-сыныпқа арналған оқулығын шығаруды аяқтады. Сонымен бірге бастауыш сыныптардың барлық пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістеме кешенін қазақша-орысша 78 аталым бойынша шығарды.
Тапсырыс барлық облыстардан түсті.
 – Сол облыстардан түскен тапсырыстардың орындалуы, яғни жаңа оқулықтардың жер-жерге дер кезінде жеткізілуі мен «Алматы кітап» баспасы өнімдерінің таралу аймағы туралы және жоғарыда айтылған оқулықтардың сапалық деңгейін анықтау жұмысының барысы жайына тоқталып өтіңізші...
– ҚР білім және ғылым министрінің биылғы жылдың мамыр айында «2010-2011 оқу жылында пайдалануға арналған көркем әдебиет пен оқулықтардың тізбелері» қолымызға тиген бойда, республикадағы облыстар мен 280-нен астам аудандағы білім мекемелерінің оқулыққа берген тапсырысын қабылдадық. Бүгінгі күні еліміздің барлық облысының білім шаңырақтарына оқулықтар түгел таратылды. Батыс Қазақстан облысы мен Тараз қаласының білім мекемелері былтырғы оқу жылынан бастап 100 пайыз біздің баспа оқулықтарын таңдап, үлкен көлемде тапсырыс берді. Астана, Алматы қалаларындағы көрсеткіш 85-90 пайызға жетті. Павлодар облысынан да биылғы жылы тапсырыс мол болды. «Алматы кітаптың» оқулықтарына сұранысы жоқ бір ғана облыс бар. Ол – Маңғыстау. Маңғыстау облысының мектептері Ресей оқулықтарының «Просвещение Казахстан» баспасы аударып ұсынған нұсқасын пайдаланады. Ресейдің бастауыш сынып оқулықтары біздегі оқу бағдарламасына қарағанда жеңіл жазылған. Сол себепті маңғыстаулық мұғалімдер қолдарындағы 2-сыныптың математика оқулығындағы тапсырмалардың тең жартысын 1-сыныпта-ақ игеріп алғандығын, яғни тапсырма жұмыстарындағы алшақтықты айтып, алаңдап отыр.
Аталған облыс көлеміндегі барлық аудандардағы білім мекемелерін екі жыл қатарынан аралап, оқулықтарымызбен таныстырып, мектеп ұжымымен жүздескенде, мұғалімдер мен ата-аналардың «Алматы кітап» оқулықтарына деген қызығушылығы өте жоғары екендігі байқалды. Алайда тапсырыс беруге Облыстық білім департаменті жол бермейді. Болашақта осы мәселені ҚР білім және ғылым министрінің назарына ұсынбақшымыз. Негізінен, республика бойынша оқулық тарату ісімен білім департаменттерімен арнайы келісімшартқа отырған тасымалдаушы компаниялар айналысады.
Облыстық білім департаменттерінен түскен тапсырысты орындап, кітапты тиісті мекемелерге жөнелтумен жұмыс тамамдалмайды. Біз, баспагерлер, өз өнімдерімізді қолданысқа енгізу жолында жан-жақты жұмыс істейміз. Құрамында авторы, редакторы, әдіскері бар шығармашылық топпен жыл бойы республиканың облыстары мен аудандарын аралап, мектеп ұжымдарымен кездесіп, ұстаздардан оқулық сапасына байланысты пікірлері мен ескертпелерін жинаймыз. Десек те, авторлардың бәрі бірдей облыстарды баспа қызметкерлерімен қатар жүріп аралауға мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан авторлардың әр оқулығы жазылған жарнамалық роликтерін жасап, облыстардағы білім департаменттеріне тараттық. Сол бейнелі дискілер арқылы мұғалімдер тапсырмадағы кейбір өздеріне түсініксіз сауалдарына жауап тапты. Ал биылғы жылдан бастап онлайн жүйесінде жұмыс жүргізбекшіміз. Яғни Алматыда отырып-ақ, әр облыстың департаментімен, аудандық білім бөлімдерімен оқулыққа қатысты семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Түйіндеп айтқанда, біз өз басылымдарымызды шығаруда «оқулықтың сарапшысы – мұғалім» деген қағиданы басты назарда ұстауға тырысамыз.
– Былтырғымен салыстырғанда оқулықтар мен оқу-құралдарының бағасы қандай? Бағасы сапасына сай ма?
– Сабақ сапасын арттыруға керекті қосымша көрнекі құралдарды, негізінен, мұғалім өз қаржысына сатып алатындығын ескеріп, «Алматы кітап» биылғы жылы әдістемелік құралдардың бағасын төмендетті. Бағасы – 250- 500 теңге аралығында. Ал оқулық бағалары бұрынғы деңгейінде қалып отыр. Бірінші сыныпқа арналған қосымша жұмыс дәптері, «қызықты математика», «қызықты грамматика», боямақтар мен дидактикалық материалдарын қосып есептегенде – 4-5 мыңды, 2-сыныптікі – 5-5,5 мыңды, ал 3-сыныптың оқулықтары мен оқу құралдары 6,5-7 мың теңгені түзеді. Жалпы, оқулық шығару бүгінгі таңда баспаға табыс әкелмейді. Кеңес дәуірі кезінде оқулыққа енген шығарма авторларына қаламақы төленбейтін. Есесіне, қазіргі оқулықтағы әдеби мәтін авторларына: ақын-жазушыларға, сазгерлер мен суретші шығармаларына түгелдей баспа тарапынан қаламақы беріледі. Оқулық жазумен арнайы айналысатын авторлық ұжым мен сапалы оқулыққа қажетті қағаз, картон, бояу т.б полиграфиялық материалдарға қажет көлемді қаржыларды қосқанда, оқулық бағасы біраз жерге шарықтап кеткенін байқайсыз.
Әсілі, оқулық шығаратын баспаларды қосымша құн салығынан босату арқылы жеңілдіктер жасау үрдісі кеңес кезеңінен 2005 жылға дейін жалғасқан болатын. Өкінішке қарай, ол да күшін жоғалтты. Мәселен, Қытай мемлекетінде мектеп оқулықтары тегін шығарылып таратылады. Егер біз болашаққа білімді ұрпақпен баруды мақсат етсек, елімізде оқулық бағасы әрбір ата-анаға қолжетімді бағамен сатылуы керек. Ал республика мектептерін сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – оқулық шығаратын баспалардың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі. Әдебиеттің бұл ерекше әрі күрделі түрін басатын арнайы маманданған баспаларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылуы әбден керек деп ойлаймын.
– Өздеріңіз шығарып отырған оқулықтарды дайындауда тиісті стандарттарға қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Төл оқулықтарымызды шығарудың алғашқы жылдары Ресейдің ескі стандартын пайдаланып келген едік. Ендігі жерде сүйіншілей айтар жаңалық – биылдан бастап оқулық шығаратын қазақстандық баспалар өз елімізде белгіленген санитарлық норма ережесіне жүгінетін болады. 2010 жылдың 12 шілдесінде ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі» бойынша, елімізде оқулыққа қойылатын стандарт өзгерді. Қабылданған бұйрықта оқулық дайындау жұмысын ұйымдастыру тәртібі нақтыланған. Бүгінгі таңда оқулық шығаруға қойылатын үлкен талап балалардың денсаулығын сақтау мәселесімен тікелей байланысты. Сол себепті жаңа тәртіпте балалардың омыртқасына зиян келмеу үшін сәйкестендірілген нақты норма көрсетілген. Мәселен, кітап салмағы: 1-4-сынып балалары үшін – 300 гр, 5-6-сыныптағыларға – 400 гр, 7-9-сынып үшін – 500 гр, 10-1-сыныптағылар үшін 600 гр-нан аспауы ескерілген. Оқулықтарға қойылатын санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес кітап мұқабасының да барынша ықшам жасалуы нақтыланған.
«Алматы кітап» баспасы баланы сколиоздан сақтауда аса маңызды рөл атқаратындығын күні бұрын ескеріп, бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптарды Қазақстанда бірінші болып өткен оқу жылында жаңа технологиямен дайындап ұсынған болатын. Яғни оқулықтарды еуропалық стандарт бойынша FLEX (интегралды) мұқабалы етіп басып шығардық. Сондай-ақ оқулық форматының ыңғайлы, безендірілуінің көркем әрі қағаздың сапалы болуын да ескеріп отырмыз.
– Шетелдік әріптестеріңізбен қарым-қатынастарыңыз жөнінде айта кетсеңіз...
– Біз 70 жыл бойы аударма оқулықтарды оқып келдік. Төл оқулықтар дайындауда тәжірибеміз әлі де жеткіліксіз. Сол себепті уақыт талабына сай жаңа идеялар мен тәжірибелер алмасу мақсатымен алыс-жақын шетелдердің оқулық шығаруға маманданған баспаларынан бағалы тәжірбиелерін жинақтаудамыз. Мәскеу, Лейпциг, Франкфурт, Болонья, Лондон қалаларында өтетін халықаралық жәрмеңкелерге қатысу арқылы баспа жобаларымен танысып, іскерлік қатынастар орнатып, мамандардың деңгейін көтеруге мүмкіндік алдық. Жалпы, оқулық жазу жағынан әлемдік тәжірибесі мол Ресей, Англия, Франция, Прибалтика мемлекеттері баспаларымен қарым-қатынас, байланысымыз нәтижесіз емес. Таяуда Белоруссияның «Юньон» баспасынан «магнитті әліппе», «магнитті математика» оқулықтарының құқықтарын сатып алсақ, ресейлік әріптестерімізден ұнатып алған «ойыншық кітаптарын» ұлттық мазмұнмен толықтырып, қаракөздерге жаңа дүниелер ұсындық. Аттай қалап әкелген дүниенің бәрін аударып бере салудан аулақпыз. Тапсырмалардың берілу тәсілін, дизайн ерекшелігін негізге ала отырып, өзіміз де жаңа базарлықтар ұсынып жүрміз. Өйткені Қазақстанның қай аймағынан да, әсіресе, жас ата-аналар тарапынан: «Баламыздың тілі қазақша шықсын, баспаңызда ана тілімізде жазылған жақсы кітап бар ма?» – деп өтініш айтушыларды жиі ұшырастырамыз. Қазір қазақ тіліндегі балалар әдебиеттері үлкен сұранысқа ие!
– «Оқулық жазу жұмысы «пәресі» бар авторларға беріледі, оқулық жазудың өзі қазір жемқорлыққа айналып кетті» деген сияқты сыни пікірлері баспасөз бетінде көрініп қалып жатады. Сіздіңше, бұл пікірлер қаншалықты негізді?
– Бұл мәселеге мен келіспеймін. Тек өзімізге қатысты айтсам, «Алматы кітап» баспасының ұжымы «білімді автор – сапалы оқулықтың кепілі» екендігін жақсы түсінеді. Сондықтан да автор таңдау мәселесіне ерекше мән беріледі. Егер ол өз жұмысын алып жүре алмаса, онымен тып-тыныш қоштасамыз. Таныс-тамырлықпен автор тартып көрген емеспіз, оған жол бермейміз. Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің қойып отырған талабы – еуростандартпен оқулық жазу. Осындай жоғары талаптарға сай оқулық жазу үшін ғалымның ғылыми негізі жақсы дүниесін практик мұғалім қайта оқып, қатаң сүзгіден өткізеді. Кейде ғалымдардың өздері жоғары оқу орнының студенттеріне арнап жазғандай күрделі мәтіндерді қосып жіберетін мысалдар да кездеседі.
Бала ұғымы мен қабылдауына қай жері ауыр келеді, қай мәтінді қысқартып, керісінше, қай мәтінді көбейту керек деген мәселе бойынша практик мұғалім жұмыс істеп, орынды толықтырулар енгізеді. Одан кейін оқулықты баспа жанындағы Алматы қаласының үздік 22 мұғалімінен құралған сараптамашылар алқасы қарайды. Осыдан кейін барып Астана қаласындағы «Оқулық орталығының» сараптауына жіберіледі. Жалпы, оқулық дайындаудың сырт көзге беймәлім күрделіліктері шаш етектен.
Оқулық жазу – мемлекеттік маңызы зор іс. Сондықтан да оған мемлекеттің үлкен қамқорлығы қажет. Кеңес дәуірі кезінде авторларға екі-үш айға дейін ақылы демалыс беріліп, олардың кітапханаларда отырып, жан-жақты ізденіп, тұшымды еңбектер жазуына жағдай жасалатын жақсы үрдіс бар еді. Бүгінде осының бәрі ескерусіз қалды. Қазіргі таңда авторларға өкпе арта алмайсыз. Себебі авторлар бала-шағасын бағу үшін екі-үш, тіпті төрт жерде жұмыс істейді. «Жұмыс арасында» жүріп жазылған оқулықтарда кемшiлiк көп болатыны даусыз. Авторлар сапалы оқулық жазу үшін оларға ақылы еңбек демалысын беру керек. Екінші мәселе, күн көрісті ойлап зыр жүгірген ғалым-ұстаз өз білігін тиянақтап, толықтыру үшін кітапханаға қалай уақыт тапсын?! Авторлардың сапасын жақсарту үшін елімізде авторлық мектеп құрылу керек. Ресейде үлкен авторлық мектеп әлдеқашан қалыптасқан. Олар барлық баспаның оқулық жазғыштарын бір үстел басына жинап, ортақ мәселелерді ақылдасып, кеңесіп шешеді. Өкінішке қарай, бұл мектеп бізде әлі жоқ. Егер мемлекет ҰҒА-ның немесе Республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының жанынан авторлық мектеп ашып, соған мемлекеттегі ең жақсы ғалымдарды тартып, авторларға білім берудің жаңа технологиясымен, оқулықтың дидактикасымен жақсылап таныстыратын лекциялар ұйымдастырса, қай баспа да қуана-қуана өз авторын әкелер еді. Біздің авторлар білімді үзіп-жұлып әр жерден ізденеді. Қазір автор табу, онымен жұмыс істеу т.б толып жатқан түйткілдермен әр баспа өзінше бас қатырады. Таяуда біз Мәкеуден арнайы лектор шақырып, авторларымызды оқыттық.
 – Елімізде оқулық шығару құқығына ие болған баспалар саны көп емес. Олар өзара бәсекеге қабілеттілігін қалай қалыптастыруда?
– Ол рас, бәсекелестік бар жерде сапа болатындығы белгілі. Әсіресе елімізде 2008 жылдан бері балама оқулықтардың шығарылуы бәсекеге қабілетті орта қалыптастырды. Оқулықтың мазмұны мен көркемдік безендірілу сапасы мүлде жаңа сипат алды. Отандық оқулық шығарудың тәжірибесін қолға алған әріптестеріміз бәсекеге қабілеттілік – баспа кадрын (маманын ) қайта іріктеумен тікелей байланысты екенін түсінді. Мәселен, «Алматы кітап» баспа тарихында бұрын-соңды болмаған «әдіскер» штатын енгізіп, авторлық ұжым – ғалым мен әдіскердің жанына тәжірибелі мұғалімді және қосты. Ондағы мақсат – ғылыми негізге сүйеніп, күрделі оқулық жазатын ғалым еңбегін, баланың қабылдау деңгейін жақсы білетін мектеп мұғалімінің орынды ескертпе-толықтыруы арқылы сапалы оқулық дайындау.
Балаларға арналған көркем әдебиет пен оқулық әзірлеуде әсіресе баспа суретшісінің алатын орны ерекше. Әдетте қылқалам иелерінің қатары көп болғанымен, бүлдіршіндердің психологиясына арнап сүйкімді кескіндеме салатын суретшілер өте аз және бала қабылдауына қонымды сурет салдырту қашан да арзанға түскен емес. Соған қарамастан бұл саланың да кәнігі шеберлерін іздеп таптық. Бүгінде бүлдіршіндерге «өзі сөйлеп тұратын» небір тамаша суреттер салатын шебер қылқалам иелері Бағдагүл Ералиева, Гүлнәр Бекова, Ольга Казанцовалармен тығыз жұмыс үстіндеміз. Білімді ұрпақ қалыптастырудың алғышарты әуелі мұғалімге жасалатын жағдайдан көрінеді. Жасыратыны жоқ, қаланың да, даланың да мектеп мұғалімі жылдар бойы сабаққа қажетті барлық көрнекілікті өз қолымен жасап, амалдап келген болатын. Бұл мәселені оқулық шығаратын баспалар арасында алғашқы болып «Алматы кітап» қолға алды. 2003 жылдан бастап тұтастай оқу-әдістемелік кешенін шығарып келеміз. Оқулықтан бөлек, оқу-әдістемелік құралдар, жұмыс дәптері, тапсырмалар мен жаттығулар және диктанттар мен мазмұндамалар жинақтары, нота және фонохрестоматияларын кешенді түрде ұсынуымыз әсіресе кітапханасыз отырған, ғаламтор байланысын білмейтін алыстағы ауыл мұғалімін ерекше қуанышқа бөледі. Көрнекіліктің мұғалімдер үшін көмегі зор. Баспалар арасындағы бәсекелестікті арттыруда бұл жұмыстардың да ықпалы көп.
– «Алматы кітап» баспасы оқулықтармен қатар іші-сырты көркем безендірілген, алуан мазмұнды балалар мен көпшілік оқырманға арналған танымдық кітаптар да шығарып келеді. Бұл бағыттағы қазақ руханиятына таяу арада қосылар жаңа басылымдар туралы не айтасыз?
– Біздің баспамыз1999 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде балалар әдебиетін шығаратын жетекші баспалардың бірі. Он бір жыл қызметі ішінде кәсіпорын балалар кітабы мен оқу әдебиетінің 825 түрін, 12,5 миллион данадан астам таралыммен басып шығарған. Баспаның ірі жобаларының бірі – ұлт мәдениетінің озық үлгілерімен таныстыратын және елтану мақсатында шығарылып жүрген «Менің Қазақстаным» топтамасы. Бұл топтамамен жарық көрген «Қазақ халқының салт дәстүрлері», «Қазақ халқының дарқан дастарханы» , «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті», «Қазақтың саятшылық өнері», «Қазақ халқының музыкалық аспаптары», «Қазақ халқының қару-жарағы», «Қазақ халқының қолданбалы қол өнері», «Кесте өнері», «Қазақтың ұлттық киімдері» т.б 20-дан астам көлемді, мазмұнды кітаптарды жылына 10-15 мың таралыммен шығардық. Биыл да сол топтаманы жалғастырып, жаңа кітаптар шығарудамыз. Таяуда этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабайдың авторлығымен «Қазақ жылқысының бес мың жылдық тарихы» деген үлкен еңбегін жарияладық.
Ал 2011 жыл үлесіне «Қазақтың зергерлік өнері», «Қазақстан суретшілері», «Құрақ өнері» деген үлкен кітаптарды сақтап отырмыз. Қазақтың салт-дәстүр, тұрмыс мәдениетінің төрт құбыласын түгендеу мақсатында шығарып жатқан танымдық альбом-кітаптарға оқырман сұранысы керемет!
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Мектеп партасындағы бүгінгі бала – ертеңгі қоғамның белсенді мүшесі, басшысы. Сондықтан балаға болашақ деп қарап, оның біліміне ерекше мән берілу керек. Бастауыш сыныптан бастап-ақ оның рухын көтеріп, қазақ екендігін есіне салып отыратын тәрбие тәсілдерін қолданғанымыз жөн. Әлбетте, жас ұрпақтың білімі биік болу үшін жақсы оқулықпен қоса, сапалы білім беретін мұғалім және керек. Сол себепті мұғалімдердің дайындығына, біліктілігіне ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары талап қойғаны ләзім. Осындай мемлекеттік мәні бар іске, «шешінген судан тайынбас» деп, баспагерлер кірісіп жатырмыз ғой, осыған мемлекет тарапынан үлкен қолдау керек. Көрші Қытай елінде оқулықты мемлекет тегін шығарып таратады. Бізге тегін бермей-ақ қойсын, алайда баспаларға қосымша құн салығы жағынан жеңілдік жасаса, біз соған да риза болар едік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста