Тендер дегеніміз қасқырға – ешкіні, ешкіге капустаны бақтырғанмен бірдей

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Бақберген Сәрсенұлы, биыл – Тәуел­сіздігімізге 20 жыл. Тарихи өлшем тұр­ғысынан өте қысқа мерзім бол­ға­ны­мен, еліміздің дамуы жолындағы ауыр да жемісті жылдар. Осы мерзім ара­лығындағы Қазақстан эко­но­ми­ка­сы­ның дамуына қандай баға берер еді­ңіз?
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін эко­но­миканы дамыту оңай болмады, себебі кеңестік жоспарлау жүйесі әр республиканы өзінше мамандандырып, бір-бірімен бай­ла­нысы арқасында ғана бір өнім шығаратын жағдайда ұстап келді. Шынын айту керек, Қазақстан КСРО-ның шикізат орталығы бо­ла­тын. Тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ хал­қы оянып, өзінің пайдалы жер қаз­ба­ла­ры­на байланысты экономикалық даму әлеуеті бар екенін біліп, іске кірісті. Барлығы да басшыға байланысты. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың сол кездегі көреген сая­са­тының арқасында Ресейдің рубліне тәуел­ді Қазақстан өзінің ұлттық валютасын шығарды. Онда да оны ешкімге білдірмей, құпия түрде шетелде жасатып, ұшақпен алып келіп, айналымға қосқан кезде Ресей қайран қалды. Себебі Ресей өзінің кәдеге аспайтын ақшасын бізге тастап, өздері бас­қа валютаға шығып кеткісі келіп отырған уақыт еді. Қазір, Құдайға шүкір, еліміздің эко­номикасы шикізаттық саладан ин­дус­трия­лық дамуға бет алуда.
– Ұлттың дамуы үшін ұлттық идео­ло­гия керек. Қазіргі кезде ғалымдар «Қазақ­станда ұлттық идеология жоқ» де­ген пікірді жиі айтады. Бұған сіз не дей­сіз?
– Мен «ұлттық идеологиямыз жоқ, со­дан дамымай жатырмыз» дегенге қосыл­май­мын. Себебі ұлттық идеология көзге кө­рініп тұратын нәрсе емес. Ұлттық идео­логия әрбір қазақтың жүрегінде болуы ке­рек! Әрбір қазақстандықтың Отанына, елі­не деген сүйіспеншілігі болса, сол – біздің ұлт­тық идеологиямыз. Елбасы әр сөйлеген сөзінде осыны айтып келеді. Себебі идео­логия кітаптан көріп, жасай салатын нәрсе емес. Мәселен, тіліміздің жағдайына кел­сек, қазақ тілін дамыту керек. Себебі «сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген ата-бабамыздың сөзі қаперімізден шық­паға­ны жөн. Мына күрт, ұйғыр, месхетин-түрік сияқты халықтарды алып қарасақ, олардың өз мемлекеті жоқ, бірақ оларды сақтап келе жатқан – ана тілдері. Біздің елі­мізде «тілді дамыту керек» деген ұран жиі ай­тылады. Тіліміздің қолданыс аясын ке­ңей­­ту үшін құр ұранның керегі жоқ. Әрбір адам өз үйінде бала-шағасымен, әр қазақ қазақ­­пен қазақ­ша сөйлессе, қазақ тілінің қол­­данысы ар­тады. Әрбір қазақтың ата-баба қанымен берілген тілін ұмытуы – өзі­нің кемшілігі. Бұ­рын орыс тілін білеміз деп мақтансақ, қазір қазақ тілін білмегеніміз үшін намыс­та­нуымыз керек. Біреулер «тіл­дің дамуына ақша бөлінбей жатыр» деп айтады. Менің ойымша, ақша бөлудің де керегі жоқ. Бірақ енді тілашар, сөздіктер шы­­ғаруға, курстар ұйымдастыруға соңғы бес-алты жылда 10 миллиардтай ақша бө­лінді. Алайда оның нәтижесі көрініп жатқан жоқ. Қазақ өз баласымен орысша сөй­лес­пеуі керек, сонда ғана тіліміз дамиды. Сон­дық­тан әрбір адам тілді меңгеруді өзінен бас­тауы керек.
– Еліміздің Тәуелсіздігі, түптеп кел­генде, әрбір азаматтың тәуел­сіз­ді­гіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Бай­қоңырдағы қазақтардың басына тәуел­сіздік қашан келеді? Олар өз же­рін­де қашанға дейін өзге елдің заң­ы­мен өмір сүрмек?
– Байқоңырдағы қазақтардың мәселесі ал­ғаш рет 1997 жылы көтерілді. 1991-1997 жылдар аралығында Байқоңыр иесіз қал­ды. Зымыран ұшатын полигондар, қа­ладағы барлық ғимарат қирап, оны сол ма­ңайдағы адамдар бұзып, алып кетіп жат­ты. Қала алты жыл бойы қожайынсыз күй кешті. Егер бізде маман болса, сол ғарыш ай­лағына ие болып, неге оны өзіміз бас­қармасқа?! Ол уақытта бізде ғарыш саласын бас­қаратын бірде-бір маман болмады. Барлығы шетке кетіп қалған болатын. 1997 жылдары Ресей дағдарыстан ес жиған соң, ұмытпасам, 151 млрд рубль төлеп, Бай­қо­ңыр­ды жалға алуға ниет танытты. Біз сол уақытта келісімшартқа қуана-қуана қол қой­дық. Осыдан кейін қаланың тірлігі жан­дана бастады. Ресейліктер Мәскеу – Бай­қоңыр бағытында рейс ашып, ұшақпен өз зымырандарын әкеліп, қондыра бас­та­ды. Ол кездері қазақтың мәселесі күр­де­леніп кетеді, қазақ мектептері жабылып қалады деген ой болған жоқ. Жағдай кейінірек ушыға бастады. Байқоңырдағы қазақ ауы­рып, дәрігерге барса, «сен Ресей азаматы емес­сің, сені қарамаймыз» деп шығарып салады, ал мектепке баласын апарса, онда «бұл – Ресейдің мектебі, қазақстандықтарды қабылдамаймыз» деген уәж айтқан. Содан бұл әңгіме Үкіметте талқыланды. Біздің бірқатар министріміз Ресейге барып, негізгі келісімшартқа қосымша енгізіп, жағдайды түзегендей болды. Мәселен, Байқоңырда ал­ты мектеп болса, «оны біз қаржы­лан­ды­ра­мыз, балалар Ресей заңына сәйкес оқи бер­сін» деген келісім жасалған. Ал дәрі­гер­лер қазақтарды қабылдайтын болған, бі­рақ белгілі бір ауру түрлері ақылы деп келі­сілген. Байқоңыр қазақтары бұған да көнді. Салық жүйесі де ауыр: біздің қазақ­стан­дықтар Қазақстан заңы бойынша да, Ресей заңы бойынша да екі рет салық төлейді. Бұл әлі күнге жалғасып келеді. Біздің аза­мат­тарымызды Ресейдің милициясы ұстап, қыл­мыс жасаса, Ресей соты жазалайтын бол­ды. Бұл мәселе Үкіметте қайта көтеріліп, Ресей­мен келісімшартқа тағы қосымша жа­салып, қазақстандықтар өз елінің заңы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тар­ты­латын болды. Ал әкімшілік құ­қық­бұ­зу­шылыққа барса, Ресей заңымен жа­за­ланады. Өйткені бұл мәселе келісімшартта көр­сетілмей қалған, бірақ бұл мәселе ше­шілетін болады.
2005 жылға дейін қазақ балаларының мектепте не оқып жатқанына ешкім бас ауыртқан жоқ. Мен депутаттық сауалымда Байқоңырдағы қазақ балаларына қазақ тілінде білім берілуін талап еттім. Бірғаным Әйтімова білім министрі болып тұрған кезеңде ресейліктермен келіскен болып, ресейліктердің оқулықтарын қазақшаға аудартып оқытатын болған. Қазақ балалары «Отаным – Ресей, Москва – менің астанам, Пре­зидентім – Путин» деп оқып келген. Мұ­ны білген соң, Ресейді Отан санаған қазақ баласында отаншылдық сезім қайдан болсын деп шырылдадым. Соның ар­қасында қазір бірнеше кітаптың мазмұны өз­гертіліп жатыр. Мәселе біртіндеп шешіліп жа­тыр, бірақ түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
– Баспасөз бетінде «Ресей Үкіметі 2016 жылдары Байқоңырдан бас тар­тып, өз аумағында ғарыш айлағын са­ла­ды» деген дерек бар. Олай бола қал­ған жағдайда біздің Байқоңырдың ке­ле­шегі не болмақ?
– Бұл жағдай алдағы уақытта өз кү­ші­міз­бен шешілуі керек. Біріншіден, қазіргі таң­да Қазақстан жылына 20 баланы ше­телде, оның ішінде Ресейдің оқу орын­да­рында космонавтика мамандығы бойынша даяр­лап жатырмыз. Екіншіден, әлемдік ғарыш технологиясының көшбасшысы Фран­циямен арадағы ынтымақтастық өз же­місін беруде. Былтыр Елбасы Франция Президенті Саркозимен кездесуінде Қазақ­станда зымыран-жерсерік кешенін салу жө­ніндегі келісімге келді. Соған сәйкес елі­міз­де зымырандарды ұшыру орталығы ашыл­ды. Меніңше, зымыран құрылғылары Франция мен Жапонияда жасалып, ал оны құрас­тыру Қазақстанда іске асады. Егер мұн­дай зымыран жасау кешені салынса, Қазақ­стан тек көрші елдерден ғана емес, зымыран жасатқысы келетін кез келген елден тапсырыс қабылдайтын болады. «Ал­дағы жылдары Ресейдің Байқоңырдан бас тартуы мүмкін» деген әңгіменің жүріп жатқаны рас. Еліміздің Ресеймен бірігіп, «Бәйтерек» ұшыру кешенін салуды қолға алғанына біршама уақыт болды. Алайда бұл іс өте баяу жүріп жатыр. Біздің тап­сы­рысты орындаушыларымыз – Ресей. Ме­нің­ше, орыс  ағайындар өздері Бай­қо­ңыр­дан кет­кенше бұл кешенді бітірмей тастап кет­кісі келіп жатыр. Осыны сезсе керек, қа­зіргі таңда Үкімет Франциямен тығыз бай­ланыс орнатты. Меніңше, елімізде ғарыш ай­ла­ғы­ның болуы – Алланың қазақтың маң­дайына берген несібесі. Сондықтан оның қа­діріне жете білуіміз керек.
– Елбасымыз 2011 жылғы Жол­да­­уын­да Үкіметке әлеуметтік жаңғырту стра­тегиясын әзірлеуді және индус­трия­ландыру шеңберінде азаматтарды жаңа мамандықтарға оқытып, оларды жұмыспен қамтуды тапсырды. Алайда соған қарамастан, елімізде жұмыс­сыз­дар азаймай отыр. Бұл құбылысты қа­лай түсінуге болады?
– Жұмыссыздық мәселесін дамыған Ба­тыс елдері де шеше алмай келеді. Оларда жұмыссыздық бізден де көп. Батыста жұ­мыс­сыздық мәселесіне халық тарихи тұрғыда көнген. Мысалы, мен Америкада Қызылордадан көшкен еврейлердің отба­сымен кездестім. Отбасында шал мен кем­пір зейнеткер болса, екі баласы жұмыссыз. Сосын мен олардан: «Қалай күн көріп жа­тыр­сыздар?» – деп сұрадым. Екі баласы да Қызыл­орда институтын бітірген. Бірі – физик, екіншісі – тарихшы. Шал Америкаға келгелі бір күн де жұмыс істемегенін айтты. Үкімет оларға ай сайын 2200 доллар зей­нет­ақы төлейді екен. Оған қоса жұ­мыс­сыздық үшін жәрдемақы алады екен. Ол да – 2 мың доллардың шамасы. Ал ба­ла­ла­ры­нан: «Сендер немен айналысасыңдар?» – деп сұрадым. Сонда үлкені: «Бұл жерде жұмысты ешкім саған тауып бермейді. Таңдайтын жұмыс жоқ. Мен күніне екі сағат біреудің баласын мектепке апарып, алып келемін. Соған айына 4 мың доллар ала­мын», – дейді. Ал кішісі: «Мен біреудің ка­фе­сін таңғы төрттен алтыға дейін жалға алып, бәліш пісіремін. Оны түске дейін мек­тепке апарып, оқушыларға сатамын. Сол ақшаға өзімді асырап отырмын», – деп жауап берді. Ал біздің халық мұндай жұ­мыс­пен айналысуды ұят санайды. Біздің халық «ойбай, пәленшенің баласы уни­вер­си­тет бітіріп, бәліш сатып тұр» деп күледі. Көрдіңіз бе, біздің халықтың менталитеті мұны көтермейді. Шетелде бұл жағынан мәселе жоқ, жәрдемақымен-ақ күн көре береді. Ал біздің беріп жатқан жәр­дем­ақы­мыз аз, бар болғаны – 14 700 теңге, ал оған күн көру қиын. Біздің елімізде де жұ­мыс көп, бірақ масылдық психологиясына бой алдырғанбыз. Біздегі қыз-жігіттер әке-шешесіне «институт бітірдім, жұмыс тауып бер» деп міндетсиді. Олар біреу жұмыс тауып беруі керек деп ойлайды. Жастардың көбі жұмыс іздеуге ерінеді немесе жұмысқа кіру үшін таныс керек, пара сұрайды деп ойлайды. Рас, қоғамда мұндай келең­сіз­дік­тер жоқ емес. Дегенмен ешкімге жалынбау керек, қолыңа күрек алып, күріш егу керек, не базарға барып, сауда жасап өмір сүру керек. Құр отырмау керек, жұмыс жоқ па, кәсіпкерлікпен айналысу керек.
– Кәсіпкерлік демекші, елімізде ша­ғын және орта бизнес салаларын да­мытуға көңіл бөліп-ақ келеміз. Бірақ осы сала бізде дамымай-ақ қойды. Соң­ғы екі жыл көлемінде мыңдаған кәсіп­кер бизнесі жабылып қалды. Бұған не дейсіз?
– Біздің елімізде шағын бизнес саласы да­мымай отыр. Соған сәйкес барлық салық­тың үштен бірін ғана беріп отыр. Ал дүниежүзінде шағын бизнес салықтың 60-70 пайызын құрайды. Осы арқылы әлем ел­дері байып отыр. Біз осы мақсатта әлеу­меттік кәсіпкерлік корпорацияларын құрған едік. Бұл Елбасының шетелдік тәжірибеден көріп жасаған әрекеті болатын. Оңтүстік-Шы­ғыс Азияның дамыған елдерінде мұн­дай корпорациялар экономиканың негізін құрайды. Елімізде екі-үш облысты біріктіріп, жеті корпорация құрылған болатын. Бірақ жұмыс жүрмеді. Меніңше, осыған жауапты адамдардың психологиясы мен басқару тәсілдері дұрыс болмай, корпорациялар өз жұмыстарын тоқтатты. Мысалы, «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын алайық. Бұл корпорация Оңтүстік Қазақ­стан, Қызылорда, Жамбыл облыстарын біріктіреді. Корпорация екі жарым жыл істеді. Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Ақыры жабылып тынды. Енді оны үш об­лыс­қа бөлу керек. Бірақ үшке бөлейін десе, корпорацияға құйылған қаржының 92 пайызы Шымкентке жұмсалған. Шым­кент­те­гі әуежайды жөндеген, «Сарыағаш» ши­па­жайын жаңғыртқан, мақта ша­руа­шы­лы­ғына жұмсаған, бір сөзбен айтқанда, бар ақша осы облысқа жұмсалған. Ал Қы­зыл­ор­даға бар болғаны бір трактор паркін салып, бес-алты трактор әперген. Жам­был­ға да солай. Енді корпорацияны үшке бө­лейін десе, Шымкент әкімдігі «әуежайды немесе «Сарыағаш» шипажайын қалай беремін» деп қарап отыр. Мұндай жағдай бас­қа корпорацияларға да тән.
– Елімізде индустрияландыру үрдісі басталып кетті. Мемлекет миллиардтап қаржы жұмсап жатыр. Осы жобалар мемлекет жұмсаған қаржыны ақтайды деп ойлайсыз ба?
– Мұның барлығы – біздегі тех­но­ло­гия­лық дамудың жоқтығынан. Мен сізге бір мысал айтайын. 2009 жылы Елбасының Финляндияға сапары болды. Осы сапарда бес министр, депутаттардан Кенжеғали Са­ға­диев екеуміз болдық. Ұшақ салонында Елбасы бәрімізге қарап: «Біз дүниежүзінде инновациялық технологиясы жағынан ең дамыған ел – Финляндияға бара жатырмыз. Жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алып отырған ел. Осы елдің тәжірибесіне зер са­лып, қажеттісін елге енгізейік», – деді. Фин­ляндия, шын мәнінде, дамыған ел екен. Қаланы аралап келе жатқанда Елбасы көлікті тоқтатып, бізге: «Көшеге қараң­дар­шы», – деді. Көшелерде көліктер зырғып жүріп жатыр. «Көрдіңдер ме, көшеде бір джип, не хаммер жоқ. Финдіктердің үлкен көлік алуға ақшасы жетеді, бірақ халқы ың­ғайлылықты қалайды», – деді Елбасы. Қай­тарда ұшақ ішінде Елбасы бізден: «Сы­бай­лас жемқорлық туралы заңдары бар ма екен, білдіңдер ме?» – деп сұрады. Біз Фин­ляндияда мұндай заң жоқтығын, «неге» деп сұрағанымызда финдіктердің «бізде сыбайлас жемқорлық жоқ» деп жауап бергенін айттық. Міне, Финляндиядан келгелі үшінші жыл болды, елімізде ин­но­ва­циялық технологиямен салынып жатқан еш­теңені көріп жатқан жоқпын. Сол са­пар­да болған қызылордалық бір бизнесмен Финляндиядан комбайндардың құрал-жабдықтарын әкеліп, осында құрастыр­мақ­шы болған. Бірақ арада бір жарым жыл өтті, бю­рократизмнің салдарынан оның идея­сы іс­ке аспай жатыр. Бізде «ешкімге бол­масын» де­ген қағида басым, соған қар­ным аши­ды.
– Парламент жақында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер ен­гізу жайын талқылады. Бұл өзгеріс сы­байлас жемқорлық дендеген тен­дер­лік ахуалды қаншалықты жақсарта ала­ды?
 – Бұл заңға бірнеше рет өзгерістер ен­гі­зілді. «Ұлттық компаниялардағы сатып алу туралы» Заңға да өзгеріс енгізілді. Бірақ атал­ған заңдардың ешқайсысы да дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Дүниежүзінің кез келген елінде мұндай заң бар. Заң бірдей болса, неге бізде бұл салада жемқорлық өр­шіп тұр? Мұның себебі ақшаның ма­ңайында жүрген адамдардың жүрек та­за­лы­ғының жоқтығында деп есептеймін. Тен­дер­дің дұрыс өтпейтін себебі де – сол, мүм­кіндікті пайдаланып, мемлекеттен ұр­лауды ойлайтын адамдар көбейіп барады. Бас­шы шенеуніктердің психологиясы, ниеті өзгер­мейін­ше, қанша алтын заң қабыл­да­ға­ны­мен, іс алға жылжымайды. Тендер де­ге­німіз қас­қырға – ешкіні, ешкіге капустаны бақ­­тыр­­ғанмен бірдей. Сыбайлас жем­қор­лық фактілеріне қарасақ, құқық қорғау ор­ган­дарының қатыспаған жері жоқ. Мысалы, про­куратура, сот, полиция болсын «кры­шо­вать­тап», осылардың барлығын көрме­ген­сиді. Бұл жағдайда қайдан заң орындал­сын?! Игерілмеген ақша қалса, келесі жылы пайдаланылады. Мемлекет ақша текке жатпасын деп, мекемелерге бөледі. Ал сол мекемелер шөптің басын сындырмай-ақ, қаржыны депозитке салып қоя салады. Мы­салы, Ұлттық медициналық холдинг жар­­ғылық капиталын көбейтуге берілген 2 млрд теңгені депозитке салып, 312 млн теңге пайда көрген. Сол ақшаны жал­ақы­ла­рына, мінетін машиналарына жаратқан. Бұл акционерлік қоғамның жарғысы бойын­­ша қылмыс болып саналмайды екен. Осы холдинг шетелден әкелген үш қан тал­дағыш құрылғыны үш қалаға үш түрлі ба­ғамен сатып, пайда көрген. Мәселен, мем­ле­кет «ҚазАгро» холдингіне ауыл шаруа­шы­лығын қолдау мақсатында 80 млрд тең­гені нөл пайыздық мөлшерлемемен бер­­ді. Ал холдинг бұл ақшаның 40 мил­лиар­дын «Азық-түлік келісімшарты кор­по­ра­ция­сына» 1 пайызбен берген. Кор­по­ра­ция өз кезегінде ақшаның 20 миллиардын тауар өндірушіге 8 пайызбен – бір, 12 пайыз­­­бен тағы сатқан. Қалған 20 мил­лиар­ды игерусіз қалған.
– Қазақстан 2012 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке енуді жос­пар­лап отыр. Ал бұған біздің кәсіп­кер­лер мен тауар өндірушілер дайын ба?
– Жалпы алғанда, осы ұйымға кіруі тиімді, бірақ біз бұған дайын болғанда кірсек, тіпті тиімді болар еді. Біз қазір бұл ұйымға кіруге дайын емеспіз. Мәселен, біз Кеден одағына кірдік. Кеден арқылы бюд­жеттік түсімдер екі есе түскені тиімді болды. Бірақ біздің өнімдер Ресей мен Беларусь нарығының бәсекесіне шыдас бере алмауда. Міне, осы үш елден құралған одақ шеңберінде біздің тауарларымыздың сапа­сы сын көтере алмауда. Егер біз Дү­ниежүзілік сауда ұйымына кірер болсақ, он­да әлемнің 117 мемлекетімен бәсекеге тү­семіз. Қазақстанға да осы елдерден тауар­лар қаптап келетін болады. Ал біз шетелге сапалы өнім шығара аламыз ба? Бұған дайынбыз ба? Жоқ! Ал бұған дайындалу қажеттігін Елбасы бізге осыдан бес-алты жыл бұрын айтты. Елбасының «Бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қата­рына кіру стратегиясының» көздегені де осы сапаны көтеруде болатын.

Оқшау ой
Президент «білім, мәдениет, денсаулық сақтау және коммуналдық мә­селелермен – әкімдер, ал өнеркәсіп, кәсіпкерлікпен әлеуметтік кәсіпкерлік ко­р­порация айналыссын, облыс аумағындағы барлық өндіріс орны, жер бар­лығы соларға берілсін» деді. Бірақ бірде-бір әкім мұны істемеді. Әкімдер мұ­ның бәрін берсем, мен «завхоз» болып қаламын деп қорыққан болуы к­ерек. Ал бұл бағытта арнайы заң қабылданған жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста