Тендер дегеніміз қасқырға – ешкіні, ешкіге капустаны бақтырғанмен бірдей
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Бақберген Сәрсенұлы, биыл – Тәуелсіздігімізге 20 жыл. Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа мерзім болғанымен, еліміздің дамуы жолындағы ауыр да жемісті жылдар. Осы мерзім аралығындағы Қазақстан экономикасының дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін экономиканы дамыту оңай болмады, себебі кеңестік жоспарлау жүйесі әр республиканы өзінше мамандандырып, бір-бірімен байланысы арқасында ғана бір өнім шығаратын жағдайда ұстап келді. Шынын айту керек, Қазақстан КСРО-ның шикізат орталығы болатын. Тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ халқы оянып, өзінің пайдалы жер қазбаларына байланысты экономикалық даму әлеуеті бар екенін біліп, іске кірісті. Барлығы да басшыға байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сол кездегі көреген саясатының арқасында Ресейдің рубліне тәуелді Қазақстан өзінің ұлттық валютасын шығарды. Онда да оны ешкімге білдірмей, құпия түрде шетелде жасатып, ұшақпен алып келіп, айналымға қосқан кезде Ресей қайран қалды. Себебі Ресей өзінің кәдеге аспайтын ақшасын бізге тастап, өздері басқа валютаға шығып кеткісі келіп отырған уақыт еді. Қазір, Құдайға шүкір, еліміздің экономикасы шикізаттық саладан индустриялық дамуға бет алуда.
– Ұлттың дамуы үшін ұлттық идеология керек. Қазіргі кезде ғалымдар «Қазақстанда ұлттық идеология жоқ» деген пікірді жиі айтады. Бұған сіз не дейсіз?
– Мен «ұлттық идеологиямыз жоқ, содан дамымай жатырмыз» дегенге қосылмаймын. Себебі ұлттық идеология көзге көрініп тұратын нәрсе емес. Ұлттық идеология әрбір қазақтың жүрегінде болуы керек! Әрбір қазақстандықтың Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі болса, сол – біздің ұлттық идеологиямыз. Елбасы әр сөйлеген сөзінде осыны айтып келеді. Себебі идеология кітаптан көріп, жасай салатын нәрсе емес. Мәселен, тіліміздің жағдайына келсек, қазақ тілін дамыту керек. Себебі «сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген ата-бабамыздың сөзі қаперімізден шықпағаны жөн. Мына күрт, ұйғыр, месхетин-түрік сияқты халықтарды алып қарасақ, олардың өз мемлекеті жоқ, бірақ оларды сақтап келе жатқан – ана тілдері. Біздің елімізде «тілді дамыту керек» деген ұран жиі айтылады. Тіліміздің қолданыс аясын кеңейту үшін құр ұранның керегі жоқ. Әрбір адам өз үйінде бала-шағасымен, әр қазақ қазақпен қазақша сөйлессе, қазақ тілінің қолданысы артады. Әрбір қазақтың ата-баба қанымен берілген тілін ұмытуы – өзінің кемшілігі. Бұрын орыс тілін білеміз деп мақтансақ, қазір қазақ тілін білмегеніміз үшін намыстануымыз керек. Біреулер «тілдің дамуына ақша бөлінбей жатыр» деп айтады. Менің ойымша, ақша бөлудің де керегі жоқ. Бірақ енді тілашар, сөздіктер шығаруға, курстар ұйымдастыруға соңғы бес-алты жылда 10 миллиардтай ақша бөлінді. Алайда оның нәтижесі көрініп жатқан жоқ. Қазақ өз баласымен орысша сөйлеспеуі керек, сонда ғана тіліміз дамиды. Сондықтан әрбір адам тілді меңгеруді өзінен бастауы керек.
– Еліміздің Тәуелсіздігі, түптеп келгенде, әрбір азаматтың тәуелсіздігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Байқоңырдағы қазақтардың басына тәуелсіздік қашан келеді? Олар өз жерінде қашанға дейін өзге елдің заңымен өмір сүрмек?
– Байқоңырдағы қазақтардың мәселесі алғаш рет 1997 жылы көтерілді. 1991-1997 жылдар аралығында Байқоңыр иесіз қалды. Зымыран ұшатын полигондар, қаладағы барлық ғимарат қирап, оны сол маңайдағы адамдар бұзып, алып кетіп жатты. Қала алты жыл бойы қожайынсыз күй кешті. Егер бізде маман болса, сол ғарыш айлағына ие болып, неге оны өзіміз басқармасқа?! Ол уақытта бізде ғарыш саласын басқаратын бірде-бір маман болмады. Барлығы шетке кетіп қалған болатын. 1997 жылдары Ресей дағдарыстан ес жиған соң, ұмытпасам, 151 млрд рубль төлеп, Байқоңырды жалға алуға ниет танытты. Біз сол уақытта келісімшартқа қуана-қуана қол қойдық. Осыдан кейін қаланың тірлігі жандана бастады. Ресейліктер Мәскеу – Байқоңыр бағытында рейс ашып, ұшақпен өз зымырандарын әкеліп, қондыра бастады. Ол кездері қазақтың мәселесі күрделеніп кетеді, қазақ мектептері жабылып қалады деген ой болған жоқ. Жағдай кейінірек ушыға бастады. Байқоңырдағы қазақ ауырып, дәрігерге барса, «сен Ресей азаматы емессің, сені қарамаймыз» деп шығарып салады, ал мектепке баласын апарса, онда «бұл – Ресейдің мектебі, қазақстандықтарды қабылдамаймыз» деген уәж айтқан. Содан бұл әңгіме Үкіметте талқыланды. Біздің бірқатар министріміз Ресейге барып, негізгі келісімшартқа қосымша енгізіп, жағдайды түзегендей болды. Мәселен, Байқоңырда алты мектеп болса, «оны біз қаржыландырамыз, балалар Ресей заңына сәйкес оқи берсін» деген келісім жасалған. Ал дәрігерлер қазақтарды қабылдайтын болған, бірақ белгілі бір ауру түрлері ақылы деп келісілген. Байқоңыр қазақтары бұған да көнді. Салық жүйесі де ауыр: біздің қазақстандықтар Қазақстан заңы бойынша да, Ресей заңы бойынша да екі рет салық төлейді. Бұл әлі күнге жалғасып келеді. Біздің азаматтарымызды Ресейдің милициясы ұстап, қылмыс жасаса, Ресей соты жазалайтын болды. Бұл мәселе Үкіметте қайта көтеріліп, Ресеймен келісімшартқа тағы қосымша жасалып, қазақстандықтар өз елінің заңы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Ал әкімшілік құқықбұзушылыққа барса, Ресей заңымен жазаланады. Өйткені бұл мәселе келісімшартта көрсетілмей қалған, бірақ бұл мәселе шешілетін болады.
2005 жылға дейін қазақ балаларының мектепте не оқып жатқанына ешкім бас ауыртқан жоқ. Мен депутаттық сауалымда Байқоңырдағы қазақ балаларына қазақ тілінде білім берілуін талап еттім. Бірғаным Әйтімова білім министрі болып тұрған кезеңде ресейліктермен келіскен болып, ресейліктердің оқулықтарын қазақшаға аудартып оқытатын болған. Қазақ балалары «Отаным – Ресей, Москва – менің астанам, Президентім – Путин» деп оқып келген. Мұны білген соң, Ресейді Отан санаған қазақ баласында отаншылдық сезім қайдан болсын деп шырылдадым. Соның арқасында қазір бірнеше кітаптың мазмұны өзгертіліп жатыр. Мәселе біртіндеп шешіліп жатыр, бірақ түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
– Баспасөз бетінде «Ресей Үкіметі 2016 жылдары Байқоңырдан бас тартып, өз аумағында ғарыш айлағын салады» деген дерек бар. Олай бола қалған жағдайда біздің Байқоңырдың келешегі не болмақ?
– Бұл жағдай алдағы уақытта өз күшімізбен шешілуі керек. Біріншіден, қазіргі таңда Қазақстан жылына 20 баланы шетелде, оның ішінде Ресейдің оқу орындарында космонавтика мамандығы бойынша даярлап жатырмыз. Екіншіден, әлемдік ғарыш технологиясының көшбасшысы Франциямен арадағы ынтымақтастық өз жемісін беруде. Былтыр Елбасы Франция Президенті Саркозимен кездесуінде Қазақстанда зымыран-жерсерік кешенін салу жөніндегі келісімге келді. Соған сәйкес елімізде зымырандарды ұшыру орталығы ашылды. Меніңше, зымыран құрылғылары Франция мен Жапонияда жасалып, ал оны құрастыру Қазақстанда іске асады. Егер мұндай зымыран жасау кешені салынса, Қазақстан тек көрші елдерден ғана емес, зымыран жасатқысы келетін кез келген елден тапсырыс қабылдайтын болады. «Алдағы жылдары Ресейдің Байқоңырдан бас тартуы мүмкін» деген әңгіменің жүріп жатқаны рас. Еліміздің Ресеймен бірігіп, «Бәйтерек» ұшыру кешенін салуды қолға алғанына біршама уақыт болды. Алайда бұл іс өте баяу жүріп жатыр. Біздің тапсырысты орындаушыларымыз – Ресей. Меніңше, орыс ағайындар өздері Байқоңырдан кеткенше бұл кешенді бітірмей тастап кеткісі келіп жатыр. Осыны сезсе керек, қазіргі таңда Үкімет Франциямен тығыз байланыс орнатты. Меніңше, елімізде ғарыш айлағының болуы – Алланың қазақтың маңдайына берген несібесі. Сондықтан оның қадіріне жете білуіміз керек.
– Елбасымыз 2011 жылғы Жолдауында Үкіметке әлеуметтік жаңғырту стратегиясын әзірлеуді және индустрияландыру шеңберінде азаматтарды жаңа мамандықтарға оқытып, оларды жұмыспен қамтуды тапсырды. Алайда соған қарамастан, елімізде жұмыссыздар азаймай отыр. Бұл құбылысты қалай түсінуге болады?
– Жұмыссыздық мәселесін дамыған Батыс елдері де шеше алмай келеді. Оларда жұмыссыздық бізден де көп. Батыста жұмыссыздық мәселесіне халық тарихи тұрғыда көнген. Мысалы, мен Америкада Қызылордадан көшкен еврейлердің отбасымен кездестім. Отбасында шал мен кемпір зейнеткер болса, екі баласы жұмыссыз. Сосын мен олардан: «Қалай күн көріп жатырсыздар?» – деп сұрадым. Екі баласы да Қызылорда институтын бітірген. Бірі – физик, екіншісі – тарихшы. Шал Америкаға келгелі бір күн де жұмыс істемегенін айтты. Үкімет оларға ай сайын 2200 доллар зейнетақы төлейді екен. Оған қоса жұмыссыздық үшін жәрдемақы алады екен. Ол да – 2 мың доллардың шамасы. Ал балаларынан: «Сендер немен айналысасыңдар?» – деп сұрадым. Сонда үлкені: «Бұл жерде жұмысты ешкім саған тауып бермейді. Таңдайтын жұмыс жоқ. Мен күніне екі сағат біреудің баласын мектепке апарып, алып келемін. Соған айына 4 мың доллар аламын», – дейді. Ал кішісі: «Мен біреудің кафесін таңғы төрттен алтыға дейін жалға алып, бәліш пісіремін. Оны түске дейін мектепке апарып, оқушыларға сатамын. Сол ақшаға өзімді асырап отырмын», – деп жауап берді. Ал біздің халық мұндай жұмыспен айналысуды ұят санайды. Біздің халық «ойбай, пәленшенің баласы университет бітіріп, бәліш сатып тұр» деп күледі. Көрдіңіз бе, біздің халықтың менталитеті мұны көтермейді. Шетелде бұл жағынан мәселе жоқ, жәрдемақымен-ақ күн көре береді. Ал біздің беріп жатқан жәрдемақымыз аз, бар болғаны – 14 700 теңге, ал оған күн көру қиын. Біздің елімізде де жұмыс көп, бірақ масылдық психологиясына бой алдырғанбыз. Біздегі қыз-жігіттер әке-шешесіне «институт бітірдім, жұмыс тауып бер» деп міндетсиді. Олар біреу жұмыс тауып беруі керек деп ойлайды. Жастардың көбі жұмыс іздеуге ерінеді немесе жұмысқа кіру үшін таныс керек, пара сұрайды деп ойлайды. Рас, қоғамда мұндай келеңсіздіктер жоқ емес. Дегенмен ешкімге жалынбау керек, қолыңа күрек алып, күріш егу керек, не базарға барып, сауда жасап өмір сүру керек. Құр отырмау керек, жұмыс жоқ па, кәсіпкерлікпен айналысу керек.
– Кәсіпкерлік демекші, елімізде шағын және орта бизнес салаларын дамытуға көңіл бөліп-ақ келеміз. Бірақ осы сала бізде дамымай-ақ қойды. Соңғы екі жыл көлемінде мыңдаған кәсіпкер бизнесі жабылып қалды. Бұған не дейсіз?
– Біздің елімізде шағын бизнес саласы дамымай отыр. Соған сәйкес барлық салықтың үштен бірін ғана беріп отыр. Ал дүниежүзінде шағын бизнес салықтың 60-70 пайызын құрайды. Осы арқылы әлем елдері байып отыр. Біз осы мақсатта әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларын құрған едік. Бұл Елбасының шетелдік тәжірибеден көріп жасаған әрекеті болатын. Оңтүстік-Шығыс Азияның дамыған елдерінде мұндай корпорациялар экономиканың негізін құрайды. Елімізде екі-үш облысты біріктіріп, жеті корпорация құрылған болатын. Бірақ жұмыс жүрмеді. Меніңше, осыған жауапты адамдардың психологиясы мен басқару тәсілдері дұрыс болмай, корпорациялар өз жұмыстарын тоқтатты. Мысалы, «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын алайық. Бұл корпорация Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарын біріктіреді. Корпорация екі жарым жыл істеді. Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Ақыры жабылып тынды. Енді оны үш облысқа бөлу керек. Бірақ үшке бөлейін десе, корпорацияға құйылған қаржының 92 пайызы Шымкентке жұмсалған. Шымкенттегі әуежайды жөндеген, «Сарыағаш» шипажайын жаңғыртқан, мақта шаруашылығына жұмсаған, бір сөзбен айтқанда, бар ақша осы облысқа жұмсалған. Ал Қызылордаға бар болғаны бір трактор паркін салып, бес-алты трактор әперген. Жамбылға да солай. Енді корпорацияны үшке бөлейін десе, Шымкент әкімдігі «әуежайды немесе «Сарыағаш» шипажайын қалай беремін» деп қарап отыр. Мұндай жағдай басқа корпорацияларға да тән.
– Елімізде индустрияландыру үрдісі басталып кетті. Мемлекет миллиардтап қаржы жұмсап жатыр. Осы жобалар мемлекет жұмсаған қаржыны ақтайды деп ойлайсыз ба?
– Мұның барлығы – біздегі технологиялық дамудың жоқтығынан. Мен сізге бір мысал айтайын. 2009 жылы Елбасының Финляндияға сапары болды. Осы сапарда бес министр, депутаттардан Кенжеғали Сағадиев екеуміз болдық. Ұшақ салонында Елбасы бәрімізге қарап: «Біз дүниежүзінде инновациялық технологиясы жағынан ең дамыған ел – Финляндияға бара жатырмыз. Жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алып отырған ел. Осы елдің тәжірибесіне зер салып, қажеттісін елге енгізейік», – деді. Финляндия, шын мәнінде, дамыған ел екен. Қаланы аралап келе жатқанда Елбасы көлікті тоқтатып, бізге: «Көшеге қараңдаршы», – деді. Көшелерде көліктер зырғып жүріп жатыр. «Көрдіңдер ме, көшеде бір джип, не хаммер жоқ. Финдіктердің үлкен көлік алуға ақшасы жетеді, бірақ халқы ыңғайлылықты қалайды», – деді Елбасы. Қайтарда ұшақ ішінде Елбасы бізден: «Сыбайлас жемқорлық туралы заңдары бар ма екен, білдіңдер ме?» – деп сұрады. Біз Финляндияда мұндай заң жоқтығын, «неге» деп сұрағанымызда финдіктердің «бізде сыбайлас жемқорлық жоқ» деп жауап бергенін айттық. Міне, Финляндиядан келгелі үшінші жыл болды, елімізде инновациялық технологиямен салынып жатқан ештеңені көріп жатқан жоқпын. Сол сапарда болған қызылордалық бір бизнесмен Финляндиядан комбайндардың құрал-жабдықтарын әкеліп, осында құрастырмақшы болған. Бірақ арада бір жарым жыл өтті, бюрократизмнің салдарынан оның идеясы іске аспай жатыр. Бізде «ешкімге болмасын» деген қағида басым, соған қарным ашиды.
– Парламент жақында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер енгізу жайын талқылады. Бұл өзгеріс сыбайлас жемқорлық дендеген тендерлік ахуалды қаншалықты жақсарта алады?
– Бұл заңға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. «Ұлттық компаниялардағы сатып алу туралы» Заңға да өзгеріс енгізілді. Бірақ аталған заңдардың ешқайсысы да дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Дүниежүзінің кез келген елінде мұндай заң бар. Заң бірдей болса, неге бізде бұл салада жемқорлық өршіп тұр? Мұның себебі ақшаның маңайында жүрген адамдардың жүрек тазалығының жоқтығында деп есептеймін. Тендердің дұрыс өтпейтін себебі де – сол, мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттен ұрлауды ойлайтын адамдар көбейіп барады. Басшы шенеуніктердің психологиясы, ниеті өзгермейінше, қанша алтын заң қабылдағанымен, іс алға жылжымайды. Тендер дегеніміз қасқырға – ешкіні, ешкіге капустаны бақтырғанмен бірдей. Сыбайлас жемқорлық фактілеріне қарасақ, құқық қорғау органдарының қатыспаған жері жоқ. Мысалы, прокуратура, сот, полиция болсын «крышоватьтап», осылардың барлығын көрмегенсиді. Бұл жағдайда қайдан заң орындалсын?! Игерілмеген ақша қалса, келесі жылы пайдаланылады. Мемлекет ақша текке жатпасын деп, мекемелерге бөледі. Ал сол мекемелер шөптің басын сындырмай-ақ, қаржыны депозитке салып қоя салады. Мысалы, Ұлттық медициналық холдинг жарғылық капиталын көбейтуге берілген 2 млрд теңгені депозитке салып, 312 млн теңге пайда көрген. Сол ақшаны жалақыларына, мінетін машиналарына жаратқан. Бұл акционерлік қоғамның жарғысы бойынша қылмыс болып саналмайды екен. Осы холдинг шетелден әкелген үш қан талдағыш құрылғыны үш қалаға үш түрлі бағамен сатып, пайда көрген. Мәселен, мемлекет «ҚазАгро» холдингіне ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 80 млрд теңгені нөл пайыздық мөлшерлемемен берді. Ал холдинг бұл ақшаның 40 миллиардын «Азық-түлік келісімшарты корпорациясына» 1 пайызбен берген. Корпорация өз кезегінде ақшаның 20 миллиардын тауар өндірушіге 8 пайызбен – бір, 12 пайызбен тағы сатқан. Қалған 20 миллиарды игерусіз қалған.
– Қазақстан 2012 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке енуді жоспарлап отыр. Ал бұған біздің кәсіпкерлер мен тауар өндірушілер дайын ба?
– Жалпы алғанда, осы ұйымға кіруі тиімді, бірақ біз бұған дайын болғанда кірсек, тіпті тиімді болар еді. Біз қазір бұл ұйымға кіруге дайын емеспіз. Мәселен, біз Кеден одағына кірдік. Кеден арқылы бюджеттік түсімдер екі есе түскені тиімді болды. Бірақ біздің өнімдер Ресей мен Беларусь нарығының бәсекесіне шыдас бере алмауда. Міне, осы үш елден құралған одақ шеңберінде біздің тауарларымыздың сапасы сын көтере алмауда. Егер біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер болсақ, онда әлемнің 117 мемлекетімен бәсекеге түсеміз. Қазақстанға да осы елдерден тауарлар қаптап келетін болады. Ал біз шетелге сапалы өнім шығара аламыз ба? Бұған дайынбыз ба? Жоқ! Ал бұған дайындалу қажеттігін Елбасы бізге осыдан бес-алты жыл бұрын айтты. Елбасының «Бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының» көздегені де осы сапаны көтеруде болатын.
Оқшау ой
Президент «білім, мәдениет, денсаулық сақтау және коммуналдық мәселелермен – әкімдер, ал өнеркәсіп, кәсіпкерлікпен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация айналыссын, облыс аумағындағы барлық өндіріс орны, жер барлығы соларға берілсін» деді. Бірақ бірде-бір әкім мұны істемеді. Әкімдер мұның бәрін берсем, мен «завхоз» болып қаламын деп қорыққан болуы керек. Ал бұл бағытта арнайы заң қабылданған жоқ.