Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ, Қазақстан аниматорлары ассоциациясының төрағасы, режиссер:
– Өзіңіз жетекшілік ететін «Сақ» киностудиясының мультипликация саласына шындап ден қойып, көрерменге тұшымды дүние ұсынып жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Жалпы, осы жұмыс қалай басталды? Үлкен өнер ортасынан сырт жүргендеріңізге қарамастан, нақты бір мақсат қойып, жемісті еңбек етулеріңіздің сыры неде?
– Өзіміз кішкентай күнімізден әжелеріміздің ертегісін тыңдап, мультфильм көріп өстік, тәрбиелендік. Ертегілердің бәрінде басты кейіпкер мақсат-мұратына жететін, жақсылық жамандықты жеңетін. Қазір ата-аналардың балаларына ертегі айтпақ түгіл, қатты көңіл бөлуге уақыты жоқ. Азаннан кешке дейін базарда, анда-мұнда жүріп, шаршап-шалдығып, кешке үйіне бір-ақ келеді. Сосын ертегі айту қайда, «мә, айналайын, мынаны көріп отырыңдар» деп дайын дискіні бере салады. Ал қазір мультфильмнің бәрі – шетелдікі. Идеология, тәлім-тәрбие басқа, оның бәрі біздің менталитетке келмейді. Сондықтан да бүгінде мектептерде, жасөспірімдер арасында қылмыс, суицид өте көбейіп кетті. Соның бәрі – компьютердегі атыс-шабыс ойындар мен шетелдің мультфильмдеріндегі қатал, жанкешті нәрселерді көп көргеннен. Онда бірін-бірі атып кету, асып кету оп-оңай. Қазір мектепте, көшеде тапанша асынып жүру солардың әсерінен туындаған деп ойлаймын. Кез келген киноны, мультфильмді бала көріп қана қоймайды. Оның жүрегі сорғыш сияқты, бәрін өзіне сіңіріп, сөзіне дейін жаттап, қағып алып отырады. Сондықтан да өзіміздің ұлттық дүниелерімізді алып келуіміз керек. Ол үшін бұл салаға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі тиіс. Ал қазір «немен айналысасың?» дегенге «мультфильм түсірем» десең, тіпті күлкі қылады, баланың ойыны сияқты көреді. Шындығына келгенде, бұл – ең басты нәрсе. «Жастар – біздің болашағымыз» дейміз, «Қазақстан Орта Азия барысына айналады» деп үміттенеміз. Ал сол межеге кімнің арқасында жетпекпіз? Яғни сол жоспардың бәрін осы бүгінгі балалар, жас жеткіншектер жүзеге асырады. Солардың жүрегінде біз патриоттық сезім тудыруымыз керек. Отанына, еліне, салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік, тілімізді, дінімізді қадірлеу, қастерлеу сезімдерінің бәрін жас ұрпақтың бойына қазір сіңіруіміз қажет. Ал оның ең оңай әдісі – мультфильм. Себебі оларды сыныпқа кіргізіп қойып бірдеңе айтсаң, тыңдай қоймайды. Ал мультфильмді теледидардың алдынан кетпей отырып көреді, жүрегімен ұғып, соның бәрін санасына сіңіріп алады. Сондықтан да мультфильм арқылы кішкентай жеткіншектерімізді салт-дәстүрін қадірлейтін, сыйлайтын, ұлттық мүддемізге сай патриот етіп тәрбиелей аламыз. Демек, мультфильм дегеніміз – өте күшті идеологиялық қару. «Бала тәрбиесі – бесіктен» дейтін болсақ, қазіргінің бесігі теледидар болып отыр. Балаларды сол арқылы тәрбиелеп жатырмыз. Олар «қой» десең де қоймай, мультфильм арналарын тауып алып, шетелдің мультфильмдерін көріп өсіп жатыр.
– Ал сол мультфильмдерді шығарып, әлемге кеңінен таратып жатқан шетелдіктер бұған идеология ретінде қарап отыр емес пе?
– Әрине. Олар сол арқылы өзінің мәдениетін насихаттап отыр. Мысалы, қай ауылға барсаң да, қазір балалар «Жумонг боламыз» деп шыбықты ат қып мініп, шауып жүреді. Ал неге олар «Қобыланды боламыз», «Алпамыс боламыз» демейді? Өйткені бізде ондай мультфильм де, кино да жоқ. Ал бұрын өзіміз кішкентай күнімізде батырлар жырының күйтабағын аталарымызбен бірге тыңдайтынбыз. Соның өзінен қатты әсерленетінбіз, кастрюльдің қақпағын қалқан ғып, қолдан қылыш жасап, батырларға еліктеуші едік. Бүгінде біздің осы шаруамен айналысып жүргеніміздің өзі – патриоттық.
Мен қазіргі жастарды мүлде түсінбеймін. Әскерден қашады немесе шетелге оқуға барады да, сол жақта қалып қоюға тырысады. Себебі елін жақсы көрмейді. Ал неге сол шетелден үйренгенін Отанының пайдасына, игілігіне жұмсамайды? Біле-білсек, Түркияның дамып отырған себебі – әрбір түрік шетелде жан-жақты білім алады да, көрген-білгенін, үйренгенін еліне әкеп құяды. Біздің жастарымыз керісінше, мемлекет қаржысына сыртта білім алады да, сол бойы сыртқа қашады. Себебі оларда еліне, Қазақстанға деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім жоқ. Біз соны ояту үшін де мультфильм жасаумен қазір айналысуымыз керек.
– Дегенмен елдің, әсіресе билік тізгінін ұстаған басшылардың мультфильмге деген көзқарасы түзелмейінше, бұл салада ілгерілеушіліктің бола қоюы неғайбыл шығар...
– Мысалы, біздің мультфильм түсіріп жүргенімізге он шақты жылдың жүзі болды. Былай қарап тұрсаң, біздікі де – өндіріс, кино өндірісі. Ал «Кәсіпкерлікті қолдау орталығы» тәрізді мекемелерге барсаң, олар күле қарайды, «мультфильм шығарамыз» десең, мырс ете қалады. «Ондайларға көмектес деген нұсқау да, ештеңе де жоқ» дейді. Мысалы, біз де кәсіпкерміз, 25 адамға жұмыс беріп отырмыз. Біріншіден, жас ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеп, Елбасының саясатын қолдау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ тілін мультфильм арқылы үйрету жағынан да бірнеше жобалар жасадық. Және бұл тек тіл үйрету ғана емес, онда кәдімгідей оқиға болады. Мысалы, бір оқиғаға персонаж етіп Қазақстанның барысы мен қонжықты алдық. Сол екеуі «Біз құр жүре бермей, күніне бір жақсылық жасайық» деп келіседі. Ал енді «Не істейміз?» дегенде, қараторғайды көріп: «Көктем келді, қараторғайға ұя жасап берейік» дейді. Сөйтіп, ара, балға іздейді және осы сөздердің бәрінің орысша, қазақша атауын айтып жаттығады. Сол ұяны сосын ағашқа іледі. Қараторғай алғыс ретінде оларға ән шырқап береді. Яғни мұнда тәрбиелік те мән бар. Мұны көрген кішкентай балалар құстарға ұя жасауға, жан-жануарларға қамқор болуға тырысады. Ресейліктер мультфильмнің мықты идеологиялық құрал екенін түсініп үлгерді. Сөйтіп, Илья Муромецті де, басқа батырларын да түгелдей экранға шығарып қойды. Олар тіпті мультфильмдерінің өзіне «русский дух», «где наша богатырьская сила» деген сөздерді қосып отырады. Осыдан кейін балалар, әрине, батыр болып өсуге, елін, жерін сүюге тәрбиеленеді, рухтанады. Сол Ресей мультфильм саласына былтыр 500 млн рубль бөлген, биыл 1,5 млрд рубль бөліп отыр. Бізде де «Қазақфильмге» ақша бөлінеді, бірақ оның дені кино түсіруге кетеді де, мультфильмге болар-болмас қаржы қалады.
– Осындай жағдайда мультипликация саласын қалай жандандыруға болады? Қайткенде қазақ анимациясының бағыт-бағдары түзеледі?
– Менің ойымша, бұл саланы көтереміз десек, баяғы «Союзмультфильм» деген сияқты «Қазақмультфильмді» жандандыруымыз керек, ол жеке отау болып бөлініп шығуы тиіс. Бұлай болмайынша, жағдай түзелмейді. Мысалы, Одақ кезінде балалар киностудиясы өз алдына бөлек болды. Одесса, Мәскеу балалар мен жасөспірімдер киностудиялары жұмыс істеді. Солар тек қана балаларға арнап кино, мультфильм жасап отырды. «Тимур және оның командасы», «Қола құс», «Қанжар» секілді басқа да жақсы-жақсы фильмдер, ертегілер түсірілді, нақты бағдарламалар жасалды.
Рас, «Қазақфильм» жылына бірен-саран балалар фильмдерін шығарып қояды. Бірақ ол кімге, қалай жетеді? Әмен Қайдаров ағамыз мультфильмнің мәселесін айтып, әлі шырылдаумен келеді. Сол кісінің ізбасары ретінде артынан, міне, біз келе жатырмыз. Бірақ енді бір он жылдан кейін біз де шаршауымыз мүмкін. Рас қой, әрбірден кейін «осы маған керек пе» дейсің ғой. Сондықтан мұндай нәрселердің бәрін біз ынталанып, жігерленіп тұрған кезімізде жасауымыз керек. Құлшынып тұрған адамдарға жол ашып берсе, ол өкіметке түк емес. Мысалы, онсыз да жыл сайын қаншама фестиваль өткізіп жатыр. Соларды ұйымдастыруға, сахнаны әрлендіруге жұмсайтын қаржыларында шек жоқ. Сол бір күндік шараларға кеткен ақшаға қаншама мультфильм жасауға болатынын есептеп көрсеңіз, үйіп-төгіп тастауға болатын еді. Мамандар жоқ болса, бір сәрі. Олай деп айта алмайсың.
– Қазір бірқатар телеарналар мультфильм, деректі фильм деген сияқты нәрселерді өз талғамдарына ыңғайлап, өздері түсіретін жағдайға жетті. Алайда кейбірінің мән-маңызы сын көтере бермейді...
– Осы орайда мен мынандай нәрсеге қарсымын. Біздің ұлттық дүниемізді өз ұлтымыздың адамдары жасауы керек. Мысалы, телеарнадан беріліп жүрген «Алдаркөсені» басқалар түсірген. Рас, киіз үйлер де, ұлттық киімдер мен ою-өрнектер де әдемі. Өйткені оның бәрі кітапта тұр. Алады да, компьютермен өңдеп, жөндеп бере береді. Ал адамдарына қарасаң, бәрі – шетінен ақымақ, алаяқ. Ал шетелдіктер Робин Гудты жасаса, түр-тұлғасы келісті, өңшең сұлу актерлерді ойнатады. Ал негізінде, ол – қарақшы. Сол бір ғана қарақшы жөнінде Голливуд 40 кино түсіріп тастады, ең мықты дегендерінен біресе ана актер, біресе мына актер ойнайды. Мен, мысалы, біздің Алдаркөсе мен Тазша баланы қазіргі көрсетіп жүргеніміздей болған деп ойламаймын. Әжелер де жүзі жылы, мейірбанды емес, кілең қабағы түксиген, сиықсыз жандар ретінде көрсетіледі. Соның бәрін өзге ұлттың өкілдеріне түсіртіп жатыр. Соларға берген ақшаны бізге берсе, қаншама маңызды, ұлттық нәрселер жасауға болатын еді! Мысалы, жусанның басында бозторғай шырылдап отыратынын біз білеміз, олар білмейді. Олар, мысалы, сауысқанды отырғызып қоюы мүмкін. Біз жусанның иісін иіскеп өстік. Халқымыздың өмір үрдісін, салт-санасын жақсы білеміз. Не істесек те жанашырлықпен істейміз. Егер де Қобыланды, Алпамыс батырларды шығаратын болсақ, оған толық мүмкіндігіміз бар. Тек қаражат жағы ғана қолбайлау болады. Билік басындағылардың, депутат ағаларымыздың бала-шағалары, немерелері жоқ па? Солар үйіндегі балалардың қандай мультфильм көріп отырғанын байқамай ма? Соған ойыншық ретінде емес, тәрбие құралы ретінде қараса, бірде болмаса бірде: «Қашанғы біздің балаларымыз шетелдің мультфильмін көріп өседі? Осы мәселенің бір шешімін табайық» деп ойласар еді ғой.
– Он шақты жылдың ішінде «Сапа олимпиадасы», «Мұңлық-Зарлық», «Қазақстан мақтанышы», «Қазақия» сияқты басқа да көптеген мультфильмдер түсірдіңіздер. Бірақ солардың елге жету, көрсетілу жайы қалай болып жатыр?
– Біз өзіміз «Қазақфильмнің» тапсырысымен «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшы», «Маймақ қаз» және Ә.Тәжібаев шығармасының желісімен 12 минуттық «Толағайды» түсірдік. Осылардың ішінде «Қошқар мен теке» ара-тұра көрсетіліп жүр. «Ала қоңыз бен құмырсқа», «Түлкі, кене, тасбақа» сияқты 4-5 минуттық мультфильмдерімізді «Балапан» арнасына өткіздік.
Міне, осы жерде мультфильмнің тәрбиелік мәнін айта кеткім келіп тұр. Мысалы, «Тау көтерген Толағайды» мультфильм емес кезінде Сауран деген үш жасар балама әңгімелеп берген едім. Айтқанда да әсірелеп, әдемілеп айтасың ғой. Жастықты алып, «Толағай тауды былай көтеріпті», «өйтіпті, бүйтіпті» дегенімде, балам ойланып отырып, қабырғадағы таудың суретіне қарады да: «Әке, кейін өскенде мен де Толағай сияқты мына таудың бір бөлшегін аламын да, біздің ауылға апарып қоямын. Ауылда тау жоқ қой» деді. Яғни ертегі тыңдағанның өзінен осыншама әсерленген кішкентай бала мультфильм көрсе, қандай керемет рухтанады десеңші! Бірақ неге екенін, «Толағайды» «Қазақфильм» әлі көрсетіп жатқан жоқ. Сюжетке саршұнақты кіргізіп, оны Толағаймен достастырдық. Ішінара осындай өзгерістер бар. Олай етпесек, тағы болмайды. Өйткені қазіргі заманға сай көріністер, оқиғалар болмаса, балаларды қызықтыру қиын, біздің бұрынғы көрген мультфильмдерімізді олар тап сол күйінде көрмейді, оларға қимыл-қозғалыс, қызықты оқиғалар керек. «Батырлар жырын» түсірсек те, ішіне сондай бірдеңелер қосуымыз керек. Ресейліктер де, шетелдіктер де солай істеп жатыр. Яғни тәрбиенің өзін сондай нәрселердің ішіне кіргізіп жіберуге тиіспіз.
– Осы орайда, өздеріңіз түсірген немесе түсіріп жатқан мультфильмдер арқылы, мысалы, көрерменге нені сіңіруге тырыстыңыздар немесе қандай қасиетке тәрбиелей алдыңыздар?
– Мәселен, «Қазақия» атты мультипликациялық жобаға халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары негіз етіп алынған. Бұл жоба танымдық міндетті ғана атқарып қоймайды, сонымен бірге кішкентай көрермендердің бойына патриоттық рух пен адами ізгі қасиеттерді сіңіруге де бағытталған. Ұзын-ырғасы 7-8 минутты құрайтын әрбір серия нақты бір тақырыпқа арналған. Мысалы, бірінші серияға Наурызды мерекелеу дәстүрінің қашан және қайдан бастау алғаны, шығыс Жаңа жылының енуін қай кезден бастап есептеу керектігі, наурызкөженің қалай дайындалатыны сияқты басқа да жайттар арқау етілген. Екінші серияда еліміздің мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері көрнекі түрде түсіндіріледі. Үшінші серияда халқымыздың ең керемет дәстүрлерінің бірі, яғни белгілі бір жұмысты жұрт болып жұмыла атқаратын асар жайлы баяндалады. Мұнда Тасбақа жылап отырады. «Неге жылап отырсың?» десе, «үйім жоқ» дейді. «Саған үй не керек, өз үйің – өзіңде, рахат емес пе» десе, «Ертең туған күнім, достарым келсе, үстіме дастарқан жаямын ба» дейді. Содан Асқабақ ауылының тұрғындары «Жарайды, онда біз асар жасайық» деп, бәрі жабылып, тасбақаға үй салып береді. Барлық серияларды өздері де танымал ұлттық бренд есебіндегі басты кейіпкерлер – Қамшы мен Асық байланыстырады. Көңілді оқиғалар ән, әуенмен үйлесімді түрде беріледі. Кез келген мультфильмнің әйтеуір бір тәрбиелік дәні болады. Демеушілік жасалса, мұндай дүниелерді алдағы уақытта да көптеп түсіруге болар еді.
– Режиссерлердің көпшілігі әдетте сценарий жағынан тапшылық көріп жатады. «Көркемдігі жоғары, мән-маңызы талапқа, талғамға сай тұшымды дүниелер аз» деп қынжылады. Сіздерде бұл жағы қалай?
– Осы мәселемен «ауырып» жүргеннен кейін біз көбінесе өз басымызда пісіп-жетілген, өз ойымыздағы дүниелерді шығарамыз. Әрине, сценарийлерге конкурс жариялап, ішінен ең озықтарын таңдап алып жатсақ, өте жақсы болар еді. Бірақ оған шамамыз жетпейді. Бірталай жыл бұрын Д.Исабековтің сценарийі бойынша «Мұңлық-Зарлықты» түсірдік. Мысалы, осы Мұңлық-Зарлықтың оқиғасын балаларды қойып, үлкендердің өзі білмейді, білген күнде де аңыз немесе ертегі деп ойлайды. Ол – негізінде, болған оқиға. Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария бойында Мұңлық-Зарлықтың да, Шаншархан деген әкесінің де бейіті орын тепкен, Ханшайым деген арал бар. Оқиға сол жерде өткен. Бірақ жұрттар моланың қасынан өтіп жүрсе де, оқиғасына мән бермейтін. Біздің мультфильмді көрген соң барып: «Е, осылай болған екен ғой» деп жатыр. Себебі ескіріп кеткен, кітапханалардың бір бұрышында жатқан көне дастанды кім тауып алып оқи береді?
– Мультфильмді түсіруін түсіресіздер, бірақ оның да көрерменге жетуі оңай емес екені анық. Өз өнімдерімізді телеарналар тегін көрсете қоюға құлықты емес деген сияқты...
– Шынымен де, телеарналарға мультфильм ұсынсаң, сатып алудың орнына, керісінше, өзіңнен ақша сұрайды. Осы орайда, біздің арналарымыз өзіміздікін емес, шетелдің мультфильмдерін көрсетуге неге құмар деген сұрақ туындайды. Мұның себебі – оларды өте арзан бағаға алады. Оларда жаңа, орташа және ескі мультфильмдер жеке-жеке сөрелерде тұрады және бағалары да сол шыққан уақытына сәйкес болады. Біздікілердің сатып алатыны – негізінен, ескі мультфильмдер. Шымкенттік жергілікті телеарналардан: «Сендердің мультфильмдеріңді неғыламыз? «Том мен Джерридің» бір жылға жететін сериясын 7 мың теңгеге сатып алдық» дегенді де естідік. Рас, Уолт Диснеймен таласа алмаймыз. Біз тіпті онда болдық, көрдік. Оларда мультфильмнің бір бөлімінің өзінде мың адам жұмыс істейді. Әрине, олардың сапасы бөлек. Бірақ тәрбиелік мәні қандай? Мысықты ұстап алып, балғамен басынан ұрса, томпайып шыға келеді, тағы ұрса, тағы томпаяды, басын қағып жіберсе, миы қайнап жатады деген сияқты нәрселер ғой. Соны өмірде қайталап, мысықтың басынан балғамен ұрған балаларды да көргенбіз. «Мұның не?» десең, «Қазір басы ісіп шығады» дейді. Осыған күлесің бе, жылайсың ба?
– Енді осы саладағы келеңсіздіктерді жоюдың, жұмысты жолға қоюдың қандай механизмдері бар?
– Отандық телеарналарға ұлттық өнімдерімізді сатып алу және шетелдік фильмдерді көрсетуді азайту жөнінде нақты тапсырма берілуі тиіс. «Мәдениет туралы» Заңның 28-бабында шетелдік өнімдерден гөрі отандық өнімдерге көңіл бөлу және насихаттау туралы тайға таңба басқандай етіп айқын жазылған. Бірақ соның орындалуын қадағалап, талап етіп жатқан ешкім жоқ. Сол ұлттық өнімдерді біз шығарып жатырмыз, біз де – кәсіпкерміз. Бірақ соны дәлелдей алмай отырмыз. Шын негізінде, біз де тауар өндірушіміз ғой. Бірақ жұмыс істеп отырған жерімізді жұртқа көрсетуге ұяламыз. Мен өзім осы жердің әкімі болсам, «Біздің қаланың атын шығарып жатырсыңдар ғой, мына ғимаратта отырыңдар. Сендерге тағы не керек? Компьютерлерің ескі ме, міне, жаңасын алыңдар» деп, жұмыс істеуге мейлінше жағдай туғызар едім. Меніңше, олар бізді «жеке кәсіпкер, осымен қырғын ақша тауып жатыр, не үшін оларға көмектесуіміз керек» деп ойлайтын болуы керек.
– Ал тәрбиелік мән-маңызы зор тағылымды дүниелеріңізді дискі түрінде таратуға өздеріңіз қаншалықты мүдделісіздер?
– Мультфильм таспаларының сыртын әдемілеп безендіріп, сапалы түрде шығаруын шығарамыз. Бірақ ертесіне-ақ соны қарақшылық жолмен көшіріп басып, оны арзан тиын-тебенге сатып, оңай жолмен пайда табушылар көбейеді. Яғни қарақшылық тыйылмай тұрғанда бізге бұл жағы тиімсіз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
«Қазақмультфильм» өз алдына жеке отау тігіп шығуы тиіс. Сонда ғана жұмыс жанданады. Бізде Көкшетауда, Астанада, сосын біздің Шымкентте мультфильм түсірумен айналысып жатқан 2-3 жеке студия бар. Олар да мемлекеттің қолдауын күтіп отыр.