Тәуелсіз ел болу үшін шетелден келетін БАҚ өнімдері 20 пайыздан аспау керек

Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері,  ҚР Президенті сыйлығының лауреаты:

– Технократиялық қоғамның шешуші құралы компьютерлік технология мен әлемтор (интернет) екені мәлім. Қазақстан бұл тұрғыда едәуір артта екені де белгілі. Осы кенжелік біздің басқаларға тәуелділігіміздің сипатын қаншалықты күрделендіре түспек?

– Тапшылық бар жерде тәуелділік болатыны анық. Бірақ компьютерлік технология мен әлемтордың жетпей жатуы біздің еліміз үшін онша бір қорқынышты нәрсе емес. Өйткені мұның өзі әлемге соңғы 15-20 жылда таралғаны мәлім. Бұл үрдіс бізге де жылдам кіріп жатыр. Мәселен, 2008 жылы интернетті пайдаланушылар саны 2,5 млн болса, 2009 жылы ол 4 млн 700 мыңға жеткен. Қазір интернет ең қолайлы, арзан жарнама құралы. Оның бағасы теледидардағы жарнамадан көп төмен. Қараңыз, 2007 жылы Қазақстанда интернет арқылы 1 млн долларға жарнама берілсе, өткен жылы 5 млн долларды құраған. Сондықтан адам басына шаққанда біз басқалардан кем қалып жатқан жоқпыз. Ақшаң бар ма, сатып ал. Қазақстанның экономикасы бұған қуатты. Ал біздің тәуелділігіміз басқада.

– Бізде теле-радио саласындағы ақпарат тарату техникасын меңгерген қазақ ұлтының өкілдері өте аз. Осы жағынан тәуелді секілдіміз.

– Компьютер мен телевизиялық техниканы игеруде артта қалып отырғанымыз рас. Бұл ең алдымен білім беру саласындағы жүйесіздіктен. Мен кейде деректі фильмдер түсіріп, монтаждайтын маман іздеймін. Сонда осы жұмыспен тек орыс жігіттері айналысады. Олар ақшаны жақсы табуда. Ең арзаны, бір ауысымда жұмыс істегендері кемі 100-200 доллар алады. Олардың асып тұрған түгі де жоқ, орта білім иелері. Ал біздің жастар неге осыған ұмтылмайды?! Қазір үй шаруасындағы әйелге де компьютер мен интернет қажет болатын заман. Сондықтан мектептегі информатика сабағын жүйелі түрде тереңдей оқытып, мектеп бітірушілерге осы пәннен маман ретінде, арнайы сертификат берілгені жөн. Ол техникумды бітірген орта білімді мамандық ретінде бағалануы керек. Жастарымыз өмірге қажетті мамандықты игеру үшін түрлі техникумдар мен училищелерді көбейту керек. Бұрын орта білім беру бағытындағы білім саласы жеке министрлікке қарайтын. Ал қазір ғылым мен білімді қосып жібердік. Содан бастап ісіміз оңалған жоқ. Білім саласына келген әр министр келіп бір реформа жасаған болады. Бірақ оның нәтижесі көрінбейді. Ұлттық қауіпсіздікте жаңа ақпараттық технологияға тығыз қатысты. Қазір біздің елде ешқандай құпия жоқ секілді. Сондықтан әлемдік технология мамандарымен йық тіресе алатын өз мамандарымызды көптеп тәрбиелеу – кезек күттірмейтін іс.

– Сандық жүйедегі үш бірдей қазақтілді телеарна ашылатыны туралы айтылды. «Оған маман жоқ, тіпті, қандай хабармен толтырамыз» деген пікірлер де бой көрсетті. Сіздің ойыңызша, біз бұл мүмкіндік нақты іске аса қалған жағдайда қалай пайдалана алар едік?

– Мен екі рет университеттерде телевизия жанрының ерекшелігі деген тақырыпта дәріс оқыдым. Біреуін осыдан 15-20 жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, екіншісін елімізге белгілі университеттің жоғарғы курстарындағы орыс бөлімдеріне. Енді екеуін салыстырып қарасам, жер мен көктей. Алғашқы дәріс оқыған студенттерім қазір телевизия саласындағы белгілі мамандар. Ол кезде КазГУ-ге түскен студенттер таңдаулы әрі талантты болатын. Бәрі айтқаныңды біліп алуға құштарланып отыратын. Ал соңғы университетте көбіне аузы-басын бояп отырған қыздар болды. Ұстаздарынан қымсыну жоқ. Әйтеуір отырады. Сабақтың ортан белінде келіп кіре береді. Қалай болса солай. Жастай әдепсіздікке үйренген адам өмір бой солай кетеді. Сосын келесі жылы шақырғанда ол жерге бармадым. Қазір жас мамандардың білім сапасы әлсіреп кетті. Әлгі студенттердің бір-екеуі ғана бірдеңе ұғып шыққан болуы керек. Олардың өзі орыстілді БАҚ саласына кетті. Ал қалғандарының қайда екенін де білмеймін. Телевидение тек қана журналистерден тұрмайды ғой. Бізде неге телеоператорлар аз?! Жақсы оператор – үлкен өнер иесі. Талантты фотографтар да телеоператор бола алады. Оларды тәрбиелей білу керек. Мәселен, қазақ телевизиясын құрғанда жан-жақтан қабілетті адамдар осы салаға келіп, кейін оны үлкен мамандық ретінде игеріп әкетті.

– Сонда маман табылмайды деп қорқудың қажеті жоқ қой?

– Әрине, егер құдай иіп, үш телерарна ашылып жатса, маман табылмайды деп қарап отырмау керек. Осыдан елу жыл бұрын телевизияның не екенін білмей тұрып, соны жасаған жоқпыз ба!? Сондықтан дұрыс басшы келсе, ол да дұрыс кадр тәрбиелейді. Неғұрлым талантты басшы білімді адамдарды жинайды. Ал дарынсыз басшы өзінен де төмендерді топтайды. Табиғаттың заңдылығы солай. Әсіресе, идеологиялық жұмыс атқаратын жерге кім болса соны әкеле беруге болмайды. Телевизияда істейтін адам отанын, халқын сүйетін азамат болуы керек. Мен телевизиядағы мамандығын қадірлеп, жан-тәнімен еңбек еткен ондаған адамды білемін. Сондықтан телеарналар ашылса, оған маман табылмай қалады деп қорқу – орынсыз. Өсіп келе жатқан жастар бар. Негізі, әр салада өнерді өрге сүйрейтін екі-үш талант болады. Солар басқасына көшбасшылық жасайды. Міне, сол секілді әр арнада үш-төрт мықты кәсіби маман болса, көшті түзеп әкетеді.

– Осы салада көп жыл қызмет атқарған маман ретінде қазіргі отандық телеарналардың таратылу сапасына, ондағы түрлі көрсетілімдердің, бағдарламалардың өміршеңдігіне қалай баға берер едіңіз?

– Бұл сұрақтың өзі бір емес, бірнеше сұхбаттың тақырыбы. Сол себепті мен тек «Қазақстан» ұлттық телеарнасы туралы ғана қысқаша айтайын. Менің ойымша, еліміздегі барлық телеарналармен салыстырғанда, «Қазақстанның» көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Өйткені бұл ұжымда үлкен-үлкен ізденістер бар. Оның алдында екі-үш жылдай тоқырауға ұшырағаны рас. Жаңалық болмады. Ескі-құсқының төңірегінде жүрді, оның өзін жаңартып бермеді. Өнерде дәстүрді жалғастыру керек. Мысалы, «Қымызхана» теле жобасын жалғастырдың ба, оның негізгі идеясын алу керек. Көшіруге болмайды. Көшірме өнер емес. Айтысты да жаңғыртуға болады. Біз айтысты бастаған кезде оның телевизия табиғатына жақындығын ескерген болатынбыз.  Қайталап айтайын, айтыс – телевизия табиғатына ең жақын халықтық өнер. 

– Телевизия да сондай өнер дейсіз ғой?

– Әлбетте. Жасаған бір дүниең алғашында жақсы болып көрінуі мүмкін. Оның бадырайып тұрған кемшілігін біраз уақыттан соң өзің де анық көресің. «Қазақстан» арнасына оралатын болсақ, онда басқаларға қарағанда ұлттық тілдегі бағдарламалар көп. Мәселен, атышулы «Екі жұлдыз» жобасын алайық. Бұған да түрлі пікір айтылып жүр. Ресейден көшіріп алынған дедік. Ал Ресейдің кімнен көшіріп отырғанын көбіміз білмейміз. Өйткені Еуропаның телехабарларын көріп отырған жоқпыз. Орыстардың көп бағдарламалары сол жақтан келген. КВН-нен бастап. Бірақ олар соның бәрін өз ұлтының мүддесіне лайықтап, әбден пісіріп, жаңа сапада ұсына біледі. Түр, жанр деген нәрсе өнерде тұрақты болады. Оны бір ел ойлап тапса да, басқалары өзінше дамытып отырады. Сондықтан қазіргі «Екі жұлдыздың» қазақ ән өнерін дамытуға кәдімгідей ықпалы бар. Телевизиялық жағынан жасалуын айтсақ, онда жарықты пайдалану, режиссерлық шешім, жүргізушілер, хабардың көркемделуі бұдан бұрын Қазақстанда болмаған ғой. Жаңалық па? Жаңалық. Жалпы мазмұны жағынан кемшіліктер жоқ емес. Өткен жылы ұлттық өнерден біраз ауытқып кетті. Біз өзімізден гөрі өзгелерді жанығып айтатын халықпыз ғой. Орыстың немесе ағылшынның әнін олардан артық айтамын деу – тырақайлық болады. Өнерді жарылқау үшін алдымен өзіңді көтеріп ал. «Екі жұлдыздың» биылғы алғашқы санын көрдім. Көңілге толмайтын кейбір тұстары бар. Дегенмен бағдарлама қазақ ән өнерін дамыту үшін, телевизиялық өнердің жаңа түрін жасау үшін керек. Сол секілді «Сен сұлу» бағдарламасын айталық. Ол да Ресейде көрсетілген хабарларға ұқсайды. Бірақ көз алдыңда адамның өзгеруі де бір жаңалық қой. Әйелдерімізді әдемілікке, сұлулыққа эстетикалық тәрбиелеудің бір тамаша жолы деп ойлаймын. Хабар қазақ қауымы үшін керек. Аты да жақсы. Тек қазақша нұсқасын жүргізетін Рахман Омардың әртістігі ұстап, сәл ойнақтап кетеді. Ол жерде кішкене сабырлылық және әзілдің де жеңіл-желпісі емес, интеллектуалды түрі керек. Хабар арқылы шаштараз, киім үлгісін жасаушылар, бет әрлеуші мамандар танылып жатыр. Оны көрген жастар да сол кәсіпке ұмтылады. Сол үшін де мұны өміршең жоба деп ойлаймын.

– Таза өзімізде жасалған тележобалар жайлы не айтасыз?

– Ол санатта мен жақсы жоба ретінде «Сегіз қырлы» бағдарламасын айтар едім. Қазақтың дәстүрлі ән өнерін әспеттеу. Қараңыз, ғаламат нәрсе – бір «дың» еткен дыбыстан кейін-ақ оның қай ән екенін айтады. Не деген ұшқырлық?! Далалық адамдардың зердесінің беріктігін әйгілеп тұр. Бірі әннің басын айтса, екіншісі келесі шумағын жалғастыра жөнеледі. Мұндай таласты, тартысты хабарларды мен ешқайдан көрген жоқпын. Бұл – таза қазақы, қазақтың табиғатын ашатын дүние. Күй жарысын айтайық. Бір күйші күйдің бір-екі нотасын ғана шалғанда, екіншісі соны бірден жалғастырады. Жүздеген күйді мида сақтайтын не деген зерде!? Еуропаға апарып өнерпаздарымызды осылай жарыстырып көрелікші, құлап түседі. Бұл – өз өнеріміздегі үлкен жаңалықтардың бірі. Осындай сәтті дүниенің бірі «Көкпар» бағдарламасы. Жүргізуші өз тақырыбын жетік білуі керек. Егер тақырыпты жөнді білмеген адам, қатысушыларды қалай сөйлетеді. Оларды иіп әкеп, қызу таласқа түсіру – үлкен шеберлік. Ал «Көкпар» ойыны да өте ұтымды көрсетілім. Қазақтың ұлттық спортының жарқын бейнесін ашып көрсету. Не деген өлермендік, аттың астына түсіп, атпен бірге ұшып, құлап жатады. Бірақ мойымайды. Бұл қазақ жігіттерінің жанкешті, жүректілігін танытады. Осындай хабарлар міндетті түрде көп болуы тиіс деп санаймын.

– Әлгінде өзіңіз айтқан дәстүр жалғастығы біздің телеарналарда қалай көрініс тауып жүр?

– Осыдан отыз жылдай бұрын қазақ телевизиясында «Сұхбат» бейнефильмдер сериясы дүниеге келген болатын. Онда біз Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шыңғыс Айтматов т.б. ұлы тұлғалардың бейнесін жасауды мақсат тұттық. Ой адамының шынайы тұлғасын телевизияда қалай жасау керек деген сұрақ тұрды. Біздің ойлап тапқанымыз: сол адаммен ұзақ кездесе жүріп, сынына қану, жүрегіндегі, көңіліндегі көп айтыла бермейтін ойларды ашып, шабытты сәтін түсіріп алу. Оған өз ой-пікірімізді қосып, кейіпкерлеріміздің бейнесін мүсіндеуді жөн көрдік. «Сұхбат» халыққа тез тарады. Оған еліктеушілер де, үйренушілер де болды. «Сұхбат» тектес алғашқы хабар он жылдан кейін «Телевизионные встречи» деген атпен Мәскеуден орталық телевизияда көрсетілді. Оны жүргізген алдында ғана Алматыға келіп, біздің хабарды көріп кеткен эстон журналисі Урмас Отт еді. Оның хабарлары сұхбатқа қатты ұқсайтын. Сол хабарына елінің көптеген сыйлықтарын алды.

Ал Қазақстанда әртүрлі телеарналарда көрсетілген «Личность», «Серьезный разговор», «Өмір-өзен», «Үзеңгі жолдас», «Көктөбедегі кездесу», «Шынның жүзі» хабарлары аздаған өзгерістеріне қарамастан, «Сұхбатпен» өзектес, тамырлас, соның жалғасы екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Бұл «Сұхбаттың» өміршеңдігін айқындаса керек. Бірақ осы жерде бір кілтипан бар. Өркениетті елдерде жобаны алғаш бастаған адамның атын өшірмейді. Мысалы, Артем Боровиктің қаза тапқанына он жылдан асты, бірақ ол бастаған «Совершенно секретно» хабарларының жүргізушілері ауысып жатса да алғашқы авторының есімі үнемі аталып тұрады. Влад Листьев бастаған жобаларда да оның аты алдымен жазылады. Сериялы кітаптар шығару ісінде де осы дәстүр сақталған. Бұл автор құқын сыйлаудан туған. Біз де күндердің күнінде осы мәдениетке жетіп, әр істің бастаушылары мен қостаушыларын шатастырмай, өз орнымен атайтын күнге жетерміз. Телевизиядағы дәстүр сонда дұрыс жалғасын табады.

– Еліміздің оңтүстік аймақтарында Өзбекстанның, солтүстігі мен батысы және шығысында Ресейдің телерхабарлары үлкен сұранысқа ие. Ал қаладағы көрермен көбіне кабельдік жүйе арқылы шетелдік арналарды тамашалайды. Сонда отандық телеарналардың ішіндегі қазақтілді хабарлардың ауқымы мүлдем тарылып қалатыны анық. Осы олқылықтардың бәрін қалай толтыруға болады? Телеарналар бағытында жекелеген бағдарлама жасап, арнайы ұлттық саясат ұстану қажет пе?

– Қазір Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал аудандары Қазақстандық телеарналарды көрмейді. Таңнан кешке дейін өзбектердің телеарнасын тамашалайды. Қараңыз, «УзТВ-1», «УзТВ-2», «Марказ ТВ», «Яшлар», «Спорт Өзбекстана», «Ташкент ТВ» секілді арналарын Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тең жарымы көріп отыр. Радиосында да тек өзбектің музыкасы ойнайды. Мен түрікмендердің төрт телеарнасын көріп жүрдім. Төртеуі де түрікменше. Кішкентай ғана Түрікменстан, басқа тілдегі хабар некен-саяқ. Онда тұтас қазақтар тұратын аудандар бар. Олардың да ештеңесін көре алмайсыз. Түрікмендер болса, телевизиямыз жаман болып қалды деген жоқ, өз жүректеріне жақын бағдарламаларын жасап, дәстүрін ұлықтап жүріп жатыр. Міне, кеше ғана өзімізбен қатарлас жүрген елдер осындай. Ал солтүстік облыстағы халық 14 телеарна көреді. Оның 12-сі орыс, қалған екеуі қазақ тілінде. Ол екеудің өзі заңымызға сай, 50 де 50 өлшемімен ғана хабар береді.

Құдай сақтасын дейік. Егер біздің ақпарат кеңістігімізге қытайлар келетін болса, не боламыз?! Оларда тоқсаннан астам телеарна бар. Бір арна тұтас қытай тарихын көрсетеді. Мен Бейжіңге барған кезімде сол арна жапондарды барынша жамандап жатты. Олардың басқыншылығын, кейін Маоның оларды қалай жеңгенін айтумен болды. Телеарналарын қанша аударыстырсақ та, Еуропаның немесе басқаның бірде-бір фильмдерін көрсеткен жоқ. Бір арна тұтас спорт, күні бойы қытайдың жеңімпаздығы, қытайдың рухын көтеру. Бір арнасы түгел өнерге арналған. Оларда анда-санда шетелдік фильмдер көрсетіліп қалады екен, таяуда оны да шектеу керек деген шешім шығарды.

– Ал біздегі шетелдік БАҚ-тың экспансиясы азаятын түрі байқала ма?

– Баспасөзге шыққан мәлімет бойынша, бізде ресми тіркелген 2970 бұқаралық ақпарат құралдары бар екен. Оның 2756-сы мерзімдік. Осылардың 453-і қазақ тілінде. 2303-і орыс тілінде. Бұл – Қазақстанның өзінде шығып жатқандары. Енді осыған Ресейден келетін 5248 газет-журналды қосыңыз. Олардың бізге тарайтын телеарналарындағы бәленбай бағдарламаларын қосыңыз. Барлық радиостансылары біздің ақпараттық кеңістігімізді торлап алған. Алатаудан құлаған сел тәрізді. Міне, қазақтың санасын талқандап жатқан да осы ақпараттық сел. Яғни ақпараттық басқыншылық. Біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ақпараттық тәуелсіздік бағытында жұмыс істелген жоқ. Шығып жатқан қазақ газет-журналдары аз да, әлсіз. Ең көп дегені «Егемен Қазақстан». Ал қалған тәуелсіз басылымдардың Ресей баспасөзінің жанында үні де шықпайды. Басқасын былай қойғанда, Алматы мен Астанадағы дүңгіршектерден қазақ газеттерін іздеп жүріп, әрең табасыз. Міне, бұл мемлекеттік саясаттағы, идеологиядағы біздің ең бір осал тұсымыз. Ең қорқыныштысы – осы.

– Енді не істеу керек?

– Тәуелсіз ел болу үшін шетелден келетін БАҚ өнімдері 20 пайыздан аспау керек. 80 пайызды өз елінің үлесінен толтыруы тиіс. Мәселен, біз оны қазақ ұлтының мүддесін негіз ете отырып жасауымыз қажет. Өткенде Ресей Президенті Димитрий Медведев өз елінің БАҚ өкілдерімен өткізген бір жиында: «Құдайға шүкір, біз тәуелсіз елміз, бізде 80 пайыз БАҚ тек орыс тілінде», – деді. Оның бұнысы – астамдық. Себебі ол тек орыстардың ғана басшысы емес. Ресейде бірнеше ондаған ұлттар бар ғой. Солардың ішінде жойылу қаупі төніп тұрған 136 тіл бар екенін ол білмей отырған жоқ. Бұның салқыны бізге де келіп жатыр. Бізбен тағдырлас тәжік елін алайық. Олар өткенде Тіл туралы заңының 20 жылдығына байланысты, орыс тілінің ұлтаралық тіл деген мәртебесін алып тастады.  Ешкім жылқысын шауып алған жоқ. Олар өзінің халқын, елінің болашағын ойлап отыр. Бұл мысалдар Белоруссия, Украина, Грузия елдерінде де ұтымды көрініс тапқан. Ал біз болсақ, жалпақшешей қалпымыздан арыла алмай келеміз.

Саралы сөз
Тәуелсіз, ешкімге жалтақтамай шындықты айтып отыратын телеарналар болуы керек. Оларды тұншықтырмау керек. Ондай арналар бұрын да туған болатын. Олар артық кетуі, белден басуы мүмкін. Қалай дегенмен де біз тәуелсіз ой айтуға, жағынбай, тура да тік пікір білдіре алатын адамдарды тәрбиелеуге жол ашуымыз керек. Әйтпесе, қоғам дамымайды. Қазақ қоғамы бұрынғы бар қалпынан, бейнесінен айырылып қалады. Біз айырылып та қалдық содан. Халқымыздың өзі екіжүзділікке қарай бейімделіп бара жатқан сияқты. Әрине, бірен-саран адамдар бар. Бірақ олардың тағдыры да Абайдың «Масғұт» поэмасында айтылғандай болып тұр.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста