Табысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету – отбасының өмірлік проблемаларын тұрақты шешетін әрекет емес

Табысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету – отбасының өмірлік проблемаларын тұрақты шешетін әрекет емес

Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Гүлшара Наушақызы, биылғы 2011 жылдың қаңтар айынан бастап зейнетақы мен жәрдем­ақыға 30 пайыз үстемақы қосылды. Бұған қоса осы жылдың 1 шілдесі­нен бастап бюджеттік қызметкер­лердің жал­ақысына 30 пайыз үстеме қосы­латыны тағы белгілі. Әйтсе де жыл сайын қосылғанымен, айналып келгенде осы үстеме төңірегінде халық арасында дау-дамай да баршылық. Осы төңіректе не айтар едіңіз?
– Есіңізде болса, зейнетақы мен жәр­демақыға үстеме қосу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ау­қатын арттыру – мемлекет саясатының бас­ты мақсаты» атты Жолдауында нақты-нақ­ты шараларды атап көрсеткен-ді. Ол Жол­дауда 2012 жылға дейін зейнетақының орташа мөлшерін екі жарым есеге арттыру көз­делгені мәлім. Содан бері 2009 жылы зей­нетақы мөлшері – 25 пайызға, 2010 жылы – 25 пайызға, ал биылғы жылы 30 пайызға артты. Қазіргі таңда Елбасының зейнетақы мөлшерін арттыруға қатысты тапсырмалары толығымен орындалып, зейнетақының ор­таша мөлшері биылғы 2011 жылы 2007 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артты.
Ал осы үстемеақы төңірегіндегі дау-да­майға келсек, ол, негізінен, зейнетақы және жалақы мөлшерлерінің өсуімен қатар, нарықтағы азық-түлік, коммуналдық қыз­мет, дәрі-дәрмек тағы басқа да азамат­тардың басты қажеттілігіне пайдаланатын тауарлар мен қызмет бағаларының шарық­тап өсіп кетуінен туындауда. Халық күн­делікті тұтынатын азық-түлік бағасының өсуі мен өзге де қызмет бағаларының ша­рық­тауы бүгінде барша қазақстандықты тол­ғантып отыр. Бағаның шарықтап өсуі шұғыл шаралар қабылдауға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қатысты бағаны бір деңгейде ұстап қалу саясатын жүргізуге мәжбүрлеуде. Бұл орайда тиісті органдар тарапынан инфляцияға қарсы күресті одан әрі күшейту бойынша іс-шаралар жалғасын тапса, халық арасын­дағы дау-дамай толастайды деп ойлай­мын.
– Жалпы, сіз министр ретінде «тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы түрлеріне ауылдық, қалалық деңгейде әділетті бөлініс енгізу керек. Бұл ретте ауылда тұратын отбасылар мен қалалы жерде тұратын отбасылардың еңбек ауыртпашылықтары еленуі тиіс» деген пікірлермен келісесіз бе?
– Бұл мәселеге қатысты қазіргі қол­даныстағы заңнамаға сәйкес жергілікті дең­гейде жергілікті бюджет есебінен аз қам­тамасыз етілген отбасыларға мұқтаж­дығы мен табыс деңгейі ескеріліп, бірнеше әлеу­меттік көмек және қолдау түрлері ұсы­нылады. Біздің елдегі әлеуметтік кө­мектің бірінші жүйесі – ол табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Оның мөл­­шері жан басына шаққанда орташа табысы мен кедейлік шегі (ең төмен күн­көріс деңгейінің 40 пайызын құрайды) ара­сындағы айырма түрінде есептеледі. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, 2011 жыл­дың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша рес­пуб­ликада 194,5 мың адамға 2,8 млрд теңге сомаға АӘК тағайындалып, төленіпті. Атау­лы әлеуметтік көмекті алушылардың 60 пайызға жуығын ауыл тұрғындары құ­райды. Демек, бұл – атаулы әлеуметтік кө­мектің жал­пы шығындар сомасының басым бөлігі де ауыл тұрғындарына бағытталды деген сөз. Тағы бір ескерер жайт, қазірде осы атау­лы әлеуметтік көмек енгізілгелі бері оны алушылардың саны шамамен ал­ты есеге төмендеді. Мысалы, 2002 жылы елде атау­лы әлеуметтік көмек алатындардың саны бір миллионнан астам болса, 2010 жылы 200 мыңға жуық адамды құраған. Мұның өзі елде еңбек белсенділігінің артып отыр­ғанын көрсетеді емес пе?
Сондай-ақ республикамызда көрсеті­летін әлеуметтік көмектің екінші бір түрі – балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек түрі. Біздің елде 18 жасқа дейінгі ба­лалары бар отбасыларға жан басына шақ­қандағы табысы азық-түлік себетінен (ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызы) тө­мен болған жағдайда отбасындағы әр ба­лаға 1 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1512 теңге мөлшерінде балалар жәрдем­ақы­сы төленеді. Бұл еліміздің «Балалы отбасы­ларға берілетін мемлекеттік жәр­дем­ақылар туралы» заңы аясында жүзеге асуда. Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша 18 жасқа дейінгі балаларға бері­летін жәрдемақымен 750 мыңға жуық ба­ла қамтылып, 9 млрд тең­геден астам жәр­дем­ақы тағайындалып, төленді. Балалар жәрдемақысын төлеуге бөлінген жалпы соманың 75 пайызы ауыл­дық жерде тұ­ратын балаларға бөлінгенін айта кету керек.
Бұдан кейін үшінші бір әлеуметтік көмек бар. Ол аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында тұрғын жай­ды ұстауға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету бойынша жүзеге асады. Бұл «Тұрғын үй қа­тынастары туралы» заң аясында жүргізіледі. Соған сәйкес, 2010 жылы 184,5 мың отбасыға жалпы көлемі 3,5 млрд тең­ге­нің тұрғын үй көмегі берілді. Ал, жалпы ал­ғанда, дағдарыс жағдайында халықтың аз қамтамасыз етілген тобына уақтылы әлеу­меттік көмек көрсету мақсатында 2008 жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге ныса­налы ағымдағы трансферттер бөлінуде. Осы­лайша 2008 және 2010 жылдар ара­лығындағы мерзімде осы мақсаттарға рес­публикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат, соның ішінде атаулы әлеу­меттік көмек көрсетуге – 3,37 млрд теңге, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәр­демақыларға – 6,8 млрд теңге бағытталды. Бұған қоса елімізде жоғарыда айтылған әлеуметтік көмектің үш түріне қоса жер­гілікті өкілдік органдардың шешімі бойын­ша әлеу­меттік қолдаудың қосымша тағы 30 түрі көрсетіледі. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып айтарым, табысы төмен от­ба­сыларға әлеуметтік көмек көрсету – от­ба­сы­ның өмірлік проблемаларын тұрақты шешетін әрекет емес. Ол тек қана кедейлік проблемаларын шешуге бағытталған қо­сымша әлеуметтік қолдау болып табылады. Ал ең негізгі күшті біз лайықты еңбек жағ­дайын жасауға бағыттауымыз қажет.
– Бүгінде қарапайым халықтың тіршілігін оңтайлы ету үшін алды­мен ішкі миграция мәселесін шешу жиі айтылады. Қалай ойлайсыз, бізге ішкі миграцияны реттеудің арнайы бағдарламасын қабылдайтын кез жеткен жоқ па?
– Бүгінгі күні жыл сайын ішкі көші-қонға орта есеппен 300 мыңдай адам қатысады. Олардың басым көпшілігі – бір елді мекен­нен екіншісіне жұмыс бабымен қоныс ау­дара­тындар. Дегенмен республиканың эко­логиялық өмір сүру жағдайы ерекше қо­лай­сыз және даму әлеуеті төмен елді мекен­дерден қоныс аударуға мәжбүр бо­лып отырғандар да баршылық. Өз басым мұн­дай адамдарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс деп есептеймін. Осы­ған байланысты Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі жуырда «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заңның жоба­сын дайындаған-ды. Қазір аталмыш заң жобасы Парламент Мәжілісінің қа­рауын­да жатыр. Жаңа мәтіндегі бұл заңда мәселені оңтайлы шешу жолдары қарас­тырылуда. Онда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы­сымен ішкі көшіп-қонушы­лардың қоныс аудару квотасын белгілеу де көздел­ген. Бұл квота арқылы экологиялық өмір сүру жағдайы ерекше қолайсыз ай­мақ­­тар­да тұрып жатқан халықты экономи­калық әлеу­еті жоғары өңірлерге тұрақты қоныс ау­даруға мүмкіндік ашылмақ. Мемлекет та­рапынан аталған квота шеңберінде қо­ныс аударған адамдарға тұрақты тұратын жеріне жол жүру және мүлкін (оның ішінде малын) тасымалдау шығыстарын қамтитын бір­жолғы жәрдемақы мен тұрғын үй салу­ға, қалпына келтіруге немесе сатып алуға жеңілдікті несие займдары берілетін бола­ды. Бұл жұмысты іске асыру, заң жоба­сына сәйкес, 2015 жылдан басталмақшы.
 – Өзіңіз білесіз, соңғы кезде орташа табысты көбейту, жағдайы төмен отбасыларға көмек беру мақсатында біршама реформалар­ға реңк берілуде. Бірақ біздің елде айлығын шай-пұлына жеткізе ал­­май­тындардың қатары өсім беріп келеді. Бұған басты себеп деп сіз нені атап көрсетер едіңіз?
– Жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, біздің республикамыз кедейлік деңгейін төмендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, халықтың аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдауды саясат саласындағы маңызды басымдықтардың бірі деп біліп отыр. Осы мақсатта елде, расымен де, біршама ре­фор­маға реңк берілуде. Бүгінде біздің елімізде аз қамтамасыз етілген отбасыларға жергілікті бюджет есебінен табыстарын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға арналған жәрдемақы, тұрғын-үй жәрдем­ақысы және жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай қосымша әлеуметтік қолдау көрсе­тіледі. 2010 жылдан бастап мүгедек бала­ларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға арналған ең төменгі жа­лақы мөлшерінде жәрдемақының жаңа түрі енгізілді. Елбасының тапсырмасы бойын­­ша арнаулы мемлекеттік жәрдем­ақының мөл­шері жыл сайын 9 пайызға арттырылуда. Әлеуметтік саладағы атқары­лып жатқан жұмыстар және соңғы жылдары зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақылардың өсуі аза­маттардың нақты табысының өсуіне мүм­кіндіктер беруде. Мәселен, статистика агент­тігінің соңғы мәліметтері бойынша 2010 жылдың қараша айында 2009 жыл­дың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ха­лық­тың нақты табысы 12,7 пайызға арт­қаны байқалып отыр. Осындай дәйек­терді алға тарта отырып, мен сіздің «елде айлы­ғын шай-пұлына жеткізе алмай жүргендер легі артып келеді» дегеніңізбен келіс­пеймін.
– Десек те, қазірде қайсыбір зейнеткерлердің болмашы зейнет­ақы алатыны жасырын емес. Қазақ «қартайғанда зейнет бер» дейді емес пе? Сіздіңше, біз зейнет жасындағы қарттарымызға өз деңгейінде жағдай жасай алып отырмыз ба?
– Зейнетақы жүйесі – ел экономика­сының құрамдас бөлігі. Сол себептен бұл жүйе ел экономикасының моделіне, елдің қар­жылық-экономикалық және әлеуметтік ахуалына сәйкес болады. Зейнетақының мәні – азамат зейнеткерлік жасқа жеткенде, оның еңбек етуді доғаруына байланысты табысы болмай қалудан, өмір сүру дең­гейінің төмендеп кетуінен сақтанды­ратын қаржы ретінде тұрақты негізде төленетін төлем.
Зейнетақы зейнеткердің зейнеткер­лікке шыққанға дейінгі табысының бір бөлігі ретінде есептеліп төленеді. Бұл қағи­дат – барлық елдерде жалпы қабылданған жүйе. Қазақстанда тағайындалатын зейнет­ақының мөлшері азаматтың орташа айлық табы­сының мөлшерінен есептеліп, зейнет­ақы алушының еңбек өтілінің ұзақтығына (то­лықтығына) байланысты болады. Аза­мат­тардың еңбек жағдайы және қызмет деңгейі зейнетақы тағайындағанда есепке алын­байды. Бұл – Қазақстандағы зейнет­ақы жүйесінің әлеуметтік әділеттік тұғыр­на­ма­сына негізделген тәртіп. Қазақстанда зейнеткерлердің өмір сүру деңгейін тұрақты ұстап отыру мақсатында зейнетақы мөлшері жыл сайын арттырылады. Бұл іс-шаралар­дың нәтижесін 2011 жылғы зейнетақының орташа мөлшерінің 2007 жылмен салыс­тырғанда 2,6 есеге артқаны­нан көруге болады. Осылайша мемлекет тарапынан зейнет жасындағы қарттары­мызға мүмкін­дігінше өз деңгейінде жағдай жасалуда.
– Өткенде Қазақстандағы Зейнет­ақы қорлары қауымдасты­ғының төрағасы Айдар Әлібаев мырза «Елдегі зейнетке шығу жасын жоғарылатып, әйелдерді де еркек­терді де тек 65 жас аралы­ғында зейнетке шығару керек» деген мәлім­деме таратты. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Иә, бұл мәселе соңғы кездері бұқ­аралық ақпарат құралдарында біраз тал­қыланды. Бұл мәселе бойынша тіпті арнайы баспасөз маслихатын да өткіздік. Бұл орай­да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дәл қазіргі таңда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыз­дан­дыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен бекітілген зейнеткерлік жасын (ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 58 жас) ұлғайту мәселесін қарастырып отыр­мағандығын айтқым келеді. Себебі бұл бекітілген жас мөлшері – отандас­тары­мыз­дың жалпы жағдайы, өмір сүру ұзақ­тығы сынды мәселелерді терең зерттей келе қабылданған дүние.
– Негізінен, біз – көпбалалы аналарды қолдаушы мемлекет­тердің біріміз. Дегенмен елдегі көпбалалы аналарға әлі де жоғары деңгейде көмек бере алмай отыр­ғанымыз бар. Көршілес Ресей бұл ретте «Мате­ринский капитал» бағдарламасын іске асырып келеді. Жапон елінің «Ба­ла капиталы» бағдарламасы да айтуға тұрарлық. Осы елдер тәрізді бізде де жаңа туған балаға мемлекет тара­пынан қомақты көлемде инвестиция бөлінсе, халықтың әлеуметтік жағ­дайы анағұрлым жақсарар ма еді?! Бұл турасында не айтар едіңіз?
– Өзіңіз айтып отырғандай, ана мен баланы әлеуметтік қолдауда мемлекетіміз тарапынан орасан зор қолдау көрсетіліп отыр. Әр елдің өзіндік даму жолы бол­ға­нындай, қамқорлық тұрғысынан да әдіс­темелері әртүрлі болуы мүмкін. Сіз ай­тып отырған Ресей, Жапон елдеріндегідей қам­қорлық біздің елімізде де жасалуда, тек біздегі қамқорлықтың пішіні, әдістемесі өзгеше. Сөзім жалаң болмас үшін біздің ел­дегі ана мен балаға жасалып отырған қам­қорлық жайлы айтып шығайын. Біздің елі­мізде дүниеге келген әрбір балаға және оның бір жасқа толғанша күтіміне арналған балалар жәрдемақысы қарасты­рылған. Мысалы, бала туылғанда берілетін жәрдем­ақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерінде беріледі. Баланың күті­міне арналған жәрдемақы отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай бірінші балаға – 8 316 теңге, екінші балаға – 9 828 теңге, үшінші балаға – 11 340 теңге, төр­тін­ші және одан кейінгі балаға – 12 852 теңге мөлшерінде белгіленген. Сонымен қатар 2010 жылдан бастап елімізде демо­графиялық ахуалды арттыру үшін сондай-ақ қоғамда көпбалалы аналардың дәре­жесін көтеру мақсатында төртінші және одан кейінгі туылған балаларға  берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсет­кішке дейін арттыры­лып, ағымдағы жылы оның мөлшері 75 600 теңгені құрады. Аталған жәрдем­ақы­лардың мөлшері жұмыс істемейтін отба­сыларына және отбасының табысына тәуел­сіз төленетінін айта кету қажет. Нақты санға жүгінсек, 2010 жылы бізде 329,2 мың адам бала тууына бай­ланысты 15,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы алса, бала күтіміне байланысты жәрдемақымен 130,6 мыңдай адам қам­тылып, оған жұм­салған қаржы көлемі 19,1 млрд теңгені құрады. Бұған қоса 2008 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі қосым­ша әлеуметтік тәуекел енгізіліп, жұмыс істейтін әйелдерге Әлеу­меттік сақ­тан­дырудың мемлекеттік қорынан жүкті­лігіне және тууына, жаңа туған баланы асы­рап алуына байланысты, бала бір жасқа тол­ғанға дейін оның күтімімен айналысуына байланысты әлеуметтік төлемдер төле­неді.
Осыған орай жұмыс істейтін әйел:
а) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы жөніндегі әлеуметтік төлемді (табысына қарай);
ә) республикалық бюджеттен, жоғарыда көрсетілгендей, әрбір туылған балаға рет санына қарай 30 немесе 50 АЕК мөлше­рінде бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыны;
б) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді ала­ды, оның мөлшері әлеуметтік аударым­дар есептелген табыстың 40 пайызын құ­райды. Ал әлеуметтік төлемдердің ең төмен мөлшері – Мемлекеттік сақтандыру қоры­нан берілетін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі жөніндегі ай сайынғы мемле­кеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы жөніндегі әлеуметтік төлемді 2010 жылы 128,9 мың адам 26,0 млрд теңге көлемінде және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 267,6 мың адам, жалпы сомасы 25,7 млрд теңге көле­мінде алды.
Сондай-ақ 2010 жылдан бастап көп­балалы аналарды әлеуметтік қолдау жө­нінде қосымша шаралар іске асырылуда:
«Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау шарттары өзгертілді. Оның ішінде қолданыстағы заңнамада «Алтын алқамен» марапаттау үшін олар туған және тәрбиелеген бала саны оннан жетіге, ал «Күміс алқа» сегізден алтыға дейін азай­тылды. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен, І және ІІ дәрежелі «Ана даң­қы» ордендерімен марапатталған, «Батыр ана» атағына ие көпбалалы аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2010 жы­лы 1,5 есеге көбейтіліп, 2011 жылы оның мөлшері ай сайын 9 240 теңгені құ­рады. Осынау іс-шаралар демогра­фия­лық жағ­дайға және елде бала туудың артуы­на игі әсер еткені анық. Айталық, 2003 жылы елде 248 мың бала өмірге келсе, 2007 жылы шамамен – 322 мың, ал 2009 жылы 357 552 бала туды. Пайым­дасаңыз, айыр­машылық бар емес пе? Бұл өзгеріс­тердің барлығы өз кезегінде көп­балалы аналардың беделі мен абыройын көтеруге, олардың бала тәрбиесі, отбасын нығайтуға және де­мографиялық ахуалды жақсартуға ықпалын тигізері сөзсіз. Жалпы, біздің мем­лекетіміз – демографиялық ах­уал­­ды кө­теруге, ана мен бала денсаулығына жіті назар аударуға, көпбалалы аналарға қол­дау жасауға аса мән беріп отырған елдердің бірі. Өз басым болашақта қазақ­тың саны артып, өсіп-өркендей беретініне сенемін және үнемі сондай тілеудің үстінде жү­ремін.

Алашқа айтар датым...
Соңғы кездері біздің қоғамда ұлттық кәсіби жұмысшы табын көтеру жайы жиі қозғалады. Осыған байланысты елімізде бүгінде мамандарды даярлау және қайта даярлау, «Жол картасы» жобасы мен индустрияландыру жобасын іске асыру үшін қажетті және елімізге шетелдік мамандар тартылатын мамандықтар бойынша дайындау жүргізілуде. Осы мақсатта индус­трия­ландыру жобаларына мамандықтар даярлауға, мемлекеттік білім тап­сырысын арттыруға ерекше назар аударылуда.
Осыған орай, еңбек нарығын қамтамасыз ету елімізде жеткілікті дәрежеде орындалуда. Сонымен бірге 2011 жылы кадрларды даярлау «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жалғасын табады.
Жол картасы аясында қабылданған шаралар еңбек нарығындағы жағдайға және жалпы еліміздегі жұмыссыз халық санын тұрақтандыруға оң әсерін тигізді. ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша 2009 жылы жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайызды құраса, 2010 жылдың IV тоқсанында алдын ала мәліметтер бойынша бұл көрсеткіш 5,5 пайызды құрап отыр. Бағамдасақ, елдегі жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші төмендеп келеді. Ендігі кезекте біз ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға баса назар аударғанымыз абзал. Елде ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыру еңбек белсенділігін арттырып қана қоймайды, бұл үрдіс қазақ ұлтының ұйысып береке-бірлігінің арта беруіне үлкен ықпал етеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста