Суды су пайдаланушылардың басқаруына бермей, мәселемен кәсіби түрде айналысу керек

Суды су пайдаланушылардың басқаруына бермей, мәселемен кәсіби түрде айналысу керек

Нариман Қыпшақбаев,  Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры:

– Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл­дан астам уақытта елімізде суға, соның ішінде ауызсуға байланысты арнайы бағдарламалар қабылданып, бірталай шара жүзеге асырылды. Елі­міздің су бойын­ша бас маманы ретінде осы іс­терге қандай баға бересіз? Жалпы, бү­гінгі таңда су шаруашылығына қа­тыс­ты күн тәртібінде тұрған басты мәселе деп нені атар едіңіз?
– Елімізде судан басқа табиғи және жер ресурстары әлдеқашан жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Тек, су ресурсы мем­лекеттің меншігінде қалды. Мұны мен өте дұрыс саясат деп бағалаймын. Дегенмен...
Бүгінгі таңда Қазақстанның су шаруашы­лығына қатысты басты өзекті мәселе ретінде арнайы ұйым құра алмай жатқандығымызды айтар едім. Себебі бізде суды пайда­лану­шылардың басқаруына беру арқылы қойды қасқырға бақтырғандай керағар жайт орын алып отыр. Қабылданған сала­лық бағдар­ламалар тиісті мерзімінде аяқталмай жатқаны сол себепті секілді...
Жалпы, бізде су ресурсы және сол ре­сурсты пайдаланушылар бар. Су ресурсын пайдаланушылар – ауыл шаруашылығы, өн­діріс, экология салалары, қаланың ком­муналдық шаруашылықтары және басқа­лар. Міне, қазір бізде су шаруашылығына суды пайдаланушының бірі – ауыл шаруа­шылығы саласы басшылық етеді. Ал ол өзі­мен қатар тұратын басқа су пайда­лану­шылардың мүддесімен санаса ала ма?.. Осы­дан келіп, бір арбаны үш жаққа тартқан аққу, шаян һәм шортанның күйіне куә боламыз. Әлемде су жеткіліксіздігі орын алып, ол шиеленіс факторына айналып отыр­ған бүгінгі күнде суға бұлайша төмен деңгейде қарау – сауатсыздық. Қазір дүние­жүзінде ғылыми тұрғыда суды алмас­тыратын басқа сұйықтық түріндегі элемент жоқ. Осы фактінің өзі-ақ су мәселесінің ғаламдық маңызы қаншалықты екенін айқындай алады.
Негізінен, еліміздің кең-байтақ терри­то­риясының 60-70 пайызы шөлейтті жерлер. Шөлейтті деген аты болмаса, оның асты мен үсті табиғи байлыққа лық толы. Оны игеріп, игілікке жарату үшін, әрине, су керек. Ертіс – шығыста, Жайық – батыста, Іле мен Сыр­дария – оңтүстікте. Ал Қазақстанның қақ ортасы сусыз отыр. Ел өңірлерін сумен бір қалыпты жабдықтау – біздің негізгі мақсаты­мыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, су ресур­сын пайдаланбайтын экономиканың саласы жоқ. Қандай саланы болмасын, дамытамыз десек, мәселе бәрібір суға келіп тіреледі. Сондықтан 50 жыл бойына су саласында қызмет етіп жүрген маман ретінде көзімнің жеткені, ел экономикасын, әлеуметін, мәдениеті мен әлеуетін дамытамыз десек, сумен кәсіби тұрғыда айналысу керек. Үстірт, жүрдім-бардым қарау дегенді қазір су саласы көтермейді. Демек, бізге су ре­сурсы мен су ресурсын пайдалану­шыларды біріктіретін бір кәсіби ұйым қажет. Ол 10-20 жылдан кейін су шаруашылығында не болады, соны алдын ала болжап, осы са­ланы күнделікті қадағалап, басқарып, ба­ғыттап отыруы керек. Өйткені біздегі негізгі су көздері – Ертіс, Іле, Сырдария мен Жайық – барлығы көрші елдерден келеді. Қазір ол елдер де қарқынды дамып жатыр. Ал даму деген суға деген ауыртпалықтың арта түсетіндігін білдіреді. Дүниеге бір адам келсе, оған сөткесіне 100-150 литр су ке­рек. Ал бізде артық су жоқ. Мысалы, күрішті Қазақстан да, Қытай да, Үндістан да, Вьет­нам да өсіреді. Осы елдердің тәжірибесін салыстыра отырып, аз су пайдалану жағына байланысты тиімді әдісті өзімізге нұсқа етуіміз керек. Мұндай зерттеумен айналысу үшін де арнайы ұйым қажет. Мәселен, Балқашты алалық, «Оның тағдыры Аралға ұқсап кетпейді ме?», «Балқаштың өміріне кім жауапты?» – осы сауалға нақты жауапты кім бере алады? Осындай күрделі мәселелер өте көп, олардың шешімін қазірден ой­лауы­мыз тиіс. Бұл ұйым ел экономикасының барлық саласын сумен қамтамасыз етуге міндетті.
– Таяуда Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі еліміздің «жасыл экономикаға» көшу стратегиясын әзір­леп жатқандықтан, ведомство функ­циясын күшейту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су, орман және балық шаруашылығы комитеттерін өздерінің қарауына алу туралы мәселенің қаралып жатқанды­ғын айтып қалып еді...
– Ең басты суды пайдаланушы – адам, сондықтан бірінші кезекте ауызсу мәселесін қарастырып, шешіп алу керек. Ал онымен кім айналысуы тиіс?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті – суармалы жерді тәртіпке келтіру, суды аз пайдалану, бір гектар жерден көп, сапалы өнім алу және т.б. Экология ми­нистрлігі зауыттан шыққан зиянды қалдық­тардың ауаны, суды, қоршаған ортаны ластамауын қадағалауы, салалық заңның орындалуына ыждаһаттылық танытуы тиіс. Қос министрлік өздеріне тиесілі осы тікелей міндеттерімен неге айналыспайды? Жоқ, бәрі суды басқарғысы келеді. Сөйтіп, ықпал тетігіне қолын созады. Басқаша оны қалай айтуға болады, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі аппаратында да, «салалық коми­теттерді қосып аламын» деп жүрген эколог­тарда да бірде-бір су маманы жоқ. Сонда олар қалай суды басқармақшы?..
Су деген ойнайтын нәрсе емес. Тағы қай­­талап айтамын, су мәселесін бұлайша төменгі деңгейге қою – жаңсақтық. Талай жыл су министрі болдым. Барлығына сөзі­мізді өткіздік. Су мәселесі қатты қадаға­ланды. Қазақстанның су шаруашылығы дамыды. Осындай тірнектеген еңбекпен келген дүниені неге жоя беруіміз керек? Қазір судың жайын кімнен сұрарымызды білмейміз. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің судан басқа проблемасы бастан асады. Сондықтан Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне қарасты Су, орман және балық шаруашылығы комитеттерін экологтерге өткізу туралы бастама көтерілгенде мен жазбаша түрде оған өз наразылығымды білдірген едім.
– Салалық ведомствода кәсіби ма­ман жоқ дедіңіз. Бұл біздегі су мәсе­лесінің шешімі қалай болса солай жү­зеге асырылып жатыр дегенді біл­діреді ме?
– Алдындағы «Ауызсу» бағдарла­ма­сының қаржысы мақсатты түрде игеріл­меген, ұрланып-жырылғаны да бар. Кезінде Есеп комитеті осылай деп есеп берген. Мұның себебін басқаша қалай түсіндіруге болады. Сол арада бір шын маман отырса, шырылдар еді ғой... Жіберіліп жатқан қа­теліктерді көргенде менің жаным ауырады. Содан кейін айтып саламын, біреуі оны дұрыс түсінеді, біреуі бұрыс түсінеді. Ара­сында ренжитіндері де бар. Ренжи берсін. Осы саланың ардагері ретінде көзге көрініп тұрған кемшілікті айту – азаматтық пары­зым.
Негізінен, сушыны бір судың маңайында жүрген адам деп түсінуге болмайды. Сушы – кәсібилікті талап ететін әмбебап маман­дық. Ол – экономист те, эколог та, инженер де, агроном да, заңгер де, саясатшы да, дипломатшы да болуы керек. Кәсіби сушы деген – осы. Менің қолымда мың жыл бұрын араб халқының су қатынасы туралы жазылған шариат бар. Онда «суды пай­далан, көршіңді ойла», тіпті «егер жоғарыда отырған мемлекет төменгісін сусыз қал­дырса, төменгінің жоғарыға соғыс жария­лауға құқы бар» деп қатты жазылған. Со­ғыстың бетін аулақ қылсын, бірақ осыдан-ақ судың халықаралық қарым-қатынаста ма­ңыздылығы қандай екенін байқауға бо­лады. Баяғы Түркістан мемлекетін жаулап алғанда орыстар түркі халқының су шари­атын аударуға мәжбүр болған. Өйткені бұл аймақтағы елді мекендер сол заңға жүгін­ген. Бұл тарих қазақтың, шығыс елдерінің суға қатысты өз әдеті, заңы барын нақты білдіреді. «Судың да сұрауы бар», «Су – ырыстың көзі, Еңбек – кірістің көзі», «Таулы жер бұлақсыз болмас, Сулы жер құрақсыз болмас», «Су жүрген жер – береке, Ел жүр­ген жер – мереке» деген атадан балаға мұра болып келе жатқан нақыл сөздеріміз – осы­ның бір айғағы. Сол секілді, шығыста мираб деген сөз бар. Ол амир – басқарушы, аб – су деген екі сөзден тұрады. Яғни, оу баста мемлекеттің басында екі басқарушы болған. Бірі – мемлекетті, екіншісі суды басқарған. Бұл біздегі қалған министрліктердің керегі жоқ деген сөз емес. Бірақ суды басқаратын ұйымның болуы міндетті екенін тарихпен осылайша сабақтастыруға болады. Мәсе­лен, Ауғанстанда соғыс болып жатқанда қарсылық көрсеткендердің бәрін жайпап салатын көрінеді, бірақ сушыға тиіспейді екен. Олар су маманымен есептеседі, өйт­кені сусыз қаламыз деп қорқады. Ал біз неге осылайша есептеспейміз, неге сусыз қалу­дан қорықпаймыз?
– Қазақстанның сусыз қалу қаупі бар ма?
– Биыл Францияның Марсель қала­сында 160 мемлекеттің 25 мыңға жуық су­шылары бас қосты. Осы халықаралық жиын­­нан түйген ой – бүгіндері дүниежүзілік деңгейдің күн тәртібінде қаралатын бірінші мәселесі су болып келе жатқандығы. Егер осыған дейін азық-түлік тапшылығы орын алуда деп дабыл қақсақ, қазіргі кезде әлемде су аштығы басталды. Иә, дүниеде су жетіспей жатыр. Ал бізде аздап су бар. Осы азды үнемдеп, одан айырылып қалмаудың жолын бүгіннен бастап ойластыруымыз керек. Әйтпесе, кеш қаламыз. Мысалы, Қытай­дың уақ 20 шақты өзенін есептемеген­де, Іле мен Қара Ертістен бізге тиісті суды қалай аламыз? Оны қалай дәлелдейміз? Бұл арада инженерлік көзқарас, саяси көзқарас, экономикалық көзқарас – бәрі зерделенуі керек. Әр мемлекет бір өзеннің бойында болғандықтан, өзіне тиесілі суын алуы ке­рек. Оны бүгін айғаймен, соғыспен ала ал­майсыз. Ақылмен, нақты фактімен, білім­мен, дипломатиямен, тәжірибемен ғана дәлелдейсіз. Ол үшін көршімен білімің тең болуы керек. Төмен болса, судан айырыл­дым дей беріңіз. Ондай жағдайда Қытайдан да, Ресейден де, Өзбекстаннан да, қырғыз-тәжіктен де ұтыласың, желінесің. Бұл – үлкен проблема. Келешекте аймақаралық су мәселесі күрделене береді. Өйткені су ресурсының көлемі тұрақты мөлшерде ғана. Тіпті жылдан-жылға азаю тенденциясы да байқалады. Бірақ суға деген сұраныс өсе береді. Бүгін Қазақстан халқы 16 млн десек, ертең оның 20 млн-ға жетері сөзсіз. Сонда 5 млн халыққа суды қайдан аламыз? Артық су жоқ қой, бізде.
– Бізде игерілмеген жерасты су­ларының қоры бар емес пе?
– Жерасты сулары – сары майдай сақ­тайтын қорымыз. Оны ең бірінші кезекте ауызсуға пайдалану керек. Осыны біз қазір заңдық тұрғыда алдын ала бекітіп жатыр­мыз. Жасыратыны жоқ, зауыт-фабрика­лардың, қала, өнеркәсіп, ауыл шаруашы­лығы кешендерінің лас сулары өзенге, көлге келіп түсіп жатыр. Соны тазалау, пайдалан­ған суды қайтадан өңдеу – үлкен мәселе. Елімізде суды екінші қайтара пайдалану мәселесі де түбегейлі шешілген жоқ.
Осы жағынан алғанда, ашық су – көл, өзен, суқоймаларының сапасы төмен. Оны бұрынғыдай ала салып ішуге болмайды. «Ағынды судың арамдығы жоқ» деген келмейді қазір. Бүгін жерасты суларын ластап, түгесіп, келесі ұрпаққа түк қал­дырмай, тып-типыл ету адамшылыққа жат­пайды. Осыған баса назар аудару керек. Жоғарыда атап өткен, ата-бабадан жалға­сып келе жатқан суға қатысты әдетті, заң­ды­лықты, оның кең масштабтағы маңыздылы­ғын мектеп қабырғасынан бастап үйрету қажет. Әйтпесе, отандастарымыздың қазіргі суға қатысты көзқарасын өзгерте алмай қа­луымыз мүмкін. Мәселен, Алматыда көлікті жууға ауызсу пайдаланылады. Сол қызметті көрсетуші неге ойланбайды, елге қанша­лықты зиянын тигізіп жатқанын. Оған техникалық суды беру керек. Бұған жергілікті билік неге бас ауыртпайды? Бұл да – ойланатын іс. Егер олар суға, өзіне, еліне жаны ашуды білсе, мұндай жайт орын алмас па еді деп ойлаймын.
– Елімізде «Жасыл экономикаға» көшу стратегиясы әзірленіп жатқандығы туралы жоғарыда айттық. Осы стратегияны жүзеге асыруда басты назарда нені ұстануымыз керек деп ойлайсыз?
– Қазақтың ата кәсібі – мал шаруа­шылығын. Халықаралық мамандардың пайымдауынша, бүгіндері мал өнімдерін алудағы нағыз таза экологиялық жер Қазақстан екен. Өйткені еліміздің 270 млн гектар жерінің 140-150 млн гектары – жайылым. Сондықтан жайылымды бай­лықтың көзі ретінде есептеу керек. Ал жайылымнан төрт түліктен таза өнімдер алуға болады. Себебі жайылымда мал өз тұяғымен жылдық азығының 60 пайызын тауып алады екен. Яки бұл арада азықты еуропалықтар секілді малдың аузына 12 ай бойы әкеліп салудың қажеттілігі жоқ. Қыстың қатал ызғарынан сақтану үшін азық қорының 40 пайызын жинақтап қойсаңыз болғаны. Бұл – бірінші мүмкіншілік. Екіншіден, ғаламда минуттап жаңаланып жатқан технологиялар кешегі Қамбар ата, Зәңгі баба жұмысын жеңілдетіп беріп отыр. Бүгіндері Қытай, Германия секілді мемлекеттер күн батареясын шыға­рып жатыр. Маңғыстауда күн батареясынан, желдің күшін пайдаланатын жылжымалы стансыдан үйіне жарық әкеліп, сол арқылы құдықтың моторын қосып, малын суғарып, суын жылытып отырған фермерлерді көрдім. Оған бұрынғыдай пәленбай шақы­рымға тартылған бағана, электр желісінің қажеті жоқ. Естуімше, бүгіндері балама электр көзін құраушы осындай жылжымалы стансылар арнайы бағдарлама аясында шалғай елді мекендердің фермерлеріне жеткізіліп жатқан көрінеді. Бүгінгі жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып, ата кәсібімізді жандандыру өте ұтымды шешім болар еді. Өйткені дүниежүзінде азық-түлік қымбаттамаса, арзандамайды.
Міне, жасыл экономика дегеніміз – осы. Яғни жасыл экономиканың негізі ретінде ата-баба кәсібі – мал шаруашылығын дамы­туды басшылыққа алуымыз керек деп есептеймін. Сонда Қазақстанның халықара­лық нарыққа астықтан кейінгі тасымалда­натын ұлттық брендтегі тауары мал өнімдері болады. Мал бағу да – өнердің бір саласы. Бұл өнерді қазақтан артық игерген жан жоқ шығар дүниеде. Қазақтың жайылымды жыл мезгіліне қарай пайдалану тәжірибесі ең таза экологиялық тәсілге жататындық­тарын басқа ел мамандары әлдеқашан мойын­даған. Сол дәстүрді жаңғырту керек.
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай,
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзекте отырар бай, – демей ме, ұлы Абай.
Мысалы, қыстақтың маңайындағы ра­диусі 2-3 шақырым жерге жаздыгүні қазақ мал апармайды. Өйткені боранды қыста, күншуақта сол жерге мал жайылады. Сол сияқты көктемде бір құдықтың басында, сол жерде өсетін шөптің қасиетін білгендіктен, шөбі қалың жерлерде – 10-15-20 күн, кейде бір ай отырады. Одан артық отыр­майды. Өйткені шөптің тұқымын құртып жібереміз деген. Қазір сол тепе-теңдік бұзылып, жайы­лым құрып барады. Сондық­тан еліміздің жайылым жерлерді қалпына келтіру, соған байланысты арнайы бағ­дарлама қабылдап жатқандығы кездей­соқтық емес.
– Су саласындағы инновация туралы не айтар едіңіз?
– Өзге салалардағыдай мұнда да тың идея мен жаңалықтар көп. Мәселе – оның шашыраңқылығында. Мықты мамандармен құрылған ұйым болса, сол идеяларды іліп әкетіп, оның жүзеге асырылуына атсалысар еді деп ойлаймын.
Қалай дегенмен де, су мәселесі жылдан-жылға күрделене береді. Сондықтан бүгін­нен бастап осы мәселемен кәсіби тұрғыда айналысу керек. Жобалау, зерттеу жұмыс­тарын жүзеге асыру – уақыттың талабы. Алдын алмасақ, өрт секілді төтеден кел­генде, су мәселесі бізге бой бермей кетеді.
– Жақында бір телеарна Ақтөбе өңірінде краннан ағып тұрған ауыз­судан құрт шығып жатқанын көрсетті. Мұндай мысал еліміз бойынша жиі кездеседі. Шалғай елді мекендегілер үшін бұл – аса өзекті мәселе. Оны қалай реттеуге болады?
– Негізінен, әр қаланың, әр өңірдің су арнасына суды апа­рып беру – мемлекеттің міндеті. Ал оны тазалап, ауызсу күйіне келтіріп, халыққа жеткізу – жергілікті су арнасының міндеті. Құммен, химиялық қос­памен суды тазалайтын стансылар болады. Алыс елді мекендерде ауызсуды көбіне құммен тазалайды. Міне, суды сүзгіден өткізетін осы құмды белгілі бір мерзімде ауыстырып отыру керек. Уақы­тында ауыстырылмаса, су сапасы төмендей береді. Ондай жағдайда судан құрт та, басқасы да шығады. Демек, жергілікті су арнасы бұл ретте өз міндетін дұрыс атқарып отырған жоқ.
Қазір дүниежүзі елдері бірігіп, БҰҰ аясында су заңын дайындап жатыр. Бұл арада басты назарға алынған – осы ауызсу мәселесі. Яғни таяу болашақта жер бетіндегі әр адамның ауызсуға деген құқығы бел­гіленбекші. Мысалы, Азаматтық және Қыл­мыстық кодекс бойынша бізде бір адам біреуді жараласа, жарақат жасаған адам жазаға тартылады. Сол секілді аталған заң бойынша ауызсумен адам қамтылмаса, жауапты субъекті жазаға тартылады. Өзіңіз айтып отырғандай, қазір бір жерде құрты бар су беріліп жатса, тағы бірі лас су ішуге мәжбүр болса, тағы біріне мүлде су жеткізілмесе, бізде ол үшін ешкім жаза­ланбайды. Ал болашақта мұндай бассыз­дыққа жол бе­рілмейді. Сондықтан елімізде суға деген тәртіп күшейтілуі тиіс. Маман­дандырылған мекемелердің білігі мен білімі де жоғарылай түсуі қажет. Өйткені әлемде су азайды, талап қатайып барады, мөлшер шектеулі күйде. Осыған байланысты су мәселесін шешу жылдан-жылға күрделене береді. Міне, осы факторларға қарамастан, біз жайбара­қаттықтан арылар емеспіз. Бар суымызды ластап, оны тазалау, үнемдеу жағына бас ауыртып отырғанымыз жоқ. Әрине, бұл дұрыс емес. Ал жоғары­дағылар болса, суға қатысты мәселені ақшамен есептейді. Бұлайша суды таза есепке салуға болмайды. Су – адам өмірі. Барлық ауру лас судан келеді. Ал адам өмірін, оның денсаулығын ақшамен есептеуге келеді ме? Сондықтан «суға шыққан қаржының қайырымы жоқ» дегендерді мен түсіне алмаймын.
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ата-бабамыз еңбек адамының бақытты екенін, дүниеде еңбекпен табылған астың адалдығын өз ұрпағының санасына мықтап сіңіріп кетті. Біз де осы өмір қағидасын ұстандық. Одан жаман болған жоқпыз. Бүгіндері «Қазақты қазақ ететін еңбек, еңбек және еңбек» деген Елбасымыз да жұртты Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға шақырып отыр. Бұл – өте дұрыс бағыт.
Мен министр болғанға дейін 25 жыл қатардағы сушының жұмысын атқардым. Ең алғаш еңбек жолын Түрген өзенінен бастадым. Сонда астымда жалғыз торы ат болды. Күн демедік, түн демедік, суық демедік, ыстық демедік, аянбай еңбек еттік. Міне, бүгін зейнет жасымда да мен еліме керекпін. Халықаралық, аймақаралық деңгейдегі түрлі жиындарда болып, су мәселесі бойынша мемлекетке кеңес беремін, жоғары оқу орындарында да студенттерге дәріс оқимын. Осының өзі жасыма қарамастан, еңбек тәжірибемнің бүгінгі заман керек етіп отырғанын айғақтайды. Қазір заман өзгергенмен, өмір сүру қағидасы өзгерген жоқ. Нарық заманында білім ордасынан мамандық алып шыққан жас өзін сапалы тауар ретінде көрсете білуі тиіс. Ал сапа тәжірибемен, еңбекпен жинақталады. Қолынан іс келетін адамды бетінен қағып жатқанды көргенім жоқ. Сондықтан бірден жұмсақ креслоға отыра кетсем деп армандайтын қазіргі жас буынға «мансап емес, таза еңбек бізді бақытты ететін» дегім келеді де тұрады. «Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсінді» демейді ме қазақ...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста