Субсидия алу үшін шаруа 500-ден 700 мың теңгеге дейін шығындалуы керек

Әуесхан Даринов, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Әуесхан аға, таяуда Қазақстан фермерлері атынан сіздің қауымдастық Үкіметке арнайы хат жолдаған екен. Онда еліміздің жүргізіп отырған аграрлық саясаты сынға алыныпты. Бұл салада дұрыс саясат ұстамағаны үшін сіздіңше кім жауап беруі керек?
– Биыл 24 ақпанда Қазақстан фер­мерлерінің III республикалық конференция­сы болып өтті. Оған қатысқан делегаттар – шаруа қожалықтары басшылары және өзге де ауыл шаруашылығымен айналы­сатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік басқарушыларының пікірі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындаған аграрлық саясат ауылдың шағын және орта бизнесінің мүдделерін толыққанды ескермейді, ауыл тұрғындарының талап-тілектеріне жауап бермейді, ең бастысы ол – экономиканың аграрлық секторының дамуына серпін бере алмайды деген түйін жасалды.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында ірі бизнеске көбірек басымдық беру нарықтық принциптерге қайшы келіп қана қоймай, әлеуметтік-саяси жағынан кереғар сипатқа ие. Ісіміз бұлайша жалғаса беретін болса, еліміздің азық-түлік тәуелсіздігіне қылаң түсіп, ол болжанбаған салдарларға әкелуі мүмкін.
Бүгінгі күні көптеген отандық тамақ және өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары шикізаттың жетіспеушілігінен толыққанды қуатымен жұмыс істей алмай жатыр. Ал қайбір жекелеген цехтардың жұмысы тоқ­тап тұр. Тағы біреулері сырттан тасымал­данған өнімдерді (импортталатын ет, құрғақ сүт, жеміс-жидекті, көкөністі дәнді-дақылдар концентраттары және т.б) тал­ғажу етіп, ісін алға жылжытып келеді. Міне, осындай титықтаған салалардың барына қарамастан, «ҚазАгро» желісі бойынша мыңдаған бюджет қаражаты жаңа ірі ет комбинаттарының және жемдеу алаңдары­ның, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикі­затының өндірісіне қатысы жоқ объек­тілердің құрылысымен байланысты жоба­ларға кетіп жатыр.
Дамыған елдердің тәжірибесінен біз­дікінің өзгешелігі мынада – бізде мемлекет­тік қолдау шараларын жүзеге асыруда басымдық ірі тауар өндірушілерге беріледі, ал ауыл шаруашылығындағы ұсақ тауар өндірушілер жағымсыз фактор ретінде көр­сетіледі. Сондықтан агроөнеркәсіп сек­торында қарама-қайшылық орын алып жа­тыр. Мысалы, түрлі қаржы көзінен бө­лін­ген ресурстардың 86 пайызына ірі ауыл бизнесі ие болса, ал қалған 14 пайызды шағын және орта бизнесті қанағат етуге мәжбүр.
Негізі, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі шағын және орта бизнеске жататын ауылдық тауар өндірушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаушы және іс жүзінде жалғыз өкілі болып табылады. Сондықтан жоғарыда аталған Қазақстан фермерлерінің басқосуында айтылған мәселелерді Үкімет­тің құлағына жеткізуді өзіміздің міндетіміз деп санаймыз. Сол себепті біз таяуда Пре­мьер-министр кеңсесіне хат дайындап, жө­нелт­тік. Онда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің үрдісі мен қарқынын арттыру тұрғысында Мемлекет басшысы­ның алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі ша­ғын және орта бизнеске өздерінің көзқара­сын түпкілікті өзгертулері керектігін, фер­мер­лердің субсидия мен несиелік ресурс­тарға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуін, оларға жеделдетілген техникалық қайта жабдықталуына да мүмкіндік беруі тиіс екенін айырықша атап өттік.
– Ірі және шағын бизнес арасындағы қарама-қайшылық нақты қандай бағыттарда анықталып отыр?
– Мәселен, бізде тек бір астық өндірі­сін­де ғана ірі ауыл шаруашылығы кәсіп­орнының үлестік салмағы артық. Ал аймақ­тар­да шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі басым. Міне, солар және жеке қосалқы шаруашылықтар нарықты ет, сүт, май, кө­кө­ніс, бақша өнімдері, жеміс-жидектің негізгі көлемімен, жалпы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Мақта, темекі, жүн және тері шикізаты өндірісімен де айналысатындар – негізінен, шағын және орта агробизнес. Міне, арақатынастағы айырмашылықтың нақты көрінісі осындай. Сондықтан оны министрліктің шенеуніктері ескеруі қажет.
«ҚазАгро»-ның бірқатар еншілес компаниясы ауылдық тауар өндірушілердің қаржы ресурстарына қол жетімділігін жеңілдету үшін құрылған болатын, бірақ олар соңғы жылдары несиелік саясаттың талаптарын тым күшейтіп жіберді. Нақты­рақ айтқанда, несиелерді беру бойынша қабылданатын шешімдер бюрократтыққа бой ұрған, өтініштерді қарау процедуралары болса, бірнеше айға тіпті жылдарға дейін созылып кетеді. Онымен қоса, қағазбасты­лықтан мұнда аяқ алып жүре алмайсыз. Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер «ҚазАгро»-ның облыстық филиалдары мен еншілес ұйымдарының басты кеңсе­леріне барып-қайту жолына, сондай-ақ әртүрлі қажетті құжаттарды дайындауға 500-ден 700 мың теңгеге дейін ақша кетіретіндігі анықталып отыр. Өздеріңізге белгілі, ауыл шаруашылығы өнімін алу – мерзімдік жұмыс. Оларда істі созбалап жүруге уақыт жоқ. Сондықтан көбісі мұн­дайда қолын бір-ақ сілтейді.
– Ауылға жеңілдікпен несие беру­де жіберген қателіктер бойын­ша нақты анықталған факті болды ма?
– Иә, әсіресе «Аграрлық несие корпо­рациясы» АҚ қызметіне наразылықтар көп. Бүгіндері әу бастағы корпорация қызмет­керлерінің күшімен демократиялық прин­цип­те несиелік серіктестіктерді құру туралы алғашқы идеясы іс жүзінде жоққа шыға­ры­лып отыр. Ынтымақтастық туралы күш­теп жасалған келісімдердің салдарынан ауылдық несиелік серіктестіктердің көбісі­нің несиелеу және мамандарды іріктеу са­ла­сындағы уәкілеттіктері алынып қойылған. Ауылдық несиелік серіктестіктің қор жинау көлемі де айтарлықтай төмендеген. Жергі­лікті несиелік серіктестіктердің жеткіліксіз қаржыландырылуы және оның дербес болмауы ауылдық несиелік серіктестіктің құрамынан фермерлердің лег-легімен шығуына түрткі болып отыр.
Қаржыны бөлу шарттары мен меха­н­изм­деріне, субсидия көлемінің өзіне қатысты фермерлерді мазалап жүрген сауал көп. Мәселен, өсімдік шаруашылы­ғына бөліне­тін субсидия шаруа қожалық­тарын қолдау тұрғысындағы міндетін орын­дамайды, олардың өркендеуіне жағ­дай жасап отыр­ған жоқ.
Салыстырмалы түрде алатын болсақ, мысалы Еуропалық одақ елдерінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 1 гек­тарын игеруге 360 еуро көлемінде субсидия беріледі немесе ол ауыл шаруашылығының жалпы өнімі құнының 48 пайызын құрайды. Ал Қазақстанда егістіктің 1 гектарына бөлі­не­тін субсидия 1,7-2 евроны құрайды. Сон­­дық­тан да Еуропа фермерлерінде тыңайт­қыштар мен гербицидтерді пайда­лануда алдыңғы қатардағы технологияны қолдану, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жағынан ешқандай проблема жоқ. Сол себепті көздің тамшысындай субсидия алатын отандық фермерлер қолдағы бар технологияны пайдаланып, ескірген техникамен жұмыс істеп, титықтап күнін көруге мәжбүр.
Отандық субсидиялау тәжірибесінің кереағар жерін сипаттайтын тағы бір тұсы бар. Пайдаланатын технологиясына, егіс алқабының көлеміне және тағы басқалары­на қарай бөлінетін субсидияны дифферен­ция болып табылады. Рас­таушы құжаттарды жинау қажеттілігі әкім­шілік қызметкер­ле­рінің сыбайлас жемқор­лыққа бой ұруына, ал алақол тауар өндіру­шілердің басымдық алуына жол береді. Нақ осының салдарынан 2010 жылы 2,5 мил­лиард теңге көлеміндегі субсидия игерілмей қалды.
Қарама-қайшылыққа жол беретін бізде тағы мынандай норма бар. Ол – 50 гектар­дан төмен мақта, 200 гектардан кем күріш өсіретін егіс алқабы бар фермерлерге берілетін субсидия көлемін төмендету нор­малары. Сонымен қатар 1 гектар егістікке 350 немесе 670 теңге көлемінде субсидия бөлу деген – бұл әу бастан ірі астық ком­паниялары мен холдингтерді, сондай-ақ гербицидтер мен тыңайтқыш өндіруші­лерді қолдау тұрғысындағы жемқорлықты бүркемелеп, қасақана енгізілген норма деп болжауға негіз бар.
Әсіресе мал шаруашылығындағы шағын бизнесті субсидиялау алғышарттары әділетсіз жасалған. Яғни ешқандай ғылыми негізі жоқ нормативтердің салдарынан бүгіндері ірі қара мал өсірумен айналысатын 16 мың шаруа қожалықтары субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жалпылай алғанда, барлық субсидия қолында бар-жоғы 100 мыңдай ғана сиыры бар (еліміздегі ірі қараның 4 пайызына ғана иелік ететіндер) 200-300 ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дарының иелеріне тиеді. Ал «Етті мал шаруа­шылығын дамыту» бағдарламасы бойынша негізгі салмақ салынып отырған қалған 2670 мыңы немесе еліміздегі сиыр бағушылардың 96 пайызын құраушылар, неге екені белгісіз, субсидиялауға жатпай­ды!..
Осыған байланысты бізде мынадай сұрақтар туындайды:
1. Субсидиялаудың осындай тәсілімен ет шаруашылығының экспорттық мүмкін­дігін жедел дамыту проблемасын шешуге бола ма?
2. Құжаттарды әзірлеумен және бекіту­мен айналысатын мемлекеттік қызметкер­лердің пайдакүнемдікке, сыбайлас жем­қор­лыққа қатысы бар деген тоқтам жасауға негіз бар ма?
3. 50-100 және одан аз сиыры бар шаруашылықтар алдағы уақытта мемлекет­тің қолдауына жатпайды деп есептеген дұрыс па?
4. Шағын бизнеске, соның ішінде ауылға қатысты Мемлекет басшысы жүргі­зіп отырған саясатты бұрмалау болып жатқан жоқ па?
Сондай-ақ Қазақстан фермерлер одағы еліміздің субсидиялаудың ережелері мен механизмдерін халықаралық стандарттарға барынша жақындатылуы және ол жекелеген шенеуніктердің орынсыз қалауына қарай жылдан-жылға өзгере бермеуі тиіс деп санайды.
– Халықаралық стандарт жайын айтып қалдыңыз. Осы арасына кеңірек тоқтала кетсеңіз...
– Бірқатар дамыған елдерде мемле­кеттік қолдау бағдарламалары 5-10 жылға әзірленеді және ол сол мерзім аралығында өзгеріссіз жүзеге асырылады. Оларда әдетте шағын бизнестің заңды құқықтары мен мүдделеріне қайшы келетін талаптар мен нормалар болмайды. Пайдаланылатын технологияларға және тұқым материал­да­рының сапасына, егіс алқабының көлеміне және мал басына қатысты қойылатын оларда талаптар жоқ. Субсидия берудің басты шарты табиғатты қорғау және эколо­гиялық заңнаманы бұзбау, топырақтың құ­нарлылығын төмендетпеу болып табыла­ды.
Ұсақ тауар өндірушілері басым елдер фермерлер еңбектерінің жоғары тиімділігі­мен үйлесіп жатады, олар ауыл шаруа­шы­лығы өнімін шамадан тыс өндіруден қауіп­тенеді. Ал бізде жағдай мүлдем басқаша: ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлері жетіспейді, еңбек өнімділігі де өте төмен. Сондықтан біздің аграрлық саясат­тың басымдықтарының басты принципі мемлекеттік қолдау шараларының әділдігі және тең қолжетімділік қағидаттарын сақ­тай отырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық субъектілері үшін тең бәсекелестік жағдайды қамтамасыз ету болып табыла­тын әлемдік тәжірибеге сәйкестендіру арқылы қайта қарау орынды болады деп санаймыз. Сонымен қатар шаруа қожалық­тарының рөлін қайта қарап, олардың қалыптасуы мен біртіндеп дамуына жағдай жасауы керек. Батыстағы әріптестері сияқты отандық фермерлердің де мемлекеттен берілетін субсидия мен несиелік ресурстар­ға қол жетімді болуына аса мән берген дұрыс.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің үрдісі мен қарқынын арттыру тұрғысында Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі шағын және орта бизнеске өздерінің көзқарасын түпкілік­ті өзгертулері керек, фермерлердің субсидия мен несиелік ресурстарға тең қолжетімдігін қамтамасыз етуі қажет, оларға жеделдетілген техникалық қайта жабдықта­луына да мүмкіндік беруі тиіс.
Шаруалар өз кезегінде бойында бар барлық күш-қайратымен жұмыс істеп, егіс­тер мен фермалардың өнімділігін артты­руды, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуге және халықты отандық өндіріс­тің экологиялық таза өнімімен толықтай қамтуға дайын екендігін жеткізіп отыр. Міне, осы қарқынды дұрыс мақсатқа пай­да­ланып, фермерлердің бетін қайтарып, жүзін сын­дыр­маса екен деген бізде ниет бар.
– Жанар-жағармай нарығы Ресейдегі жағдайға байланысты тұрақсыз болып тұр. Қазір шаруа қожалықтарын жеңілдетілген отын­мен қамтамасыз ету шарасын­да қан­дай да бір кілтипандар орын алып отырған жоқ па?
– Жанар-жағармай бағасының күрт өсуі ауыл шаруашылығы үшін жақсы нышан емес. Халықаралық тәжірбие көрсетіп отыр­ғандай, ол өз кезегінде басқа тауар мен қызмет түрлерінің қымбаттауына әкеп соғуда. Сондай-ақ егістік науқаны кезеңінде жанар-жағармайдың 4-7 теңгеге, ал ди­зель отынының 2-3 теңгеге қымбаттауы онсыз да қажетті деңгейде жанар-жағар­май, тұқым, қосымша бөлшектер сатып алу­ға ақшасы жетпей отырған шаруалардың жағдайын одан сайын ушықтыра түсері сөз­сіз.
Негізінен, мұнай өндіріп, шикізатты өң­дейтін зауыттарының барына қарамастан, Қазақстан мен Ресейдің ішкі нарығындағы баға АҚШ пен Қытайдағыдай тым жоғары. Соңғы екеуі мұнай импортына тәуелді мемлекеттер екені белгілі, соған қарамастан олар жанар-жағармай құнын Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанның деңгейінде ұстап тұруы, әрине таңғаларлық жағдай. Егер мұнай өндіретін басқа мемлекеттердің АИ-95 жанар-жағармай бағасын мысалға алатын болсақ, Венесуэла, Иран және Түрік­менстанда оның бір литрі 1,6-дан 8 цент аралығын қамтиды, яғни бұл 2 мен 11 теңгеге дейін деген сөз. Ал Ливияда – 13 цент (19 теңге), Сауд Аравиясында – 16 цент (23 теңге), Катарда – 19 цент (28 теңге), Бахрейн мен Кувейтте – 22 цент (32 теңге).
Міне, осы мемлекеттердегі аталған отын түрі бағасының төмен болуы ұлттық мұнай компаниялары есебінен бөлінетін мемлекеттік субсидия немесе қаражат тұрғысынан қамтамасыз етіледі. Сондықтан біздегі азық-түлік қауіпсіздігін, еңбек өнім­ділігі мен жалпы өнімді арттыру, сонымен қатар тағам өнімдері бағасын арзандату үшін ел Үкіметі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілетін жанар-жағармай­ды ішкі бөлшек саудадағы баға мөлшерінің 50-70 пайызын субсидиялау мүмкіндігін қарастыру керек деп ойлаймыз. Мұнай өнімдері нарығында спекулятивті және сыбайлас жемқорлық жағдайдың орын алмасы үшін республикамыздың көлемінде жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірыңғай реестрін құрып, аймақ пен шаруашылық ерекшелі­гіне қарай егістік алаңды есепке алып, мониторинг жүргізу қажет. Сонымен қатар өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлеріне қарай, жан-жақты шығынның нормативтерін әзірлеп, оны бекітуі тиіс.
– Ауыл шаруашылығы сақтан­дыруына қатысты көзқарасыңызды біле отырсақ. Бұл салаға реформа керек сынды ғой...
– Соңғы жылдары сақтандыру нары­ғында болып жатқан жайттар қолданыстағы өсімдік шаруашылығы сақтандыру жүйесі­нің бірқатар олқылығын анықтап беріп отыр. Көптеген сақтандыру компа­ниясы, әсіресе олардың ұсақтары 2010 жылғы құрғақшылық кезеңінде сақтан­дыру­шылар алдындағы міндеттемесін толықтай өтей алмады. Сондықтан өсімдік шаруашылы­ғындағы міндетті сақтандыру заңнамасы жетілдіруді, халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруді қажет етеді.
Үстіміздегі жылы біздің компания ауыл шаруашылығын сақтандыру саласының халықаралық сарапшыларымен кездесті. Онда да өсімдік шаруашылығын сақтандыру бойынша құзырлы органның және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілдерімен.
Бүгіндері осы мәселеге қатысты Парла­мент­ке Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен әзірленген заң жобасы жөнелтілді. Аталған құқықтық құжаттың жобасын дайындауға біздің сақтандыру компаниямыз да атсалысты. Мәселен, оған біз ұсынған мынандай нормативтер енгізілді: өзара сақтандыру қоғамының ең төменгі мөлшерлемесі, агент пен сақтан­ды­рушы арасындағы сақтандыру төлемін жекелей аймақ бойынша дифференциал­дық тәсілмен бөлшектеу. Мұның соңғысына тоқталатын болсақ, бұл арада сақтандыру төлемі әр аймаққа әртүрлі деңгейде белгіленеді: Шығыс Қазақстан облысына – 70%, Қостанай облысына – 80%, Ақмола облысына – 80%, Солтүстік Қазақстан облы­сына – 50%, Батыс Қазақстан облысына – 100%.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Ойсалар
Мал шаруашылығындағы шағын бизнесті субсидиялау алғышарттары әділетсіз жасалған. Яғни ешқандай ғылыми негізі жоқ нормативтердің салдарынан бүгіндері ірі қара мал өсірумен айналысатын 16 мың шаруа қожалықтары субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жалпылай алғанда, барлық субсидия қолында бар-жоғы 100 мыңдай ғана сиыры бар (еліміздегі ірі қараның 4 пайызына ғана иелік ететіндер) 200-300 ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының иелеріне тиеді. Ал «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы бойынша негізгі салмақ салынып отырған қалған 2670 мыңы немесе еліміздегі сиыр бағушылардың 96 пайызын құраушылар, неге екені белгісіз, субсидиялауға жатпайды!..

Керек дерек
Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша, ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілер «ҚазАгро»-­ның облыстық филиал­дары мен еншілес ұйымдарының басты кеңсе­леріне барып-қайту жолына, сондай-ақ әртүрлі қажетті құжат­тар­ды дайындауға 500-ден 700 мың теңгеге дейін ақша кетіретіндігі анықталып отыр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста