Субсидия алу үшін шаруа 500-ден 700 мың теңгеге дейін шығындалуы керек
Әуесхан Даринов, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Әуесхан аға, таяуда Қазақстан фермерлері атынан сіздің қауымдастық Үкіметке арнайы хат жолдаған екен. Онда еліміздің жүргізіп отырған аграрлық саясаты сынға алыныпты. Бұл салада дұрыс саясат ұстамағаны үшін сіздіңше кім жауап беруі керек?
– Биыл 24 ақпанда Қазақстан фермерлерінің III республикалық конференциясы болып өтті. Оған қатысқан делегаттар – шаруа қожалықтары басшылары және өзге де ауыл шаруашылығымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік басқарушыларының пікірі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындаған аграрлық саясат ауылдың шағын және орта бизнесінің мүдделерін толыққанды ескермейді, ауыл тұрғындарының талап-тілектеріне жауап бермейді, ең бастысы ол – экономиканың аграрлық секторының дамуына серпін бере алмайды деген түйін жасалды.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында ірі бизнеске көбірек басымдық беру нарықтық принциптерге қайшы келіп қана қоймай, әлеуметтік-саяси жағынан кереғар сипатқа ие. Ісіміз бұлайша жалғаса беретін болса, еліміздің азық-түлік тәуелсіздігіне қылаң түсіп, ол болжанбаған салдарларға әкелуі мүмкін.
Бүгінгі күні көптеген отандық тамақ және өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары шикізаттың жетіспеушілігінен толыққанды қуатымен жұмыс істей алмай жатыр. Ал қайбір жекелеген цехтардың жұмысы тоқтап тұр. Тағы біреулері сырттан тасымалданған өнімдерді (импортталатын ет, құрғақ сүт, жеміс-жидекті, көкөністі дәнді-дақылдар концентраттары және т.б) талғажу етіп, ісін алға жылжытып келеді. Міне, осындай титықтаған салалардың барына қарамастан, «ҚазАгро» желісі бойынша мыңдаған бюджет қаражаты жаңа ірі ет комбинаттарының және жемдеу алаңдарының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатының өндірісіне қатысы жоқ объектілердің құрылысымен байланысты жобаларға кетіп жатыр.
Дамыған елдердің тәжірибесінен біздікінің өзгешелігі мынада – бізде мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруда басымдық ірі тауар өндірушілерге беріледі, ал ауыл шаруашылығындағы ұсақ тауар өндірушілер жағымсыз фактор ретінде көрсетіледі. Сондықтан агроөнеркәсіп секторында қарама-қайшылық орын алып жатыр. Мысалы, түрлі қаржы көзінен бөлінген ресурстардың 86 пайызына ірі ауыл бизнесі ие болса, ал қалған 14 пайызды шағын және орта бизнесті қанағат етуге мәжбүр.
Негізі, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі шағын және орта бизнеске жататын ауылдық тауар өндірушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаушы және іс жүзінде жалғыз өкілі болып табылады. Сондықтан жоғарыда аталған Қазақстан фермерлерінің басқосуында айтылған мәселелерді Үкіметтің құлағына жеткізуді өзіміздің міндетіміз деп санаймыз. Сол себепті біз таяуда Премьер-министр кеңсесіне хат дайындап, жөнелттік. Онда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің үрдісі мен қарқынын арттыру тұрғысында Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі шағын және орта бизнеске өздерінің көзқарасын түпкілікті өзгертулері керектігін, фермерлердің субсидия мен несиелік ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуін, оларға жеделдетілген техникалық қайта жабдықталуына да мүмкіндік беруі тиіс екенін айырықша атап өттік.
– Ірі және шағын бизнес арасындағы қарама-қайшылық нақты қандай бағыттарда анықталып отыр?
– Мәселен, бізде тек бір астық өндірісінде ғана ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының үлестік салмағы артық. Ал аймақтарда шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі басым. Міне, солар және жеке қосалқы шаруашылықтар нарықты ет, сүт, май, көкөніс, бақша өнімдері, жеміс-жидектің негізгі көлемімен, жалпы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Мақта, темекі, жүн және тері шикізаты өндірісімен де айналысатындар – негізінен, шағын және орта агробизнес. Міне, арақатынастағы айырмашылықтың нақты көрінісі осындай. Сондықтан оны министрліктің шенеуніктері ескеруі қажет.
«ҚазАгро»-ның бірқатар еншілес компаниясы ауылдық тауар өндірушілердің қаржы ресурстарына қол жетімділігін жеңілдету үшін құрылған болатын, бірақ олар соңғы жылдары несиелік саясаттың талаптарын тым күшейтіп жіберді. Нақтырақ айтқанда, несиелерді беру бойынша қабылданатын шешімдер бюрократтыққа бой ұрған, өтініштерді қарау процедуралары болса, бірнеше айға тіпті жылдарға дейін созылып кетеді. Онымен қоса, қағазбастылықтан мұнда аяқ алып жүре алмайсыз. Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер «ҚазАгро»-ның облыстық филиалдары мен еншілес ұйымдарының басты кеңселеріне барып-қайту жолына, сондай-ақ әртүрлі қажетті құжаттарды дайындауға 500-ден 700 мың теңгеге дейін ақша кетіретіндігі анықталып отыр. Өздеріңізге белгілі, ауыл шаруашылығы өнімін алу – мерзімдік жұмыс. Оларда істі созбалап жүруге уақыт жоқ. Сондықтан көбісі мұндайда қолын бір-ақ сілтейді.
– Ауылға жеңілдікпен несие беруде жіберген қателіктер бойынша нақты анықталған факті болды ма?
– Иә, әсіресе «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қызметіне наразылықтар көп. Бүгіндері әу бастағы корпорация қызметкерлерінің күшімен демократиялық принципте несиелік серіктестіктерді құру туралы алғашқы идеясы іс жүзінде жоққа шығарылып отыр. Ынтымақтастық туралы күштеп жасалған келісімдердің салдарынан ауылдық несиелік серіктестіктердің көбісінің несиелеу және мамандарды іріктеу саласындағы уәкілеттіктері алынып қойылған. Ауылдық несиелік серіктестіктің қор жинау көлемі де айтарлықтай төмендеген. Жергілікті несиелік серіктестіктердің жеткіліксіз қаржыландырылуы және оның дербес болмауы ауылдық несиелік серіктестіктің құрамынан фермерлердің лег-легімен шығуына түрткі болып отыр.
Қаржыны бөлу шарттары мен механизмдеріне, субсидия көлемінің өзіне қатысты фермерлерді мазалап жүрген сауал көп. Мәселен, өсімдік шаруашылығына бөлінетін субсидия шаруа қожалықтарын қолдау тұрғысындағы міндетін орындамайды, олардың өркендеуіне жағдай жасап отырған жоқ.
Салыстырмалы түрде алатын болсақ, мысалы Еуропалық одақ елдерінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 1 гектарын игеруге 360 еуро көлемінде субсидия беріледі немесе ол ауыл шаруашылығының жалпы өнімі құнының 48 пайызын құрайды. Ал Қазақстанда егістіктің 1 гектарына бөлінетін субсидия 1,7-2 евроны құрайды. Сондықтан да Еуропа фермерлерінде тыңайтқыштар мен гербицидтерді пайдалануда алдыңғы қатардағы технологияны қолдану, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жағынан ешқандай проблема жоқ. Сол себепті көздің тамшысындай субсидия алатын отандық фермерлер қолдағы бар технологияны пайдаланып, ескірген техникамен жұмыс істеп, титықтап күнін көруге мәжбүр.
Отандық субсидиялау тәжірибесінің кереағар жерін сипаттайтын тағы бір тұсы бар. Пайдаланатын технологиясына, егіс алқабының көлеміне және тағы басқаларына қарай бөлінетін субсидияны дифференция болып табылады. Растаушы құжаттарды жинау қажеттілігі әкімшілік қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа бой ұруына, ал алақол тауар өндірушілердің басымдық алуына жол береді. Нақ осының салдарынан 2010 жылы 2,5 миллиард теңге көлеміндегі субсидия игерілмей қалды.
Қарама-қайшылыққа жол беретін бізде тағы мынандай норма бар. Ол – 50 гектардан төмен мақта, 200 гектардан кем күріш өсіретін егіс алқабы бар фермерлерге берілетін субсидия көлемін төмендету нормалары. Сонымен қатар 1 гектар егістікке 350 немесе 670 теңге көлемінде субсидия бөлу деген – бұл әу бастан ірі астық компаниялары мен холдингтерді, сондай-ақ гербицидтер мен тыңайтқыш өндірушілерді қолдау тұрғысындағы жемқорлықты бүркемелеп, қасақана енгізілген норма деп болжауға негіз бар.
Әсіресе мал шаруашылығындағы шағын бизнесті субсидиялау алғышарттары әділетсіз жасалған. Яғни ешқандай ғылыми негізі жоқ нормативтердің салдарынан бүгіндері ірі қара мал өсірумен айналысатын 16 мың шаруа қожалықтары субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жалпылай алғанда, барлық субсидия қолында бар-жоғы 100 мыңдай ғана сиыры бар (еліміздегі ірі қараның 4 пайызына ғана иелік ететіндер) 200-300 ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының иелеріне тиеді. Ал «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы бойынша негізгі салмақ салынып отырған қалған 2670 мыңы немесе еліміздегі сиыр бағушылардың 96 пайызын құраушылар, неге екені белгісіз, субсидиялауға жатпайды!..
Осыған байланысты бізде мынадай сұрақтар туындайды:
1. Субсидиялаудың осындай тәсілімен ет шаруашылығының экспорттық мүмкіндігін жедел дамыту проблемасын шешуге бола ма?
2. Құжаттарды әзірлеумен және бекітумен айналысатын мемлекеттік қызметкерлердің пайдакүнемдікке, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген тоқтам жасауға негіз бар ма?
3. 50-100 және одан аз сиыры бар шаруашылықтар алдағы уақытта мемлекеттің қолдауына жатпайды деп есептеген дұрыс па?
4. Шағын бизнеске, соның ішінде ауылға қатысты Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты бұрмалау болып жатқан жоқ па?
Сондай-ақ Қазақстан фермерлер одағы еліміздің субсидиялаудың ережелері мен механизмдерін халықаралық стандарттарға барынша жақындатылуы және ол жекелеген шенеуніктердің орынсыз қалауына қарай жылдан-жылға өзгере бермеуі тиіс деп санайды.
– Халықаралық стандарт жайын айтып қалдыңыз. Осы арасына кеңірек тоқтала кетсеңіз...
– Бірқатар дамыған елдерде мемлекеттік қолдау бағдарламалары 5-10 жылға әзірленеді және ол сол мерзім аралығында өзгеріссіз жүзеге асырылады. Оларда әдетте шағын бизнестің заңды құқықтары мен мүдделеріне қайшы келетін талаптар мен нормалар болмайды. Пайдаланылатын технологияларға және тұқым материалдарының сапасына, егіс алқабының көлеміне және мал басына қатысты қойылатын оларда талаптар жоқ. Субсидия берудің басты шарты табиғатты қорғау және экологиялық заңнаманы бұзбау, топырақтың құнарлылығын төмендетпеу болып табылады.
Ұсақ тауар өндірушілері басым елдер фермерлер еңбектерінің жоғары тиімділігімен үйлесіп жатады, олар ауыл шаруашылығы өнімін шамадан тыс өндіруден қауіптенеді. Ал бізде жағдай мүлдем басқаша: ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлері жетіспейді, еңбек өнімділігі де өте төмен. Сондықтан біздің аграрлық саясаттың басымдықтарының басты принципі мемлекеттік қолдау шараларының әділдігі және тең қолжетімділік қағидаттарын сақтай отырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық субъектілері үшін тең бәсекелестік жағдайды қамтамасыз ету болып табылатын әлемдік тәжірибеге сәйкестендіру арқылы қайта қарау орынды болады деп санаймыз. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының рөлін қайта қарап, олардың қалыптасуы мен біртіндеп дамуына жағдай жасауы керек. Батыстағы әріптестері сияқты отандық фермерлердің де мемлекеттен берілетін субсидия мен несиелік ресурстарға қол жетімді болуына аса мән берген дұрыс.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің үрдісі мен қарқынын арттыру тұрғысында Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі шағын және орта бизнеске өздерінің көзқарасын түпкілікті өзгертулері керек, фермерлердің субсидия мен несиелік ресурстарға тең қолжетімдігін қамтамасыз етуі қажет, оларға жеделдетілген техникалық қайта жабдықталуына да мүмкіндік беруі тиіс.
Шаруалар өз кезегінде бойында бар барлық күш-қайратымен жұмыс істеп, егістер мен фермалардың өнімділігін арттыруды, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты отандық өндірістің экологиялық таза өнімімен толықтай қамтуға дайын екендігін жеткізіп отыр. Міне, осы қарқынды дұрыс мақсатқа пайдаланып, фермерлердің бетін қайтарып, жүзін сындырмаса екен деген бізде ниет бар.
– Жанар-жағармай нарығы Ресейдегі жағдайға байланысты тұрақсыз болып тұр. Қазір шаруа қожалықтарын жеңілдетілген отынмен қамтамасыз ету шарасында қандай да бір кілтипандар орын алып отырған жоқ па?
– Жанар-жағармай бағасының күрт өсуі ауыл шаруашылығы үшін жақсы нышан емес. Халықаралық тәжірбие көрсетіп отырғандай, ол өз кезегінде басқа тауар мен қызмет түрлерінің қымбаттауына әкеп соғуда. Сондай-ақ егістік науқаны кезеңінде жанар-жағармайдың 4-7 теңгеге, ал дизель отынының 2-3 теңгеге қымбаттауы онсыз да қажетті деңгейде жанар-жағармай, тұқым, қосымша бөлшектер сатып алуға ақшасы жетпей отырған шаруалардың жағдайын одан сайын ушықтыра түсері сөзсіз.
Негізінен, мұнай өндіріп, шикізатты өңдейтін зауыттарының барына қарамастан, Қазақстан мен Ресейдің ішкі нарығындағы баға АҚШ пен Қытайдағыдай тым жоғары. Соңғы екеуі мұнай импортына тәуелді мемлекеттер екені белгілі, соған қарамастан олар жанар-жағармай құнын Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанның деңгейінде ұстап тұруы, әрине таңғаларлық жағдай. Егер мұнай өндіретін басқа мемлекеттердің АИ-95 жанар-жағармай бағасын мысалға алатын болсақ, Венесуэла, Иран және Түрікменстанда оның бір литрі 1,6-дан 8 цент аралығын қамтиды, яғни бұл 2 мен 11 теңгеге дейін деген сөз. Ал Ливияда – 13 цент (19 теңге), Сауд Аравиясында – 16 цент (23 теңге), Катарда – 19 цент (28 теңге), Бахрейн мен Кувейтте – 22 цент (32 теңге).
Міне, осы мемлекеттердегі аталған отын түрі бағасының төмен болуы ұлттық мұнай компаниялары есебінен бөлінетін мемлекеттік субсидия немесе қаражат тұрғысынан қамтамасыз етіледі. Сондықтан біздегі азық-түлік қауіпсіздігін, еңбек өнімділігі мен жалпы өнімді арттыру, сонымен қатар тағам өнімдері бағасын арзандату үшін ел Үкіметі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілетін жанар-жағармайды ішкі бөлшек саудадағы баға мөлшерінің 50-70 пайызын субсидиялау мүмкіндігін қарастыру керек деп ойлаймыз. Мұнай өнімдері нарығында спекулятивті және сыбайлас жемқорлық жағдайдың орын алмасы үшін республикамыздың көлемінде жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірыңғай реестрін құрып, аймақ пен шаруашылық ерекшелігіне қарай егістік алаңды есепке алып, мониторинг жүргізу қажет. Сонымен қатар өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлеріне қарай, жан-жақты шығынның нормативтерін әзірлеп, оны бекітуі тиіс.
– Ауыл шаруашылығы сақтандыруына қатысты көзқарасыңызды біле отырсақ. Бұл салаға реформа керек сынды ғой...
– Соңғы жылдары сақтандыру нарығында болып жатқан жайттар қолданыстағы өсімдік шаруашылығы сақтандыру жүйесінің бірқатар олқылығын анықтап беріп отыр. Көптеген сақтандыру компаниясы, әсіресе олардың ұсақтары 2010 жылғы құрғақшылық кезеңінде сақтандырушылар алдындағы міндеттемесін толықтай өтей алмады. Сондықтан өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру заңнамасы жетілдіруді, халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруді қажет етеді.
Үстіміздегі жылы біздің компания ауыл шаруашылығын сақтандыру саласының халықаралық сарапшыларымен кездесті. Онда да өсімдік шаруашылығын сақтандыру бойынша құзырлы органның және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілдерімен.
Бүгіндері осы мәселеге қатысты Парламентке Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен әзірленген заң жобасы жөнелтілді. Аталған құқықтық құжаттың жобасын дайындауға біздің сақтандыру компаниямыз да атсалысты. Мәселен, оған біз ұсынған мынандай нормативтер енгізілді: өзара сақтандыру қоғамының ең төменгі мөлшерлемесі, агент пен сақтандырушы арасындағы сақтандыру төлемін жекелей аймақ бойынша дифференциалдық тәсілмен бөлшектеу. Мұның соңғысына тоқталатын болсақ, бұл арада сақтандыру төлемі әр аймаққа әртүрлі деңгейде белгіленеді: Шығыс Қазақстан облысына – 70%, Қостанай облысына – 80%, Ақмола облысына – 80%, Солтүстік Қазақстан облысына – 50%, Батыс Қазақстан облысына – 100%.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Ойсалар
Мал шаруашылығындағы шағын бизнесті субсидиялау алғышарттары әділетсіз жасалған. Яғни ешқандай ғылыми негізі жоқ нормативтердің салдарынан бүгіндері ірі қара мал өсірумен айналысатын 16 мың шаруа қожалықтары субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жалпылай алғанда, барлық субсидия қолында бар-жоғы 100 мыңдай ғана сиыры бар (еліміздегі ірі қараның 4 пайызына ғана иелік ететіндер) 200-300 ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының иелеріне тиеді. Ал «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы бойынша негізгі салмақ салынып отырған қалған 2670 мыңы немесе еліміздегі сиыр бағушылардың 96 пайызын құраушылар, неге екені белгісіз, субсидиялауға жатпайды!..
Керек дерек
Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер «ҚазАгро»-ның облыстық филиалдары мен еншілес ұйымдарының басты кеңселеріне барып-қайту жолына, сондай-ақ әртүрлі қажетті құжаттарды дайындауға 500-ден 700 мың теңгеге дейін ақша кетіретіндігі анықталып отыр.