Шикізатымыз мейлінше көп бола тұра, жеңіл өнеркәсіптің осынша мүшкіл халге ұшырауы ақылға қонбайтын дүние

Шикізатымыз мейлінше көп бола тұра, жеңіл өнеркәсіптің осынша мүшкіл халге ұшырауы ақылға қонбайтын дүние

Любовь ХУДОВА, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы:

– Қазақстанда «иті қырын жүгіріп тұрған» сала – жеңіл өнеркәсіп. Оны жұрт­шылық жақсы біледі. Алайда құзыр­лы министрлік «жеңіл өнеркәсіп – экономикалық әлеуетті арттыруға қа­білетті сектордың бірі. Үкіметтің наза­рынан тыс қалып отырған жоқ» дейді. Нәтиже бар ма?
– Қазір отандық жеңіл өнеркәсіп сек­то­рының дағдарысқа тап болған кезі. Тым ша­бан дамуда. КСРО тараған жылдары жеңіл өнеркәсіп те құрдымға кетіп, содан бері бір орында ілдалдап тұр. Ол қалай өсіп-өнсін, егер Үкімет лайықты көңіл бө­ліп, дұрыс қолдау көрсетпей отырса... Иә, мүлде ұмыт қалды демеймін, бірақ Үкімет­тің шала тірлігі жылдар бойы қордаланып қалған қыруар проблеманы шешуге тіптен қауқарсыз.
Арыға бармай-ақ қояйын, 2000 жыл­дан бері бастап айтқанда, 2011 жылға дейін­гі он жыл аралыққа көз жүгіртіп көр­сек, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көр­сеткішінің тек кері кеткендігін ғана аңғара­мыз. Нақтырақ айтсам, егер 2000 жылы жеңіл өнеркәсіптің үлесі еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызын ғана құраса, 2011 жылдың аяқ шенінде ол тіпті 0,3 пайызға дейін төмендеп кетті. Мойындау керек, 2012 жылы жағдай там-тұмдап жақ­сарды. Бірақ оны ауыз толтырып айтуға да келмес. Ал КСРО кезінде ЖІӨ-нің 15, 8 пайызын жеңіл өнеркәсіп құраса, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бір бөлігін, яғни 25 пайызын осы саланың есебінен толықтырды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
Қазақстанда шикізат мейлінше көп бола тұра, жеңіл өнеркәсіптің осынша мүш­кіл халге ұшырауы ақылға қонбайтын дү­ние. Әлемдегі бір де бір ел Қазақстан сияқ­ты шикізатқа бай емес. Біз тері, жүн, мақта іспетті шикізаттардың ордасы бола тұра импортқа тәуелдіміз. Жұртшылық тұтынып отырған жеңіл өнеркәсіп тауар­ларының барлығы дерлік сырттан тасымалданады, яғни 95 пайызы. Осылай ішкі нарықты шетелдік өнімдер жаулап алған. Тоқыма өнеркәсібіне қатысты айтсақ, отандық өнім ішкі нарықтың тек 10 пайызын ғана қам­тамасыз етіп отырса, аяқ киімнің бір пайы­зын ғана, ал киім-кешекке келсек, 90 пайы­зы импорт.
Үкіметтің бірінші кезекте мынаны ескер­гендері жөн: жеңіл өнеркәсіпті тоқы­раудан аман алып шықсақ, бірінші кезекте ол еліміздің экономикасын жақсартуға айрықша ықпал етпек. Өйткені жеңіл өнеркәсіп – біле білсек, әлеуметтік маңызы зор сала. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту тек экономикалық өсімді жақсартып қана қоймайды, ол – жұмыс орындарын ашу деген сөз. Жеңіл өнеркәсіп, сонымен қатар ауыл шаруашылығымен де тығыз байла­нысты. Сондай-ақ химия өнеркәсібі үшін де сөз болып отырған сала аса маңызды.
Сол себепті де болашағын ойлайтын ел жеңіл өнеркәсібінің тағдырына жүрдім-бардым қарамайды. Бұл бағытта олар түрлі жеңілдіктерді қолданады. Мәселен, салық­ты төмендетеді, субсидия береді т.т.
Бізде қазір жеңіл өнеркәсіп үлесі 10 пайыз ғана. Экономикалық қауiпсiздiктің тұрақтылығы үшін ішкі нарықтағы отандық жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс.
Мысал үшін айта кетейін, Қазақстандағы жағдайға сараптама жасау үшін қазақ­стандық мамандар Жапония, Корея елде­рінде болып қайттық. Дамушы елдер қата­рына жататын олардың ішкі нарықтағы өз өнімдері шамамен 80 пайыздан астам, яғни бұл сала машина жасау өндірісінен кейін екінші орында тұр. Сол себепті де оларда жұмыссыздық проблемасы анау айтқандай емес. Әлеуметтік, экономикалық әлеуетін арттыруда жеңіл өнеркәсіп сала­сының рөлі орасан. Ал сол елдерде шикізат мүлде жоқ. Соған қарамастан, олардың жеңіл өнеркәсібі күшті дамып кеткен. Оны айтасыз, олар тіпті экспортқа тауар шы­ғарып отыр. Көпшілік елдердің мемле­кеттік бюджетінің шамамен 50 пайызы дәл осы жеңіл өнеркәсіп үлесінен.
Ең өкініштісі, Үкiмет дайындаған индус­триялық‑инновациялық дамудың жедел­тетiлген бағдарламасына жеңіл өнеркәсіп тағы ілінбей қалды. Қарап қалмадық, барлық құзырлы орындарға дабыл қақтық, олар өз кезегінде уәдені үйіп-төгіп шыға­рып салды, алайда «баяғы жартас – сол жартас». Елімізде 500 мыңнан астам өнер­кәсіп тіркелсе, бүгінгі күні соның тек 14 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Аталмыш сала­ны осындай тығырықтан алып шыға­тын жүйелi бағдарламалар мен кешен­дi шаралар жасамаса болмайды.
– Жеңіл өнеркәсіп тауарлары не­гізінен сырттан тасымалданады деп жатырмыз, егер бізді киіндіріп отырған елдер эмбарго жариялайтын болса, жалаңаш қалатын түріміз бар сияқты ғой. Шынымен де, қарекет жасамаса болмас. Адамзат баласына шалбар киюді үйреткен көшпелілердің ұрпағы саналатын біздердің мына жаһандан­ған заманда өзгенің киіміне қарап қалғанымыз ақылға қонбайтын нәрсе. Тығырықтан шыға аламыз ба?
– «Барды» «бар» деп айту керек. Ел­басымыз Н.Назарбаевтың қаулысымен 2005 жылы «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылғанынан жұртшылық мәлім. Сол еркін экономикалық аймақ аясында бес кәсіпорын салынды. Әрине, бұл – қуа­ныш­ты жағдай. Бұл жоба көп проблеманы шешкелі тұр. Атап айтсам: халықты жұмыс­пен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі жетілдіру, т.т. Елбасының тапсырмасы бойынша өңір­лердің дамуы енді-енді қолға алына бастады.
Ал ең негізгісі, «Оңтүстік» еркін эконо­микалық аймағы мына мақсатта құрылған болатын:
– тоқыма өнеркәсібін, атап айтқанда, дайын бұйымдар өндірісін дамыту;
– Қазақстан Республикасы экономи­касының әлемдік шаруашылық эконо­микасын жандандыру;
– дайын тоқыма өнімдерін өндіру үшін әлемдік сауда маркілерін өндірушілерді тарту;
– жоғары технологиялық өндірістер құру, өндірілетін тоқыма өнімдерінің сапа­сын жақсарту мен түр-түрін көбейту.
Қысқасы, «Оңтүстік» еркін экономика­лық аймақ мемлекетіміздің инвестициялық климатын жоғары деңгейде қалыптас­тыруға, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлардың қарқынды жұмыс істеуіне өз үлесін қосуда.
Еліміздегі тігін фабрикалары зәру болып отырған маталарды шығару жүк­теліп отырған бұл кәсіпорындарға көп сенім артып отырмыз. Қазір Шымкент қа­ла­сында заманауи технологиямен жаб­дықталған үш кәсіпорын жұмыс істей бас­тады, яғни «Меланж» АҚ, «Ютекс» АҚ және «South Textiline KZ». Кезінде 9000 жұмысшы болған АХБК өндірген мақта-мата тауарлары қайта шығарыла бастайтын болады. АХБК жабылған соң, елімізде ондай мата өндіретін бір де бір орын қал­маған-ды. Қысқасын айтқанда, мақта-мата кластері жолға қойыла бастады.
– Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға кедергі болып отырған факторларды таратып айтып берсеңіз.
– Олар мыналар:
– Бірінші, Үкімет тарапынан дұрыс қолдау болмай отырғандығы;
– Екінші, шетелдік арзанқол дүние­лердің жаулап алуы;
– Үшінші, шикізат тапшылығы.
Енді осылардың әрқайсысына жеке-дара тоқталып өтейін. Үкімет қолдау көрсетпей отыр деген себебім, мысалы үшін, сырттан келетін тауарларға айтар­лықтай жеңілдіктер қарастырылған. Ал біздің өзіміздің кәсіпкерлерге талапты күшейтіп тастаған. Сертификат дейсіз бе, қосымшы құн салығы дейсіз бе, бәрі жаға­дан алады. Енді қазір оларға менеджмент жүйелерін енгізіп, сапаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жатыр. Естуімше, еліміздің 5157 кәсіпорнына, нақ­тырақ айтсам 4 951 – ИСО 9001 бойынша, 453 – ИСО 14001, 450 – OHSAS 18001, 66 – ИСО 22000, 4 - SA 8000 халықаралық стандарттарын енгізген. Мұның барлығы айналып келгенде, қомақты қаржыны талап етеді. Сол себепті отандық өнімдер біршама қымбатқа түседі. Мәселен, көршіміз – қырғыздар қазір аз ғана халқымен өздері мен бізді қойып, тіпті Ресейді қарық қылып отыр. Қырғыз елінің 30 пайыз халқы дәл осы жеңіл өнеркәсіппен айналысып, соңғы он жылда көп нәрсені үйренді. Бұл ретте олар германдық белгілі компаниялармен іскер байланыс орнатып, солардың технологиясын мықтап меңгерді. Сөйтіп, төмен сапа, арзан баға принципімен жұмыс істеді. Үкімет өз кезегінде бұл сала­ны салықтан мүлде босатты. Кезінде Қытай да, Корея да осы принциппен дамы­ған.
Енді екінші себепке келсек, қазір кеден­нен 50 килограмм тауарды деклара­циясыз, сертификатсыз, қосымша құн салығынсыз алып өтуге рұқсат етілген. Осы жеңілдіктерді пайдаланған алыпсатарлар әрлі-берлі сабылып, тауар тасуда. Сөйтіп-ақ олар нарықты шетелдік тауарлармен қаптатып тастады. Қазақстанда мұндай сауда түрімен айналысатындар саны шамамен 2 мил­лиондай. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Біздің қауымдастық осы мәселені талай көтерді, әлі де жеңілген жоқпыз, яғни сырттан келетін тауарларға бақылау мен талапты күшейтуге барымызды саламыз.
Үшінші – Қазақстанда шикізат өндіруші кәсіпорындар жоқтың қасы. Жұмыс істеп тұрған тігін цехтарының өздері матаны сырттан тасымалдайды. Өздеріңіз білетін боларсыздар, әсіресе теріге қатысты мәселе өзекті болып тұр. Ал статистикалық агенттік «қазақстандықтардың аяқкиім мен тері бұйымдарына жұмсайтын қаржысы жылдан-жылға артып келеді» дейді. Егер тауардың осы түрін өзімізде шығаратын бол­сақ, бізде тері жеткілікті ғой. Бір қуан­тарлығы, арнайы қаулы қабылданып, өң­дел­меген теріге кедендік салықты көтеруге қол жеткіздік. Бұрындары бір тон­на шикі­затқа 200 еуро салық салынса, қазір кеден­дік салық – 500 еуро. Біздегі кедендік салық­тың тым төмендігін ресейліктер өздерінің шикізатын біздің шекара арқылы экспорттап келген еді. Бірақ мұнымен проблема шешілген жоқ. Сапалы терілер шетелге көлеңкелі бизнес­пен кетіп  жатыр. Біздің кәсіпорындар болса, шикізаттың жоқтығынан жұмыссыз қалуда. Өйткені фермерлер теріні қолма-қол ақшаға сатып жібереді. Ал елдегі кәсіп­орындарға сатудың өзіндік қиындықтары бар. Сол себепті біз құзырлы орындарға теріні фермерлерден сатып алатын жүйе құруды ұсынған едік. Алайда ешкім оған құлақ аспай отыр. Тағы бір мәселе, бұрын­дары мал сойып, оның терісін сыпырып алу­дың өзіндік технологиясы болған. Қазір малдың 80 пайызы фермерлік шаруашы­лықта. Олар теріні бұзбай алуды тіпті ойламайды да. Ондай шұрық- тесік терілер өңдеуге жарамайды. Бұл да өз алдына күрделі мәселе болып тұр. Таяуда «Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы жеңіл өнеркәсіп саласының проблемалары мен келешегі» деген тақы­рыпта үлкен жиын өткізілген болатын. Сонда Беларусь, Ресей, Қазақстан елдері бірауыздан қолдап, өңделмеген теріні мүлде сыртқа шығармау мәселесін талқы­ладық. Мүлде тыйым салу арқылы тері шикізатын бақылауға ала аламыз. Тері – байлық көзі.
Жүн мәселесі де қиын жағдайда тұр. Елімізде тек 14 пайыз жүн ғана өңделеді екен. Естуімше, қай бір жылы қытайлықтар Жамбыл облысын түгел аралап, ауылдар­дан барлық жүнді тым арзан бағаға сатып  алып кетсе керек. Ал біздің кәсіпорындар жүн таба алмай шарқ ұруда. Қазір маман­дар шаруашылықтарға жүнді отандық өндіруге сату тиімдірек болу үшін, субси­диялау тетігін өзгерту керек деп жатыр, мен оған қосыламын. Тағы бір мәселе, біз топс өндірісімен шектеліп қалмауымыз керек. Өз кілемдерімізді шығармасақ болмайды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, жылына  Қазақстанға 50 миллион доллардың кілем өнімдері сырттан әкелінетінге ұқсайды.
– Кедендiк одақ демекші, екі немесе бірнеше мем­лекеттердің өз араларын­дағы кедендік шекараларды жою және бірыңғай кедендік тариф құру жөнін­дегі келісімі бір болып табылатын бұл одақтың аясында жеңiл өнеркәсiп саласының бағы жана ма әлде?..
– Кедендік одақ шарттарының екі жағы бар, яғни тиімді де, тиімсіз де. Мәселен, дайын өнімге салынатын баж салығы жоғары болуы тиіс дегендері дұрыс. Бұл – бірінші кезекте ішкі нарықты қорғауға бағытталып отырған шарт. Иә, Қырғыз елімен шекарада бірқатар қиындықтар туындайтыны рас. Түркия, Қытайдан әкелi­нетiн тауарлардың сөз болып отырған көр­шілеріміз арқылы салықсыз, рәсiм­деу­сiз келіп жатқаны жасырын емес. Қанша тосқауыл қойсаң да алыпсатарлар амалын табады. Келіспейтін тұсымыз – бiздiң тігін ісімен айналысатын кәсіпкерлер үшiн мата түріндегі шикізат тапшы болып отыр. Ал Кедендік одаққа кіретін Ресей мен Бела­русьте өздеріңіз білесіздер, мата шығара­тын орындар көптеп саналады. Ондай болса, әу баста жоспарланғандай матаға салынатын баж салығын бiрден 10-15 пайызға көтеру дұрыс емес. Сол себепті бұл салықтың көлемiн 0-5 пайызға дейiн төмендеттiк.
– Өзіңіз айтпақшы, төмен сапа, арзан баға – мүмкін экономика үшін тиімді жол шығар. Алайда сапасыз киімнің қаншалықты зардабын тигізіп отырғаны баршаға аян. Неге Үкімет осы жағына келгенде тым бейқам. Құзырлы саланың бақылауына не кедергі?
– Дұрыс айтасыз. Үкімет бейқам, бақы­лау орындары енжар. Мынаны ескертіп алайын, төмен сапа мен арзан бағаның екі жағы бар. Өз басым әлбетте төмен сапаға үзілді-кесілді қарсымын. Алайда арзан бағаға келсек, әңгіме мүлде басқа. Иә, ха­лыққа арзан киім керек. Үкіметпен бір­лесіп, соның жолын неге шешпеске? Ол сондай-ақ қиын шаруа емес. Тек отандық тауарлардың бағасын арзандатудың тиімді тетіктері жасалса болғаны, яғни сырттан келетін тауарлардың демпингтік бағасымен теңестіру қажет. Сонда бәсекелестік дамы­ған болар еді. Мәселен, жеңіл өнеркәсіппен айналысатындарды бес жылға қосымша құн салығынан босатайық. Айта берсе тығырықтан шығудың жолдары жетіп жатыр. Мәселен, кірістің салығынан бо­сатайық. Егер олар сол қаржы көзін ин­вестицияға жұмсаса, өндіріс ахуалын жақсартып алған болар еді. Қазір кәсіп­керлер үшін несие де тиімсіз болып тұр. Қытайда несиенің бұл түрі кәсіп­керлерге 2 пайызбен берілсе, бізде 25 пайыз. Қайта «Жол картасы – 2020» шең­берінде біраз кәсіпорындар субсидия алып, өнімділігін арттырып, заманауи тех­нологиямен жаб­дықталып алды. Алайда бұлар жалпы отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қауқарсыз.
Сапасыз киім демекші, бұл тұрғыда да біз арнайы жеңіл өнеркәсіп тауарларының регламентін жасаған болатынбыз. Сол регламентте тауардың сапалық нормасы көрсетілген. Сөйтіп, құзырлы салаға сырт­тан келетін тауар сол нормаға сай келмесе, ішке өткізбеу жөнінде ұсыныс жасадық, алайда құлақ асқан ешкім жоқ. ҚР Индус­трия және жаңа технологиялар министр­лігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне талай айттық, алайда олар заң талабына сәйкес, тек шағым түссе ғана тексере алады. Ал еліміздің бүкіл базары мен сауда орындарын жайлап алған қай тауарға шағым айтасың. Мәселені бұлай шешуге болмайды, ең дұрыс жолы – біз жасаған жеңіл өнеркәсіп тауарларының регламентін жүзеге асыру.
Біз өз ұрпағымызды өзіміз мүгедек етіп жатырмыз. Бұл деген геноцидпен пара-пар десек, қатты айтқандық емес. Біздің қа­уым­дастық Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында зерттеу жүргізген еді, балалардың 75 пайызы сапасыз аяқкиім­нің кесірінен түрлі ауруға шалдыққан болып шықты. Қытайлық аяқкиімдер адам денсаулығына өте зиян, балалар аяқкиім­дері тіпті пайдалануға болмайтын шикі­заттардан тігілген. Жағдай алаң­датарлық. Қарулы Күштер қатарына шақы­рылған жастардың басым бөлігінің ден­саулығы әскерге жарамай қалады. Солар­дың барлығы – сапасыз аяқкиіммен келген аурулар. Бұл деген біздің қорғаны­сымызға қауіп төндіріп тұрған жоқ па.
Ал отандық өнімдеріміз қымбат болса да, экоөнімдер. Сапа жағынан еуропалық тауарлардан кем емес. Жуырда Кореядан келген делегация өкілдері қазақстандық өнімдердің сапасына тәнті болып кетті. Ресейде жылда өткізіліп тұратын халық­аралық көрмеге шыққан біздің тауарлар сапа жағынан еуропалық стандартқа сай келді. Ресейде біздің тауарлар үлкен сұ­ранысқа ие болып отыр. Сапа жағынан да, сән жағынан, жоғары технология жағынан да бәсекеге қабілетті болып шығып, Украина, Ресей асып, енді Австралияны жауламақшы. Швейцария қазақстандық өнімдерге жоғары баға берген-ді.
– КСРО кезінде Жеңіл өнеркәсіп саласы өз алдына бір министрлік бол­ған. Қазір ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құзы­рында бір ғана Басқарма бар. Бұл бас­қарма әңгіме бойы сөз болып отырған проблемаларды оң шешуге шамасы жете ме?
– Бұл мәселені дұрыс көтеріп отыр­сыздар дер едім. КСРО тараған жылдары Жеңіл өнеркәсіп министрлігі де тарап кетті. Сөйтіп, бұл сала хаостық жағдайда жұмыс істеді. Кейінірек Қазақстан Республи­касының Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрлігі құзырында Жеңіл өнеркәсіп басқармасы құрылды. Оған да шүкір дейміз әрине. Десек те, онда отырған бес-алты маман бүкіл бір елдің жеңіл өнеркәсіп секторындағы барлық пробле­маларды шешеді дегенге өз басым сен­беймін. Сондықтан да арнайы министрлік құрған жақсы-ақ болар еді. Болмаса тіке­лей тек жеңіл өнеркәсіппен айна­лысатын Ресейдегідей «Текстильпром», «Легпром», Белоруссиядағыдай «Беллегпром» сияқты алпауыттар құрылса игі іс болар еді.
– Отандық БАҚ-тарға берген бір мәлімдемеңізде мемлекеттiк сатып алуды қатты сынға алыпсыз. «Самұ­рық-Қазына» қоры жасаған тізімге де көңіліңіз толмапты. Сол турасында кеңірек айтып берсеңіз.
– Мемлекеттiк сатып алу – тек менің емес, бүкіл қоғамның сынына ұшыраған жүйе. Отандық өнiм өндiрушiлер қазір амал жоқ, тек униформалар тігумен ғана айналысуға мәжбүр. (Өйткені жоғарыда неше мәрте қайталап өткенімдей, нарықты шетелдік тауарлар басып алған.) «Са­мұрық-Қазына» қоры дайындаған тiзiм бойынша мемлекеттік тапсырысты тек отандық өнiм өндiрушiлерi ғана орындауы тиіс еді, қазір ол тізімде кім жоқ?! Тіпті дел­далдар да пайда табуда. Менің ойымша, Индустрия және сауда минис­трлiгi бұл тұрғыда Жеңіл өнеркәсіп қа­уым­дасты­ғымен бірлесе жұмыс істегендері абзал. Себебі, қауымдастық Қазақстандағы әр-бір жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының мүмкіндігімен, әлеуетімен жақсы хабардар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста