Шетке шыққан соң, еліңнің қадірін, далаңның иісін сағынады екенсің

Шетке шыққан соң, еліңнің қадірін, далаңның иісін сағынады екенсің

Ақерке АБЫЛАЙХАН, Білім және ғылым министрлігі Халықаралық бағдарламаларды іске асыру басқармасының бастығы:

– Қазіргі «Болашақ» халықаралық стипендиясының үміткерлеріне қойылатын басты талаптар қандай? Өзгерістер мен жаңалықтар бар ма?

– «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу 2008 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген арнайы Ережеге сәйкес жүргізіледі. Биылғы жылы да 2008 жылғы Ереже тәртіптеріне сай құжаттар қабылданып, конкурсты өткізу ұйымдастырылып отыр.

Яғни құжаттарға қойылатын басты талаптар: мектеп бітірген түлектердің аттестатының балы мен жоғары оқу орнын бітірген азаматтардың дипломының бағасы 4,5 балдан төмен болмауы керек. Егер магистр дәрежесін алу үшін оқуға үміткер шетелдегі оқу орнына өз бетімен түсетін болса, дипломының бағасы 4 балдан кем болмауы талап етіледі. Барлық үміткерлер «Болашақтың» жалпы конкурсына қатыса алады және шетелге өз бетімен оқуға түскендер, тиісті құжаттарын әкеліп, конкурсқа қатыса алады. Докторантура (PhD) бағдарламасы бойынша шетелде білім алғысы келетіндерге міндетті түрде ғылыми жетекшісін өзі таңдап, оқуға өз бетімен түсу шарт. Ғылыми мамандар шақыру қағазы болса, шетелде 1 жылға дейін ғылыми тағылымдамадан өте алады.

– Оқуға өз бетімен түскен үміткерлер де келесі жылдары «Болашақ» бағдарламасының аясына кіре алады ғой? Мұндай мүмкіндігі бола ма?

– Иә, олар да конкурсқа қатысып, стипендия иегері атана алады, бұл жерде негізгі мәселе қаржыландыруда ғой. Сонымен қатар ауыл балаларына, мемлекеттік қызметкерлерге, ғылыми-педагогикалық кадрларға квота шеңберінде жеңілдіктер бар. Мысалға, үш жыл ұстаздық еткен жас маман осы мүмкіндікке ие бола алады. Осыны біле бермейтіндіктен болар, конкурсқа мектеп мұғалімдері өте аз қатысып жатады. Жоғарыдағы үш топқа жеңілдік негізінен, шет тілінен жасалады. Олардың шет тілін білу деңгейінің төмендігі ескеріліп, конкурстан өткен жағдайда төрт семестр алдын ала тіл үйрену курстарына жіберіледі. Бұл жерде жеңілдік шет тілінен болғанымен, үміткерлердің базалық тіл білімдері болуы қажет-ақ.

Квота, атап айтар болсақ, ғалымдарға – ғылыми тағылымдамадан өту үшін, ғылыми педагогикалық кадрлар мен мемлекеттік қызметкерлерге – магистратурада оқу үшін, ауыл балаларына бакалавриатта оқу үшін қарастырылады. Шет тілінен қажетті балл жинағандардың барлығы конкурстың келесі турларынан өтеді. Талап бойынша, қазақ тілінен емтихан тапсырады, «Қазтест» жүйесі бойынша, 150 тест сұрағының 90-ына дұрыс жауап берсе, келесі кезеңге өтеді. Келесі конкурстың кезеңі психологиялық сынақпен жалғасады. Әрине, шетелде білім алу да оңай емес. Сондықтан үміткердің онда оқуға қаншалықты дайын екені тексеріліп, психолог мамандар жағынан баға беріледі.

– Қазақ тілінде емтихан тапсырған үміткер тест сұрағынан басқа, ауызша әңгімелесу секілді сынақ түрінен өтпей ме?

– Конкурстың 2-турында Тәуелсіз сараптама комиссиясы мүшелері әр үміткермен жеке-жеке әңгімелесіп, оларды жан-жақты сыннан өткізеді. Яғни «Болашақ» халықаралық стипендиясынан үміткер жастың оқудағы алға қойған мақсаты, оның қазақ тілі мен шет тілін меңгеру қабілеті тексеріледі. Осыларға қосымша, олардың Конституция мен Қазақстан тарихынан хабары бар-жоқтығы және өзі таңдаған мамандығы арқылы елдің ертеңі үшін қандай пайда әкелетіні, қысқасы, бәрі жүйелі түрде кешенді сарапталады. Бұл кезеңдерден өткен талапкердің барлық құжаттары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев төрағалық ететін шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияға жіберіліп, стипендия тағайындау туралы соңғы шешім осы комиссия отырысында шығарылады.

– Тәуелсіз сараптама жүргізетін комиссияның құрамындағы адамдар қай саланың өкілдері?

– Оның құрамында республикалық комиссияның мүшелері немесе олардың уәкілетті өкілдері, құзырлы министрліктің өкілдері, ұлттық компаниялар, ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының оқытушы-ұстаздары кіреді. Мысалға, үміткер энергетика саласы бойынша оқуға кетіп бара жатса, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің өкілі комиссия құрамында сарапшы ретінде үміткердің осы саладан қаншалықты хабары бар екенін бағалайды. Олардың негізі мақсаты әйтеуір шетелге шығып қана қою емес, өзіндік жоспары бар, ел тарихын білетін отансүйгіш азамат екендігін анықтау. Осы бағытта мамандар тексеруден өткізеді.

– Шетелдік оқу орындарына өз бетімен түсетіндердің қатары көп пе?

– Олардың саны жыл сайын артып келеді. Себебі қазір көптеген жастар шет тілін жақсы меңгерген. Олар оқуға түскені туралы ресми шақыру қағазын әкеледі. Дегенмен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің барлық жоғары оқу орындарында оқуға рұқсат берілмейді. Арнаулы стипендия иегерлері оқу үшін, ұсынылатын оқу орындарының тізімі бар. Биылғы жылғы тізімге тек қана шетелдік 200 оқу орны енген. Басым мамандықтар тізбесі де сұранысқа сәйкес, жыл сайын жаңартылып, бекітіледі. Негізгі басым бағытты техникалық мамандықтар иеленеді. Мысалы, мектеп бітірген түлектің гуманитарлық мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндігі жоқ. Бакалавриат бағдарламасы бойынша тек техникалық мамандықтармен оқыту көзделген. Ал гуманитарлық мамандықтар бойынша үміткерлер магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша өз білімдерін шыңдай алады. Биыл оқуға өз бетімен түскен жастар «Болашақ» бағдарламасының конкурсынан шілде айында өтті. Тамыз айының 10-ы күні республикалық комиссияның соңғы шешімімен стипендия иегері атанған жастар қыркүйек – қазан айында оқуларына аттанады. Жалпы, конкурс 2009 жылдың ақпан айына айына дейін жалғасады деп жоспарлап отырмыз.

– Шет тілін өз бетімен меңгерген, кезінде тиісті емтихандар тапсырған балаларға баратын еліне қарай шет тілінен қайталап сынақ тапсырудың қажеті бар ма?

– Көптеген үміткерлер мектеп, университет қабырғасында білім ала жүріп, шет тілі курстарына қатысу арқылы тіл үйреніп, халықаралық деңгейдегі шет тілі (TOEFL, IELTS, Test DAF т.б) емтихандарын тапсырып, сертификат алады. Егер сертификаттағы балл «Болашақ» бойынша үміткерлердің шет тілін меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарға сәйкес келсе, сертификат мерзімі жарамды болса, бірден конкурстың келесі кезеңдеріне өте береді. Мысалы, соңғы оныншы тамызда өткен комиссия отырысында 464 үміткер стипендия иегері атанса, оның 135-і сертификаты бар жалпы конкурстан өткендер.

Шетел оқу орнына өз бетімен түспеген, жалпы конкурс бойынша стипендия тағайындалған азаматтардың мамандығы техникалық бағытта болса, оларға да тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі беріледі.

– Әр елге оқуға баратын стипендиаттардың оқу ақысы әртүрлі болар. Жалпы, ол қалай белгіленеді?

– Оқу құны оқу орнының рейтингісіне сай бір елдің ішінде әртүрлі болып келеді. Талап бойынша стипендия иегерлері алдыңғы қатардағы жетекші оқу орындарында ғана оқу қажеттілігін ескерсек, оқу құны АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттерінде арзан деп айта алмаймын. Бірақ оқу құны тегін Германия мен Франция мемлекеттерінде де оқитын стипендия иегерлері бар, оларға  тек  жол  шығындары мен шәкіртақы төленеді. Сондықтан қатып қалған көрсеткіш жоқ деуге болады.

Ал ай сайын стипендия иегеріне берілетін шәкіртақыға келер болсақ, әр мемлекеттің құзырлы органдарының жүргізген әлеуметтік зерттеулері барысында өмір сүруге қажетті сумма белгіленеді ғой. Шетел елшіліктері мен ресми ұйымдардан алынатын осындай ақпараттар негізінде шәкіртақы мөлшері белгіленеді.

– Жаңағы Германия  мен Францияда білім алу қалайша тегін? Әлде барлығын мемлекет қаржыландыра ма?

– Бұл мемлекеттерде білім алу неміс бол, француз бол, шетел азаматы бол – тегін. Студенттер жоғарыда айтқанымдай, өмір сүру үшін ғана қаражатты керек етеді. Мысалы, Германияда студент әр федералдың аумақтық заңнамасына сәйкес, семестр сайын 100-200 евро көлемінде ақша төлейді, осы арқылы ол студенттік билет алады. Ол семестр бойы студенттік жеңілдіктерді қолдануға, тұратын қала ішінде қоғамдық көлікте тегін жүруге т.б мүмкіндік береді.

– Биылғы жылы «Болашақ» халықаралық оқу бағдарламасымен қанша адам шетелге оқуға аттанбақшы?

– 2005 жылы Елбасымыз Н. Назарбаев Үкіметке жыл сайын үш мың азаматты “Болашақ” стипендиясы шеңберінде оқытуға тапсырма берген болатын. Мысалы, бір бала бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға түссе, ол 4-5 жыл бойы сол 3 мың орынның біреуін ұстап отырады ғой. Ал оқу бітірген түлектер есебінен орындар босайды. Осындай есептеулер негізінде биылғы вакантты стипендияның саны – 1367.

– Бұлай болғанда, үш мың орын бір-екі жылда толып кетіп, ары қарай стипендия бөлінбей қалмай ма?

– Әр мемлекеттің оқу орындарында оқу мерзімі әртүрлі. Мысалға, Ұлыбританияда бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу 3 жыл болса, магистратура бағдарламасы бойынша оқу мерзімі 1-ақ жыл, АҚШ-та 2 жыл. 2008-2009 оқу жылында 2 мың 800-ге жуық стипендия иелері оқыды. Студенттердің көбірек қызығушылық танытатын елдері – Ұлыбритания. Оқуларын аяқтап, елге оралып отырған түлектер есебінен орындар босап отырады. Өз бетімен түскен үміткерлерді де көп күттірмей, оқуларын күзде бастай беру үшін әр жыл сайын оларға конкурсты жаз айында өткіземіз. Сондықтан бұл шешімін тапқан, өз жолына қойылған мәселе дер едім.

– «Болашақ» бағдарламасына деген ауыл жастарының қызығушылығы қандай? Оларға бөлінген квота саны қанағаттанарлықтай дәрежеде ме?

– Ауыл жастарына былтырдан бастап квота тағайындалды. Оларға бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алуға 65 орын берілген болатын. Олардың да қызығушылығы басым деп айтар едім. Өткен жылғы 65 орынның орнына 83 бала ауыл квотасы шеңберінде стипендия алды. Оларға шет тілінен жеңілдік қана берілген, басқа талаптар бәріне ортақ болды. Олар да кепілге жылжымайтын мүлікті қоюы шарт және оқуларын аяқтаған соң Астана, Алматы секілді үлкен қалаларда қалып қоймай, өздері шыққан туған өңірлерінде бес жыл бойы қызмет жасаулары қажет.

– Ауылдағы дүние-мүліктің құны оқу ақысымен сәйкес келмеген жағдайда, оларға жеңілдік қарастырылған ба?

– Ондай жағдайда жылжымайтын мүлікке қоса, стипендия иегерлерінің 50 жасқа дейінгі жұмыс істейтін әке-шешесі, жақын туыстары кепіл шартын жасасуға болады. Олардың айлығының қанша екені маңызды емес.

– «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып, сол елдерде қалып қойғандар да болды. Осы уақытқа дейін олардың санын анықтап, қайтып келулеріне бағытталған жұмыстар жүргізілді ме?

– Жалпы “Болашақ” стипендиясы 1993 жылы тағайындалғаны мәлім. Алғашқы жылдары білім алғандар ішінен елге оралмағандар болды, олардың саны – 18. Осы мәселені шешу үшін кепілдікке мүлік қойылатын болды. Көптеген баспасөз беттерінде “Болашақ” стипендиясы жылжымайтын мүлік қоюды талап етеді, ол қаражатты адамдардың балаларының оқуына жағдай жасау деген көзқарастар қылаң береді. Мен бұған келіспеймін, өзім де бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Арқат ауылындағы үйімді кепілдікке қойып, білім алғанмын, «Болашақ» түлегімін.

Стипендиаттарды бақылау, түлектермен болатын басқа да жұмыстарды Ғылым және білім министрлігіне қарасты Халықаралық бағдарламалар орталығы жүргізеді. Орталықта тікелей түлектермен жұмыс жасайтын бөлім ашылды. Әр жарты жыл сайын бітіріп келген түлек «мен осы жерде жұмыс істеп жатырмын» деп өзі жайлы мәлімет беріп отыруы керек. Егер қайтып келмей жатқан түлектер болып, мәселе туындап жатса, құқық қорғау орындары арқылы жұмыс жасаймыз. Әйткенмен бүгінгі күнге дейін «келмей қойдың» деп мүлігін тартып алып жатқан жайттар болған емес. Өйткені олардың өзі де жауапкершілікті сезінеді ғой.

– Оқып жатқан студенттердің тәртіп бұзып, оқуда үлгере алмай, оқу орындары тарапынан шағым түсіп жатқан жағдайлар кезіге ме?

– «Болашақ» стипендиясы иегерлеріне қатысты ондай келеңсіздік кезіккен емес. Жалпы, басқа да бағдарламалар мен өз есептерінен шетелде оқып жатқан Қазақстан азаматтары да жеткілікті ғой, шамамен олардың саны 30 мыңға жуық. Солардың арасында Қытай мен Чехия мемлекеттерінде ондай жағдайлар болды.

– Өзіңіз де   «Болашақ»   халықаралық стипендиясының түлегі ретінде жалпы бағдарлама түлектерінің ел дамуындағы орны мен маңызын қалай бағалар едіңіз?

– «Болашақ» түлектері ақырындап әр салада қызметтерін атқарып жатыр. Кейде «ел қаржысына оқыған азаматтар қайда?» деген сұрақтар да бой көтеріп жатады. Ел алдында жүрген азаматтар да біртіндеп тәжірибе жинақтап, өз ісінің шебері атанып жүргендер де бар.

Жалпы, «болашақтықтардың» оқу үлгерімдері жақсы. Олар Қазақстанның беделін халықаралық аренада белгілі дәрежеде насихаттауға қомақты үлестерін қосып отыр десем, артық болмас. Шетелдің айтулы оқу орындарының ұстаздары қазақ балаларының қабілетін танып жатыр. Сол азаматтар елге оралу барысында әрқайсысы жаңалық, жаңалыққа қоса байланыс ала келеді.

– Шетелдегі қарапайым жұрттың Қазақстанды, ұлтымызды тануы, қабылдауы қалай деп ойлайсыз?

– Мен 2002 жылы Германиядағы Хемниц техникалық университетіне оқуға түстім. Ол қалада маған дейін қазақтар оқымапты. Сонда менің профессорым: «Қазақ деген кім? Мен екі қазақты білемін, біреуі – Александр Винокуров, екіншісі – сен. Винокуров сары, сенің түрің азиаттық, сонда нағыз қазақ қандай болады?» дегені бар.

Сол жақта жүріп студенттер бас қосып, «Сана» дейтін студенттер қоғамын құрдық. Елде жүргенде сезілмегенімен, шетке шыққан соң патриоттық сезімің күшейе түседі екен. Еліңнің қадірін, далаңның иісін сағынады екенсің. Сондықтан да өзіміздің қазақ екенімізді, қазақтың қандай ұлт екенін танытуға тырысатынбыз. Ол кездегі Германиядағы Қазақстанның елшісі Қайрат Сарыбай да біздің бас қосып, тіліміз бен салт-дәстүрімізді насихаттау, ел туралы ақпараттар беру мақсатында түрлі кештер өткізуімізге барынша қолдау жасап отыратын. Кейін ол дәстүрге айналды. Жалпы, шетел оқу орындарында мұндай қоғамдық істерге жақсы көңіл бөлінетін.

– Бізде қазақ тілді орта және орыс тілділер деп бөлетін қолайсыз әдет бары белгілі. «Болашақ» түлектерінің арасында да осындай құбылыс байқалмай ма?

– «Болашақ» түлектерінің қауымдастығы туралы естіген боларсыз. Қауымдастықтың ішінде әртүрлі бағытта жұмыс істейтін сарапшылық топтар бар. Мысалға, қаржы-экономика саласына сараптама қажет болса, осы бағытта білім алған «болашақтықтардың» тобын табасыз. Сол секілді ана тілі, салт-дәстүр, патриоттық тәрбиемен айналысатын топ та құрылған. Жалпы, қауымдастық мүшелерімен байланыс жасау барысында орысша оқығандардың да қазақ тілін үйренуге ерекше құлшынысын байқаймын. Жасыратыны жоқ, «Болашақ» түлектерінің ішінде де қазақ тілінде сөйлей алмайтындар бар. Қауымдастықтың Алматы қаласында бөлімшесі бар. Сондағы әріптестеріміздің жүргізген жұмыстарына, жазысқан хаттарына қарап отырсам, «қазақ тілін қалай жеңіл үйренуге болады?» деген сұрақтарды терең талқылайды. Яғни оны үйрену керек деп жай айтып қана қоймай, оны үйренудің әдістерін ортаға салады. Әркім өз келешектері үшін мемлекеттік тілдің қажет екенін түсінеді.

– Шетелде, дамыған мемлекеттердің озық оқу орындарында оқыған түлектердің елге қайтып келген соң өз елін, ұлтын көзге ілмеуі, басқа жұрттың мәдениетін, үрдісін жарнамалап, соған бой алдыруы деген секілді қолайсыз мінездер етек алмай ма?

– Ондай азаматтарды кездестірдім деп айта алмаймын. Мемлекеттік қызметте жүрген өзім араласатын түлектердің әрқайсысынан «ол елдің білімін алдық, мәдениетін көрдік, еліміз үшін қызмет ету – басты парызымыз» деген ойдың биік тұратынын байқаймын. Өзіме келер болсам, қазақы ортада санасы қалыптасқан адамға көкіректегі рухани күш ондай мінезге жібермейді дер едім.
Әңгімелескен

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста