Ерлан Сыдықов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Қырық жылда бес жүзге жуық ядролық жарылыс болған өлкеде тұратын халықтың қазіргі жай-күйі қалай? Жалпы өзіңіз сол аймақтың тұрғыны, азаматы ретінде жарылыстарды сезіндіңіз бе?
– Жауапты екінші сауалыңыздан бастайын. Сезіну деген мен үшін жай ғана сөз. Сезіну деген не ол? Жарылыстар менің халқымның қасіреті, яғни, менің де қасіретім. Нақты білгіңіз келсе айтайын, Кеңес Одағы 1956 жылы полигон алаңында ашық жарылысты бастады. Биполярлы жүйеде империялық саясат жүргізген Кеңестер Одағы жергілікті халықпен санаспай адамзатқа қасірет орнатқан шешім қабылдады. Жалпы термоядролық жарылыстарды жүзеге асыру үшін құнарлы, қасиетті жерді ғылыми тұрғыда зертей, зерделей келе таңдайды екен ғой. Сол менің туған жерімнің қасиеті мен топырағының құнарлылығы өзіне орны толмас қасірет әкелді. Кейіннен белгілі болғандай сынақ болған жер арнайы зерттеліп барып таңдалған екен. Әлі есімде, әкем мектеп директоры, соған әскерилер келіп, «сабақ тоқтатылсын, балалар етпетінен жатсын, құдықтардың беті жабылсын» деген қысқа-қысқа нұсқаулар беріп кететін. Әй, бейкүнә балалық-ай, десеңізші! Біз бәрібір тыңдамай сығалап қарайтынбыз. Сондағы естен кетпес көріністерді айтар болсам, алдымен, алапат қуат жарқ ете түседі, кейіннен үлкен саңырауқұлақ пайда болады. Бұл менің жазылмайтын жүрегімнің жарасы... Біле-білсеңіз...
Ал, халықтың жай-күйі жаман десем, ол көпке топырақ шашқанмен бірдей ғой. Ел тәуелсіздік алып қанаты қатайған тұста шамасы келгенше еңбек етіп, қызығы бар, қиындығы бар өмірден өз ырыздығын алып күй кешуде. Елге тәуелсіздікпен бірге имандылық толық келіп, рухани түлеуде. Қазір халықта қасиетті Рамазан айында жақсы ниетпен құлшылық етіп, елге, бір-біріне береке тілеп, жақсы ниетпен алдағы күнге ұмтылыс бар.
Дегенмен, полигон аймағындағы елге әлі де болса нақтылы мемлекеттік деңгейдегі қамқорлық аса қажет. Тұрғындардың көбі ядролық сынақтың зардабынан түрлі ауруларға шалдығып отыр. Ол аурулардың атын атап, түсін түстеудің өзі қорқынышты. Бұны елдің бәрі біледі. Зардап шеккендерге тек қана нақты материалдық көмек керек. 1953 жылғы тамыз айында болған алғашқы термоядролық жарылыстан соң ауылдан он шақты шақырым жерде екі жасанды атом көлі пайда болған. Алғашында, оның зардабынан хабарсыз халық малын сол атом көлінен суғарған екен. Басқа да келеңсіз жағдай көп болды. Тепсе темір үзетін азаматтар қуаты толғанда көз жұмды, толысып бой жеткен қарындастарым ерте солды.
Осындай ажал отын ауыздықтап, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемге гуманизмнің жасампаз үлгісін көрсете білді. Қазір экологиялық демалыс алуға, денсаулық сақтау мекемелерінен тексеруден өтіп, емделуге жеңілдіктер бар. Сонымен қатар, елден шыққан азаматтар қолынан келген көмегін көрсетуде. Бұл – мұхитқа тамған тамшыдай ғана харекет. Аядай ғана үш-төрт аудан ғой, елуге жеткізбей зейнет демалысына шығарып, аналар мен балаларға тағы да нақтылы көмек жасалса артық етпейді деп ойлаймын. Нақты талаптармен заң шығарушы орган Парламентке ұсыныспен шығуға дайындалудамыз... Ол менің азаматтық парызым деп есептеймін.
– Ресей өз территориясының экологиялық аймақтарында тұратын халықтарына жәрдемақы мөлшері қандай? Қандай әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған? Қазақтың ұлттық генофондына орны толмас нұқсан келтірген полигон зардаптарын жоюда қандай шаралар атқарылу керек деп ойлайсыз?
– Ресей Федерациясы Алтай өлкесі, басқа да Қазақстанмен шекаралас жатқан облыстардың тұрғындарына түрлі көмектерін жасауда. Қазір осы көршілес облыс тұрғындарын ертерек зейнеткерлікке шығару мәселесін де қарастыруда. Сонда маған мынадай ой келеді, жарылыс бізде емес оларда болған сияқты. Ұлтымыздың генефондына мынандай нұқсан келді деп дөп басып айтатындай мен генетик ғалым емеспін. Бірақ, жарылыстардың жақсылық әкелмегені әмбеге аян. Қордаланып қалған мәселе жетеді, алдымен дәрігерлік көмекті толық ақысыз және толыққанды, әрі дер кезінде көрсетуді заңмен бекіту қажет. Екінші бір мәселе осы аудандардағы ауыз су прболемасын толық шешіп беру қажет. Ал енді бұндай кезек күттірмес, қордаланып қалған мәселелерді шешпей басы ашық күйінде қалдыру ар-ұжданға сын деп түсінемін.
- Ресей өзін КСРО-ның заңды мұрагері ретінде жариялады ғой. Демек, КСРО-ның аманатын арқалауға тиісті. Ресей үкіметінен жәрдемақы талап ету туралы бастамалар болған жоқ па? Бәлкім Ресейден үлкен көлемде өтемақы талап ету қажет шығар, бұған көзқарасыңыз қалай?
– Неге болмасын. Әрине, талап етуге болады. Бірақ оның бәрі ойластырылып барып жасалуы қажет. Келісіп пішкен тон келте болмайды дейді ғой, Ресеймен жақсы қарым-қатынастамыз. Дегенмен, дипломатияның құндылықтарына сүйене отырып, бұл мәселені де шешуге болатын шығар. Себебі саясат өте нәзік келеді. Көршілерімен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның ұстанымына «ұр да жық» саясаты қайшы келетін шаруа ғой. Сондықтан, Ресей Федерациясымен біздің ел көп жағынан серіктес. Дегенмен, қайталап айтайын заңмен, өркениеттік жолмен әрекет етсе көп нәрсені шешуге болады.
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық қиындықтар орын алғанда жергілікті халық сынақ алаңында түсті металлдар мен алюминий сымдарын жинаған деседі. Радиация кеңінен таралған бұл аймақ арнайы қоршалып, қауіпсіздік қамтамасыз етілген бе?
– Мен сізге айтайын метал жинау, оны сыртқа шығару тек сол ауданға келген әлеуметтік індет емес болатын. Оның бояуын қоюлатудың қажеті жоқ. Рас ондай фактілер орын алған. Халық қараусыз қалған баладай болған шақта, көп келеңсіздіктерге барды. Темірді емес қыршыннан қиылған адамдардың тағдырын айтайық. Мен сізге мына бір мәселені айта кетейін полигон аумағының қауіпті зоналарында радиактив фонының мөлшері сағатына 10 000 – 20 000 микрорентген екен. Осыған қарамастан бұл қауіпті аймақта адамдар әлі өмір сүріп жатыр. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ол жерден тиісінше Кеңес әскерилері де кетті. Осы кезде полигон аумағы қараусыз қалып, 2005 жылы қоғамдық ұйымдардың қозғауымен және Парламенттің ұсынысымен полигон шекарасы бетон бағандармен белгіленді. Тағы да осы қоғамдық ұйымдардың және Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының күш салуымен өткен жылдан бастап полигон аумағындағы аса көп ластанған жер телімдеріне адамдар мен малдардың кіруіне жол бермейтін инженерлік қорғандар салу жұмысы басталды. Ал биылғы жылдан бастап Дегелең участогіне әскери күзет қойылды. Дегенмен де, Семей полигоны осы уақытқа дейін адамдар өмір сүріп, жайылымға пайдаланып отырған әлемдегі жалғыз полигон. Бұл мәселеге байланысты үлкен жауапкершілік қажет.
– Сынақ алаңына жайылған радиацияның зияны қанша жылға дейін созылатын түрі бар?
– Бірден айтайын, мен бұл саланың маманы емеспін. Әйтседе жеті қат жерді жайлаған жойқынның зардабы ұзаққа созылары хақ. Әлемде осындай зардаптарды ауыздықтаудың тәжірибесі жоқ емес. Соны мейлінше игеріп, болашақ зардаптың алды алуымыз қажет. Мәселен, Нагасаки, Хиросима зардабын көрген Жапонияның тәжірибесіне үңілуге болады. Немесе Украинадағы Чернобыль апатынан кейін аз уақыттың ішінде 786 елді мекеннен 3 млн. жуық адам өз қонысынан залалсыз қашықтықтағы басқа жерлерге көшірілді. Мен Украина мен Жапонияның тәжірибесін қайталайық деп отырған жоқпын. Десе де сол мемлекеттер сияқты уланған аумақта жан-жақты зерттеулер жүргізіп, халыққа пайдалы болатындай тиімді шешім қабылдау керек дегенді айтып отырмын.
- Елбасының Курчатов қаласына барған сапарында жергілікті мамандар Еаgle қазақ-жапон бірлескен атом өндірісі туралы жоба жайында айтылған еді. Осы жоба жайында және атқарылып жатқан шаруалар туралы айтып өтсеңіз. Курчатовтың болашағы жайында да әңгімелеп өтсеңіз. .
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 29.08.1991ж. № 409 Семей полигонын жабу туралы Жарлығынан кейін қалада күрделі жағдай пайда болды. Ресей әскери бөлімдерінің полигондардан тездетіп жиналуы және дислокациялануы барлық ғылыми-өндірістік құрылым мен қаланың әлеуметтік саласын толығымен бұзылу қатеріне әкелді. Ел басшылығының Курчатов қаласы аумағында орналасқан ғылыми ұйымдар мен негізгі объектілері және бұрынғы Семей сынақ полигоны кешенінің базасында ҚР ұлттық ядролық орталығын ұйымдастыру туралы шешімі ғылыми потенциалды сақтап қалуға себеп болды. Бұдан кейін төрт жылдан кейін, яғни 1995 жылы қазақстан-американдық «СЕМТЕХ» кәсіпорыны құрылды. Сол сияқты басқа да іс-әркеттер мен талпыныстар қаладағы ғылыми әлеуетті бейбіт өмірге пайдалануға бағытталған.
- «Невада - Семей» қозғалысы полигон жабылғаннан кейін басылып қалды. Полигон зардаптары және салдарымен айналысатын қоғамдық ұйымдардың үні естілмейді.
– Мен олай деп айта алмаймын. Себебі «Невада - Семей» қозғалысы көптеген өзекті мәселердің шешілуіне әлі де болса ұйтқы болып жүр. «Невада – Семейдің» ең негізгі мақсаты ұлтымызға қасірет әкелген Семей полигонын жабу болатын. Елбасының ядролық полигон алаңын жабу туралы жарлығынан кейін аталған қозғалыстың алдыға қойған мақсаты орындалды деп айтуға негіз бар. «Невада–Семей» қозғалысының әлі де күшінде дейтінімнің тағы бір себебі Семей қаласында қозғалыстың белсенді мүшелері өте көп. Таяуда осы қозғалыстың басшысы, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов келіп, қала жұртшылығымен емен-жарқын кездесулер өткізді. Жергілікті жерде де бірнеше қоғамдық ұйымдар бар. Семейлік ұйымдар әрдайым бұл мәселеде белсенділік танытып, талай мәселеленің шешілуіне атсалысып келеді.
— Меніңше, Семей полигоны құрбандарына мұражай ашу керек сияқты. Бұған алғышарт бар ма?
– Курчатов қаласында полигон тарихына арналған мұражай бар. Зұлмат оқиғаны бейнелейтін кейбір экспонатарды көргенде адамның денесі түршігеді. Болашақта бұндай орталықтар Семей қаласында да ашылу керек деп ойлаймын. Бірақ, ол хакім Абай айтпақшы «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегендей, адамзат баласына қасірет әкелетін қандай да бір нәубеттен алыс болайық деген бағытта болуы қажет. Қазіргі, болашақ ғалымдарға сабақ болуы үшін. Өйткені, ғалымдардың ғылыми жетістіктерінің барлығы адамзатқа пайдалы әрі тиімді бола бермейтінін біздің халқымыз өз көзімен көрді. Ал, атом бомбасы зардабының қайсыбір жантүршігерлік «экспонаттарын» мен өз басым жалпы халыққа көрсетуге қарсымын. Оларды мүмкін экспонат деуге келмейтін шығар.
Дерек пен дәйек:
Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы жарылыс 1949 жылы 29 тамызда жасалды. 1953 жылы 12 тамызда алғаш реті термоядролық қару сыналды.
1955 жылы 22 қарашада сутегі бомбасы сыналды.
Полигон жұмыс істеп тұрған қырық жыл ішінде бұл аймақта 468 ядролық жарылыс болды. Оның 125-і ашық кеңістікте (26-сы жерге жақын, 91-і әуеде, 8-і өте биікте), 343-і жер астында (215-і штольняларда, 128-і бұрғылап қазылған құдықтарда) жасалған.
Қазақстан Ғылым академиясының Жоғары энергетика институтының деректері бойынша, полигонда жер беті мен атмосферада болған жарылыстар күші 1945 жылы Хиросимада болған жарылыстан 2,5 мың есе (!) артық екен.
1991 жылы 29 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды.
1992 жылы Қазақстан егемен ел ретінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі Лиссабон Қаулысына қол қойды.
1994 жылы ел территориясынан барша ядролық қару түрлерін шығару толықтай аяқталды.
1995 жылы бұрынғы Семей полигонында соңғы ядролық заряд жойылды.
1997 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Қазақстанның ядролық сынақтан зардап шеккен аймақтарына көмек көрсету туралы резолюция қабылдады.
2000 жылы Семей полигонында сынаққа пайдаланылған соңғы штольня жойылып тасталды.