Сахна — митинг алаңы емес...

Есмұқан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы Мемлекеттiк академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның Халық әртiсi:

Ел аузында «әкемтеатр» атанып кеткен М.Әуезов атындағы Мемлекеттiк академиялық драма театры — қазақтың кәсiби театр өнерiнiң негiзi. Опера театрынан бастап, Қазақстандағы 50 театрдың барлығы осы қара шаңырақтан тараған. Театр құрылған сонау 1926 жылдан берi бұл үлкен өнер ордасы талай қилы кезеңдердi бастан өткердi. Бүгiнгi Тәуелсiз мемлекетте, егемен елде театр қандай күй кешуде? Қазiргi ақпараттық технологиялар қарқын алған кезеңде театр заман ағымына қалай iлесiп келедi? Осы сауалдарға жауап алу үшiн қара шаңырақ өнер ордасының директоры, белгiлi режиссер, ҚР Халық әртiсi Есмұқан ОБАЕВҚА жолыққан едiк.

– Құрметтi Есмұқан Несiпбайұлы, сiз басқарып отырған өнер ордасы биыл 84-шi жыл жұмыс iстейдi. Театр пердесiнiң арғы-бергi жағында нендей жаңалықтар бар?
– Аллаға шүкiр, бүгiнде театрдың хал-ахуалы жаман емес. Ақсақалдың жасындай уақыт аралығында театр бiрде өркендедi, бiрде төмендедi. Бұл – театр үшiн заңды құбылыс. Орыстың атақты режиссерi Костуновша айтсақ, театр бiр рет қана түсiрiлiп алынған кино емес, ол кейде көтерiледi, кейде төмендейдi. Бекежанды сомдаған Асанәлiлер театр сахнасына 200 рет алып шықса, 200 түрлi ойнады. Қойылымның сәттi немесе сәтсiз шығуы дәл сол күнгi актердiң хал-ахуалына, шығармашылық шабытына, болмысына, көңiл күйiне, көрерменге де байланысты. Өйткенi театр – тiрi әлем. Сондықтан әрбiр қойылым қанша рет сахнада қойылса да, актер бiр рөлдi нешiншi рет ойнаса да, алғашқы реттей болғанда ғана қойылым сәттi шықпақ.
Ең алғаш 1926 жылы Қызылордада театр ашылар кезде «театр – қазаққа жат, оның керегi қанша, домбырамызды тартып, әнiмiздi айтып жүре бермеймiз бе» деген де көзқарастар болған. Сонда ұлы тұлға, ұлт жанашыры Сәкен Сейфуллин театр өнерiне үлкен баға берген.
– Театрдың экономикалық жағдайы қалай, театрға да әлемдiк қаржы дағдарысының салқыны тидi ме?
– Бiздiң елде алты тiлде — қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, кәрiс, немiс тiлдерiнде сөйлейтiн 50 театр жұмыс iстейдi. Мысалы, ұйғыр театры тек Қазақстанда Алматыда ғана бар. Бiрде-бiр мемлекетте мұндай көп тiлдi театрлар жоқ. Осының өзi республикадағы экономикалық жағдайдың жаман еместiгiн көрсетедi. Мемлекет театрларды 100 пайыз қамтамасыз етпесе де, ғимарат салып бердi, қызметкерлерге жалақысын берiп отыр, ұжымдағыларға тек жұмыс iстеу керек. Театрдың өзге шығындарын өзi ақтауға мүмкiндiк бар.
Ал қаржылық дағдарысқа келер болсақ, әрине, белгiлi бiр әсерi бар шығар. Бiрақ театрлар бұдан екi қадам артқа кете қояды деп ойламаймын. Үкiметке тек алақан жайып қарап отыруға болмайды. Ең бастысы, рухнани дағдарыс болмасын.
– Театр әртiстерi қанша жалақы алады?
– Бiздiң театр әртiстерi орташа 300-350 АҚШ доллары көлемiнде жалақы алады. Әрине, бұл өте аз. Мысалы, көршi Ресейде театр әртiстерi 2500 доллар жалақы алады. Неге бұлай деп таңдануға да болмайды. Өйткенi қазақ театры — жас өнер. Егер барлық жағдайды экономикаға әкелiп тiреп қоятын болсақ, онымен мәселе шешiлмейдi. Бiздiң әртiстерiмiз театр сахнасынан басқа, кинодан да, концерттерден де, теледидардан да, түрлi телебағдарламалардан да, тiптi көшеде қойылатын шаралардан көрiнедi. Олардың жағдайын жаман деуге болмайды.
– Театр көрермендерiнiң деңгейi туралы не айтар едiңiз? Премьераларда болмаса, театр залы жай күндерi оқушы, студенттермен ғана тола ма, қалай?
– Бiз заманға сай болудың жөнi осы екен деп ұлттық қасиетiмiздi бағалай алмай жүрмiз. Сондықтан театр идеологиялық қару ретiнде де, рухани тәрбие орны ретiнде де бағалы. Айталық, елiмiз егемендiк алғалы он шақты театр ашылды. Орыстанып кеткен Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Ақтау секiлдi өңiрлерде қазақ театрларын ашу – көрегендiк. Осы тұста айта кетерлiк тағы бiр жайт, бiз өзге өркениеттi елдерден үлгi алуымыз керек. Мысалы, Германияның мектептерiнде 5-сыныптан бастап театр пәнi жүредi. Бала кiшкентайынан театрдың, драматургияның, пьесаның, пафостың, актердiң не режиссердiң кiм екенiн санасына сiңiрiп өседi. Бұл – үлкен тәрбие.
– Қазақ театрларында бiлiктi мамандар мәселесi қалай шешiлген?
–    Мамандардан аса тапшылық жоқ деп ойлаймын. Жас таланттардан бастап сонау Халық әртiстерiне дейiнгi шебер актерлер театрларда қызмет етедi. Арнайы мамандар даярлайтын үлкен бiлiм ордасы – Темiрбек Жүргенов атындағы Өнер академиясынан жылда талантты жастар түлеп ұшып жатыр. Құрылғанына 50 жыл ғана болса да, академиядан қаншама мықты өнер майталмандары шықты. Онда театр өнерiнiң өзiне 30-ға тарта мамандық бойынша кадрлар даярланады. Бiздiң елiмiзде ең кенже қалып, дамымай тұрған мамандық – режиссерлiк. Театрдың ары да, бары да, жаны да – режиссер десек, Өнер академиясында режиссерлердi даярлайтын база жоқ. Мықты режиссерлер тәрбиелеу үшiн оларды шетелдерге тәжiрибе алмасуға жiберу керек.
– Ал өзiңiз режиссерлiк мамандықты қалай таңдадыңыз?
– Мен, шынымды айтсам, бұл мамандықты өз еркiммен таңдаған жоқпын. Мектепте оқып жүргенде Ауыл шаруашылығы институтына түсемiн дейтiнмiн. Әлi есiмде, марқұм Заманбек Қалабайұлы Нұрқадiлов екеумiз Алматы облысының Кеген деген жерiнде көршi тұрдық. Ауылдың баласы болған соң анда-санда әу деп, аспапта азды-көптi ойнайтынымыз болатын. Бiздiң кезiмiзде қайбiр теледидар, радио болды дейсiң, көшенiң балалары өзiмiз жиналғанда баян тартып, ән айтып, би билеп көңiл көтеретiнбiз. Сол кезде ауылдардан дарынды жастарды iздеу саяси мәнi бар мәселе ретiнде қарастырылды. Бiр күнi бiздiң ауылға таланттарды iздеп келген жасы егде тартқан кiсiнi ауылдың адамдары бiздiң аулаға ертiп келiптi. Бiздi ән айтады, баян тартады деген болу керек. Әлгi кiсi қоярда-қоймай бiздi ауылдың клубына алып барып, ән айтқызды, би билеттi, түрлi пародиялар келтiрдiк. Сол кезде менiң бойымнан бiрдеңе байқаған-ау деймiн, бас тартқаныма қарамастан, Алматыдағы консерваторияға түсуiме мұрындық болды. Сөйтiп, Алматыдағы консерваторияда бес жыл дәрiс алып, оқуымды Мәскеуде тәмамдадым. Ол кезде Театр және көркемсурет институты консерваторияның құрамында болатын. Мiне, содан берi 44 жыл бойы театрда қызмет етiп келемiн.
– Режиссерға ең қажет қандай қасиеттi атар едiңiз?
– Режиссерға ең қажеттiсi – тазалық. Бозөкпе, өзiндiк көзқарасы жоқ адам режиссер бола алмайды. Өйткенi Б.Момышұлы айтқандай, сахна – сана соғысы, театр – ой ордасы.
– Өзiңiздiң режиссерлiгiңiзбен қойылған шығармаларға көңiлiңiз толмаған кездер бола ма?
–    Әрине, шығармашылықта ойыңды үдесiнен шыға 100 пайызға орындау мүмкiн емес. Кейде  шабыт жетпейдi, бiрде әртiс жеткiзбейдi, бiрде шығарма жеткiзбейдi. Кейде тiптi қоғамның өзi ойға бұғау болады. Кезiнде, кеңес заманында театрдағы қойылымдардың барлығын тапсырыспен қойдық. Сахнада митинг жасадық, белгiлi бiр бағдарламамен жұмыс iстедiк, ерiк шектеулi болды. Бұл – театр өнерiне жасалған қиянат. Сахна — митинг алаңы емес, ой ордасы.
— Қазiргi драматургия хақында не айтар едiңiз?
– Кейбiреулер бүгiнде драматургия жоқ деп жүр. Мен өз басым бұған келiспеймiн. Бiзде жақсы драматургтер де, жақсы пьесалар да, спектакльдер де бар. Тiптi қазiр менiң қолымда 2012 жылға дейiнгi репертуар бар десем де артық айтқаным емес. Дулат Исабеков, Исраил Сапарбай, Баққожа Мұқаи, Сұлтанәлi Балғабаев, Нұрлан Оразалин, Ақселеу Сейдiмбековтердiң шығармаларын сахнаға шығарсақ, ешкiмнен кем болмайды. Тек бұған театрдың техникалық мүмкiндiгi аздау болып тұр. М.Әуезов театрын қоспағанда, басқа театрлардың барлығы дерлiк ескi жабдықтарды пайдаланады, кейбiреуi театрға арналмаған ғимараттарда отыр. Сондықтан драматургия жоқ немесе әлсiз деуге болмайды.
– Өткен жылдың соңында ұжымдарыңызда бiрнеше адам мемлекеттiк атақ, ордендерге ие болды. Сiздiңше, осы атақтарды беруде әдiлеттiлiк бар ма?
– Менiңше, осы атақ беру жағынан кемiстiк бар, келiспейтiн тұстарым көп. Кеше сахнаға шығып, бiр ән айтып, тойларда елге танылып, ертеңiнде өнер, мәдениет қайраткерi немесе «Парасат», «Құрмет» ордендерiнiң иегерлерi болып шыға келетiндердi көрiп жүрмiз. Ал театрда қанша жыл қызмет етiп, көзiнiң майын тауысып жүрген кейбiр әртiстерiмiз бар. Олардың еңбегi елеусiз қалып жатады. Мәселе атақта емес, еңбектi, өнердi бағалауда. Мысалы, осы театрда қанша жылдан берi қызмет етiп келе жатқан Бақтияр Қожа атаққа лайық емес пе? Биыл зорға дегенде Данагүл Темiрсұлтанова Қазақстан Республикасының Еңбек сiңiрген қайраткерi атағын алды. Атаққа ақша төленбейдi. Бар болғаны жалақысына 850 теңге қосылғаны болмаса. Сондай-ақ қазiр атақтардың көпшiлiгiн қысқартып тастады. Бұрынғы «Еңбек сiңiрген әртiс», «Қазақстан Республикасының Халық әртiсi» т.б. деген атақтар атымен жоқ. Ал қазiр тек «Еңбек сiңiрген қайраткер» деген  атақ қана бар. Сонда экономист те, журналист те, саясаткер де, жазушы да, әртiс те – қайраткер. Бiз ҚР Еңбек сiңiрген әртiсi, Халық әртiсi атақтарын жас кезiмiзде алдық. Алайда атаққа масайрағанымыз жоқ. Әркiмге өз еңбегiне қарай өз атауымен берiлген атақ дұрыс деп ойлаймын.
– Есмұқан аға, «Алаш айнасы» арқылы оқырмандарға не айтар едiңiз?
–    Оқырмандарға театрға келiңiздер деймiн. Театрдың көрерменге берерi мол. Халықтың тарихымен, болмысымен, мұң-зарымен, қуаныш-қайғысымен бiте қайнасып жататын театр өнерi — синтетикалық өнер. Жаныңыз жүдеп күйзелсеңiз, ерекше шаттыққа бөленсеңiз, өзiңiзге беймәлiм құпияны ашқыңыз келсе, көкейiңiздегi сауалға жауап тапқыңыз келсе, театрға келiңiз. Мысалы, екi ғашық жан бiр-бiрiнiң сезiмiне дүдәмал боп, түсiнiсе алмай жүрiп театрға келсе, көкiректерiндегi сұраққа жауап табатынына күмән болмасын. Мешiтке барған адам Аллаға сенiп, бойын ерекше сезiм билейдi, театрға келгенде де көрермендер дәл солай киелi орынға келгенiн сезiнсе екен деймiн.
– Әңгiмеңiзге үлкен рақмет.

ҚОЙЫН  ДӘПТЕРДЕН
Сәкен СЕЙФУЛЛИН:
«Егер театрға көзi соқыр адам келсе, сахнадағы актерлердiң дауысын естiп, жанына рахат табады, ал егер құлағы естiмейтiн саңырау адам театрға келсе, сахнадағы әсерлi көрiнiстен ләззат алады».

Сахна сыртында
Қазiргi кезде театрда айына 28-30 қойылым қойылады. Әр қойылымның билетi 200-300 теңге болғанда күнделiктi 200 мыңдай пайда түседi. Осы түскен қаржымен театрдың шығындары өтеледi. Мысалы, бiр айда әкемтеатр жарықтың өзiне – 700 мың теңге, суға – 1 млн, лифтiге 45 мың теңге төлеймiз. Сонымен қатар театрға қажет көлiктердiң шығыны, жарнама, типографиялық қызмет, әртiстерге қажет киiм-кешек, бояу, сахнаны безендiру, жабдықтаудың барлығы қаржыға келiп тiреледi. Театрда 72 әртiстен басқа, оларды киiндiретiн, бояндыратын, театрдың басқа да iшкi-сыртқы жұмыстарын атқаратын 360 адам қызмет етедi. Қызметкерлердiң барлығына мерекелерде, атаулы күндерде сыйақы берiледi. Мiне, осының барлығын театр өз табысымен өтеп отыр. Айталық, бiр айда кететiн шығын 2 млн теңге болса, табыс 3-4 млн болу керек.

ЕГЕР МЕН РЕДАКТОР БОЛСАМ...
Қашан да шындықты жаза бiлетiн, халыққа ой сала бiлетiн басылымдарды бағалаймын. Парақтап қарай салатын басылымдар бар, бүгiн не жазыпты деп iздеп оқитын басылымдар бар. Кейде ойлаймын, егер мен редактор болсам, кез келген қоғамдағы жайттарды алдын ала болжауға тырысар едiм. Өйткенi өтiп кеткен оқиғаны жазғаннан, алдын ала болжап жазылған материал құндырақ. Журналист тек жазып қана қоймай, зерттеп, зерделей бiлгенi жақсы. «Алаш айнасы» газетiне ой тәуелсiздiгi тұмар болсын!

БЕЛГIЛI АДАМДАРДЫҢ БЕЙМӘЛIМ СЫРЛАРЫ
Бiздер бiрiмiздiкiн бiрiмiз киiп, жыртық киiмiмiздi жамап жүрiп оқыдық. Қазiргi жастарға қызыға да, қызғана да қараймын. Өйткенi олар бiз көрген қиыншылықтарды, бiз өткен өмiрдi көрген жоқ, көрмей-ақ та қойсын. Бүгiнде көпшiлiк студент жастарымыз ата-анасының тапқан-таянғанын оқуына төлейдi, қымбат көлiкпен жүредi, бағасы удай мейрамханалардан тамақтанады. Ал бiздер кезiнде бiрiмiздiң киiмiмiздi бiрiмiз киiп, жыртық киiмiмiздi жамап жүрiп оқыдық, қызмет еттiк. Мен өзiм 30-ға келiп үйленген адаммын. Әлi есiмде, өзiме өмiрлiк жар болған қызға киiле-киiле жұқарып, ескiрiп тесiлуге айналған шалбармен барғанмын. Қызға барғалы жиналғанда шалбарымның жыртылғалы тұрғанына қарамастан киетiнмiн. Ендi қайтемiн, басқа амал жоқ. Ол шалбардың өзiне 10 жыл болған. Мiне, сол кезде бiзге бiлiм бәрiнен қымбат едi. Қазiргi жастар өздерiне мемлекет тарапынан, ата-анасының тарапынан жасалған жағдайға лайық па, ең алдымен осыны ойлауы керек. Мен үшiн мемлекет не жасайды деп қарап отырмай, мен елiме қандай пайда тигiземiн дейтiн жастар көп болсын!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста