Сәулет өнеріне бизнес пен саясат әбден араласып кетті

Сәулет өнеріне бизнес пен саясат әбден араласып кетті

Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, профессор:

– Еліміздегі қалалардан қазақи ұлт­тық нақыштағы архитектуралық ғи­­ма­раттарды табу қиын. Ұлттық ар­хи­­тек­тураның дамуына не кедергі? Өзі­­ңіздің туындыңыз – Астананың бет-бей­­несіне айналған Бәйтерек ке­ше­ні­нен де ұлттық нақыштағы бояуды табу қиын. Жалпы, өткен тарихымыз, ұлт­тық құндылықтарымыз бен бүгінгі жа­ңа заманға сай архитектуралық жетіс­тік­терді неге байланыстырмасқа?
– Шынымен де, ұлттық архитектура не­месе ұлттық сәулет өнерінің дамымай отыр­ғаны рас. Оған әсер ететін факторлар көп. Біз қазір ұлттық үлгідегі ғимараттар деп Қожа Ахмет Яссауи, Айша Бибі ке­се­нелерін айтып жүрміз. Бірақ олардың өзі шы­ғыстық үлгіде. Яғни біздегі ғи­ма­рат­тардың барлығы дерлік басқа заманның, бас­қа ұлттардың не болмаса түрлі ұлт­тар­дың біріктірілген формасы негізінде қа­лан­ған. Дәл бүгінгі таңда салынып жатқан құ­ры­лыстардан да ұлттық иіс сезілмейді. Бүгінде барлық мемлекеттегі құрылыс ны­сан­дарының көпшілігі жаңа заманға сай ла­йықталып салынуда. Осы орайда біз де жа­ң­адан салынатын ғимараттарға ұлттық на­қыштарды кіргізуді мақсат етуіміз керек. Тіп­ті мұны мемлекет тарапынан қадағалап оты­ру қажет. Еліміздегі архитектуралық на­қыш­тарды сырттан келген адамға Қа­зақ­станға келгенін бірден сездіретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек. Осы орайда айта кетер жайт, сәулет өнеріне бизнеспен саясат әбден араласып кетті. Алайда кейде лауазымды адамдар немесе қалтасы қалыңдар тиісті орындардың бақыла­уын­сыз өз ойларын жүзеге асыруға тырысады да, толық тексеруден өтпеген нысандар да бой көтеріп жатады. Ұлттық құндылықтан өз мүддесін жоғары қойғандар ойын­да­ғы­сын істеп бағуда.
– Соңғы кездері қаланың ор­та­лық көшелеріндегі көп қабатты үй­лер­дің астын дүкендер мен қызмет көр­се­ту орындарына айналдыру дәстүрге ай­налды. Жалпы, үй салар алдында бас­тапқы жобаға кірмеген, бірақ ке­йін­нен жүр­гізілген қосымша құрылыс жұмыс­та­ры қаншалықты қауіпсіз?
– Көп қабатты үйлердің астына қо­сымша құрылыс жұмыстарын жүргізер ал­дында мұқият тексеру жұмыстары жүр­гі­зілуі керек. Себебі үй салар алдында бас­тап­қы жобаға кірмеген, бірақ кейіннен жүр­гізілген қосымша құрылыс жұмыстары қа­уіпті. Пәтерді қайта жоспарлау сал­да­рынан апатты жағдайдың орын алып жат­қанын көріп жүрміз. Негізі, қандай қала немесе ауыл болсын салыну кезінде бас жо­баға сәйкес тұрғызылуы керек. Қала әу бас­та тұрғызылып жатқанда экономикалық немесе туристік тіпті қаржы орталығы болып алдын ала бас жоспармен бекітіледі, мемлекеттік сараптамадан өткен соң, жос­пар бойынша құрылыс жүргізіледі. Алай­да көптеген қалалар өркендеу барысында бас жоспар бойынша салыну параметрлерін сақтамайды. Оған қала экономикасы не­ме­се бизнес әсер етеді. Қала да тірі ор­га­низм секілді, онда үнемі қозғалыстағы адам­дар мен автокөлік, коммуникация жү­йесі бар. Осыған сай бекітілген бас жос­пар­ға өзгеріс енгізілсе, онда ол қаланың тұр­мыс-тіршілігіне, тұрғындарына қо­лай­сыз­дық әкеледі. Сондай-ақ бас жоспардан тыс кейінгі жүргізілген құрылыстар сей­с­ми­калық жағынан да қауіпті. Мәселен, Ал­ма­ты қаласында 1970 жылдан кейінгі са­лын­ған құрылыс нысандары тоғыз балдық жер сілкінісі талабына сай тұрғызылған. Ал оған дейінгі салынған көп қабатты үйлер мұн­дай талапқа сай келмейді. Өйткені 1970 жылға дейін Алматы қаласының тех­но­гендік жағдайы дұрыс зерттелмеген. Алай­да қаламызда 1970 жылға дейін тұр­ғы­зылған тұрғын үйлер, мекемелер же­тер­лік. Сондықтан оларды тез арада бұзып, қай­та құру немесе күрделі жөндеуден өт­кізу керек.
– Күрделі жөндеу демекші, жақын­да ға­на Ресей Президенті Дмитрий Мед­­ве­девтің қатысуымен өткен Қа­зақ­­стан-Ресей аймақаралық ынтымақ­тас­­ты­­ғы­ның VІІ форумында тұрғын үй са­­ла­с­ы ерекше сөз болды. Онда ескі жә­не апат­ты жағдайда тұрған тұрғын үй­­лер­ді күрделі жөндеуден өткізетін ар­­на­йы қорлар құру қажеттігі айтылды. Мә­селен, осындай қор жұмысының ар­қасында көршіміз Ресейде 11 млн адам тұратын 11 мың үй күрделі жөн­деу­ден өткізілген көрінеді. Еліміздегі ескі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өт­кізу үшін арнайы қор құруға қалай қа­райсыз?
– Өте дұрыс қараймын. Бізге де мұндай қор­ларды әлдеқашан құру керек еді. Әсі­ресе Алматы қаласында тозығы жетіп тұр­ған, күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үй­лер мен нысандар жетерлік. Осы орайда мемлекет бас болып қорлар құрып жатса, өте дұрыс болар еді.
– Жалпы, қазіргі таңда құрылыс ны­­сандары бой көтерер алдында сіз­дер­мен келіп алдын ала ойласа ма?
– Менің айтқым келіп отырғаны да – осы. Қазір ғимараттар тұрғызылар ал­дын­да сәулетшілер одағына келіп, ешкім ақыл­дас­пайды. Кеңес заманында ғимараттар тұрғызылар алдында Сәулетшілер одағына келіп ақылдасатын. Сәулетші мамандардың тал­қылауынан кейін ғана құрылыс жос­па­ры құзырлы орындарға жолданып, құ­ры­лыс басталатын. Ал қазір бұл жүйе жо­йыл­ған. Сәулетшілермен ақылдасып отырған еш­кім жоқ. Негізі, әр қалада арнайы кеңес құ­р­ылған. Маңызды деген нысандар тұр­ғы­зылар алдында осы кеңесте талқылаудан өтуі тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, көп қалада бұл кеңестің жұмысы қағаз жүзінде ғана орын­далуда. Тұрғызылар алдында ғи­ма­рат­тың қауіпсіздігі, қалаға ыңғайлылығы тек­серілуі тиіс. Кеңес Одағы кезінде тұрғын үй­лердің жанында балабақшасы, мектебі, дә­ріхана, дүкендер мен шаштаразы, жал­пы барлық қызмет көрсету орындары ор­на­ласатын. Яғни тұрғындардың тығыз орналасқан жерлеріне таяу жерлерде осындай мекемелердің болуы міндетті. Мәселен, мен балабақшаға баруым керек болса, ол үшін жолдың қарама-қарсы бе­тіне өтудің қажеті жоқ болатын. Күнделікті тұр­мысқа сай солай ойластыратын. Ал қа­зір бас жобада оның бәрі ой­лас­ты­рыл­ғаны­мен, кейін біреулердің араласуымен бұл бас жоба өзгертіледі. Мәселен, тұрғын үй­дің жанынан мемлекеттік балабақша не­ме­се мектеп салуға арнайы жер бөлінсе, уа­қыт өте басқа біреулердің сол жерді биз­нес орталығына айналдырып жатқанын бай­қаймыз. Бұл біреулердің мүддесі үшін тиім­ді нәрсе екені даусыз. Осындай жағ­дай­­лардың орын алуы еріксіз қынжылтады. Біз­дің, яғни мамандар тарапынан қарсы­лы­­­­ғымыз ескерілмейді де. Негізі, бас жо­ба­ның өзгертілуі көптеген қиындық әке­ле­ді.
– 1988 жылдан бері салынып келе жат­қан Алматының аты шулы метросы ал­дағы жылы бітеді деп жоспарлануда. Ме­троның қазіргі нұсқасы 1988 жылы ал­ғашқы жоспарланған нұсқасы бо­йын­ша бітіп жатыр. Алайда осы уақыт ішін­де қала біршама үлкейді, көптеген жа­ңадан аудандар қосылды. Осыны ес­кере келсек, метро халықтың тығыз ор­наласқан аудандарын қамтымай­тын се­кілді. Осы орайда жиырма жыл­дан астам уақыт салынып, қыруар қар­жы жұмсалған метро өзін-өзі ақ­тай­ды деп ойлайсыз ба?
– Дәл қазіргі қалпында ол өзін-өзі ақ­та­майды. Өйткені метро халық тығыз ор­на­лас­қан Орбита, Ақсай, Мамыр, Жетісу ық­шамаудандарын қала орталығымен жал­­ғап жатқан жоқ. Рас, метро – Алматы қа­­ласы үшін өте керек нәрсе. Бірақ метродан халық көп тұратын аудандар мүл­дем қалыс қалған. Сондықтан алдағы уа­қытта осы кемшіліктердің орнын толтыру үшін метроның бағытын одан әрі созу ке­рек. Мәселен, метро Мәскеудің көптеген мә­селесін шешіп тұр. Халық жұмысқа бару үшін машинадан гөрі, метроны дұрыс көреді. Олардың метросы халықтың тұр­мыс-тіршілігіне қолайлы. Ал біздің 8 ша­қы­рымдық метромыз бұл талапқа сай емес. Жалпы, осы метро біткен күннің өзін­де халықтың осыған көптеп мінетініне кү­мә­нім бар. Өйткені алдымен халқымыздың мен­талитетін өзгерту керек секілді. Мә­се­лен, Батыс Еуропаның көптеген қа­ла­ла­рында экологиялық жағдайды сақтау мақ­са­тында халық демалатын жерлерге жа­қын ау­мақтарда машинамен жүруге ты­йым салынған. Бұл – жергілікті тұрғындар үшін қа­лыпты жағдай. Жалпы, біз де ха­лықты осыған үйретуіміз керек. Сондай-ақ ше­тел­де Жедел жәрдем көлігі жүретін жол ес­­ке­рілген. Бізде ол жоқ. Қаланың бас жос­­па­рында мұның бәрі ескерілуі тиіс.
– Біз қала салу мәдениетін меңгердік пе? Мұндай сұрақтың шығуы тектен-тек­ емес. Мәселен, Жапонияда қа­ла­ның асты – өзінше бір әлем, яғни ком­­муникациялық желілер мен ком­му­налдық құбырлардың қаласындай көрінеді екен. Ол желілердің бірінен ақау шықса, олар үшін біздегідей ас­фальт­тың бетін аударып жүрудің мүл­дем қажеті жоқ. Ал біз жаздай жолды те­гістейміз, күз жақындап, күн суытқан мез­гілден бастап жылу құбырларына тек­серу жүргізіп, егер ақау табылса, жа­з­дай жөндеген тас жолымызды ау­дарып, жылу құбырларын қалыпқа кел­тіреміз. Содан кейін жолды жамап-жас­қап бүтіндеген боламыз. Ал жа­мау-жамау болған тас жолдар тез бұ­зы­лып, қайтадан шұрық тесік жолға ай­налады. Сондай-ақ соңғы кездері қа­лаға жақын маңда орналасқан ауыл­­дардың газ құбырлары да жердің үс­тімен жүргізіліп, көшелер алабажақ құ­быр­ларға толып кетті.
– Ойыңызды түсіндім. Әрине, мұның бә­рі тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Қаланың сырт көрінісі де бұзылады. Әрине, сіз айтып отырғандай, Жа­по­ния­да­ғыдай жетістікке қол жеткізсек, жа­ман бол­мас еді. Бірақ оған бет бұра алмай отыр­мыз. Тәуелсіздік алған уақыттан бері елі­мізде қаншама ғимарат бой көтерді. Осын­ша ғимаратты бұрынғы ескі ком­му­нал­дық құбырлар көтере алмайды. Қазіргі таң­да қаламыздағы құбырлардың 80 па­йы­зы мүлдем ескірген. Олар ескіргендіктен ғана ауыстыруды қажет етіп отырған жоқ. Сондай-ақ олардың көлемінің өзі бүгінгі талапқа мүлдем сай емес. Тіпті аз жылда бүкіл қала сусыз қалса, түк таңғалмас едім. Қазіргі таңда еліміздегі қалалардың басты мә­селесі де дәл осы коммуналдық құ­быр­лар болып отыр.
– Ең болмаса, жаңадан тұрғызыла бас­таған ауылдар мен қалаларға өр­ке­ниетті елдердің озық әдісін неге қол­данбасқа? Мәселен, Астана қа­ла­сына...
– Рас, онда мұндай мәселелер еске­ріл­меген. Құбырды айтпағанда, Астананың жа­ңадан тұрғызыла бастаған сол жақ жа­ға­лауында да қала салудағы басқа да қа­те­ліктер кездеседі. Мәселен, әкімшілік ор­та­лық саналатын аймақтарда көлік тығыны көп кездеседі. Қала салуды жоспарлаған кезде ең болмаса әкімшілік аудандарда көлік тығынын болдыртпауды алдын ала ойластыруға болар еді. Қала салынғаннан кейін сырт көзге неғұрлым әсем көрінгені дұ­рыс. Менің ең алдымен жаным ауы­ра­тыны, соңғы кездері қалаларымызда са­па­сыз салынған ғимараттар көбейіп кетті. Мә­селен, шыныдан тұрғызылған ғи­ма­раттар. Шынының да шынысы бар. Рас, Аме­рика, Канада секілді елдердің үлкен қалаларында көптеген ғимараттар тек қана шыныдан тұрғызылған. Алайда олар­дың ондай ғимараттарынан мүлдем бас­қа­ша әсер аласыз. Олардың шыны ғима­рат­тарынан айна секілді қасындағы басқа ғи­мараттың бейнесі айқын көрініп тұрады. Ал бізде мұндай ғимараттардың шы­ны­ла­ры қиқы-жиқы, түстерінің өзі нашар бір­деңе.
– Сапасыз демекші, аты дардай мем­лекеттік бағдарлама атауын ие­лен­ген тұрғын үйлердің сапасыздығы көп айтылуда. Рас, ол үйлердің сапасын тек­серіп алатын арнайы мекемелер бар. Бірақ олар үйлердің сапасыздығын «сез­бейтін» секілді. Осы орайда мем­ле­кеттік тұрғын үйлердің сапасын қа­лай жоғарылатуға болады?
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша са­лынған тұрғын үйлердің 80 пайызы са­пасыз деуге болады. Рас, қағаз жүзінде ол үйлердің тексерушілері көп. Ал іс жүзінде олардың бәрі – сыбайластар. Құрылыс ны­санын қабылдап аларда құрылысқа тапсырыс беруші, жобалаушы, мемлекет та­рапынан тексеруші архитекторға қоса, ко­миссия мүшелері мен Мемлекеттік сәу­лет және құрылыс басқармасының ма­ман­дары қатысады. Бүгінде осы қап­та­ған тек­се­рушілердің жауапсыз­ды­ғының сал­да­ры­нан сапасыз үйлердің қатары көбеюде. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін осынау са­пасыз салынған үйлер үшін ешкім де заң орын­дарының алдында жауап берген жоқ. Са­лық орындары қит етсе дәмханалар мен мей­рамханаларды тексеруге әуес. Одан да неге сапасыз салынған тұрғын үйлерді тек­сермеске?! Себебі олар Үкіметтен ештеңе ала алмайды. Соны біледі. Барып тұрғын үй­дің сапасыздығын анықтағанмен, құ­ры­лысқа жауаптылар әкімге қоңырау шалса, са­лық қызметкерлері әкімнің бір ауыз сө­зі­нен аса алмай қалады. Айналып келгенде, мұ­ның бәрінен қыруар ақшаға сапасыз үй сатып алып отырған тұрғындар жапа ше­гу­де. Сондықтан мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ламасы бойынша салынған үйлердің са­пасын тексеріп отыруға тәуелсіз қо­ғамдық ұйымдарға құзырет берілуі керек. Жә­не заң жүзінде олардың пікірі ескерілуі тиіс. Мәселен, шетелде мұндай ұйымдар бар.
– Еліміздегі шыны ғимараттардың сей­с­микалық қауіпсіздігі қанша­лық­ты?
– Шетелдерде де сейсмикалық қауіпті қалаларда шыны ғимараттар бар. Басты мәселе – олардың сапасында. Ал бізде құрылыс компаниялары сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланады. Мәселен, құрылысқа пайдаланылған заттың сапасы мен бағасы қағаз жүзінде бір басқа. Ал іс жүзінде мүлдем басқа. Авторлық бақылау осының бәрін қадағалап отыруы тиіс. Ал бізде ол мүлдем жоқ. Авторлық бақылауды күшейтетін заң жоқ. Ғимаратты қабылдап аларда ақшамен авторлық қадағалаудың қолын қойдырып алады. Бітті. Іс бітті, қу кетті. Бүгінгі қоғамда бұл – бір ғана құрылыс саласына қатысты нәрсе емес, бар­лық салаға тән нәрсе.
– Қоғамда «соңғы кездері салын­ған ғимараттар жер сілкінісіне төтеп бере алмайды» деген әңгіме жиі ай­ты­ла­ды. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Жамбыл облысы 8 балл, Өскемен 7 балл, ал Алматы қаласының ғимараттары 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп тұрғызылуы керек. Сондай-ақ Ра­йым­бек даңғылынан төменгі аймақтағы көп қа­батты үйлер төрт-бес қабаттан жоғары бол­мауы тиіс. Алайда бүгінгі күні бұл та­лаптар көп ескеріліп жүрген жоқ.
– Сөзіңіз аузыңызда, Райымбек даң­ғылынан төменгі аймаққа бес қа­бат­тан жоғары тұрғын үй салынбауы ке­рек дейсіз. Ал жақында ғана дәл осы Ра­йымбек даңғылынан төменгі «Жұл­дыз» ықшамауданындағы мемлекет­тік бағ­дарлама бойынша салынған, жос­пар бойынша бес қабат болуы тиіс тұр­ғын үйден өрт шықты. Құрылыс ком­па­ниясы шығынын жабу мақ­сатында алты-жеті қабатқа қоса, та­ғы мансард тұрғызған. Мансардтан шық­қан өрттен тұрғын үйдің барлық тұр­ғындары дерлік зардап шекті. Жал­пы тұрғын үйлердің үстінен пенхаус пен мансард салу қаншалықты қа­уіп­сіз?
– Алматы қаласы 9 балдық жер сіл­кі­ні­сі­не лайықталғанымен, Райымбек даң­ғы­лы­нан төмен қарайғы ғимараттар 10 балға есеп­теледі. Жалпы, жер сілкінісі жағ­да­йын­да жарылатын жердің арнайы картасы бар. Ол карта соңғы рет 1970 жылдары зерт­теліп, жасалған. Жердің үнемі құ­ры­лымы өзгеріп отыратын болғандықтан, бұл карта бүгінде ескірген. Қаланың сейс­ми­калық ахуалын толықтай зерттеп, кар­таны жаңарту керек. Бүгінгі таңда бұл жағ­дай біздің назарымыздан тыс қалған нә­р­се­лердің бірі болып тұр. Бүгінге дейін 1970 жылдары жасалған картамен жұмыс істеп жатырмыз. Ал бұл қаланың болашағы үшін қауіпті. Осыған Үкімет назар аударуы ке­рек. Карта бойынша Райымбек даң­ғы­лынан төменгі жақтағы қауіпті зонаға түс­кен ғимараттардың саны төрт қабаттан ас­па­уы тиіс. Ал жалпы дүниежүзілік тә­жі­ри­бе­де пенхаус, мансард салу үрдісі бар. Бар мә­селе оның сапасының қалай болуында.

Алашқа айтар датым...
Сәулет өнеріне бизнес, саясат әбден араласып кетті. Ұлттық құндылықтан өз мүддесін жоғары қойғандар ойындағысын істеп бағуда. Тұрғын үйдің жанынан мемлекеттік балабақша немесе мектеп салуға арнайы жер бөлінсе, уақыт өте басқа біреулердің сол жерді бизнес орталығына айналдырып жатқанын байқаймыз. Осындай жағдайлардың орын алуы еріксіз қынжылтады. Біздің, яғни мамандар тарапынан қарсылығымыз ескерілмейді де.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста