Жібек ӘЖІБАЕВА, Қазақстан кәсіпкерлері және базарлары қауымдастығы кәсіподағының төрайымы:
– Соңғы кезде еліміздегі базарларды көшіру төңірегінде даулар жиілеп барады. Мәселен, Тараздағы орталық базарды көшіргенде ондағы саудагерлер өре түрегеліп, наразылықтарын білдірді. Алдағы уақытта Алматыдағы «Барахолка» базарын көшіру жоспарланып отыр. Осы ретте мемлекетке де, саудагерлерге де, қарапайым тұтынушы халыққа да оңтайлы болу үшін базарларды көшірудің қандай тиімді жолдарын ұсынар едіңіз?
–Мен сізге айтайын, ескі базарлардың көшіріліп, заманауи сауда кешендерінің салынуына базар басшылығы да, саудагерлер де, қарапайым халық та, ешкім де қарсылық білдірмейді. Қайта қуанбасақ, бұл өкінетін жағдай емес. Алайда бұл жерде барлық мәселе, базарларды көшіру жергілікті билік тарапынан қалай орындалып отырғанында болып отыр. Жергілікті билік базарды көшіруді іске асырамын десе, онда тек өздерінің ғана жағдайын ойламай, саудагерлерге де, қарапайым халыққа да зиянын тигізбеудің амалын қарастырғаны дұрыс. Өкініштісі сол, бізде жергілікті әкімдік «қаланы көркейтеміз, саудагерлердің барлық жағдайын жасаймыз» деген әдемі сөздерді айтады да, бірақ жеме-жемге келгенде бұл бұйыру, тыйым салу жолымен іске асып жатады. Мәселен, Франция елінде Париж қаласының қақ ортасында орналасқан базарды қала сыртына көшіру үшін жергілікті билік 13 жыл уақыт жұмсапты. Онда да бірде-бір саудагердің зиян шекпеуін қатты қадағалаған. Ал бұл бізде қалай жүзеге асырылып жатыр? Қазір Тараздағы орталық базар маңынан көне жәдігерлер табылып, қаланың бас жоспарына сәйкес, ондағы 16 базарды жаңа үш сауда орнына көшірді. Базардың жабылуына байланысты 30 мыңға жуық саудагер жаңа сауда орталықтарына сыймай отыр. Оның үстіне, «Ауыл береке», «Атакент-Тараз», сондай-ақ Асқаров көшесінде орналасқан жаңа ірі сауда-базар кешенінде құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Яғни базар толық салынып бітпеген. Онымен қоса, Асқаров көшесінде орналасқан базарға баратын жол өте тар, онда туберкулез, тері-венерология, психоневрологиялық диспансерлер, түрме орналасқан. Базар маңы бұрын күл-қоқыс жиналатын полигон болған. Ертең ол базарға баратын жолда көлік тығыны артады. Не су, не жылу жоқ. Дәретхана, жарық мәз емес. Қоймасы да жоқ. Сонда саудагерлер тауарын қайда сақтамақ? Тіпті жаңа базар басшылары саудагерлер ескі базардағы контейнерлерін әкеп қойғаны үшін 100 мың теңге талап етіп отыр. Мен түсінбеймін, жергілікті билік жаңа заманауи базар саламыз дейді, ал саудагерлер онда ескі контейнерлерін тасып жатыр. Сонда оның несі жаңа базар? Енді мен сізге ондағы үлкен заңсыздықтарды айтып берейін. Біріншіден, үш базардың да объектісінің салынып біткені, пайдалануға беру жөніндегі Мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі жоқ. Ал ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша, кез келген базар құрылысы салынып бітпей жатып, онда сауда жасалуға болмайды делінген. Екіншіден, Ата Заңымызда «Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша, не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi» деген, сондай-ақ осы заңның 26-бабында «Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады» деген бап бар. Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің 10-бабында «жеке кәсіпкерді жерден айыру немесе сауда жасауына тыйым салу соттың шешімімен ғана жүзеге асуы тиіс» делінген. Ал Тараздағы саудагерлерді жергілікті билік соттың шешімімен емес, қала әкімінің бұйрығымен-ақ үш күнде қуып шықты. Алдында жергілікті әкімдік жаңа базарлар толық салынып бітпей, ешкімді көшірмейміз деп еді, кейін аяқ астынан түлен түрткендей қазанның 29-ы мен 31-і күні аралығында «базар көшуі тиіс» деген қаулы шығарды. Сол күні жергілікті билік күштік құрылымдарды, бүкіл полиция, арнайы жасақты жинап, базарға ешкімді кіргізбей қойды. Біз бұл істің қаншалықты заңды екендігін тексеру мақсатында жергілікті прокуратураға арызданып едік, өкінішке қарай, олар ешқандай заңбұзушылықтар таппапты. Сот шешімінсіз саудагерлерді бір күнде қуып шығу жергілікті биліктің өз қызметін асыра пайдаланғандығы емей, немене? Күштік құрылымдардың қаруланып алып: «Егер қандай да бір қарсылық білдіріп сөйлесеңдер, бейнекамераға түсіріп, мұның арты жақсылыққа апармайды», – деп қорқытуы қаншалықты заңды? Одан да жергілікті билік бұл мәселені базар басшыларымен, кәсіподақпен, қауымдастықпен бірігіп, дөңгелек үстел басында отырып шешудің орнына, мұндай әрекетке баруы еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс деп есептеймін. Қала билігі бір күнде орталық базарға жарық пен су секілді коммуналдық қызмет көрсетуді тоқтатып тастады. Бұл да – үлкен заңбұзушылық. Өйткені базар әкімшілігі олардың қызметіне ақысын төледі, келісімшарт жасасты. Енді келіп ешқандай ескертусіз, сот шешімінсіз, әкімнің бұйрығымен келісімшартты бұзып отыр. Сондықтан менің айтарым, базарды көшіруді халықты қорқытып-үркітумен емес, өркениетті жолмен шешуіміз керек. Ең алдымен базардағы саудагерлерді көшіру мәселесін көтергенде оның жаңа орнын сайлап алу керек. Және жаңа орын барлық жағынан ескі орыннан артық болуы керек. Жаңа базарда кем дегенде екі-үш ай саудагерлер ешқандай төлемсіз, тегін сауда жасауы тиіс. Еліміздің заңдарына байланысты әрекет етіп, кәсіпкерлердің құқын таптамай, ешкімге зияны тимейтіндей етіп жасауымыз міндет. Мұны басқа-басқа емес, жергілікті билік мықтап ойластыруы керек еді. Алайда жергілікті әкімдіктің өзі осындай өрескел қадамдарға барып, заңды бұзып отырса, онда қарапайым халықтан не күтуге болады?
– Сонда біздің елімізде базарларда саудамен айналысатындардың кәсіпкер ретінде мәртебесі заңдық тұрғыдан қорғалмағаны ма?
– Әрине, кәсіпкерлердің құқы бұзылып келеді. Бұл жағдай базарлардағы кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл болуда. Жергілікті билік кәсіпкерлерге тек салық төлеуше ретінде қарайды. Сондықтан әкімдік кәсіпкерлерге іскерлік байланыстағы әріптес ретінде қарап, барлық заңдық құжаттарды орындауы тиіс. Осы дау төңірегінде біз көшуі тиіс 16 базар басшыларымен бірге әкімдік, мәслихат, жаңа базар басшылары – бәріміз бірігіп, ақылдасып, бұдан шығудың жолын қарастырайық дегенде, жергілікті билік біздің ұсынысымызға құлақ асқан жоқ. Осыдан кейін біз ҚР Бас прокуратурасына арыз жаздық. Алайда Бас прокуратура – облысқа, ал облыс қала прокуратурасына «осы арызға жауап берсін» деп хат жазыпты. Ал қала прокуроры бізге не айтады? Бұдан кейін базар кәсіпкерлерінің құқы қорғалған деп айта аламыз ба? Қаржы полициясы, басқа да құзырлы органдар осылай етуде. Біз бұдан кейін қайтып нәтижелі істерге қол жеткізбекпіз? Қазір онда 30 мыңға жуық сауда жасаушы ашынып отыр. Алайда біз Базар қауымдастығы, кәсіподақ бірігіп, әлі-ақ келісімге келеміз, мұны шешудің жолдарын табамыз деп елді тынышталдырдық. Дегенмен атқарушы билік кездесуге құлық танытпай отыр. Онымен қоса, қандай да бір дау туындап қалса, ашынған саудагерлерді террорист, әлеуметтік араздықты қоздырушы деп айыптамас үшін алдын ала ҚР Қауіпсіздік Кеңесіне хат жаздық. Бұл жерде шын мәнінде әлеуметтік араздықты тудырып отырған халық емес, жергілікті биліктің өзі. Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамтып, тыныш саудасын жасап отырған халықты үш күннің ішінде нәпақасынан айырып, далаға қуып жіберуі жергілікті биліктің қателігінен болып отыр.
Біздің есебімізше, ондағы жұмыссыз қалған базар саудагерлерінің нақты саны – 28-30 мың адам. Ал әкімдік онда неше адам істейтіні туралы анализді жан-жақты жүргізбеген. Олар: «Базардағылар саны 11-12 мың адам», – дейді. Бұл жерде тағы бір үлкен мәселе туындайды. Демек, онда талон бойынша 100 пайыздық төлем төленбеген. Нақты 50 пайызына талон беріліп, ал қалған 50 пайыз салық біреулердің қалтасына кетіп отырған.
– Жалпы, сауда саласын дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
–Шынымды айтайын, дәл осы саланы дамытудың жолдарын ешкім ойластырып отырған жоқ. Оның үстіне, еліміздегі сауда жүйесі экономиканың қосалқы механизміне айналып кетті. Индустрия және сауда министрлігі, одан кейін Экономикалық даму және сауда министрлігі, әйтеуір, сауда жүйесі өз алдына шаңырақ құра алмай-ақ қойды. Осы уақытқа дейін әртүрлі ведомостваның тасасында қалып келеді. Бұл салада он жыл ішінде он шақты министр ауысып келді. Көпшілігі өзінің реформаларын соңына дейін аяқтай алған жоқ. Қазір сауда саласын дамытудың не стратегиясы, не әдіс-тәсілдері жасалынбай отыр. Бұл саланы дамытудың жолдары қандай, ол үшін не істеуіміз керек, қандай әрекеттер жасағанымыз дұрыс, ішкі және сыртқы сауданы алға жылжытудың жолдары қайсы, бұл жағы жан-жақты талқыланып отырған жоқ. Экономикалық даму және сауда министрлігі көбіне сыртқы сауданы дамытуға ұмтылады. Ал бізде сыртқы саудада мұнай мен газ, жер байлығы басты орында. Сосын бидайымызды экспорттаймыз. Ал ішкі сауда ескерусіз қалды, бұған қатысты ешқандай бағдарлама қабылданбаған. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асты, экономикамыз даму үстінде. Енді еліміздің ішкі саудасын неге дамытпасқа? Барлығымыз бірігіп, бұл саланы көтерудің жоспарын жасап, ішкі сауданы сатылап көтерудің жолдарын қарастырғанымыз дұрыс емес пе? Бұл ретте біз сауда саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасын жасап, Үкіметке ұсынғанбыз. Ішкі сауда, сыртқы сауда, көтерме сауда, биржалық сауда, тағы басқалары болашақта қалай дамуы тиіс, оған Үкіметтен қандай жәрдем керек, жергілікті билік тарапынан не істелінуі тиіс, барлығын бөлек-бөлек жасағанбыз. Алайда ол бағдарлама қағаз жүзінде қалып қойды.
Сауда жүйесін дамыту үшін біз ауылшаруашылық саласына көңіл бөлуіміз керек. Әлемдік рейтинг бойынша біздің ет, сүт, көкөністеріміз өте сапалы өнім саналады. Бұл біздің ең үлкен көзіріміз болуы тиіс. Осыны дамытып, үлкен экономикалық жетістіктерге жетуге болады. Кейбір елдер туризм саласын дамыту арқылы көтеріліп отырса, ал біз ауылшаруашылық өнімдерін көптеп шығарумен танылуымыз керек. Өз өнімімізбен Орталық Азияны жауласақ, оның өзі – үлкен жетістік. Әлемдік экономикада өзіндік орнымыз қалыптасар еді. Өкінішке қарай, қазір біз ауылшаруашылық өнімдерін Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан тасымалдап жатырмыз. Кезінде бүкіл Кеңестер Одағын азық-түлікпен қамтамасыз еткен бізге қазір не күн туды? Себебі Экономикалық даму және сауда министрлігі, Ауылшаруашылық министрлігі, Көлік және коммуникация министрлігі, фермерлер, тасымалдаушылар, тауар өндірушілер, сауда қауымдастығы – барлығымыз бірігіп, бір дөңгелек үстел басына жинала алмай отырмыз. Әйтпесе мәселені біріге отырып шешсек, әрқайсысы не істеу керектігін, алға қалай жылжу қажеттігін ойластыра отырып әрекет етсе, біз алмайтын асу жоқ. Алайда бізге бірігудің өзі қиын. Біз қазір бір жолда қатарласып келеміз. Бір-бірімізбен қиылысып, қиюласпағаннан кейін ісіміз нәтижесіз аяқталуда. Сауда саласында ең басты мәселе осыдан туындап отыр. Әр министр өзінше бағдарлама жасап, оның бәрі қағаз жүзінде қалуда. Кеткен қаржыны қадағалау жоқ. Егер біз бірігіп жұмыс жасасақ, қаржының қалай жұмсалып жатқанын бір-бірімізден бақылап отырар едік. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі орындалуына көмектесер едік.
–Өткенде Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Барахолка» базарына жылжымалы медициналық-профилактикалық тексеру шарасын өткізді. Сонда өз еркімен дәрігерлік тексерістен өткен мың адамның жүзге жуығынан туберкулез дертінің вирусы анықталыпты. Фтизиатр мамандар: «Бұл көрсеткіш – жедел дабыл қағатын жағдай», – дейді. Тексеріс кезінде ондағы туберкулезбен ауыратындар түрмедегі жағдаймен бірдей, жеті есеге өскен. Абақтылардағы азаматтар әйтеуір мәжбүрлікпен болса да емделсе, ал базардағылар өздігінен келіп қаралмайды. Саудагерлердің емделуі үшін не істеуіміз керек?
– «Барахолкада» түрлі аурулардың дендеп кеткені саудагерлердің кінәсінен емес, бұл жергілікті биліктің, Ішкі істер, Көші-қон, Денсаулық сақтау департаменттері жұмыстарының жүйесіз екендігін көрсетіп отыр. Мәселен, бізде ана мен бала өлімі жиілеп кетті. Қаншама жаңа туылған нәрестелердің өмірін арашалап қала алмай отырмыз. Оған «Барахолканың» қатысы қанша? Бұл жерде мәселе басқада. Денсаулық сақтау департаменті басшылығы өз жұмысын жүйелі, сапалы атқара алмай отыр. Туберкулезді қазір мектептерден, студенттер жатақханасынан, ЖОО-ларда сабақ беретін профессорлар арасынан да тауып алуға болады. Түрмеден де туберкулез болып, жаза мерзімі бітіп, ел арасында қаншамасы жүр. Неге медициналық тексеру мектептерде, студенттер жатақханасында, ЖОО-ларда, ауылшаруашылық саласында істейтін мамандар арасында жүргізілмейді? Бұл тек «Барахолка» базарын көшіру үшін, ел арасында «онда кілең аурулар жүр, ол базар керек емес» деген секілді ой тарату үшін жергілікті биліктің жасап отырған құйтырқы саясаттарының бірі деп есептеймін. Әйтпесе «Барахолка» базарының ашылғанына қаншама жыл болды, Денсаулық сақтау департаменті осы уақытқа дейін саудагерлердің денсаулығын тексергіш болса, қайда қалды? Егер шын жаны ашыса, сауда жасаушылардың денсаулығына алаңдаса, онда жылына екі-үш реттен тексеріп, олардың емделулері үшін насихат жұмыстарын жүргізбей ме? Сондықтан бұл саудагерлердің емес, жергілікті құзырлы органдардың жұмыс істей алмай, қадағалауға, бақылауға ала алмай отырғандығынан осындай мәселе туындап отыр. Бір ескерте кететін жайт: Таразда 30 мың саудагердің мәселесі үлкен дау болды, қаншама мәселе туындады. Ал «Барахолкада» 180 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан «Барахолканы» көшіруде Тараздың орталық базарындағы қателіктер қайталанбауы тиіс.
Алашқа айтар датым...
Тараздағы базарды көшірудің салдарынан қараша-желтоқсан айларында талон бойынша қала бюджетіне 46 млн теңге түспейді. Ал банк 200-220 млн теңгесін ала алмайды. Өйткені ондағы саудагерлердің әрқайсысында миллионнан жоғары 2-3 кредиттен бар. Енді оның үстемақысын қоссаңыз, неше болатынын өзіңіз есептей беріңіз. Егер ондағы 30 мыңға жуық саудагер несиесін уақытында төлемесе, онда басындағы жалғыз баспанасынан айырылады. Себебі банк баспананы кепілдікке алмай, ірі көлемде несие бермейтіні белгілі. Оның үстіне, саудагерлердің әрқайсысында 3-4 баладан бар деп есептейтін болсақ, 100 мыңға тарта адам әлеуметтік қиындыққа ұшырайды. Қазір онда қанша суицид орын алып отырғанын білесіз бе? Кезінде Шымкенттегі базар оқиғасы кезінде он шақты адам өмірімен қош айтысқан. Шымкентте саудагерлермен кездесу өткізгенімде маған бір әйел кісі келді. Ол өзінің қолының тамырын үш рет кесіп тастаған. Неге? Себебі банк оның қарыз екенін жариялады, қайта-қайта қорқытып, мазасын алып, психологиялық ауруға ұшыратты. Ақыры шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсауға тырысты. Егер бұл проблема өркениетті деңгейде шешілмесе, мұндай қайғылы оқиғалар жиілеуі мүмкін. Тағы бір келіншек өмірдің соққысына ұшырап, түсік тастады. Енді бұдан кейін халықта ақша болмаған соң, не істейді? Әрине, ұрлық-қарлық, тонау, кісі өлтіру көбейеді. Кезінде базарда жүрген жігіттер әйтеуір сауда істеп болса да өз-өзін алдандырып күн көретін, ал қазір онда өндіріс орындары жоқ, базар жабылды, сонда олар қайда бармақ? Бұл әлеуметтік қопарылыс емей, немене?
Мұны шешу үшін...
Жергілікті билік басында қателік жіберді. Саудагерлерді далада қаңғытып қойды. Енді олардың мәселесін басқа жолмен шешуіміз керек. Тараздағы егде тартқан саудагерлер зейнет жасына жақындағандықтан, олар бизнесін қайта бастай алмайды. Сондықтан оларды ертерек зейнетке шығару мәселелерін қарастырғанымыз дұрыс. Орта жастағыларды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету керек. Ал жастарға жұмыс тауып беру мәселесін шешуіміз тиіс. Барлықтарының банктегі қарызын төлеуін уақытша тоқтатқанымыз жөн. Мұның барлығы жергілікті әкімдік тарапынан емес, үкіметтік деңгейде шешілуі қажет.