Сауда жүйесін дамыту үшін ауылшаруашылық саласына көңіл бөлуіміз керек

Сауда жүйесін дамыту үшін ауылшаруашылық саласына көңіл бөлуіміз керек

Жібек ӘЖІБАЕВА, Қазақстан кәсіпкерлері және базарлары қауымдастығы кәсіподағының төрайымы:

– Соңғы кезде еліміздегі базарларды көшіру төңірегінде даулар жиілеп барады. Мәселен, Тараздағы орталық базарды көшіргенде ондағы сауда­герлер өре түрегеліп, наразылықтарын білдірді. Алдағы уақытта Алматыдағы «Барахолка» базарын көшіру жос­парланып отыр. Осы ретте мемлекетке де, саудагерлерге де, қарапайым тұтынушы халыққа да оңтайлы болу үшін базарларды көшірудің қандай тиімді жолдарын ұсынар едіңіз?
–Мен сізге айтайын, ескі базарлардың көшіріліп, заманауи сауда кешендерінің салы­нуына базар басшылығы да, сау­да­герлер де, қарапайым халық та, ешкім де қарсылық білдірмейді. Қайта қуанбасақ, бұл өкінетін жағдай емес. Алайда бұл жер­де барлық мәселе, базарларды көшіру жергілікті билік тарапынан қалай орын­да­лып отырғанында болып отыр. Жергілікті билік базарды көшіруді іске асырамын десе, онда тек өздерінің ғана жағдайын ойла­май, саудагерлерге де, қарапайым халыққа да зиянын тигізбеудің амалын қарастырғаны дұрыс. Өкініштісі сол, бізде жергілікті әкімдік «қаланы көркейтеміз, саудагерлердің барлық жағдайын жасай­мыз» деген әдемі сөздерді айтады да, бірақ жеме-жемге келгенде бұл бұйыру, тыйым салу жолымен іске асып жатады. Мәселен, Франция елінде Париж қаласының қақ ортасында орналасқан базарды қала сыртына көшіру үшін жергілікті билік 13 жыл уақыт жұмсапты. Онда да бірде-бір саудагердің зиян шекпеуін қатты қада­ғалаған. Ал бұл бізде қалай жүзеге асы­рылып жатыр? Қазір Тараздағы орталық базар маңынан көне жәдігерлер табылып, қаланың бас жоспарына сәйкес, ондағы 16 базарды жаңа үш сауда орнына көшірді. Базардың жабылуына байланысты 30 мыңға жуық саудагер жаңа сауда орталық­тарына сыймай отыр. Оның үстіне, «Ауыл береке», «Атакент-Тараз», сондай-ақ Ас­қаров көшесінде орналасқан жаңа ірі сауда-базар кешенінде құрылыс жұмыс­тары әлі жүріп жатыр. Яғни базар толық салынып бітпеген. Онымен қоса, Асқаров көшесінде орналасқан базарға баратын жол өте тар, онда туберкулез, тері-вене­рология, психоневрологиялық диспан­серлер, түрме орналасқан. Базар маңы бұрын күл-қоқыс жиналатын полигон болған. Ертең ол базарға баратын жолда көлік тығыны артады. Не су, не жылу жоқ. Дәретхана, жарық мәз емес. Қоймасы да жоқ. Сонда саудагерлер тауарын қайда сақтамақ? Тіпті жаңа базар басшылары саудагерлер ескі базардағы контейнерлерін әкеп қойғаны үшін 100 мың теңге талап етіп отыр. Мен түсінбеймін, жергілікті билік жаңа заманауи базар саламыз дейді, ал саудагерлер онда ескі контейнерлерін та­сып жатыр. Сонда оның несі жаңа базар? Енді мен сізге ондағы үлкен заңсыздық­тарды айтып берейін. Біріншіден, үш базар­­дың да объектісінің салынып біткені, пайдалануға беру жөніндегі Мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі жоқ. Ал ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша, кез келген базар құрылысы салынып бітпей жатып, онда сауда жасалуға болмайды делінген. Екіншіден, Ата Заңымызда «Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша, не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi» деген, сондай-ақ осы заңның 26-бабында «Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады» деген бап бар. Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің 10-бабында «жеке кәсіпкерді жерден айыру немесе сауда жасауына тыйым салу соттың ше­шімімен ғана жүзеге асуы тиіс» делінген. Ал Тараздағы саудагерлерді жергілікті билік соттың шешімімен емес, қала әкімінің бұйрығымен-ақ үш күнде қуып шықты. Алдында жергілікті әкімдік жаңа базарлар толық салынып бітпей, ешкімді көшір­мейміз деп еді, кейін аяқ астынан түлен түрткендей қазанның 29-ы мен 31-і күні ара­лығында «базар көшуі тиіс» деген қаулы шығарды. Сол күні жергілікті билік күштік құрылымдарды, бүкіл полиция, арнайы жасақты жинап, базарға ешкімді кіргізбей қойды. Біз бұл істің қаншалықты заңды екендігін тексеру мақсатында жер­гілікті прокуратураға арызданып едік, өкі­нішке қарай, олар ешқандай заңбұзу­шы­лықтар таппапты. Сот шешімінсіз сау­­да­­­­­­гер­­­лерді бір күнде қуып шығу жер­гілікті биліктің өз қызметін асыра пайда­ланғандығы емей, немене? Күштік құры­лымдардың қару­ланып алып: «Егер қандай да бір қарсылық білдіріп сөйле­сеңдер, бейне­камераға түсіріп, мұның ар­ты жақсылыққа апар­майды», – деп қор­қытуы қаншалықты заң­ды? Одан да жергілікті билік бұл мәселені базар басшыларымен, кәсіп­одақпен, қауымдас­тықпен бірігіп, дөңгелек үстел басында отырып шешудің орнына, мұндай әрекетке баруы еш ақтауға жат­пайтын тым өрескел іс деп есептеймін. Қала билігі бір күнде орталық базарға жа­рық пен су секілді коммуналдық қызмет көрсетуді тоқтатып тастады. Бұл да – үлкен заң­бұзу­шылық. Өйткені базар әкімшілігі олар­дың қызметіне ақысын төледі, келісімшарт жасасты. Енді келіп ешқандай ескертусіз, сот шешімінсіз, әкімнің бұй­рығымен келі­сім­шартты бұзып отыр. Сондықтан менің айтарым, базарды көшіруді халықты қор­қытып-үркітумен емес, өркениетті жолмен шешуіміз керек. Ең алдымен базардағы саудагерлерді көшіру мәселесін көтергенде оның жаңа орнын сайлап алу керек. Және жаңа орын барлық жағынан ескі орыннан артық болуы керек. Жаңа базарда кем дегенде екі-үш ай саудагерлер ешқандай төлемсіз, тегін сауда жасауы тиіс. Еліміздің заңдарына байланысты әрекет етіп, кәсіпкерлердің құқын таптамай, ешкімге зияны тимей­тіндей етіп жасауымыз міндет. Мұны басқа-басқа емес, жергілікті билік мықтап ойластыруы керек еді. Алай­да жергілікті әкімдіктің өзі осындай өрескел қадамдарға барып, заңды бұзып отырса, онда қара­пайым халықтан не күтуге болады?
– Сонда біздің елімізде базарларда саудамен айналысатындардың кәсіп­кер ретінде мәртебесі заңдық тұрғыдан қорғалмағаны ма?
– Әрине, кәсіпкерлердің құқы бұзылып келеді. Бұл жағдай базарлардағы кәсіп­керліктің дамуына тосқауыл болуда. Жергілікті билік кәсіпкерлерге тек салық төлеуше ретінде қарайды. Сондықтан әкімдік кәсіпкерлерге іскерлік байланыс­тағы әріптес ретінде қарап, барлық заңдық құжаттарды орындауы тиіс. Осы дау төңі­регінде біз көшуі тиіс 16 базар басшы­ларымен бірге әкімдік, мәслихат, жаңа базар басшылары – бәріміз бірігіп, ақыл­дасып, бұдан шығудың жолын қарас­ты­райық дегенде, жергілікті билік біздің ұсы­нысымызға құлақ асқан жоқ. Осыдан кейін біз ҚР Бас прокуратурасына арыз жаздық. Алайда Бас прокуратура – облысқа, ал облыс қала прокуратурасына «осы арызға жауап берсін» деп хат жазыпты. Ал қала прокуроры бізге не айтады? Бұдан кейін базар кәсіпкерлерінің құқы қорғалған деп айта аламыз ба? Қаржы полициясы, басқа да құзырлы органдар осылай етуде. Біз бұдан кейін қайтып нәтижелі істерге қол жеткізбекпіз? Қазір онда 30 мыңға жуық сауда жасаушы ашынып отыр. Алайда біз Базар қауымдастығы, кәсіподақ бірігіп, әлі-ақ келісімге келеміз, мұны шешудің жолдарын табамыз деп елді тыныш­тал­дырдық. Дегенмен атқарушы билік кез­десуге құлық танытпай отыр. Онымен қоса, қандай да бір дау туындап қалса, ашын­ған саудагерлерді террорист, әлеу­меттік араз­дықты қоздырушы деп айып­тамас үшін алдын ала ҚР Қауіпсіздік Кеңесіне хат жаздық. Бұл жерде шын мәнінде әлеуметтік араздықты тудырып отырған халық емес, жергілікті биліктің өзі. Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамтып, тыныш саудасын жасап отырған халықты үш күннің ішінде нәпақасынан айырып, далаға қуып жіберуі жергілікті биліктің қателігінен болып отыр.
Біздің есебімізше, ондағы жұмыссыз қалған базар саудагерлерінің нақты саны – 28-30 мың адам. Ал әкімдік онда неше адам істейтіні туралы анализді жан-жақты жүргізбеген. Олар: «Базардағылар саны 11-12 мың адам», – дейді. Бұл жерде тағы бір үлкен мәселе туындайды. Демек, онда талон бойынша 100 пайыздық төлем төленбеген. Нақты 50 пайызына талон беріліп, ал қалған 50 пайыз салық біреу­лердің қалтасына кетіп отырған.
– Жалпы, сауда саласын дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
–Шынымды айтайын, дәл осы саланы дамытудың жолдарын ешкім ойластырып отырған жоқ. Оның үстіне, еліміздегі сауда жүйесі экономиканың қосалқы меха­низміне айналып кетті. Индустрия және сауда министрлігі, одан кейін Эконо­микалық даму және сауда министрлігі, әйтеуір, сауда жүйесі өз алдына шаңырақ құра алмай-ақ қойды. Осы уақытқа дейін әртүрлі ведомостваның тасасында қалып келеді. Бұл салада он жыл ішінде он шақты министр ауысып келді. Көпшілігі өзінің реформаларын соңына дейін аяқтай алған жоқ. Қазір сауда саласын дамытудың не стратегиясы, не әдіс-тәсілдері жасалынбай отыр. Бұл саланы дамытудың жолдары қандай, ол үшін не істеуіміз керек, қандай әрекеттер жасағанымыз дұрыс, ішкі және сыртқы сауданы алға жылжытудың жол­дары қайсы, бұл жағы жан-жақты талқы­ланып отырған жоқ. Экономикалық даму және сауда министрлігі көбіне сыртқы сауданы дамытуға ұмтылады. Ал бізде сыртқы саудада мұнай мен газ, жер бай­лығы басты орында. Сосын бидайы­мызды экспорттаймыз. Ал ішкі сауда ескерусіз қалды, бұған қатысты ешқандай бағдар­лама  қабылданбаған. Тәуелсіздік алғаны­мызға 20 жылдан асты, эконо­микамыз даму үстінде. Енді еліміздің ішкі саудасын неге дамытпасқа? Барлығымыз бірігіп, бұл саланы көтерудің жоспарын жасап, ішкі сауданы сатылап көтерудің жолдарын қарастырғанымыз дұрыс емес пе? Бұл ретте біз сауда саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдар­ламасын жасап, Үкіметке ұсын­ғанбыз. Ішкі сауда, сыртқы сауда, көтерме сауда, бир­жалық сауда, тағы басқалары болашақта қалай дамуы тиіс, оған Үкіметтен қандай жәрдем керек, жергілікті билік тарапынан не істелінуі тиіс, барлығын бөлек-бөлек жасағанбыз. Алайда ол бағдарлама қағаз жүзінде қалып қойды.
Сауда жүйесін дамыту үшін біз ауыл­шаруашылық саласына көңіл бөлуіміз ке­рек. Әлемдік рейтинг бойынша біздің ет, сүт, көкөністеріміз өте сапалы өнім саналады. Бұл біздің ең үлкен көзіріміз болуы тиіс. Осыны дамытып, үлкен эконо­микалық жетістіктерге жетуге болады. Кейбір елдер туризм саласын дамыту арқылы көтеріліп отырса, ал біз ауыл­шаруашылық өнімдерін көптеп шығарумен танылуымыз керек. Өз өнімімізбен Орта­лық Азияны жауласақ, оның өзі – үлкен жетістік. Әлемдік экономикада өзіндік орнымыз қалыптасар еді. Өкінішке қарай, қазір біз ауыл­шаруашылық өнімдерін Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан тасымалдап жатырмыз. Кезінде бүкіл Ке­ңестер Одағын азық-түлікпен қамтама­сыз еткен бізге қазір не күн туды? Себебі Эко­номикалық даму және сауда министр­лігі, Ауылшаруашылық министр­лігі, Көлік және коммуникация министрлігі, фер­мерлер, тасымал­дау­шылар, тауар өндіру­шілер, сауда қауымдастығы – бар­лығымыз бірігіп, бір дөңгелек үстел басына жинала алмай отырмыз. Әйтпесе мәселені біріге отырып шешсек, әрқайсысы не істеу керек­тігін, алға қалай жылжу қажеттігін ойлас­тыра отырып әрекет етсе, біз алмайтын асу жоқ. Алайда бізге бірігудің өзі қиын. Біз қазір бір жолда қа­тар­ласып келеміз. Бір-бірімізбен қиылысып, қиюласпағаннан кейін ісіміз нәтижесіз аяқталуда. Сауда саласында ең басты мәселе осыдан туын­дап отыр. Әр министр өзінше бағдарлама жасап, оның бәрі қағаз жүзінде қалуда. Кеткен қаржыны қадағалау жоқ. Егер біз бірігіп жұмыс жасасақ, қаржының қалай жұмсалып жатқанын бір-бірімізден бақы­лап отырар едік. Мемлекеттік бағдарла­малардың нәтижелі орындалуына көмек­тесер едік.
–Өткенде Алматы қалалық ден­саулық сақтау басқармасы «Бара­холка» базарына жылжымалы меди­циналық-профилактикалық тексеру шарасын өткізді. Сонда өз еркімен дә­рігерлік тексерістен өткен мың адам­ның жүзге жуығынан тубер­кулез дерті­нің вирусы анықталыпты. Фтизиатр мамандар: «Бұл көрсеткіш – жедел дабыл қағатын жағдай», – дейді. Тексеріс кезінде он­дағы тубер­кулезбен ауыратындар түр­медегі жағдаймен бірдей, жеті есеге өскен. Абақтылар­дағы азаматтар әй­теуір мәжбүрлікпен болса да емделсе, ал базардағылар өздігінен келіп қарал­майды. Саудагер­лердің емделуі үшін не істеуіміз керек?
– «Барахолкада» түрлі аурулардың дендеп кеткені саудагерлердің кінәсінен емес, бұл жергілікті биліктің, Ішкі істер, Көші-қон, Денсаулық сақтау депар­та­мент­тері жұмыстарының жүйесіз екендігін көрсетіп отыр. Мәселен, бізде ана мен бала өлімі жиілеп кетті. Қаншама жаңа туылған нәрестелердің өмірін арашалап қала алмай отырмыз. Оған «Барахолканың» қатысы қанша? Бұл жерде мәселе басқада. Ден­саулық сақтау департаменті басшылығы өз жұмысын жүйелі, сапалы атқара алмай отыр. Туберкулезді қазір мектептерден, студенттер жатақханасынан, ЖОО-ларда сабақ беретін профессорлар арасынан да тауып алуға болады. Түрмеден де тубер­кулез болып, жаза мерзімі бітіп, ел ара­сында қаншамасы жүр. Неге медици­налық тексеру мектептерде, студенттер жатақ­ханасында, ЖОО-ларда, ауылшаруа­шылық саласында істейтін мамандар арасында жүргізілмейді? Бұл тек «Барахолка» ба­зарын көшіру үшін, ел арасында «онда кілең аурулар жүр, ол базар керек емес» деген секілді ой тарату үшін жергілікті биліктің жасап отырған құйтырқы саясат­тарының бірі деп есептеймін. Әйтпесе «Барахолка» базарының ашылғанына қаншама жыл болды, Денсаулық сақтау департаменті осы уақытқа дейін сауда­герлердің денсаулығын тексергіш болса, қайда қалды? Егер шын жаны ашыса, сауда жасаушылардың денсау­лығына алаңдаса, онда жылына екі-үш реттен тексеріп, олар­дың емделулері үшін насихат жұмыстарын жүргізбей ме? Сондықтан бұл саудагер­лердің емес, жергілікті құзырлы органдар­дың жұмыс істей алмай, қадағалауға, бақы­лауға ала алмай отыр­ғандығынан осындай мәселе туындап отыр. Бір ескерте кететін жайт: Таразда 30 мың саудагердің мәселесі үлкен дау болды, қаншама мәселе туындады. Ал «Бара­холкада» 180 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан «Бара­холканы» көшіруде Тараз­дың орталық базарындағы қателіктер қайталанбауы тиіс.

Алашқа айтар датым...
Тараздағы базарды көшірудің салдарынан қараша-желтоқсан айларында талон бойынша қала бюджетіне 46 млн теңге түспейді. Ал банк 200-220 млн теңгесін ала алмайды. Өйткені ондағы саудагерлердің әрқайсысында миллионнан жоғары 2-3 кредиттен бар. Енді оның үстемақысын қоссаңыз, неше болатынын өзіңіз есептей беріңіз. Егер ондағы 30 мыңға жуық саудагер несиесін уақытында төлемесе, онда басындағы жалғыз баспанасынан айырылады. Себебі банк баспананы кепілдікке алмай, ірі көлемде несие бермейтіні белгілі. Оның үстіне, саудагерлердің әрқайсысында 3-4 баладан бар деп есептейтін болсақ, 100 мыңға тарта адам әлеуметтік қиындыққа ұшырайды. Қазір онда қанша суицид орын алып отырғанын білесіз бе? Кезінде Шымкенттегі базар оқиғасы кезінде он шақты адам өмірімен қош айтысқан. Шымкентте саудагерлермен кездесу өткізгенімде маған бір әйел кісі келді. Ол өзінің қолының тамырын үш рет кесіп тастаған. Неге? Себебі банк оның қарыз екенін жариялады, қайта-қайта қорқытып, мазасын алып, психологиялық ауруға ұшыратты. Ақыры шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсауға тырысты. Егер бұл проблема өркениетті деңгейде шешілмесе, мұндай қайғылы оқиғалар жиілеуі мүмкін. Тағы бір келіншек өмірдің соққысына ұшырап, түсік тастады. Енді бұдан кейін халықта ақша болмаған соң, не істейді? Әрине, ұрлық-қарлық, тонау, кісі өлтіру көбейеді. Кезінде базарда жүрген жігіттер әйтеуір сауда істеп болса да өз-өзін алдандырып күн көретін, ал қазір онда өндіріс орындары жоқ, базар жабылды, сонда олар қайда бармақ? Бұл әлеуметтік қопарылыс емей, немене?

Мұны шешу үшін...
Жергілікті билік басында қателік жіберді. Саудагерлерді далада қаңғытып қойды. Енді олардың мәселесін басқа жолмен шешуіміз керек. Тараздағы егде тартқан саудагерлер зейнет жасына жақындағандықтан, олар бизнесін қайта бастай алмайды. Сондықтан оларды ертерек зейнетке шығару мәселелерін қарас­тырғанымыз дұрыс. Орта жас­тағыларды жеңілдетілген несиемен қам­тамасыз ету керек. Ал жастарға жұмыс тауып беру мәселесін шешуіміз тиіс. Бар­лықтарының банктегі қарызын төлеуін уақыт­ша тоқтатқанымыз жөн. Мұның барлығы жергілікті әкімдік тарапынан емес, үкіметтік деңгейде шешілуі қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста