Сана­ны тұрмысқа билетіп қойып, үнсіз отыра беру де қылмыс секілді

Сана­ны тұрмысқа билетіп қойып, үнсіз отыра беру де қылмыс секілді

Жеңіс СЕЙДУЛЛАҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыс және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Жеңіс аға, ел өзіңізді әнші, сазгер деп танығанымен, тек сол тұрғыда қарау сіздің бүтін болмысыңызды аша алмайтыны түсінікті. Олай болса, бір мезгіл қоғам қайраткері ретінде өзіңіз­бен ұлт жайлы, қоғам жайлы сөз қоз­ғасақ. Әркім өз орнында жүрген, яғни «әнші ән айтып, аспаз дәм әзір­леген қоғам ғана бақытты» деген ғой бұрынғының ойшылдары. Осы бізде қазір бәрі керісінше, кері кеткен заман ту­ған жоқ па?
– Менің ойымды тап басқаныңа таң­ғалып отырмын. Себебі кейінгі кездері өнер, ән, әншілер жайлы кім көрінген пікір айта беретініне менің де ішім ашып жүрген еді. Негізі, әр саланың өз қалтарыс, құпия­сы болуы керек қой?.. Ал біздің өнер сала­сын­да сол нәрселер әлдеқашан құпия болудан қалып, фонограмма дегеннің не екенін құрылысшы да, таксист де, арба айдаушы да – бәрі біліп алған. Содан әртіске деген құрмет қалмаған, қит етсе екінің бірі «өй, олардың бәрі фоно­грам­ма­мен айтады» деп шыға келеді. Ал осыдан кім не ұтты? Бүгінгі өнерді у-шуы көше­ге шығып кеткен жаман үй десе бола­тын­дай. Алайда айтпағым бұл ғана емес, мен тек осы бір ғана өнерді мысалға келтіре отырып, бүгінгі қоғамның бір үлкен проб­ле­масын алға тартқым келген: мұнайшы өз мұнайының мұңын емес, әншінің аузын аңдиды болмаса қарапайым жұмыскер «қайтсем еңбектеніп, отбасымды бай әрі қуатты етем» дегенді емес, «анау кәсіпкер ішіп кетті, жеп кетті» деп аңдысады, әйтеуір, не керек, бірін-бірі аңдып қалған қоғам. Ал соның орнына әркім өз жұмысын тиянақты істесе ғой, әлдеқашан дамып кетер ме едік?.. Егерде әркім тек өз жұмысын жақсы істей жүріп, мемлекеттің болашағы жайлы ой­лай жүрсе, онда, сөзсіз, бақытты ел бола­мыз.
Бір жағы біз көз алдарында жүрген соң жұрт­шылыққа «қызық тақырып» шы­ғар­мыз. Иә, жасырмаймыз, өнер кем­ші­ліктен мүлдем ада емес. Кездейсоқ адамдардың көбейіп кеткені рас. Бәлкім, көпшілікті мезі ететін де сол шығар. Бүгінде өнер адам­дарының өзі эстрада мен халық әнін, халық­тық нақышта ән айтуды, бірінен-бірін ажырата алмай барады. Бұл соншалық жаман нәрсе емес, яғни әннің халықтан алшақтамағаны жақсы. Әйтсе де біздің бұл «эстрадамызды» әлемдік сахна мойын­да­май­ды. Рас, арамыздан бірен-саран әлем­дік деңгейге шығып жатқандар бар. Бірақ олардың көбі – кезінде бізден білім алға­ны­мен, бүгінде шетел асып, сонда тұрақтап қалғандар. Елінде ешкім бағасын білмеген соң шетелге кетіп, онда өз жағдайын жасап алған мықты композитор, мықты әнші, мық­ты биші, мықты режиссерлердің бір­ша­масын білем өз басым.
– Ал енді сіз айтқандай, кезінде білімді осы жақтан алып, бірақ сол білімін бізге емес, шетелде, өзге жұртқа жұмсап жат­қандардың осы ісі дұрыс па? Әлде сатқындыққа жатқызу керек пе? Яғни бізден алды, алайда бізге емес, басқаға қызмет етіп жатыр деген тұрғыдан келсек...
– Жо-жоқ, ол сатқындыққа жатпайды. Өйткені қазір заманның талабы сондай – адам өзін қай жерде бағалайды, қай жерде сыйлайды, кәсіби ресурсын қай жерде қажет етеді және соған тиісінше төлейді, сол жерде өмір сүруге, сол қоғамға қызмет етуге мәжбүр. Бұл жерде менің айтпағым, «көзден кетті, көңілден де кету керек» де­мей, жоғарыда айтқан адамдарды белгілі бір құзырлы орындар тізімдеп, олармен ты­ғыз байланыс орнатуы керек. Неге? Себебі бізден кеткен әнші, биші, режиссер, ком­по­зи­торлардың дені – шетелдерде кәдімгідей кәсіби білікті маман. Ендеше, бір күні болмаса бір күні олардың бізге көмегі қажет болуы мүмкін ғой?.. Және мен білетін ше­телдегі өнерпаздарымыз елден қандай да бір ұсыныс, өтініш түссе, қуана көмектеспесе, бас тартпайды. Бір ғана мысал, Тимур Бек­мам­бетов. Елбасымыз көре­гендік жасап, қазақ жерінен шыққан әлемдік режиссердің елге көзінің қиығын сала жүруін өтініп еді, бүгінде соның нәти­жесі көрініп жатқанын өздеріңіз білесіздер. Сол сияқты шеттегі басқа да мықты маман­да­рымызды анда-санда елімізге семи­нар­ларға шақырып, шеберлік сыныптар өткі­зуін өтінсек және олар оны ақшаға емес, перзенттік парыз ретінде орындаса, оның бізге көп пайдасы тиер еді. Неге ақысыз деймін, себебі олар кезінде осы елдің ауа­сын жұтып, суын ішті ғой?.. Мем­ле­кет оның білім алуына қаржы бөлді ме, бөлді. Ең құрыса, соны өтеуге тиіс қой. Ал бірақ бүгінде бізде ондай бай­ла­ныстар тым аз. Біз қаншалықты құша­ғы­мызды аша білсек, ендігіде соншалықты соның өте­мін ала да білуіміз шарт. Мен тектен-тек бұл мәселеге ойысып отыр­ғам жоқ, қазіргі қыз­метім осымен тікелей байланысты. Бүгінде мен еліміздегі бірден-бір өнер мамандарын дайындайтын ака­де­мияның шығармашылық жұмыс және сыртқы байланыстар жөніндегі про­рек­торымын. Ендеше, менің осы мәселені қозғауға әбден құқым бар деп ойлаймын. Жалпы, біз шетелде жүрген мықты маман­да­рымызды тізімдеп, белгілі бір мерзімге елге шақырғаннан көп нәрсе ұтар едік. Себе­бі олар шетелде көп тәжірибе жинап, өз біліктілігін арттырды. Және бір жақсысы, олардың елден кеткеніне көп болған жоқ, демек, қазақшаны әлі ұмыта қойған жоқ. Бізден білім алып, шет жұртта қызмет істеп, сол білімі мен тәжірибесін қайтадан бізге кеп құйып жатса, сол кезде біз көп нәрседен ұтар едік. Жалпы, не нәрсенің болсын, қай­та­ры­мы болуы қажет қой. Әйтпесе үміттің жел­ге ұшып, қаржының далаға кеткені бол­май ма?
– Парадокс: біздің мықтылар елде еңбегі бағаланбаған соң, айына алатын айлығы шайлығына жетпегеннен шетке кетіп жатыр, ал біз бір ғана кон­цертке қатысып кеткеніне бола шетел­дің әнші, әртістеріне миллиондаған қалам­ақыны аямай бере салып жүрміз. Осыған біздің өнерпаздарымыздың көзқарасы қандай?
– «Ұлы сөзде ұят жоқ», «Ауылдағының аузы сасық» деген қағиданы біздің кез келген саладан байқауға болады. Еліміздегі түрлі шетелдік компанияларда өз маман­да­рына айлық жалақыны миллиондап төлесе, дәл сондай жұмыс істеп, тіпті ол маман­дардан да білікті біздің маман­да­ры­мызға ол жалақының оннан бірін ғана төлейді. Сол сияқты Ресей мен Еуропа, АҚШ-тан әртіс алып келіп, оған біз өң түгіл, түсімізде де көрмейтін қаламақыны еш ойланбастан қолп еткізіп бере салып, ал өз өнеріміздің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген өнерпаздарымызға соның титімдей бір бөлшегін бөлуге де кейде тарылып шығатыны, әрине, біздің арқамызға аяздай батады. Қазақтың өнері үшін шын мәнінде шыр­қырап жүрген, ыстығы мен суығына төзіп жүрген кім өзі? Бір келгеніне ауыз­да­рын кере қарыс ашып, ақшаны жинап әкет­кен шетелдік әртіс пе, әлде өз нәпақасын өзі теріп жеп, әнін де салып, әйтеуір, ама­лын тауып жүрген өзіміздің өнерпаздар ма? Шетелден келген бірде-бір әртістің біздің өнерімізге басы де ауырмайтыны айдан анық. Жалпы, шетелден келген жай адам­ның өзіне де біздің шетелше ән салып, шетел­­ше би билегеніміз қызық емес, олар­ға одан да біздің төл өнеріміз қызық. Шындап келгенде, төл өнеріміз болмаса, біз өзгеге еліктеп, барынша өз болмы­сы­мыз­дан қашып өркениетті болмай-ақ қояйық. Егерде мықты, өркениетті деген Еуро­­паңыз сол болса яки еркегі еркегімен, әйелі әйелімен үйленіп жатқан дәл сол қоғам­­ды өркениеттің шыңы дер болсақ, онда дәл сондай өркениеттің қазақ дала­сы­на, жалпы, түрік даласына көк тиынға да керегі жоқ.
– Демек, азғындыққа апаратын өр­ке­­ниеттің қажеті жоқ дейсіз ғой? Бәл­кім, Батыстың жақсысын емес, жа­ма­нын алғанымызға өзіміз кінәлі шы­­ғар­мыз?
– Бұл сөзіңіздің де жаны бар. Өнерде ше­кара жоқ деп, барынша есікті айқара ашып, құшақты жайып жатқан – өзіміз. Содан күн сайын интернет-сайттар мен әлеу­меттік желілер арқылы неше түрлі ақпа­раттар есігімізден енбегенде қайтеді? Бірақ соған еркімізді беріп қою, қоймау өз қолымызда ғой. Көргенді таза қай­та­лап, өзімізді соған бейімдеу біздің мін­де­тіміз емес. Әйтпесе, жоғарыда айтқандай, адамдықтан адасып қалуымыз әбден мүмкін. Ондайда кім ұтылады? Әрине, ұлт! Тұтас бір мемлекет түгіл, бір үйдің ішінде белгілі бағыт-бағдар, жоспар болады емес пе. Бүгін не істедік, ертең не істейміз деген, ең құрығанда бір-екі күндік жоспары жоқ отбасын өз басым отбасы болып ұйып отыр дей алмаймын. Ал тұтас бір мемлекеттің ауызбірлігі, ортақ мүддесі, алға құрған жоспары болмауы – нағыз қауіп. Бір үйдің өзінде бала­ла­ры­мыздың болашағын жоспарлаймыз, ал осыны мемлекеттік деңгейде қарар болсақ, біз бір жылда қанша балаға білім беріп, түлеп ұшырдық? Ал солардың одан арғы маман болып қалыптасып, қызмет орнына ілігіп кетуін қадағалап отырған кім бар? Мысалы, қазір барлық қызмет орында­рын­да жұмысқа белгілі бір еңбек өтілі бар адам­дарды қабылдаймыз деген талап шығарып алған, содан келіп оқуды жаңа бітірген түлекті жұмысқа ала қоймайды. Әрі сандалтып, бері сандалтып, ақыры оның өз саласынан күдерін үзуіне дейін, тіпті өзіне-өзі қол жұмсауына дейін апа­ра­ды. Қазір теле­арналарда «бесінші қабаттан секіріп өліпті» деген немесе тағы да басқа себептермен болған суицид жайлы суық хабарлар жиі айтылады. Соларды жарыса жеткізгеніне арналар тіпті риза секілді көрініп те кетеді кейде маған. Ау, жана­шыр­лық қайда? Неге соны жарыса айт­қанша, түптамырына, яғни «неге жас өлім, онда да өзіне-өзі қол салу неге көбейіп кетті?» деген сауалға белгілі бір институттар бас қатырып, астарын аңдауға тырыс­пай­ды? Негізі, мемлекетте бірде-бір адам елеусіз қалмауы шарт. Әр сәби өз елінің назарында өсіп жетілуі шарт. Бір жаманы, біздің елде өмір бойы жұмыс істеп, бірақ баспанасыз күн кешіп, сол баспанасыз күйі өмірден өтетіндер жыл сайын көбейіп бара­ды. Кеңестік кезеңді біз көзбен көріп өстік, ол кезде де ешкімге бірден үй бере қой­майтын, алайда түбі үй берілетін. Ал енді Тәуелсіздік алған мына заманда біздің балаларымызды тіпті сондай да бір үміт күтпей тұрғаны ма? Қалайша? Тек банк арқылы, ипотека арқылы, үстеме пайызға жем болып қана пәтерлі боламыз бүгінде. Егер белгілі бір жерге қызметке орналасып, сол жерден түбі пәтер алатындай мүмкіндік болса, онда әр маманның өз жұмысына деген қызығушылығы оянып, ол жай ақша үшін емес, болашақ үшін ұмтылар еді. Бастысы – оның көкірегінде ертеңгі күнге деген үміті болар еді ғой. Сондықтан егер бізге шын мәнін­де Ата Заңымыздың алғашқы бетінде жа­зыл­ғандай, «еліміздің ең басты құн­дылығы – адам және оның оның ден­саулығы» дегенді ақтаймыз десек, баспана жағын 100 пайыз тауып бере алмасақ та, соған түрліше жол ашсақ, әсіресе жастардың жұмысқа орналасуына жағдай туғызсақ... Сондай-ақ Сенім орта­лық­тары мен Үміт үйлерін ашып, ол жер­лерде психологиялық жағынан дағдарыс кешіп жүрген жандарға моральдық көмек көрсетілсе. Және бір проблема – бізде тіпті жоғары оқу орнын бітірген маман деген­дердің көбі құқықтық жағынан сауатсыз. Сондықтан әр оқу орны, әр қызмет орнын­да бір заңгер ұстау ешқандай артықтық етпейді дер едім мен.
– Жеңіс аға, әнші, сазгер немесе бас­­шы – осының барлығы да сіздің қо­ғам­­дағы қызметіңіз ғой. Ал енді жеке өмірде өзіңіз әкесіз. Сізді осы әке­лер мәсе­лесі алаңдатпай ма? Жалпы, кеше­гінің әкелері қандай еді, бүгінгінің әкелері қандай? Бүгінгі балаға әке мейірімі, әке тәрбиесі жеткілікті ме?
– Жалпы, менің ойымша, егер генетика арқылы балаға әкесінің мінез-құлқы, білімі, пайым-парасат, ой-өресі берілетін бол­са, бүгінгі әкелердің ойы бұлыңғырлау секілді. Бүгінде мені мазалайтын ой: мыса­лы, біз, әйелім екеуміз, дүниеге бала әкелдік, қазір олардан тіпті немерелеріміз бар, одан шөбере өрбісе, солар болашақта осы Ота­нына ие болып қала ма, әлде қызы жат ­жұрт­қа ұзатылып, ұлы жаттан қыз алып, жайына кете ме? Байқасам, бұл ой қазір мені ғана емес, көптеген менің қата­рым­дағы саналы деген азаматтарды да қатты алаңдататын сияқты. Жайдан-жай емес, қазіргі қоғамда мұндай ахуал бар болған соң алаңдаймыз ғой. Бұл, жалпы, бізде ұлттық идеологияның әлсіздігін дәлел­дей­ді. Егер қазір біз қорқып, басты бұғып қалсақ, яғни «айтып жексұрын болмай-ақ қояйыншы, өз жаным тыныш, есебім түгел ғой» дер болсақ, онда келер ұрпақ бізді кешіре ме? Одан да не де болса айтып «өлгеніміз» дұрыс. Себебі қоғам дерті кеше айтылмай қалған болса, бүгін мен айтпа­сам, ертең тағы жабулы қазан жабулы күйін­де қалады да, қоғамда күмәнді, бей­мәлім дүниелер қаптап, соңы үрей мен қор­қыныш билеген заманға апарып соқ­ты­рады.
– Енді зиялы қауым, мына сіздер, айт­пағанда, халық кімнен үміт, кімнен қайыр күтсін? Ел арасында болған кез­деріңізде жұрт көзінен «Мынау Жеңіс Сейдуллаұлы ғой, бір айтса, біздің мұңымызды осы айтар» деген көз­қарасты сезінесіз бе?
– Шыны керек, кейде сондай астарлы да ащы сұрақтар қойылғанда, жеңіл-желпі жауаппен құтылып, соңынан қатты ұялатын кездерім аз болған жоқ. Ал енді зиялы дегенге келсек, шыны керек, бүгінде елге ақыл айтып, халықтың сөзін сөйлейтін, өзі білімді, елді аузына қарата алатын ақса­қалдардың да азайып бара жатқаны рас. Қазіргінің қағидасы – «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін». Ал қаншама ақылдылар қолдың қысқалығынан амал­сыз үндемей соған көніп отыр. Неге екенін білмеймін, бірақ тәуелсіз ел болсақ та, әр қазақтың бойынан бір белгісіз қорқыныш бай­қалады. Тіпті кейде өзімнің де тығы­рыққа тірелгенде, «осы адам шешеді-ау» деп сенер адамым жоқ десем де болғандай. Бірақ жоғарыда отырған ағаларымыздан бір жақсылық күтемін. Мейлі жан-жақтағы көршілер қыспаққа алсын, мейлі іштен «жау» шықсын, бірақ біз «негізгі ұлт» деген мәртебені биік ұстауымыз керек. Қазақ­стан­да қазақ ұлты басқа ұлыс өкілдерінен жо­ғары тұрмай, бізде ертеңге деген нық сенім болуы мүмкін емес. Бірақ «мен қазақ­­пын» дегенді дәлелдеу үшін айғай­лау­­дың қажеті жоқ, біз көбіне осы жағынан қа­те­лесіп жатамыз. Қай ұлттың болсын мық­­­тылығы біліммен, ғылыммен, ішкі идео­­логияның қуаттылығымен дәлел­де­не­ді.
– Дәл қазір біздің қоғамның басты құн­дылықтары қандай, сіздіңше? Ақша білімге «ақыл» айтып кеткен жоқ па?
– Алдағы заманды болжауға даналығы жеткен бабаларымыз «ақша деген би шығады» деп текке айтпаған ғой. Алайда сана­ны тұрмысқа билетіп қойып, үнсіз отыра беру де қылмыс секілді. Бәрібір адам барда әлемді сана билеуі керек. Ақша деген не әйтпесе, ол да – сананың бір жемісі, әншейін эквивалент. Бізге осыны ұғынатындай сана қалыптастыру керек. Адамдарды өз ісінен өзі ұялатындай дәрежеге жеткізуіміз керек қой. Әдебиет, мәдениет, баспасөз тегіс соған жұмыс істеп, білім берудің сапасын арттырсақ, түбі бір жеңіске жетеріміз хақ. Айталық, адам есейген шағында балалықпен жасаған қылықтарына ұялып, күле қарайды ғой, сол сияқты түбі біз де есейіп, өз өткеніне күле қарайтын қоғамға айналамыз деген үмітім бар. Әйтпесе қазір жалтақтық пен жағымпаздық үстемдік құрып тұр ғой. Сондай-ақ өз елімізде отырып «қазақ ондай, қазақ мұндай» деп өз ұлтымызды жерден алып жерге салуға, мазақтауға, тіпті қорлауға жол беріп қойып отырмыз. Қазақ пен қазақ оңаша қалғанда шыр-пыры шығып айтса, мейлі ғой, ең жаманы – қазақтың бір-бірін сатып жатқаны, бір-біріне деген жауластық көзқарасы орыс басылымдарында талқыланып, солайша бізге басқалар сыртымыздан күліп қарайды. Оған біз намыстанбаймыз. Менің ызамды келтіретін жайт, міне, осы. Біздің ауамызды жұтып, суымызды ішіп, тіпті қазақ ішпегенді ішіп, кимегенді киіп, байып ала тұра, сол жердің иесі қазақты сыйламағаны біздің кінәмізден дер едім мен. Біз өз намысымызды өзіміз таптатып қойып, үндемей отыра береміз, жалтақ, жағымпаз, қорқақ және бірігудің орнына қит етсе бірімізден біріміз бөлінуге дайын тұратын халықпыз. Басқаларға не, әркімнің бұл жерден басқа өз Отаны бар, «пускай, казахи сами разберутся, а пока они разби­рают­ся, мы спокойно можем собрать­ся и уехать» деген пиғыл байқалады бізде. Себебі біз қазақ ұлттық сана-сезім дең­гейіне жетпегенбіз, әлі сол рулық, тайпалық деңгейдеміз. Мысалы, дәл қазір біреу қазақ жайлы жаман сөз айтып жатса, менің үндемей, күліп отыра беруім мүмкін, ал руыма кір келетін бір артық сөз айтылып қалсыншы, шамданып, тіпті сол жерде кіммен болсын жаға жыртысуға дейін барамын. Міне, бұл – біздің сол рулық сана деңгейінде екендігіміздің айқын дәлелі. Ал біз, керісінше, қазақ десе шырт ұйқыда жатқан жерімізден атып тұрып, кез келген оққа кеудемізді тоса қоятын дәрежеге жетуге ұмтылуымыз керек қой. Егер, әрине, мына кең-байтақ ел мен жердің ертеңгі болашағын ашсақ – алақанымызда, жұм­сақ жұдырығымызда ұстаймыз десек. Сон­дық­тан ойланайық, жан-жағымызға қарайық, біз кімбіз дегенге өзімізден жауап іздейік, яғни қалғып-мүлгімей сергек жүрейік те. Және «бірін-бірі батыр дейтін болар елдің баласына» лайық іс-әрекет жасайықшы.

Алашқа айтар датым...
Еліміздің Ресейге жақын бір қаласында қалалық бюджеттің 86 пайызы білімге жұмсалады екен. Бірақ ол жердің Қазақстанға қарайды деген аты ғана болмаса, бірде-бір қазақ мектебі жоқ, қазақ тілінің мүшкіл халін айтпаса да түсінікті. Айтайын дегенім, сол қаланың тұрғындары бүкіл білімді біздің жерімізде, біздің ақшамызға, бірақ орысша алады дағы, мектепті бітіре салысымен Новосібір, Омбы, Мәскеуге тартып тұрады. Олардың көбі және қос азаматтық алып алған. Ендеше, ащы шындық сол – бүгінде бір емес, бірнеше мыңдаған қара көздеріміз Ресей ғылымына үлес қосып, тіпті өзінің қазаққа борыштар екенін ұмытып та кетіп жатыр. Ал осы қаншалықты әділетті? Біз осыған қашанғы бейжай қарап отыра беруіміз керек? Біріншіден, мейлі Ресеймен шекаралас болса да, ол – қазақ жері, ал қазақтың жерінде әлі күнге бірде-бір қазақ мектебінің болмауы дұрыс па? Біз неге қараптан-қарап Ресейге маман даярлап беруіміз керек? Және Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жылдан асса да, тұтас бір қала халқының әлі күнге бірауыз қазақша білмеуі, сөйте тұра, қазақтың ақшасына білім алып, бірақ Ресейге кетіп қалуы қаншалықты дұрыс?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста