Қыздардың алған білім-ғылымы көбіне жаялықпен бірге жуылып кетеді

Қыздардың  алған білім-ғылымы көбіне жаялықпен бірге жуылып кетеді

Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық жоғарғы мектеп  академиясының  құрметті академигі, филология ғылымының докторы, профессор:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Тұрсынбек аға, әңгімені жаһандану мәселесінен бастасақ...
– Жаһандану – оңай дүние емес. Оның үстіне, қазақ сияқты  аз елге тіпті қиындау. Шығысымызда қытай, солтүстігімізде орыс, оңтүстігімізде парсылар т.с.с.  отырған уа­қыт­та біз дүниежүзінде жүріп жатқан қоғамдық үрдістерден қалыс қала алмай­мыз.    Оған еріксіз тартыламыз, бізді өзінің орбитасына алады. Бірақ сол орбитаға түсердің алдында  «соған барарда өзіміздің қайнауымыз керек пе, жоқ болмаса бізді зорлап, біреу апару керек пе?» деген сауал туындайды.   Көп жағдайда қазақтың мен­та­литеті үш ғасыр бойы отаршылдық, құл­дық психологияда болғаннан ба, біз елпіл­деп, алдына түсе жөнелетін әдетіміз бар. Соның нәтижесінде  біз ұлттық менталите­тімізді жоғалтып алу қаупін туғызатыны­мызды сезіне бермейтін секілдіміз. Оған дәлел, кеңестік жүйе құлағаннан кейін қазақтың орыстануы тіпті күшейіп кетті.
– Олай болуға не себеп болды?
–  50-жылдардан былай қарай, Кеңес Одағы құлағанша, біздің оқушылары­мыз­дың басым көпшілігі қыздар болды. 75-80 пайызға дейін қазақтың қыздары оқыды.  Қазір мемлекеттік қызметте  60 пайыз қазақтың қыздары отыр. Қазақ қыздарының білім-ғылымды игергеніне қарсы емеспін.  Бірақ солардың барлығы шүлдірлеп орыс­ша сөйлеп кетті ғой. Қазір өздерінен туған балаларды да, үйінде жүрген ата-анасын да, «әлгі келіншек»  орысшаға айналдырып жатыр. Мәселен, 1870 жылы Ресейдің оқу ағарту комиссариаты «Бұратана халықтар­дың ерлерін емес, қыздарын оқытқан бізге пайдалы. Олар ертең әйел болып, бала тап­қанда  орыстың рухын сеуіп отырады. Сондықтан осыған назар аударыңдар!» деген тапсырма берген. Соны біз кеңес заманында жасадық. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз. Мен басқа біреулерді кінәламаймын.
1956 жылы қазақ тілінің жағдайы қиын­дап бара жатқанын, мынау тың жер­лерді игеруге байланысты  700-дей мектеп жабылғанын айтып, біз материал жазған­быз.  Марқұм Рахманқұл Бердібаев және Партия тарихы институтында қызмет істеп жүрген  сегіз жігітті ұйымдастырып, әрқай­сымыз сол Орталық партия комитетінің атынан қол қойғанбыз. Соған байланысты Орталық партия комитеті 1956 жылы 10 желтоқсанда  қаулы алып, бізді «Жас ұлт­шыл­дар, қазіргі болып жатқан құбылыс­тарды түсінбейтін оңбағандар» деп,  1957 жылдың 29 қаңтары  күні «Казахстанская правда» газеті әлгі «Социалистік Қазақстан» газетіндегі материалды аударған болып, 31 қаңтар күні «О дальнейшем развитии культуры казахского народа» деп мақала жазған. «Біз қазақ мектептерін қысқартып, жойып жатқанымыз жоқ, ірілендіріп жа­тыр­мыз»   дейтін сөздер айтты.   Сонда ауы­лын­да бір орысы жоқ болса да орыс мек­тептері ашылды. Соның нәтижесінде біздің қыз-қырқындарымыздың барлығы оқып, білім алды. Тағы да қайталап айтамын, қыздардың білім алғанына еш қарсылығым жоқ. Бірақ мынау ұл балалар үтір, нүкте дейтіндерді, я болмаса дұрыс жазу деген­дердің көбіне салғырт қарайтын мінездері бар ғой,  конкурсқа түскен уақытында еш­бір қыздармен жарыса алмайды. Қыздар кәдімгі ықтиятты қылып жазып береді, ұлдар әйтеуір шимайлай салады, жаздым, болды деп сонымен кетеді. Соның нәти­же­сінде ұлдар оқуға түсе алмайды. Бұрынырақ бір сұхбатымда айтқанмын:«Баяғыда қыз­дарды оқытатын арнайы мектептер болушы еді, енді ұлдарды оқыту үшін квота берейік. 50 пайызын ұлдарға, 50 пайызын қыздар­ға...» Мұны айтып, шырылдап отырған се­бе­бім, қыздардың  алған білім-ғылымы көбіне жаялықпен бірге жуылып кетеді. Ол тілесін, мейлі, тілемесін бала-шаға бол­ған­нан кейін, ол тіршілікке араласпай тұра ал­майды ғой. Сондықтан осындай жағдайда ұлттың ұлттық қасиеттерінің жоғалып бара жатқанының бір себебі – біздің қыздардың шетінен, 80 пайызға дейін шүлдірлеп кеткендігінен. Қазір мемлекетте гендерлік саясат дейтін бар. Құдайға тәубе, қазақ қыз­дарының жетілгені жетілді, биліктің барлық саласында отыр. Бірақ  осының бәрі келіп, біздің ұлттық  менталитетімізге кері әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне, олар көп нәрсеге қызыққыш қой. Шетелге барып келеді деген сияқты...
– Кешегі кеңес кезеңінде көп нәрселердің бағыты бұрыстары­мен қатар дұрысы да болды ғой. Мәселен, білім жүйесі...
– Кеңестік оқу жүйесі керемет  болды. Жан-жақты білім бере алатын. Ал қазір біз бакалавр, магистратура дегенді алып келдік. Бакалаврда оқитындары –  4 жыл.  Осы жылда университетті жартылай бітіріп шыққан болады. Толық білім ала алмайды, оның білімі – магистратурада. Оған екі жыл   пысық, беске оқыған балалар оқуы керек. Сонда қазір нансаң да, нанбасаң да біз сабақ беріп жүрміз ғой, ылғи қыздар, әде­биеттану саласын, журналистиканы басып бара жатыр. Мен  қызғанып отырған жоқ­пын. Жарайды, тең-құрбыңнан қалма, қыз­мет қыл. Бірақ  ертең бала-шағаңды не істейсің?  Қалай тәрбиелейсің?
Түрмені алайық. Басым пайызы – қазақ балалары. Ананың жылы алақанын,  қағу-соғуды естімеген балалардан тарамданып жатыр. Ал мынау жаһандану процесінде осындай жағдайлардың  бізге берер пай­да­сы аз. Сондықтан жаһандау да ғылым-білімге айналып бара жатыр. «Анау Абайы­мыз бір наркотик тартқан көрінеді, арақ ішкен екен», я болмаса тағы басқа деп жа­зып жүргендер бар. Осындай бейауыздыққа барып жүрген «орыстілді қазақ балалары». Орысша ойлап, көп жағдайда Еуропадан келген нәрселердің барлығын қасиетті, тамаша, ал өзімізден туындаған нәрселер­дің барлығы жаман, жетілмеген нәрсе ре­тін­де қарайды. Оның үстіне орыс ағайын­дар, «қайтсек, біз қазақтарды өзіміздің дінімізге қаратамыз» деп жан салуда. Саясаттанушы Әзімбай Ғали бір кездері қазақша білетін кадрларды өркендетіп, қызметке қою жөнінде ой айтқан еді.  Ұлты орыс, ұйғыр, неміс болғаны емес, оның тіл білетіні – басты міндет. Солар қызмет істе­сін! Қазір телевизияда өзге ұлттың талай қыз-қырқындары жүр ғой, қазақшалары тап-таза.
– Ұрпақ болашағы, ұлттық болмыс, рухани байлық, діл, дін туралы жеке-жеке келсеңіз де, тұтастырсаңыз да  бірімен-бірі тығыз байланысты. Бірінен екіншісіне аттап өту мүмкін емес. Мәселен, қазақ тілін алайық… 
– Біз «Қазақстанда қазақ тілін жүзеге асы­рамыз» дегелі қаш-а-а-н...  Мен соның басы-қасында болған адаммын. 1989 жылы І съезіміз өткенде  «Ана тілі қоғамы» дегенді менің ұсынысым бойынша үш рет дауысқа салып,  «Қазақ тілі қоғамы» деп өзгерттік... Бүгінгі таңда  Қазақстанда қор­лық көріп отырған тіл қайсысы? Егер мүш­кілдік қазақ тілінде десек, осылай аталуы керектігін айттым, тіпті Әбділдә Тәжібаев төрде отырған адамдардың  қысымынан ба «ең болмаса, Қазақ ССР-нің тілі деп атайық» деген болатын. Қазақ деген сөзді сақтап қалу керек қой оған. «Ана тілі» деген кімнің тілі? Орыстың тілі ме, қазақтың тілі ме? Ондай дерексіз атаудың бізге керегі жоқ! Сондықтан қазақтың тілі болсын!» деп зорлықпен үш рет дауысқа салып өткізген­біз.«Қазақ тілі» қоғамын Өмірзақ Айтбайұ­лы басқарады. Оған дейін Әбдуәлі Қайдар жетекшілік етті. Енді бұл жерде саясаттан қашып кете алмайсың. Оны да  айту керек.  Сол кезде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып,  депутаттардың алдында керемет патриоттық сөздер айтып келді. Шіркін-ай, осындай азаматымыздың болғаны қандай жақсы!  Келгеннен кейін қазақ тілі заңы қабылданатын болды. Біз қазақ тіліне мемлекеттік статус талап еттік.  «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын!  Орыс тілі қазақ тілімен қатар, яғни «на ряду» деген сөзді айтқанбыз. «Русский язык будет применятся с государственным языком на ряду». Бірақ  «на ряду» емес, «на равне» деп түзеттірді. Сол кезден бастап қазақ тілі «сор­лы» тілге айналды... Өз елінде, өз же­рін­­де отырып тілін игере алмай, өз тілінде сөйлей алмай отыру, не масқара?  Осындайға келгенде ұлттық намыс болу керек емес пе? Тілді, елді қадірлеу  керек. Бізде осы жағынан келгенде, намыс өліп қалған ба деп қорқамын. Бізде қазір ұлттық саясат жоқтың қасы. Ұлттық намысты сақтамай, еш уақытта біз ел болып кете алмаймыз. Қазірдің өзінде қазақтың 60 пайызы қазақша дұрыс білмейді.  Мысалы,  Парламентте, Үкіметте  басынан аяғына дейін бір рет болса да таза қазақша сөйлеп шығуға болар ма еді?! Сонда түсіне алмай отырған 15 шақты шала қазағы бар, орысы бар, бәрі «не деп жатыр?» деп отырған­дардан сұрамай ма? Олар  сонда қазақша үйренуге талпынбай ма? Бір өкініштісі, бізде олай емес. «Сәлеметсіздер ме,  аман-есенсіздер ме?» деп сәлемдесіп алады да, негізгі мәселелердің барлығын орысша айтады. Аяғында кеп «Жарайды, қош сау болыңдар!» деп қазақша қоштасады. Ол –  ұлттық мақсатты, я болмаса ұлттық мента­литетті  көркейтудің амалы емес.  Достық керек! Бір-бірімізді құшақтауымыз керек. Бірақ бұл бір ғана ұлттың тарапынан болмауы тиіс.  Ол үшін  қазақ халқының  тілі де, өзі де құрбандыққа шалынбағанын қа­лай­мын.  Шындығына  келсек,  «ҚАЗАҚСТАН» дегеннің өзінде шатақ бар. Дұрысы ҚАЗАҚ мемлекеті ғой.  «СТАН» дегені – Отан деген сөз. «Республика» деген де сол мағынаны береді. Осыны «ҚАЗАҚ  РЕСПУБЛИКАСЫ» десек неміз кетеді? Арғы түбін білген-білмегені белгісіз,  алғаш Мұрат Әуезов: «Қа­зақстан Республикасы деп атайық!» деп айтқан. Енді  бұл аздай, қазақ ұлтын қойып,  «Қазақстан ұлтын жасайық!» деген де болды.  Сонда біздің көздеген мақсатымыз неде? Бізді қайда апаруды ойлап жүр? Мен осыны түсінбеймін...
–  Қазақ әдебиетінде өзін де, өзгеге де елді танытқан алыптар­мен араластыңыз. Қазан төңкері­сіне дейінгі қазақ тарихымен таныссыз. Бүгінгі тәуелсіздіктің келуін көзіңізбен көрдіңіз. Алыс-жақын шетелдерде  болғаныңыз тағы бар.  Қазақ елі батыстан немесе шығыстан заман талабы­мен алмасулар жасауы қажет-ақ шығар. Бірақ барлығы бірдей үлгі бола ала ма? Айталық, АҚШ.
– Америка бізге үлгі бола алмайды. Олар жетісіп отырған жоқ.  Америка – қы­рық құрамды ел. АҚШ мықты болса, дүние­жүзіндегі барлық ғұлама-білгіштерді ақшаға жалдап,  өз жұмыстарын істетпес еді. Шындығына келсек, негізгі халқының 60-70 пайызы   хатты оқып, қол қоюды ғана біледі. Одан басқаны олар қажет етпейді. Осындай елді бізге үлгі ету –  миға сыйым­сыз.  Мен Францияда, Германияда, Поль­шада болдым. Француздар ағылшын­дармен көрші тұрады ғой. Сөйте тұра  ағыл­шынша бір сөз қосып сөйлесе,  олар айып салады. «Міндетті түрде таза француз­ша сөйле!» дейді.  Егер біз тілден айырылсақ – рухтан айырыламыз. Рухтан айырылғаннан кейін өмір сүруіңнің мән-маңызы «бес тиын». Әйтеуір, қарынның тоқтығы болды. Сондықтан ұлттық менталитет, ұлттық идея жүзеге аспай, Қазақстанның іргелі ел болуы екіталай. Байлықпен бәріне жетуге болады. Бірақ «тіліңмен, мәдениетіңмен» жетпеген­нен кейін оның керегі шамалы. Ең өкініштісі, біздің санамыз баяғы құлдық санадан арылмаған. Қай газетте екенін білмеймін, «Құлдық психологиядан шыға алмай, қалып бара жатырмыз» дегенді ашық айтқанмын. Айтпасқа шара жоқ!  Міне,  қазір біздің елді  өтірік жұтып барады. Бұл ешқашан жақсылыққа апармайды...
– Адамды алға жетелейтін үміт қой. Үмітсіздіктің иесін көпшілік жақсы біледі. Ендігі әңгіме тектілік, зиялылыққа ауысып, сонымен аяқтасақ.
– Зиялылық – адами пиғыл. Ол үшін міндетті түрде ғылым кандидаты, профес­сор, академик болу шарт емес. Әрине, білімсіз еш нәрсе болмайды. Бірақ зиялы­лық жоғарғы білім алуды  қажет етпейді. Қазақтың бұрынғы өткен зиялы­лары, ке­ше­гі Жамбылдың аузынан шыққан сөздер, я болмаса басқа  тұлғалардың қалды­рып кеткен өсиеттері зиялылықтың қандай болу керектігін анық көрсетеді. Зиялылықтың дәлелі ретінде бір ғана мысал келтірейін: қазақ даласына орыс отаршылдары келген­ше не түрме, не құлып болмаған. Сонда қазақтың ұрысы, қарысы, телісі, тентегі, бұзығы болмаған ба? Әрине болған,  бірақ соның бәрін сөзбен тоқтатқан. Сол себепті де  «Сөз – қазақтың кіндігі» деген түйін жа­саймыз. Зиялылықты  қалтадағы құжатқа қарап айырмау керек. Зиялы – көкірегі ояу, саналы, ел-жұрттың сөзін әділ шешетін адами қасиеттері мен іс-әрекетінен өзгеше өнеге есіп тұратын  адам.
Мен мына Армения, Грузия елдерінде  болдым. Айтыс- тартыс оларда да жүріп жа­та­ды. Бірақ сырт көзге тұтас өзінің ел­ді­гін, бірлігін көрсетеді. Шаруасы да, интел­лигенті де, шенеунігі де тек армянның жо­ғын жоқтап, ұлтының сөзін сөйлеп тұрады. Ал біздің қазақтар Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп бөлініп алғанбыз. Қазақ ұлты деген ұғымға жете алмай жатырмыз.  Баяғыда Нұрымбек Жангелді деген Орталық партия комитетінің хатшысы болған. Сол кісі: «Біз әлі ұлт болып қалыптасып, жетілмеген халықпыз» дегенде біз қатты намыстанған­быз. «Бұл да бір жағынудың формасы ғой»  – деп. Сөйтсек,  ол шындық екен. Біз  50 елдің қатарынан көрінгіміз келеді, әрине көрінеміз деп ойлаймын. Алайда алдымен еліміздегі зиялылардың, төрелердің, жер­лес­теріміздің  қазақ халқы жайындағы ой­ла­рын, пікірін түзетіп, бір қазақ бар  қазақ­тың жоғын жоқтайтын дәрежеге жетсе,  тарих алдында үлкен абыройға ие болар едік. Осы  шараларды үкімет жағынан қа­рас­тырса бас қатырар көп шаруалар өз жөніне түсер ме еді!?  Адалдық жағына есе берсек деймін. Қазақтың зиялылары, жалпы интеллигенция естерін жиып, көрін­геннің қолшоқпарына айналып, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып шыға келу секілді індет-әдеттен арылса деймін. Пендешілігін тыйып, тек қана өз шығар төбесінің биік болғанын, бала-шағасының ғана аман болуын ойламай, тұтас халықтың бүтіндігін, рухани жетілу мақсатында қызмет етсе, тәуелсіз елдің ғұмыры ұзара береді.  Ел аман, жұрт тыныш болсын.

Алашқа айтар датым...
Ертеде  қазақтар ақсақалдарға барып жүгінетін. Ал бүгін ше? Ақсақалдарымыз төрелерге айналып кетті. Көп нәрсені бүлдіріп алған секілдіміз. Шындығында, зиялылық-білімділікке, ақыл-сананың кеңдігіне, көңілдің тазалығына  негізделетін ұғым. Қазіргі доктор-академиктердің ішінде  зиялылық сипаттан ада  адамдар бар: «Мен жақсы көрінсем, жақсы атты болсам, менің ұрпағым кемтарлық көрмесе, солар ел алдында жарқырап жүру үшін мен аузымды бақсам, білгенімді жұртқа таратпай, сығымдап қана өз пайдама асырсам» – дейтін адам  зиялылықтың түбіне ор қазады. Қазақ халқының мінезінде сыншылдық көзқарас басым. Бірінің ісін бірі ұнататын кезі өте аз. Осы жағдай ауызбіршілігімізге зиянын тигізіп жатыр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста