Амалбек Тшанов, Республикалық спорт колледжінің директоры:
– Амалбек мырза, сіз бір сұхбатыңызда «бәрі де – уақытша. Саясат та, өмір де, тіршілік те...» деген екенсіз. Сіздің саясатпен айналысуыңыз уақытша болып қалды ма? Мұны айтып отырғаным, саясатта бұрынғыдай белсенді емессіз. Шаршадыңыз ба?
– Өмірдің өзі өткінші екеніне ешқандай күмән жоқ. Кез келген оқиғаның шырқау шегі, белгілі бір уақыты болады. Ал енді менің саясатқа араласуым, өмірге деген жеке көзқарасымды қоғам алдында еш бүкпесіз жеткізуім деп түсінемін. Мысалы, тәуелсіз еліміздің даму жолындағы кездесіп отырған көптеген келеңсіз мәселелерді қоғамдағы саналы азаматтардың барлығы айтып жүр. Біреу ашық айтады, енді біреулер ашып айта алмайды. Қоғамның дамуындағы кемшін тұстарды мен саналы ғұмырымда әр кез айтып келемін. Үлкен қызметтерде болған кезімде де, қазір де іркіліп қалған емеспін. Қазір белсенді болып көрінбейтінім, мен ешқандай құзырлы органда қызметте отырған жоқпын. Заң шығару органына сайланған уақытта халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты жасаған мәлімдемелерім белгілі бір дәрежеде естіліп тұрды. Оны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық естіп-біліп, көріп отырды. Осыдан барып «бұрын – белсенді, қазір белсенді емес» деген әңгімелер туындайды. Мен өзімнің саяси көзқарасымды ешқашан өзгерткен емеспін. Халық сенім артып депутат атанған уақытта өзіме жүктелген міндеттерді қолымнан келгенінше атқардым. Өкінішке қарай, біздің қоғамда саясат деген ұғымды әлі де өз дәрежесінде түсіне алмай келеді. Шындықты айтсаң болды, билікке қарсы, тіпті Қазақстанға қарсы деп біледі. Кемшіліктерді мінберлерден көтерген азаматтардың бәрі халыққа жау деп түсінбеуіміз керек. Бәріміз – қазақпыз, қазақ елінің болашағы үшін қызмет етеміз. Біздің қоғамдағы мен қате деп түсінетін мәселелердің бірі – біржақтылық. Осы біржақтылық саясат еліміздің дамуын тежемесе, ұшпаққа шығармайды. Еліміздің дербес мемлекет болғанына біраз уақыт болды. Әрине, тарихи тұрғыдан қарасақ, аз уақыт, бірақ адам өмірімен өлшеп қарасақ, толық бір кезеңді бастан кешірдік. Осы мерзім аралығында біржақтылыққа ұрындырмайтын жібі түзу саяси жүйе құратын уақыт болды деп есептеймін. Қазақта «жері байдың – елі бай» деген жақсы бір сөз бар. Өкінішке қарай, қазақтың бұл киелі сөзі өзіне айтылмаған сияқты. Жеріміз қанша бай болса да, халқымыз әлі де өз несібесін көре алмай келеді. Қоғамды дендеп алған айықпас дерт жемқорлық туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Бұл – өте күрделі мәселе. Кім болса сол жемқор бола алмайды. Мұндай бассыздыққа билікте сыбайластары отырғандар ғана барады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тегін айтылмаған. Сондықтан осындай қоғамдағы келеңсіздіктерді жоюдың, алдын алудың жалғыз жолы халыққа қызмет ететін саяси жүйе құру деп ойлаймын. Менің түсінуімше, өз көзқарасыңды жеткізу – саясатқа араласудың бір жолы.
– Халық қалаулысы болған кезіңізде екі партиялы жүйе туралы бастамалар көтерген едіңіз. Елімізде енді ғана заңдар қабылданды, болашақта бұл орындалады. Дәл осындай кезеңде саясатта жоқсыз...
– Иә, кезінде өркениетті елдердің қалыптасқан партиялық жүйесі сияқты жүйені бізге де енгізу қажет дегенді айтқан болатынмын. Қазір сайлау туралы заңдарға енгізілген өзгерістерге байланысты сең қозғалды деп айтуға болады. Екі көздің бір-біріне қарауыл болып тұратыны сияқты, екі партия бір-бірінің кем-кетігін толтырып отыратыны сөзсіз. Биліктегі партияға міндетті түрде тегеурінді оппозиция керек. Сонда ғана ашық қоғам құрылып, шындық айтылмақ. Мен ешқайда қашып кеткен жоқпын. Әлі де ЖСДП партиясының мүшесімін, қажет болған кезімде көмегімді көрсетіп жүрмін. Бірақ қазіргі қоғамдағы жұмысыма байланысты менің үнім ешкімге естіліп жатқан жоқ. Депутат кезімде телеарналар бағдарламаларына шақырып жүрген еді, қазір мен ешқандай лауазым иесі болмағаннан кейін шығар, халық мені көзден таса етіп алды. Қазіргі уақытта ешкімнің қысымынсыз, өз еркіммен спорт саласында жұмыс істеп жатырмын. Мен туралы әңгімелер аз айтылмады. Бізде саяси мәдениет төмендеу. Оның басты себебі қоғам мүшелерінің күнделікті күйбең тірліктен аса алмауымен байланысты. Елдің дамуының бір тетігі шетелдердегідей әрбір азамат өзі үшін, елі үшін саясатпен айналысуға міндетті. Зиялы қауымы жоқ қоғамның дамуы да кенжелей береді.
– Зиялы қауым жоқ деп қалдыңыз, қандай негізге сүйене отырып айттыңыз?
– Зиялық қауым деген кім?! Министрлер ме, депутаттар ма, жоқ әлде ақын-жазушылар ма? Егер өз ұлтының мүддесі үшін ащы шындықты бүгіп қалып жатса, ол қандай зиялы адам болмақ? Мұстафа Шоқай айтып кеткендей, ұлты үшін кез келген сәтте жанын пида ететін азаматты ғана зиялы адам деп айтуға болады. Біздегі зиялы қауымның орнын қазір жағымпаздар басқан. Қазір солар – қоғамның локомативі. Жағымпаздық жайлаған қоғамның бүгінде жемқорлыққа белшесінен батып отырғанын көріп отырмыз.
– Сіз үлкен қызметтерде болған азаматсыз. Ол жерде жағымпаздардың болмауы мүмкін емес. Жағымпаздықты жаныңыз қаламайды екен. Ол ортада өзіңізді қалай сезіндіңіз?
– Жағымпаздық қай кезеңде болсын болғаны жасырын емес. Сталин режимі кезінде қолына портфель тигендер өздерінің туған бауырын сатып кетті емес пе? Сол жағымпаздардың кесірінен қазақ тарыдай шашылып, қырықтан аса елді паналап кетті. КСРО саясаты тек қана қазақтарды қыруға бағытталған жоқ қой, одақтас республикалардың барлығына бірдей ортақ саясат жүргізілді емес пе?! Құрметтеу мен жағымпаздықты шатастырып алып жүрміз. Мен қазіргі жастардың болашағына алаңдаймын. Егер оның білімі мен білігі жоғары дәрежеде болып тұрса, тамыр-таныстың, біреудің қолбаласы болудың қаншалықты қажеті бар?! Бұрынғы кеңестік кезең түсінікті, ал қазір ше? Тәуелсіз елде өсіп-тәбиеленіп келе жатқан жас буынға не жорық? Іргетасы берік мемлекет құрамыз десек, бірінші кезекте мамандардың руы мен тегі емес, олардың біліктілігі тұруы тиіс! Қазіргі жастардың барлығы – сауатты, білімді. Сондықтан әрбір азамат біреудің алдында бас июді өзіне намыс санауы керек! Бас ию тек Алланың алдында!
– Партияның жұмысына араласып жүргеніңізді айтып өттіңіз ғой. Біздегі саяси құрылымдар екі партиялы жүйеге икемделе ала ма? Біздегі партиялық жүйе туралы тарқатып айтсаңыз.
– Бұл – өте күрделі мәселе. Біздегі он шақты партияның барлығы да халықтың жоғын жоқтаймыз дейді, ол да дұрыс шығар. Дегенмен олардың арасында белгілі бір саясатпен құрылғандары да бар. Қуыршақтары да жоқ емес, бұл туралы саясаттан хабары бар адам да, жоқ адам да біледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, еліміздегі саяси күштер біршама бойын тіктеді деп айтуға болады. Осы уақытқа дейін саяси партиялар блоктарда бақтарын сынап, ыдырап біраз тәжірибе жинақтады. Мен ойлаймын, енді ғана бірігу үрдістері байқала бастады. Бұған дейін биліктің сойылын соғатын біршама партия бір тудың астына шоғырлана алса, енді оппозициялық күштер біртіндеп бірігу жолына түсіп келеді. Әр нәрсенің шырқау шегі болатыны сияқты еліміздегі ірілі-ұсақты саяси күштер үлкен екі күшке топтасады деп ойлаймын. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар заңды құбылыс. Екі партиялық жүйені қолдайтын себебім, қазіргідей көппартиялы қоғамда шынайы бәсекелестік болмайтынын көзіміз көріп отыр. Жасанды әрі ұқсас партиялардың атынан халық шатасып кетті. Сондай-ақ биліктің құрған уақытша партиялары саяси құндылықтардың сапасын арттыра алмай келеді. Мәселе – санда емес, сапада! Сондықтан демократиялық, өркениетті елдерде қалыптасқан екі партиялы жүйе Қазақстанның саяси жүйесі үшін де өте пайдалы болады деп ойлаймын.
– Ешқандай партияның атын жамылмай-ақ, бірнеше мәрте депутат болып сайландыңыз. Халықпен тығыз араластыңыз. Біздің қоғамдағы саяси мәдениетке баға бере аласыз ба?
– Иә, оныңыз рас. Екі рет Жоғарғы Кеңеске, екі мәрте Парламент Мәжілісіне ешбір партияның атын жамылмай, тек халықтың қолдауымен депутат атанғанымды мақтан тұтамын. Ал саяси мәдениетке келетін болсақ, посткеңестік елдер арасында саяси мәдениеті жоғары халықтар санатына еніп жүрген украиндер мен гүржілер – үлкен державалардың ықпалында, солардың талас-тартысының арасында қалған мемлекеттер. Сол елдерде ықпал күшті болмаса, Президент өзінің оппонентін премьер етіп қоя ма? Оларда Президент пен Парламент, Парламент пен Үкіметтері арасында шын мәнінде диалог өрбіп отырады. Сондықтан да шығар, әсіресе украиндердің саяси сана-сезімі жоғары. Біздің халықта да өсу байқалады, бірақ қарқынды емес. Себебі біздің халықтың күнделікті тіршіліктен қолы босамайды. Бұдан кейін саясатқа араласатын уақыты да, мүмкіншілігі де болмайтыны екібастан белгілі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы ақпарат бергеннен қарағанда мақтау, мадақтау басым болып кетеді. Ал егер БАҚ өкілдері халыққа өзекті проблемаларды ұсынып отырса, оны көпшілік қауым ортаға салып талқыласа, саяси мәдениетіміз көш ілгері болар еді.
– Бір кездері ғаламторда жарық көрген мақалаңыз біраз шу-шұрқанға айналған еді. Әсіресе орыстілді қауым наразылық білдіріп жатты. Ұлтаралық араздық туғызады деп...
– Мен ол мақаламдағы дәлелдердің бәрін елге барып, көзбен көріп келгеннен кейін қағазға түсірдім. Ойдан ештеңе шығарылған жоқ. Тек қана шындық айтылды. Біздегі жүзден аса ұлттардың қазақ жерінде шоғырлануы олардың кінәсі емес. Тағдырдың жазуы солай болды. Десе де, мемлекетті құрап отырған негізгі ұлттың мәтебесі, қай елде болсын, жоғары болуы тиіс. Бізден басқа мемлекеттерде солай. Ал қазақ ұлты өзін аға ұлт ретінде сезінуі үшін алдымен өзіміздің ұлттық идеологиямызды қалыптастыруымыз керек. Тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып санамызға сіңіргенде ғана біз өзімізді жоғалтпаймыз. Ұлттық иммунитетіміз қалыптасқанда ғана біз басқа ұлт өкілдерінің жауапкершілігін өз мойнымызға ала аламыз. Ал қазір жағдай басқаша. Басқа ұлт өкілдері тұрмыстық жағдаймен қарағанда қазақтардан артық болмаса кем тұрмайды. Міне, осыны көтере алмай дандайсып кеткен кейбіреулер ұлттық бірлігімізге селкеу түсіріп отыр. Олардың қазаққа сіңісіп қана Қазақстанды өз Отаным деп қабылдайтынын түсінулері керек. Сонда ғана біз бірлігі жарасқан, ұйысқан ұлт бола аламыз. Мен бірбеткей ұлтшылдықты қаламаймын, алайда өз ұлтын сүю – әр адамның борышы.
– Сізбен бірге өскен, бір тәрбиені көрген замандастарыңыздың басым көпшілігі «қазақстандық ұлт» тұжырымдамасы туралы мәселе көтеріп жүр. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Мен өз басым үш тілді білу керек дегенге қарсы емеспін. Ғаламдық кеңістіктің талабына оның өзі аз шығар. Мүмкін заман көшінен қалмау үшін бес тіл білуіміз керек шығар. Бірақ өзге тілді жаттап алып, ең негізгі ананың сүтімен берілетін тілімізді білмесек, бұдан асқан қасірет жоқ. Қазақстандық ұлт тұжырымдамасы жүзеге асырылуы екіталай. Себебі бұған өзге ұлт өкілдері де қарсы болады. Мұны жер-жаһанға жар салмай, ассимилияция үрдісін жүргізуді қолдаймын. Ал «қазақстандық ұлт» идеясы біреулердің халықты сынау үшін айтқан әзілі болуы керек.
– Облыс әкімі, Парламент депутаты болғаннан кейін, қазір қарапайым қызметтесіз. Саясаткердің амбициясы болушы еді...
– Білесіз бе, менде ешқандай амбиция жоқ. Мен кез келген жұмыс істей беремін, тек бос отырмасам болды. Себебі мен аспаннан түскен жоқпын, анадан шен-шекпенмен туған жоқпын. Маған ешкім «сен тек қана жоғары лауазымды қызметтер жасайсың» деген тілхат берген жоқ. Қазіргі спорт колледжіндегі қызметім өзіме қатты ұнайды, жаныма жақын. Себебі қазір тікелей жастармен, олардың тәрбиесімен жұмыс істеп жатырмын. Осы спорт арқылы басқа бір өмірге келген сияқтымын. Мен сізге бір құпиямды ашайын, соңғы рет депутат болып жүргенімде мандатымды тапсырып, спорт саласына кеткім келді. Ол туралы Президентке де өтініш білдірген едім. Сол уақытта Парламент тарап кетті де, бұл мәселе басы ашық күйінде қалған болатын. Бұл жерде де өзімнің алдыма қойған мақсаттарым мен жоспарларым бар. Сол мақсаттарымның ең негізгісі – Олимпиада чемпиондарын шығарып, еліміздің спорт саласына үлесімді қоссам деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар Датым...
Көкейде жүрген бір мәселе болатын болса, ол – біздің ұлттық тарихымыз. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін төл тарихымызды ретке келтіре алмай келеміз. Осындай ұлан-ғайыр жерімізді қорғап қалуымыздың негізгі діңгегі не екенін жас ұрпаққа жеткізе алмай келеміз. Ал дер кезінде өткенімізді түгендемесек, уақыт өткен сайын алыстай бермекпіз. Тарихымызды түгендеп, ұрпаққа сабақтастыра алсақ, бүгінгі дамуымыз әлдеқайда жеңілдеу болар ма еді деп ойлаймын. Екінші бір мәселе – тіліміз бен дінімізді сақтап қалу үшін күресуіміз керек. Тілімізбен көркейеміз, дінімізбен тазарамыз. Ал таза қоғамның даму жолында ешқандай кедергі болмақ емес.