ҚР Қарулы Күштерін құру мен дамытуды толық саралау – тарихшылар еншісінде

ҚР Қарулы Күштерін құру мен дамытуды толық саралау – тарихшылар еншісінде

Мұрат МАЙКЕЕВ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант:

– Мұрат Жәлелұлы, алдымызда Қазақ­стан Қарулы Күштерінің 20 жыл­дығы келе жатыр. 1992 жылғы 7 ма­мыр­да ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен дербес армия­мызды құруға кірістік. Қаншама қиын­шылықтарды бастан өткергеніміз жасырын емес. Осы кезеңдегі басты проблема не болды? Соны айтсаңыз...
– Қарулы Күштер құрылысының бастап­қы кезеңіндегі аса маңызды проблема – еге­мен ел армиясының нормативтік-құқық­тық негізін құру болды. 1993 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасының бірінші Әскери доктринасы қабылданды.
Онда Қазақстанның, егер оның өзі неме­се одақтастары қарулы агрессия объектісіне айналмаса, қандай да бір мемлекетке қарсы әскери іс-қимылдарды ешқашан, ешқандай жағдайда да бірінші болып бастамайтындығы көрсетілді. Оны былай қойғанда, доктринада біздің Респуб­ликаның ешкімге қауіп төндір­мейтіндігі, барлық мемлекеттермен қауіпсіздік мүд­десін өзара ескеру негізінде қарым-қатынас құруға әзір екендігі, әскери үстемдікке де ұмтылмайтындығы жазылды. Сондай-ақ доктринада Қазақстан әр мемлекеттің, ұлттың, халықаралық өмірдің барлық мәселелерін шешуге қатысуға тең құқылы екендігін мойындайды, күш көрсету саясаты мен қару-жарақ бәсекесіне қарсы делінді.
Одан кейінгі жылдарда Ұлттық қауіп­сіздік стратегиясы 2000 жылғы 10 ақпанда бекітілген екінші Әскери доктринаның бази­сіне айналды. Нақ сол кезде алғаш рет еліміздің Қарулы Күштерді елдің жалпы ішкі өнімінің кемінде 1% көлемінде кепілді бағдарламалық-мақсатты түрде қаржы­лан­дырып отыру ұстанымы нормативтік түрде бекітілді.
Жаңа доктрина Қарулы Күштерді құру мен реформалау, құрылымды оңтай­лан­дыру, ұтқыр күштерді басымдылықпен дамыту, басқару жүйесін жетілдіру, әскери-аумақтық құрылымға ауысу, резервті даярлау жүйесін жасау, әскери білім беру және әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, әскери-ғылыми базаны құру және дамыту, әскери қызмет мәртебесін кө­теру, сондай-ақ әскери-қызметтік қарым-қатынастарды адамгершіліктендіру секілді басты бағыттарды айқындады.
2007 жылғы келесі Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – өңірлік қолбас­шылық әскерлерінің белгіленген жауап­тылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскер­лер­дің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болды.
– Қарулы Күштеріміздің алғашқы құрылу кезеңінде кадр мәселесі қалай болды? Себебі КСРО құрамында бол­ған кезімізде әскери қызмет­шіле­ріміздің басым көпшілігі, оның ішінде офицерлік құрамның көбісі Ресейдің адамдары болғанын білеміз...
– Тәуелсіздігін енді алған мемлекеттің жаңа армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен қатар, ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олар­дың басқару органдарын қалыптастыру бойынша тынымсыз жұмыстар жүргізілді.
Бұл арада, расымен де, кадр мәселесін шешу қиын болды. Себебі осы кезде әртүр­лі ұлттың әскери қызметшілері өз елдеріне жаппай кетіп жатқан кезең еді. Соның кесірінен Қазақстанның өз әскери маман­дары жеткіліксіз мөлшерде қалды. Өз армиямызды құрып жатқан аса жауапты кезеңде Қазақстанда қызмет өткеріп жүрген көптеген офицерлер қызметін ТМД-ның бас­қа мемлекеттерінде жалғастыруға неме­се запасқа шығуға шешім қабыл­дады.
Екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі ең жоғарғы деңгейге жетті. Нақтырақ айтсақ – тізімдік құрамдағы офицерлердің 89%-ы кетіп қалды.
Қазақстанның жас армиясы кадр жетіспеушілігін осы кезде қатты сезінді.1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақ­талуы 50-60% шамасында болса, кейбір полктер – 40%, ал Георгиевтегі мотоат­қыштар полкі тек 27% ғана жасақталды.
Үшарал гвардиялық мотоатқыштар полкінен 1992-1995 жылдар аралығында командир, штаб бастығы, командирдің қару-жарақ, тәрбие және әлеуметтік жұмыс­тар жөніндегі орынбасарлары, киім-кешек, азық-түлік, жанар-жағармай мате­риалдары, радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғау қызмет­терінің бастықтары кетіп қалды. Алматы мотоат­қыштар полкінің батальондарында бірде-бір штаб бастығы, бірде-бір батальон командирінің орынбасары болған жоқ. Полк қызметтері бастықтарының лауазым­дары және танк роталары командирлерінің лауазымдары бос тұрды.
Тек Қорғаныс министрлігінің жедел және ұтымды шараларының, жас армияны құруда тынымсыз еңбек еткен генералдар мен офицерлердің, олардың күрделі ше­шім қабылдай білуінің арқасында ғана бізге жағдайды оңдап және Қарулы Күш­тер­ді сақтап қана қоймай, әрі қарай қа­рыш­­тап дамуға плацдарм жасау мүмкіндігі туды.
– Енді ғана Тәуелсіздігін жариялап, өз алдына дербес мемлекет болған еліміздің халықаралық әскери әріп­тестігі қалай өрбіді?
– Қарулы Күштер басшылығы Қарулы Күшіміздің құрылған күнінен бастап халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдің армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жеке­леген мәселелер бойынша екіжақты келі­сімдер ТМД мемлекеттерімен әріп­тестік­ке негіз болды. Бұл ретте, тиісті келісімдерге қол қойылмай тұрып-ақ, тек мемлекет басшыларының шешімдері негізінде нақты бірлескен шараларды қабылдауға өмірдің өзі мәжбүр етіп отырды.
Сөйтіп, 1993 жылғы маусымда Тәжік­станға, оның Ауғанстанмен шекарасын күзетуге көмек көрсету үшін Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Бастапқыда батальон құрамына Құрлық әскерлерінің екі ротасы, Шекара әскер­лерінің екі ротасы және ІІМ Ішкі әскерлерінің бір ротасы кірген болатын. Пяндж өзенінің бойындағы Қалай-Хумб кентінен Хорог қаласына дейінгі шекараның 100-ден аса шақырым жері қазақстандықтар күзетуіне берілді.
Ірі шайқастардың бірі 1994 жылы күзде Хорогқа жақын жерде болды, онда 200 содырдан тұратын банды талқандалды. Өкінішке қарай, қақтығыстардың бәрі бірдей табысты аяқталған жоқ. 1995 жыл­ғы 7 сәуірде роталардың бірінің автолегі Пшихров шатқалында тосқауылға ұшы­рады. Ұрыста 17 сарбаз бен сержант қаза болды. Қазақстандық батальон осы уақыт ішінде барлығы 300 шекара бұзушыны ұстады және шекаралық өзенді қиған 30 топ­тық әрекетке тойтарыс берді, 60 адамынан айырылды.
Қазақстандық бөлімшелерді БҰҰ-ның қамқорлығымен бітімгершілік істерге тартудың алғашқы тәжірибесі 1995 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері құрған Ортаазиялық бітімгершілік батальоны болды. Ұйымдық жағынан ол үш мотоат­қыш­­тар ротасынан, минаатқыштар бата­рея­сынан, зениттік-зымыран взво­дынан, байланыс взводынан, медициналық пункт пен материалдық-техникалық қамта­масыз ету взводынан құрылды. Шетелдік армия­лар тәжірибесі есепке алына отырып, біз үшін мүлде жаңа жауынгерлік даярлық бағдарламасы жасалды. Бұл ретте Ресей, АҚШ, Түркия және басқа да елдер бітімгер күштерінің жыл сайынғы оқу-жаттығулары үлкен көмек көрсетті.
Кейін келе бітімгерлік операцияларға қатыстыру үшін Қапшағайда «Қазбат» қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. Бұл бітімгер құралым біздің елдің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы міндеттемелерін орындауға арналды. Батальонның негізгі міндеті даулы мәселелер мен жанжалды ахуалдарды бол­дырмауға, шешуге және реттеуге, сон­дай-ақ жанжалдасушы тараптар көз­қарас­тарын жақындастыруға көмек көрсету мақсатымен бітімгершілік әрекетке қатысу болып табылды.
«Қазбат» жауынгерлері 2003 және 2008 жылдар аралығында Ирактағы Көпұлт­ты халықаралық ұжымдық қауіп­сіздік күштері құрамында бітімгершілік миссия орындау кезінде жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Біздің әскери қызметшілерге жарылмай қалған оқ-дәрілерді іздестіру мен жою, далалық сумен жабдықтау пункттерін жарақ­тау, суды тазалау және жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету тапсырылған болатын.
Осы уақыт ішінде 4 млн-нан аса қаупі бар заттар жойылды, Ирак қауіпсіздік күштері үшін жарылу қаупі бар заттарды жою жөніндегі 488 маман мен әскери сүзгіш стансы­ның 10 есептобы даярланды, 7 мыңнан астам Ирак азаматына медици­налық көмек көрсетілді.
Өкінішке қарай, бұл жағдай да қазасыз болған жоқ. Жауынгерлік тапсырма орын­дау кезінде капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты.
– Мұрат Жәлелұлы, бейбіт өмірдегі әскери дайындық пен соғыс жағдайын­дағы әскери әзірлік екі басқа. Бұл жерде әскерилердің моральдық-психо­логиялық дайындығы ерекше рөл атқарады. Осыған байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазіргі уақытта заманауи армияларда моральдық-психологиялық факторлардың мәні күрт артты. Жеке құрамның ұлттық мүдделерді қорғауға дербес жоғары әзірлігі мен қабілеттілігінің ерекше рөліне мән берілді. Әскери қызметшілердің бар­лығы бірдей болмаса, өз қызметтік міндеттерін адал атқаруға психологиялық әзірлігі болмаса, толымды нәтижелер күту қиын.
Моральдық-психологиялық қамтама­сыз ету – бұл қамтамасыз етудің кешенді түрі. Оған жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін сақтауға бағытталған іс-шаралар жүргізу кезінде, бейбіт уақыттағы жауынгерлік міндеттерді орындау үдері­сін­де, сондай-ақ операциялар мен жауын­герлік іс-қимылдар барысында әскери қызметшілер санасы мен психикасына ұйымдастырылған түрде әсер етудің бар­лық негізгі түрлері мен әдістері шоғыр­ландырылған.
Оның мақсаты – моралдық-психо­ло­гия­лық көңіл күйдің бейбіт уақытта қойылған міндеттердің орында­ла­тын­дығына және соғыс басталған жағдайда басқыншылыққа тойтарыс берілетіндігіне кепілдік ететіндей деңгейіне қол жеткізу. Ол ақпараттық-тәрбие, психологиялық, әс­кери-әлеуметтік және бос уақытты мәдени өткізу жұмыстары, әскерлерді қарсыластың ақпараттық-психологиялық әсер етуінен қорғау арқылы іске асырылады.
Сондықтан бізде, Құрлық әскерлерінде, әскери қызметшілердің жеке-психо­ло­гиялық ерекшеліктеріне тереңдетілген әлеу­меттік-психологиялық зерттеулер жүргізу әдетке айналды. Егер бастапқыда бұлар жеке экспресс-тестілер ғана болса, тәжірибе жинақтай келе, Құрлық әскер­ле­рінің психологтері ауқымды зерттеулерге көшті.
Бірінші кезекте жас буын, сондай-ақ Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанттары зерделенеді.
Өткен жылы қорғаныс министрінің өкімімен әскери психологтер алғаш рет ҚӘ Әскери институты соңғы курс курсанттарына олардың жүйке-психикалық тұрақтылығы деңгейін, патриотизмі мен моральдық ұстанымдарының, оқытылуының дәре­же­сін, көшбасшылық, жігерлілік және басқа да кәсіби жағынан маңызды қасиеттерін анықтау мақсатында кешенді зерделеу жүргізді. Бұл – жас лейтенанттарды олардың жеке-психологиялық ерекше­ліктеріне сүйене отырып, қандай нақты лауазымдарға тағайындауға болатынын алдын ала жоспарлау үшін жасалды. Болашақ офи­цер­лердің ішкі мүмкіндіктері туралы мәлімет­терді ерте бастан білудің қаншалық­ты маңызды екендігін түсінген­діктен, зерттеулерге тек бітірушілер ғана емес, 2-інші және 3-інші курстар курсант­тары да тартылды.
Мұндай тәсіл лидерлерді оқу кезінде-ақ анықтап, оларды бітіруіне қарай ұдайы әзірліктегі бригадаларға жауапты лауазым­дарға тағайындауға мүмкіндік береді, олар онда өздерінің үздік қасиеттерін таныта, дамыта және бекіте алады. Бұл сонымен бірге оларға жоғары лауазымдарға бірінші кезекте тағайындалу мүмкіндігі мен құқы­ғын береді.
Біз 2011 жылғы бітірушілердің қалай қызмет етіп жүргендеріне талдау жасадық. Сөйтіп, зерттеу нәтижелері бойынша көш­басшылар тобына түскен лейте­нант­тардың өз командирлерінен «тәртіпті, тиянақты, өздеріне және бағыныштыларына талап­шыл, тез тіл табысатын көпшіл офицер» деген мінездеме алғандығына көз жеткіздік. Бұл жас офицерлер қазірден-ақ өз қыз­мет­тестері арасында беделді, ұйым­да­с­ты­рушылық және командирлік қасиеттерін іс жүзінде көрсете біледі, өз әскери ұжым­дарында көшбасшы және жоғарылатуға кандидат болып отыр.
Осылайша, әскери қызметшілерді жан-жақты әлеуметтік-психологиялық зерде­леудің негізіндегі, қазірдің өзінде Құрлық әскерлерінде қолданылып отырған лауа­зымдық мақсаттау жүйесі шын мәнінде болашағынан үміт күттіретін офицерлерді анықтауға, өсіруге және қызмет сатысы бойынша ілгері жылжытуға жағдай туғызады.
Жас сарбаздарды зерделеу мәселесіне келсек, бұл бүгінде армияға кімдердің келіп жатқандығын түсіну, олардың алда тұрған ауыртпалықтарға әзірлігін, бейім­діліктері мен әдет-құлықтарын анықтау үшін жасалады. Сосын зерттеу нәтижелері талдауының негізінде жаңа шақырыл­ғандарды қай бөлімшеге бағыттау, оның қабілеттерін қайткенде жақсы пайдалану қажеттігі, кешегі «жай бозбаланың» әскери қызметке бейімделу үдерісін қалай жеңілдетуге болатындығы туралы шешім қабылданады.
Бүгінгі басты проблемалардың бірі моральдық-адамгершілік ахуалдың шие­ленісуі, рухани дағдарыстың ұлғаюы болып табылады. Адамдардың, оның ішінде әскерилердің де санасы мен жан-дүниесі үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет, ғылым, өнер, мәдениет күрес жүргізуде.
Сондықтан командирлер өз білімдерін практикалық қызмет үдерісінде үнемі жетілдіріп, жекелеген әскери қызметшілер мен әскери ұжымдардың жеке-психо­логия­лық ерекшеліктерін талдай білуге және есепке алуға үйренеді. Яғни «жаңа үлгідегі басшылардың жұмыс стилі» деп аталатын істі жүзеге асырады.
– Бүгінгі әскеріміздің қару-жарақ пен техникалық жай-күйіне қандай баға бересіз?
– Мемлекет қалыптасуының қиын жылдарында армияның объективті негізде жеткіліксіз қаржыландырылуы қару-жарақ пен жауынгерлік техника жай-күйінің нашарлауына әкеліп соқтырды. Қару-жарақ пен әскери техниканың пайдала­нылуы мен сақталуы қауіпті деңгейге жетті. 90-жылдар басында жауынгерлік техника мен қару-жарақтың көптеген техникалық ақаулары болды. Қосалқы бөлшектермен жарақталмау 60-70%-ға жетті, аккумулятор батарея­ларының пайдалану мерзімдері өтіп кеткен. Жөндеу зауыттары ТМД аумағында қалғандықтан, дереу өз қорғаныс өнеркәсібі кешенін құру және дамыту қажет болды.
Қару-жарақ пен техниканың техникалық жай-күйінің нашарлауына қару-жарақ пен техникаға қызмет көрсету мен жөндеу жөніндегі дайындалған мамандардың бол­мауы да себеп болды. Жөндеу бөлім­шеле­рінің жөндеу жұмыстарын сапалы орын­дауға, қару-жарақ пен техниканы ақаусыз күйде ұстауға шамасы жетпеді.
Бұл былай қарағанда шешілмейтіндей көрінген қарама-қайшылықтар мен проблемаларға толы күрделі жол болды.
Мемлекет басшысының ел қорғау­шыларына жасаған күнделікті қамқор­лы­ғының, Жоғарғы Бас қолбасшының коман­далық құрамға ұдайы талап қойғандығының арқасында ғана қазір Қарулы Күштерде қамтамасыз етудің барлық түрлерінің үздіксіз жүйесі қалыптастырылды, жылдан-жылға оқу-материалдық база жетілдіріліп, қару-жарақ пен әскери техниканың ең жаңасын сатып алу және қолдағы барын түпкілікті жаңғырту жүргізілуде, қызмет функцияларының бір бөлігі бәсекелес ортаға берілді, бұл әскери қызметшілерді оларға тән емес функцияларды атқарудан босатуға мүмкіндік жасады.
Соңғы жылдары қару-жарақ пен әскери техника жеткізілімдері мен жаңғыр­тула­рының көлемі бірнеше есе өскендігіне қарамастан, толық қайта жарақталғандық туралы сөз қозғау әлі ертерек.
Сондықтан мұның экономика мүмкін­діктерімен тығыз байланыстылығын түсіне, қайта қаруланудың нақты мүмкіндіктерін есепке ала отырып, Құрлық әскерлері 2009-2012 жылдарда негізгі күш-қайратты қазіргі бар техника паркі мен қару-жарақты сақтау және қалпына келтіруге шоғыр­ландыруда. Бұл «темірдің» барлық мүмкін­діктерін барынша пайдалану үшін жасалып отыр.
Құрамалар мен бөлімдерде техноло­гиялық желілерді қалпына келтіру үдерісі басталды.
Бәрінен бұрын техника мен қару-жарақты тексеруді ұйымдастыру мен жүргізу әдістемесі қайта қаралды, рота (батарея) – батальон (дивизион) – құрама – өңірлік қолбасшылық (әскер тегі) буынындағы әрбір командирдің қызметін бағалаудың жаңа 10 баллдық рейтингілік жүйесі енгізілді. Бұл командирлерге өз жетістіктерін көруге және басқалардың нәтижелерімен салыстыруға мүмкіндік берді және үздік көрсеткіштерге жетуге ынтасын арттырды.
Оң нәтижелер көп күттірген жоқ. 2010 жылдың екінші жартысынан бастап сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау және пайдалану сапасын арттырудың тұрақты үрдісі байқалды.
Объективті қиындықтарға қарамастан, армияны техникалық қайта қаруландыру жалғасуда. Құрлық әскерлеріне жаңа БТР-82А броньды техникасы, танкіге қарсы кешендер, реактивті отшашқыш жүйелер келіп түсті, отандық өндірістен шыққан жаңа «КамАЗ» автомобильдеріне қайта жарақтау аяқталып келеді.
– Қысқаша айтқанда, Қарулы Күш­тердің 20 жылдығында бағын­дыр­ған белесіміз қандай?
– Қарулы Күштердің 20 жылдығы – бұл қазақстандық армияның қалыптасу және даму кезеңдерін саралауға, қорытындылар жасап, болашақтың міндеттерін нақтылауға мүмкіндік беретін маңызды шеп. Осы жылдар ішінде сыртқы саясат пен әскери құрылыс саласында ел басшылығы жүзеге асырған шаралар кешені мемлекеттің әскери қауіпсіздігін оның егемендігінің қалыптасу кезеңінде тек қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіләлемдік қауымдастықтың мойындауы мен қолдауына ие болуға мүмкіндік жасады. Бар-жоғы 20 жылдың ішінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең жауынгерлік қабілетті Қарулы Күштердің бірі құрылды. Әскери қызметшілер тұрмы­сының үздіксіз жақсартылуы армиядағы қызметтің қадірі мен беделін арттырды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Елбасының тұрақты көңіл бөлуінің, оның дана да көреген саясатының арқа­сында мүмкін болған ақиқат факт екендігін бүгін­де күллі әлем мойындап отыр.

...ДЕЙДІ ГЕНЕРАЛ!
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру мен дамытудың күрделі және көп қырлы үдерісін толық саралау – тарихшылар еншісінде. Ең маңыздысы – жаңа егемен мемлекеттің жас армиясы өзінің алғашқы күндерінен бастап-ақ Елбасының дана басшылығының арқасында барлық қиыншылықтарды еңсере білді. Оның ішінде офицерлік құрамның жаппай кетуін, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерімен жарақтаудың болмауын, инфрақұрылым объектілерінің бұзылуын, әскери қызмет мәртебесінің ең төменгі деңгейге дейін құлдырауын, жасақтаудағы, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының, әскерлерді жан-жақты қамтамасыз етудегі проблемаларды жеңіп шыға алды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста