Қорқыттың жатқан жерін туристік орталыққа айналдырсақ деген ниеттемін
Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас директоры:
– Әлемде 200 миллионнан аса түркі тектес халық бар екен. Осының ішінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына тек 14 түркі мемлекеті мүше болып отыр. Ал басқа түркілердің жағдайы қалай болады? Олардың жойылып бара жатқаны бәрімізді де алаңдатады. Осы орайда «ТҮРКСОЙ» қаншалықты пәрмен танытып отыр?
– Түркі тілдес халықтардың арасында осы күнге дейін «ТҮРКСОЙ-дан» басқа халықаралық ұйым жоқ. Ұйымның жарғысында оның ешқандай да саясатқа араласпайтындығы жазылған. Оның жұмысы таза гуманитарлық, мәдени сипатта өрбиді. Көп адамдар «ТҮРКСОЙ» дегеннің мағынасын түсінбей сұрайды. Түсінікті болу үшін түрікшесінен түсіндірейін. TURK деген баршамызға түсінікті, ал SOY түрік тілінен аударғанда, «тек» деген мағынаны білдіреді. Екіншіден, S – sanat – өнер, O – ortak – ортақ, Y – yonetimi – ұйымы. Бұл – түркі тектес халықтардың мәдениеті мен өнерін дамытуға бағытталған халықаралық ұйым деген сөз. Осынау ортақ халықаралық ұйым құрып, бірлесуге қол қойған мемлекеттер: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Түркия. Осылардың ішінде бұрыннан тәуелсіздікке ие ел бір ғана Түркия болса, қалған бес елдің тәуелсіздіктерін алғанына 20 жылға жуықтады. Тағы да алты ел, Ресейдің субъектілері: Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва, Хакас, Якутия, сондай-ақ Молдавияның құрамында жатқан гагауыздар мен Солтүстік Кипр бар. Бұлар ұйымға әзір бақылаушы мүше болып отыр. Осы 14 елдің министрлерінен тұратын тұрақты кеңес жылына екі рет бас қосып отырады. Мен басшылыққа барғалы үш рет кездестік, оның алдында екі жыл басқосу болмай кеткенге ұқсайды. Себебі Ресейде көптеген саяси өзгерістер, атап айтқанда, орталықтандыру саясаты орын алып, құрамындағы саны аз түркі халықтарының белсенділігі азайып кеткен. Бірақ кезінде Ресей президенттігіне Ельциннің келуі «ТҮРКСОЙ-дың» құрылуына жақсы жағдай жасады деуге болады. Ал қазір Ресейдегі жағдай басқаша сипат алып барады. Сондықтан ұйым тарихтың ұтымды сәтінде құрылды деуге негіз бар. Қазір «ТҮРКСОЙ» Ресейдегі ғана емес, әлемнің басқа да түкпірлеріндегі түркілердің мәдениетін сақтау бағытында талпыныс танытып келеді.
Мәселен, жақында біз түркі республикаларының суырыпсалма ақындарын шақырып, Түркияның Анкара және Чорум қалаларында «Түркілердің суырыпсалма өнері» атты конференция өткізіп, бірнеше жерде «Түркі әлемінің ұзандары» атты концерт қойып, айтыс ақындарының, ашыктардың өнерін көрсеттік. Түпкі ойымыз – ЮНЕСКО ұйымының мәдени мұралары тізіміне «айтыс», «хоомей», «мугам» секілді түркі өнерінің ерекше түрлерін бірігіп ұсыну. Ал 14-24 сәуір аралығында Конияда екінші «Бин нефес, бир сес» (мың дем, бір үн) халықаралық театр фестивалі өтті. Өткен жылы осы фестивальға түркі республикаларынан бір-екі ұжым ғана қатысқан. Ал биыл «ТҮРКСОЙ-дың» тікелей қолдауының арқасында Конияға біздің ұйымға мүше 8 елден (150-180 адам) театр ұжымдары қатысты. Бұл – әрине, біз сияқты енді ғана етек-жеңін жинай бастаған ұйым үшін қуанарлық жетістік.
– Құдай бетін әрі қылсын, бірақ болашақта Ресей тарапынан әлдеқандай бір қысым болып, соның кесірінен оның құрамындағы автономиялардың ұйым жұмысына атсалыспай қалуы мүмкін бе?
– Жоқ, олай болмайды. Мен өзім де бұл жағына аса мән беремін. Себебі ТМД елдердің мәдени-гуманитарлық әріптестігі жөнінде қызметтер атқару барысында біраз нәрсе белгілі бола бастады. Гуманитарлық әріптестік кеңесі мен Гуманитарлық әріптестік жөніндегі халықаралық қор құрғанбыз кезінде. Бұған мәдениет министрлері кіруі керек еді. Бірақ сол тұстағы біздің елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев «ай, я не хочу» деп құлықсыздық танытты да, білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев қордың басшылығына баруға келісті. Осы қорды қазіргі кезде «ТМД-ның ЮНЕСКО-сы» деп айтуға болады. Айта кетерлігі, егер Ресей субъектілері болмаса, «ТҮРКСОЙ-дың» не қажеті бар? «ТҮРКСОЙ-ды» құрған 6 мемлекет те тәуелсіз, өз қаражаты бар, өз иелігі өзінде ғой. Солар енді қалған бытыраңқы жатқан түркі халықтарының басын қосу үшін осындай бір ұйымға күш біріктіруді жөн деп тауып отыр. Бірақ бізді алаңдатып отырған бір мәселе – ұйым жұмысынан өзбектердің тартыншақтап жүргендігі. Содан кейін түрікмендер де соңғы кезде біртүрлі суынып бара жатқандай...
– Бұл екі елдің бұйығылық танытуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, барлық гәп саясатта жатқан сияқты. Біз саясатқа араласпаймыз. Дегенмен саясат бізді жай қалдырғысы жоқ. Былтыр түркі елдері мәдениетінің фестивалі болды, соған башқұрт театры келмекші болды. Алайда аяқ астынан оларды жібермей қалды. Бірақ одан кейін арақатынасымыз түзелді. Енді осындай кедергілерді жою үшін біраз іс-шараларды жасауды қолға алып отырмыз. Соның бірі – Ресейдің өзін «ТҮРКСОЙ-ға» бақылаушы мүше етіп кіргізу. Осы жолда көптеген келісімдер жасалды. Енді алдағы маусым айында Ресейдің сыртқы істер министрімен кездесіп, мәселені түбегейлі шешеміз деп отырмыз.
Ал Өзбекстан ұйым жұмысына атсалыспай жүргенімен, ебін тауып осы елдің мәдениет қайраткерлерін тікелей шақыртып алып жүрміз. Себебі саясат қазір қатаңдау болғанымен, түбінде өзгеретіні анық. Ал өзбек мәдениетінсіз түркі мәдениеті толыққанды бола алмайды. Біз қазір түркі халықтарын біріктіретін үлкен бір жоба бастағалы жатырмыз. «Көроғлы» операсын барлық түркі халықтарының опера әншілеріне хормен айтқызбақ ойдамыз.
– «ТҮРКСОЙ-дың» қалтасы, қоры қалай екен? Жалпы, ұйымды қаржыландыру мәселесі қалай жоспарланған?
– Бұған дейін ұйымға мүше елдердің жылдық жарнасы 25 мың АҚШ долларын құрады. Бірақ бұл – 1993 жылғы мөлшерде қалған жарна. Әр ел сондай ақшадан шығарған күнде де оның түк болмайтынын өздеріңіз бағамдап отырған шығарсыздар. Осы қаражат жағына келгенде, түріктерге үлкен алғыс айтуымыз керек. Өйткені осы уақытқа дейін барлық шығынды көтерген – Түркия. Мәселен, 2006 жылдың соңында «ТҮРКСОЙ-ға» арнайы ғимарат тұрғызып берді. Биыл құрылтайшылар арасында қайтадан шешім шығарып, мүше елдердің жарнасын 150 мың долларға өсірдік. Ал бақылаушы елдердің әрқайсысының жарнасы 50 мың доллардан айналады. Осының өзі «қаржысы бардың қаруы бар» дегендей, жағдайымыздың біршама дұрысталуына септігін тигізеді...
Біз, жалпы, барлық уақытта ЮНЕСКО-ға қарап бой түзейміз. Олар қаржы мәселесін қалай шешті дегенге келсек, ұйымға мүше елдердің жарнасымен қоса қосымша қанша демеушілері бар. Олар мүше мемлекеттермен жақсы жұмыс істейді. Мәселен, біздің Таңбалы тарихи ескерткішін ЮНЕСКО бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне аларда соның барлық қаражатын Норвегия көтерген еді. Отырар шаһарында қазба жүргізіп, оған Жапонияның назарын аудартып, қаржылай көмек бергізген де – ЮНЕСКО. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін реставрациялауға түрік бауырларымыздың қол ұшын бергенін өздеріңіз білесіздер.
– ЮНЕСКО-мен қатар ISESCO деген де бар. «ТҮРКСОЙ» да болашақта солардың қатарындағы ұйым болуы керек қой. Сондықтан осы ұйыммен ынтымақтасу, тәжірибе алмасу жоспарларыңызда бар ма?
– Әрине, оның алғышарттарын жасап та жатырмыз. Таяуда «Өркениеттер диалогы» атты үлкен конференция болды, оған Түркия премьері Р.Ердоған мырза мен ISESCO-ның бас хатшысы Абдул Азиз әл-Тувейджри қатысты. Сонда әріптестік қатынас жасау туралы құжатқа да қол қойдық. ISESCO-ның штаб-пәтері Мароккода орналасқан. Олардың қаржылық ресурстары жақсы, бұл – бір. Екіншіден, олардың Ислам конференциясы ұйымы секілді мықты саяси қолдаушылары бар. Бұл жағынан біздің әлсіздеу екеніміз рас. Соңғы кездері Елбасымыз бұл мәселені жолға қою үшін Түркі елдері Парламентінің ассамблеясын құру туралы ұсыныс айтып жатыр. Саяси тұрғыда қолдайтын халықаралық нысан болмағандықтан, біздің саясаттан бойымызды аулақ ұстауымызға тура келеді. Оның астарында ұйымды қорғау мәселесі жатыр.
– Жалпы, жарғы бойынша халықаралық ұйымдардың өз тілі болады ғой. «ТҮРКСОЙ» қай тілді ұйым тілі ретінде бекітіп отыр?
– Ұйымның ресми тілдері – түрік және орыс тілі. Күнделікті қатынаста орыс тілі болса, ресми құжаттар мен кездесулерде түрік тілі қолданылады. Аудармашылар жұмыс істейді.
– Алматыда «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі» тақырыбымен өткен симпозиумға қатысқан зиялылар қауымы бірауыздан «түркіге ортақ телеарна құру керек» деген тұжырымға тоқталды. Бұл мүмкін бе және қанша уақытта жүзеге асырылады деп айта аласыз?
– Ол мүмкін, тіпті бар деп те айта аламын. Осы бір ай ғана болды, «Түрк авазы» атты жаңа арна ашылды. Бұл – әрине, бірнеше жылдық жұмыстың нәтижесі. Себебі әу баста TRT арнасының басшыларымен кездескенімізде «ТҮРКСОЙ-дың» не екенін де білмейтін. Қазір ұйымның жақсы танылғанының арқасы шығар, осындай арна ашуға мүмкіндігіміз жетті. Әр халықтың тілінде үш сағаттан хабар таратылады.
– Иранда «түрік» дегенді Кеңес Одағы кезіндегі «чукча» секілді қабылдайды. Ирандағы саны аз түркі халықтары: жалайырлар, қарлұқтар, қашқаилардың, әйтпесе Ауғанстандағы түркілердің, сондай-ақ Ирактағы түркомандардың, сондай-ақ басқа да елдердегі иісі түркі бауырларымыздың мәдениетін дамытуға «ТҮРКСОЙ» ықпал жасай ала ма?
– Бұл жағы – әрине, қиын мәселе. Мәселен, қытайлар ұйғырларды «ТҮРКСОЙ-ға» жібере ме? Жіберген күнде де олар бізге мүше бола алмайды. Ал енді ақпараттық жағынан біз олармен байланысты үзбеуге тырысамыз. Ресей құрамындағы елдердегі жағдай да дәл сол сияқты. Мысалы, Чувашиядағы чуваштар саны 75 пайыз екен. Бірақ оларды бізге қатыстырмайды. Чувашияның президенті де Ресейдің рұқсатынсыз қадам жасай алмайды. Сондықтан олармен әлі келіссөздер де болған жоқ. Ал Олжас Сүлейменов кезінде «түркі тілінің байлығы чуваштардың көне еңбектерінде көп байқалады» деп атап көрсеткен болатын. Мұнымен салыстырғанда саны едәуір аз түркілердің ішінде бізбен байланысып тұратындары бар. Сондықтан мәселе халықтың санына емес, рухына байланысты екен. Құмықтар мен қарашайларды да біртіндеп өзімізге тартып жатырмыз. Оларды да кезінде бөліп тастауға ұмтылған ғой. Дағыстанда бізбен байланысып тұратын ноғайлар бар. Ноғайлардың қазақтармен ұқсастығы өте көп.
– 200 миллион түркінің жартысы ғана белсенді де, қалған бөлігі араб, парсы, т.б. ұлттардың құрамына сіңіп, жоғалып бара жатыр. Қытайға сіңіп бара жатқан саларлар, сары ұйғырлар сынды түркілер бар. Жер бетінде жеті-ақ мыңы қалған долғандар жайы алаңдатады. Оларға өздері өмір сүріп жатқан мемлекеттер онсыз да көмектеспейтіні белгілі. Саясатына, басқасына бармай-ақ, олардың этнографиясына, тіліне көмектесу мақсатында жекелеген фильмдер түсіру арқылы сәл де болса қол ұшын тигізу мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. Ол туралы сөз басталды. Біз оларға нақты көмек бере алмасақ та, «міне осындай болудан сақтаныңдар» деген ниетте әлгіндей жұмыстар атқара аламыз. Бүгінде осы тұрғыдан экспедиция жасақтап жатырмыз. Кезінде, айтпақшы, шор халқының бір ақсақалын алдырып, ол кісінің аузынан бар білетінін жаздырып алғанбыз. Сондағы қолындағы аспабы – кәдімгі біздің қара қобыз, жыры – біздің жырлар. Ол кісі соларды білетін соңғы тұяқ екен. Одан кейін ешкім қалған жоқ.
– Ең үлкен трагедия осы болып тұр емес пе? Түркі халықтарының бүгінде діні де әртүрлі болып кеткен. Ислам дініндегілердің өзі шейіт пен сунниттер, буддаға табынып кеткендері қаншама?! Діни сенімдерінің әртүрлілігі онсыз да біріге алмай жатқан түркілерге кері әсерін тигізбей ме?
– «ТҮРКСОЙ» дін жағынан гөрі мәдениет пен өнерге аса көңіл бөледі. Бірақ соның негізінде осы дінге де жағдай туғызатын көптеген іс-шаралар жасау алдағы жоспарларымызда бар.
– Дүйсен аға, сіз өзіңіз музыкатанушысыз. Осы қазақтан басқа түркілердің әуендерінде бір өзгешелік байқалады. Жалпы, салыстырмалы түрде алғанда, көне түркі әуенінің бояуы, ырғағы қазақ музыкасында жақсы сақталған ба, әлде өзбектер мен түріктердің музыкасында ма? Ежелгі түркі музыкасының нағыз мұрагері қайсысы?
– Ежелгі түркі музыкасы біздің қазақта жақсы сақталған ғой. Мұны мен дәлелдеп, орыс ғалымы әрі менің досым Спиваковтың қолын қойдырып алғаным бар. Ол өзінің біздің Елбасымызға риза екендігін білдіріп, жеке қорынан скрипка тарту етті. Сосын «Скрипка – потомок великого кобыза Деда Коркыт» деген мақала жазды. Расында да, қобыз – ең ежелгі шекті аспап, оның шегін бабаларымыз жылқының қылынан жасаған. Одан кейінгі шекті аспаптар қойдың ішегінен, кейін түріктер металдан жасай бастады. Олардың аспаптарының шиқылдап шығатыны сондықтан. Ал қазіргі кездегі қазақ домбырасының шегі нейлоннан екенін көріп жүрсіздер. Ал Қорқыттың мекендеген жері қазіргі Қызылорда облысының Жаңакент деген жері екендігін мен түріктерге әдейі айтып жүрмін. Бұйырса, алдағы жылдар ішінде сол Қорқыттың жатқан жеріне арнайы мемориалдық кешен салдыруға оғыздардың тікелей ұрпағы түрікмендер, түріктер, гагауыздарды да жұмылдырмақ ниеттемін. Егер солай етсек, әлгі жер туристік орталыққа айналар еді.
– Дағдарыс ұйымдарыңызға қалай әсер етіп жатыр?
– «ТҮРКСОЙ-да» дағдарыс жоқ. Тек бір өкінетінім, жағдай бұдан жақсырақ кезде «ТҮРКСОЙ-ға» көбірек қаржы құйып алу керек еді. Соны кезінде ұйым басшылығы дұрыс пайдаланбаған екен. Қайта қазір қаржы дағдарысы кезінде біздің ұйымның қаржысы үш есеге ұлғайды. Қызметкерлердің санын аздап қысқартып, жалақыларын екі есе өсірдік. Арасында ұйымның құрылғанына он бес жыл толған мерейтойды да атап өттік.
– Сонда бұрын «ТҮРКСОЙ» қызметкерлері қанша жалақы алушы еді, қазір қанша болды, яғни кәсіби мамандардың деңгейі қаншалықты бағаланады және ұйымда барлығы қанша қызметкер жұмыс істейді?
– Мен келгенде ұйымда 31 адам жұмыс істейтін, қазір 24 қызметкер қалды. Мұның сыртында 2-3 қызметкердің орны бос тұр. Әлі күнге баспасөз хатшымыз жоқ. Бұрын ұйымдағы орташа жалақы шамамен 500 доллар болса, бүгінде жалақы өскеннен кейін басқарушы бас мамандар 1200-1400 доллар алса, техникалық қызметкерлердің жалақы көлемі 700 доллар болды. Ал әр елдің өкілдері 2000 АҚШ доллары көлемінде жалақы алады. Олардың пәтерінің, көлігінің және іссапарларының ақысын бөлек төлейміз.
– Қызметіңізден тыс өз өнеріңізге келсек, қат-қабат тіршілікпен жүріп, скрипкаңыз тасада қалып қойған жоқ па?
– Әзірге солай болып тұр. Былтыр мен осы ұйымға бас директор болып сайланған күні Түркияның мәдениет министрі маған айтпай, опера театрының директорына хабарласып, бір скрипка алып келген екен. Сол кезде скрипка тарттым. Ал концерт дайындауға уақыт жетпейді. Іссапарлар өте көп. Қазір жоспарда Сібір халықтарына барып, экспедиция ұйымдастырып, олармен байланыс орнату мәселесі тұр. Алдағы күндері ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ауқымды тұсаукесерін өткізу жоспарлануда. Осы таныстырылым аясында түркі елдерінің ең үздік өнерпаздары «ТҮРКСОЙ» жұлдыздары» атты концерт қойып, түркі әлемі суретшілерінің көрмесін өткізбекшіміз. Сондай-ақ әлемдік деңгейде алғаш рет «Түркі халықтарының дәстүрлі асханасы» атты ас мәзірі фестивалін де ұйымдастырмақ ойдамыз.
Биыл қазақ халқының ғажайып ғашықтық жыры «Қыз Жібек» эпосының тарихына 500 жыл толып отыр. Қазақстан тарапынан осы мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге қатысты жұмыстардың қандай нәтижеге жететініне қарамастан, біз қазақ фольклорының керемет үлгісі – «Қыз Жібек» эпосының құрметіне өз тарапымыздан бірнеше шара ұйымдастырмақпыз. Жетінші рет өткізілетін «ТҮРКСОЙ» ұйымының дәстүрлі опера күндерін бүгінде 75 жылдығын өткізіп жатқан Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы Опера және балет театрының «Қыз Жібек» операсымен бастамақ ойымыз бар. Бұл – бір. Екіншіден, Түркияда «Қыз Жібек» фильмінің күндерін ұйымдастырамыз. Оған кинода басты рөлдерде ойнаған әртістерді шақырмақпыз. Үшіншіден, «Қыз Жібек» эпосын түрік тіліне аударып, кітап етіп бастырып шығармақ ниетіміз де бар. Ал елдегі ағайын да өздеріне тиесілі шаралардан шет қалмаса керек. Жалпы, түркі халықтарының мерекелері Кіші Азияның төрінен бұрын өз бесігінде бастау алғаны зор абырой болар еді.
– Дүйсен аға, арнайы уақыт бөліп, келгеніңізге ұжымның атынан, оқырмандарымыздың атынан үлкен рақмет! Өзіңіз сынды Алаш азаматының үлкен ұйымды ұйытып, түркілік алып ұйымға айналдыруына тілектеспіз!
Ұтқыр ой:
– Мен «ТҮРКСОЙ-ға» басшы болғалы арнайы кездескен бірінші редакциям сіздер болып отырсыздар. Сондықтан мен үшін бұл есте қалатын оқиға болды. Газеттің аты басқаша болғанда, бәлкім, келмес пе едім, бірақ «Алаш айнасы» деп тұрғаннан кейін аттап өтуді өзіме ар санадым. Кейде айнаға да қарап қою керек!