Қонаев сыртқа білдірмей, Құдайға жүрегімен құлшылық етті

Қонаев сыртқа білдірмей, Құдайға жүрегімен құлшылық етті

Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы-журналист, қонаевтанушы, профессор, ҚР мәдениет қайраткері:

– Дінмұхаммед Қонаевтың өмірі мен еңбек жолын ұзақ жылдардан бері зерттеп келесіз. Мемлекетіміздің бір кездегі басшысы, халық ардақтаған тұлға тағылымын қаншалықты танып-біліп жатырмыз?
– Димекеңнің тағылымға толы өмірі таусылмайды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Маған зерттеуші ретінде Қонаевты танып-білдік деп айту қиын. Ол кісі жайлы зерттеген сайын, ол кісіні білетін, көзін көрген ғалымдармен, басқа да зиялылармен әңгімелескен сайын Димекеңнің тұлғалық қасиеттері әр қырынан көріне береді. Димекеңнің тағылымы да, тәрбиесі де, қайраткерлігі де, кемеңгерлігі де, ол кісінің мен жиі айтатын әулиелігі де – барлығы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Жалпы, ол кісі туралы естеліктер мен зерттеулер жиі жазылып жатыр. Ал менің жеке басым үшін Дінмұхаммед Ахметұлы туралы жазу – өте қызықты, керемет бір тылсым дүние. Жыл сайын осы кісінің өзім бұрын-соңды естімеген, білмеген қасиеттері жайлы естіп, қайран қалып отырамын. Қазақстанның Қонаевтың тұсындағы, 1970 жылдан 1985 жыл аралығындағы дамуы – менің көз алдымда. Мен сол жылдары ҚазГУ-да Димекең салдырған қалашықта оқыдым. Содан кейін республикалық газетте жұмыс істедім. Ол кезеңнің экономикалық, әлеуметтік дамуындағы жетістіктерге өзім куәмін. Қазір жазушылар Қонаев дәуірін «әдебиеттің алтын ғасыры» деп атайды. Өйткені Димекеңнің кезінде Нобель сыйлығымен қатар тұратын Лениндік сыйлықты көптеген қаламгерлер алды, Ғабит Мүсірепов Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Руханияттағы осындай жетістіктердің өзі соның бәрін көріп, біліп, бағалап отырған Димекеңе байланысты еді. Мысалы, Ілияс Есенберлиннің 70-жылдары біздің ұлттық санамызды оятқан «Көшпенділер» кітабы, оның ішіндегі «Қаһар» романы тікелей Димекеңнің қолдауымен шықты. Әйтпесе, Кенесары туралы зерттеген ғалымдар сот­талып жатқан кез ғой. Димекеңнің тағылымы дегенде ең алдымен оның жеке басының тағылымын сөз етуге болады. Саяси Бюродағы жалғыз академик те, ең иманды адам да сол болған. Ол кісінің кезіндегі белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлерімен, обком, ауком хатшыларымен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұрамын. Сонда олардың бәрі ол кісінің таза, пәк, кіршіксіз қасиеттеріне бас иеді. Оның кісілігі жайлы ешкім бөтен пікірде болған емес. Бұл да – қай­раткердің біз зерттеп тануымыз қажет тағылымы. Екіншіден, ашық кен өн­діру жөнінде докторлық диссертация қорғаған, техника ғылымының док­торы Димекеңнің ғылымдағы тағы­лымы – өз алдына бөлек әңгіме.
– Жалпы, бізде арыдағы емес, берідегі ірі мемлекеттік қайраткерлер туралы зерттеу ісі қаншалықты жүйелі?
– Қазір мемлекеттік қайраткерлер туралы естеліктер, жасыратыны жоқ, көп жазылып жүр. Бірақ, әрине, олардың ішінде қайраткерлердің жеке басына тереңірек тоқталатыны аз. Көбіне олардың белгілі еңбектері жайлы, әбден танылған қырлары жайлы айтылады. Мәселен, мынадай жылы туып еді, мынадай жерде өсіп, пәлен деген оқу орнын аяқтап еді, оның жетекшілігімен мұнша құрылыс, мұнша зауыт салынды деген сияқты... Сондай-ақ зерттеушілердің көбі тұлғаның кемшіліктерін де айта білмейді. Бір кісінің кемшілігін айтамын деп, екінші бір қайраткермен араға от тастайды. Мұндай жайт халыққа сыйлы болған қайраткер туралы жаңсақ пікірлер­дің қалыптасуына себепші. Айталық, өткенде Бауыржан Момышұлы мен Нұртас Оңдасыновтың арасында бол­­ған болмашы нәрсе үлкен дауға айналып кетті. Міне, қайраткерлер туралы зерттеулерде осындай мәдениет жағы жетіспей жатады. Бірыңғай өсек-аяң мен ауызекі әңгімелерге құрылған естеліктер де бар.
– Сіз – Қонаевтың діндарлығы, аузынан бісмілләсін тастамаған имандылығы жайлы алғаш айтқан адамдардың бірісіз. Айтыңызшы, атеистік көзқарас пен әкімшіл-әміршіл жүйе заманында Дінмұхаммед Ахметұлы діндарлығын жасыруға мәжбүр болған шығар?
– Жақында мен Димекеңнің кітап­ханасында болдым. Онда 5000-дай кітап болған екен, қазір 3000-ға жуығы қалыпты. Сол кітапханадағы тұтас бір бөлім діни әдебиеттерге арналған. Оның ішінен 10 түрлі Құран кітабын көрдім. Олардың біреуі – Сирияда, біреуі Мысырда шыққан. Дінмұхаммед Ахмет­ұлы 70-жылдардың ортасында Кеңес үкіметі делегациясының құ­рамында сол елдерге барғанда, осы елдердің мемлекет басшылары сыйға тартқан екен. Димекеңнің кітапхана­сындағы 1979 жылы Нью-Йоркте орыс тілінде шыққан Құран Кәрім де – ерекше кітап. Қазір осы кітап жайында жеке зерттеу жазуды ойлап жүрмін. Жалпы, Қонаевтар әулеті о бастан діндар болған. Атасы Жұмабай – Меккеге екі рет барған қажы, әжесі Хадиша да – бес уақыт намазын қаза қылмаған инабатты, мейі­рімді ана. Әкесі Меңліахмет Алматы мешітіне жұма сайын баратын, оның мешіттен шығып, көкбазардан қымыз ішіп жүретінін студент кезімізде өзіміз де көрдік. Дінмұхаммед Қонаевтың туғанынан дінге, имандылыққа жақын екенін еститінмін. Кейін қариялардан естіген ауызекі әңгімелер бойынша ол кісінің діндар екенін алғаш жазғаным рас. Димекең бала кезінде Алматыда болған алты мешіттің бірінде сауатын ашқан. Ол Қазан төңкерісіне дейін елде кең тараған Құранның қысқаша нұсқасы – «Әптиекті» тауысқан. Бұл туралы маған бұрынғы бас мүфти Рәтбек қажы Қонаевтың өз аузынан естігендері бойынша айтып берді. Димекеңнің естеліктерін оқып отырсаңыз, «Алла тағала», «Хақ тағала», «пері», «періште», «жын», көбіміз естіп білмеген тағы басқа діни ұғым-сөздер мен мақал-мәтелдерді өте көп кездестіресіз. Оның «қазақ болып туылғаныма Құ­дайға шүкір деймін» деген сөзі бар. Басшылық қызметтегі Қонаевтың дін­дарлығын ауыл ақсақалдары іштей біліп отыратын болған. Сол кезеңнің өзінде оның теледидардан сөйлеген сөздерін естіп, ақсақалдар «мына кісі тегін адам емес, бұл – иманды адам» дейді екен. Ал Димекең 70-жыл­­дардың ортасында араб елдеріне барғанда, мысалы, Мысырға, сол ел­дің өкілдері ол кісінің атын естіп-ақ, «бұл кісінің Алланың сүйген құлы екені Дінмұхаммед деген атынан-ақ білініп тұр» деп ерекше құрмет көрсеткен. Тағы бір қызық дерек айтайын. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің екі азаматы Меккеге Қонаевтың орнына бәдел қажылықты орындап келді. Өйткені Димекең өмірінің соңында қажылық сапар жасауға дайындалып жүрген, бірақ ол мақсатына жете алмай кетті ғой. 1942 жылы Димекең Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болды. Сол кезде теміржол саласын басқару жұмыстары бойынша Алматыдан Қазалыға жиі барып тұруға тура келгенде, жолда ол кісі Түркістанға мін­детті түрде аялдап, Қожа Ахмет Ясау­идің кесенесін көріп кетеді екен. Димекең кесенені асықпай аралап келіп, «құдықтағы судың тереңдігін білейік» деп, құдыққа тиын тастайтын бол­ған. Сол сияқты айналасындағыларға біл­дірмей, шырақшыларға да тиісті са­дақасын тастап кетіп отырған кө­рінеді. 70-жылдары кесенеге Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа Димекең ол тарихи ескерткіш болғандықтан емес, Ясауи әулие болғандықтан, оның тағылымы мен ілімін, әулиелігін халыққа ұғындыру мақсатымен мұрындық болған еді. Ол кісі мұсылмандықтың елімізге оралатынын сезген сияқты. Құранның жүрегі саналатын «Ясин» сүресін ол басынан-аяқ жатқа білген. Бірде Диме­кеңнің әйелі Зуһра Шәріпқызы қайтыс бол­ғаннан кейін туған-туысқандары көңіл айта келеді. Сонда молда болмай қалып, Димекең құранды өзі оқиды. Оны естіген адамдар «аяттарды оқуда ол кісінің өзіндік бір мақамы бар еді» деп еске алатын. Қазір «ол кісінің атеистік кезеңде діндар болуы мүмкін емес еді» деген пікірлер де айтылады. Расында, ол заманда Қонаевқа өзінің дінге сенімін төңірегіндегілерден жа­сыруға тура келді. Көбіне сыртқа білдірмей, Құдайға жүрегімен құл­шылық етті. Рәтбек қажымен болған сұхбатында: «Хазірет, заман солай болды, құдайсыздар дәуірі еді, атеистік сая­сат болды. Бірақ мен өзім жүректе бір Алла деп жүрдім», – деген. Сол кезде Кремльде отырған Брежнев те дархан мінезді, «Құдай» деп сөйлейтін адам еді, Қонаев екеуі имандылығы мен жан жомарттығы жағынан жақын адамдар болатын. Осының да әсері болған шығар деп ойлаймын. Сонымен бірге, негізінде, кеңес өкіметі дінді түгел жоққа шығарған жоқ, оны қажет жағдайда өз саясатына пайдалана да білді. Мысалы, әлемде бейбітшілікті насихаттағаны үшін діндарлар қауымының өкілі болған шіркеу қызметкеріне Лениндік сыйлық берілгені белгілі.
– Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты естелігінде қайраткердің өкініші басым сияқты көрінеді. Қонаев өзінің қайраткерлік ғұмырында діттегеніне жете алды ма?
– Жоқ, меніңше, бұл кітабында Қонаев өткеніне салауат айтады. Әсіресе, өз дәуірінде халық санының үш есе көбейгенін мақтаныш сезіммен жазады. Әрине, естелік кітабында кезінде өз қолымен тұрғызған өндіріс орындарының бірқатарының жекешелендіру жылдары күйреп жатқанына қатты қапаланады да. Бұл рас еді. Біз оны кейін мойындадық. Қонаев осы кітапта қазіргі экономика­лық реформалардың нәтижесін көремін бе, көрмеймін бе деген де ой айтады. Бірақ ойын «Қазақстан бұл тығырықтан шығатынына толық сенімдімін» деп қорытады. Содан кейін және бір арманы болғаны белгілі, ол – Сібір өзендерін Қазақстанға бұруға қол жеткізу. Кезінде КСРО Ғылым Академиясы осы бағытта арнайы ғылыми жобаны қолға алған болатын, бірақ кейін Мәскеу тарапынан тоқтап қалды. Бұл мәселені биыл Елбасымыз Ресейдің алдында тағы көтеріп отыр. Сондай-ақ бұл кітабында Димекең: «Маған Нұрсұлтанның қылшылдаған жастық жігері мен қабілеті ұнады. Бізге болашақта өзі­міздің ізбасарларымызды дайындау керек болатын», – дейді. Демек, ел басқарып жүргенде мемлекет қайрат­кері өзінен кейін тізгінді бүгінгі Елбасымыздың алғанын қалаған. Ал енді бұл кісінің жеке басындағы өкінішке келсек, ол – меніңше, ұрпағының бол­мауы. Қонаев қызметінен кеткеннен кейін ресми Мәскеудегі басшылар­дың жарлықтарымен бұл кісінің еңбегін қаралау үрдісі қолға алынды. Тіпті Қонаевтың еңбегін түгел жоққа шығар­мақшы да болды. Сол кезде жазылған мақалалар мен айтылған мәліметтер көп адамның санасына сіңіп қалды. Зиялы қауымымыздың кейбір өкілдері де сол кездегі саясатпен айтылған пікірлерді әлі күнге дейін өрбітіп жүр. Ал, шындығында, Дінмұхаммед Ахметұлының Қазақ­станды өркендетуге қосқан үлесінің орасан екенін оның халқы жақсы біледі. КСРО көлеміндегі ең үздік монша – «Арасанның» құрылысын алайық. Нысан әлі күнге дейін халықтың игілігіне қызмет етіп отыр. Содан кейін Алматыда жиі болып тұратын селге Димекең тосқауыл қойды. Тәжірибелі ғалым­дардың басын қосып, Медеу шатқалында жарылыс жасап, бөгесін салды. Әдетте ұзақ жылға созылуы тиіс құрылыс аз уақытта аяқталды. Өйткені Қонаев жарылыс арқылы селге қарсы шараның нәтижелі болатынына сенді. Міне, 70-жылдардың ортасынан бері алматылықтардың ұйқысы тыныш. Алматы облысының бірнеше ауданында егіншілікті дамытуға мүмкіндік берген Үлкен Алматы каналы мен шетелдік туристерді тартып отырған Қапшағай суқоймасының салынуы да – ол кісі атқарған үлкен жұмыстардың бірі. Қазақстанның астық пен мұнай державасына айналуы да Қонаев еңбегінің арқасы екені белгілі. 1975 жылы «Қонаев облыстардың санын 20-ға жеткізіп, Қазақстанды жер көлемі бойынша БҰҰ-ға мүше етеді» деген әңгіме шықты. 30 жыл бұрын айтылған осы әңгіменің мән-жайын мен Димекеңнің өмірбаянын зерттеп жүрген кезде белгілі саясаткерлерден сұрадым. Жалпы, әлемдік саясатқа байланысты Саяси Бюрода одақтас республикаларды БҰҰ-ға мүше ету жөнінде мәселе көтеріледі. Осыған байланысты Димекең алдымен Қазақстанды беделді халықаралық ұйымға мүше етудің мүмкіндігін ойлап, өз ниетін білдірген екен. Ол кезде Украина мен Беларусь қана БҰҰ-ға мүше болатын. Димекеңді қарапайым халық әлі құрметтейді, балалары мен немерелеріне ол кісінің атын беруінің өзі – қайраткердің халыққа сыйлы болғанының айғағы.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста