Қойдың жаңа тұқымы – «Етті меринос» қазақ брендіне айналуы тиіс

Қойдың жаңа тұқымы – «Етті меринос» қазақ брендіне айналуы тиіс

Айбын Төреханов, «Микробиология және вирусология институты» РМК ғылыми әзірлемелерді енгізу бөлімінің басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик: 

– Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы – ораза қабыл болсын! Жал­пы, «Мал – адамның бауыр еті» деген қазақ халқы төрт түлік малды ежел­ден қадірлеп, мықтап баптаған. Осы саланың ғалымы ретінде ата­кәсі­біміз – малды өсі­рудегі қойдың артық­шылығына тоқтала отырсаңыз...
– Расында, ата-бабаларымыз мал бағу­дың қыр-сырын жақсы білген. Ең бастысы, малдың анатомиялық ерекшелігін ғылыми деңгейде меңгерген, өйткені ежелден малшы қауым алдымен шүйгін шөпке сиыр жайып, артынан қой немесе жылқы жаюды қолдан­ған. Мұның ғылыми тұрғыдан өзіндік мәнісі бар. Ірі қара мал шөпті тілімен орады, шүйгін­нің басын шалып жейді, көктеуге немесе жайлауға шыққанда соны жайы­лым­да тез қоңданады. Қой немесе жылқы малы жақ сүйектерінің және тістерінің ерек­ше­лік­те­ріне орай, шөпті түбінен тістеп жейді, осын­дай қасиет­теріне байланысты жайы­лым­дағы шөптердің ең көп түрін жей алатын тек қой малы. Исламдағы маңызын айт­па­ғанда, кейде осы қазақ неге қонағына қой сойған, қой етін неге құрмет тұтқан деген сауал туындайды. Медицина пайымына жүгін­сек, қой еті қорғасындай ауыр, сіңім­ділігі баяу деген пікір бар. Менің ойымша, ол кезде ат үстінде үнемі қозғалыста жүрген адам үшін, мүмкін, осындай асықпай қоры­ты­латын тоқ тамақ керек те болған шығар. Қазір адам баласының өмірі кеңсе­лер­де, аясы тар аумақта, қозғалысы баяу тір­шілікпен тығыз бай­ланысты, сондықтан да қой еті ауырлық жасауы мүмкін. Осыған бай­ла­нысты соңғы кездері қой етінің пайдасы қандай деген сауал назардан тыс қалып жүр. Әйтпесе, мысалы, ірі қара мал табиғи жайылымдардағы шөп құрамына байланысты 170-тей шөптің түрін жей алса, қой 400-ден аса шөп түрінің басын шалады. Осындай алуан түрлі, оның ішінде сирек кездесетін шөптерді жеген қой етінің құрамы бөлек болуы тиіс деп санаймын. Көпжылдық жатаған шөптердің басым көпшілігі бұршақтұқымдастар бола­тын­дықтан, оларда ақуыз мөлшері де мо­лы­рақ. Міне, денсаулыққа пайдалы шөптер­ді тек қой ғана көбірек жегендіктен, олардың ет сапасының түзілуіне әсері де бөлек болар. Жалпы, ғылыми зерттеулер негізінде қой етіне қатысты айтар жағымды пікір, ол қой етінің құра­мындағы аминқышқылдарының арақа­ты­насы өте ұтымды қалыптасқаны. Сондықтан да оның дәмі бөлек, құнарлылығы және жұғым­дылығы, әрі ағзаға пайдасы зор. Бұл – біріншіден. Екінші мәселе – қойдың өсімталдығы, табиғаттың қатаң жағдай­ла­рына төзімділігі. Мысалы, жүз қойдан жүз қырық­тан аса қозы өреді, ал сиыр малында жүз басқа шаққанда тоқсаннан аса бұзау алынады. Тағы бір артықшылығы – қойдың өз төлінен көбеюі тез, келесі буын ұрпақ екі жылда жетіледі, ірі қара мал ұрпақтар сабақ­тас­тығы бес жылдың көлемінде жалғасын табады. Яғни қойда ұрпақтар әр екі жылда төл берсе, ірі қара мал­дың өз төлінен көбеюге бес жыл уақыт кетеді. Сондықтан да мал шаруа­шылығын өркен­де­ту­де қой өсірудің тиімділігі жоғары: ірі қара малға қарағанда жұтаң жайылымда да өзіне қажет қорек таба алады, төлдегіш, тез көбейе­ді әрі қойдан алы­на­тын өнім де әр алуан: жүн, ет, сүт өнім­дері т.б.
– Қойдан түрлі өнім алынады дедіңіз. Соның ішінде жеңіл өнеркәсіп үшін аса қажет жүнді алу жағы қалай? Әсіресе биязы жүнді қой шаруашылығының қазір­­гі жағдайы туралы не айтасыз?
– Еліміздің жері бірнеше жағрапиялық бел­деулерде жатыр, оның ішінде табиғи жайы­лымдарымыздың басым көпшілігі шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан. Таби­ғат­тың қатаңдығы өз алдына, жазда аптап ыстық, қыста қарлы боран, аяз дегендей... Осын­дай қиындықтарды өткерген қазақ халқы қатаң табиғи жағдайларға бейімделген жергілікті құйрықты қойлар өсірген. Бұл қойлар қылшық жүнді болды. Кейіннен кеңес дәуірінде, еліміздің табиғатына бейімделген жер­гілікті қойлардың негізінде биязы жүнді қойлар өсірілді. Қазақтың биязы жүнді қойы Кеңес Одағында ең өнімді малдың қатарында болды. Кеңес Одағының ыдырау алдында Қазақстанда 36 миллионнан астам қойдың 22 миллионы биязы жүнді қой болды. Кеңес­тік саясат жеңіл өнеркәсіп саласын дамыта отырып, кластерлік негізде шикізат көзі биязы жүнді қой шаруа­шылығының өркендеуін қолдады. Қазақстанда қой санының ең көп тұсы да осы кез-тұғын. Бұл арада артқа шегініс жасап, биязы жүнді қойдың ғылыми негіз­де­ме­сіне тоқтала кетсем деймін. Қазақстанда алғашқы биязы жүнді қой тұқымы 1946 жылы В.А.Бальмонттың жетекшілігімен апро­ба­ция­дан өтті. Одан кейін отандық ғалымдар 60-70-жылдар кезеңінде оңтүстік қазақ ме­ри­­­носы, қазақтың арқар мериносы, сол­түстік қазақ мериносы тұқымдарын шығар­ды. Бұл біздің жеңіл өнеркәсібіміздің өркендеуіне ықпал еткен бірден-бір фактор болды. Алайда Кеңес Одағы тарады, көптеген өндіріс арасындағы тығыз байланыстар ыдырап, ақыры олар тоқырауға ұшырады. Сол себепті жүнге деген сұраныс азайып, биязы жүннің құны төмен­деді. Жекешелендіру науқаны кезінде қой шаруашылығы құлдырап, оның жүн өндіру бағыты өзгерді. Өйткені ұсақ шаруаларға шығынсыз мал өсіру қажет еді. Сол себепті табиғаттың қатаң жағдайына төзімді көп жыл­ғы халық селекциясының туындысы қылшық жүнді құйрықты қойларды өсіруге басымдық берілді. Ірі шаруашылықтар ыдырап, малды асылдандыру жұмыстары тоқырап, шаруалар істің ыңғайын толық түсіне алмай жатқан 90-жылдарда биязы жүнді қойлардың саны күрт кеміді. Қалай дегенмен де осы тұста әлемдік қой шаруашылығының дамуында да өзгерістер басталды. Заманауи техно­ло­гия­лардың арқасында өзі арзан әрі нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алатын мақтадан немесе жасанды жолмен алынатын жаңа мата­лар шығарыла бастады. Сондықтан да трикотаж саласына негізгі шикізат дайын­дай­тын биязы жүн өндірісі төмендеп, жүн өніміне сұраныс нашарлады. Әлемде қой шаруа­шы­лы­ғындағы басымдық жүн өндірісінен гөрі одан молырақ алынатын ет өндірісіне ауды. Соның салдарынан ең сапалы жақсы биязы жүн өндіретін Австралияда 1980 жылдары 180 миллионнан астам қой болса, қазіргі кез­де жүнге деген сұраныстың азаюына бай­ла­ныс­ты бұл көлем 120 миллионға қысқарған. Австралиялықтар биязы жүнді қой шаруа­шы­лығын сақтап қалу мақсатында биязы жүн беретін, бірақ еттілігі мол бағыттағы қойларға басымдық беріп, осы бағытта австралиялық етті меринос тұқымын шығар­ды. Басты мақсат – нарықта сұранысы бар ет өндірісін дамыту. Осы үрдісті ескерген қазақ­стандық ғалымдар да етті биязы жүнді қой тұқы­мын шығару қажеттілігін ұғынып, жер­гі­лікті қазақтың биязы жүнді қойының негізінде әлемдік селек­цияның үздік жетістіктерін оңтайлы пай­да­лануды қолға алған еді. Соның нәти­же­сінде 2010 жылы ТМД елдеріндегі етті бағыттағы алғашқы «Етті меринос» биязы жүнді қой тұқымы мемлекеттік сынақтан өтіп, жаңа тұқым ретінде мемлекеттік реестрге енгізілді. Ғалымдардың осы бастамасын көре­гендік, ғылымның әрқашан болашақты бол­жай ала­тын әлеуеті десем артық болмас. Өйткені бұл шешімнен бәрі ұтты. Біріншіден, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойы сақта­лып қалды, екіншіден, биязы жүнді қойдың еттілік қасиеті артып, респуб­лика­мыз­дағы мал­дардың тектік қорына етті бағыт­тағы өнім­ділігі жоғары жаңа тұқым қосылды. Шаруа да ұтты: шөл және шөлейт аймақтарға бейім­дел­ген, биязы жүн беретін, өзі төлдегіш, еті мол, қозысы ерте жеті­летін, бордақыласа тез қоң алатын қой өсіріп, табысын арттыруда. Қой­дың етті бағыттағы жаңа тұқымы туралы әңгі­ме өз ал­ды­на бір үлкен тақырып. Бұл арада айта кете­тін жайт, солтүстік көршіміз бұл мәсе­леге бізден кейін ғана бет бұра бастады. Етті мери­нос­тардың жаңа тұқымын шығару жұ­мыс­тары Ресей Федерациясы Ауыл шаруа­шы­лығы министр­лі­гінің бұйрығымен 2010 жылы ғана қолға алынған.
– Демек, қойдың аталған жаңа тұқымы Елбасымыздың мал шаруа­шы­лы­ғы ал­ды­на қойып отырған талабы – етті бағытты қамтып қана қоймай, жеңіл өнер­­кә­сі­бімізге де берері мол болды ғой...
– Жоғарыда атап өткендей, биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы жергілікті қазақтың биязы жүнді қойының тектік әлеуеттілігін ұтымды пайдалана білу жолымен алын­ған, тек селекциялық үрдістерді жедел­дету мақсатында сұрыптау барысында қой ша­руашылығының әлемдік селекциясының үздік генотиптері қолданылды. Бұл – ең бас­тысы.
Биязы жүнді қойлар республикамыздың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, негізінен, шөл және шөлейт аймақтарда кеңінен тара­ған. Қойлар жайылатын жерде жылқы, әсіресе ірі қара мал өсіру қиын. Жақ жүйесінің ерек­ше­ліктеріне байланысты қой төменгі қабаттағы сирек шөптермен қоректенеді және олардың әртүрлі шөптерді жей алу қабі­леттілігі өте жақ­сы. Сондықтан да еліміздің шөл және шөлейт аймақтарында жатқан жайылымдарды игеру тек қой өсіру арқылы жүзеге аспақ. Бұл да ауыз толтырып айтатын артықшылық. Осы орай­да, еліміздің Прези­денті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың агро­өнер­кәсіп кешені қыз­мет­керлерінің фору­мында қой шаруашылығын одан әрі дамыту, орасан зор көлемдегі шөл және шөлейтті жайылымдарды игеру қажеттілігіне назар аударғанын ескерген жөн, бұл – көкейкесті мәселе. Ал, енді замана ағы­мын сараласақ, бүгінгі таңда нарықта жүн емес, етке деген сұраныс басым. Сондықтан рес­публикамызда жайылымдар мен шабын­дық­тардың орна­ласу ерекшеліктерін ескере отырып, шөл, шөлейт және таулы аймақтар да көбіне қой шаруашылығын өркендетуге тиімді болар еді. Нарықта етке деген сұраныс өтімді болған­дықтан, қой шаруашылығын ет өндіру бағы­тын­да дамыту қажеттілікке айналып тұр. Істің түйіні – нарықта өтімді, өндірісте тиімді етті бағыттағы қой өсіру. Міне, осы істі толық игеруге бізде зор мүмкіндік бар: игерілмей жатқан тың жайылымдар, қой өсірудің қыр-сырын білетін малшы қауым және өзі өсімтал, мол ет беретін, сапалы биязы жүні бар, шөл және шөлейт жерлердің табиғи қаталдығына төзім­ді қой түрі жаңадан шығарылған етті ба­ғыт­­тағы биязы жүнді «Етті меринос» тұқы­мы.
Қойдың осы жаңа тұқымының артық­шы­лықтары: біріншіден, еті мол, оның ішінде сапалы еті басым, өйткені ет, негізінен, санын­да, арқа жотасында және қабырғада жинақ­талған. Халықаралық стандарттарға сәйкес, жоғары сапалы ет сан еті, арқа және бел­омыртқа еттері, ал көптеген еуропалық елде қабырға еттері жоғары бағаланады. Етті мериноста қабырға еттері жақсы жетілген. Сонымен бірге жыл бойы жайылым шөп­те­рімен қорек­тен­гендіктен, етінің құнарлылығы мен жұғым­дылығы да жоғары. Бұл – жаңа тұқымның өнімділік артықшылығы. Ал көпте­ген шаруа күтімге көнбіс, жұтаң жайылымда өнім бере алатын, өзі өсімтал әрі өнімді мал өсіруге ұмтылары хақ. Мұндай шаруа малы – қойдың осы жаңа тұқымы. Шаруаға тиім­ділігі өсімтал, жағдайы жақсы кезеңдерде жүз бас аналыққа жүз қырықтан аса қозы береді, қозылардың сақталуы да жоғары, өйткені саулықтардың сүттілігі жақсы. Саулықтар сүтті болғандықтан, қозылардың жетілуі тез, жайлы жылдары 4-4,5 айлық қозылар 35-38 келі салмақты көрсетеді. Сүт емген қозылар күніне 300 гр қосымша тәуліктік салмақ қосса, тоқтылар бордақылауға қойғанда 500 гр салмақ қоса алады. Осындай керемет көрсеткіштер тек осы жаңа тұқымға ғана тән қасиет. Бұл арада оның сыры неде деген заңды сауал туындайды. Мәселе – жоғарыда айтқандай, ғалымдардың байқам­паз­ды­ғында, көрегенділігінде, олар­дың селекцияны жүргізу сырында. Алғашқы кезеңде селек­цио­нер ғалымдар тек етті қойлар­ды сұрып­тады. Еттілікпен қатар, қозы­лар­дың тез жетілуі де ескерілді. Ерінбей жүргізілген сұрыптау және жұптау жұмыстары тез жетілгіш және еттілік қасиеттерді тұқым қуалау деңгейінде бекітуге қол жеткізді. Осы белгілердің тектілік сипатын бекіту мақсатында қосарлы белгілер бойынша сұрыптау да қол­да­нылды. Мысалы, кеңсіріктің даму деңгейінің белгісі. Тұмсығы дөңес, кеңсірігі кең қойларға басымдылық берілді, өйткені олардың жайы­лым­да қозға­луы ширақ, әсіресе шалғай жайы­лымдарға айда­ған­да шалдықпайтын төзімділігі жоғары. Ғылыми тәжірибелер негі­зінде осындай қойлардың салмағы да жоға­ры, жүн беруі де артық екені дәлелденді. Соны­мен қатар экспе­римент нәтижесінде тұм­сығы дөңес, кеңсірігі кең қойлардың тыныс алу органдары, жүрегі, бүйрегі және көк­бауы­рының жақсы дамитыны байқалды. Бұл белгінің көбінесе аталық қошқарлар арқылы берілетіні де анық­талды. Бұл жаңалыққа (авторлары: Т.Қасенов, Қ.Сейтпан) зияткерлік патент алын­ған. Екінші қосарлы белгі – тұяқтың түсі (реңі). Селекция барысында тұяқ­та­ры шұбар немесе ашық түсті қойлардың өнім­ділігі жоға­ры болатыны белгілі болды.
Сондай-ақ сұрыптау барысында ұстанған қатаң талап – тез жетілген еркек қозыларды аталық ретінде туған жылы күйекке қосу. Енесі­нен айырғанда, яғни 4-4,5 айлық жасын­да еркек қозы 50 келі салмақтан жоға­ры болуы алғышарт еді. Осы талап аталық қош­қар­ларды төлінің өнімділігі бойынша бағалау үрдісін екі жылға жеделдетті және тез жетіл­гіш­тік қасиеттің тектік деңгейде тұрақ­та­нуына ықпалын тигізді. Әрине, ерте жетілген тоқты­лардың еттілік қасиеттеріне ерекше назар аударылды. Әсіресе бөксесі кең, арқа жоны жалпақ, кеудесі шалқақ, шоқтығы биік әрі жалпақ қойлардың еттілік белгілері ұрпақтан-ұрпаққа көбіне аталық қошқарлар арқылы жетті. Жұптау үрдісінде саулықтарда орын алған олқылықтарды толтыру үшін осы белгі жақсы дамыған аталықтар таңдалып отырды. Осындай сындарлы селекциялық жұмыс қана еттілігі генетикалық деңгейде тұқым қуалайтын жаңа тұқымның қалып­та­суына ықпал етті.
Егіз немесе үшем саулықтардан туған еркек тоқтыларды сұрыптап алу жұмыстары жаңа тұқымдағы өсімталдық қасиеттің тектік белгі ретінде қалыптасуына әсер етті. Жаңа тұқымды шығарудағы селекция сырлары осы, құпия деп айтсақ артықтау болар, дегенмен жаңашылдығы басым. Жақсы малды сұрыптау арқылы малдың өнімділігін арттыру ол қалып­тас­қан селекциялық үрдіс. Бірақ алдымен тұрпа­тына қарай малды таңдай білу, оған қосар­лы белгілер бойынша бақылау жүргізу, отар­дағы мал­дың се­лек­цияға қажетті (ұнамды тип дейміз) кей­бір белгілері бойынша олқы­лық­тарды түзету үшін жеке жұптау жұмыстарын ұйымдастыру, сонымен қатар аталық малды төл­дерінің өнім­ділігі бойынша сынақтан өткен соң ғана кеңінен күйекке пай­да­лану сияқты қарапайым тәсіл­дер өз дең­гейінде, уа­қы­тымен орындал­ған­дықтан, жет­кен жетістік те нә­ти­желі. Сұ­рып­тау жұмыс­та­рын әр кезеңде ғылыми зерт­теулермен пысық­тап отыр­дық, мыса­лы, ұнам­ды типке жататын малдың жүн өнім­ді­лігімен қатар оның сапасы зерт­­ханада заманауи құрал-жаб­дықтар көмегімен жан-жақты терең зерттелді. Тез жетілгіштігі және еттілігі өз алды­на, осындай етті малдың ет сапа­сы да зертханалық зерттеулермен толық­тырылып отырды. Осындай ғылыми зерттеулер бары­сында жаңа тұқым қойының ұшасында ет көбіне арқасына, беломыртқаға және санына жиналатыны анықталды, соны­мен бірге ең сапалы ет болып саналатын бело­мыртқадағы еттің қалыңдығы осы тұқымға тән өзіндік ерекшелік. Жоғарыда айтып өткендей, кез келген тұқымда селекциялық белгілердің өзгергіштігі және тұрақтылығы қамтамасыз етілу керек. Осындай ұстаным негізінде жаңа тұқым қалыптастыру барысында тұрқы ұзын қойлар бойынша жеке аталықіз қалыптасты. Ең қызығы, егер кәдімгі қойларда қабырға саны 13 болса, тұрқы ұзын аталықіз қойда қабырға саны 14 және бұл ерекшелік тұқым қуалап отыр. Міне, селекцияның құпия сыры осындай. Сонымен қатар басқа да қызықты құпиялары бар, оның барлығына тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жаңа тұқымның артықшылығы жөнінде әңгіме өрбіткендіктен, мақтана айтарымыз, әлемде шөл және шөлейт ай­мақта етті бағыттағы биязы жүнді қойды өсіретін тәжірибе бізде ғана бар. Бұл – қазақ­стан­дық ғалымдардың селекциялық жетістігі және мақтанышы. Осылай деп айтуға толық хақым бар.
– Жақында отандық басылымнан Ғылым және техника саласындағы Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік сый­лы­ғын беру жөніндегі комиссиядан «Етті бағыттағы биязы жүнді қойлардың «Етті меринос» жаңа тұқымын шығару және оны кеңінен таратып өсіру» атты ғылыми еңбектің конкурсқа жіберілгені жөнінде мәліметті көзіміз шалып қалды. Демек, бұл жаңалық бір салаға ғана емес, жалпы, ел экономикасына берер табысы мол деп түйіндеуге бола ма?
– Қазақстан мемлекеті – аграрлық мем­лекет, 272,5 млн гектар жер көлемінің 224,5 млн гектарға жуығы ауыл шаруашылығы өнді­рісіне қолданылады, ал оның ішінде табиғи жайылымдар көлемі 180 млн га-дан астам немесе бүкіл республика жерінің 70 пайыз шама­сында болады. Осы жайылымдарда мал азығы ретінде өсетін шөптесін өсімдіктердің құндылығы жылына 27-30 млн тонна азықтық бірлік шамасында, ақшалай есептегенде 1 млрд АҚШ долларына бағаланатындай мөл­шер­ге жетеді. Міне, аталған сарқылмас байлық көзін тиімді пайдалану еліміз үшін эко­номикалық әлеуеттілікті арттырудың ресурсы болып табылады. Бұған қоса, респуб­лика халқының 47 пайызға жуығы ауылда, яғни осы өңірлерде тіршілік ететінін ескерсек, ұлан-ғайыр алқаптарды алып жатқан табиғи жайылымдарды дайын мал азығы қоры ретінде игерудің ең тиімді жолы – оны мал шаруа­шылығын ғылыми негізделген тұжы­рым­дарға сәйкес өркендету, әр малдан мүмкіндігінше мол, сапалы өнім алу. Мал шаруа­шылығын өркендету сол өңірдегі ауыл адамдарының еңбек етуіне мүмкіндік береді, бұл – әлеуметтік маңызы зор өзекті мәселе. Мал шаруашылығы жұмыс орындарын көп беретін сала әрі өнеркәсіптік технологиялық дамуға бейімділігі де икемді. Қарапайым тілде айтсаң, көпсатылы, яғни кластерлі өнді­ріс болып табылады. Мәселен, мал өсіру өз алдына, одан сапалы ет пен жүн өндіру және басқа да қажетті қосымша ұқсату өнімдерін алу, ол да бір жеке сала. Алынған өнімдерді терең­детіп өңдеу немесе ұқсату барысында олар­дың сақталу жағдайы мен өтімділік касиетін арттыру да бір сала. Осылайша жүйе-жүйесімен жалға­сып кете береді. Сонымен, іс дұрыс ұйым­дас­тырылған жағдайда алыстағы тау қойнауында бағылып жатқан бір отар қойыңыз осындай кластерлік сатылар арқылы қаншама табыс әкеледі, қаншама адамға жұмыс тауып береді. Міне, осы мәселелер әлеу­меттік маңызы зор әрі мал шаруа­шы­лығының әлеуетін ашудағы резервтер көзі десек болады. Осы орайда, республикамыздың табиғи жайылымдары көбіне шөл және шөлейт жерлерде орналасқанын ескерсек, бірінші кезекте осы байлығымызды игеру үшін қой шаруашылығын өркендету тиімді екені түсінікті жайт. Сондықтан да жаңа тұқымның әлеуметтік маңызымен қатар, экономикалық тиімділігі де зор. Әлеуметтік маңызы халықты жұмыспен қамту болса, экономикалық тиім­ділігі осы мал өнімділігінің артық­шы­лығында. Республи­ка­мыз­дың әр өңіріне тән қалыпты жылдары бұл қойлар жыл бойы жайылымда болады да, шығын аз кетеді, есесіне бұл қойдан алынатын өнім мол. Мысалы, әр қойдан 3,5-4,0 келі жуылған жүн алынады, жүнінің ұзындығы – 10-12 см, жіңішкелігі  64-60 сапада. Шаруа­шылық дерек­тері бойын­ша, 4-4,5 айлық еркек тоқтылардың тірілей салмағы – 35-38 келі, ұша салмағы – 18-20 келі. Жаңа тұқымның ет өнімділігі бастапқы қазақтың биязы жүнді қой тұқымынан 15-20 пайызға артық, ұша және жұмсақ ет шығымы 5-7 пайызға көп. Эконо­микалық тұрғыдан қой өсіруге кететін шығын бірдей, ал алынатын өнім көлемі артық, сон­дық­­тан да жаңа тұқымдағы қойды өсірген шаруа­лардың табысы мол, алар пайдасы артық. Алматы облысы шаруашылықтарының деректері бойынша, 4-4,5 айлық қозыларды етке өткізгендегі пайда 7500 теңгені құрайды. «Арай» шаруа қожалығында осындай 500 бас саулықтан 4 млн-нан астам теңге пайда табады. Бұл – бүгінгі таңдағы нарық зама­нын­дағы тұрақты табыс көзі. Ал асылтұқымды қой өсіретін ірі шаруашылықтар, мысалы, Алматы асылтұқымды зауыты әр 4-4,5 айлық қозыны 20 000 теңгеден артық бағаға өткізеді, ал тұқым­дық тоқтыларды 40 000 теңгеден, ісек қошқарларды 60 000 теңгеден, аталық қош­қар­ларды 80 000-100 000 теңгеден сата­ды. Жаңа қой тұқымының берер табысы осын­­дай. Жылдан жылға осы қойға деген сұра­­ныс арту­да, биылғы жылы келіп түскен тап­сы­рыстарды өтеуге тұқым мал басы жетпей отыр.
Жаңа тұқымды селекциялық жетістік ретінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғандағы тағы бір маңыздылығы – осы тұқымды кеңінен таратып өсіру. Ғылыми еңбектерге қойылатын басты талап – ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, яғни ғылыми жұмыстар нәтижесін ком­мерцияландыру. Осындай Үкімет алға қойған талаптардың жарқын көрінісі ретінде жаңадан шыққан «Етті меринос» қой тұқымын айтуға болады. Өйткені бүгінгі таңда жаңа тұқымның өсірілу аумағы кең, Алматы облы­сының Ескелді, Көксу, Талғар және Кербұлақ аудандарының 500 мың қойдың 400 мыңы – етті меринос қойы. Осы аудандарда етті мериностың тұқым малы шоғырланған, ал басқа сегіз ауданында етті мериностың қошқар­ларынан алған будан қой өсірілуде. Соңғы үш жылда етті мериностың қошқарлары Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыс­тарының ірі шаруашылықтарында кеңінен пайдаланылуда. Биылға Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының шаруашылықтары тапсырыс берді. Аталған жаңа тұқымға деген сұраныс шаруа үдесінен шыққаны дәлел. Соны­мен қатар жаңа тұқымның таңдаулы қошқарларынан алынған ұрықтар Ресей Федерациясының асылтұқымды қой шаруа­шылықтарында қолданылуда. Таралым аймағының кеңеюі және негізгі шоғырланған аумағындағы мал басының жеткілікті болуы етті биязы жүнді қойлардың өзіндік тұқыммал базасының қалыптасқанына дәлел. Биыл Қытай мемлекеті келіссөздер жүргізуде. Осы жағынан алғанда, жаңа тұқымның қолдану аясының ұлғаюы біздің мемлекетіміздің мақтанышы емес пе? Болашақта бұл тұқым қазақ брендіне айналуы мүмкін. Қазақ ғылы­мы­ның алдағы алар белесі де осы тұқымды брендке айналдыру. Назар аударатын тағы бір жағдай, селекциялық жұмыстарды жүргізудің үлгісі ретінде Алматы облысының «Жетісу» аймақтық қой өсірушілер одағын айтуға болады. Мұнда ең үздік тұқыммал шаруа­шы­лықтарынан сатып алынған және бір жерге шоғырландырылған аталық қошқарлар шаруа қожалықтарындағы саулықтарды ұрық­­тан­ды­руға пайдаланылып жүр. Осы­лай­ша соңғы жылдары аймақтағы қойлардың сапалық жағынан жақсарып келе жатқаны байқалады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста