Қойдың жаңа тұқымы – «Етті меринос» қазақ брендіне айналуы тиіс
Айбын Төреханов, «Микробиология және вирусология институты» РМК ғылыми әзірлемелерді енгізу бөлімінің басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик:
– Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы – ораза қабыл болсын! Жалпы, «Мал – адамның бауыр еті» деген қазақ халқы төрт түлік малды ежелден қадірлеп, мықтап баптаған. Осы саланың ғалымы ретінде атакәсібіміз – малды өсірудегі қойдың артықшылығына тоқтала отырсаңыз...
– Расында, ата-бабаларымыз мал бағудың қыр-сырын жақсы білген. Ең бастысы, малдың анатомиялық ерекшелігін ғылыми деңгейде меңгерген, өйткені ежелден малшы қауым алдымен шүйгін шөпке сиыр жайып, артынан қой немесе жылқы жаюды қолданған. Мұның ғылыми тұрғыдан өзіндік мәнісі бар. Ірі қара мал шөпті тілімен орады, шүйгіннің басын шалып жейді, көктеуге немесе жайлауға шыққанда соны жайылымда тез қоңданады. Қой немесе жылқы малы жақ сүйектерінің және тістерінің ерекшеліктеріне орай, шөпті түбінен тістеп жейді, осындай қасиеттеріне байланысты жайылымдағы шөптердің ең көп түрін жей алатын тек қой малы. Исламдағы маңызын айтпағанда, кейде осы қазақ неге қонағына қой сойған, қой етін неге құрмет тұтқан деген сауал туындайды. Медицина пайымына жүгінсек, қой еті қорғасындай ауыр, сіңімділігі баяу деген пікір бар. Менің ойымша, ол кезде ат үстінде үнемі қозғалыста жүрген адам үшін, мүмкін, осындай асықпай қорытылатын тоқ тамақ керек те болған шығар. Қазір адам баласының өмірі кеңселерде, аясы тар аумақта, қозғалысы баяу тіршілікпен тығыз байланысты, сондықтан да қой еті ауырлық жасауы мүмкін. Осыған байланысты соңғы кездері қой етінің пайдасы қандай деген сауал назардан тыс қалып жүр. Әйтпесе, мысалы, ірі қара мал табиғи жайылымдардағы шөп құрамына байланысты 170-тей шөптің түрін жей алса, қой 400-ден аса шөп түрінің басын шалады. Осындай алуан түрлі, оның ішінде сирек кездесетін шөптерді жеген қой етінің құрамы бөлек болуы тиіс деп санаймын. Көпжылдық жатаған шөптердің басым көпшілігі бұршақтұқымдастар болатындықтан, оларда ақуыз мөлшері де молырақ. Міне, денсаулыққа пайдалы шөптерді тек қой ғана көбірек жегендіктен, олардың ет сапасының түзілуіне әсері де бөлек болар. Жалпы, ғылыми зерттеулер негізінде қой етіне қатысты айтар жағымды пікір, ол қой етінің құрамындағы аминқышқылдарының арақатынасы өте ұтымды қалыптасқаны. Сондықтан да оның дәмі бөлек, құнарлылығы және жұғымдылығы, әрі ағзаға пайдасы зор. Бұл – біріншіден. Екінші мәселе – қойдың өсімталдығы, табиғаттың қатаң жағдайларына төзімділігі. Мысалы, жүз қойдан жүз қырықтан аса қозы өреді, ал сиыр малында жүз басқа шаққанда тоқсаннан аса бұзау алынады. Тағы бір артықшылығы – қойдың өз төлінен көбеюі тез, келесі буын ұрпақ екі жылда жетіледі, ірі қара мал ұрпақтар сабақтастығы бес жылдың көлемінде жалғасын табады. Яғни қойда ұрпақтар әр екі жылда төл берсе, ірі қара малдың өз төлінен көбеюге бес жыл уақыт кетеді. Сондықтан да мал шаруашылығын өркендетуде қой өсірудің тиімділігі жоғары: ірі қара малға қарағанда жұтаң жайылымда да өзіне қажет қорек таба алады, төлдегіш, тез көбейеді әрі қойдан алынатын өнім де әр алуан: жүн, ет, сүт өнімдері т.б.
– Қойдан түрлі өнім алынады дедіңіз. Соның ішінде жеңіл өнеркәсіп үшін аса қажет жүнді алу жағы қалай? Әсіресе биязы жүнді қой шаруашылығының қазіргі жағдайы туралы не айтасыз?
– Еліміздің жері бірнеше жағрапиялық белдеулерде жатыр, оның ішінде табиғи жайылымдарымыздың басым көпшілігі шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан. Табиғаттың қатаңдығы өз алдына, жазда аптап ыстық, қыста қарлы боран, аяз дегендей... Осындай қиындықтарды өткерген қазақ халқы қатаң табиғи жағдайларға бейімделген жергілікті құйрықты қойлар өсірген. Бұл қойлар қылшық жүнді болды. Кейіннен кеңес дәуірінде, еліміздің табиғатына бейімделген жергілікті қойлардың негізінде биязы жүнді қойлар өсірілді. Қазақтың биязы жүнді қойы Кеңес Одағында ең өнімді малдың қатарында болды. Кеңес Одағының ыдырау алдында Қазақстанда 36 миллионнан астам қойдың 22 миллионы биязы жүнді қой болды. Кеңестік саясат жеңіл өнеркәсіп саласын дамыта отырып, кластерлік негізде шикізат көзі биязы жүнді қой шаруашылығының өркендеуін қолдады. Қазақстанда қой санының ең көп тұсы да осы кез-тұғын. Бұл арада артқа шегініс жасап, биязы жүнді қойдың ғылыми негіздемесіне тоқтала кетсем деймін. Қазақстанда алғашқы биязы жүнді қой тұқымы 1946 жылы В.А.Бальмонттың жетекшілігімен апробациядан өтті. Одан кейін отандық ғалымдар 60-70-жылдар кезеңінде оңтүстік қазақ мериносы, қазақтың арқар мериносы, солтүстік қазақ мериносы тұқымдарын шығарды. Бұл біздің жеңіл өнеркәсібіміздің өркендеуіне ықпал еткен бірден-бір фактор болды. Алайда Кеңес Одағы тарады, көптеген өндіріс арасындағы тығыз байланыстар ыдырап, ақыры олар тоқырауға ұшырады. Сол себепті жүнге деген сұраныс азайып, биязы жүннің құны төмендеді. Жекешелендіру науқаны кезінде қой шаруашылығы құлдырап, оның жүн өндіру бағыты өзгерді. Өйткені ұсақ шаруаларға шығынсыз мал өсіру қажет еді. Сол себепті табиғаттың қатаң жағдайына төзімді көп жылғы халық селекциясының туындысы қылшық жүнді құйрықты қойларды өсіруге басымдық берілді. Ірі шаруашылықтар ыдырап, малды асылдандыру жұмыстары тоқырап, шаруалар істің ыңғайын толық түсіне алмай жатқан 90-жылдарда биязы жүнді қойлардың саны күрт кеміді. Қалай дегенмен де осы тұста әлемдік қой шаруашылығының дамуында да өзгерістер басталды. Заманауи технологиялардың арқасында өзі арзан әрі нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алатын мақтадан немесе жасанды жолмен алынатын жаңа маталар шығарыла бастады. Сондықтан да трикотаж саласына негізгі шикізат дайындайтын биязы жүн өндірісі төмендеп, жүн өніміне сұраныс нашарлады. Әлемде қой шаруашылығындағы басымдық жүн өндірісінен гөрі одан молырақ алынатын ет өндірісіне ауды. Соның салдарынан ең сапалы жақсы биязы жүн өндіретін Австралияда 1980 жылдары 180 миллионнан астам қой болса, қазіргі кезде жүнге деген сұраныстың азаюына байланысты бұл көлем 120 миллионға қысқарған. Австралиялықтар биязы жүнді қой шаруашылығын сақтап қалу мақсатында биязы жүн беретін, бірақ еттілігі мол бағыттағы қойларға басымдық беріп, осы бағытта австралиялық етті меринос тұқымын шығарды. Басты мақсат – нарықта сұранысы бар ет өндірісін дамыту. Осы үрдісті ескерген қазақстандық ғалымдар да етті биязы жүнді қой тұқымын шығару қажеттілігін ұғынып, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойының негізінде әлемдік селекцияның үздік жетістіктерін оңтайлы пайдалануды қолға алған еді. Соның нәтижесінде 2010 жылы ТМД елдеріндегі етті бағыттағы алғашқы «Етті меринос» биязы жүнді қой тұқымы мемлекеттік сынақтан өтіп, жаңа тұқым ретінде мемлекеттік реестрге енгізілді. Ғалымдардың осы бастамасын көрегендік, ғылымның әрқашан болашақты болжай алатын әлеуеті десем артық болмас. Өйткені бұл шешімнен бәрі ұтты. Біріншіден, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойы сақталып қалды, екіншіден, биязы жүнді қойдың еттілік қасиеті артып, республикамыздағы малдардың тектік қорына етті бағыттағы өнімділігі жоғары жаңа тұқым қосылды. Шаруа да ұтты: шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген, биязы жүн беретін, өзі төлдегіш, еті мол, қозысы ерте жетілетін, бордақыласа тез қоң алатын қой өсіріп, табысын арттыруда. Қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы туралы әңгіме өз алдына бір үлкен тақырып. Бұл арада айта кететін жайт, солтүстік көршіміз бұл мәселеге бізден кейін ғана бет бұра бастады. Етті мериностардың жаңа тұқымын шығару жұмыстары Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2010 жылы ғана қолға алынған.
– Демек, қойдың аталған жаңа тұқымы Елбасымыздың мал шаруашылығы алдына қойып отырған талабы – етті бағытты қамтып қана қоймай, жеңіл өнеркәсібімізге де берері мол болды ғой...
– Жоғарыда атап өткендей, биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы жергілікті қазақтың биязы жүнді қойының тектік әлеуеттілігін ұтымды пайдалана білу жолымен алынған, тек селекциялық үрдістерді жеделдету мақсатында сұрыптау барысында қой шаруашылығының әлемдік селекциясының үздік генотиптері қолданылды. Бұл – ең бастысы.
Биязы жүнді қойлар республикамыздың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, негізінен, шөл және шөлейт аймақтарда кеңінен тараған. Қойлар жайылатын жерде жылқы, әсіресе ірі қара мал өсіру қиын. Жақ жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты қой төменгі қабаттағы сирек шөптермен қоректенеді және олардың әртүрлі шөптерді жей алу қабілеттілігі өте жақсы. Сондықтан да еліміздің шөл және шөлейт аймақтарында жатқан жайылымдарды игеру тек қой өсіру арқылы жүзеге аспақ. Бұл да ауыз толтырып айтатын артықшылық. Осы орайда, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында қой шаруашылығын одан әрі дамыту, орасан зор көлемдегі шөл және шөлейтті жайылымдарды игеру қажеттілігіне назар аударғанын ескерген жөн, бұл – көкейкесті мәселе. Ал, енді замана ағымын сараласақ, бүгінгі таңда нарықта жүн емес, етке деген сұраныс басым. Сондықтан республикамызда жайылымдар мен шабындықтардың орналасу ерекшеліктерін ескере отырып, шөл, шөлейт және таулы аймақтар да көбіне қой шаруашылығын өркендетуге тиімді болар еді. Нарықта етке деген сұраныс өтімді болғандықтан, қой шаруашылығын ет өндіру бағытында дамыту қажеттілікке айналып тұр. Істің түйіні – нарықта өтімді, өндірісте тиімді етті бағыттағы қой өсіру. Міне, осы істі толық игеруге бізде зор мүмкіндік бар: игерілмей жатқан тың жайылымдар, қой өсірудің қыр-сырын білетін малшы қауым және өзі өсімтал, мол ет беретін, сапалы биязы жүні бар, шөл және шөлейт жерлердің табиғи қаталдығына төзімді қой түрі жаңадан шығарылған етті бағыттағы биязы жүнді «Етті меринос» тұқымы.
Қойдың осы жаңа тұқымының артықшылықтары: біріншіден, еті мол, оның ішінде сапалы еті басым, өйткені ет, негізінен, санында, арқа жотасында және қабырғада жинақталған. Халықаралық стандарттарға сәйкес, жоғары сапалы ет сан еті, арқа және беломыртқа еттері, ал көптеген еуропалық елде қабырға еттері жоғары бағаланады. Етті мериноста қабырға еттері жақсы жетілген. Сонымен бірге жыл бойы жайылым шөптерімен қоректенгендіктен, етінің құнарлылығы мен жұғымдылығы да жоғары. Бұл – жаңа тұқымның өнімділік артықшылығы. Ал көптеген шаруа күтімге көнбіс, жұтаң жайылымда өнім бере алатын, өзі өсімтал әрі өнімді мал өсіруге ұмтылары хақ. Мұндай шаруа малы – қойдың осы жаңа тұқымы. Шаруаға тиімділігі өсімтал, жағдайы жақсы кезеңдерде жүз бас аналыққа жүз қырықтан аса қозы береді, қозылардың сақталуы да жоғары, өйткені саулықтардың сүттілігі жақсы. Саулықтар сүтті болғандықтан, қозылардың жетілуі тез, жайлы жылдары 4-4,5 айлық қозылар 35-38 келі салмақты көрсетеді. Сүт емген қозылар күніне 300 гр қосымша тәуліктік салмақ қосса, тоқтылар бордақылауға қойғанда 500 гр салмақ қоса алады. Осындай керемет көрсеткіштер тек осы жаңа тұқымға ғана тән қасиет. Бұл арада оның сыры неде деген заңды сауал туындайды. Мәселе – жоғарыда айтқандай, ғалымдардың байқампаздығында, көрегенділігінде, олардың селекцияны жүргізу сырында. Алғашқы кезеңде селекционер ғалымдар тек етті қойларды сұрыптады. Еттілікпен қатар, қозылардың тез жетілуі де ескерілді. Ерінбей жүргізілген сұрыптау және жұптау жұмыстары тез жетілгіш және еттілік қасиеттерді тұқым қуалау деңгейінде бекітуге қол жеткізді. Осы белгілердің тектілік сипатын бекіту мақсатында қосарлы белгілер бойынша сұрыптау да қолданылды. Мысалы, кеңсіріктің даму деңгейінің белгісі. Тұмсығы дөңес, кеңсірігі кең қойларға басымдылық берілді, өйткені олардың жайылымда қозғалуы ширақ, әсіресе шалғай жайылымдарға айдағанда шалдықпайтын төзімділігі жоғары. Ғылыми тәжірибелер негізінде осындай қойлардың салмағы да жоғары, жүн беруі де артық екені дәлелденді. Сонымен қатар эксперимент нәтижесінде тұмсығы дөңес, кеңсірігі кең қойлардың тыныс алу органдары, жүрегі, бүйрегі және көкбауырының жақсы дамитыны байқалды. Бұл белгінің көбінесе аталық қошқарлар арқылы берілетіні де анықталды. Бұл жаңалыққа (авторлары: Т.Қасенов, Қ.Сейтпан) зияткерлік патент алынған. Екінші қосарлы белгі – тұяқтың түсі (реңі). Селекция барысында тұяқтары шұбар немесе ашық түсті қойлардың өнімділігі жоғары болатыны белгілі болды.
Сондай-ақ сұрыптау барысында ұстанған қатаң талап – тез жетілген еркек қозыларды аталық ретінде туған жылы күйекке қосу. Енесінен айырғанда, яғни 4-4,5 айлық жасында еркек қозы 50 келі салмақтан жоғары болуы алғышарт еді. Осы талап аталық қошқарларды төлінің өнімділігі бойынша бағалау үрдісін екі жылға жеделдетті және тез жетілгіштік қасиеттің тектік деңгейде тұрақтануына ықпалын тигізді. Әрине, ерте жетілген тоқтылардың еттілік қасиеттеріне ерекше назар аударылды. Әсіресе бөксесі кең, арқа жоны жалпақ, кеудесі шалқақ, шоқтығы биік әрі жалпақ қойлардың еттілік белгілері ұрпақтан-ұрпаққа көбіне аталық қошқарлар арқылы жетті. Жұптау үрдісінде саулықтарда орын алған олқылықтарды толтыру үшін осы белгі жақсы дамыған аталықтар таңдалып отырды. Осындай сындарлы селекциялық жұмыс қана еттілігі генетикалық деңгейде тұқым қуалайтын жаңа тұқымның қалыптасуына ықпал етті.
Егіз немесе үшем саулықтардан туған еркек тоқтыларды сұрыптап алу жұмыстары жаңа тұқымдағы өсімталдық қасиеттің тектік белгі ретінде қалыптасуына әсер етті. Жаңа тұқымды шығарудағы селекция сырлары осы, құпия деп айтсақ артықтау болар, дегенмен жаңашылдығы басым. Жақсы малды сұрыптау арқылы малдың өнімділігін арттыру ол қалыптасқан селекциялық үрдіс. Бірақ алдымен тұрпатына қарай малды таңдай білу, оған қосарлы белгілер бойынша бақылау жүргізу, отардағы малдың селекцияға қажетті (ұнамды тип дейміз) кейбір белгілері бойынша олқылықтарды түзету үшін жеке жұптау жұмыстарын ұйымдастыру, сонымен қатар аталық малды төлдерінің өнімділігі бойынша сынақтан өткен соң ғана кеңінен күйекке пайдалану сияқты қарапайым тәсілдер өз деңгейінде, уақытымен орындалғандықтан, жеткен жетістік те нәтижелі. Сұрыптау жұмыстарын әр кезеңде ғылыми зерттеулермен пысықтап отырдық, мысалы, ұнамды типке жататын малдың жүн өнімділігімен қатар оның сапасы зертханада заманауи құрал-жабдықтар көмегімен жан-жақты терең зерттелді. Тез жетілгіштігі және еттілігі өз алдына, осындай етті малдың ет сапасы да зертханалық зерттеулермен толықтырылып отырды. Осындай ғылыми зерттеулер барысында жаңа тұқым қойының ұшасында ет көбіне арқасына, беломыртқаға және санына жиналатыны анықталды, сонымен бірге ең сапалы ет болып саналатын беломыртқадағы еттің қалыңдығы осы тұқымға тән өзіндік ерекшелік. Жоғарыда айтып өткендей, кез келген тұқымда селекциялық белгілердің өзгергіштігі және тұрақтылығы қамтамасыз етілу керек. Осындай ұстаным негізінде жаңа тұқым қалыптастыру барысында тұрқы ұзын қойлар бойынша жеке аталықіз қалыптасты. Ең қызығы, егер кәдімгі қойларда қабырға саны 13 болса, тұрқы ұзын аталықіз қойда қабырға саны 14 және бұл ерекшелік тұқым қуалап отыр. Міне, селекцияның құпия сыры осындай. Сонымен қатар басқа да қызықты құпиялары бар, оның барлығына тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жаңа тұқымның артықшылығы жөнінде әңгіме өрбіткендіктен, мақтана айтарымыз, әлемде шөл және шөлейт аймақта етті бағыттағы биязы жүнді қойды өсіретін тәжірибе бізде ғана бар. Бұл – қазақстандық ғалымдардың селекциялық жетістігі және мақтанышы. Осылай деп айтуға толық хақым бар.
– Жақында отандық басылымнан Ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиядан «Етті бағыттағы биязы жүнді қойлардың «Етті меринос» жаңа тұқымын шығару және оны кеңінен таратып өсіру» атты ғылыми еңбектің конкурсқа жіберілгені жөнінде мәліметті көзіміз шалып қалды. Демек, бұл жаңалық бір салаға ғана емес, жалпы, ел экономикасына берер табысы мол деп түйіндеуге бола ма?
– Қазақстан мемлекеті – аграрлық мемлекет, 272,5 млн гектар жер көлемінің 224,5 млн гектарға жуығы ауыл шаруашылығы өндірісіне қолданылады, ал оның ішінде табиғи жайылымдар көлемі 180 млн га-дан астам немесе бүкіл республика жерінің 70 пайыз шамасында болады. Осы жайылымдарда мал азығы ретінде өсетін шөптесін өсімдіктердің құндылығы жылына 27-30 млн тонна азықтық бірлік шамасында, ақшалай есептегенде 1 млрд АҚШ долларына бағаланатындай мөлшерге жетеді. Міне, аталған сарқылмас байлық көзін тиімді пайдалану еліміз үшін экономикалық әлеуеттілікті арттырудың ресурсы болып табылады. Бұған қоса, республика халқының 47 пайызға жуығы ауылда, яғни осы өңірлерде тіршілік ететінін ескерсек, ұлан-ғайыр алқаптарды алып жатқан табиғи жайылымдарды дайын мал азығы қоры ретінде игерудің ең тиімді жолы – оны мал шаруашылығын ғылыми негізделген тұжырымдарға сәйкес өркендету, әр малдан мүмкіндігінше мол, сапалы өнім алу. Мал шаруашылығын өркендету сол өңірдегі ауыл адамдарының еңбек етуіне мүмкіндік береді, бұл – әлеуметтік маңызы зор өзекті мәселе. Мал шаруашылығы жұмыс орындарын көп беретін сала әрі өнеркәсіптік технологиялық дамуға бейімділігі де икемді. Қарапайым тілде айтсаң, көпсатылы, яғни кластерлі өндіріс болып табылады. Мәселен, мал өсіру өз алдына, одан сапалы ет пен жүн өндіру және басқа да қажетті қосымша ұқсату өнімдерін алу, ол да бір жеке сала. Алынған өнімдерді тереңдетіп өңдеу немесе ұқсату барысында олардың сақталу жағдайы мен өтімділік касиетін арттыру да бір сала. Осылайша жүйе-жүйесімен жалғасып кете береді. Сонымен, іс дұрыс ұйымдастырылған жағдайда алыстағы тау қойнауында бағылып жатқан бір отар қойыңыз осындай кластерлік сатылар арқылы қаншама табыс әкеледі, қаншама адамға жұмыс тауып береді. Міне, осы мәселелер әлеуметтік маңызы зор әрі мал шаруашылығының әлеуетін ашудағы резервтер көзі десек болады. Осы орайда, республикамыздың табиғи жайылымдары көбіне шөл және шөлейт жерлерде орналасқанын ескерсек, бірінші кезекте осы байлығымызды игеру үшін қой шаруашылығын өркендету тиімді екені түсінікті жайт. Сондықтан да жаңа тұқымның әлеуметтік маңызымен қатар, экономикалық тиімділігі де зор. Әлеуметтік маңызы халықты жұмыспен қамту болса, экономикалық тиімділігі осы мал өнімділігінің артықшылығында. Республикамыздың әр өңіріне тән қалыпты жылдары бұл қойлар жыл бойы жайылымда болады да, шығын аз кетеді, есесіне бұл қойдан алынатын өнім мол. Мысалы, әр қойдан 3,5-4,0 келі жуылған жүн алынады, жүнінің ұзындығы – 10-12 см, жіңішкелігі 64-60 сапада. Шаруашылық деректері бойынша, 4-4,5 айлық еркек тоқтылардың тірілей салмағы – 35-38 келі, ұша салмағы – 18-20 келі. Жаңа тұқымның ет өнімділігі бастапқы қазақтың биязы жүнді қой тұқымынан 15-20 пайызға артық, ұша және жұмсақ ет шығымы 5-7 пайызға көп. Экономикалық тұрғыдан қой өсіруге кететін шығын бірдей, ал алынатын өнім көлемі артық, сондықтан да жаңа тұқымдағы қойды өсірген шаруалардың табысы мол, алар пайдасы артық. Алматы облысы шаруашылықтарының деректері бойынша, 4-4,5 айлық қозыларды етке өткізгендегі пайда 7500 теңгені құрайды. «Арай» шаруа қожалығында осындай 500 бас саулықтан 4 млн-нан астам теңге пайда табады. Бұл – бүгінгі таңдағы нарық заманындағы тұрақты табыс көзі. Ал асылтұқымды қой өсіретін ірі шаруашылықтар, мысалы, Алматы асылтұқымды зауыты әр 4-4,5 айлық қозыны 20 000 теңгеден артық бағаға өткізеді, ал тұқымдық тоқтыларды 40 000 теңгеден, ісек қошқарларды 60 000 теңгеден, аталық қошқарларды 80 000-100 000 теңгеден сатады. Жаңа қой тұқымының берер табысы осындай. Жылдан жылға осы қойға деген сұраныс артуда, биылғы жылы келіп түскен тапсырыстарды өтеуге тұқым мал басы жетпей отыр.
Жаңа тұқымды селекциялық жетістік ретінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғандағы тағы бір маңыздылығы – осы тұқымды кеңінен таратып өсіру. Ғылыми еңбектерге қойылатын басты талап – ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, яғни ғылыми жұмыстар нәтижесін коммерцияландыру. Осындай Үкімет алға қойған талаптардың жарқын көрінісі ретінде жаңадан шыққан «Етті меринос» қой тұқымын айтуға болады. Өйткені бүгінгі таңда жаңа тұқымның өсірілу аумағы кең, Алматы облысының Ескелді, Көксу, Талғар және Кербұлақ аудандарының 500 мың қойдың 400 мыңы – етті меринос қойы. Осы аудандарда етті мериностың тұқым малы шоғырланған, ал басқа сегіз ауданында етті мериностың қошқарларынан алған будан қой өсірілуде. Соңғы үш жылда етті мериностың қошқарлары Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының ірі шаруашылықтарында кеңінен пайдаланылуда. Биылға Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының шаруашылықтары тапсырыс берді. Аталған жаңа тұқымға деген сұраныс шаруа үдесінен шыққаны дәлел. Сонымен қатар жаңа тұқымның таңдаулы қошқарларынан алынған ұрықтар Ресей Федерациясының асылтұқымды қой шаруашылықтарында қолданылуда. Таралым аймағының кеңеюі және негізгі шоғырланған аумағындағы мал басының жеткілікті болуы етті биязы жүнді қойлардың өзіндік тұқыммал базасының қалыптасқанына дәлел. Биыл Қытай мемлекеті келіссөздер жүргізуде. Осы жағынан алғанда, жаңа тұқымның қолдану аясының ұлғаюы біздің мемлекетіміздің мақтанышы емес пе? Болашақта бұл тұқым қазақ брендіне айналуы мүмкін. Қазақ ғылымының алдағы алар белесі де осы тұқымды брендке айналдыру. Назар аударатын тағы бір жағдай, селекциялық жұмыстарды жүргізудің үлгісі ретінде Алматы облысының «Жетісу» аймақтық қой өсірушілер одағын айтуға болады. Мұнда ең үздік тұқыммал шаруашылықтарынан сатып алынған және бір жерге шоғырландырылған аталық қошқарлар шаруа қожалықтарындағы саулықтарды ұрықтандыруға пайдаланылып жүр. Осылайша соңғы жылдары аймақтағы қойлардың сапалық жағынан жақсарып келе жатқаны байқалады.