Қазіргі жастардың шоу бизнестен хабары болуы керек

Қазіргі жастардың шоу бизнестен хабары болуы керек

Марат ОМАРОВ, әнші, сазгер:

– Кезінде «Анашым» атты әніңіз ана­ларға арналған әнұран ретінде қа­былданғаны рас. Жиын-тойларда әлі күнге дейін айтылады. Ұмытылып қа­лып кететін әндердің қатарынан емес. Соңғы уақытта «Анашым», «Алғашқы махаббат» атты әндеріңізбен деңгей­лес ән шығара алмай жүрсіз бе, әлде ол халыққа жетпей жатыр ма?
– 90-жылдары ата-анаға деген сағы­ныштан шыққан «Анашым», «Әке арма­ны», «Қыз сыны», «Алғашқы махаббат» се­зімнен, махаббаттан туған әндер екені рас. Кейінгі жылдары көптеген әндерім шықты. Меккеге барғанда «Сұлтан Бей­барыс», патриоттық бағыттағы «Шарықта, Қазақстан», «Болашақ Қазақстан» атты ән­дерім дүниеге келді. 2000 жылы Бүкіл­әлемдік композиторлар ассоциациясының мүшесі болдым. Содан бері бірнеше ше­телдік сапарларда болып қайттым. Фран­цияға барғанда «О, Париж» деген ән шық­ты. Астана ауысқанда «Арман қала Аста­на» атты әнім туып, ол менің өмірімдегі де, өнерімдегі де үлкен құбылыс болды. Мил­лениум кезінде Елбасымыз Астанаға ша­қырып, шаңырақ берген соң содан бері мен сонда тұрып жатырмын. Жас талант­тарға дәріс беріп келемін. Айтуыңыз ор­ынды, әрине. Бірнеше әндер тасада қалып қойды. Қазіргі таңда 100-ден аса әнім шық­пай жатыр. Себебі мен Астанаға бар­ған­нан кейін Елбасы «Астананы қалай көте­реміз, экономика жағынан, мәдениет жағынан» деген сауал тастады. Сол үшін мен жас таланттарды, шәкірттерді тәрбие­лейін деп шештім. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, еліміздің әр түкпірінен шыққан жас дарындарды тәрбиелейтін «Талант» атты өнер орталығын аштым. Оны ашу оңай болған жоқ. Бес қабатты үлкен ша­ңы­рақты бітіру де оңай болмады. Өзім Созақ ауданы Шолаққорған ауылынан­мын. Екінші  сыныпта оқып жүргенімде ауы­лы­мызға Шәмші Қалдаяқов келген болатын. Сол шақта «Ана туралы жырын» орындап, батасын алған едім. Сол кісінің «Ауылдан шыққан қа­зақтың қара дома­лақ талантты балала­ры көбейіп жатыр. Соларды оқытатын мек­теп аш­сам ар­маным жоқ» дегені есімде. Сол кісінің көрсеткен жолы ма, батасының арқасы ма, кім білген, Аста­наның қақ тө­рін­де үлкен орталық ашып отырмын. Соған өз қаражатымды салып, жолдаста­рым қол ұшын созып, несие алып деген­дей, бітірдік. Оның ішінде 300 орындық үлкен залы бар. Жуырда амфи­театр ашы­лайын деп жатыр. Жиырма аталым бар: ән, күй, домбыра, форте­пиано, ұлттық ас­паптар, қобыз, скрипка, актер шеберлігі, вокал, би­дің әр жанрлары бар. Сол бо­йынша оқып үйренеді. Негізгі мақсат – ха­лық­аралық байқауларға жас дарындарды алып барып, соларды дәріп­теу. Компози­тор­лар қоғамының мүшесі болғандықтан, шақырулар көптеп түсіп тұрады. Облыс­тардан келген дарын­дарды іріктеп соған апарамыз. Орталығымызда барлығы ақы­лы емес. Бізде мұқтаж балалар көп. Тұр­мы­сы төмен, ата-анасы жоқ балалар да бар. Осы уақытқа дейін жас дарындарды Рим, Париж, Стразбург, Италия, Флорен­ция, Испания, Малайзия, Қытайға алып бар­дым. Өнер орталығымыз 2010 жылы ашылса, оған сонау мұхит асып ашылу салтанатына Марк Дакаскас, Кири Тагава, Оливер Грунер, Дон Дракон сияқты жұл­дыздар қатысты. 2011 жылы Ресейдегі «Ми­нута Славы» бағдарлама­сында қа­зақы әуенді әуелетіп Еркеш Хасен финалға шықты. Ол бүгінде «Айгөлек» бағдарла­масын жүргізеді. 2012 жылы алты жасар Бибімәриям Омарова мұхит асып, Гол­ливудта 55 ел қатысқан байқауда бағы жанып, бас жүлдені алып келді. Жетіс­тік­теріміз көп. Жеңімпаздарымыз да аз емес. Он оқытушымыз, 150-ден астам оқу­ш­ымыз бар. Өз шығармашылы­ғыма келер болсам, биыл өнер жолында өз сүрлеуімді салғаныма 30 жыл толады екен. Содан ойландым, қайдан бастасам екен деп. Алматыдан ба, Астанадан ба деп ойланып жүрген кезімде Мәскеуден Ға­лым Оразбақов деген өкіл – елші ұсыныс жасады. Бейбітшілік пен келісім сарайында 30 жылдық мерейтойлық концертімді өт­кіздім. Ондағы қандастарымыз қазақы ән­дерді сағынады екен, көздеріне жас алып, алғыстарын айтты. Елге келмек ойлары бар. Әндерімнің оларға үлкен ой тастағаны мен үшін үлкен қуаныш, әрине.
– Өнер иелерінің басым бөлігі қазақтың маңдайына біткен арынды да дарынды тұлғаларын үлгі тұтып өс­тім, батасын алып едім деп жатады. Өзіңіз де Шәмшіні үнемі аузыңыздан тастамай айтып жүресіз. «Батаменен ер көгерер...» дегендей, мұнда да үлкен мән болғаны ғой...
– Неге екенін білмеймін, Шәмшінің «Ана туралы жыры» өте қатты ұнайды. «Әлем­нің жарығын сыйладың сен ма­ған...» деген сөздерінде қандай терең мағы­на жатыр... Төртінші сыныпта оқып жүргенімде ауылдан Шымкент қаласына көшіп келдік. Сонда анам маған гармонь сатып әперді. Әкем бір жасымда өмірден өткен. Анамның тәрбиесінде болдым. Әкем де, анам да – сол кісі, мені аялап өсір­ді. «Жеңіс» саябағының қасында тұра­тынбыз. Кішігірім бақшамыз болатын. Сонда оты­рып алып гармоньмен ән айта­тынмын. «Әке туралы әнді» айтып отыр­ғанымда, көршіміз Төкең келіп, басымнан сипап: «Әке туралы ән айтып отырсың, әкеңді сағынған екенсің ғой. Менің де балам осындай ән айтса ғой», – дейтін. Көрші тұр­ған сол кісі ақылын ай­тып, көп демеу бо­латын. Менің өмірімде Шәмшінің атына, Шәмшінің әніне қатысты жағдаят­тар өте көп. Ең алғаш Шәмші Қал­даяқов атындағы филармонияға жұмысқа тұр­дым. Бүкіл республиканы араладым. 1991 жылы тұң­ғыш рет Шәмші Қалдаяқов атын­дағы рес­публикалық байқау өтті. Сонда лауреат атандым. Батаның жөні бір бөлек қой. Расында да, үлкен жетістіктерге жет­кенім ұлы тұлғаның шын ниетімен, ізгі тілегімен берген батасының арқасы да болар. Енді сол кісінің басты арманын, негізгі мақсатын орындау қалған-тын. Яғни қазақтың да­рынды ұландарын өнер жолына даярлау, шәкірт тәрбиелеу. Бүгінде бұл арманды да бағындырдық. Қазақтың маңдайына біт­кен арда ұлының арманы орындалды деп білемін. О баста мектеп саламын-ау деген ойымда да болмаған. Сол кісілердің жол көрсетуі де болар бұл... Жыл өтер, ғасыр өтер, жас таланттарымыз «Марат Ома­ровтың шәкіртіміз» десе нұр үстіне нұр емес пе? Мәселен, Мәскеуге барғанда шә­кіртімнің барлық шығындары менің мой­нымда болды. Қолымнан келгенше көмек­тестім. Сондықтан қазіргі жастар шоу биз­нестен хабары болуы керек. Өнерде жүр­геннен кейін шығын болады, әрине, табыс болмаса тағы қиын. «Шығыс шықса кіріс болар, берекелі ырыс болар» дейді. Шы­ғыс шығады екен деп жан-жаққа шашу емес, әрине, тиянақты түрде бір нәрсені көздеп, соған жұмсау керек. Соңына дейін жеткізіп нүктесін қойып, жемісін жеу. Көп таланттарымыз қазір адасып жүр. Олар­дың көбі өзгенің әнін айтып тойларда жүр. Шәкірттеріме «өзгенің әнін ұрлап айт­па, киелі сахнада халықтың жүрегінен шы­ғатын, ақ пейіл, адал көңілінен орын алатын жолдар ізде. «Әрекет жасасаң, берекет береді» дегендей, жол іздесең әрдайым табасың. Ұстазың болса, жолды таңдасаң жалқауланбасаң болды. Қиын­шы­лықтар болады, әрине, әр нәрсенің өз қиындығы болады. Онсыз ләззат ала ал­май­сың. Жолын тауып, сол қиындық­тарды жеңе білген, төзе білген адам ғана өз ор­нын таба алады» деп айтып оты­рамын.
– Өнер орталығына жас таланттар­ды қабылдауда қандай да бір ереже бар ма?
– Дұрыс айтасыз, мен Малайзияға бар­ғанда «Айком интернешнл колледж оф мюзик» атты өнер орталығында тәжі­ри­бе алмастым. Мұнда әлемнің әр түк­пі­рінен дарынды балалар жиналады екен. Бала ән айта ма, оған шектеу қоймайды. Оқуға қабылданғаннан соң бір айдан кейін әр бала өзінен де мықты әншілер бар екенін мойындап, түсініп, басқа маман­дықты таңдай бас­тайды. Басқа тума та­лант­тарды көріп ой­лана бастайды. Дизай­нер, стилистер сияқ­ты басқа мамандықты таңдайды. Өзінің мүмкіндігін баланың өзі саралағаны дұрыс. Тек дұрыстап бағыттай білу керек. Сол сияқты балаларға таңдауға мүмкіндік беру керек. Үкімет көмектесіп жатса, ин­тер­нат ашу жоспарымызда бар. Бірақ оған қаржы бөлінбейді. Қаржы бө­лін­се, тәуелді боп қаласың. Ертеңгі күні заман қалай болады, оған денсаулық ке­рек, күш-қуат керек дегендей. Халықара­лық байқау­ларға қатысу міндетті түрде қа­лады. Оған апа­рып-әкелу менің мой­ным­да. Ал колледж боп құрылуына оған мем­лекеттен қаржы бөлінуі керек. Онсыз бол­майды. Заманға сай техникалық құ­ралдар, көп қаржы қажет. Менің міндетім – жас­тар­ды өнерге баулу. Ән айтатын болса, мен оған «ән жазып байқап көр, компо­зитор болуың мүмкін» деп соған жағдай жасай­мын. Кейбіреулерде тума талант болады, енді бірінен шықпай жатады. Оқу ақысыз болмайды. Оқыту­шылар да бала-шағасын асырауы керек. Нәпақасын дұ­рыстап бер­уім керек. Бала­лардың кейбі­реулеріне же­ңілдіктер қа­растырылған. Бір ай тегін дәріс беріп, қалған уақытына ходатайство бере­міз. Негізі, қоғамдық қорымыз бар. Ұлттық ком­панияларға дарынды шәкірттерімізге қолдау көрсетіңіз деп өтініш хат жібереміз.
– Дарынды балаларды көтеріп, кө­мектесіп жатырсыз, өзіңізге қандай да бір пайда бар ма?
– Пайдасы керемет деп айта алмай­мын. Жоқ десем де болады. Алматыдағы сияқты коммерцияға айналдырамыз ба деп ойлағанмын. Сөйтсем, талантты бала­лардың жағдайы жоқ, талантсыздардың ақшасы болғанымен, бір-екі ай оқиды да, кетіп қалады. Табыс көзі деп айта алмай­мын. Бірінші қабатта мейрамханамыз бар. Сол сәл де болса табыс табады. Ол жерде кешке жақын вокалды аспапты ансамбль­мен жанды дауыста ән айтып, өз өнерлерін көрсетеді. Күндіз балаларға өте арзан бағада тамақ береміз. Кешке дәмхана ре­тінде жұмыс істейді. Сол арқылы шы­ғын­дарды жауып отырамыз. Негізі, бұл жұ­мы­сымды сауап ретінде істеп жатқан жайым бар. Өзім де кезінде талай жанның жақсы­лығын көрдім. Шымкенттегі Металлургтер сарайында Леванти деген кісі гитарадан дәріс беретін. Айына 13 сом төлейтінбіз. Жап-жақсы үйрендім. Төртінші айда ақша болмай қалды. Содан оқытушыма «Влади­мир Борисович, кешіріңіз, оқуымды жал­ғастыра алмаймын. Отбасылық жағ­да­йыма байланысты қаржы жағы қиын бо­лып тұр...» дедім. Сонда ол: «Марат, мен бес айдан кейін Белоруссияға кетіп бара жатырмын. Сен балалардың ішіндегі та­лант­тысысың. Бес ай оқы. Сосын ол саған өмір бойғы наның болады. Тегін оқи бер» деп үлкен жүрекпен көмек берді. Соның арқасында кәсіби маман болып шықтым. Сол есімнен кетпейді. Сондай жандардың жақсылығын көргеннен кейін өзің де бі­реу­ге көмек бергің кеп, демеу болғың ке­леді. Алсам деп емес, халыққа берсем екен деп ойлау керек. Істеген ісің біреуге ой салып, жүрегіне жылу сыйласа – сауап­тың үлкені сол. Қалғаны өз психоло­гия­сына байланыс­ты. Мәселен, сізге миллион дол­лар берсе не істейсіз? Оны жарата білу де өнер. Әр нәрсенің өзінің жауапкершілігі, салмағы болуы керек. Соңғы әлетте маз­мұнды да, мәнді де әндер азайып бара жат­қанын байқайсыз. Батыстың әуеніне са­лады, бірақ ұлттық нақышты жоғалтпау керек. Онсыз біз ешқайда шыға алмаймыз. Көп­теген шет мемлекетте болдым. Күй­сандық­та ойнап, қазақи әндерді айтқанда тамсан­баған жан жоқ. Әлде де болса бір адамның жарып шығуына себепші болсақ деген тілектеміз, мен үшін өмір сонысымен қызық.
– Бүгінде «три в одном», яғни өзі ақын, өзі әнші, өзі сазгерлер көбейіп кетті. Бүгінгі шыққан әндері ертең-ақ ұмытылады. Ал­дыңғы толқын аға­ларға өкпеңіз жоқ шы­ғар, ал кейінгі толқынға қандай сын айта­сыз?
– Мен пәленшеге өкпелеймін деп айта алмаймын. Себебі заманауи стильдері бас­қа. Ұлттық нақышты жоғалтпау керек. Заманға сай жанрларды іздеу керек, табу керек. Мақам біреу-ақ болып қалды ғой қазір. Бір ғана тақс-тұқыс, бір ғана аккорд. Бұрындары филармонияда дәріс алған кезімізде бәрін ежіктеп, талдап тұрып үй­ре­тетін. Стильдің өзі әртүрлі болып бөлі­неді, сол стильдің өзі жоқ қазір. Компо­зи­тор деген атақтың өзін тым арзандатып жібереді. Мамандығы жоқ. Көп ізденбейді. Білім алмаған. Жай әншейін той-думанда жүріп жұлдыз болғысы келеді. Астанаға барғанда бір тойда «синтезатор бар ма, ойнап ән айтайын» дегенімде, «е, оның не керегі бар, бізге екі колонка сатып әперген, дискіні қоямын, басқасының керегі жоқ. Тойдың иесі ақшасын төлесе болды» дей­ді. «Бұл өнер ғой...» десең түсінбейді. Оны тек табыс табу ғана деп біледі. Ақша түсірсе болғаны. «Ертеңгі күні Халық әртісі келіп жанды дауыста ән айтам десе не істейсің?» десең, «ол – өздерінің шаруасы, маған ештеңе керек емес, ақша төлесе болды» деп қарап отыр. Астананың өзінде жүрген кейбіреулердің түсінігі осындай. Жаман­дағаным емес, Астананың мента­литеті мүл­дем бөлек. Түсіндіру қиын... Жастар­дың ізденісіне байланысты. Көп ізденіп, бір шығарманы 20-30 жыл ұмытпайтындай етіп шығарса сол нағыз шедевр болмақ. Нұрғиса Тілендиев: «Он болмаса 100 ән шығарайын, бірақ бір-екі әнім халықтың жүрегінде қалса, одан басқа бақыттың керегі жоқ» деп айтып еді баяғыда... Ор­талыққа келгендерге ән айтпасаң, ән жа­зып көр деймін. Біреулері болсам бола са­лайыншы деп байқап көреді, бірақ шық­пайды. «Сен өзіңді өнерде сүйме, өнер­­ді өзіңдей сүй. Ішіңде сүй, сонда бір­деңе шығады» деймін. Оңайлықпен еш­теңе өз-өзінен келмейді. Байқауларға қаты­су керек. Жеңілістің де дәмін тату ке­рек. Басқа қарсыластарыңның мықты­лы­ғын мойын­дау керек. Адам сөйте-сөйте піседі. Сынды қабылдай білу керек. Қа­те­ліктер жібер­меуге тырысып, оны жеңе білу керек.
– Кезінде Шәмшінің өзіне де көп­теген сын айтылған «әндері бір сарын­ды» деген сияқты. Бірақ оның әндерін сүйген халық бәрін аршып алды, ақтап алды... Өзіңізде де бірсарындылыққа ұрынып қалам-ау деген қорқыныш жоқ па?
– Кезінде Шәмшіні «Вальс королі» деп бекер айтпаған ғой. Ол кісіде вальстің стилі бар-тұғын. Свинг, факстрот, джаз, рок, попса, көптеген стильдер бар. Оны бір­сарындылыққа келтіре алмайсың, көбі қазақилыққа келе бермейді. Қа­зақы колоритке ыңғайластырса да келе бер­мейді. Ыңғайластырып қазақы шыға­ру­ға тырысасың. Әртүрлі мақамдар жал­ға­сын тауып жатады.
– Шығармашылық тоқырауға жиі ұшырайсыз ба?
– Уақытымның басым бөлігі жастарды тәрбиелеуге кетіп қалады. Оларды дәріп­теу, соларды шығару оңай шаруа емес. Ер­теңгі күні «Марат Омаровқа барып едім, қабылдамады» десе жақсы ма, ренжіп кетпесін дейсің. Шәкірт тәрбиелеу де оңай жұмыс емес, «инемен құдық қазғандай» дер едім оны да. Мына жақта әнің пісіп жатады. Шықпай жүреді сосын. Ана жақта жұмысың күйіп жатады. Сосын қойшы, ер­тең қараймын ғой дейсің. Оңай емес. Бір­қатар елдер шақырып жатыр. Бұл еңбегім­ді бағалағаны болар. Сондықтан қазір шы­ғар­машылығымды қолға алғалы жатыр­мын. Бұл – үлкен жауапкершілігі бар, ха­лық­қа керек дүние. Мәскеудегі концертте ерлі-зайыптылар қазақи әндерді тыңдап отырып, «не істеп жүрміз мұнда?» деп елге деген сағыныштары оянды. Бұл өнердің, әннің қасиеті емес пе? Қазір үл­кен халық­аралық жоба ойластырып жа­тыр­мыз. Қа­за­қы әндерді үйрету, қазақтың бар екенін дәріптеу – бізге парыз.
– Өнер адамдарының «мен, мен» деп менмендікке ұрынғанын құптай­сыз ба?
– Мәселен, халықтың сүйіспеншілігіне, қошаметіне бөленген Шәмші өте қарапа­йым адам болған. Менде тәкәппарлық жоқ. Мәселен, менің қаншама атақтарым бар. Егер сон­дай атақты басқа біреу ие­лен­се басқаша болар ма еді. Еліміз бо­йынша Бүкіләлемдік композиторлар ассо­циация­сының мүшесі жалғыз мен ғана­мын. Халықаралық жеке­мен­шік өнер ор­та­лы­ғын ашқан ешкім жоқ, бәрі арендада отыр. Таланттысың ба – көр­сет, дәлелде. Ішіңде бір нәрсе болса, жанып тұрсаң – көрсет, өнерге он қадам аттасаң ол саған жақындайды. Адам өзіне жол салуы керек.
– Өзіңізді мақтаншақ, даңғой­лар­дың қатарына қоспайсыз ғой...
– Жоқ, қоспаймын. Көпшілік «қарапа­йым­сыз» дейді. 1987 жылы «Жігер» фес­ти­валі­нің лауреаты болдым. Қазақстан Ком­пози­торлар одағы съезінің делегаты болдым, 1989 жылы Қырғызстанда өткен фести­валь­дің бас жүлдесін иелендім. 90-жылы Бұхарада өткен халықаралық фес­тивальда жүлдегер атандым. 1991 жылы Алма­ты­да шығармашылық кеш өткіздім. Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңір­ген әртісі атандым. Қазақстан Жастар ода­ғы сый­лығының лауреатымын. «Түркі әле­мі­нің санатшысы» деген атағым бар. Каир­да «Сұлтан Бейбарыс» әнімен бас жүл­де алдым. БҰҰ-ның мүшесі бол­дым. «Құр­мет» орденінің иегері, «Тіл жан­а­шыры­мын». Шүкір деймін. Мен­мендікке бару қажет емес.
– «Иллаһи әнге ден қойып жүрмін» депсіз...
– Иллаһи деген – адамды иманды­лық­қа бұратын дүние. Жастарды иман­ды­лық­қа үйрету қажет. Өйткені иман­сыздың жолы түзу болмайды. Иллаһи адам­ның жүрегіне құйылмаса оңай емес. Бұл – имандылыққа шақы­ратын сала­уат­ты ән­дер. Бірақ фанатик болмау керек. Дінге қат­ты беріліп, фанатқа айналу өте қауіпті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста