Қазіргі шенеуніктердің жеп отырған наны ғылымның наны деп есептеймін
Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті, академик, химия ғылымының докторы, профессор:
– Әңгімеміздің әлқиссасын білім-ғылым және инновациялық жобалар төңірегіндегі өзекті мәселелерден бастасақ. Еліміздегі білім-ғылым және инновациялық жобалардың қазіргі дамуына көңіліңіз тола ма?
– Кеңес үкіметі тұсында ТМД елдерінде ғылым саласы қарқынды дамыды. Ғылымның дамуы жағынан Қазақстан Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрды. Ол кезде Кеңес Одағы ғылымы дүние жүзінде бірінші орында тұрғанын ескерсек, Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында үшінші орынға шығуы айтарлықтай жетістік болатын. Біз Белоруссия, Прибалтика, Кавказ, Орталық Азия елдерінің ғылымын басып оздық. Алайда еліміздегі ғылым мен инвестиция шоғырланған ірі зауыттардың барлығы Қазақстанға емес, Мәскеуге бағынатын. Мәселен, Шымкент қорғасын зауыты, фосфор зауыты, Жамбыл облысындағы фосфор зауыттары, Өскемендегі титан-магний комбинаты, мырыш-қорғасын комбинаты, Павлодардың алюминий зауыты, трактор зауыты, Теміртаудағы болат шығаратын Карметкомбинаты – бәрі де Мәскеудің ықпалында болды. Ол зауыттардың ішіндегі зертханалар кәдімгі ғылыми-зерттеу институты секілді жұмыс істеді. Олардың материалдық-техникалық базасы, онда істейтін ғалымдардың айлық-жалақысы өте жоғары болатын. Сондықтан ол кезде ғылыми жұмыстар қарқынды жүрді. Ал ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдар олармен бірлесіп жұмыс істейтін. Осылайша егер жақсы ғылыми жобалар болса, оны бірлесе отырып өндіріске енгізетін.
Кеңес үкіметі құлаған соң мұның бәрі құлдырады. Мәскеу қажетті қаржыны аудармай, зауыттардағы мыңдаған жұмысшы қысқартылды. Ірі зауыт-фабрикалар шетелдік инвесторларға, жекеменшікке өтіп кетті. Қазір елімізде шетелдік компаниялар иелік етіп отырған өндіріс орындары жақсы жұмыс істеп тұр. Ал жекеменшікке өткен кейбір зауыттар «шықпа, жаным, шықпамен» күндерін зорға көріп отыр. Міне, жоғарыда аты аталған өндіріс орындарының барлығы – инновацияны, ғылымды қажет ететін нысандар.
Біз Қазақстанда жоқ затты зерттей алмаймыз. Бірақ барының өзін зерттеп, ғылым мен өндірісті ұштастыра алып отырғанымыз шамалы. Ал АҚШ ғылымның барлық түрін зерттейді, өздерінде жоқ болса да, оны тауып, ғылыммен дамытуға тырысады. Ресейде кезінде осылай болатын. Себебі олар бай мемлекеттер. Одан ертең пайда түсе ме, түспей ме – ол маңызды емес, ең бастысы, осы арқылы адамзаттың білімін жоғарылатуға тырысып отыр. Сол үшін олар ғылымнан қаржысын аяп отырған жоқ. Ал Қазақстанда бұлай жұмыс жасауға қаражат жетпейді. Сондықтан біз секілді жас мемлекеттер өздерінде қандай өндіріс орындары бар, оларды тиімді дамыту үшін не істеу керек, осы жағын басшылыққа алады.
Бізде кезінде геология ғылымы жақсы дамыды. Оны академик Қаныш Сәтбаевтың өзі басқарып, геологиялық-барлау жұмыстарының тиімділігін шұғыл көтеруге мүмкіндік жасады. Осылайша ол Қазақстан экономикасын көтеруге, оның ғылыми-техникалық әлеуетін кеңейтуге әрі жаңартуға, отандық зерттеушілердің жас кадрларын тәрбиелеуге мол еңбек сіңірді. Бұдан кейін елімізде тау-кен істері ғылымы көтерілді. Оны аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев басқарып, Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі түсті металлургия саласын жоғары деңгейде дамытты. Бүкіл одақ көлемінде мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70 пайызынан астамы, мырыштың 40 пайызынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Одан кейін металлургия саласы да қарқынды дамыды. Мұның барлығы ғылым дамуының бастамасы болды.
Жерасты байлықтары: мұнай, темір, мыс, алмас, уран т.б. неше түрлі пайдалы қазбаларды ғалымдарымыз зерттеп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосты. Қазір кейбір шенеуніктер бұл байлықтың бізге қалай келгендігін білмейді. Бұл ретте ғалымдарымыз қандай қиындықты бастан өткергенін сезбейді. Қақаған суықта, шіліңгір ыстықта ғалымдар талмай еңбек етті. Осыны түсінбейтін кейбір шенеуніктер қазір «ғылым ештеме бермейді, бәрін шетелден сатып ала саламыз» дейді. Ғылым елімізге пайда келтірмесе, осындай жетістікке жете алар ма едік? Жоқ! Қазіргі шенеуніктердің жеп отырған наны ғылымның наны деп есептеймін. Сондықтан бұл салаға немқұрайдылықпен қарамай, жанашырлықпен, шын көңілмен қолдау білдіруге тиіспіз. Ғылым саласын бұрынғы деңгейге қайта көтеруіміз қажет.
Қазір ғылым саласының қаншалықты дамып келе жатқанын білетін бір-ақ тәсіл бар. Әлем елдері қай мемлекет ғылымға қанша қаражат бөлді, осы арқылы ғылымның дамуын пайымдап отырады. Мәселен, Еуропада ғылымды қаржыландыруға жұмсалатын қаражат жалпы ішкі өнімнің үш пайызын құрайды. Ал АҚШ 2,5 пайыздық деңгейге жеткізіп отыр. Олар ғылымға жылына 450 млрд доллар бөледі. Барлық ел жиналып, ғылымға қаражат құйса да, бір Американың деңгейіне жеткізе алмауда. Себебі АҚШ – өте бай мемлекет. АҚШ-тың бір штатының жылдық бюджеті бүкіл Ресейдің бюджетінен көп. Ал оларда 49 штат бар. Енді есебіне жете беріңіз. Біз АҚШ құлайды, доллар құлдырайды деп отырмыз. Оның бәрі – өтірік. Соншама байлықпен олардың дағдарысқа ұшырауы мүмкін емес. Оның үстіне, Америка жер астындағы байлығына әлі тиген жоқ. Мұнай, газ, қазба байлықтардың барлығын өзге елдерден алып отыр. Сондықтан АҚШ әлі де бай мемлекет болып қала бермек.
Шүкір деп айтайық, бізде де ғылым дамып келеді. 2000 жылмен салыстырғанда қазір ғылымға бөлінетін қаржы 10 есеге өсті. Бүгінде еліміздің ғылымына мемлекеттен жыл сайын 51 млрд теңге бөлінеді. Бұл біздің жалпы ішкі өніміміздің 0,5 пайызын құрап отыр. Кезінде 0,1 пайызға, тіпті 0,05пайызға төмендеген болатынбыз. Біртіндеп өсіп келеді. Баяғыда ТМД мемлекеттері арасында ғылымның дамуы жағынан үшінші орында тұрған ел үшін, қазір бестікке де кірер-кірмес болып отырғанымыз өкінішті, әрине. Алайда ғылымға деген қолдау жыл өткен сайын жақсара беретін болса, онда бұл саланы бұрынғы деңгейге көтеруге мүмкіндігіміз жетеді.
– Қазір бізде қалталы адамдар көп. Енді неге олардың қаржысын өнертапқыштардың жобасына пайдаланбасқа? Мүмкін, үлкен ғылыми жобаларға қаржы салғысы келген кәсіпкерлерге мемлекет жеңілдік жасауы керек шығар?
– Мен оның құпиясын айтайын. АҚШ-та үлкен компаниялар табысының бір пайызын қайырымдылыққа жұмсамаса, оларға ірі көлемде айыппұл салынады. Сондықтан олар әлеуметтік салаға міндетті түрде көмек береді. Бұл олардың мырзалығынан емес, заң солай. Ал бізде ондай заң жоқ. Біздің байлар байыған сайын байи түссем дейді. Ешкімге ештеме бергісі келмейді. Әрине, олардың арасында да ауылда өскен, тәрбие көрген кәсіпкерлер әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендерге қайырымдылық көмектерін беріп жатады. Қалай десек те, біз осылай заңдық тұрғыдан қатал талап қоюымыз керек.
– Шынында да, қазір бізде ірі зауыт-фабрикалардың басым көпшілігі – жекеменшіктің немесе шетелдік инвесторлардың иелігінде. Сонда сіздің сөзіңізден түсінгеніміз, олардың ғылыммен бірлесіп жұмыс істеуін міндеттейтін заң керек пе?
– Әрине, керек. Онсыз болмайды. Қазір шетелдік инвесторлар біздің сөзімізді тыңдамайды, елемейді де. Өйткені олар Тәуелсіздіктің басында келісімшартқа қол қояр кезде барлығын өздеріне ыңғайлы етіп жасап алған. Олар мұның арты осындай мәселеге ұрындыратынын алдын ала біліп, біздің жас мемлекет құрып отырғанымызды пайдаланып, білгенін істеп отыр. Енді келісімшартты өзгертейін десең, олар шалқасынан түседі. Сенімсіз серіктес деп халықаралық аренада Қазақстанның беделін түсіреді. Одан кейін бізге ешқандай инвестор келмей қояды.
Бірақ біз ғалымдармен бірлесе отырып, мұның басқа жолын таптық. Бұл ретте экология жөнінде халықаралық хартия бар, онда «кез келген өндіріс орны ғалымдардың тапқан экологияны ластамайтын жаңалығын енгізуге міндетті» деп жазылған. Себебі зауыт өзіңдікі болғанымен, ол оның айналасында тұратын халыққа зияны тимеуі қажет. Халықты улауға ешкімнің құқы жоқ. Сондықтан егер Қазақстанның бір ғалымы шетелдіктердің иелігіндегі өндіріс орнына экологияны ластамайтын жобаны алып келіп дәлелдесе, олар оны енгізуге міндетті. Өйткені олар халықаралық хартияға қол қойған. Біз осы негізді пайдаланып, әрекет етуіміз керек. Бірақ, өкінішке қарай, мұны да тиісті деңгейде атқара алып отырғанымыз жоқ. Себебі шетелдік компаниялардың жұмысын қадағалап отыратын біздің өкілдеріміздің балалары, келіндері, ағайын-туыстары сол жерде жұмыс істеп, жалақы алып отыр. Одан кейін оларға қарсы ол не айта алады? Сондықтан мұндай жерге жаны, ары, қолы таза адамдарды жіберу керек. Болмаса онда отыратын басшылықты екі-үш жыл сайын өзгертіп отырғанымыз жөн. Дегенмен біз мұның ешқайсысын да істеп отырғанымыз жоқ. Осыдан кейін біз қайтып шетелдік компаниялардың өз мүддемізге сай жұмыс істеуін қадағаламақпыз?
Десек те, біз бәрібір олардың бетін сәл де болса бері қарай бұрдық. Бірлескен жиналыс-конференцияларда экологиялық талаптарды ешкімнің бұзуға құқы жоқ екендігін айтып, халықаралық хартия заңдылығын естеріне салып отырдық. Олар мұны естісе жаны қалмайды. Себебі халықаралық заң бойынша оларды біз жеңіп шығатынымызды жақсы біледі. Сондықтан олар әлеуметтік жағдайды жақсартамыз деп жол, көпір тұрғызып, жетім-жесірлерге көмек беруде. Бірақ оны да жеткілікті дәрежеде қадағалап отырған жоқпыз. Мысалы, жолды 1 млн-ға салса, оған 5 млн кетті деп жазады. Көпірді 2 млн-ға салса, оны 10 млн-ға тұрғыздық дей салады. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Ал оның бәрінің қайтарымын олар он-жүз еселеп өндіріп алады. Сондықтан олармен бірлесіп жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен шетелдік инвесторларды ғылыми жобаларды енгізуге үгіттеуіміз қажет.
– Сіз бір сөзіңізде «АҚШ-та толық жаңалық немесе практикалық пайда келтіре алмаған ғалымды қуып шығады. Себебі онда профессорлық атақ ғылыми жаңалық ашқаны үшін, жетістіктері үшін ғана беріледі» депсіз. Мүмкін, бізде де ғылыми жаңалық ашып, оны өндіріске енгізгеннен кейін барып профессорлық атақ берген дұрыс шығар?
– Негізі, ғылым – ең таңдаулы зияткерлер ғана түрен салатын сала. Себебі инемен құдық қазғандай көз майын тауысып, санасына салмақ түсіріп, жылдап зертханада отырып, ғылымның кәдесіне жарайтын жаңалық ашқан адам ғана ғалым атанса керек. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз осыдан қалған. Бірақ ғылыми атақ беру кезінде ағат кеткен тұстарымыз бар екенін мойындауға тиіспіз.
Қазір жүйе өзгерді. Бұрынғы жоғарғы аттестациялық комиссия (ЖАК) жабылып, жаңа жүйе енгізілді. PhD деген дәрежені алу енді оңайға түспесі анық. Жалпы, бізге дейін Еуропадан бұл үлгіні Қытай алды. Мен Қытайдың ғылымын үнемі қадағалап отырамын. Өйткені ол ел – өзінің қолданыста жүрген тәртібін еш уақытта өзгертпейтін халық. Бірақ олар да өздерінің ғылым жүйесін өзгертіп, Еуропаның үлгісіне көшті. Неге? Себебі оларда да бұл салада жемқорлық белең ала бастаған. Ал бізде бұл шегіне жетті.
Сондықтан 2011 жылы «Ғылым туралы» Заңға өзгерістер енгіздік. Ғылыми дәреже, ғылыми атақтар берудің тәртібі өзгерді. Бұрынғы дәстүрлі доцент, профессор сияқты ғылыми лауазымдар беру талаптары өзгеріске түсті. Ендігі таңда қауымдасқан профессор (ассоциативті профессор), профессор ғылыми атақтары жаңа заң бойынша халықаралық импакт-фактор деңгейі бар ғылыми журналдарға жарияланған материалдарының көрсеткіштері арқылы ұсынылмақ.
Бұл талаптар – бүгінгі халықаралық ғылыми кеңістіктің өмір алға тартып отырған үдерісінен туындап отырғаны шындық. Енді бұдан былай бұрынғы ғылым кандидаты, ғылым докторының орнын РһD докторлары басады. Докторанттардың екі ғылыми жетекшісі болады. Бірі – елімізден, екіншісі – шетелден. Екеуі де биік деңгейдегі профессор болуы ләзім. Оның үстіне сырттан ғылыми атақты қорғап келу деген тоқтатылды. Өзімізде қатаң талаптар бойынша қорғайтын болады. Доцент және профессор ғылыми атақтары ендігі жерде ғылыми жетістіктері үшін беріледі, яғни доцент атағы бұрынғы ғылым кандидаты доцентке сәйкес болса, ал ғылым докторы профессорға сәйкес. Енді ғалымдардың беделді халықаралық ғылыми журналдардағы мақалалары және ғалымдар мен өнертапқыштардың ғылыми жаңалықтарының патенттелгеніне, тіпті жаңалығы өндіріске еніп, одан елімізге пайда келтірілгеніне назар аударуымыз қажет.
Шынында да, Еуропада, АҚШ-та ғылыми атақ алу өте қиын. Тіпті онда сіз ғылыми жобаңызбен өзіңіз дәріс беретін университетке 1 млн доллар пайда түсірмесеңіз, профессорлық берілмейді. Бірақ бұл жүйені бізге енгізуге әлі ерте. Өйткені қазір біз мұндай талап қоятын болсақ, онда ешкім профессор бола алмай қалады. Себебі бізде ғылым мен өндірістің арасында байланыс жоқ. Өндіріс орындарының бәрі – жеке мен шетелдік инвесторлардың қолында. Ал олар біздің ғылымның дамуына құлықты емес. Бұдан кейін қалай профессорларға қатаң талап қоямыз? Ол мүмкін емес. Біз онсыз да қазір ғылыми атақ алуды қиындатып тастадық. Егер ғылым мен өндірістің арасында байланыс нығаятын болса, АҚШ-тағы жүйені де енгізуге болады. Бірақ оған уақыт керек.
– Қазір кейбір шенеуніктер «технологияларды сырттан алып келіп, өз елімізде енгізуге болады. Жапония мен Корея осылай еткен, біз де сол жолмен жүруіміз керек» дегенді алға тартып жүр. Шетелдік қымбат технологияларды қыруар қаржыға сатып алғанша, отандық ғалымдардың инновациялық идеяларын жүзеге асырғанымыз әлдеқайда тиімді емес пе?
– Дұрыс айтасың. Қалай да біз өз ғалымдарымыздың озық ғылыми жобаларын өндіріске енгізуге тиіспіз. Шетел бізге ешқашан өзінің жаңа технологиясын бермейді. Тек қолданыста барын ғана өткізеді. Ол қондырғыларды Қазақстанға алып келіп орнатқанша, мамандардың онымен қалай жұмыс істеу керектігін үйретемін дегенше, төрт-бес жыл уақыт кетеді. Ал бұл аралықта ол технология ескіреді. Осы бізге керек пе? Одан да өзімізде бар өндіріске ғалымдарымызды араластырып, өнеркәсіптің тиімді жұмыс істеуіне бірлесіп әрекет еткеніміз әлдеқайда пайдалы.
Шетелге қыруар қаржы жұмсап технология алдырғанша, одан да жобалау институттарын, конструкторлық бюро, жартылай өндірістік цехтарды ашайық. Осылар болмағандықтан қазір зертханада біз алатын заттар грамм, миллиграмм мөлшерінде болып отыр. Оны ешқандай зауыт қабылдай алмайды. Мәселен, осыны жасап, зауыт директорына «біз мынадай жаңалық аштық, егер сен осыны өндіріске енгізсең, қыруар пайда табасың» десек, ол оған сенбейді. Өйткені ол өндірісін тоқтатып, жобаны өндіріске енгіземін дегенше, бір айдан аса уақыт кетеді. Бұл аралықта оның шығаратын өнімі тоқтап, жұмысшыларына айлық төлей алмай қалады. Сондықтан ол бұған тәуекел етпейді. Оларға граммен емес, көп көлемде өнім шығарып беруіміз керек. Ол үшін жобалау институты ғылыми жаңалықтың жобасын сызып, конструкторлар өнім жақсы шығу үшін қондырғының ана жерін алюминий, мына жерін мыстан жасау керек деп шешіп, оны зауыттың қасындағы жартылай өндірістік цехта сынақтан өткізуі керек. Міне, осылай дәлелдеп, тиімді екеніне көздерін жеткізсек, онда зауыт басшысы өзі үшін оны өндіріске енгізуге мүдделі болады. Егер одан пайда көп түсетінін білсе, кәсіпкер ғалымның соңынан жүгіреді. Ал қазір бізде бұл, өкінішке қарай, керісінше болып отыр.
– Осы сұхбат барысында айтылмай қалған ойларыңыз, көкейіңізде қалған ұсыныстарыңыз болса, ортаға салсаңыз...
– 2015 жылы біздегі ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің бір пайызына жетуі керек. 2020 жылы екі пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сонда 2020 жылы Қазақстан халықаралық Еуропа деңгейіне шығады. Елбасымыз бес-он жылға жоспар құрып, ғылымды жыл сайын дамытып отыруды тапсырады. Бірінші жылы мынау істелінуі керек, екінші жылы былай дамуы тиіс деген секілді нақты болжам айтады. Шынында да, ғылым бірден емес, жыл сайын дамып отыруы керек. Ал біздің тиісті органдар бес жылға жоспарланған жұмыстың төрт жылында ештеме істемей, бесінші жылы, тақалған уақытта бәрін бірден дамытамыз деп ұрынады. Оған ғылым немесе ғалымдар қолданатын қондырғылар дайын болмай шығады. Сондықтан тиісті органдар осы жағын ескерсе екен деймін.
Енді соңғы екі жылда біздің жағдайымыз әжептеуір түзелді. «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылдадық. Бұл – республиканың барлық ғалымы үшін зор жетістік. Әсіресе білім және ғылым министрі, академик Б.Жұмағұловтың осы заңды қабылдаудағы қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Министр заңның кейбір баптарына өзі жеке түзетулер енгізіп, сол арқылы қарама-қарсы екі жақты бір мәмілеге әкелді. Бұл ретте Ұлттық ғылыми кеңестер құрылды. Олар жобалар мен бағдарламалардың орындалуы туралы нақты шешім қабылдайтын болады. Шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде біздің және шетелдік жетекші ғалымдар қатысатын болды. Бұл – бірден емес, бірте-бірте дамитын күрделі сала. Сондықтан ғылым саласын дамытуды ақылмен, кешенді түрде шешуіміз қажет.
Алашқа айтар датым...
Қазір бізде ата-аналардың көбі «баламызды үздік мектепке берейік, шетелде оқытайық» деп жанталасып жатады. Бұл дұрыс емес. Әрбір ата-ана баласын 18 жасқа дейін өзінің үйінде тәрбиелеуі қажет. Егер оның тәрбиесі дұрыс болмаса, ол мың жерден білім алғанымен, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайды. Мәселен, бала 13-14 жасқа толғанда оның даусында өзгеріс пайда болады. Тек даусында емес, жүрек, өкпе, бүйрек, тіпті миында да осындай процесс жүреді. Әсіресе баланың бойындағы психологиялық өзгерісті ата-ана сезбей қалуы мүмкін. Мұндай уақытта жасөспірімдер мүлдем түсініксіз болып кетеді. Не істеп, не қойғанын білмейді. Міне, осындай кезде жасөспірім ата-ананың қадағалауында болғаны жөн. Егер дұрыс тәрбие беріп, жасөспірімдік шақтан өткен соң, баланы қайда жіберсеңіз де, өз еркіңізде. Сонда бала үлкен қателіктерге бой алдырмайтын болады. Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім ұрпақ үшін қауіпті» деп тегіннен-тегін айтпаған. Сондықтан мектеп таңдап, баланы шетелде оқытуға қарсымын. Алдымен балаңды өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле. Сонда ғана одан үлкен жүректі адам, білікті маман шығады.