Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор:
– Бүгінде елімізде бірнеше шығармашылық одақтар жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақстан Суретшілер одағының алатын орны ерекше. Қазақ бейнелеу өнерінің, жалпы, қылқалам шеберлерінің қара шаңырағына айналған осынау рухани орда биыл өзінің 80 жылдық белесіне аяқ басып отыр. Осы орайда өзіңіз басқарып отырған шығармашылық одақтың кешегі тарихынан қысқаша сыр шерте кетсеңіз.
– Қазақстан Суретшілер одағының мерейтойлық шаралары Алматыда бүгіннен бастап атап өтілуде. Шығармашылық ұйым үшін 80 жыл аз уақыт емес. Бір адамның ғұмырындай болатын осы кезеңдер аралығында аталған шығармашылық одақ көптеген қиындықтар мен өзгерістерді бастан өткеріп, бірқатар айтарлықтай жетістіктерге де қол жеткізді. Осы одақтың қанатының астында бірнеше буынның талантты суретшілері өсіп шыққан. Кәсіби тұрғыдағы бейнелеу өнері қазақ даласында кенжелеу дамығандықтан, бұл салада о баста өзіндік үлкен мектеп қалыптаса қоймаған еді. Қайта елімізде өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында Суретшілер одағын құру туралы әңгіме қозғалып, өнердің бұл бағытында алғашқы ізденістер мен серпілістер пайда бола бастады. 1930 жылдардың басында Қазақстанда суретшілердің шығармашылық ұйымдары мен бірлестіктерінің қалыптаса бастауына біршама жағдайлар туындайды. Осы орайда 1929 жылы Алматыда тұратын бір топ суретші ынтымақтастық пен бірігудің қажеттілігін түсініп, ұйымдасу формасы ретінде көркемдік қызмет көрсету мен қалың бұқара еңбекшілерін тәрбиелеу мақсатында деген желеумен Қазақстанда Ресей суретшілері ассоциациясының филиалын құруды ұсынады. Өткен тарихқа сүйенсек, Қазақстан Суретшілер одағы 1932 жылы жарық көрген «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулыға сәйкес, 1933 жылы құрылған. Тұңғыш төрағасы болып В.Сладков сайланған. Одан кейінгі кезеңдерде Ә.Қастеев пен Х.Наурызбаев сынды ұлтымыздың мақтаныштары басқарған.
Алғашында бұл одақ ол кезде атағы дүркіреп тұрған Кеңес Одағының ықпалында болды. Коммунистік партия билігі қылқалам шеберлерін, жалпы, өнер мен мәдениет адамдарын кеңестік идеологияға жұмылдыру үшін пайдаланды. Дегенмен сол кезеңдердің өзінде, түрлі қысым мен қиындықтарға қарамастан, жекелеген талантты суретшілер қазақы туындыларын дүниеге әкелуге тырысты.
Суретшілер одағы тұңғыш рет 1934 жылы 8 мамырда Мәскеу қаласындағы Шығыс мәдениеті мұражайында ашылған «Кеңестік Қазақстан өнері» көрмесіне қатысқан. Онда бүгінде ұлттық өнеріміздің мақтанышына айналған бірқатар шебер суретшілеріміздің шығармалары қойылған болатын.
– Мерейлі белестен көрініп, қоғам алдында есеп бергелі отырған шығармашылық ұйымның бастауында тұрған тұлғалардың бірі, Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов екенін жұртшылықтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Өзіңіз жоғарыда атап өткен Қастеев, Қожықов сынды ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаған қайраткер тұлғаларымыздың еңбектерін кейінгі ұрпақ ескерусіз қалдырып бара жатқан жоқ па?
– Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдық мерейтойы көрнекті қайраткер, ұлттық бейнелеу өнерінің нағыз жанашыр тұлғасы, Халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын біз жақсы ырымға балап отырмыз. Сурет өнерінде білім алған ұлттық кадрлар тапшы уақытта Ә.Ысмайылов Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаевпен бірге еуропалық үлгідегі бейнелеу өнерінің мектебін қалыптастырушылар санатынан көрінді. Әубәкір Ысмайылов небәрі 20 жасында, 1932 жылы Қазақ Суретшілер одағын ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, оның негізін қалаушылардың бірі болды. Әбекең сынды ұлтын шексіз сүйген Алаш азаматының шығармашылығы қазақ мәдениетінің барлық салаларына ортақ. Тек қана сурет өнері емес, театр, кино, би де біздің мәдениетімізді қалыптастыратын, құратын өнердің жиынтығы деп айтуға болады. Тарихқа зер салсақ, 80 жылдық белесіне шығып отырған Қазақстан суретшілерінің ұйымы Кеңес Одағындағы ең алғашқы суретшілер одақтарының бірі болды. Сол себепті де біз осынау одақтың мерейтойы кезінде, шығармашылық ұйымның бастауында тұрған тұлғаларымыздың еңбектерін елеп-ескеріп, аяулы есімдерін ұлықтауды өзіміздің парызымыз санап отырмыз.
– Өнерді тудыратын таланттар болса, сол өнерді зерттеп, зерделейтіндер – өнертанушы ғалымдар. Өзіңіз де суретшілікпен қоса өнертанушылық бағытта елеулі еңбек етіп жүрген ғалымсыз. Біздің қоғамда өнерге ғылыми тұрғыдан қарау, оның жақсы-жаманын айырып беріп отыратын өнертанушылар мектебі қалыптасты дей аламыз ба?
– Рас, бұл сала бізде тиісті дәрежеде дамымай отыр. Қалай болған күнде де, қазақ бейнелеу өнері майталмандарының өмірі мен шығармашылығы, жалпы, ұлттық өнер тарихы терең ғылыми зерттеулерге арқау болуға тиіс. Әзірге біздің елімізде бейнелеу өнері саласында соңғы жылдарда түрлі талдаулар, сын, зерттеу мәселелері жүйелі бағыт алып, қарқынды жүргізілуде деп айтуға келмейді. Кейінгі өнертанушылардың арасында дәл осы бейнелеу өнеріне бет бұрғандары санаулы. Бұрын білікті де талғампаз өнертанушылардың барлығы Мәскеу мен Санкт-Петербордан арнайы оқып келетін. Қазақстанда мұндай мамандар дайындайтын оқу орындары болмаған. Қайта еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін барып қана ұлттық өнерге деген жаңаша көзқарас пен жалпы өнертану ғылымына деген ықылас пайда бола бастады. Сондықтан да қазақ бейнелеу өнерінің кешегісі мен бүгінін талғам таразысына салып, ғылыми айналымға түсіру болашақтың еншісі болып тұр.
– Кешегі кеңес өкіметі тұсында Қазақстандағы әрбір шығармашылық ұйым кеңестік қызыл идеологияның «көркем үгіт насихаты» үшін құрылғаны белгілі. Қазір ондай бақылау, қадағалау жоқ. Бүгінде еркін түрде жұмыс істейтін шығармашылық одақтар, оның ішінде Суретшілер одағы өз жұмыстарын қай бағытқа негіздеп отыр?
– Кеңестік идеология ұлттық дүниелерге шектеу қойып отырғанымен, ұлтқа шын берілген дарынды тұлғаларымыз сол кездері құрылған ұйымдардың жұмысын барынша қазақ халқының мүддесіне сай пайдалана білді деп толық сеніммен айта аламыз. Елімізде Суретшілер одағының құрылуымен бірге, қазақ суретшілерінің өз шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндіктер ашылды. Осы уақытта көптеген қазақ суретшілері Мәскеу мен Петерборда білім жетілдіріп, бейнелеу өнері саласындағы айтулы мектептердің шеберханаларында шыңдалып қайтты. Бұл үрдіс өз кезегінде елдегі жас дарындарымыздың шығармашылық тұрғыда қалыптасып, өсіп-өркендеулеріне жол ашып берді. Осыдан бастап қазақ бейнелеу өнері сатылап дами бастады.
Қазіргі таңда тәуелсіз қазақ қоғамында өмір сүріп отырған Суретшілер одағы – өз алдына дербес, республика суретшілері мен өнертанушыларын біріктіретін ерікті шығармашылық ұйым. Одақ өз мүшелерінің көркемдік деңгейі жоғары туындылар жасауына және кәсіби шеберлігін үнемі дамытуға ықпал етіп, қажет тұстарда өзге де ұйымдастырушылық мәселелермен айналысады.
Одақ конференциялар мен семинарлар өткізіп, көркемсурет көрмелерін ұйымдастырып, жас дарындардың ішінен лайықтыларын мүшелікке қабылдап, олардың ізденістеріне үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Қазіргі уақытта қазақ бейнелеу өнері әр тарапта заманға сай даму үстінде. Өнер бір орында тұрмайды. Ол өз кезегінде уақыт пен кеңістікке бағынбай, қоғамдық формациялармен бірге жетіліп, құбылып тұрады. Әр заман өз суретшілерін тудырып, өз жанрын қалыптастыруда. Біздің суретшілеріміздің дүниелерін өзге елдерге де ұялмай ұсынуға әбден болады. Өйткені кенжелеу дамыса да, бізде де өзіндік мектептер қалыптасып үлгерген. Ұлттық бейнелеу өнерінің іргетасын қалаған кешегі Қастеев пен Қожықов, жақында ғана бақилық болған Телжановтың шеберлік мектептері арқылы өз алдына бір-бір шоғыр қылқалам өкілдері тәрбиеленіп келеді. Осы бір жақсы үрдісті дамытып, кеңінен насихаттай білсек, қазақ өнеріне әлі талай майталмандар келері анық.
– Бүгінгі жаһанданған дәуірде «мәдениеттер қақтығысы» деген термин пайда болды. Аз ұлттардың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, төл мәдениеті мен өнерін өзге мәдени экспансия тұқыртып барады. Бүгінгі нарық суретші қауымға қандай талаптар қойып отыр?
– Өкінішке орай, қазіргі кезде жалпы суретшіліктің кәсіби деңгейі төмендеп барады. Көптеген жаңа туындыларда ұлттық бояу аз. Бұған түрлі факторлар әсер етуде. Сыртқы мәдениеттің ықпалы да жоқ емес. Оның үстіне бүгінгі нарық заманы суретші дейтін нәзік қауымды біршама қыспаққа алғандай болып отыр. Өнердің өзге салаларындағыдай суретшілерге арналған шығармашылық конкурстар мен фестивальдар, мемлекеттік тапсырыстар жоқтың қасы. Суретшілер одағы мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын өз алдына жеке шығармашылық ұйым санатында болғандықтан, біз барлық ұйымдастыру мәселелері мен көптеген проблемаларымызды өзіміз шешуге күш саламыз. Бүгінгінің жекелеген қалталы азаматтары мен кәсіпкерлікпен айналысатын компаниялар бейнелеу өнеріне ақша сала бермейді. Өнерге идеологиялық құрал деп қараймыз. Бірақ суретшілерге мемлекет тарапынан арнайы тапсырыстар болмағандықтан, ауқымды жобалар жүзеге асырылмай қалып жатады. Мұндай жағдайда суретшілер көбіне жекелеген адамдардың, белгілі бір шағын ұйымдар мен топтардың ғана тапсырыстарын орындаумен шектеліп отыр. Сол себепті де нағыз бүгінгі жасампаз қоғамның келбетін бейнелейтін кең полотнолы, талғамы биік туындылар тым аз. Күнкөріс қамы көптеген суретшілердің тақырып аясын тарылтуда. Халықтың да сұранысы шығармашылық пафоспен салынған суреттерден гөрі әншейін бір жылтырақ, кеңсеге іліп қоятын немесе біреуге сыйға тарта салатын арзанқол дүниелерге ауып кеткен. Бұл ең бірінші кезекте біздің қоғамда бейнелеу өнеріне өнер деп қарамау, оны көбіне суретшінің ермегі ретінде қарастыру үрдісі басым болып тұрғандығын аңғартады.
Қазірде Суретшілер одағының мыңнан астам мүшесі бар. Алайда олардың барлығы дерлік өнердің өз ортасында жүр деп айту қиын. Біреулері тұрмыс жағдайымен өзге салаға бет бұрып кетсе, енді біреулері сүйікті істерінен уақытша қол үзген. Дегенмен одақ мүшелерінің басым бөлігі шығармашылық жолда қал-қадерлерінше еңбек етіп, өз жұмыстарының жемісін көріп жүр.
– Әдетте, шығармашылық ешқандай қатаң принциптерге бағынбайды, ал тапсырыс өнерді өсірмейді деп жатамыз. Сіз суретшілерге мемлекеттік тапсырыстар қажет дегенді алға тартасыз. Бұл бейнелеу өнерінің дамуына қаншалықты ықпал етеді деп ойлайсыз?
– Бейнелеу өнеріне мемлекеттік қолдау керек дегенді біз бұрыннан бері айтып келеміз. Осы мәселені өз басым республикалық деңгейде өткен бірнеше жиындарда көтеріп, бірқатар басылымдарда осыған байланысты өзімнің ой-пікірлерім мен ұсыныстарымды ортаға салғанмын. Өзіңіз қараңызшы, неге біз әлі күнге дейін өзгенің дүниесіне тамсанып отыра бермекпіз. Ендігі кезекте өзімізді сыртқа танытуға жұмыла кірісуіміз керек емес пе?! Мен шығармашылық бағытпен, қызмет бабымен бірнеше шет мемлекеттерде болдым. Қай елге барсаң да, ондағылар қонақтарын міндетті түрде ұлттық мұражайлары мен галереяларына апарады. Сол арқылы олар өздерінің биік мәдениет пен өркениеттің өкілдері екендігін паш етіп отырады. Мысалы, басқа елге барған адам алдымен Третьяков галереясын, Эрмитажды, Луврды көруге асық болып тұрады. Бұлардың аттары да әлемге әйгілі. Ондағы туындылар мүмкіндігінше толықтырылып отырады. Келушілерге қызмет көрсету сапасы да заманауи үлгіде орайластырылған. Біздің елде, өкінішке орай, мұндай игіліктерге аса көңіл бөліне бермейді. Біле-білсеңіз, еліміздің ең бір беткеұстар дейтін Қастеев мұражайында соңғы он жыл көлемінде сатып алынған керемет дейтіндей бірде-бір сапалы шығарма жоқ.
Бір ғана Тәуелсіздік тақырыбы, Астана айшықтары, елімізде өтіп жататын түрлі атаулы күндер мен тарихи даталардың барлығы қаншама тамаша туындыларға арқау болар еді?! Көбіне суретші қауым мұндай тақырыптық картиналарды өздігінен сала бермейді. Себебі ондай картиналарды ешкім сатып ала қоймайды. Ал мемлекеттік тапсырыс болса, осы мәселеде кәдімгідей қозғау болар еді. Бұл суретшіге де айрықша серпін беріп, оның жаңа жұмыстар жазуына мүмкіндік туғызар еді. Мұның сыртында суретшілерге арнайы гранттар бөлініп, мемлекеттен қаржыландыратын республикалық дәрежедегі байқау ұйымдастырылса игі шаруа болмас па?!
Бұл ретте біз жоғарыға алақан жайып, одақтың жеке жағдайын алға тартып отырған жоқпыз. Біздің мақсат – қазақ бейнелеу өнерін ұлттық бағытта дамытып, қоғамның рухани жағынан қалыптасуына өзімізше үлес қосу. Осы орайда біз мемлекеттің қамқорына зәру екендігімізді жасырмаймыз.
– Қылқалам шебері әрі өнертанушы ретінде кейінгі буын суретшілеріне көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі суретшілердің, оның ішінде әсіресе жас буын өкілдерінің қолтаңбалары тіпті өзгеше. Бейнелеу өнерінің өз ішіндегі түрлі ағымдарының жетегінде кеткен экспериментальды жұмыстар өте көп. Ізденістің болғаны жақсы. Бірақ өнердің жөні осы екен деп, түсініксіз дүниелердің тұңғиығына түсіп кетуге болмайды. Жақсы картина ең әуелі адамға жоғары эстетикалық талғам сыйлап, ойландырып, толғандырып, ерекше әсерлерге бөлеуге тиіс. Сол себепті де көптеген жас суретшілердің бояуларында жылылықтан гөрі агрессия басым сияқты. Бұған қоса қазіргі кезде қолынан келгеннің бәрі өнер адамы болуға ұмтылып, ерінбегендер суретші болып алды. Бүгінгідей еркін заманда ондайларға сен суретші емессің деп айта алмайсың. Рас, өнерге әркімнің таласы бар. Дегенмен қазіргі қоғам кәсіби суретші кім, әуесқойы кім – ажыратудан қалды. Өйткені нарықтың тетіктерін меңгеріп алған кейбір жолбике суретшілер талғам мәселесіне бас ауыртпай, саудаларын қыздырып отыр.
– Сіз айтып отырған көріністердің бір парасын өнердің ордасы саналатын Алматының қақ ортасында суретшілер мекеніне айналған «Арбаттың» тыныс-тіршілігінен де аңғаруға болатын сияқты...
– Алматыдағы «Арбат» халықтың мәдени-көпшілік демалыс орны ғана емес, ол бүгінде көптеген суретшіні асырап отырған сурет базарының функциясын атқаруда. Алайда нағыз бағалы да шынайы өнер туындыларын ол жерден табуыңыз қиын. Өйткені ондағы картиналардың барлығында дерлік халық сұранысына орай салынған, бір қарағанда көзге әдемі болып көрінетін табиғат көріністері, әртүрлі қарапайым этюдтер бейнелеген. Сұраныс болып тұрған соң, ондағы суреттер тез салынып, тезірек сатылуға негізделген. Мысалы, той-томалақтарда айтылып, халықтың бір сәткі көңіл күйін көтеріп, билететін жеңіл-желпі әндер болады. Бұл даңғаза эстраданың үлкен сұраныста екенін көрсетеді. Арзанқол картина да сол сияқты... Әйтсе де сұраныс бар екен деп, заман ағымына бағынышты болып, көркем дүниеге деген ерекше көзқарасымызды жоғалтып алмауымыз керек. Нағыз өнер, керісінше, халықтың талғамын тәрбиелеуге тиіс.
– Батыс елдері арт-рынокты дамыту арқылы өнерге белгілі бір деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Бізде бұл жағы қалай шешілуде?
– Бұл жағы бізде енді-енді қалыптасып келеді. Мысалы, жекеменшік галереялардың суретшілерге көп көмегі тиіп отырғанын айта кету керек. Олар талантты қылқалам шеберлерін маңайына топтастырып, арнайы тапсырыстар беріп, көрмелерін ұйымдастырып және олардың насихатымен айналысады. Заманауи менеджмент заңдылықтарымен жұмыс істейтін мұндай галереялар мықты суретшілермен бірлесе жұмыс істеу арқылы пайда табады. Тиісті мөлшердегі табыстан суретші де кенде болмайды. Мұның сыртында кейбір өнерге жанашыр кәсіпкерлер, өнерге меценаттық жасап тұрады. Алайда елімізде меценаттық заң толық пісіп-жетілмегендіктен меценаттардың өнерге деген қарым-қатынасы осы уақытқа дейін заңмен нақтыланбаған. Жалпы, өнерге қатысты заңдар тақырыбы – өз алдына бөлек әңгіме.
– Бүгіннен басталып, үш күнге жоспарланып отырған Суретшілер одағының мерейтойына шетелдерден арнайы қонақтар шақырылды ма? Жалпы, мерейтойлық жиындарда қандай мәселелер кеңінен сөз болмақ?
– Қаншама проблемаларымызды айтқанымызбен, Суретшілер одағының атқарған жұмыстарында оңтайлы нәтижелер баршылық. Мынаны істедік, мынаны атқардық деп тізбектеп беруді жөн көріп отырғаным жоқ. Қалай болған күнде де, қазақ бейнелеу өнерінің үлкен болашағы бар екені анық. Бүгінгі күні бейнелеу өнерінің әр саласында суретшілер белгілі бір деңгейде қажырлы еңбек етіп жатқандықтарын жоққа шығармаймыз. Одақ мүшелері арасында өз елімізбен қатар, көптеген шетелдерге де танымал бола бастаған талантты шеберлер аз емес. Келешегінен үміт күттіріп отырған талғампаз жас суретшілеріміз де жетерлік. Суретшілер одағы осыларға тиісінше көмек қолын созып, шығармашылық бағыттарында айтарлықтай жетістіктерге жетуіне сеп болып келеді.
Шежірелі тарихы бар Суретшілер одағының бүгінгі мерейтойлық жиынында өткен-кеткенімізді саралап, келешек жоспарларымызды түзбекпіз. Өкінішке орай, біз шетелдерден қонақтар шақырта алмадық. Сырттан қонақ шақырту үшін қыруар қаржы керек. Десек те, мерейтойға еліміздің әр өңірінен суретшілер келіп қатысуда. Биыл атап өтіп отырған 80 жылдығымыздың мүмкіндігінше салтанатпен өтуі демеушілеріміздің қолдауының арқасында жүзеге аспақ.
Бүгінде Қазақстан Суретшілер одағы ТМД елдері Суретшілер одақтарының Халықаралық конфедерациясының және ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық суретшілер ассоциациясының құрамына енген. Бұған қоса бірнеше жоғары оқу орындарымен, өзге де шығармашылық одақтармен, сондай-ақ бірнеше көрме залдарымен, арт-галереялармен және жеке коллекционерлермен қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде.
Суретшілер одағының мерейтойлық шаралары аясында осы және өзге де түйінді проблемалар сөз болмақ. Алда шығармашылық одақтың ХVІІ құрылтайы болмақ. Оң өзгерістер болады деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыстар тілейміз!
Алашқа айтар датым...
– Қазіргі жастар неге мұражайларға, кітапханаларға, көркемсурет галереяларына, өзге де көрмелерге баруға құлықсыз? Есесіне, үлкендердің өзі жастармен бірге сауда ойын-сауық кешендеріне баруға, сонда жүріп көңіл көтеруге құмар-ақ. Ал өзінің түп тарихы мен төл өнері туралы толық мағлұмат алмаған, эстетикалық тәрбиеден алшақтап жүрген ұрпақтың ертеңгі күні не болмақ? Бүгінгі күні ұстаздар қауымының өзі балабақша мен мектептің ұл-қыздарын мұражайлар мен көрмелерге жиі апара бермейді. Меніңше, бұл мәселеге де мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп, тәлім-тәрбие жұмыстарын күшейтетін арнайы бағдарлама жасалуы қажет. Әрбір балабақша мен мектептердің, арнаулы білім беретін мекемелер мен жоғары оқу орындардың жұмыс жоспарында жастарды рухани-мәдени, тарихи-танымдық ошақтарға жүйелі түрде апарып тұруды міндеттейтін тәртіп енгізсек те артық болмас.