Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ, жазушы, кинодраматург, күйші:
– Таласбек аға, әдебиет пен өнердің түрлі саласында еңбектеніп жүресіз. Жан-жақтылық туабітті қасиет пе?
– Александр Блок «жан таланты болады» дейді. Сонда шын өнерпаз адамның жаны талантты келеді. «Ақын суретші бола алмайды, музыкант жазушы бола алмайды. Әркім өз ісімен ғана айналысу керек» деген қасаң түсінік бар. Мұның бәрі – қате. Адамның жанында өнердің мәйегі болады. Ол жоқ жерде – ешқандай өнер де жоқ. Лермонтовтың скрипка тартқандығын көрген адамдар оны «ақын болмаса, керемет скрипкашы шығатын еді» деп мақтайды. Ал оның салған суретін тамашалағандар «ақын болмаса, нағыз суретші болар еді-ау» деп тамсанатын тәрізді. Егер адам бойында жан талантының мәйегі болса, онда ол өнердің сан-саласына бейімділік танытуы мүмкін. Атам Жүнісбай Стамбаев деген атақты күйші болатын. Сол кісі мені бауырына салып тәрбиеледі. Осы күні «мен туғаннан жазушы болатындығыма еш күмәнданбадым» дейтіндерге күлкім келеді. Мен бала кезімде геолог болуды армандадым. Ондай мамандықты не үшін армандағанымды қазір де түсінбеймін. Ең алғаш Алматыға келгенімде музыкант ретінде келдім. Ал кейін ҚазПИ-де (қазіргі ҚазҰУ) жүріп жазуға бейімделе бастадым. Ағаларым «әскерден жазған хаттарың көркем шығармадай еді» дейтін. Бірінші курста оқуға түскен 60-тай баланың барлығы өлең жазатын. Екінші курста жиырмадайы қалды. Ал үшінші курста бес-алтауы ғана іріктеліп шықты. Ал бүгінде курстағы жалғыз ақын Әнуар Тарақов болса, мен солардың ішіндегі жалғыз прозашы атандым. Өз басым көп саламен айналыстым. Жан-жақты дүниеден хабарым болғаннан кейін кең ойлайсың, көп нәрсемен айналысасың, бейімділік танытасың. Ең алғаш қазақ әлеуметіне домбырашы ретінде танылдым. Ерінбей-жалықпай оқығанымның арқасында жазушы ретінде танылдым. Арада біраз уақыт кейін тағдыр мені сыншы етті. Сыншы ретінде белгілі болдым. Киносценариймен студент кезімде айналыса бастағам. Кеңес үкіметі кезінде Мәскеуден «Киносценарий» деген альманах шығатын. Онда киноға айналып бағы жанғаны бар, бағы жанбай қалып қалғаны бар, сан алуан сценарийлер жарияланып тұратын. Мен содан сценарийдің заңдылықтарын оқып түсіндім. Прозада көрсетілуі тиіс дүниелер сценарийде тасада қалады. Мысалы, адамның ішкі психологиясын прозада көркемдеп жаза бересің, ал сценарийде ол мүмкін емес. Камера мидың ішіне бойлап ене алмайды ғой. Оны тек әртістің бет-әлпеті, іс-әрекеті арқылы ғана жеткізуге болады. Киносценарийде диалог аз кездеседі. Ал театр сценарийі мен прозада диалогты қолдануға шектеу жоқ. Киноның тілі өте жұтаң. Оның бейнелеу құралдары өте аз. Диалогты көбейтіп жіберсең, кино сәтсіз болып шығады. Мәселен, Михаил Булгаковтың «Мастер и Маргарита» романы бойынша түсірілген кино сәтсіздікке ұшырады. Неге? Өйткені диалог тым көп. Әртістер романды жаттап алған.
– Қазір күйдің насихатының төмендігі туралы жиі айтылады. Бірақ осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жоқтың қасы. Бірді-екілі болмаса, жаппай жастардың құлағы күмбірлеген күйді тосырқап тұратындығы жасырын емес. Өнертанушы ретінде күй өнерін жас толқынның құлағына сіңісті етудің қандай жүйелі жолдарын ұсынар едіңіз?
– Күйдің насихаты – бұқаралық ақпарат құралдарының шаруасы ғой. Бірде Шымкенттегі қонақүйде жатып өзбек ағайындарымыздың облыстық телеарнасын көріп, қайран қалдым. Өзбекстанның Сұрқандария облыстық телеарнасы Шымкентке дейін таралады екен. Сол бір облыстық телеарнаның өзінде ұлттық тәрбие мәселесі қалай жолға қойылғандығын көріп іштей разы болдық. Телеарна ертеден-кешке дейін өзбектің ұлттық әні мен күйін беріп тұрды. Бізде «жаһандану», «ұлттар арасындағы теңдік» деген желеумен телеарналар жастарды кері кетіретін дүниелерді ұялмай эфирлерге шығарып отырмыз. Күні-түні қазақтың халықтық әндері мен күйлері беріліп жататын телеарна қажет. Тура сондай ертеден-кешке дейін тек қана қазақ әні мен күйіне орын берілетін бір радио керек. «Қазақтың мың күйі» деген аудиоантология жарық көрді. Соны толықтай интернетке салған жөн. Мектеп балаларына ұлттық ән мен күйді арнайы пән ретінде енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Балалардың басын нотамен қатырмай-ақ қойсын, аптасына үш-төрт рет әндер мен күйлерді тыңдатып, тарихын айтып берсе, соның өзі жетіп жатыр. Күйші, композитор боламын дегендер нотаны өздері-ақ үйреніп алады. Ата-аналар мектепке көп иек арта бермей, өздері балаларының күй тыңдап өсуіне жағдай жасау қажет. Менің бір досым бар, оның үйінде күні-түні күй әуелеп тұрады. Балалары арнайы тыңдамаса да, ақырындап құлағына сіңе береді. Мен де қазақы ауылда атамның күйлерін тыңдап өстім. Атам егінге су жаятын мұрап болды. Ол кісі жұмысқа шықпай тұрып, таңертең шай үстінде бес-алты күй тартып тастайды. Түскі тамаққа келіп үш-төрт күй тартып кетеді. Кешке енді үлкен концерт басталады. Шай ішіп болғаннан кейін он-он бес күйге дейін тартады. Күнделікті күй құлаққа құйыла берген соң, әлбетте, күйшіге айналасың. Әрине, қазақтың балаларының бәрінің күйші болуы шарт емес. Бірақ қазақ музыкасынан хабардар болуы керек. Біздегілердің көбі бәрін мектепке ысыра салады да, өздері тіпті балаларымен қазақша сөйлеспейді. Осыдан кейін қазақтың мәдениетіне мұрын шүйіре қарайтын ұрпақ өсіп шығады. Неге ата-аналар өз балалары үшін ұлттық музыка күйтабақтарын іздеп таппайды? Құдайға шүкір, қазір интернетте де біраз дүние бар. «Отүкен» деген сайтымызда да біршама күйлер тұр. Кеңес үкіметі кезінде шетелге кетіп қалған атақты әпкелі-сіңлілі музыканттар – Нақыпбековалар, сосын Венгриядағы қазақтар әлгі күйлерді тыңдап, рахметтерін айтып жатыр. Олар, әрине, Отанын сағынып күй тыңдайды. Баяғыда әйгілі композитор Ілия Жақанов «Қазақ радиосын» басқарып тұрған кезде халық композиторларының шығармаларын беретін. Ол кезде интернет түгіл, теледидар да жоқ еді. Сол жалғыз радиодан ертеден қара кешке дейін халық әндері айтылып жататын.
– Күн өткен сайын күйдің табиғаты да өзгеріп барады. Ойлы күйлердің кейінге ысырылып қалатыны да бар. Есесіне, жеңіл-желпі дүниелердің заманы туған тәрізді. Күйдің табиғатын қалай сақтауға болады?
– Ғылымда мынандай музыка теориясы бар: «саз өнері еңбек ырғақтарынан пайда болған» деген. Кеңес үкіметі осы теорияны құп көрді. Кеңес үкіметі еңбектен басқа ешнәрсе білмейтін қоғам қалыптастыруға тырысты. Тіпті өнер теорияларының өзінде еңбектің көлеңкесі тұрғанын жөн деп тапты. Өнердің ерекшеліктері оны шығарған ортамен тікелей байланысты. Отырықшы, қаратабан еңбек қауымында еңбек ырғақтары расында байқалады. Ал қазақ әулетінің тұрмыс-тіршілігі – әскери-көшпелілік негізінде. Үндістерде мұндай бөлініс жақсы сақталған. Онда төрт әулет бар. Біріншісі – әулие-пайғамбарлар әулеті. Екіншісі – әскери әулет болса, үшіншісі – егіншілер, саудагерлер, қолөнершілер әулеті. Ең соңғы төртінші әулетке құлдар тобы кіреді. Біздің күйлеріміздің табиғаты өзге елдерден өзгешелігі – бабаларымыз үнемі ат үстінде, жаугершілікпен күн кешті. Өлім мен өмірдің, от пен судың, қан майданның ортасында болған адам өзінің психологиялық әсерін, тәжірибесін музыкаға айналдырады. Қазақ күйлерінің асқақ, басқа халық өнерлерінен биік болуының сыры – осында. Ұлтымыздың есте жоқ ескі дәуірлерден бастап осы күнгі қазақ атанғанға дейінгі барлық тарихы музыка мәдениетінің қорында сақтаулы. Адамның ішкі микрокосмосы мен сыртқы макрокосмосы болады. Екі космос бір-біріне сәуле түсіріп тұрады емес пе? Қоршаған ортаның экологиясының бұзылуы ізсіз кетпейді. Міндетті түрде адамның ішкі әлемі де дағдарыс кешеді. Бұл музыкада қатты көрініс табуда. Қазір музыкада ырғақ басым. Бұрын ырғақ пен әуен екеуі тұтасып тұратын. Сол себепті де жүректі қозғап, тебірентетін. Бүгінде Құрманғазыдай, Дәулеткерейдей күй шығаратын ешкім жоқ. Ертеректе өнер ауылдан шығатын. Осы күні бүкіл мүмкіндіктердің бәрі қалаға шоғырланғандықтан, өнердің ордасы да – қала. Қалалық мәдениеттің өз бет-бейнесі бар. Соған орай музыка мәдениетінің болмысы түбірімен өзгерді. Боранқұл Қошмағанбетов, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Жаппас Қаламбаев сияқты керемет күйшілер өтті өмірден. Олар барынша ескі жолды ұстанды. Қазіргі күйшілерде қала сарыны сезіледі. Тіпті күй тарту техникалары да өзгеріске ұшыраған. Қазір жақсы домбырашылар көп, бірақ Тәттімбеттің деңгейіндегі күйшілер жоқ.
– Өзіңіз осы күні күй тартып сахнаға шыққыңыз келмей ме?
– Кезінде талай сахнаға шыққанмын. Енді жасым да келді. Мені сахнаға алғаш шығарған ағаларым – Рахманқұл Бердібаев пен Жарқын Шәкәрім еді. Әуезов мұражайында халық университеті жұмыс істеді. Екі апта сайын сонда өнерпаздар бас қосатын. Небір мықтылар өнер жолын сол жерден бастады. Боранқұл, Төлеген, Генералдар сонда күй тартатын. Мен тұңғыш рет сахнаға сонда шықтым. Кейін өз еліміздегі үлкен сахналардан бөлек, біршама шетелдерге гастрольдік сапарлармен барып қайтқан жайым бар. Мен жақсы күйші болдым. Бірақ мен абыройды жазушылықтан, әдебиет пен өнер сыншылығынан, киносценарий саласынан таптым.
– «Жезтырнақ» атты ертегі желісімен құрылған сценарийіңізді бар-жоғы 1000 долларға корей еліне сатып жіберіпсіз. Неліктен мұндай қадамға бардыңыз? Әлде шығарманы өз елімізде қолдаушы ешкім табылмады ма?
– Бұл жұмысқа бір инвестор тапсырма берген. Жобаның төңірегінде жұмыс істеуге бел шешіп кіріскендер – режиссер Болат Қалымбетов, актриса Гүлнәр Ерәлиева, оператор Әубәкір Сүлейов және мен сценарий авторы. Кейін тапсырыс беруші қолдаудан бас тартты. Сценарийім «Қазақфильмнің» сөресінде 7-8 жылдай шаң басып жатты. Күндердің күнінде Оңтүстік Корея экшн-фильмдер түсірілімі үшін Азия халықтарының мифологиялық аңыздарының сценарийіне байқау жариялаған екен. Соған мен қатысып, жеңімпаз атандым. Олар менен сценарийді сатып алды. Енді оны бес жылға дейін ешкімнің пайдалануына құқы жоқ. Күндіз адам, түнде жезтырнаққа айналатын әйел туралы жазылған жақсы дүние еді. Сценарий Кореяға кетіп қалғаннан кейін ғана біздің жұрт шулап оқи бастады. Кетіп қалған қыздың артынан жүгірген сияқты...
– «Талтүс» атты романыңыз өз өміріңізден алынған дейді. Сол рас па? Сосын бұл шығармада ұлттық өнердің үш саласы көрініс табады. Мұндағы үш дос – әнші, күйші, қолөнерші шынында өмірде болған кейіпкерлер ме?
– Егер «Талтүс» романын оқысаңыз, Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» әңгімесімен үндеседі. Өйткені екеуінде де оқиға Шығыс Қазақстанның Шұбартау, Аягөз өңірлерінде өтеді. Қос шығармада да күйші қарт бар, ақырында оның немересі де күйші болып шығады. Негізгі желілер ұқсағанымен, өзгешеліктер де жеткілікті. Менің Мұхтар Мағауинге өз өмірімді айтып бергенім рас, бірақ ол кісі шығарманы өзінше көркемдеп құлпыртып жазды. Мен өзімнің және атамның өмірін жақсы білемін емес пе? Романдағы Шерім атты әншінің прототипі – Кәрім Баймұратов деген әнші. Жүсіпбек Елебеков ауылға келіп концерт бергенде Кәрімнің әншілігіне таңдай қағыпты. «Алматыға келіңіз, сіздің әндеріңізді жазып алайық» деп ұсыныс та айтыпты. Қу тіршілік, боқ дүниемен үйінен шыға алмай, ақыры таспаға дауысы да басылмай қалды. Домбырашы Сабыт ақсақал – менің атам. Әжігерей – мен ғана емес, жалпы талапты балалардың жиынтық бейнесі. Қолөнерші болса, біздің үйдің түбінде тұрған Ахметжан есімді қария. Ол кісінің киіз үйді қалай жасайтындығын көріп таң-тамаша болушы едім. Киіз үйдің сүйегін өзі жасайды, киізін кемпірлер басып береді. Өзі жұмыссыз болғандықтан, киіз үй сатып күнелтетін. «Сталин», «партия» деп жүрекпен сеніп, құжатсыз да жұмыс істей бергендер көп болған. Еңбек кітапшасында жұмыс тәжірибесі жазылмаған соң зейнетақыдан қағылатын. Сондай өкіметке адал болса да, зейнетке шықпай өле-өлгенше өз еңбегімен жан баққан қарттың бірі – Ахметжан. Киіз үйлерді кейде қойшылар, кейде мұражайлар сатып алатын.
– Осы қолөнершінің керемет бір қылыш жасағаны туралы жазасыз. Ол қылыш қайда?
– Облыстық өлкетану мұражайы тапсырыспен Ахметжанға жасатады. Алғашында ол қатты қорқады. Бұрынырақ қылыш жасаймын деп басы бәлеге қалып, атыла жаздаған ғой. «Жарайды, өздері сұрап жатыр ғой» деп екі қылыш жасап беріпті. Кейін сол қылышты облыстық өлкетану мұражайынан іздеп көрдік. Абай мұражайын Төкен Ибрагимов есімді ағамыз басқаратын. Сол кісіге айтып едік, «бізде ондай қылыш жоқ, өлкетану мұражайын көрмесеңдер» деп кеңес берді. Бұл – 1990-жылдардағы аумалы-төкпелі қиын кез болатын. Мұражайға бардық. Ондағылар алдымызға бір құшақ қару-жарақты ақтарып төге салды. Неше түрлі қару-жарақтың бәрі бар, бірақ біз іздеген қылыш жоқ. Бізбен бірге жүрген Мейірхан Әбдірахманов деген қару-жарақтың білгірі. «Тәке, сіз іздеген қылыш мұнда жоқ» деп бірден айтты. Мұражай директоры «бары осы» деп қарап отыр. Сонда ертеден жұмыс істеп жүрген кәрі кемпір бізді оңаша шақырып алып, болған жайтты баян етті. «Мұражайымызда жер аударылып келген Жатиев деген осетин жұмыс істеген. Әлгі қылыштарды музейдің атынан тапсырыс беріп, бірақ өз ақшасына сатып алды» дейді кейуана. Осетиндердің еліне қайтуына рұқсат берілген тұста әлгі қылыштарды Жатиев өзімен бірге алып кетіпті. Ол қылыштар қазір Осетияда тұрса керек. Дидар Амантай деген жазушы «Талтүсті» оқып қатты толқып, «Күй арқылы халықтың тағдырын бейнелейтін жаңа тәсіл тауыпсыз» деп пікірін білдірді. Романда күйлердің тарихынан халықтың тағдыры көрініс табатындығын дұрыс байқапты. Негізгі оқиғалар да өмірден алынған, әйтсе де, көркемдік шындық үшін дәнекер кейіпкерлер жүруі заңдылық.
– Стефан Цвейгтың бір кейіпкері түрмеде жатып ойша өз-өзімен шахмат ойнап жаттығады. Сол сияқты «Талтүстегі» Сабыт ақсақал да абақтыда күйді ауызбен әндетіп тартады. Күйді қалай ауызбен тартуға болады?
– Атам маған күй үйретіп отырғанда қателесіп кетсем, күйді ауызбен әндетіп-ақ түсіндіре салатын. Өте күрделі Тәттімбеттің «Көкейкестісін» ауызбен ән қылып айтып беретін.
– «Тәттімбет сері» деген роман жазу үстінде екенсіз. Біз білмейтін тың деректер пайдаландыңыз ба?
– Романның алғашқы бөлімі жазылды. Жиналған деректер жетерлік. Тек денсаулығым сыр беріп, сол қолбайлау болып тұр. Бұрын-соңды баспасөзде жазылмаған мағлұматтар кездеседі мұнда. Мысалы, Александр II таққа отырғанда Құнанбай қажылыққа шығатын болып, соған байланысты өзі бара алмай, орнына Тәттімбетті жібереді. Ақ патшаның таққа отыру салтанаты Мәскеуде өткен. Шыңғыс төре, Ыбырай Жайықбаев, Тәттімбеттер Мәскеуге барған. Отарбаның енді ғана пайда болған тұсы екен. Империяның түкпір-түкпірінен келген бұратана халықтардың өкілдерін таңғалдыру үшін пойызбен Петербургке дейін апарып, қайтып әкелген. Тәттімбет, осылайша, Ресейдің біраз жерін көзбен көрген. Қоянды жәрмеңкесінің ашылуы туралы қызықты деректер бар. Қазақтар «биржалық қор» дегенді түсінбеген емес пе? Самарқан базары тәрізді малды айдап апарып қолма-қол сатуға үйренген. Тәттімбет пен орыс саудагерінің ашқан базарында сенімхатпен байлардың өздері ғана келеді. Онда бірді-екілі жүйрік ат пен ет қана сатылуы мүмкін. Базар старыстылары мыңғырған малы бар байларға «пәлен мал сатуға рұқсат» деген бір жапырақ қағаз береді. Сатушы жәрмеңкеге әлгіндей қағазбен келеді. Сатып алушы малдарды жайлаудан айдап әкетеді. Алғашқы кезде ел малдарын жәрмеңкеге қуалап әкеліп, оны базар әкімшілігі кіргізбей, ақыры төбелеске дейін ұласқан. Қазақ жерінде тап-таза киінген адамдар қағаз бен қалам арқылы шаруа шешілетін, миллиондаған айналымдар жасайтын алғашқы базарды ұйымдастырушылардың бірі – Тәттімбет. Одан кейін зауыт ашамын деп жүріп 45 жаста қайтыс болады. Сібірден кен өндіруге рұқсат қағаз да алған. Ойлаған ойы жүзеге асса, сол заманда қазақтың ірі капиталистерінің бірі Тәттімбет болар ма еді.
– «Тәттімбетті ресейлік патшалық өлтіртіпті» деген әңгіме бар емес пе?
– Ондай әңгіменің де бары рас. Өйткені қазірдің өзінде байлық үшін кім не істемейді? Бұратана халықтан шыққан алпауыт байды кім жақсы көрсін?! Ол кезде де нарыққа талас жүргізілген. Сондықтан, мұндай әңгімені де жоққа шығармаймын.
Алашқа айтар датым...
Бүгінгідей жаһандану заманында қазақтың қазақ болып қалуы мені қатты толғандырады. Салауатты ұлт ретінде қалыптасуымыз да – үлкен мәселе. Дүние барған сайын қиындап, қатыгезденіп барады. Егемендік алдық, азатпыз! Бірақ өз тағдырымызға өзіміз жауаптымыз. Бұрынғыдай партияға, коммунизмге сену деген жоқ. Екі-үш ғасыр бодандықта болдық. Соған үйреніп алдық. Енді бәріне өзіміз жауаптымыз. «Ертең қазақ баласы қандай болады?» деп ойланамын. Ұлтты сақтаудың жақсы үлгісін жапондықтар жасап отыр. Дамыған капиталистік ел ғой, бірақ өзінің ұлттық келбетін, байырғы тұрмысын, мәдениетін сақтауда. Олардың кереметі – көпшілік рәсімдері үй ішінде жасалады екен. Отбасылық рәсімдерге ешкім тыйым сала алмайды. Қазақтар үйінде бала-шағасымен орысша сөйлеседі де, «мемлекет, мектеп неге балаларымызды қазақша тәрбиелемейді?» деп ренжиді. Үй ішінде тәрбие мықты болса, бала ешқайда кетпейді. Әр қазақтың үйінде домбыра тұруы керек. Әрбір қазақтың үйінде күй тартылып тұруы қажет.