Қазіргі кезде адвокаттар жетім баланың күйін кешуде

Қазіргі кезде адвокаттар жетім баланың күйін кешуде

Таир Назханов: Адвокаттар форумы мен «Бэст» адвокаттық кеңсесінің төрағасы:

– Өткен жыл тарих қойнауына бай «жасауымен» енді. Еліміздің құқық қорғау органдары үшін сындарлы кезең болды десек те қателеспейміз. Қоғамдық пікірталас тудырған істер көп тіркелді. Бұл ненің белгісі? Тізгіннің босаңсып кеткендігі ме, әлде керісінше, күш құрылымдарының жүктелген міндетке бел шеше кірісе бастағандарын аңғарта ма?

– Мойындау керек, біздің елдің құқықтық жүйесі әлі де пісіп-жетіле қойған жоқ. Себебі Қазақстан қазір транзиттік кезеңде тұр. Былайша айтқанда, бір формациядан екінші бір формацияға өтіп жатырмыз. Мұндай кезде әсіресе құқықтық жүйеге орасан жүк түсіп, оларға үлкен жауапкершілік артылады. Құқықтық жүйе дегеніміз не өзі?

Жіктеп айтар болсақ, құқықтық жүйе бірқатар компоненттердің, яғни құқықтық мәдениеттің, құқықтық идеологияның, құқық ғылымының, өзге де құқықтық институттардың, соның ішінде мемлекеттік емес институттар саналатын адвокатураның, нотариаттың, заң фирмаларының және заңгерлердің кәсіби қауымдастықтарының жиынтығы. Осылардың әрбіріне жеке-жеке тоқталып шығайықшы, қай-қайсысының да буыны беки қойған жоқ.

Ал мұндай аумалы-төкпелі уақытта қылмыс, әрине, өрши түседі. Әсіресе, жемқорлық қылмыстар басымдық алады. Бұл – заңдылық. Демек, тізгінсіздіктің салдары емес. Жұмыс істелініп жатыр. Жұмыс ырғағы – сол баяғыдай бір қалыпты.

Ф.Достоевскийдің ең танымал «Преступление и наказание» атты романының негізгі айтпақ ойы – қылмыс жасадың ба, ерте ме, кеш пе, жазасын да аласың дегенге әкеп тірейді. Сөз болып отырған романды мысалға ала отырып айтпағым, қолыңмен жасағаныңды түптің-түбінде мойныңмен көтересің. Әр нәрсенің сұрауы бар. Оның үстіне, «атқан жерде оқ қалар».

Сіздің сауалыңыздың жауабы да – осы. Яғни кезінде жасалған қылмыстар әйтеуір бір әшкере болары анық. Қазақта «таң атпайын десе де, күн қоймайды» деген сөз бар. Қысқасы, өткен жылы еліміздің күш құрылымдарына қауырт жұмыс істеулеріне тура келсе, бұл – бұрынырақта жасалған қылмыстар санының көптігі. Қылмыстың көп тіркелуі құқық қорғау органдары жұмыстарын еселеп, бірінің туындауына екіншісі себеп болып отыр. Сан-сапаға ықпал етті деген сөз.

– Соңғы кездері күш құрылымдары бір-бірімен дүрдараз болып кетті. Бұл мәселе Елбасының Жолдауында да сөз болды. Сонда еліміздің күш құрылымдары нені бөлісе алмай жүр?

– Бұл жерде мен кінәні нақты біреуден іздемес едім. Мұның бәрі жүйесіздіктің салдарынан. Қылмыстық іс жүргізу кодексін бәріне бірдей ортақтастырып, «қай жеңгенің менікі» деп қарап отырмыз. Бұрындары қандай болды? Бәрі нақты болды. Бірінің шаруасына бірі араласпайтын. Әркімнің міндеті айқын еді.

Мәселен, ҰҚК-ден, негізінен, мемлекеттік маңызы бар қылмыстарды ашу талап етілсе, ІІМ-ге қоғамдық қауіпсіздікті сақтау міндеті жүктелді. Ал қазір ше, ҰҚК ұсақ-түйекке араласып кетті. Тіпті алаяқтықпен де, жалған кәсіпкерлікпен де айналысуда. Қаржы полицейі де аты айтып тұрғандай,  тек экономикалық қылмыстармен ғана емес, полиция қызметкерлерінің еншісіндегі істерге «ауыз» салды. Міне, осындай текетірес айналып келгенде сөз болып отырған ведомстволарды мүйіздестіріп қойды.

Бұл тәжірибе тиімсіздігін көрсетіп отыр ма, енді осының бәрін есепке алып, Қылмыстық іс жүргізу кодексін құзырлы салалардың таласпай-тартыспай, құзыретіне қарай әркім өз міндетін айқын білетіндей етіп реттеу керек.

«Ештен кеш жақсы». Елбасы өз Жолдауында бұл мәселеге айрықша тоқталып өтті. Нақтырақ айтсам, «Бізді құқық қорғау жүйесін қайта құруға байланысты маңызды жұмыстар күтіп тұр. Өкінішке қарай, тиімсіз басқарудан туындаған проблемалар, құқық қорғау органдары қызметтерінің қайшылықтары, тиісті кадрлық жұмыстың жоқтығы, сондай-ақ еліміздегі құқық қорғау саласы қызметін қадағалаудағы жариялылық пен бақылаудың жоқтығы бәрімізге көрініп тұр.

Ең алдымен, құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның нақты компетенциясын дәл құру, біздің заңдарымызды адамиландырып, сапасын арттыру» деп атап өтті ол. Елбасы сондай-ақ келер онжылдықта құқық қорғау органдарының халықаралық стандарттарға сай жаңа жүйесі құрылатындығын мәлімдеді. Бұл тұрғыда Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Жоғарғы сотқа және құзырлы салаларға,  Парламентке құқық қорғау органдарын қайта құру жөніндегі заң жобасын енгізуді жүктеді. Енді жағдай түзеледі деген үмітім бар.

– Қорғаушы ретінде айыпкердің құқығы жөніндегі пікіріңізді білгіміз келеді...

– Егер біздің елде барлық сот процестерінде екі тараптың, яғни мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушы жақтың мәртебесі тең болса, ешкімнің де құқығы тапталмас еді. Егер айыптаушы жақ сот процесі кезінде үстемірек қимылдап, көп мүмкіндіктерге ие болса, қорғаушы жақ аты бар, заты жоқ фигура іспетті ғана. Қорғаушы барын салсын мейлі, оның әрекеті көбіне бос әурешілік болып шығады.
Фемиданың қолындағы таразы нені білдіреді, білесіз бе?

– Екі тарапты, яғни айыптаушы мен қорғаушыны.

– Дұрыс айтасыз. Өзіңіз білесіз, әділдік құдайы Фемиданың қолындағы таразы тең тұр. Ал бізде бір-бірінен мүлде алшақ жатыр.

– Ал, жалпы, адам құқықтары жөнінде не айтар едіңіз?

– Адам құқықтары өз деңгейінде қорғалып жатқан жоқ. Мен осындай пікір айтып жүрген көптің сөзін қайталамай-ақ қояйын. Елбасы Жолдауында бұл түйінді түйткіл де сырт қалған жоқ. Тек былай дер едім: адамдар өзінің құқықтарын толық білген жағдайда ғана ол ешкімге тәуелді емес, азат.

Өз құқықтарын білмейтін, өзін-өзі қорғай алмайтын жандар жетерлік. Ал осы олқы тұсымызды қалай толтырамыз, егер халықтың құқықтық сауатын ашуға ешқандай жағдай жасалынып жатпаса? Жарық көрген жаңа заңнан көпшілік қарапайым халық бейхабар болып жатады. Иә, бір-екі басылымда жария болар. Ол миллиондаған халыққа түк емес.

Сондықтан да кез келген азаматтың керегін еш қиындықсыз тауып алуына қол жеткізуіміз керек. Бізде, мәселен, ақпарат алудың ең тиімді жолы – интернет бағасы екінің бірінің қалтасын көтере бермейді. Біз салық төлеушіміз. Демек, мемлекет азаматтарды, басқа-басқа, әсіресе заңдық нормалардан хабардар етіп отыруға міндетті. Бұл – біздің конституциялық құқымыз. Алайда бұл мәселені ойлап, бас қатырып жүргендер саусақпен санарлық. Неге? Өйткені халық еш талап қоймайды. Әлгіндегі «қоғамға серпілу керек, сергек болу керек» дегенім де осы еді.

Мәселен, қамауға алынған адамдардың арасында полиция қызметкерлерінің соққысына жығылғандығын айтып қалатындар аз емес. Алайда арызданғысы келмейді. «Сау басыма сақина тілеп қайтемін» дейді. Оның үстіне, дәлелдей алмаймын ба деп те қорқады. Мейлі, дәлелдей алмаған күннің өзінде де прокуратурға шағымданса, полицияның телісі мен тентегі жұмыстан қуылмаса да, ең болмағанда сөгіс алады. Бұл – оған да, өзгеге де аз да болса сабақ.

Карл Маркстің «құқықтық сана қоғамдық санадан биік тұра алмайды» дегені бар. Егер біз адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыратын болсақ, сөз жоқ, құқықтық жүйеміз де еркін дамиды.

Мәселен, сіз химиялық жолмен тазарту пунктіне киім өткіздіңіз делік, егер ол оны дұрыс тазаламаса, сіз наразылық танытасыз ғой. Ал ол оны екінші қайтара тазартуға міндетті. Сол сияқты халық билікке талап қоя білуі керек. Жасқаншақтықты ысырып тастайтын кез жетті. Әйтпесе әуегей шенеуніктер қатары көбейе бермек. Орнынан тұруға ерінетін шенеуніктерді халыққа қызмет етуге жігерлеу қажет.

Айтпақшы, біз, адвокаттар форумы қазір халыққа тегін ақыл-кеңес берудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Өзге де мемлекеттік емес институттар осындай игі істі қолға алса жақсы-ақ болар еді.

– Мемлекет меншігін талан-таражға салып, тықыр таянғанда із жасырып кеткен жемқорлар аз емес. Артынан орнын сипап қаламыз да, сырттай айып тағып жатамыз. Соларды дер кезінде әшкерелеуге жоқпыз. Кемшілігіміз неде деп ойлайсыз?

– Бұл тұрғыда біреулер «сол қашқындардың» алдын ала бас сауғалауларына ықпал етіп отырған мықты тоқпақтары бар деп санайды. Менің ойымша, бұл – қате ұғым. Белең алып бара жатқан мұндай құбылыстың астарында пәлендей құпия жоқ деп ойлаймын.

«Кемшілік» дегеніміз тым жеңіл «айып» болар, үлкен қателік жіберіп алып отырмыз. Бұл жерде бар кінә құқық қорғау органдарында ғана емес.

Менің пікірімше, негізгі себеп – азаматтық қоғамдық бақылау тым әлсіз. Осы тұста айта кетейін, азаматтық қоғам деп отырғаным – халық болса, адвокатура сол қоғамның бірегей мамандандырылған институты. Адвокатураны қоғам өзінің құқын қорғау мақсатында құрған. Егер сол адвокатураның өзі сенімді ақтай алмай отырса қайтеміз? Өйткені қазіргі кезде адвокатура жетім баланың күйін кешуде. Міне, гәп қайда жатыр. Сондықтан да адвокатураның дамуына жағдай жасауымыз тиіс.

Содан кейінгі айтарым мынау: кезінде сол шенеуніктердің заңсыз іс-қимылдарының барлығынан болмаса да, кейбірінен қоғам хабардар болып отырды. Ал қоғамның немқұрайдылық танытуына әсте болмайды. Иә, мойындаймын, қоғамға биліктің құлақ асып жатқаны шамалы. Десек те, дәл қазіргі жағдайда қоғамға серпілу керек, сергек болу керек.

Бұл тұрғыда әсіресе БАҚ-тың қырағы болғаны қажет. Бар шындықты ашық жазып, батылдық танытса деймін. Ал БАҚ-тың айтқандарынан құқық қорғау органдары бір нәтиже шығарып отырса, осындай жағдайлар орын алмас па еді.

– Білуімізше, бірқатар шетелдерде қылмыс жасаған адам сезікті болып табылған күннен бастап жаза мерзімін өтеп шыққанға дейін қорғаушысымен байланыста болады. Яғни түрмеде отырса да, керек кезінде қорғаушысының көмегіне жүгіне алады. Осы жуырда ғана біздің елде де заңға өзгеріс енгізіліп, ол бекітіліп, күшіне енгізілгелі жатыр деген қуанышты хабар естідік. Бұл заңның қабылдануына мұрындық болған адвокаттар форумы көрінеді.

– Дұрыс айтасыз. Бірқатар елдерде емес, құқықтық мемлекеттердің барлығында бұл тәжірибе бұрыннан бар. Ал бізде үкім шықты ма, болды, қылмыскер қайтып қорғаушысын көрмейтін. Міне, сотталғандардың құқықтарының өрескел бұзылып келгендері осыдан.

Бұл тақырыпты дұрыс көтеріп отырсыз. Мені мазалап жүрген түйінді мәселелердің бірі де осы болатын. Қолданыстағы заңды қайта қарап, қорғаушының түрмеде жаза өтеп жатқандарға да қызмет көрсету нормасын заңдастыру керек деп шырылдағанымызға бірнеше жылдың жүзі болып қалыпты. Дегенімізге жеттік, әйтеуір.

Барлық елдерде қорғаушылары қажет кезде түрме аумағына еркін енеді. Өзінің қорғаушы екендігін дәлелдейтін құжатты көрсетсе болғаны. Ешкім оның алдын кес-кестемейді. Ал бізде ше, қорғауымыздағы адаммен кездесу үшін қанша процедурадан өтуімізге тура келеді. Енді осы айтылған бар проблема өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заңнан кейін дұрыс шешімін тауып, біз күткендей нәтиже береді деп сенеміз.

– Белгілі заңгер Арықбай Ағыбаев заң жобаларын сараптайтын заң институтын құруды ұсынып жүр. Осы тұрғыда сіз не айтар едіңіз?

– Ол кісінің ұсынысын қос қолдап қолдаймын. Арықбай Ағыбаевтың «депутаттар санын көбейткенше, заң жобаларын әзірлейтін ғылыми институт ашу керек» деген пікір айтып жүргенін естігенім бар. Алайда ол кісіні де тыңдап жатқан ешкім жоқ сияқты ғой.

Расында да, депутаттың көбінен не пайда, ешбірі заң жобасын жаза алмаса? Саннан сапаға өтуге ешкім құлықты емес. Олар тек заң жобасын қабылдап отыратын органға айналып барады. Шын мәнінде, Парламент заң жобасын дайындауы керек.

Депутаттардың әрқайсысы сауатты болуы тиіс. Жазған заңдарын таласа өткізіп, онысын өткір талқыға салып, халыққа тиімді болса, күшіне енгізуге тырысса етті. Егер заң жобасын әзірлейтін институт болса, дүниежүзінің заңдарынан тәжірибе жинақтап, тарихтан да там-тұмдап керегін алуға мүмкіндік туар еді. Ондай институт өркениетті елдердің барлығында бар.

Біздің елде өздеріңіз білесіздер, заңды Үкімет, яғни министрліктер өздері жазады. Демек, әрқайсысы өз мүддесін қорғайды. Осыдан барып, бір заң екінші бір заңға қайшы болып жатады. Егер заң шығаратын орган біреу болса, ол мемлекеттің, қоғамның, адамның мүддесіне ыңғайланған болар еді.

Арықбай Ағыбаевтың ұсынысына қосарым бар. Біздің елдің Парламентінде кәсіби заңгерлер тым аз. Заң ғылымына жақын жүрген адамнан не пайда, егер осы саланың ұңғыл-шұңғылын тереңірек білмесе. Сондықтан да Арықбай Ағыбаевтың ұсынысы қабыл бола ма, болмай ма, білмеймін, тым құрыса Парламентке өз ісінің маманын енгізу керек.

– Соңғы кездері кейбір мамандар тәжірибеге билер сотын енгізуді ұсынып жүр. Сіз қалай ойлайсыз, билер соты керек пе бізге?

– Бұл – тарих. Ал тарих өлмеуі тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, билер соты керек те шығар, бәлкім... Десем де, ертедегі құқықтық жүйе келмеске кетті. Қазір жаңа заманға сай – жаңа модель. Ал біздің сот органымыз сол жаңа модельге бағытталған. Былайша айтқанда, бізде континентальды құқықтық жүйе.

Мүмкін, билер сотының орнына третейлік сотты құрғанымыз дұрыс шығар? Қазір дүниежүзі осы тәжірибені таңдап отыр. Оның механизмдерінің билер сотынан пәлендей айырмасы жоқ.
Жалпы  айтсам,   дәл  қазіргі қолданыстағы жүйеге қандай да бір өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деп санаймын. «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» деген бар. Ата Заңымыздың әлеуетін көтеріп, соны басшылыққа алсақ, соның өзі де құқықтық дамуымызға басым бағыттарымызды айқындап, негізгі межемізді белгілеп берген.

Көкейді мазалаған ойлар
Егер тарихқа үңілсек, қазіргі жасалынып жатқан түрлі қылмыстың көбісі дерлік тіпті атымен болмаған. Осының барлығы маскүнемдік пен нашақорлықтың кесірінен. Бұл – қанымызға жат қылық. Біздің қазір қандай моральдық нормада өмір сүріп жатқандығымыз белгісіз. Имандылық кеткен қоғамда қылмыс асқына бермек. Ата-бабаларымыз ұстанған салт-сананы қайта жаңғыртуымыз керек. Байқайсыз ба, маскүнемдік жайлы айтар болсақ, біздің әкелеріміз өмір сүрген кезеңнен бастау алады екен. Екінші бір мәселе, тілге деген құрметті арттырмай, патриоттық сезім де оянбайды.

Ал кеудесінде Отанына деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан ел-жұртына не қайыр? Менің ойымша, жемқорлық қылмыстың белең алуының түпкі себебі осында жатса керек. Тіпті жай ғана көшеде жатқан қоқысты алайық. Өзі тұрып жатқан жердің тазалығын ойлаған адам сол қоқысты лақтырмаған болар еді. Айтпақшы, қаланың қаншалықты таза екендігі оның өркениетінің, мәдениетінің деңгейінің көрінісі.

Мен орысша хат таныдым. Қазақша таза сөйлей алмайтындығыма қатты өкінемін. «Ештен кеш жақсы» деген, қазір қазақша оқып-білуге бар күшімді салып жатырмын. Осы тұста айта кетейін, біз мемлекеттік емес мекемелердің ішінде құжаттарды қазақша сөйлеткендердің ең алғашқысымыз. Қазіргі кезде қаражат тапшы болып тұр, мүмкіндігіміз қалай туады, интернет арқылы қазақша ақпараттар таратуды бірінші кезекте қолға алмақпыз. Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұлағатты сөзі тамаша айтылған сөз дер едім.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста