Қазіргі біздің продюсерлеріміздің ең басты мақсаты – тойдың бағдарламасын жасап, әртісті тойға сату
Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі:
– Роза Қуанышқызы, сіз қаршадайыңыздан бойыңыздағы дарыныңызбен қазақ халқын әлемге танытып келесіз. Міне, осыдан 36 жыл бұрын алғаш рет сахнаға шыққан 17 жасар талдырмаш қыз бүгінде қазақ эстрада өнеріндегі жоғарғы буынның өкіліне айналды. Адам өзінің соңындағыларға қарап, уақыттың жүйріктігін мойындайды ғой. Бүгінде эстрададағы жас буын – өзіңіздің ұлыңыз Әлидің тұстастары. Өнерде өз еншісін алған әнші ретінде бүгінгі қазақ эстрадасына қандай баға берер едіңіз?
– Қазіргі қазақ эстрадасына баға беру мен үшін қиындау. Өйткені өнерге қатысты қандай да бір ой айту, негізінен, өнертанушы мамандарға, сыншыларға, белгілі ақын-сазгерлерге лайық. «Сырт көз – сыншы» демей ме? Ал мен өзімнің жеке шығармашылығыммен, орындаушылық өнеріммен еңбек етіп жүрген адаммын. Сахнада жүрген 36 жылдың ішінде өз басым ешкімге еліктеген емеспін.
– Дегенмен сізді анда-санда болса да сахнада жас әншілермен бірлесіп ән салғаныңызды байқап қаламыз. Өзіңізге белгілі, бүгінде жастардың эстрадаға деген құлшынысы ерекше...
– Мен жастармен жақсы байланыстамын деп айта алмаймын, бірақ сирек болса да шығармашылықта кейбір жастармен бірлесіп жұмыс істеген сәттер болды. Алайда қазіргі эстрадада жүрген жас буынның ішінде менің көңілімнен шығатын, оның шығармашалығы туралы ауыз толтырып айтатын жастарды байқай алмай жүрмін. Өйткені мен қазіргі «әншімін» деп жүрген жастарды тыңдай алмаймын. Маған ұнайтын жас әншілердің қатарында Бауыржан Исаев, Алтынай Жорабаева, Жұбаныш Жексенов, Мұрат Қожа сынды бірен-саран әншіні атар едім. Кәсіби музыкант болу үшін дарын мен дипломнан өзге не қажет?
– Бізде қазір кім көрінген сахнада жүр. Ән айтып жүргендердің бәрін жаман десем, көпке топырақ шашқандай болармын, бірақ сахнада әншілердің санын көбейтіп жүргендердің тең жартысы музыкаға қатысы жоқ адамдар. Тіпті жартысының музыкаға қатысы бар болған күннің өзінде олардың тікелей эстрадаға қатысы бар ма, жоқ па, менің осыған үлкен күмәнім бар. Эстрадаға қатысы бар болу дегеніміз – ол әрі әнші, әрі музыкант, әрі актер болуы керек. Осы үш өнерді бірдей алып жүргенде ғана ол эстраданың жарық жұлдызы бола алады. Өйткені нағыз эстрада әншісі ән сала алады, музыкалық аспапта ойнай алады, ол актер-режиссер ретінде өз әнінің образын ашып, өзіне ғана тән жеке стилімен ерекшеленеді. Ал біздің қазіргі әншілеріміз қазанда пісіп жатқан тағамның біресе тұзы, біресе бұрышы жетпей қалатыны секілді дәм-тұзсыз болып кетті. Мұның себебі – кәсіби білімнің жоқтығы. Бүгінде сахнаға шығып жүргендердің 99 пайызы әнді фонограммамен айтады. Мен оларды қалай әнші деп айта аламын? Мұндайлар сахнаға халықты алдау үшін шығады деп түсінемін. Сахнада оның өзі айтып тұр ма, жоқ әлде басқа біреудің фонограммасын қосып, жай аузын ашып тұр ма, белгісіз. Қазіргі таңда әншілердің диапазоны бар ма, жоқ па, біле алмайсың. Себебі қазір компьютер деген бәле пайда болды. Техниканың мүмкіндігі соншалық – дауысы жоқ адамды бір октава жоғары шырқатып жібереді. Фонограммаға сеніп алғандықтың салдарынан қазір ән айтуға акустикасы мүлде сәйкес келмейтін үлкен залдарда, спорт кешендерінде концерт беру белең алып кетті.
– Қоғамның қай саласын алсаңыз да, қаржыға келіп тірелетін нарық заманының талабынан болар, өнер де бизнеске айналды емес пе? Бүгінде батыстың жетегіне ерген шоу-бизнес эстрадаға сәулесінен гөрі көлеңкесін көбірек түсіргендей ме?
– Иә, қазір дүниенің барлығы қаржыға сатылған заман ғой. Шоу-бизнестен байып жатқан батыспен де, мына тұрған Ресеймен де қазақ эстрадасын салыстыруға келмейді. Өйткені біздің эстрада басқаларға бәсекелес емес, тек оларға еліктейді. Жалпы, біз, қазақ халқы, басқаларға еліктеуден ешкімге жол бермейміз. Өнерден пайда табамын деп продюсерлікпен айналысып жүргендер бар. Бірақ осылардың ішінен нағыз өнер адамдарын тәрбиелеуге, әншілердің деңгейін көтеруге қаржы салып, күш жұмсап жатқан бір продюсер көрдіңіз бе? Қазіргі біздің продюсерлеріміздің ең басты мақсаты – тойдың бағдарламасын жасап, әртісті тойға сату. Өйткені олардың көкейін тескен – ақша. Қай продюсер оркестрмен бағдарлама жасап, өз қамқорлығындағы әншінің тірі дауыспен жеке концертін ұйымдастырып жүр? Продюсерлердің бәрі кастинг жариялайды, онда келбетті деген қыз-жігіттерді қабылдайды. Бірақ оларды байқаудан өткізгенде сол жастардың дауысы бар ма, жоқ па, оған басын қатырмайды. Сондықтан қазіргі уақытта бізде шоу-бизнес бар деп айтудың өзі артық, шоу-бизнес емес, бізде тек той-бизнес қарқын алған. Сондықтан да болар, мен осы күні өзінің өнерге деген жеке көзқарасымен, музыкалық жоғары деңгейімен ерекшеленіп тұрған әншіні көре алмадым. Кейінгі 10 жылда өз кәсіби деңгейімді көрсетейін, мен нағыз әншімін дейтін қыз-жігіттер оркестрмен, тірі дауыста сахнаға шыққан емес.
– Жастардан кәсіби музыкант шыға қоймады деп оларды кінәлаудың да жөні жоқ шығар. Өйткені жастың аты – жас, оларға жөн сілтеп, дұрыс бағыт берілуі керек қой. Сіз де ұстазсыз. Өзіңіздің шәкірттеріңізге қандай талаптар қоясыз?
– Әрине, дарынсыз баладан кәсіби әншіні әзірлеп шығару мүмкін еместігі айдан анық. Ал нағыз талантты міндетті түрде қолдау керек. Өнерпаз болам деген жастың өнерге икемділігімен қатар, терең білімі болуы шарт. Кәсіби музыкант болу үшін әнші бала кезінен музыка мектебінде оқуы керек. Арнайы музыка мектебін тәмамдағаннан кейін училищені (қазір колледж деп жүрміз ғой), одан кейін консерваторияны бітіруі керек. Сондай-ақ эстрада әншісіне театр институтының музыка-драма, актерлік факультетін бітірсе де артықтық етпейді. Әнші болғым келді екен деп белгілі бір оқу орнының эстрада факультетіне оқуға түсіп, оны бітіре сала кәсіби әнші болып кету мүмкін емес. Өнерге жеңіл-желпі қарайтын жастардан нотаның, порцитураның, оркестрдің, аранжировканың, дирижердің не екенін білмейтін сауатсыз әнші шығады. Мен қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессорымын. Менен дәріс алатын студенттер биыл 3-курста оқып жүр. Келесі жылы студенттерім өздерінің дипломдық жұмыстарында әлемдік және төл қаламгерлеріміздің классикалық шығармаларынан спектакльдер қоймақ. Мен шәкірттеріме барынша кәсіби білім беруге тырысамын. Әр шығарманы балалармен бірлесіп терең талдаймыз. Оларға қояр талабым да – өнерге салғырт қарамай, кәсібилікке ұмтылу. Мен шәкірттерімнің оқуларын ойдағыдай аяқтап, Қазақстанның әр облысындағы, қалаларындағы драма театрларына, опера театрларына, қуыршақ театрларына актер болып барады деп ойлаймын. Театр – үлкен ұжым, онда барған жастар ары қарай зор тәжірибе мектебінен өтеді.
– Сіз сонау кеңес заманынан бастап қазіргі таңда да шетелдерге, Ресейге жиі барып тұрасыз. Ол жақта сізді қазақ эстрадасының өкілі ретінде қабылдайды. Жалпы, эстрада жанрында әр ұлттың өз бояуы болуы керек пе?
– Эстрадада қазақ бағыты деген жеке бағыт жоқ. Эстрадалық әндерде міндетті түрде қазақтың немесе Американың бояуы болуы керек деген дұрыс емес. Кәсіби музыканттың өз деңгейіне байланысты талғамы болады. Қазақ әндерінің бәріне домбыраның үні қосылып, міндетті түрде «МузАрттың» стилінде болуы шарт емес. Мен Ресейге барғанда тек қазақ әндерін орындап жүрген жоқпын, жастайымнан кеңес әндерін орындаған әншімін. Сол үшін де мені ол жаққа жиі шақырады, мен Ресейге барғанда қазақ әндерін сирек айтамын. Жүректен шыққан ән қашанда өз тыңдарманын табады.
– Бүгінде көрерменнің сұранысы осы екен деп телевизиялық бағдарламалардың көбі шоуға айналып кетті. Сіздіңше, көрерменнің талғамын тәрбиелеуге бола ма?
– Көрерменнің талғамымен санаспай-ақ сахнадан да, эфирден де не болса соны тықпалай беру етек алып кеткені рас. Өз басым телевизияда өтіп жататын шоу-бағдарламаларға қатысудан бас тартамын, себебі, біріншіден, қолым тимейді. Екіншіден, телеарналарда ұйымдастырылып жатқан дүниелерге күлкім келеді. Бағдарламалардың деңгейін айтпағанда, ойлап табылған шоулардың, байқаулардың шарттары да көңілге қонымсыз. Өткенде мені бір бағдарламаға сарапшы болуға шақырды. Сол бағдарламаның қандай мақсатты көздейтінін түсіне алмадым. Қалай өмір бойы домбырада халық әндерін орындап жүрген әнші аяқасты эстрадалық әнді айтады? Мысалы, мен домбыраны ұстауды да білмеймін, қалай дәстүрлі әнді айтамын? Дәстүрлі әнші бала кезінен осы бағытқа бейімделгендіктен, өмір бойы өз жолымен жүреді. Керек десеңіз, олардың тіпті ритмі де жоқ. Өйткені дәстүрлі әндердің көбі ритмсіз айтылады. Сонда өмір бойы дәстүрлі әнді нақышына келтіріп орындап жүрген Рамазан Стамғазиев қалай эстрада әншісі бола қалады? Ал көшірме бағдарламалардың қаптап кетуі біздің телевизия мамандарының өресінің төмендігінен деп есептеймін. Басқаға милары жетпегендіктен де дайын жобаларды ала салады.
Барлық көрерменнің талғамы, деңгейі бірдей жоғары бола бермейді. Өйткені олардың бәрі музыка мамандары емес. Мысалы, менің концертіме алғаш келген көрермен «Роза деген кім екен, қандай әнші екен?» деп алдымен қызық үшін келеді. Егер көрерменге концертім ұнап жатса, ол одан кейін де концертіме тұрақты келіп тұруға тырысады. Ал оған менің әнім ұнамаса, онда ол көрермен өз талғамына сай, айталық, Қайрат Нұртастың немесе Құдайберген Бекішевтің концертіне барады. Сондықтан көрерменде таңдау бар. Дегенмен егер кәсіби өнер адамдары көп болса, көрерменнің талғамы да өсер еді деп ойлаймын.
– Сіздің кәсіби ақын-сазгерлермен жұмыс істейтініңізді білеміз. Бүгінде жастардың арасында да дарынды ақындар мен сазгерлер төбе көрсетіп жүр. Осындай жастардың шығармашылығымен танысудың сәті түспеді ме?
– Өздеріңізге белгілі мен Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатев, Иран-Ғайып, Шөмішбай Сариев, Ибрагим Исаев сынды кәсіби ақындардың сөзіне жазылған әндерді орындаймын. Сондай-ақ мен Александр Беляков, Қанат Ахметов сынды кәсіби дирижерлермен жұмыс істеймін. Әндерімді өңдегенде де кәсіби мамандармен бірлесіп отырып өңдеймін. Әзірге жастардың арасында кәсіби деңгейі жоғары мамандар аз. Жас ақын-сазгерлер маған өздерінің өлеңдерін, әндерін өте сирек әкеледі. Сондықтан бұл туралы пәлендей ештеңе айта алмаймын. Әрине, егер жастардың шығармаларының арасында менің стиліме, талғамыма сай келетіндері болса, бас тартпас едім. Бірақ әзірге ондай әндер қолыма түсе қоймады.
– Халық әртістеріне мемлекет тарапынан қандай да бір қамқорлық қажет пе?
– Мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазақконцерт» бірлестігіндегі «Қазақ әуендері» деген мекеменің әншісімін. Менің айлық табысым 70 мың теңгенің айналасы. «Қазақконцерт» қандай концертке қатыс дейді, мен соны істеймін. Ал «Қазақконцерт» мен үшін не істеп жатыр десеңіз, мен ештеңе де айта алмаймын. Бұл мекеме тарапынан әртістерге ешқандай көмек жоқ. Өздеріңізге мәлім, мен жылда «Көктем шақырады» атты үлкен концерт беремін. Мұндай концертті Республика сарайында өткізу үшін барлық шығындарды санасам, ең кемінде 150 мың АҚШ доллары керек. Ондай қаржыны маған кім береді? Ал көрермен «Розаның концерті қашан болады екен» деп жылда күтеді. Мен қазіргі жалақыммен 150 мың долларды өмір бойы жұмыс істесем де таппайтын шығармын. Ол үшін өнерге жанашыр меценаттар болуы керек, әкімшілік тарапынан көмек керек.
Сондай-ақ, музыка, театр, кино секілді түрлі салаларды өз салаларының қас шеберлері басқарғаны дұрыс.
– Бір сөзіңізден сіздің БАҚ өкілдеріне деген өкпеңіздің бары байқалады...
– Қазір екінің бірі газет-журнал шығара беретін болды ғой. Мен кейде дүңгіршектерден әдейі қазақ газет-журналдарын сатып алып оқимын. Қаптаған өсек-аяң. Қазақ БАҚ өкілдерінің арасында кәсіби журналистер өте сирек. Кейде тіпті мұрнына журналистиканың иісі бармайтындар келіп, менен сұхбат алып отырады. Ондайларға сөзімді қор қылмай, қуып та жіберген кездерім болды. Мәдениет, өнер туралы жазатын журналист өз саласы туралы зерттеп жүруі тиіс емес пе? Біздің журналистеріміз оркестрлермен болатын тірі дауыстағы концерттерге, опера және балет театрларына бармайды. Симфониялық оркестр, эстрадалық-симфониялық оркестр дегендерді ажырата білмейді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін нағыз өнерді насихаттап жүрген білікті журналист кездестіре алмадым. Қайта өзгелер «мына әнші не істеп жүр екен, шығармашылығында қандай жаңалық болып жатыр екен» деп аз да болса ізденеді. Жақында мен «Талисман» тобымен концерт бердім, осы концертке бірде-бір қазақ журналисі келген жоқ. Ал фонограммамен болатын концерттерде журналистер толып жүреді. Мен осыдан біраз уақыт бұрын Мәскеуден «Жұлдыздар аллеясы» жобасынан оралғанымда орыс газет-журналдарының журналистері елеп-ескеріп, бұл туралы қысқаша болса да ақпарат беріп, шағын құттықтаулар жазды. Ал бірде-бір қазақ газет-журналдары тіпті бұл жаңалықты ескерген де жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыстар тілейміз!
Алашқа айтар датым бар...
Мен алғаш сахнаға шыққан кезімде қазақ сахнасында бар болғаны төрт-бес әнші жүретінбіз. Олардың барлығы бірнеше халықаралық байқауларды жеңіп алған, Қазақстанның өнерін талай рет дүниежүзіне танытқан әншілер болатын. Халық осындай жоғары деңгейлі әншілердің концертіне жаппай келетін. Қазір бір сахнаға 99 әнші шығады, олардың бәрі – шетінен жұлдыз. Саны көп, сапасы жоқ. Осыған қатты қынжыламын. Сондықтан өнеріміз сапаға көшсе екен деймін. Сахнаға бес әнші шықса да, жөні түзу, сахна мәдениетін меңгерген, кәсіби мамандығы бар, тек тірі дауыста ғана ән шырқайтын жұлдыздар болса екен.