Қазақтың саны көбейген сайын өзге ұлттар ақырын-ақырын қазаққа сіңе береді
Мақаш ТӘТІМОВ, Қазақстанның демография ғылымының негізін салушы, саяси ғылымдар докторы:
– Мақаш аға, биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына – 20 жыл. Осы орайда, еліміздің демографиясын терең зерттеп жүрген бірден-бір ғалым ретінде айтыңызшы, осы 20 жыл еліміздің демографиялық ахуалына қалай әсер етті?
– Қазақ елінің басынан өткен талай нәубет қазақтың демографиялық тарихында айқын із қалдырды. Өткен ғасырдың басындағы Ресей патшалығының саясаты, одан бергі 30-жылдардағы ашаршылық, 37-38 жылдардағы репрессия, оның артын ала келген Екінші дүниежүзілік соғыс, 50-жылдардан үдере бастау алған Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты қазақ халқының табиғи өсімінің тамырына балта шабумен болды. Осы нәубеттердің салдарынан бір кездері Қазақстандағы қазақ ұлтының саны 30 пайызға дейін азайып кетті.
Ал енді «Тәуелсіздік не берді?» деген сауалға келсек, оған нақты жауап беру үшін егемендік алған 20 жылдағы статистикаға көз жүгіртейік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз аумағынан 3 миллионға жуық өзге ұлт өкілі көшіп кетті. Көшкен өзге ұлт өкілдерінің орнын тарихи отанына алыс-жақын шетелдерден оралған қандастарымыз толықтырды. Олардың тарихи отанына оралуына жол ашқан – Тәуелсіздік. Өткен ғасырдағы 80-жылдардың соңында демографиялық ахуал біршама оңалғаны байқалады. Бірақ 1999 жылғы көрсеткіш бойынша қазақ әйелдерінен туған бала саны біршама азайғанын көреміз. Нақты статистикаға жүгінер балсақ, 1988 жылы қазақ әйелдерінен туған бала саны 208 мың болса, 1999 жылы 138 мыңға азайған. Ал өткен 2010 жыл аяқталмай жатып бұл көрсеткіш 265 мыңға жетті. Демек, жыл сайынғы қазақ әйелдерінен туатын бала саны жалпы, соңғы 10 жыл ішінде 127 мыңға көбейген. Яғни қазақ ұлтының саны қарқынды өсіп келе жатыр. Бір кезде 40 пайызға жетпей қалған қазақ халқының үлесі бұл күнде 65 пайызға жетті. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі.
– Соңғы халық санағы төңірегінде дау-дамай болғанын білесіз. Баз біреулер санақ қорытындысы бойынша «қазақтардың саны – 67 пайыз» десе, енді бірі «63 пайыз» дейді. Сіздің болжамыңыз бойынша қазір мемлекет құрушы қазақ халқының саны қанша?
– Қазақтардың санына келер болсақ, менің есебім бойынша, дәл бүгінгі күні қазақтар Қазақстан халқының 65 пайызын құрап отыр. Жалпы халықтың өсімі жылына 250 мың адамға жетіп жығылады. Яғни алдағы әр төрт жылда халық саны бір миллионға артады деген сөз. Табиғи өсім мен миграциялық өсімді қоса есептегенде осы жылдың қаңтар айында қазақтардың саны 10 миллион 620 мыңға жетті. Осы қарқынмен өсер болса, көп ұзамай қазақтар Қазақстан халқының үштен екісін құрайтын болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының критерийі бойынша мемлекеттегі жалпы халықтың үштен екісінен көбі мемлекет құрушы халық болса, ондай мемлекет көпұлтты мемлекет болып есептелмейді. Менің пайымдауымша, бұл күн де ұзақ емес.
– Қоян жылына деген демографиялық болжамыңыз қалай?
– Қашан да қоян жылы қазақ үшін жаман болған емес. Қазақ «қоян-қолтық араласып жатырмыз» дейді. Яғни «береке-бірлікте, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз» деген сөз. Бұл – жақсылықтың нышаны.
Ал қоян – тез өсетін жануар. Сондықтан көк көрпе жиі бүлкілдеу керек. Жай бүлкіл емес, келіншектер көк көрпенің шаңын жақсылап қағуы ләзім. Көк көрпе астынан шығатын «көжектер» көп болуы тиіс. Алла сәтін берсе, елімізде осы жылы жоқ дегенде 370 мың бала дүниеге келеді. Әрине тіршілік бар жерде өлімнің болары хақ. Болжам бойынша осы жылы 150 мыңдай адам өмірден озуы ықтимал. Яғни табиғи өсім 220 мың адамды құрайды. Енді оған көші-қоннан келетін 40 мың оралманды қосар болсақ, жалпы демографиялық өсім 260 мың болмақ.
– Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан демографиялық саясатқа көңіліңіз тола ма? Демографиялық саясат демографиялық өсімге тікелей әсер ете ме?
– «Елімізде демографиялық саясат жүргізіліп жатқан жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Үкімет тарапынан отбасыға, әйелдерге, балаларға деген қамқорлық жасалып жатыр. Жәрдемақы мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Бірақ қанағаттанарлық емес. Мысалы, салыстырмалы түрде қарар болсақ, біздің елде балаларға берілетін жәрдемақы Украинамен салыстырғанда 1,5 есе, Белоруссиямен салыстырғанда 2 есе, Ресеймен салыстырғанда 5 есе аз екен. Ресейдегі «аналық капитал» – 10 мың доллар. Егер әр бала туғанда 10 мың доллар берсеңіз, біздің ауылдағы әйелдер 10 бала табатынына кәміл сенемін. Қазір ауылда алты-жеті баланың өзі сиреп кетті. Осыны ескерген Үкімет алты-жеті бала тапқан аналарды «Күміс алқа», «Алтын алқа» белгілерімен марапаттап жатыр. Бірақ батыр аналарға беріп отырған жәрдемақысы көңіл көншітпейді. Қалада тұратын әйелдердің алты-жеті бала былай тұрсын, төрт-бес бала табуы екіталай. Ал бүгінгі таңда қала халқының саны күн санап өсіп келеді. Сондықтан қала әйелдерін ынталандыруды қолға алу керек. Ол үшін төртінші, бесінші бала тапқан аналарға да марапат беруді ойластырғанымыз жөн болар еді. Мәселен, спортта үшінші орын алғандарды қола медальмен марапаттайды ғой. Сол сияқты бесінші бала үшін «Қола алқа», төртінші бала тапқан әйелдерге де орден, медаль беріп, әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру керек. Қола алқаның дәрежесі «Алтын алқа» мен «Күміс алқаның» дәрежесіндей болмаса да, ондай марапат иелеріне кейбір әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Ал он баладан артық туған аналарды екінші рет «Алтын алқа» белгісімен марапаттап, арнайы статус беру керек. Тіпті кезексіз тегін үймен қамтамасыз етсек те артық болмас.
Менің ойымша, төрт-бес баланың әкесі атанған ер-азаматтарымызды да ынталандырсақ жаман болмас еді. Мысалы, ондай ер-азаматтарға «Ардақты әке» деген атақ беруге әбден болатын сияқты. Егер осындай шаралар қолға алынып, амалға асып жатса, нағыз демографиялық дүмпу сонда болар еді. Осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп тұруы шарт. Егер осы істер амалға асар болса, 2023-2024 жылдары Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асары хақ. Ал 2050 жылға барып Қазақстан халқының саны 32 миллионға жетеді деп ойлаймын.
– Өзіңіз білесіз, көптеген батыс елдерінде демографиялық өсім тоқтаған немесе кеміп барады. Ал бізде демографиялық өсімге қандай да қауіп болуы мүмкін бе?
–«Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» дегендей, ешқашан қамсыз болуға болмайды. Егер Үкімет тарапынан ана мен балаға қолдау әлсіресе, ал қыз-келіншектеріміз батысқа қарап бой түзесе, бір-екіден артық бала таппаса, тұрмысқа шықпай қалатын кәрі қыздар көбейсе, ерлер арасында белсіздік белең алса, онда әрине демографиялық тоқырау болатыны сөзсіз. Дегенмен бізде мұндай жағдай туындай қоймас деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан ана мен балаға деген қолдау оңтайланады, кәрі қыздар мәселесі шешіледі, салауатты өмір салты қалыптасады, аналарымыз ұлттық менталитетін ұмытпайды деп үміттенемін. Себебі қазақ халқы – балажан халық. Әйтсе де «Ұлтжанды болмасаң да, балажан болуға тиістісің» дегенді елдің есіне салғым келеді. Өйткені қазіргі таңда материалдық құндылық алдыңғы орынға шықты да, адам құндылығы кейінгі орынға ысырылды. Оған жаһандану мен батыстық идеология тікелей әсер етуде. Дегенмен «балам – бауыр етім» дейтін қазақ небір нәубет заманда да баладан бас тартқан емес. Сондықтан қазақ ұлт болып сақталып қалды. Ал мына мамыражай заманда қазақтың саны арта беретініне сеніммен қараймын.
– Кейбіреулер бала туу санының азаюын әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен байланыстырады. Шынында да, солай ма? Демографиялық өсім еліміздің қай аймақтарында айқын байқалады?
– Бала табуды әлеуметтік жағдайға тікелей байлап қою дұрыс емес. Әр бала дүниеге өз несібесімен келеді. Қазақ «бір қозы туылса, бір жусан артық шығады» дейді. Міне, осы сөзді ескеріп отырған Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Маңғыстау облысы тұрғындары. Аталмыш өңірлерде әрбір әйелге шаққанда бала саны үшеуден асып, төртеуге жетіп отыр. Осы үрдісті қалған өңірлер жалғастырса, құба-құп болар еді.
– Аралас неке жайлы қоғамда әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Сіздің көзқарасыңыз қалай? Аралас некенің қазақ ұлтының демографиялық өсіміне пайдасы мен зияны қандай?
– Аралас некеге біржақты қарауға болмайды. Мен бір оқиғаны айтайын. Мәскеуде оқып жүргенімізде, бізбен оқитын бір қазақ қызы болгар жігітіне тұрмысқа шықты. Екі бала тапты. Екеуіне де қазақтың атын қойып, қазақша тәрбиелеп өсірді. Осылай болып жатса, несі жаман? Ал егер шетелдік жігітке тұрмысқа шығып, өзге ұлттың ұрпағын көбейтіп жатса, әрине өкінішті.
Ал енді ел ішіндегі аралас некеге келер болсақ, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Жігіттеріміз өзге ұлттың қыздарына үйленгенімен одан туған бала қазақ болады. Ал енді қыздарымыз өзге ұлтқа шығып жатса, одан туған жиендердің бүйрегі қазаққа бұрып тұрары анық. Өйткені қазақтың саны көбейген сайын өзге ұлттар ақырын-ақырын қазаққа сіңе береді. Осындай кезеңде қазақ қызынан туған баланың тез-ақ қазақ болуы сөзсіз. Екіншіден, қанның араласуы геннің күшеюіне ықпал етеді.
– Мақаш аға, біздің білуімізше сіз Мәскеудің педагогика университетін, одан соң аспирантурасын бітірдіңіз. Ал демография ғылымына қалай келдіңіз?
– Менің демограф болуыма Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тікелей себепші болды. Бұл әңгімені басынан бастайын. 1958 жылдың күзінде қазақстандық 72 жас Украинаға металлург мамандығын алуға аттандық. Солардың бірі Нұрсұлтан Назарбаев еді. Техникумда оқыған алғашқы күндерден-ақ Нұрекең өзінің зеректігімен, білімділігімен, алғырлығымен, аса жоғарғы ұйымдастырушылық қабілетімен бірден көзге түсті. Тау-кен тобының жетекшісі болды. Спортпен айналысатын. Жастығына қарамастан өзін үлкендерше ұстайтын. Көреген ұстаздар сол кезде-ақ «сендердің мына жерлестерің, Назарбаев ертең-ақ Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болады» деп, бізге оны дәйім үлгі етіп отыратын.
Алғашында мен Нұрекеңді сырттай ғана танитынмын. Бір күні ерте тұрып, жатақхананың дәлізіне шықсам, Нұрекең скакалкамен секіріп, жаттығу жасап жатқан екен. Біз бір-бірімізді көріп, сәлемдестік. Басқа сөзге барғамыз жоқ. Сол алғаш бетпе-бет кездескенде, «кең маңдайлы екен» деп ойладым. Ұлы Октябрь революциясының 41 жылдығына арналған салтанатты жиында Н.Назарбаевпен жақынырақ танысудың сәті түсті. Ол қазақ елінен барған курсанттар атынан мінберге шығып, сөз сөйледі. Сол жиында сөйлеген сөзінен бойындағы лидерлік, шешендік қасиетін бірден-ақ байқадым. Бір мен емес, елден барған жастардың бәрі байқапты. Бәріміз де дән риза болдық. Сондай жауапты жиында талай майталмандардың алдында мінберге шығып, еркін сөз сөйлеу кез келгеннің қолынан келмесі рас. Сол жиыннан кейін етене араласпасақ та, жиі кездесіп жүрдік.
1959 жылы КСРО-да кезекті халық санағы өткелі жатқан. Оқу орнының директоры мені шақырып, «оқу орнының жатақханасы тұрғынүй нысаны болып есептелмейді, сол себепті Қазақстаннан келген оқушылар санаққа іліге алмай қалады. Сондықтан сені санақ инспекторының көмекшілігіне ұсынып отырмыз» деді. Ол мені арнайы курста даярлықтан өту үшін бір ай мерзімге сабақтан босатқанын айта келе «сені кім ұсынғанын білесің бе? Сендердің топ жетекшілерің, Назарбаев» деді. Бірақ бізде, краншыларда топ жетекшісі басқа жігіт болатын. Ал директордың «сендердің топ жетекшілерің» деген сөзінен, Қазақстаннан келгендердің жетекшісі деп меңзеп отырғанын ұқтым. Шынында да, Нұрекең елден барған жастардың жетекшісі болды. Санаққа дайындық барысында барлық топ жетекшілері маған көмектесті. Топта оқитын студенттердің тізімін алғаш болып тау-кен тобының жетекшісі Назарбаев тапсырды. Сол санақтан кейін менде демографияға деген қызығушылық оянды.
Кейін Мәскеудің педагогикалық институтында оқып жүріп, Экономикалық-статистика институтының халықтық-статистика сабағына еркін тыңдаушы ретінде қатысып жүрдім. «1959 жылғы санақ бойынша Украинада қанша қазақ тұрды екен» деген сауал мені сол кезде мазалай бастады. Санақ қорытындысын Ленин атындағы кітапханадан іздеп таптым. Сол бір ізденіс әлі есімде. 1959 жылғы санақ қорытындысы бойынша, әскери қызметте жүргендерді қоспағанда Украинада 4 785 этникалық қазақтар тұрған екен.
1964 жылға дейін демография ғылымына тыйым салынған болатын. Өйткені Кеңес үкіметі құрамындағы өзге ұлттардың қанша қырғынға ұшырағанын құпия ұстағысы келді.
Мен мамандығым бойынша емес, жүрек қалауымен демограф болдым. Сондықтан да мен өмірімнің 53 жылын демография ғылымына арнадым. Демография ғылымының негізін қаладым десем, артық айтқандық болмас. Демография жайлы еңбектерім шетелдерге де кең тараған.
– Елге оралғаннан кейін де Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын араластыңыздар ма?
– Украинада екі жылдық оқуды тамамдаған соң, бізді Теміртауға жұмысқа жіберді. Онда екі жыл жұмыс істеп, сосын Мәскеуге оқуға кеттім. Одан кейін араласа қойғанымыз жоқ. Өйткені біз 70-80 жылдарда әр қалада тұрдық.
1991 жылдың соңында азаматтық «Азат» қозғалысының тең төрағасы ретінде мені Н.Назарбаев қабылдауына шақырды. Бұл сол бір Теміртауда бірге жұмыс істеген кездерден кейінгі алғашқы кездесу болатын. Кездесуде тек қоғамда қордаланып тұрған мәселелер төңірегінде әңгімелестік. Мемлекеттік тіл, қазақ мектептері, оралмандар жайлы және де басқа да өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіді.
Президенттің тапсырмасымен Үкімет тарапынан нақты бағдарламалар қабылданып, талай мәселе шешімін тапқан сәттерде, арада болған сол әңгіменің бос сөз болып қалмағанын түсіндім және оған іштей риза болдым.
Сол бір алғашқы кездесу кезінде Нұрекең менен «қандай өтінішің бар» деп сұрады. Мен жеке басым жайлы емес, қоғамдық мәселелер жайлы әңгімені қайта жалғадым. Ол «сен сол баяғы, өз ісіңнің фанаты екенсің ғой» – деді.
Араға екі жыл салып, Елбасы мені Президент Әкімшілігінің Ақпарат және сараптау бөліміне жұмысқа шақырды. Мұны мен Нұрекеңнің достық ықыласы, біліктілігімді бағалауы деп ұқтым. Сол қызметте жүрген екі жылда саясаттану ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғадым.
– Біздің елде демографтар даярлайтын жоғары оқу орны бар ма?
– Тек біздің елде ғана емес, бүкіл Кеңес үкіметі құрамында болған елдерде де демографтар даярлайтын оқу орны жоқ. Демографтар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Карлов университеті Чех елінің Прага қаласында орналасқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен елімізден 20 баланы сол университетке демограф мамандығын меңгеруге жібердік. Олардың алды оқуын бітіріп, елге оралды. Бірқатары әлі оқуларын жалғастыруда.
Бізде демография әлеуметтанудың бір саласы ретінде оқытылады. Демография – әлеуметтанудың діңгегі.
–Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Еліміздегі әрбір отбасында алты-жеті баладан болса екен. Үкімет тарапынан ана мен балаға тиесілі дәрежеде қамқорлық жасалса. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ғасырлар бойы ержүрек бабаларымыз қорғап келген кең байтақ қазақ жерін әйелдеріміз дархан да дана, елім деп еміренетін текті қазақтың ұрпағымен толтырса екен деп тілеймін.
Қысқаша мағлұмат:
Мақаш Байғалиұлы Тәтімов – демограф ғалым, саясаттану ғылымының алғашқы докторы, Қазақстанда демография ғылымының негізін қалаушы, көші-қон саясатын белсенді насихаттаушы. Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. Құрмет орденінің иегері. Санкт-Петербордағы педагогика және психология ғылымдары академиясының Қазақстаннан өкіл-мүшесі. Демография бойынша 12 ғылыми монографияның авторы.
Төрт баланың әкесі.
Үлгі тұтар тұлғалары: жауырыншы Жүгеней, ақын Абай, ел қорғаушы Кенесары, күйші Құрманғазы.