Қа­зақ­тың қыздарының қолынан бәрі келетініне ерлердің көзі жетті деп ойлаймын

Қа­зақ­тың қыздарының қолынан бәрі келетініне ерлердің көзі жетті деп ойлаймын

Динар НҮКЕТАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, «Құрмет» орденінің иегері, Білім беру ісінің үздігі:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы 

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Кең-байтақ қазақ жерінің қай топырағы да қасиетті. Дегенмен туған жеріңіздің өзіңіз үшін артық тұсы, ерек­ше астын сызып айтар қадірі мен қасиеті туралы не дер едіңіз?
– Өзім Жамбыл ауданының тумасы екенімді мақтан тұтамын. Жамбыл ата­мыз­дың ХХ ғасырдың Гомері атанғанын білесіздер. Бұл өлке – батырлар мен ақын­дар елі. Тамыры терең, өзегі өлең ақында­рымыз, жыршыларымыз көп, өзіндік дәс­түрі бар, жері құнарлы, түгін тартсаң, май шығатын, Жамбыл атамыздың, Сүйінбай бабамыздың, Үмбетәлі Кәрібаевтың, композитор – Нұрғиса Тілендиев, қаламгер­лер – Сейдахмет Бердіқұлов,Оспанхан Әубәкіров, Мұхамеджан Етекбаев сынды дарындылар шыққан жер. Сондықтан да бұл жер қай жағынан болса да маған өте ыстық.
Алғашқы еңбек жолыңыздан бас­тап, білім, ғылым саласында, ел тізгініндегі қыз­меттерде келесіз. Бүгінгі атқарып отыр­ған қызметіңіздің жа­уап­кершілігінің зор екендігін дәлелдеп жату артық болар. Сіз басшылық ететін Қазақ мемлекеттік қыз­дар педагоги­ка­лық университеті – еліміз­дегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Қыз – болашақ ана, ұрпақ әке­луші және тәрбиелеуші. Аталған оқу ор­нының тағы қандай ерекшеліктері бар?
– Бізде 10 000 мыңға жуық қыз бала оқи­ды. 1,5 мыңға жуық үлкен ұжымымыз бар. Құдайға тәубе, қыздарымыз өте жақ­сы, 90 пайызы –ауылдық жерлерден. Көп балалы отбасылардан, жағдайы төмен отбасылардан келген қыздарымыз да бар. Олардың білімге, өнерге деген талпыныс­тарының жоғары екендігін көріп отырмын. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қа­ра күңнен тыю» деген сөз бар. Біз қызда­рымыздың тәртібіне, жүріс-тұрысына қа­рап, бақылап отырамыз. Түрлі клубтар жұмыс істейді, үйірмелерге қатыстыра­мыз, қыздар өнер көрсетеді. Үлкен тарихы бар «Айгүл» ансамбліміз, «Ұлар» ансамблі, одан кейін «Томирис» би ансамблі жә­не «Өнер жастан...» деп аталатын театрымыз бар. Педагогика-психология факультетінде дене шынықтыру және спорт кафедрасы жұмыс істейді. Музыка факультетін өте мықты факультет деп айтуға болады. Спорт жағын алатын болсақ, өздеріңіз естіп жатырсыздар, мемлекетіміздің қор­жы­нына алтын түсірген, әлем чемпионы Майя Манеза – 3 курс студенті.
 Екі жылдан кейін университетіміз 70-ке келеді. ТМД елдерінде мұндай университет жоқ. Басқа шетелде саусақпен са­нар­лық. Бұл – игі іс, ата-салтымыздан, ба­ба­ларымыздан жалғасып келе жатқан үлкен құрмет, ұлттық дәстүр деп есептеймін. Соған кір келтірмеу үшін біз тек қана маман емес, болашақ ана, болашақ жар дайындаймыз. Киім тігуді, өздерінің дип­ломдық жұмыстары бар, түрлі-түрлі қа­зақтың бешпеттерін, көйлектерін, сырмақ­тарын, киіздерін, оюларын, тоқымаларын қыздар жасап жатады және еңбек саба­ғының мұғалімдерін дайындаймыз. Қыз­дарымызға бар жағдайды осы тұрғыда жасап отырмыз.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Өзіңіз басқа­рып отырған мекеменің жақсылы­ғына, өнерлі, тәрбиелі, білімді қызда­ры­ңыздың барлығына, әрине, біз де қуанамыз. Динар ханым, «гендерлік саясат» деп жүрміз ғой, болмыс-бітім, ұстаным тұрғысында қалай тәрбие­лей­сіздер?
– Университетімізде «Қазақ аруы» деген курс беріледі. Бұл жерде де қыздың киіну тәртібі, оның жүріс-тұрысына дейін енгізіледі. Қазіргі қоғамда қыздарымыз бар­лық жағына дайын болуы керек. Олар тек «мен анамын, жармын» деп қана отырмауы керек. Шамасына қарай, қолынан келсе, өзі білімді және жақсы жар болса, тіпті, саясатқа, қазіргі кезде қоғамдық өмірдің қай саласына араласам десе, қай сатыға шығам десе, қай кезде де оған жол ашық. Әйел затының қашан да жөні бөлек. Өйткені қиын-қыстау кездерде қыздар екі білегін сыбанып, Қытайға барып, шетел асып, ала сөмкелерін арқалап, ерлерін төмен қаратпау үшін, мұңайтпау үшін, бала-шағасын асырау үшін, барлығын тас­тап, бел буып, шешімге келіп, эконо­ми­каға, халықтың әлеуметтік жағдайын көте­руге үлкен үлесін қосқан. Сондықтан қа­зақ­тың қыздарының қолынан бәрі келетініне ерлердің көзі жетті деп ойлаймын. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде, қиын са­ғаттарда қыздарымыз қолына қылышын асынып, найзасын көтеріп, қару-жарағын алып, Отанды да қорғаған. Казір бәсекеге қабілетті болу керек дейміз. Ол тек – ерлер бәсекеге қабілетті емес, бүкіл қоғам бәсе­кеге қабілетті болу керек деген сөз. Әлем­нің кеңістігіне еніп, білім мен білікті ұш­тастырып, қоғамдағы қызметке де араласу керек. Егер де барлық жағынан сай болып, үйіндегі азаматы рұқсатын беріп тұрса, иық тіресе отырып жұмыс жасаса, қоғамға да, өзінің отбасына да жаман болмайды. Өйткені мемлекетіміздің кішкентай бөлігі ол – отбасы. Сондықтан әрбір отбасы жақ­сы, әрбір отбасы табысты, әрбір отбасы үлгілі болса, қоғам үшін, мемлекет үшін өте пайдалы деп ойлаймын. Қазіргі кезде «мынаны сен істе», «мынаны мен істейін» деген болмайды, кімнің қабілеті сай келсе, сол істеу керек. Әйелінің шамасы, қабілеті жетіп, табысы жақсы болып, бизнеспен айналысса, «жоқ сен үйде отыр, мен асыраймын» деп ері айта алмайды ғой. Ер-азаматтар бұған тү­сі­ністікпен қарайды. Сон­дықтан қайсы­сының қолынан келеді, қай­сысы бәсекеге төтеп бере алады, сол жұмыс жасап, отбасына, еліне үлкен үле­сін қосу керек деп ойлаймын.
– Елбасымыздың «Болашақ» бағ­дар­ламасы елімізде нәтижесін беріп, білім алып келген жастар еңбекке араласып жатыр. Дегенмен мектеп бітірте салып, шетелге қыз баланы оқыту жайлы түрлі пікірлер бар. Қыз бала­ның оқуын шетелде қай жасынан жал­ғастырғаны жөн?
– Барша жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасымен осы уақытқа дейін оқып келген 3 мыңнан астам жастарымыз бар. Кейінгі бір-екі жылда бакалаврға түспейтін болды. Бакалаврды бітіргеннен кейін магистратурасына түсіп, баруға болады. Мектепті бітіре салып, шетелге кету, әрине, қиын жағдай. «Болашақ» бағдар­ла­масының біздің жастарға берері көп. Олар келіп, біздің экономиканы, бизнесті көтеруге өздерінің тарапынан көптеген жұмыстар жасап жатыр. Мысалы, менің қызым шет мемлекетке 1-курстан барып оқимын десе, мүмкін, мен жібермес едім деп ойлаймын. Өйткені қыздар – нәзік жан. Мектеп бітіргеннен кейін балалар тол­қып тұрады ғой. Сондықтан сол толқуы басылып, бірнеше жыл оқығаннан кейін өзіне не керектігін, қандай білім алу керек екендігін, қай жерге бару керек екендігін, білімнің қаншалықты деңгейі керек екендігін біледі. Бастапқыда ата-анасының қа­сында болғаны дұрыс деп ойлаймын.
– Тәуелсіздік жылдары білім саласында әртүрлі реформалар орын алды. Шетелдердің тәжірибесіне сүйендік. Бүгінгі Қазақ мемлекетіндегі білім саласына көңіліңіз толатын және көңілі­ңіз толмайтын тұстары бар ма?
– Елбасымыз: «Ұлттық білім жүйесін сақтай отырып, басқа мемлекеттердің жақсы тәжірбиесін ендіру керек», – деді. Біз де соған талпынып, өзіміздің тұрғы­мыз­дан жұмыс жасап жатырмыз. Еліміздің білім саласы 2010 жылдан бастап, Болон үдерісіне енді. Бұл үдеріске қатысуы­мыз­дың мақсаты – оның негізгі қағида­ларын жүзеге асыру арқылы Қазақстан­ның жо­ғары білімінің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру, жоғары мектеп дамуының негізгі бағыттары мен оның артықшылық­тарын айқындау және әлемдік білім кеңістігіне ену. Бұл үдеріс ұлттың зияткерлік әлеуетін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өзінің оң әсерін тигізеді деп көзделіп отыр. Болон процесінің негізгі принциптері – студенттермен, оқытушылармен алмасу, заманауи білімді жетілдіру. Мысалы, министр­ліктің тарапынан 12 млн тенге алып отырмыз. Соған шет мемлекеттен ағылшын пә­нін жүргізуге оқытушылар шақыртып отырмыз. Осы тұрғыдан бір семестр бізде оқыса, студенттеріміз, екінші семестрде басқа мемлекетке барып, олармен тәжі­рибе алмасып, білімін өзімізге сіңіру. Шетелден бізге де келеді. Болон процесінің принципі тағы бір – үш сатылы оқу. Бакалавр, магистратура, PhD докторантура. Біз­дің университетімізде 43 мамандықтан – бакалавр, 22 мамандықтан – магистратура, 4 мамандықтан PhD докторантура бар.
– Еліміздің білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жоғары оқу орындарының санын қысқартуға байланысты мәселелер көтеріп, биыл нақты іске көшетіні айтылды. Сіздіңше, оқу орындарын қысқартқан жағдайда білім сапасы арта ма?
– Білім және ғылым министрлігі Ел­басының тапсырмасын орындау барысында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Ең бірінші талап – білім сапасын арттыру. Біз­дің білім сапамыз төмен болса, қалай бәсекеге қабілетті боламыз? Көп бағдар­ламалар қабылданып жатыр. 2013-2016 жылға функционалды сауаттылыққа арнайы бағдарлама қабылданды. Білімді алып қана қоймай, оның қолдану аясын кеңейту, сол арқылы жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру. Бұл тұр­ғыда көп жұмыстар жасалып жатыр. Білім сапасын арттыру үшін қыздарымызды шетелдерге жіберіп жатырмыз: Қытайдың Синьцзянь педагогикалық университетіне, Түркияның Нигде университетіне, Ан­глия­ға 10 студентімізді бір семестрге жіберіп жатырмыз. Міне, осындай жұмыстар жасалып жатыр. Білім сапасы арту үшін, оған бер­ген диплом, қолына ұстатқан құжат сәйкес болу керек. Шет мемлекеттермен салыстырғанда бізде жоғары оқу орындары жетіп-артылады. Жекеменшік жо­ғар­ы оқу орындары көбейіп кетті. Бірақ олар­дың беріп отырған білім сапасы өте төмен. Оларды ірілендіріп жатыр. Іріленгенде олардың сапасы арту керек, мәселе осында болып тұр.
Университетімізде қытай, парсы, түрік тілі орталығы бар. Құдай қаласа, біз «Көп­тілді орталық» ашайық деп жатырмыз. Қыздарымыз жапон тілін оқығысы келеді. Олар сол елдің тілін оқығаннан кейін, сол мемлекеттің салт-дәстүрімен та­ныс­қысы келеді. Мүмкін, болашақта сол жаққа бар­ғысы келеді, жұмыс жасағысы келеді. Бұл ретте біз білімге тартылған жастарға тек қолдау көрсетеміз.
– Шетелде оқитын кейбір қыздар мейлі түрік, мейлі жапон, мейлі қытай болсын, сол елдің тілін, дәстүрін, салтын ұғынып, сол жақта жұмыс істегісі келеді. Әрине, қыздардың Алла таға­ланың жаратуы бойынша, жұп құрып, тұрмысқа шығуы заңдылық болуы керек. «Өзге елдің тілін біліп, дәстүр-салтына қанығу – қазақ қыздарының шетелдіктерге көбірек тұрмысқа шы­ғуына себеп болып, бұл үрдіс белең алып кетпей ме екен?» деген сұрақ туады. Қазақ қызының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы жайында не дейсіз?
– Қыздарымыздың басқа ұлтқа тұр­мысқа шығуына мен қарсымын. Әрине, махаббат, басқа да сезім болып жатады. Басқа мемлекетте тұрғаннан кейін өзінің елін, жерін, үйін сағынады. Мен сондай қыздардың талайын көріп жүрмін. Біздің ұлтқа тән салт-дәстүрге жетер, біздің ер-азаматтарға тең келер басқа ұлт жоқ деп ойлаймын. Әрине, тұрмыс құру, ол – әр­кім­нің өз ісі. «Сен анаған шық, мынаған шық» деп ақыл үйретуге біздің ешқандай құ­қымыз жоқ. Бірақ өз басым ұл-қыз­да­рымыз ұлттық тәрбиеден ажырамасын деп тілеймін. Құдандалы болу, сол үйге барып, өзіңнің салт-санаңмен, дәстүріңмен құда болған қандай тамаша! Қазақтың болмысын көрсеткен қандай керемет! Ұрпағың қазақ болып, төл ұлтың өседі, отбасың ұлғайып, тегің жалғасады. Қызды жат жұрт­тыққа жаратқан дегеннен кейін, басқа да ұлтқа кетіп жатады. Бірақ мен қыз­да­рының басқа ұлтқа шығып кеткеніне бірталай ата-аналардың қапаланып отыр­ғанын білемін. Кейбіреулері кешірмей жатады. Мен өзім де үлкен отбасында өстім. Біз – бес қыз, бір ұлмыз. Ата-анамыз бізге қа­зақы тәрбие берді. Әпкелерім, сіңлім шетелде оқыды. Әкем көзіне жас алып отырып: «Сен басқа ұлтқа шығып кетпе! Ол жерде түрлі-түрлі ұлттар бар. Олардың біз салт-дәстүрін білмейміз, басқа діндегі адамдар. Біздің дініміз – ислам. Сендер бізді жерге қаратпаңдар!» – деп айтатын. «Жерге қаратпа» дегені – басқа ұлтқа тұр­мысқа шығып кетпе, өзіңнің ұлтыңды сүй, өзіңнің ұлтыңды ардақта, әрдайым өзіңнің ұлтыңды көтермеле дегені. Қазақтың жігіттеріне жетер ешкім жоқ деп айтатын әкем. Әлемдік білім кеңістігіне кіріп жатырмыз. Олардың жақсылығын алып жатырмыз, олар біздің жақсылығымызды алып жатыр. Әсіресе, қыздар өте еліктегіш келеді. Сондықтан да басқа ұлттың жақсы жағын ғана алу керек деп ойлаймын. Қыз бала –болашақтың жалғастырушысы, ол – ана. Ана – ұлттың бет-бейнесі. Ана қандай бол­са, оның балалары, ұрпағы, болашағы да сондай болады. Сондықтан мемлекетіміз келешекте бәсекеге қабілетті болу үшін, біріншіден, мықты денсаулық керек. Ол үшін біздің қыздарымыз түрлі жат қылықтардан аулақ болып, жақсы білім алу керек. Өзіміздің жігіттерді ұлықтап, өзіміздің жігіттерді, азаматтарды сыйлау керек деп ойлаймын.
– Енді университет қабырға­сын­дағы соңғы жаңалықтарыңызбен бө­ліс­сеңіз....
– Университетімізде кредиттік технология, модульдік оқыту толығымен енгізіліп жатыр. Оқу процесін түгелімен автоматтандырып жатқан жайымыз бар. Электронды кітапхана жасап, түгел дерлік эл­ектрондық зал болады. Жатақхана­лар­ды, кітапхананы күрделі жөндеуден өткіздік. Профессор, педагогтеріміздің алдына қоя­тын талабымыз – электрондық оқу­лық­тар, көптілділік. Осыған үлкен ден қо­йып жатырмыз. Бұл – өмір талабы. Елба­сымыздың алдымызға қойып отырған талабы – көп тіл білсең, жерде қалмайсың. Жан-жақты болған, тіл білген, мәдениетті мең­герген, салт-дәстүрін түсінетін адам жаман болмайды деп ойлаймын. Көбі­не­се ағылшын тілін білмегендігімізден бә­се­кеге қабілетіміз бәсеңдеп жатады. Сон­дықтан да министрлігіміздің алдымызға қойып отырған талабы – көптілді білім беру. Қазақ филологиясы және әлем тілдері деген факультет ашып отырмыз. Одан кейін пәндерді ағылшын тілінде жүргізу. Жан-жақты жұмыстар жасап жатырмыз. Осы­ның өзі де аз емес деп ойлаймын.
– Енді елге айтар тілегіңізбен бүгінгі сұхбатымызды түйіндесек.
– Алдымызға қойылып отырған талап өте үлкен. Біз Болон процесінің біз мү­шесіміз. Бірлескен оқу бағдарламаларын құрсақ, шетелдік жақсы деген ғалымдар­ды шақырып, елімізде олардың лекцияларын студенттерімізге тыңдатсақ, түгел дерлік оқулықтар электронды болса, университетіміз түгел дерлік автоматтандырылса, соның барлығы 1 қыркүйектен бастап жұ­мыс жасайды. Педагог-профессорларымызды қолдау мақсатында олардың жала­қыларын молайтуды қарастырып жатырмыз. Барлығы бірдей жалақы алмайды, кім бәсекеге қабілетті, жұмысты жақсы жа­сайды, соның жалақысына біз қомақты қаражат қосамыз.
Еңбек адамдарына өте үлкен қажыр­лылық тілеймін. Болашақтағы білім алу­шы­лардың, бітірушілеріміздің еңбегі, ең­бек адамдарының еңбегі бағаланса деп ойлаймыз. Ол тек қана қаражатпен баға­лану емес, солардың берген білімі біздің болашағымыздың білімін арттырса, кепіл болса... Бәсекеге қабілетті ең­бек адамдарын қолдау, еңбек адам­дарын көтеру, ол – өте үлкен, қазіргі кез­дегі біздің алды­мыз­ға қойып отырған мақ­сатымыз. Сон­дық­тан да барлық еңбек адамдарына, бүкіл халыққа мық­ты денсаулық, жақсы­лық тілеймін, ең­бек­тері елене берсін. Болашағымыз жарқын болсын!
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста