Қазақтың қанына сіңген жылқыға деген сүйіспеншілігі жойылып кете ме деп қорқамын
Жанмырза Нұрмағанбетов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, техника ғылымының докторы, профессор:
– Жанмырза Омарұлы, сіз басқарып отырған Павлодардағы педагогикалық институт – мемлекеттік мәртебеге ие оқу орны. Институтқа бір тұлғаның есімі бұйырмай келе жатқанына да біраз уақыт болып қалды. Осы мәселе жөнінде қандай шаралар жүзеге асып жатыр?
– Павлодар облысының жыл сайын мектеп түлектерінің білім көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда келе жатқаны бүкіл елге мәлім. Бірыңғай ұлттық тестілеуде, республикалық, халықаралық білім сайыстарында біздің өңірдің оқушылары топ бастап жүр. Сол оқушыларға тәлім беріп, білім нәрімен сусындатып жүрген облыстағы ұстаздардың еңбегі ерен. Облыстағы жалпы педагогтердің басым бөлігі – осы біздің педагогикалық институттан түлеп ұшқан мамандар. Облыстағы оқушылардың білім деңгейі біздің институттың қандай мамандар даярлап жатқанын көрсетіп отыр. Мақтанғаным емес, 48 жылдық тарихы бар білім ордасы облыстық, республикалық деңгейде көрініп жүрген педагог мамандарды дайындап шығарды. Облыстағы беделді оқу орындарының бірегейі болып табылатын біздің институтқа осы өңірден шыққан тұлғалардың бірінің есімін берсе деген ниет бар. Бұл мәселе қоғам талқысына шығып кетті. Көптеген ұсыныстың түсуі соның бір айғағы болса керек. Менің ойымша, әмбебап білім ордасын Павлодар жұртшылығына ғана емес, тұтас қазақ ұлтына танымал тұлға, үлкен әулие болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімімен атаған дұрыс. Бұл пікірімді басылым беттеріне шыққанда, үлкен басқосуларда ауық-ауық қозғап жүрмін. Менің бұл пікірімді өңірдегі ақсақалдар, зиялы қауым қолдап отыр. Құранды қазақшаға тәспірлеп, қара өлеңмен түсіндірген шешен, әулие, жалпы, бесаспап болған Мәшекеңді Павлодар ғана емес, бүкіл ел жақсы біледі. Ол кісінің 20 томдығы жарыққа шығып, елімен қайта қауышып жатыр. Әлі де 20 томға жетерлік еңбектері зерттелмей жатыр. Өткен ғасырдың басында осындай мұра қалдырып кеткен тұлғаның еңбектерін қазіргі ақпараттық заманда ешкім жасай алмай келе жатыр. Сан саланы бір өзі меңгерген Мәшекеңдей тұлғаның есімін облыс жастарына жан-жақты білім беріп отырған білім ордасына беріп жатса, құба-құп болар еді. «Мәшһүр Жүсіп институтында оқып жүрмін» деген ой кез келген балаға қуат береді деп ойлаймын.
– Білім ордасының басшысы – өзіңіз бастап институтқа ат беру мәселесіне мүдделі болып жүрсіз. Тұлғаның есімін беруге не кедергі?
– Халықты құлақтандырып, насихат жұмыстарынсыз бірден өзгерте салу мүмкін емес. Оның үстіне, әңгіме басында айтып өттім ғой, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көптеген ұсыныс жасалған. Көрнекті жазушы Сәбит Дөнентаевтың есімін беру туралы ұсыныс-пікірлер болды. Яғни облыс жұртшылығы бір тоқтамға келе алмай отыр, біздің қаланың аты да осындай қызу пікірталас тудырды. 60 пайыз қазақтар болса, солардың өзі бір тоқтамға келе алмай отыр. Біреуі Кереку, енді бірі Баянауыл деп атайық деген ұсыныстар айтады. Солардың барлығы насихат жұмыстары үшін жүргізіліп жатыр. Бүкіл республика деңгейінде құлақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қаланың аты да түптің түбінде ауысары сөзсіз. Дәл сол сияқты институтқа да тұлға есімін беру мәселесін облыстық деңгейде насихаттай беруіміз қажет деп ойлаймын. Қазір осы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Мәшекеңнің есімін беру үшін аянып қалмаймын.
– Қазір – қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтап қалу үшін жанталасып жатқан уақыт. Осындай кезеңде білім ордасының жұмысынан бөлек, өзіңіз бастап ұлттық спорт түрлерін дамытуға күш салып жатқаныңызды естіп жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз дөңгеленіп жатыр ма?
– Қазақтың төл ойындары үлкен спортқа айналуы тиіс. Мысалы, аударыспақты ғана алып қарайтын болсақ, ата-бабаларымыз жаугершілік замандарда өздерінің спорттық дене бітімдерін сақтап тұру үшін осы бір ойынды тұрақты түрде ұйымдастырып тұрған. Қазір олимпиадаларға, әлем біріншіліктері мен құрлық жарыстарына қатысатын спортшылар спорттық бабын сақтап тұру үшін қалай жаттығады, қазақтар ежелден атүсті жекпе-жектеріне аударыспақ арқылы дәл солай машыққан. Ұлттық спортты дамыту мақсатында бүкіл республика болып жұмылып жатырмыз ғой. Бірақ Қазақстан бойынша арнайы мамандар, атбегілер дайындайтын бірде-бір жоғары оқу орны жоқ екен. Қазір жылқы өсірумен, баптаумен айналысатын бірнеше клуб құрылып жатыр. Республикалық мектептер бар. Сол жерге аттың жөнін білетін ауылдағы ағаларымыз барады, бірақ арнайы дипломы жоқ деп жұмысқа алмайды. Жылқы баптау үшін арнайы клубтар шетелден мамандар әкеліп жатады. Жылқының қадірін түсінетін, жылқы баласын қазақтан артық білетін жер бетінде басқа ұлт бар дегенге келісе алмаймын. Республикадағы педагогикалық институттардың дене шынықтыру факультеттерін бітіріп шыққан мамандардың өздерін ат спорты клубтары жұмысқа алмай жатады, тіпті жұмысқа алған күннің өзінде шетелден келетін мамандардың қасында өте төмен деңгейде жалақы тағайындап қояды. Айтатындары жергілікті атбегілердің арнаулы дипломы жоқ дегеннен аспайды. Жергілікті атбегілер аттың қыр-сырын терең меңгерген болса да, дипломы жоқ болғандықтан, жұмыссыз қалып отыр. Осы бір үрдіске өзіміздің бір пайдамызды тигізу үшін және де солтүстік өңірлерде жойылудың аз-ақ алдында қалған ат спортына кіретін қыз қуу, аламан, аударыспақ, теңге ілу сияқты төл ойындарымызды қайта жаңғыртуға бел буғанымызға екі жыл болды. Бүкіл Қазақстан бойынша біз бірінші болып қолға алып, педагогикалық институттың ішінде арнайы атбегі мамандар даярлап жатырмыз. Оған дейін де біз институт жанындағы колледжде ат спорты бойынша кадрлар әзірлеген болатынбыз. Үш күн қазақ күресімен айналысып, үш күн ат спортының секциясына барып жүріп, былтыр колледжді тамамдады. Қазір солар институтта білімдерін одан ары жетілдіріп жатыр. Арнайы базамыз жоқ болғандықтан, әзірше студенттеріміз қаланың шетінде Кенжекөл деген ауылдағы балалар спорт мектебіне барып, тәжірибеден өтіп жүр. Сол жердегі аттарды бәйгеге жаратып, көкпарға әзірлеу жұмыстарына белсене араласып жүр. Біздің ат спортына ден қойғандағы мақсатымыз бәйгеден көлік пен теледидар ұтып алу емес. Көздегеніміз – әлі күнге дейін жоғарғы деңгейге көтеріле алмай келе жатқан ұлттық спортымызға арнайы мамандар даярлау. Біздің институтқа ауылдың жастары көптеп келеді. Солар ертең ауылдарына барып, өздерінен кейін өсіп келе жатқан жасөспірімдерге ат спортының қыр-сырын үйретсе екен деймін. Осылай жылқы шаруашылығының дамуына түрткі болсақ деген үмітіміз де жоқ емес. Біле білген адамға ат спортының тәрбиелік мәні өте зор. Бәйгеге бес-алты жастағы балалар шабады ғой. Сол балалар атбегілердің жанында жүріп өседі. Міне, мұндай балалардан ешқашан жаман адам шықпайды. Құдай қаласа, ат спорты мамандығы бойынша білім алғысы келетін жастарымыздың қатары көбейсе, институттың өзіне жылқылар сатып алу ойымызда бар. Базаларды жалға аламыз. Егер ісіміз дөңгеленіп жатса, арнайы базалар ашуымыз мүмкін.
– Ат спортының бәйге саласы бойынша Еуропа мемлекеттері алдыңғы қатарға шығып кетті. Тіпті спорттық арналарда олардың жарыстарын көрсетіп жатады. Шетелдік атбегілердің тәжірибесі де мол. Сол мамандармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу жоспарда бар ма?
– Әрине, еуропалықтар бәйгеге қатты көңіл бөліп жатыр. Мықты мамандар баршылық. Дипломдық жұмысының тақырыбы ат спортына қатысты бір магистрантымызды былтыр Беларусь еліне жібергенбіз. Сонда сол баламыз белорустардың атқа қаншалықты көңіл бөлетінін көріп, таңғалып келді. Тіпті бір институтта ат спорты кафедрасы бар екен. Арнайы базалары құрылған. Жылқыларға, атбегі мамандарға барлық жағдай жасалған дейді. Еуропаның көптеген мемлекетінде арнайы мектептерден бастап, жоғары оқу орындарына дейін ат спортына қатысты бөлімдер бар. Бір оқу орны бірнеше арнайы базаға ие. Біз қазақпыз, қазақтың жылқыға деген махаббаты қанына сіңген дейміз. Сөзбен айтқанда түбін түсіреміз. Бірақ нақты іспен айналысу атымен жоқ. Енді ғана қолға алып, кірісіп жатырмыз. Шетелдік мамандармен байланысқа келер болсақ, студенттерімізді тәжірибеден өту үшін жіберіп тұрамыз. Сол жастарымыз шет мемлекеттердің тәжірибелерін үйренсе, бізге әкелер деген ниетіміз бар. Алдағы уақытта студенттеріміздің саны көбейіп жатса, байланыстарды тереңдете түсеміз.
– Жылқы саласын зерттеп жүрген ғалымдарымыз қазақтың төл жылқысының құрып бара жатқанын айтады. Сіз не дейсіз?
– Қазір ірі бизнесмен азаматтар бәйге алуды, өзінің атағын шығаруды ғана ойлап, еуропалық, ағылшын тұқымын, түркіменнің ақалтекесін өсіруді әдет қылып алды ғой. Қаржысы бар сондай азаматтар қазақтың төл жылқысының өсуіне үлес қосса ғой. Дегенмен Қостанай қаласында жылқы зауыты бар. Мемлекет қамқорлығындағы сол орталықта қазақтың жылқылары өсіріліп жатыр. Бірақ баяғы қазақнаттың деңгейіне жеткізу үшін қыруар шаруаны атқару қажет. Ол үшін ғылыми зерттеулер, тәжірибелер керек. Әзірге ондай шаруаларды атқаруға біздің шамамыз келмейді. Біздікі – тек қазақтың ұлттық ат спортын жаңғыртып, дәріптеу ғана.
– Тағы бір ұлттық спортымыз – қазақша күрес бойынша облыстық федерацияны басқарып отырсыз. Жапондар – дзюдосын, корейлер таэквондосын тегін жарыстар өткізу арқылы кеңінен насихаттап, әлемді жаулап алды. Тіпті олимпиада ойындарының санатына дейін көтерді. Қазақтың күресін халықаралық деңгейге көтеру үшін нендей шараларды қолға алу керек деп ойлайсыз?
– Қазақ күресінің бүгінгі жай-күйіне келер болсақ, тау қопарып, әлемдік сипатқа ие болатындай дәрежеге көтерілмесек те, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында ғана Астана қаласында қазақ күресінен үшінші рет әлем біріншілігі ұйымдастырылды. Азия біріншілігін де өткізіп жүрміз. Туризм және спорт министрінің өзі қазақ күресін Азия ойындарының қатарына енгіземіз дегенді айтқан болатын. Азия ойындарының деңгейін жақсы білесіздер, кіші олимпиада десек те болады. Егер Азия ойындарының санатына енсе, қазақ күресінің танымалдық деңгейі де көтеріле түсетіні сөзсіз. Жалпы, қазақ күресі аузымыздың суы құрып айтатын жапонның дзюдосынан еш кем емес. Қазақ күресін еркін меңгерген әрбір спортшыға қазақтың күртешесін кимоноға айырбастап, кез келген сәтте дзюдоның әдістерімен күресе беруге болады. Әлемге тарату үшін алдымен өз елімізде бұқаралық сипатқа айналдыруымыз қажет. Ол үшін ауылдық деңгейден бастап, республика көлеміне дейін жарыстар жиі ұйымдастырылып тұруы шарт. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылға толар-толмас уақыт болса да, бүкіл әлем бізді таныды. Астана мен Алматыда өткізілгелі отырған қысқы Азия ойындары қазақ елінің танымалдығын одан ары арттыра түспек. Спортқа жақын ел екенімізді жалпақ әлемге паш ете алсақ, халықаралық жарыстарды жиі ұйымдастырып, аудиториясын кеңейте алсақ, олимпиадалық ойындардың да қатарына енгізуге талпыныс жасауға болады. Қазір олимпиадалық ойындардың қатарында жүрген еркін күресте, грек-рим күресінде балуандар кейде уақыт ұту үшін белдеспей жүріп алады. Ал бұл көрерменді жалықтырып жібереді. Ал қазақ күресінде әдіске салып тастап жібергеннен кейін тоқтатылып, белдесу қайта жалғасады. Уақытты созып жүріп алған спортшыға ескерту беріледі. Яғни өзге күрес түрлеріне қарағанда әлдеқайда қызықты. Бұл – таза білектің күшіне сүйенетін, тынымсыз қозғалысты қажет ететін белдесу.
– Үш бірдей әлем біріншілігін ұйымдастырдық деп отырсыз. Қазақ күресі кеңінен насихатталмай жатқаны белгілі. Осындай кезде әлем біріншіліктерін ұйымдастырып, жүлде біткеннің бәрін өз қоржынымызға салып алып жүрген жоқпыз ба?
– Бұрынғы әлем біріншіліктеріне қатысқан мемлекеттердің саны аз болғаны рас. Бірақ осы үшінші әлем біріншілігінде 39 мемлекеттен балуандар келді. Осынша мемлекеттен балуандар келгеніне қарағанда, бұрынғы жарыстар арқылы қазақ күресін насихаттай алған сияқтымыз. Әрине, қазақтар көп жүлде алып жатса, ол – заңдылық. Себебі қазақ күресін қазақтан артық меңгерген ұлт жоқ. Республика бойынша арнайы мектептер осы қазақ күресі бойынша шәкірттер әзірлеп жатыр. Қызылорда облысы жастарды іріктеуде жақсы жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ бірінші орын алғандардың арасында латыш балуаны болды. Абсолютті салмақ бойынша белдесуде ресейлік спортшы екінші орын алды. Күміс пен қола медальдардың біршамасы шетелдіктердің қоржынында кетті. Сондықтан жүлденің бәрін өзіміз алып қалатын жарыс емес, әділетті түрде төрелік жасалған әлем біріншілігін өткіздік деп айта аламын.
– Облыстық федерацияның басшысы ретінде сіз қандай шаруалар жүргізіп жатырсыз?
– Менің бұл қызметке тағайындалғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ институт қабырғасынан, колледжде қазақ күресінен бапкерлер шақыртып, секциялар аштым. Қызығып, дайындыққа келіп жатқандардың саны күн санап артып келеді. Спорт мектептерінде шәкірттер тәрбиелеу жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Институтта жылына екі-үш рет облыстық біріншілік өткізіп тұрамыз. Бұл да болса – насихат.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Мені қынжылтатыны, қазір ауылдық жерлерде жылқы өсіріп, ат жарату жағы кемшін. Жайылым, қора-қопсылардан таршылық көрмейтін, зор мүмкіндіктері бола тұра, жылқы асырамайтындарына таңмын. Қыстың бораны мен аязында өз қорегін өзі тауып жейтін, тебінге икемі бар, шыдамды жылқыны бағуды ауырсынатындар көп. Қазіргі балалардың құлағын бұрасаң да, компьютерден тұрғыза алмайсың. Оларға жылқыдан гөрі, атыс-шабысқа толы компьютерлік ойындар қымбат болып барады. Осындай жайттарға қарап, қазақтың қанына сіңген жылқыға деген сүйіспеншілігі жойылып кете ме деп қорқамын.