Қазақтілді мектептердің жетістіктерін көрсете білсек, аралас мектептер азаяр еді

Ұлжалғас Есназарова, педагогика ғылымының докторы, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі:

– Ұлжалғас Әмзеқызы, биылғы оқу жылы министрдің ауысуымен бастал­ды. Өз басыңыз жаңа министрден қан­дай жаңалық күтесіз, білім беру сала­сында нендей өзгерістер болуы тиіс деп ойлайсыз?
– Қазақта «Жас келсе – іске» деген ата­лы сөз бар. Білім саласында Қазақстан­ның келешегі үшін атқарылатын қыруар істер көп. Өте жауапты лауазымға келіп отырған жа­ңадан келген министр Қазақстан Рес­пуб­ли­касының білім мен ғылым саласын әлемде алдыңғы қатарға жетелейді деп ой­лаймын.
– Заманауи технологияны игеру қа­зіргі заманның талабы деп жатамыз. Эл­ектронды оқулықтар, интерактивті тақ­талар, тағысын тағы. Бірақ компью­тер­дің адам денсаулығына зияндығы жө­нінде көп айтамыз. Сонда бұл қара­ма-қайшы пікірді қалай түсінуге бола­ды?
– Оны түсіну оңай. Себебі электронды оқу­лық, интерактивті тақта мен компью­терді барлық пән бойынша сабақ бойы қолдан деген қағида жоқ. Мұғалім уақытты үнемдеу үшін және кейде сөзбен айтып жет­кізе алмайтын құбылыстарды оқушы­лар­ға көрсетіп түсіндіру үшін қажет деп тап­қан құрал- жабдықтарды сабақта тиімді пайдалануы керек. Электронды оқулық, интерактивті тақта мен мультимедиялық проекторлар, интернет, аудио, видео, теле қондырғылар мұғалімнің сабақ беру әдіс­темесін де, өрісін де кеңейтеді. Ал компью­терді пайдалану күнделікті сабақты өтуде әдістемелік тұрғыдан байытады және құ­рал­дарды пайдалану жағынан да мұға­лімге көп жеңілдіктер туғызады. Тек өсіп келе жатқан жас бүлдіршін емес, үлкен адам­дарға да компьютер алдында ұзақ оты­руға болмайды. Бірақ оқушылардың жас ерекшелігіне қарай компьютер алдын­да қанша уақыт отыру керектігі туралы ар­найы ереже бар. Мектепте мұғалім, үйде ата-ана баласының қимылсыз ұзақ оты­руы­на жол бермеуі керек деп ойлаймын. Себебі ол баланың көз жанарының нашар­лауына, омыртқаларының қисаюына әке­ліп соғады.
– Оқулық тапшылығы еліміздегі ең өзекті проблемалардың біріне айнал­ды. Білім және ғылым министрлігі жыл­да оқулық жеткілікті дейді, бірақ іс жү­зінде керісінше. Сіздіңше мұның се­бебі қандай?
– Өзім делегат болып қатысқан білім-ғылым саласы мамандарының ІІ, ІІІ съез­де­рінде сөйлеген Президентіміз Н.Ә.На­зар­баев білім беру мен оқулық сапасы ту­ралы өз пікірін ашық айтып, толғанған ойын терең жеткізді. Еліміздің келешегі бі­лімді азаматтар болу керек екеніне ешкім­нің күмәні жоқ. Олай болса оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласының төменде­меуі, пән мұғалімінің өз ісіне шебер болып, немқұрайды қарамауы, жалпы, орта білім бе­ретін мектеп жұмысының алға басуы жаңа буын оқулықтарының сапасы мен маз­мұнына тікелей байланысты деп ой­лай­мын. Соңғы жылдары оқулық шығара­тын баспаларға ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігі бекіткен тізімге кірген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенге қажеттілігіне қарай тапсырысты аудандық білім бөлімі береді. Оған облыстық Білім басқармалары араласа алмайды, себебі оқулық сатып алу­ға қаражатты аудан әкімшілігі бөледі. Қазақстандағы барлық ауданның шаруа­шы­лығы бірдей дамып отырған жоқ. Кей­бір аудандар қажет деген оқулықты алғы­сы келсе де ала алмайды, себебі қаражаты тапшы. Сондықтан кейде жалған ақпарат беруі мүмкін. Баспалар болса қанша дана оқулыққа тапсырыс келді, соны басып шы­ғарады. Жалпы, мектепті, мектеп оқушыла­рын оқулықпен қамтамасыз етуді тек жаңа оқу жылы басталар кезде емес, жыл бойы оны ұйымдастыру мәселесін жан-жақты қарастырса дұрыс болар еді.
– Білім беру бағдарламасы жыл са­йын өзгереді, әсіресе әр оқу жылында жаңа автордың жаңа оқулығына көше беру әдетке айналғандай...
– Дұрыс айтасыз. Мен еңбек жолымды 1975 жылы ауыл мектебінде бастап, 1987 жылдан бері Алматы қаласындағы №138 қазақ гимназиясында еңбек етіп келемін. Ұзақ жылдар бойы бір ұжымда еңбек етіп, ғылыммен айналысқан ұстаз ретінде айта­рым, осы жылдары білім беру бағдарлама­сы жыл сайын өзгермесе де, соншалықты көп болғанына мен де куәмін. Мұғалім мен ата-ана баласының қандай оқу жоспары­мен оқып жатқанын біліп отырғаны жөн. Білім беретін оқу бағдарламасы жыл са­йын өзгеруі дұрыс емес. Мысалы, «Жара­тылыстану» пәні 5-сыныпта 2001 жылдан бері аптасына 2 сағат оқытылып келген еді, ал биылғы оқу жылында аптасына 1 сағат қойыпты. Кезінде осы оқулықты Білім және ғылым министрлігі арнайы тапсырыс беріп жаздырған еді. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академия қызметкерлері бағдарла­ма­ның қалай болса солай қысқаруына жол бермеуі керек. Пәнішілік және пәнаралық байланыс сақталмаған. Мысалы, 5-сы­нып­та «Гидросфера» тақырыбына 3 сағат берген, тура сол тақырыпқа 6-сыныптағы «Физикалық география» пәнінде 10 сағат берген. Тура осындай қайталау «Жердің глобуста және карталарда бейнеленуі», «Жер біздің ғаламшарымыз» және т.б. тақы­рыптарында кездеседі. Мен оқулық авторы ретінде ондай қателіктерді байқап, өз оқу жоспарымды жөндеп алдым. Жаңа­дан келген жас маман қандай қиындық көреді, оны ешкім ойлап жатқан жоқ.
– Жалпы, оқулықтарды ауыстыра бер­геннен бірдеңе өзгеріп жатыр ма? Бұ­ған ұстаздардың көзқарасы оң деп санайсыз ба? Әр төрт жыл сайын оқу­лық­тың барлығын жаңарта берудің қан­дай қажеттілігі бар? Мысалы, гео­графия, та­рих пәндерінде өзгерістер бо­латын шы­ғар, бірақ барлық пәнде емес қой?
– Кеңес Одағы кезінде қазақ мектептері қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихынан бас­қа пәндерді түгелдей аударма оқулық­тармен оқып келді. Онда қарастырылған құндылықтар Кеңес Одағының мүддесін қорғауға бағытталғаны белгілі. Қазіргі кезде ТМД елдері ішінде егемен Қазақстан оқулық жазу мен шығарудан алда тұр десек қателеспейміз. Мемлекет тарапынан жақсы оқулық жазу мәселесіне көп көңіл бөлінуде, ол – шындық. Ал авторларға мем­ле­кеттік тұрғыдан қамқорлық жетіспей жатыр. Осы уақытқа дейін бізде оқулық қан­дай болуы керек деген сұраққа жауап беретін ғылыми-зерттеу жұмыстары жоқ­тың қасы. Оқулық жасау теориясымен ай­налысқан ғалымдарды саусақпен санауға болады. Кемшіліктің болуы, біріншіден, оқу­лық жазуда өзіміздің қалыптасқан іс-тәжірибеміздің болмауы, екіншіден, XX ға­сыр­дың соңына дейін төл оқулыққа әлеу­меттік тапсырыстың болмауы. Кез кел­ген автор еш уақытта жаман оқулық жаздым деп ойламайды. Бірақ сарапшылар айтқан сын-ескертпелерді ескеріп, ой елегінен өт­кі­зіп, өңдесе, жақсы оқулық дүниеге келері сөзсіз. Жалпы, оқулық жазу – өте жауапты іс. Әрі қиын да қызықты еңбек. Мемлекеттік стандарт талап еткен деңгейде оқушыларға білім беретін оқулық жазылуы керек. Оқу­лықтың басқа ғылыми кітаптардан өзгеше­лігі сол, жалпы оқулық орта үлгерімде оқи­тын оқушыға ыңғайланып, оқулықтарға қо­йылатын негізгі дидактикалық талаптар мен оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып жазылуы тиіс. Ал сыныптағы зейін­ді, жақсы оқушыларға оқу материалдары әр уақытта жеткіліксіз болады. Кітаптағы ма­териалдарға қанағат етпейтін, өз бетін­ше ізденгісі келетін оқушылар да бар. Да­рын­ды оқушылар әрбір сыныпта кезде­седі. Бұдан әрі оқығысы, білгісі келсе, қосымша энциклопедиялар, кітаптар, басқа оқу құ­ралдарын ұсынуға болады. Алғашқы «Қа­зақ­станның физикалық географиясы» оқу­лығын жазғанда менің оқулығымды оқы­ған әрбір оқушы еліміздің және өзі туған елінің жер табиғаты ерекшеліктерін жетік меңгерген, табиғатын аялайтын, байлығын бағалайтын ұлтжанды азамат болып өссе деген ниетте болдым. Мектеп мұғалімі ре­тін­де жазған оқулығым мен оқу-әдістеме­лік кешен туралы әріптестерімнен тек ал­ғыс алып жүрген автормын. Сонымен қа­тар географиядан республикалық атаулы мектеп мүшелері де өз пікірлерін айтады. Менің жазған оқулықтарыма қолжазба кезінде жан-жақты талдау жасалынады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» де­мек­ші, әркез ақылдасып-кеңесіп отыратын әріптестерім болғанына қуанамын. Оның басты себебі оқулықтарым республика кө­ле­міне таралмай тұрып, өзім сабақ беретін мектепте, өзім оқытатын сыныптарда сы­наудан өтті. Өзім жазған оқулықтарыммен сабақ беріп, оқушыларыммен бірлесе оты­рып сараптаудан өткіземін. Мен жазған оқулық және оқу-әдістемелік кешенмен оқы­ған №138 қазақ гимназиясының оқу­шылары ҰБТ-да жылда жақсы көрсеткіш көрсетіп жүр. Биылғы ҰБТ-ға берген сынау қорытындысы бойынша 100 пайыз білім сапасын көрсетті. Жалпы, оқулық төрт жыл­да қайта басылатын болғандықтан, мемлекет өмірінде болып жатқан өзгеріс­терді оқушыларым біліп отырсын деп жұ­мыс дәптерлерін жылда шығарып тұрамын. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылы 1-8-сыныпқа арналған жаңа буын оқу­лықтары қайтадан сараптамадан өт­кен­де менің авторлығымдағы «Қазақстан­ның физикалық географиясы» оқулығы бүкіл республикадағы қазақ, орыс, өзбек жә­не ұйғыр тілдерінде оқытатын мектеп­терге арнайы мемлекеттік тапсырыс бо­йын­ша таратылды. 2012 жылы төртінші рет қайта өңделіп баспадан шықты.
– Білім саласындағы тағы бір үлкен мәселе 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу екені белгілі. Қалай ойлайсыз, бұл жүйе бізге не береді? Біз бұл жүйеге көшу­ге дайынбыз ба?
– Бүкіл ел біледі, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге дайындық қарқынды түр­де жүріп жатыр. Дүниежүзіндегі дамы­ған елдер осы жүйемен оқиды. Ал Гер­ма­нияда 13 жыл оқитын еді, енді олар да 12 жыл­дық­қа көшуге дайындалып жатыр. Бұл біз­де мектеп бітірген оқушылар кез келген шетелдегі ЖОО-ға түсуге мүмкіндік алады деген сөз. Қазақстан Республикасы мемле­кетінің жаңа тарихындағы басты оқиғалар­дың бірі әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына 2010 жылы төраға болып сайланды. Ал 2011-2012 жылдар аралығында Қазақ­стан Ислам конференциясы ұйымына төр­а­ға болды. Астанада ЕХРО-2017 халық­ара­лық көрме өтпекші. Осындай халық­ара­лық деңгейдегі ұйымдарға төраға болған елдің ел болып дамуы үшін, аса қа­жетті рухани байлық көздерін толықты­ра­тын парасатты, ойлау өрісі ғаламдық та­лап-тілектерге сай мәдениетті және эко­но­микалық тұрғыда еркін ойлау қабілеті мен өз бетінше әрекет жасай алатын, жан-жақ­ты білімді жеке тұлға тәрбиелеу қазіргі өмір талабы болып отыр. Осы талаптарға сай тұлғаның орны қоғамда елеулі болмақ. Сондықтан 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, халықаралық стандарт талаптарына сай, ел экономикасына керекті мамандар дайындау үшін қажет.
– Мектептерді заманауи техноло­гиямен жабдықтау мұғалімдерді қа­ғаз­бастылықтан арылта алып отыр ма? Мектеп директорлары арасында жүр­гізілген сауалнамаға қарасақ, қазір ке­рі­сінше ұстаздардың толтыратын қа­ғаз­дары көбейген көрінеді.
– Мектептерді заманауи технологиямен жабдықтау мұғалімдерді қағазбастылыққа апарады деген пікірге өз басым қосыл­май­мын. Мемлекет қаражат бөліп, жұмыс бе­ріп отырғандықтан белгілі дәрежеде есеп талап етуі – заңдылық. Мұғалімдердің ара­сында не болса соны сылтау етіп, бұрын­ғыша жұмыс істегісі келетіндер аз болса да кездесіп қалады. Мұғалім – мектептің жү­ре­гі. Оның қолында адам тағдыры, бола­шақ ел тағдыры тұрады. Мұғалім мамандығының қыры мен сыры да, ерекшелігі де сол – ол күн сайын өсіп, да­мып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істейді. Ал өсіп келе жатқан ұрпақтың да күн сайын талабы жоғарылай береді, сондықтан әр­бір ұстаз бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қал­май, үнемі ізденісте болғаны жөн. Ол шә­кірт тәрбиелей жүріп, өзі тәрбиеленуі, өзі үйренуі және үздіксіз білімін жетілдіруі ке­рек. Жаңа заманға лайық жаңа білім, жаңа тәрбие бере алатын, өз мамандығын жақ­сы меңгерген ұстаздың шәкірттері ал­дын­да абыройы әрқашанда жоғары болуы керек. Мұғалім үнемі оқушыға шығар­ма­шылық қабілетін дамыту жолдарын нұсқап отырса, онда балалардың өздері де ізде­не­ді және оқуға, білуге деген құштарлығы арта түседі. Олай болса жақсы шәкірт тәр­бие­ле­ген мұғалімнің мәртебесі жоғарылайды.
– Президентіміздің өзі «дәрігер ем­де­сін, мұғалім оқытсын» деді емес пе?
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Еліміздің ертеңі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» деген сөзі Отан алдында, халық алдында мұғалімдерге үлкен міндет жүктейді. Оқу­шылардың саналы азамат болып, сапалы білім алуына әрбір ұстаздың жауапкерші­лік­пен жұмыс істеп, міндетін абыройлы ат­қаруына байланысты екенін білдіреді. Мек­тептегі барлық пәнді оқытудың сапа­сын арттыру үшiн, педагогикалық техноло­гиялардың iшiндегi тиiмдiлерiн таңдап, анықтай бiлу – әрбiр пән мұғалiмiнiң негiзгi мiндетiне айналуы тиіс. Мұндай жауапты мiндеттi кез келген мұғалiм орындай алуы үшiн, әрбір пән мұғалімі осы сала бойынша өздерінің білімін жетілдіріп, бiлiктiлiгiн көтеруi қажет. Қазақстан Республикасы Бі­лім беру жүйесінің басшы және ғылыми-пе­дагогикалық кадрлары біліктілігін арт­тыратын республикалық институтында осы бағытта көптеген игі істер атқарылуда.
– Биылдан бастап денешынықтыру сабағының саны артты. Қалай ойлай­сыз, мұның қажеті қанша?
– Өте дұрыс болды деп ойлаймын. Пре­зидентіміздің «Қазақстан-2050» стра­те­гиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жол­да­уында «Ұлт денсаулығы – табысты бола­ша­ғы­мыздың негізі» деп айқындап берді. Қазіргі мектеп оқушыларының қи­мы­лы аз, бос уақытында спорт түрлерімен жекелеген бала ғана айналысатынын ес­кер­сек, дене­шынықтыру сабағына бөлін­ген сағат саны­ның артқаны қуанарлық жағ­дай. Қазақ хал­қында «Дені саудың – жаны сау», «Ден­саулық – зор байлық» де­ген аталы сөзі бар. Олай болса қазіргі дені сау ұрпақ – келеше­гіміз. Халқының дені сау ел – бақытты ел.
– Қазақ мектептеріндегі орын же­тіспеушілігі мәселесін қалай шешуге бо­ла­ды? Бәлкім, орыс және аралас мек­тептердің қатарын азайтып, қазақ мектептерін көбейту қажет шығар?
– Соңғы 10 жыл көлемінде ҰБТ-ның қо­рытындысы бойынша қазақ мектеп­тері­нің білім сапасы жоғары екені айқындалды. Егер қазір орыс тілді мектептерде отырған қазақ балалары қазақ мектептеріне бара­тын болса, басқа тілде оқитын мектептер бір­тіндеп азаяды. Алысқа бармай-ақ мен қызмет ететін №138 қазақ гимназиясында биыл үш оқушы «Алтын белгі» мәртебесіне ие болуын дәлелдеп шықты, 15 оқушымыз ЖОО мемлекеттік грант иегері болды. Назар­баев университетінде грантта оқып жатқан оқушыларымыз бар. Егер журна­лист аға­йындар қазақтілді мектептердің жетістікте­рін жақсылап жазып, не теледидардан көр­сет­се, аралас мектеп біртіндеп бір тілді мектепке ауысады. Биыл біздің мектепте бес 1-сынып ашылды. Бұл деген мектептің жақсы жетістіктерін естіген ата-аналар ба­ла­сын қазақ гимназиясына алып келгені. Осы сияқты мысалдарды республика бо­йынша көптеп кездестіруге болады. Орыс тілді немесе аралас мектептің аржағында түсінген адамға үлкен саяси-әлеуметтік мә­селе жатыр. Қазақ мектебінің мәртебесін Қазақстанда көтермегенде қай жерде көтереміз? Сондықтан қазақтілді мектептің мұғалімдері қазақ мектептерінің мәртебе­сін көтеру үшін заманауи технологияларды игеріп, жақсы жұмыс істеуі керек. 12 жыл­дық оқыту моделіне көшу үрдісінде ерекше рөл ұстазға беріледі.
– Қосымша пәндерді мектеп бағ­дар­ламасына енгізе беру қаншалықты дұрыс?
– Менің ойымша, дұрыс. Себебі ол қо­сымша курстарды барлық сынып оқушы­лары міндетті түрде оқымайды. Бір сынып­та қосымша курсқа 3 сағат уақыт берілген. Оқу­шылардың таңдауы бойынша үш түрлі курс өткізуге болады. Жалпы, орта білім беретін мектептің оқу жоспары үш бөлім­нен тұрады. Олар: инварианттық, жеке тұл­ғалық, бағдарлы бағыттағы компонент­тер. Инварианттық компонентте мемлекет­тің базалық оқу стандарты жүйесіндегі та­лап­тар мен мазмұндарға жауап беретіндей жалпы міндетті оқу жоспарының барлық оқушылар меңгеруге тиісті негізгі бөлімі.
Жеке тұлғалық бағыттағы компонентке, оқушылардың өзіндік зерттеушілік дағды­ларын қалыптастыруға байланысты меңге­ретін мектеп ұсынған арнайы таңдау курс­тары, оқу жоспары бар. Мысалы, біздің мек­тепте өнер, би, домбыра, абайтану, өл­ке­тану, алматытану және т.б. қосымша курс­тар­ды оқушылар қалауы бойынша оқиды. Бағдарлы компонентке оқу стандарты жү­йесіндегі талаптар мен мазмұнға сәйкес те­реңдетіліп оқытылатын оқу курстары мен таңдаулы курстар енеді. Жеке тұлға тәр­биелеуге бағытталған және жекелеп оқыту бағыттарын іске асыру үшін арнайы курс­тар ұйымдастырылып, онда білім маз­мұны­ның жалпы адамзаттық жә­не ұлттық құндылықтар, оқу үрдісінің рухани адам­гершілік және мәдени тұрғыдан қарасты­рылуы тиіс. Сонымен қатар білім мазмұнын практикаға бейімдеу, оқу материалын қор­шаған ортаның шынайы нысандары мен құбылыстарын оқушының жеке тәжі­ри­бе­сі­мен ұштастыру үшін де қосымша қол­дан­балы курстар қажет. Қосымша курс­тар­ды барлық мектеп бірдей оқыта бермейді. Мектептің бағытына сәйкес қосымша курс­тар таңдау арқылы оқытылады.
– ҰБТ-ға көзқарасыңыз қалай? Пай­дасы болса пайдалы жақтарын, зиянды болса зиянды жақтарын айтып бер­сеңіз?
– Қазақстан Республикасы егемен мем­лекет болғалы бері білім саласына көп­теген инновациялық үрдістер енді. Соның бірі – ҰБТ. Ұтымды тұстары бүкіл ел бо­йынша оқушылардың білім сапасын тек­серді. Сол арқылы әрбір пәннен сапалы бі­лім беріп жатқан мектеп пен жекелеген пән мұғалімдерін анықтауға мүмкіндік ту­ды. Қазақ мектептерінде білім сапасы нашар деген пікірді жоққа шығарды. ҰБТ-ны жақ­сы тапсырған оқушы кез келген ЖОО-ға қай­та емтихан тапсырмай оқуға түсе алды. Тиімсіз жақтары әрбір пән бойынша функ­ционалдық сауаттылығын Халықаралық са­лыстырмалы зерттеулердің талаптары бойынша анықтау мүмкін емес. Мысалы, география пәні бойынша оқушылардың кар­тамен істелінетін практикалық жұмыс­тар жасау, картаны оқи білуі, картадан гео­гра­фиялық нысандарды көрсете білуі, картада көрсетілген мәліметтерге салыс­тыр­малы сипаттама беру және т.б.
– Ұлжалғас апай, сіздің жақында «Қа­зақстан Даңқы» орденіне ие болға­ныңызды естідік, құтты болсын! Еңбегі­ңіз жемісті болсын және әңгімеңізге көп рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста