Қазақтар – өз Отанын ғана емес, одақтас елдерді ғана емес, Еуропаны да фашизмнен азат етуге атсалысқан халық
Қалмұқан ИСАБАЙ, жазушы, майдангер:
– Кеңес әскерінің қатарында жүріп соғысқан қазақстандықтар жөнінде айтып жүрміз. Сіз Еуропа елдерінде жүріп фашизмге қарсы тұрушы қазақтарды зерттедіңіз. Сол жөнінде айтсаңыз...
– Соғыс аяқталғаннан кейін-ақ мен сол соғыстың тарихын жазуға үлес қосу жағын ойластыра бастадым. «Ертеңгі күні осы соғыстың да тарихы жазыла бастайды. Сол кезде қазақты аз халық деп, саз халық деп тарихтан шеттетуі мүмкін, жеңіске қосқан үлесін әлсіретуге тырысуы мүмкін» деп ойладым. Расында да, солай болып шықты ғой. Бірақ шындығына келгенде, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың фашизмнің көзін құртуға қосқан үлесі орасан зор еді. Қазақтар – өз Отанын ғана емес, одақтас елдерді ғана емес, Еуропаны да фашизмнен азат етуге атсалысқан халық.
1941 жылы соғыс оты тұтанып, жау тұтқиылдан баса-көктеп кіріп келген кезде қару-жарақсыз отырған Қызыл Армия шебі үлкен соққыға душар болды. Әу дегенде фашистік армияның екпіні тым қатты еді. Жаудың сол екпінін қайтару үшін қазақтардың да алғы шепте жүргенін білеміз. Алғашқы кезде ескі қару-жарақпен қуатты жауға қарсы шыққан Қызыл әскер қатарынан 4,5 миллиондай жауынгердің тұтқынға түсіп қалғаны белгілі. Соның ішінде қаншасы қазақ болғаны нақты белгісіз, дегенмен өте көп еді. Дегенмен жаудың жоспары толық жүзеге аспады. Сталинград түбіндегі шайқаста Қызыл әскердің жеңіске жетуі зор бетбұрыс еді. Осы майданнан кейін-ақ фашистер біртіндеп жеңіле бастады. Ал Қызыл әскер, керісінше, күш ала берді. Сол кезде Кеңес әскерімен Англия, Франция, Америка сынды елдер бірігіп, Фашизмге қарсы бағытталған одақтас армия атанды. Осы одақтағы елдердің арасында Кеңес әскері ерекше күшейіп кетті. Ол, негізінен, жауынгерлердің адам сенгісіз ерліктерінің арқасында болды деп сенемін. Кеңестің әскері күшейе бастаған кезде тұтқында жүрген Кеңес әскерінің жігері көтерілді. Енді солар түрлі бүліктер, баскөтерулер ұйымдастырып, тұтқыннан қаша бастады. Соның ішінде де қазақтар көп болатын. Осы уақытта фашистердің табанының астында қалып қойған елдер де көтеріле бастады. Партизан отрядтарын құрып, түрлі жасақтар құрып, өз беттерінше соғыс амалдарын жүргізе бастады. Мысалы, Югославияда фашистерге қарсы армия құрылып, оның басына хорват баласы Иосиф Броз Тито тағайындалды. Бұл армия өзінің қатарына тұтқыннан қашып шыққандар мен фашизмге қарсы бас көтергісі келетін ерікті азаматтарды жинап отырды. Тұтқыннан қашып шыққан қызылармиялықтар сол Титоның қол астына барып қосылып отырды. Олардың арасында қазақтар аз емес.
Мен ойладым, соғыс аяқталған соң, осы Еуропа соғысының тарихы міндетті түрде айтылады. Ал соның ішінде аз халықтар ретінде қазақтарды ескермей кетуі мүмкін. Ал қазақтар дегеніміз Еуропаны азат ету үшін болған соғыстарда оттың ортасында жүріп, ерлік көрсеткен халық емес пе?! Яғни Еуропада соғысқан қазақтардың жағдайын айту үшін деректер жинау керек, зерттеу жүргізу керек. Бұл тақырыпты зерттей беретін болса, әлі де талай ерлік оқиғаларға жолығамыз. Қазірдің өзінде ерлікке мысал көп.
Фашистік шекарадан қашып шыққан тұтқындар Югославиядағы Тито бастаған әскерге барып қосылып отырғанын айттым. Солардың арасында қазақтардың саны біршама. Тито тұтқыннан қашып шыққандарға арнап бір батальон құрып береді. Сол батальонды қазақ ұланы басқарған еді.
– Батальонды басқарған қазақтың есімі кім?
– Бейсен Раисов. Оның да өз тарихы бар. Жаңағы айтқандай тұтқыннан қашып шыққандардың қатарынан Титоның қол астында жаңадан әскери батальон құрылады. Енді оған басшы керек болады. Сол кезде әскерилер Титоға төрт адамның есімін ұсынады. Олардың төртеуі де капитан, майор, подполковник шеніндегі адамдар болатын. Сол кезде Тито әлгі тізімге назар да салмапты. «Араларында қазақ баласы бар ма екен?» деп сұрапты. Әрине, бар деп жауап береді оған. Сол кезде сарбаздардың арасынан бар болғаны сержант шеніндегі бір қазақ баласын сол батальонның басына қойған екен. Ал әлгі подполковник, майорлар шеніндегі әскерилер қатардағы жауынгер ретінде сол сержант қазақтың бұйрығын орындайтын болып шығады. Сол қазақ – Бейсен Раисов болатын. Бейсен Раисов тұтқыннан ерте қашып шыққандардың бірі екен. Оның тұтқыннан қалай қашып шыққанының өзі – ерлік оқиға. Сонымен, әскерилердің кейбірі Титодан «батальонның басына неліктен қазақты қойғыңыз келді?» деп сұраған екен. Сол кезде Тито: «Мен қазақтың қандай халық екенін білемін. Қазақ – нағыз ержүрек, нағыз батыл халық. Колчактың заманында қуғындауда жүрген кезімде мен үш жыл бойы қазақ арасында жасырынып жүрдім. Сол кезде бұл халықтың әрбір ер-азаматының ер болатынын, өр болатынын өз көзіммен көрдім», – дейді. Осылайша фашистердің тұтқынынан қашып шыққан Қызыл Армия сарбаздары, оның ішінде офицерлер, подполковник, майорлар, капитандар Бейсен Раисовтің басқаруымен соғысқа аттанады. Мыңға жуық адамнан тұратын бүтіндей бір батальонға командир болып кеткен Бейсен Раисов өзінің бұл қызметке бекер таңдалмағанын талай дәлелдеп, Титоның үмітін ақтап шықты.
– Қазақ ұландарының ерліктерін еуропалықтардың өздері мойындай ма?
– Әрине, мойындайды. Мұндай ерліктер ұмыт қалуға тиіс емес. Қазақ ұлдарының ерлігін қалайда халыққа жеткізуіміз керек. Сондықтан мен осыған қатысты деректер жинап, жарыққа шығаруды мойныма алдым. Ол туралы кітаптарым, мақалаларым аз емес. Мысалы, Бейсен Раисовтің қарамағында қазақтар көп болған. Соның ішінде он қазақтан тұратын бір бөлімше болған екен. Сол бөлімшеге баз бір өзендегі көпірді барлауға тапсырма беріледі. Бірақ тапсырма орындауға кеткен әлгі қазақтар оралмайды, кешігеді. Батальон адамдары ары күтеді, бері күтеді, ақыры іздерінен түсіп, арттарынан барады. Солардың арасында Бейсен Раисовтің өзі де бар екен. Сөйтіп, көпірге келсе, айналаның бәрі қан-жоса, толған өлік дейді. Сөйтсе, әлгі он қазақ көпірге жақындай бергенде ар жақта немістің бір ротасы кетіп бара жатқанын көрген екен. Қазақтардың саны он адам, фашистер толыққанды бір рота. Бір ротада – 150 адам. Бұл рота Берлинді қорғауға келе жатқан фашистер екен. 1945 жылдың қаңтар айында Гитлердің тапсырмасы бойынша фашистік әскердің көптеген күші Берлинді қорғауға жұмылдырылған болатын. Бұл соның бір легі болатын. Сонда әлгі қазақтар фашистерді Берлинге жібергісі келмей, соғысқа қойып кеткен. Ақыр-аяғы 150 фашистен тұратын ротаны қырып салып, өздерінен де ешкім сау қалмапты. Міне, осы оқиға біздің Италиядан ескерткіш ашуымызға негізгі себеп болды.
– Еуропаны азат етуге қатысқан қазақ жауынгерлеріне Италиядан ескерткіш ашу сіздің ерік-жігеріңіздің, табандылық көрсетуіңіздің арқасында болғаны айтылып жүр. Қандай қарсылықтар болды?
– Азаттық алған жылдары Италияда Еуропаны азат етуге еңбек сіңірген жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылған екен. Алғаш рет қазақтарға арнап ескерткіш ашуды ұсынғанымда, олар қолдамай: «Сол ескерткіштегі тастың артына қазақ жауынгерлерінің есімдерін тізіп жаза беріңдер», – деді.
Бірақ мен оларға «қазақтарға арнап ескерткіш қоюымыз керек» деп талап қойдым. «Қазақтар Еуропаның азаттығы үшін күресіп, қан төкті. Неліктен біздің есімдер сендердің астыңғы жағынан тіркелу керек?! Қазір біз өз алдына бөлек тәуелсіз мемлекетпіз. Енді бізді Ресеймен шатастырмаңдар. Қазақтар Еуропа үшін де қан төккен, демек, оларға лайықты құрмет көрсетілуі керек», – дедім. Жеті жылдай уақыт бойы осы мәселеге байланысты еуропалықтармен келісе алмай, хат тасып жүрдік. Ақыр соңында келісімдерін беріп, құрметті жерден жер бөліп берді. Ал ескерткішті Елбасының тапсыруы бойынша Қарулы Күштердің адамдары жасады. Ескерткішке Еуропаны азат етуге қатысқан қазақтардың есімдері ойып тұрып жазылды. Бірақ бұл тек – сол соғыста ерлікпен көз жұмғандардың ғана есімдері. Соғыстан аман-есен елге оралғандар да бар ғой. Сол Еуропада қалып қойған қазақтар тағы бар. Мен сол соғыстан аман оралған қазақтардың талайымен тілдестім, болған оқиғаларды жазып алдым. Қырық шақты кітабым бар, соның біразы соғыс тақырыбына арналады.
– Осы тақырыпты кеңірек зерттейін деген тарихшылар бар ма, сізге келіп жолыққандар болды ма?
– Біз өзі томаға-тұйық халықпыз ғой. Әзірге қолымдағы деректерді сұрап келген ешкім болған жоқ. Дегенмен енді бұл тақырыпқа ғылыми тұрғыдан зерттеу жасағысы келетіндер қатты қиналмайды деген ойдамын. Бастысы – жол салынды.
Қысқасы, Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында, 2010 жылы сол ескерткіш ашылар кезде маған сол шараға қатысуға шақыру хат келді. Бірақ мен ол кезде науқастанып бара алмадым. Оның үстіне, сол жылдары Еуропада жанартау атқылап, соның салдарынан ұшақ қатынасы қиындаған болатын. Дегенмен бара алмағаным үшін қатты қиналған жоқпын. Бастысы – арманым орындалды. Ал ескерткіштің ашылуына барып қайтқан адамдар сол шараның бейнебаянын әкеліп берді.
– Өзіңіз соғыстан ауыр жарақат алдыңыз ба?
– Мен өзім 12 жыл бойы Қызыл Армия қатарында болдым. Соғыстың арасында болып, ауыртпашылықты майдандастармен бірге көрдік. Жеңіске үлес қосқан болуымыз керек. Оқ тимеген жерім жоқ. Дегенмен Құдайдың өзі сақтаған шығар, ешбір сүйегім сынған жоқ. Қолдан да, аяқтан да, денеден де оқ өтті. Бірақ соның ешбірі сүйекті жарақаттамапты.
– Германияда Абай атындағы көшені ашқаныңызды білеміз. Оның тарихы қалай?
– Соғыстан кейін мен он жылдай уақыт комендант ретінде Германияда қалдым. Сол кезде-ақ Германияда қазақтың таңбасы қалғанын қалап жүрдім. Ол кезде Абайды тастамай оқитын кезім. Абай атындағы көше ашу жөніндегі ой келген еді. Бірақ Құдай оның сәтін сол кезде емес, көп жылдардан кейін түсірді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Германияға осындай ұсыныс жасадым. Ұсынысымды қабылдай салған жоқ. Қойырпақтатып, жауап бермей біраз уақыт созып жүрді. Ақыр соңында германиялық шенеуніктер «Қазақстанда Гете атындағы көше бар ма?», деп сұрады. Қазақстанның төрт қаласында, Гете атындағы көше бар – Қарағандыда, Астанада, Алматыда және Семейде. Соны дәлелдеу үшін мен сол төрт қаланы аралап, Гете көшелерін суретке түсіріп, Германияға апардым. Нәтижесінде Абайға көше берілді. Арманым орындалды. Көшенің басына «Гете. Лермонтов. Абай» деген жазуы бар тақтайшаның сызбасын да өзім жасаған едім. Сосын оны еш өзгеріске ұшыратпай, тура ойымдағыдай етіп ілгіздім. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін бірнеше рет Германияға шапқылауға тура келді. Бұл оқиғаның қалай болғанын баяндап «Берлин, Абайстрассе» деп аталатын кітап жазған едім. Сол кітапты біреулер Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Бірақ тағы біреулер қарсы шыққан соң, берілмеді.
– Италияда қазақ батырларына ескерткіш орнаттыңыз, Германиядан Абайға көше алып бердіңіз. Елдегі еңбектеріңізді де атап өтсеңіз...
– Оның бәріне тоқталып, тізіп жатудың керегі жоқ шығар.
– Дегенмен 500 шақырым жерді жаяу жүріп өткеніңізді айтып жатады...
– Соғыстан кейін бейбіт заман болатын. Бір күні Қаныш Сәтбаев шақырып алды. Шақырып алды да, Қарағандыдан өте маңызды канал салынып жатқанын айтты. Бұл істің арты сұйылып кетпеу үшін басы-қасында жүруімді өтінді. «Өтінді» дегеннен гөрі «қатаң тапсырды» дегенім дұрыс болар. Сонымен, қолыма сызба дәптер алып, сол каналдың басынан аяғына дейін жүріп өттім. Әрбір маңызды аймақтарды суретке түсіріп, ескертпелер жазып отырдым. Елге қызмет етейін деген жастықтың жігері ғой. Әйтпесе қазір ондай бес қадам аттауымның өзі мұң. Артынан сол каналды «Беламор канал деп атаймыз» немесе «Лениннің атын береміз» деп даурықты. Сол кезде мен оған Қаныш Сәтбаевтың аты берілуін өтіндім, талап еттім. Ақыры солай болды.
– Мына үйіңіз тым тар екен. Осы үйде тоғыз адам тұрып жатқандарыңыз мені таңғалдырып отыр. Қанша дегенмен ел танитын жазушы майдангерсіз. Мемлекет тарапынан, әкімшілік тарапынан үй берілген жоқ па?
– Өз үйімді тартып алғаны болмаса, берген жоқ. Бұрындары Фурманов көшесінің бойында өз үйімізде тұрып жатқан едік. Храпунов әкім болып тұрған кезде «мынау «Алматыжердің» жері, босатыңдар, үйлер бұзылады» деп тартып алды. Берген ақшаларына үй тұрмақ, жер сатып ала алмас едік. Әйтеуір, балалар ақша жиыстырып, осы шағын үйді сол кезде сатып алған еді. Бәріміз әлі күнге дейін осы үйде тұрып жатырмыз. Кешкісін балалар төсекті жерге жайып жіберіп, қатар-қатар жата қалады. Ал күндіз әркім өз шаруасымен кетіп, үйіміз кішкене кеңіп қалады.
Естуімізше, Иманғали Тасмағамбетов Алматының әкімі болып отырған кезде маған үй берілу мәселесі қарастырылған екен. Бірақ ол кеткеннен кейін маған берілетін үйді басқа біреулерге үлестіріпті. «Үйім қайда?» деп біреудің алдына барған емеспін.
Немерелерімнен қысылатын кездерім болады. «Ата, жылда осы мерекеде өзге майдангерлерге жаппай үй, көлік сыйлап жатады. Ал сізді неге ескермейді?» дейді. Неге ескермейтінін мен қайдан білейін. Өздері келіп құрмет көрсетпеген соң, мен мына үйде бала-шағаммен қысылып отыр едім деп бармаймын ғой.
Өткен жылы Жеңіс күні қарсаңында бір топ адам үйге келіп, «сізді қаһармандыққа ұсынайық, марапат алып берейік» деп кеткен еді. Оларды соңғы рет көруім сол болды. Ешқандай атақ берілген жоқ. Бірақ оларға ренішім жоқ. Атақ сұраған емеспін. Ескерткіш қойғызсам – халық үшін қойдырдым. Кітап жазсам – ұрпақ үшін жаздым, өзім үшін жаздым.
Қазаққа айтарым:
Қазір Еуропаға сапар шегетін қазақ көп. Олардың арасында шенеуніктер, кәсіпкерлер бар. Италияға жолы түсіп жатқандар болса, міндетті түрде қазақ батырларына қойылған тасты тауып алып, құран бағыштай жүрсін. Сыртында қазақша, орысша, ағылшынша – үш тілде «Мәңгілік даңқ» деген жазуы бар. Қазақстанның Туы таңбаланған ескерткіш қазір Италияда тұр. Сол ескерткіш, ең алдымен, қазақтар үшін қойылды. Оны өзге халықтар емес, ең алдымен өзіміз, құрметтеуіміз керек.