Қазақстанның мектептегі білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде тұр

Қазақстанның мектептегі білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде тұр

Рафис АБАЗОВ, АҚШ-тың Колумбия университетінің (Нью-Йорк) профессоры, саясаттану саласы бойынша PhD докторы:

– Құрметті профессор Рафис мырза, сіз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен АҚШ-тағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі Колум­бия университеті арасындағы ынты­мақтастықтың дәнекері болып келесіз. Сіздің жетекшілігіңізбен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де MDP Global Clas­sroom (глобал класcрум) жобасы жұмыс істеп жатыр. Осы жоба жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.
– Global Classroom бағдарламасы дегеніміз білім саласындағы интеграцияның жаңа тәсілдеріне, жоғары білім жүйесіндегі жаңа технологиялардың интеграциясына, қазіргі еңбек нарығында зор сұраныс туғы­зып отырған әлеуетті кадрлар даярлауға талпыныс жасау болып табылады. Өйткені қазіргі жаһандану заманы белгілі бір дағды мен іскерлікті ұштастыра білуді қажет етеді. Осы жағдайлардың негізінде біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен қосалқы университеті Global Classroom-ды аштық. Бұл пәннің мәні – интеграцияланған оқу про­цесі екі концепцияға – дистансылық білім мен дәстүрлі білімге негізделген. Колумбия университетінің профессорлары MDP Global Classroom бағдарламасы бойын­ша әлемдегі 24 университетте курс ұйым­дастырып келеді. ТМД және Орталық Азия елдері бойынша ең бірінші болып Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы бағдарламаға еніп отыр. Бұл бағдарламада олар барлық адамзатқа қатысты ғаламдық мәселелерді талқыға салады, пікір алмасады. Мұндай білім қазіргі кездегі осындай ғаламдық факторлар Қазақстанға қалай әсер етеді деген мәселелерді зерделеу студенттер үшін өте маңызды және қажетті деп санаймыз. Сондықтан сейсенбі күндері Колумбия университетінің оқытушыларының қатысуы­мен Global Classroom сабақтары, ал бейсенбі күндері студенттермен пікір алмасуға арналған семинарлық сабақтар өтеді. Мұнда біз студенттерге, магистрант­тарға ғалам­дық факторлар Қазақстанға қалай әсер етеді, Қазақстан үшін қандай ғаламдық өзгерістер орын алуда, мұнда алған білімді Қазақстан жағдайында қалай жүзеге асыруға болады деген мәселелерде көмектесеміз.
– Ал осы Global Classroom курсын бітірген студенттер екі университетке де жарамды қандай да бір сертификат ала ма?
– Курсты сәтті аяқтаған студенттер бір­лескен сертификат алады. Осы бағыттағы бірлескен жұмыстар өз аясын кеңейтіп келеді.
– Өте орынды бастама екен. Қазақ­стан мен АҚШ-тың елдің үздік уни­верситеттері арасындағы ынтымақ­тастық қашан, қалай басталды?
– Негізі, 2010 жылы Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың делегациясы Колумбия университетіне келіп, келіссөздер жүргізді. Сол кезде осы Global Classroom бағдарла­масын ұсындық. Олар осы бағдарламаға қызығушылық танытып, оны Қазақстанға, университетке әкелуге ұсыныс жасалды. Келіссөздердің барысында өте тығыз әріп­тестік орнады, соның нәтижесінде 18 айдың ішінде аса байыпты түрде бағдарла­маны орнату, оны техникамен қамтамасыз ету арқылы былтырғы жылдың жазында осы бағдарламаны ашып, тамыз айында сту­денттердің алғашқы тобын қабылдауды бастадық. Осы ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан мен ТМД бойынша ең алғаш­қы болып Орнықты даму мәселе­лері бойынша оқытуды қолдау туралы әлемнің жоғары оқу орындары өкілдерінің деклара­циясына қосылғанын атап өткен жөн. Бұл декларация биыл 20-22 маусым күндері Рио-де-Жанейро қаласында мем­лекет бас­шылары, халықаралық ұйымдар, әлемнің жетекші сарапшыларының қатысуы­мен өтетін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі РИО+20 конференциясына әзірлік шең­берінде қабылданды.
– Әлемдегі үздік 10 университет қатарына кіретін, АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Колум­бия университетінің ерекшелігі, артықшылықтары қандай?
– 250 жылдан астам тарихы мен бай дәстүрі бар Колумбия университеті Америкадағы ең көне жоғары оқу орын­дары­ның бірі және үздік сегіз университеттің Лигасына (Ivy League) кіреді. «Файнэншл Таймс» журналының рейтингі бойынша Колумбия университеті ең үздік бес ЖОО-ның қатарынан орын алды. Үздік ғылыми-зерттеу салаларымен танымал зерттеу универ­­ситеті саналатын Колумбия уни­верси­тетінде қазіргі кезде 25 америкалық кино академиясы сыйлығының, 101 Плют­цер сыйлығының, 97 Нобель сыйлығы­ның лауреаты дәріс оқиды. Колумбия универ­ситетін 26 елдің мемлекет басшылары, соның ішінде АҚШ-тың қазіргі Президенті Барак Обама бітірген. Биыл Б.Обама Колумбия университетінің түлегі ретінде кездесу өткізіп, дәріс оқиды деп күтіліп отыр. Бұл университет Америкадағы инно­вациялық бағытта айтулы табыстарға қол жеткізген ірі патент иелерімен аты әйгілі, соның қатарында медицина саласындағы ғалымдарымыз көптеген патенттердің иегерлері саналады.
– Қазақстан Болон процесіне еніп, ТМД елдері арасында ең алғаш болып үш сатылы білім беру жүйесіне көшті. Осы орайда Болон процесі деген не, батыстық білім жүйесінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Қазақстан білім саласы бойынша ғаламдық тенденцияларға белсенді еніп келеді. Білім саласындағы тенденция бірнеше компоненттерден тұратынын атап өткен ләзім. Бірінші компонент – ғаламдық мобильді студенттер. Яғни қазіргі кезде студенттер өз елінде және өзге елдерде білім алып, халықаралық компанияларда жұмыс істейді. Бұл студенттерге халықаралық деңгейде сапалы білім алуды қажет етеді. Қазіргі әлемде англо-саксондық жоғары білім беру моделінің жетекшілік ету тен­денциясына байланысты көптеген универ­ситеттер өз білім беру жүйесін осы модельге көшіріп жатыр. Бірыңғайландыру үшін университет оқытушыларының әртүрлі салаларда ортақ бағдарламаға, бірдей сапаға, бірдей жоғары білім жүйесіне ауысу процесі орын алуда. Болон процесінің мәні осында. Болон процесіне үш сатыдан: бака­лавриатура – магистратура – PhD докторан­турадан тұратын бірыңғайланған жоғары білім жүйесі тән. Осы үш сатылы жоғары білім жүйесіне тек Қазақстан ғана емес, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Азияның елдері көшкен және көптеген елдер қосылып жатыр. Өйткені білім беру жүйесін бірың­ғайландыру университеттер­дің анағұрлым бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Университеттің бәсекеге қабілеттілігі дегеніміз не? Мұндағы мақсат – кез келген ЖОО-ның бітіруші студенттердің еңбек нарығында жұмыс берушілер тарапынан жоғары бағалануы үшін қажырлы қызмет істеуі.
– Осы Болон процесі қашаннан бері басталған? Қай кезден бері өмір шындығына айналды?
– Болон процесі тым әріден емес,1999 жылдан басталып жүзеге асып келеді. Соңғы онжылдықта Шығыс Еуропа мен бұрынғы кеңестік елдер осы процеске белсене араласуда.
– Қазақстанның Болон процесіне қосылғанына көп бола қойған жоқ. Қазақстандағы Болон процесінің жүзеге асуы барысын қалай бағалайсыз?
– Менің ойымша, Болон процесінің Қазақстан білім жүйесіне ықпалының бір ерекшелігі – білім беру жүйесін бірың­ғайландыру халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл – бірінші маңызды ком­понент. Болон процесі бойынша оқытуды бірыңғайландыру, дипломдарды табыстау халықаралық стандарттарға сай деуге болады. Мұны  екінші маңызды компонент деп атар едім. Ал үшінші компонент – Болон процесінің концепциясы мен жаһандану үрдісі барысында елдердің шекараларының айқара ашылып, студенттердің өз біліміне, шама-шарқына қарай әлемдегі кез келген оқу орнын таңдауға мүмкіндік алуы. Осы арада студенттердің әлемдік аренада сапалы, бәсекеге қабілетті университетті сәтті таңдауы үшін оның рейтингі туралы ойлануы қажет. Сондықтан бұл арада ЖОО-ға реформа жасау қажеттігі туындайды. Яғни бұл дегеніміз – біріншіден, оқу бағдар­ламаларын реформалау, екіншіден, білім беруді реформалау, ал үшіншіден, әр елдің ЖОО-да сұраныс туғызып отырған сапалы зерттеулерді концентрациялау болып табылады.
– Бізде «Ғылым туралы» Заң қа­былданып, білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер жасалып жатыр. Қазақ­стандағы жоғары білім беру жүйесін Болон процесіне сай реформалауда әлемдік үрдіске қалай кірігеміз? Осы ретте өз ұсыныстарыңыз қандай?
– Қазақстандық жоғары білім беру жүйесін реформалаудағы басты мақсат – әлемдік тенденцияға кірігу. Себебі қазіргі кезде әлемде университеттердің рөлі, университеттердің концепциясы өзгеріске ұшырап отырады. Нидерландылық ғалым Ханс Ниссима өзінің «Университеттің үшінші толқыны» деген кітабында «қазіргі кезде әлемдік жоғары білім жүйесінде уни­вер­ситеттер қайта құру кезеңіне өтті» деп жазды. Орта ғасырларда университеттердің бірінші толқынына тән сипат – білім жинау орны болған. XVIIІ-XX ғасырлардың басын­да университеттердің екінші толқынында білім жасақталды, ғылыми жаңалықтар ашылды, ғылыми лабораториялар жұмыс істеді, патенттер берілді. Оның пікірінше, қазіргі жаһандану кезеңінде көптеген универси­теттер үшінші сатыға, үшінші толқынға ауысты. Яғни университеттердің үшінші толқыны инновациялық универси­теттер болып табылады. Ал университет­тердің үшінші толқыны адамдардың үш тобының плат­формасынан тұрады. Бірінші топта ғалымдар мен оқытушылар білім жинақтайды, зерттеулер жүргізеді. Екінші топ – кәсіпкерлер мен өндірістік сектор білімді игілікке жаратады, ал үшінші топ – жаңаша үлгіде білім алушы студенттер, магистранттар, докторанттар өз өмірінде жобаларын бірлесіп іске асырады. Яғни үш топтың арасында динамикалық үйлесім орын алады, жаңа идеялар, жаңа иннова­ция­ларға серпін беріледі. Ханс Ниссиманың пікірінше, қазіргі универ­ситеттер бәсекеге қабілетті болуы үшін осы модельге, үшінші толқынға көшуі керек. Сондықтан заманауи университеттер білім ошағы ғана болып қоймай, білімін өмірінде кәдеге асыратын жаңа буынды дайындауы керек. Осындай ғаламдық тенденциялар барысында шек­аралар ашылып, адамдар қарым-қатынасқа түсіп, тауарлар ағылады, шетелдік компа­ниялар арасында серіктестік орна­тылады. Жаһандану кезінде қазақстандық ғалымдар да шетелге жиі шығып, тәжірибе алмасады. Сондықтан ғаламдық тенденцияларға назар аудару қажет. Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін реформалау идеясы тақыр жерден шығып тұрған жоқ. Оның мақсаты әлемдік білім беру жүйесінің өзгеруі тенден­циясы аясында ХХІ ғасырдың талабына лайықты жауап беретін үшінші толқын университеттерін құру болса керек.
– Университеттерді қаржыландыру жағы күрделі мәселе. АҚШ-тағы ЖОО қалай қаржыландырылады?
– Бұл көпқырлы мәселе, әр жерде әрқалай. Америкалық ЖОО бюджетін қар­жыландырудың қарапайым үлгісін айта кетейін. Біріншіден, қаржының бір бөлігі студенттердің оқуға төлеген төлемақысынан, екінші бөлігі мемлекетпен федералдық және штаттық деңгейде жасалатын келісім­шарттарынан: гранттардан, мемлекеттік тапсырыстардан түседі, үшінші қаржы көзі – эндауэменттердің, яғни коммерциялық емес арнайы қорлардың демеушілік қаржысынан құралады.
– Қазіргі кезде бізде жаңа жүйеге адаптация кезеңі жүріп жатыр деуге болады. Ғылымды өркендету үшін ғалымдарды материалдық жағынан қолдау жағы жетіспей жатады. Ғалымның ғылыммен айналысуы үшін әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету жағы АҚШ-та қалай іске асқан?
– Оқытушы мен ЖОО арасындағы қа­тынас мәселесі бізде әрқалай. АҚШ-та тұрақты жұмыс істейтіндер келісімшартқа сәйкес әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген, мысалы 0,5 ставкамен жұмыс істей­тіндердің де әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі бар. Жалпы, америкалық жоғары оқу орындары өте икемділігімен ерекше­ленеді. Ғалымдардың жұмысының ауыр­лығына, жауапкершілігіне, жұмыс нәтижесіне қарай еңбегі бағаланады.
Ғалымдардың табысы жұмыс нәтижесіне қарай анықталады. АҚШ-та ғалымдардың көпшілігі орта топқа жатады. Ал талантты, ғылыми жаңалықтар ашқан ғалымдар, әлбетте, өте көп табыс табады.
– АҚШ-та ғалымдар қоғамдық пікірге ықпал ете ме? Жоғары басшы­лықтың саяси шешімдер қабылдауына үлес қоса ала ма?
– Бұл жерде Қазақстан мен АҚШ-тың мәдени тұрғыдан айырмашылығына назар аудара кеткен жөн. Мәселен, қаржылық дағдарыс сияқты ғаламдық мәселелер, өзге де өзекті мәселелерге қатысты саясатта, қоғамдық пікір қалыптастыруда қазақ мәдениетінде салт-дәстүрге, ақын-жазушы­ларға сұрау салынады, зиялы қауымның пікіріне жүгінеді. Ал Америкада ондай жағ­дайда ақын-жазушыларға емес, универ­ситеттегі ғалымдар мен оқытушылардың, са­рап­шылардың аузына қарайды. Сон­дықтан халық тарапынан академиялық ортаға жоғары сенім болуы себепті қо­ғамдық пікір туғызуда ғалымдардың ықпалы өте зор.
– АҚШ-тың білім беру саласындағы тәжірибесі бойынша Қазақстан үшін қажетті тұстар қандай?
– Бұл жерде бірнеше жайды ескеру керек. Қазақстанның білім саласындағы өте жоғары жетістіктері барын айтқым келеді. Мысалы, Қазақстанның базалық білім жү­йесі, мектептегі білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде тұр. Ал қазір АҚШ-та дәл осы мектепте білім беру жүйесі демо­графиялық факторларға, саясаттағы өзгерістерге, америкалық білім жүйесінің ерекшелігіне байланысты біраз қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. АҚШ-қа қаптап келіп жатқан имигранттарға оқу бағдарламаларына бейімделу қиын. Ал, әрине, АҚШ-тың жоғары білім саласы әлем бойынша үздік саналады. Мұны құр сөзбен емес, факт жүзінде әлемдегі ең үздік 100 университеттің 70-80 пайызын АҚШ-тың ЖОО-сы құрап отырғанын айтуға болады. Оның сыры неде? Ең алдымен АҚШ-тың жоғары білім саласы өте икемді, бұл еңбек нарығының сұра­нысына қарай тез бейім­деліп отырады. Екіншіден, білім жүйесі инновациялық болып келеді. Оқытушылық методикадағы ин­новациялық тәсілдер білім жүйесін бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, америкалық ЖОО студент­тердің қажеттілігіне қарай лайық­талып құрылған. Америкалық студенттердің міндетті пән мен өзі қалаған пәнді таңдау мүмкіндігі бар. Бұл әр студентке индиви­дуалдық тұрғыдан қажетті білім алып, кәсіби қызметінде іске асыруға жағдай жасайды.
– Сіз Орталық Азия тақырыбында бірқатар еңбектер, мақалалар жаз­дыңыз. Орталық Азияның болашағын, аймақтағы Қазақстанның рөлін қалай бағалайсыз?
– Орталық Азия мен Қазақстанның болашағы екі нәрсеге – озық білім мен сарабдал саясатқа көбірек байланысты. Бүгінде барлық салаға дендеп енген жаһан­дану дәуірінде әр ел өз орнын айқындауы керек. Егер Қазақстанның білім жүйесі халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілікке дайын болса, Қазақстан мен Орталық Азияның үкіметі экономиканың бәсекеге қабілетті болу саясатын аймақтық және халықаралық деңгейде жүргізсе, табиғи ресурстарын экспорттаудан түскен табыс­тарын дұрыс пайдалана білсе, Орталық Азия мен Қазақстанның келешегі туралы позитивті деп айтуға болады. Қазіргі жаһандану кезеңінде мемлекеттер арасын­да­­ғы бәсе­келестік күшейіп жатқанын айқын түсіну керек. Экономиканың орнықты дамуында жаңа кәсіби білім мен басқарудың жоғары дағдысын қалыптастырған кезде білімнің бәсекеге қабілетті және табысты болуына мүмкіндік береді.
– Тәуелсіз Қазақстанның нығаюын­дағы, әлемге танылуындағы көшбас­шының, мәселен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін қалай баға­лайсыз?
– Меніңше, бұл өте қызықты әрі күрделі сұрақ. ХХ ғасырда көшбасшылық кон­цеп­циясы екі интеллектуалдық мектеп ретінде талқыланып келді. Батыстық либерал-демократиялық модель бойынша көшбасшы үлкен рөл атқармайтын күшті азаматтық қоғам институтын құру ұсынылады. Ондай модельде бостандық абсолюттік құндылық танылады, ал мемлекеттің рөлі төмендетіледі. Ал социалистік деп аталатын келесі концепция бойынша идеология үлкен рөл атқарады, онда құндылықтар идеология мен мем­лекеттің саясатын қалыптастырады. Социалистік концепцияда көшбасшының рөлі батыстық модельге қарағанда жоғары болып келеді. ХХ ғасырдың соңында осындай екі концепция арасында күшті дискуссия жүрді. Осылармен бірге Азия елдерінде, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі (Корея, Сингапур, Малайзия), сол жердегі мемлекет, халық, мәдениеттің көшбасшылық үлгіні қабылдау ерекшелігі бар. Яғни бұл арада мәдени компонент басымдыққа ие. Бұл жағынан Тәуелсіздік кезеңінде Қазақ­стандағы көшбасшылықтың қалыптасуында жоғарыдағы компонент­тердің ықпалы болғанын атап өткен жөн. Қазақстанда таза либералдық модель қалыптаса алмайды, себебі көшбасшылыққа мәдени компонент өте күшті ықпал етеді. Сондықтан Қазақ­стандағы көшбасшылықтың, мемлекеттік жүйенің қалыптасуына ықпал ететін жоғарыдағы үш фактордың тепе-теңдігін сақтау қажет және оған көшбасшы қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Табысқа жету үшін аталған үш компонент маңызды болып саналады.
– Салиқалы әңгімеңізге рақмет.Жұмысыңызға жеміс тілеймін!

Сөз сарасы
Ашығын айту керек, 90-жылдары алғашқы келген кезде көргенім, Қазақстанға қираған экономика мұра болып қалды, күрделі саяси-әлеуметтік, мәдени кезеңді бастан өткеріп жатты. Ол кезде бүкіл жүйе әлі құрылмаған болатын. Соңғы 20 жылда саясатта, экономикада, мәдениетте, әлеуметтік салада тәуелсіз мемлекеттік жүйесін қалыптастырды. Бұл – Қазақстанның ең басты жемісі. Ал алға секірістер, радикалдық өзгерістер туралы айтқанда, басқа қырынан қараған қисындырақ сияқты. Шығыс­еуропалық бір мемлекет көшбасшысының: «Мен елімнің ешқандай революция мен түбегейлі өзгерістер болмаған іш пыстырарлық мемлекет болғанын армандаймын», – деп айтқанындай, революция болмаған ел дегеніміз – тұрақты ел деген сөз. Адамдардың ерік-жігері өз өмірі үшін, өмір қоғам үшін, қоғам мемлекет үшін болғанда тұрақтылықтың алтын қазығы қағылады. Қазақстан азаматтары бүгінде радикалды катаклизмдерден үрейленбейді, елде орнықты дамудың іргетасы қаланғанына кәміл сенеді және өзінің қалыпты өмірі, отбасылық құндылықтары, елінің өсіп-өркендеуіне ерекше құлшыныспен қызмет етеді. Осындай жайма-шуақ қоғамы бар елдің келешегі зор. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста