Қазақстанның мектептегі білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде тұр
Рафис АБАЗОВ, АҚШ-тың Колумбия университетінің (Нью-Йорк) профессоры, саясаттану саласы бойынша PhD докторы:
– Құрметті профессор Рафис мырза, сіз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен АҚШ-тағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі Колумбия университеті арасындағы ынтымақтастықтың дәнекері болып келесіз. Сіздің жетекшілігіңізбен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де MDP Global Classroom (глобал класcрум) жобасы жұмыс істеп жатыр. Осы жоба жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.
– Global Classroom бағдарламасы дегеніміз білім саласындағы интеграцияның жаңа тәсілдеріне, жоғары білім жүйесіндегі жаңа технологиялардың интеграциясына, қазіргі еңбек нарығында зор сұраныс туғызып отырған әлеуетті кадрлар даярлауға талпыныс жасау болып табылады. Өйткені қазіргі жаһандану заманы белгілі бір дағды мен іскерлікті ұштастыра білуді қажет етеді. Осы жағдайлардың негізінде біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен қосалқы университеті Global Classroom-ды аштық. Бұл пәннің мәні – интеграцияланған оқу процесі екі концепцияға – дистансылық білім мен дәстүрлі білімге негізделген. Колумбия университетінің профессорлары MDP Global Classroom бағдарламасы бойынша әлемдегі 24 университетте курс ұйымдастырып келеді. ТМД және Орталық Азия елдері бойынша ең бірінші болып Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы бағдарламаға еніп отыр. Бұл бағдарламада олар барлық адамзатқа қатысты ғаламдық мәселелерді талқыға салады, пікір алмасады. Мұндай білім қазіргі кездегі осындай ғаламдық факторлар Қазақстанға қалай әсер етеді деген мәселелерді зерделеу студенттер үшін өте маңызды және қажетті деп санаймыз. Сондықтан сейсенбі күндері Колумбия университетінің оқытушыларының қатысуымен Global Classroom сабақтары, ал бейсенбі күндері студенттермен пікір алмасуға арналған семинарлық сабақтар өтеді. Мұнда біз студенттерге, магистранттарға ғаламдық факторлар Қазақстанға қалай әсер етеді, Қазақстан үшін қандай ғаламдық өзгерістер орын алуда, мұнда алған білімді Қазақстан жағдайында қалай жүзеге асыруға болады деген мәселелерде көмектесеміз.
– Ал осы Global Classroom курсын бітірген студенттер екі университетке де жарамды қандай да бір сертификат ала ма?
– Курсты сәтті аяқтаған студенттер бірлескен сертификат алады. Осы бағыттағы бірлескен жұмыстар өз аясын кеңейтіп келеді.
– Өте орынды бастама екен. Қазақстан мен АҚШ-тың елдің үздік университеттері арасындағы ынтымақтастық қашан, қалай басталды?
– Негізі, 2010 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың делегациясы Колумбия университетіне келіп, келіссөздер жүргізді. Сол кезде осы Global Classroom бағдарламасын ұсындық. Олар осы бағдарламаға қызығушылық танытып, оны Қазақстанға, университетке әкелуге ұсыныс жасалды. Келіссөздердің барысында өте тығыз әріптестік орнады, соның нәтижесінде 18 айдың ішінде аса байыпты түрде бағдарламаны орнату, оны техникамен қамтамасыз ету арқылы былтырғы жылдың жазында осы бағдарламаны ашып, тамыз айында студенттердің алғашқы тобын қабылдауды бастадық. Осы ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан мен ТМД бойынша ең алғашқы болып Орнықты даму мәселелері бойынша оқытуды қолдау туралы әлемнің жоғары оқу орындары өкілдерінің декларациясына қосылғанын атап өткен жөн. Бұл декларация биыл 20-22 маусым күндері Рио-де-Жанейро қаласында мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдар, әлемнің жетекші сарапшыларының қатысуымен өтетін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі РИО+20 конференциясына әзірлік шеңберінде қабылданды.
– Әлемдегі үздік 10 университет қатарына кіретін, АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Колумбия университетінің ерекшелігі, артықшылықтары қандай?
– 250 жылдан астам тарихы мен бай дәстүрі бар Колумбия университеті Америкадағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі және үздік сегіз университеттің Лигасына (Ivy League) кіреді. «Файнэншл Таймс» журналының рейтингі бойынша Колумбия университеті ең үздік бес ЖОО-ның қатарынан орын алды. Үздік ғылыми-зерттеу салаларымен танымал зерттеу университеті саналатын Колумбия университетінде қазіргі кезде 25 америкалық кино академиясы сыйлығының, 101 Плютцер сыйлығының, 97 Нобель сыйлығының лауреаты дәріс оқиды. Колумбия университетін 26 елдің мемлекет басшылары, соның ішінде АҚШ-тың қазіргі Президенті Барак Обама бітірген. Биыл Б.Обама Колумбия университетінің түлегі ретінде кездесу өткізіп, дәріс оқиды деп күтіліп отыр. Бұл университет Америкадағы инновациялық бағытта айтулы табыстарға қол жеткізген ірі патент иелерімен аты әйгілі, соның қатарында медицина саласындағы ғалымдарымыз көптеген патенттердің иегерлері саналады.
– Қазақстан Болон процесіне еніп, ТМД елдері арасында ең алғаш болып үш сатылы білім беру жүйесіне көшті. Осы орайда Болон процесі деген не, батыстық білім жүйесінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Қазақстан білім саласы бойынша ғаламдық тенденцияларға белсенді еніп келеді. Білім саласындағы тенденция бірнеше компоненттерден тұратынын атап өткен ләзім. Бірінші компонент – ғаламдық мобильді студенттер. Яғни қазіргі кезде студенттер өз елінде және өзге елдерде білім алып, халықаралық компанияларда жұмыс істейді. Бұл студенттерге халықаралық деңгейде сапалы білім алуды қажет етеді. Қазіргі әлемде англо-саксондық жоғары білім беру моделінің жетекшілік ету тенденциясына байланысты көптеген университеттер өз білім беру жүйесін осы модельге көшіріп жатыр. Бірыңғайландыру үшін университет оқытушыларының әртүрлі салаларда ортақ бағдарламаға, бірдей сапаға, бірдей жоғары білім жүйесіне ауысу процесі орын алуда. Болон процесінің мәні осында. Болон процесіне үш сатыдан: бакалавриатура – магистратура – PhD докторантурадан тұратын бірыңғайланған жоғары білім жүйесі тән. Осы үш сатылы жоғары білім жүйесіне тек Қазақстан ғана емес, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Азияның елдері көшкен және көптеген елдер қосылып жатыр. Өйткені білім беру жүйесін бірыңғайландыру университеттердің анағұрлым бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Университеттің бәсекеге қабілеттілігі дегеніміз не? Мұндағы мақсат – кез келген ЖОО-ның бітіруші студенттердің еңбек нарығында жұмыс берушілер тарапынан жоғары бағалануы үшін қажырлы қызмет істеуі.
– Осы Болон процесі қашаннан бері басталған? Қай кезден бері өмір шындығына айналды?
– Болон процесі тым әріден емес,1999 жылдан басталып жүзеге асып келеді. Соңғы онжылдықта Шығыс Еуропа мен бұрынғы кеңестік елдер осы процеске белсене араласуда.
– Қазақстанның Болон процесіне қосылғанына көп бола қойған жоқ. Қазақстандағы Болон процесінің жүзеге асуы барысын қалай бағалайсыз?
– Менің ойымша, Болон процесінің Қазақстан білім жүйесіне ықпалының бір ерекшелігі – білім беру жүйесін бірыңғайландыру халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл – бірінші маңызды компонент. Болон процесі бойынша оқытуды бірыңғайландыру, дипломдарды табыстау халықаралық стандарттарға сай деуге болады. Мұны екінші маңызды компонент деп атар едім. Ал үшінші компонент – Болон процесінің концепциясы мен жаһандану үрдісі барысында елдердің шекараларының айқара ашылып, студенттердің өз біліміне, шама-шарқына қарай әлемдегі кез келген оқу орнын таңдауға мүмкіндік алуы. Осы арада студенттердің әлемдік аренада сапалы, бәсекеге қабілетті университетті сәтті таңдауы үшін оның рейтингі туралы ойлануы қажет. Сондықтан бұл арада ЖОО-ға реформа жасау қажеттігі туындайды. Яғни бұл дегеніміз – біріншіден, оқу бағдарламаларын реформалау, екіншіден, білім беруді реформалау, ал үшіншіден, әр елдің ЖОО-да сұраныс туғызып отырған сапалы зерттеулерді концентрациялау болып табылады.
– Бізде «Ғылым туралы» Заң қабылданып, білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер жасалып жатыр. Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін Болон процесіне сай реформалауда әлемдік үрдіске қалай кірігеміз? Осы ретте өз ұсыныстарыңыз қандай?
– Қазақстандық жоғары білім беру жүйесін реформалаудағы басты мақсат – әлемдік тенденцияға кірігу. Себебі қазіргі кезде әлемде университеттердің рөлі, университеттердің концепциясы өзгеріске ұшырап отырады. Нидерландылық ғалым Ханс Ниссима өзінің «Университеттің үшінші толқыны» деген кітабында «қазіргі кезде әлемдік жоғары білім жүйесінде университеттер қайта құру кезеңіне өтті» деп жазды. Орта ғасырларда университеттердің бірінші толқынына тән сипат – білім жинау орны болған. XVIIІ-XX ғасырлардың басында университеттердің екінші толқынында білім жасақталды, ғылыми жаңалықтар ашылды, ғылыми лабораториялар жұмыс істеді, патенттер берілді. Оның пікірінше, қазіргі жаһандану кезеңінде көптеген университеттер үшінші сатыға, үшінші толқынға ауысты. Яғни университеттердің үшінші толқыны инновациялық университеттер болып табылады. Ал университеттердің үшінші толқыны адамдардың үш тобының платформасынан тұрады. Бірінші топта ғалымдар мен оқытушылар білім жинақтайды, зерттеулер жүргізеді. Екінші топ – кәсіпкерлер мен өндірістік сектор білімді игілікке жаратады, ал үшінші топ – жаңаша үлгіде білім алушы студенттер, магистранттар, докторанттар өз өмірінде жобаларын бірлесіп іске асырады. Яғни үш топтың арасында динамикалық үйлесім орын алады, жаңа идеялар, жаңа инновацияларға серпін беріледі. Ханс Ниссиманың пікірінше, қазіргі университеттер бәсекеге қабілетті болуы үшін осы модельге, үшінші толқынға көшуі керек. Сондықтан заманауи университеттер білім ошағы ғана болып қоймай, білімін өмірінде кәдеге асыратын жаңа буынды дайындауы керек. Осындай ғаламдық тенденциялар барысында шекаралар ашылып, адамдар қарым-қатынасқа түсіп, тауарлар ағылады, шетелдік компаниялар арасында серіктестік орнатылады. Жаһандану кезінде қазақстандық ғалымдар да шетелге жиі шығып, тәжірибе алмасады. Сондықтан ғаламдық тенденцияларға назар аудару қажет. Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін реформалау идеясы тақыр жерден шығып тұрған жоқ. Оның мақсаты әлемдік білім беру жүйесінің өзгеруі тенденциясы аясында ХХІ ғасырдың талабына лайықты жауап беретін үшінші толқын университеттерін құру болса керек.
– Университеттерді қаржыландыру жағы күрделі мәселе. АҚШ-тағы ЖОО қалай қаржыландырылады?
– Бұл көпқырлы мәселе, әр жерде әрқалай. Америкалық ЖОО бюджетін қаржыландырудың қарапайым үлгісін айта кетейін. Біріншіден, қаржының бір бөлігі студенттердің оқуға төлеген төлемақысынан, екінші бөлігі мемлекетпен федералдық және штаттық деңгейде жасалатын келісімшарттарынан: гранттардан, мемлекеттік тапсырыстардан түседі, үшінші қаржы көзі – эндауэменттердің, яғни коммерциялық емес арнайы қорлардың демеушілік қаржысынан құралады.
– Қазіргі кезде бізде жаңа жүйеге адаптация кезеңі жүріп жатыр деуге болады. Ғылымды өркендету үшін ғалымдарды материалдық жағынан қолдау жағы жетіспей жатады. Ғалымның ғылыммен айналысуы үшін әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету жағы АҚШ-та қалай іске асқан?
– Оқытушы мен ЖОО арасындағы қатынас мәселесі бізде әрқалай. АҚШ-та тұрақты жұмыс істейтіндер келісімшартқа сәйкес әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген, мысалы 0,5 ставкамен жұмыс істейтіндердің де әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі бар. Жалпы, америкалық жоғары оқу орындары өте икемділігімен ерекшеленеді. Ғалымдардың жұмысының ауырлығына, жауапкершілігіне, жұмыс нәтижесіне қарай еңбегі бағаланады.
Ғалымдардың табысы жұмыс нәтижесіне қарай анықталады. АҚШ-та ғалымдардың көпшілігі орта топқа жатады. Ал талантты, ғылыми жаңалықтар ашқан ғалымдар, әлбетте, өте көп табыс табады.
– АҚШ-та ғалымдар қоғамдық пікірге ықпал ете ме? Жоғары басшылықтың саяси шешімдер қабылдауына үлес қоса ала ма?
– Бұл жерде Қазақстан мен АҚШ-тың мәдени тұрғыдан айырмашылығына назар аудара кеткен жөн. Мәселен, қаржылық дағдарыс сияқты ғаламдық мәселелер, өзге де өзекті мәселелерге қатысты саясатта, қоғамдық пікір қалыптастыруда қазақ мәдениетінде салт-дәстүрге, ақын-жазушыларға сұрау салынады, зиялы қауымның пікіріне жүгінеді. Ал Америкада ондай жағдайда ақын-жазушыларға емес, университеттегі ғалымдар мен оқытушылардың, сарапшылардың аузына қарайды. Сондықтан халық тарапынан академиялық ортаға жоғары сенім болуы себепті қоғамдық пікір туғызуда ғалымдардың ықпалы өте зор.
– АҚШ-тың білім беру саласындағы тәжірибесі бойынша Қазақстан үшін қажетті тұстар қандай?
– Бұл жерде бірнеше жайды ескеру керек. Қазақстанның білім саласындағы өте жоғары жетістіктері барын айтқым келеді. Мысалы, Қазақстанның базалық білім жүйесі, мектептегі білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде тұр. Ал қазір АҚШ-та дәл осы мектепте білім беру жүйесі демографиялық факторларға, саясаттағы өзгерістерге, америкалық білім жүйесінің ерекшелігіне байланысты біраз қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. АҚШ-қа қаптап келіп жатқан имигранттарға оқу бағдарламаларына бейімделу қиын. Ал, әрине, АҚШ-тың жоғары білім саласы әлем бойынша үздік саналады. Мұны құр сөзбен емес, факт жүзінде әлемдегі ең үздік 100 университеттің 70-80 пайызын АҚШ-тың ЖОО-сы құрап отырғанын айтуға болады. Оның сыры неде? Ең алдымен АҚШ-тың жоғары білім саласы өте икемді, бұл еңбек нарығының сұранысына қарай тез бейімделіп отырады. Екіншіден, білім жүйесі инновациялық болып келеді. Оқытушылық методикадағы инновациялық тәсілдер білім жүйесін бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, америкалық ЖОО студенттердің қажеттілігіне қарай лайықталып құрылған. Америкалық студенттердің міндетті пән мен өзі қалаған пәнді таңдау мүмкіндігі бар. Бұл әр студентке индивидуалдық тұрғыдан қажетті білім алып, кәсіби қызметінде іске асыруға жағдай жасайды.
– Сіз Орталық Азия тақырыбында бірқатар еңбектер, мақалалар жаздыңыз. Орталық Азияның болашағын, аймақтағы Қазақстанның рөлін қалай бағалайсыз?
– Орталық Азия мен Қазақстанның болашағы екі нәрсеге – озық білім мен сарабдал саясатқа көбірек байланысты. Бүгінде барлық салаға дендеп енген жаһандану дәуірінде әр ел өз орнын айқындауы керек. Егер Қазақстанның білім жүйесі халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілікке дайын болса, Қазақстан мен Орталық Азияның үкіметі экономиканың бәсекеге қабілетті болу саясатын аймақтық және халықаралық деңгейде жүргізсе, табиғи ресурстарын экспорттаудан түскен табыстарын дұрыс пайдалана білсе, Орталық Азия мен Қазақстанның келешегі туралы позитивті деп айтуға болады. Қазіргі жаһандану кезеңінде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп жатқанын айқын түсіну керек. Экономиканың орнықты дамуында жаңа кәсіби білім мен басқарудың жоғары дағдысын қалыптастырған кезде білімнің бәсекеге қабілетті және табысты болуына мүмкіндік береді.
– Тәуелсіз Қазақстанның нығаюындағы, әлемге танылуындағы көшбасшының, мәселен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін қалай бағалайсыз?
– Меніңше, бұл өте қызықты әрі күрделі сұрақ. ХХ ғасырда көшбасшылық концепциясы екі интеллектуалдық мектеп ретінде талқыланып келді. Батыстық либерал-демократиялық модель бойынша көшбасшы үлкен рөл атқармайтын күшті азаматтық қоғам институтын құру ұсынылады. Ондай модельде бостандық абсолюттік құндылық танылады, ал мемлекеттің рөлі төмендетіледі. Ал социалистік деп аталатын келесі концепция бойынша идеология үлкен рөл атқарады, онда құндылықтар идеология мен мемлекеттің саясатын қалыптастырады. Социалистік концепцияда көшбасшының рөлі батыстық модельге қарағанда жоғары болып келеді. ХХ ғасырдың соңында осындай екі концепция арасында күшті дискуссия жүрді. Осылармен бірге Азия елдерінде, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі (Корея, Сингапур, Малайзия), сол жердегі мемлекет, халық, мәдениеттің көшбасшылық үлгіні қабылдау ерекшелігі бар. Яғни бұл арада мәдени компонент басымдыққа ие. Бұл жағынан Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстандағы көшбасшылықтың қалыптасуында жоғарыдағы компоненттердің ықпалы болғанын атап өткен жөн. Қазақстанда таза либералдық модель қалыптаса алмайды, себебі көшбасшылыққа мәдени компонент өте күшті ықпал етеді. Сондықтан Қазақстандағы көшбасшылықтың, мемлекеттік жүйенің қалыптасуына ықпал ететін жоғарыдағы үш фактордың тепе-теңдігін сақтау қажет және оған көшбасшы қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Табысқа жету үшін аталған үш компонент маңызды болып саналады.
– Салиқалы әңгімеңізге рақмет.Жұмысыңызға жеміс тілеймін!
Сөз сарасы
Ашығын айту керек, 90-жылдары алғашқы келген кезде көргенім, Қазақстанға қираған экономика мұра болып қалды, күрделі саяси-әлеуметтік, мәдени кезеңді бастан өткеріп жатты. Ол кезде бүкіл жүйе әлі құрылмаған болатын. Соңғы 20 жылда саясатта, экономикада, мәдениетте, әлеуметтік салада тәуелсіз мемлекеттік жүйесін қалыптастырды. Бұл – Қазақстанның ең басты жемісі. Ал алға секірістер, радикалдық өзгерістер туралы айтқанда, басқа қырынан қараған қисындырақ сияқты. Шығысеуропалық бір мемлекет көшбасшысының: «Мен елімнің ешқандай революция мен түбегейлі өзгерістер болмаған іш пыстырарлық мемлекет болғанын армандаймын», – деп айтқанындай, революция болмаған ел дегеніміз – тұрақты ел деген сөз. Адамдардың ерік-жігері өз өмірі үшін, өмір қоғам үшін, қоғам мемлекет үшін болғанда тұрақтылықтың алтын қазығы қағылады. Қазақстан азаматтары бүгінде радикалды катаклизмдерден үрейленбейді, елде орнықты дамудың іргетасы қаланғанына кәміл сенеді және өзінің қалыпты өмірі, отбасылық құндылықтары, елінің өсіп-өркендеуіне ерекше құлшыныспен қызмет етеді. Осындай жайма-шуақ қоғамы бар елдің келешегі зор. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі.