Қазақстандағы жоғары оқу орындарына еркіндік жетіспейтін сияқты

Қазақстандағы жоғары оқу орындарына еркіндік жетіспейтін сияқты

Аида САҒЫНТАЕВА, Назарбаев университеті Білім беру саясаты орталығының директоры:

– Аида Қыстаубайқызы, бүгінде Назар­баев университеті отандық білім беру саласының реформаторы ретінде өз жұмысын мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық саты­­да жүргізуді қолға алды. Ал осы бас­таманың үйлестіру міндеті уни­вер­ситеттің Білім беру саясаты орталығына жүк­телген екен. Осыған байланысты біз сізден аталған құрылымның негізгі қызметі туралы білейін деп едік...
– Иә, Назарбаев университетінде құ­рыл­ған біздің орталығымыздың негізгі мін­деті – Назарбаев университетін білім бе­рудің әмбебап үлгісі ретінде қалып­тас­тыру. Бұл тәжірибе барлық Қазақстанға таралуы тиіс. Ол үшін біз білім берудің халықаралық талаптарына сүйене отырып, осы саладағы әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттеп жа­тыр­мыз: өзге елдердің жетістіктерін зер­делеп, ол бойынша тиісті ұсыныстарды жасай­мыз. Ал нақты іске келер болсақ, Білім беру саясаты орталығы үш ғылыми-зер­т­теу жобасын іске асырып келеді. Бірін­ші, ол – Жалпы білім беру және арнайы мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеру курсы. Ол бойынша жетекші педагогикалық тео­рияны меңгеріп, оқытудың озық тәжі­рибесіне үйрену көзделген. Осы уақытқа дейін аталған курстан еліміздің 12 облы­сы­нан математика, химия, физика, ақпа­рат­тық технологиялар, ағылшын тілі, геог­ра­фия, тарих және тағы басқа пәндердің мұғалімдері өтті. Екінші жоба – «Арнайы және жалпы білім беру мектептері ұстаз­да­рының сындарлы ойлау қабілеттерін (қиын уақытта шұғыл шешім қабылдай білу) да­мы­ту әдістемесі». Бұл академиялық бағ­дарлама Ұлыбританияның Кембридж уни­вер­ситетінің қатысуымен әзірленді. Оған сәйкес, Қазақстанның мектептерінде еңбек етіп жатқан мұғалімдер сабақ берудің жаңа әдіс-тәсілдерін үйренетін болады. Балалар болса, бүгінгі ақпараттық заманда мәлімет-жаңалықтарды тек қабылдап қана қоймай, оны тиянақты түрде зерделеп, салыстырып, нақты бір нәтиже шығаруға машықтанады. Демек, оқушылар ақпаратты қолдану жол­да­рын меңгеретін болады. Ал үшінші жоба Қазақстан Республикасы жоғары оқу орын­да­ры жетекшілерінің біліктілігін көтеруге ар­на­лып отыр. Аталған міндет Қазақ­стан­ның білім беру саласын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағ­дарламасында да көрсетілген. Жоба аясында атқарылатын барлық іс-шараны біз АҚШ-тың Пенсильвания универ­си­те­тімен бірге әзірледік. Оған қатысатын жо­ға­ры оқу орындарының жетекшілері уни­вер­ситеттерді корпоративті басқару және стратегиялық жоспарлау негіздерін оқиды. Бағдарламаның мерзімі – 8 апта. Биыл қыркүйек айында алғашқы 20 ректор осы дайындықтан өтеді. Жалпы, аталған үш жобаның арқасында біз әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттеп, оның оқ бойы озық үлгі­лерін еліміздің білім беру саласына енгізе аламыз деп ойлаймын.
– Ағымдағы жылы Назарбаев уни­вер­ситетінде ашылатын Білім берудің жо­ғары мектебі де реформа сала­сын­дағы жұмыстың шапшаң жүруіне өз септігін тигізетін шығар?
– Қазіргі кезде біз осы мектептің ашы­луы­на тыңғылықты дайындалып жатыр­мыз. Онда жоғары оқу орындарын бас­қа­ру­шы мамандар даярланады. Олар отан­дық білім беру саласын реформалау кезінде еңбек етпек. Бұл жерде оқыту жұмыстары ғана емес, ғылыми-зерттеу бастамалары да жүзеге асатын болады. Білім беру саласындағы үздік әдістемелерді әзірлеуге негізгі басымдық беріледі. Дәл осы Жоғары мектеп арқылы Назарбаев университеті білім беруді басқарудың озық тәжірибесін барлық республикаға тара­та­ды. Осы орайда атап өтер жайт – біз бұл мек­тепті Кембридж және Пенсильвания университеттерімен бірлесе отырып ашып отырмыз. «Неге дәл осы екі университет?» деп сұрауы мүмкін. Себебі олардың біреуі орта білімге бейімделсе, екіншісі жоғары білім беру саласын жақсы біледі. Осы­лай­ша, бір-бірінің жұмысын қайталамай, толық­тырып отыратын әлемнің екі жетекші уни­верситеті Жоғары мектептің акаде­мия­лық саясатына жауап береді. Олар магис­тра­тура бағдарламасын, оқу жоспарларын, мектептің басқарушы аппаратын жұмысқа қабылдау жұмыстарын атқарады. Қазіргі кезде мектеп деканы қызметке алынды. Жақын арада ол Астанаға көшіп келеді. Бұ­дан басқа біздің әріптестеріміз оқытушы-про­фессорлар құрамын да іріктеп, жаңа мек­тептің материалдық-техникалық база­сын, сондай-ақ кітапхана қорын жасақ­тай­тын болады.
– Сонда Жоғары мектептің алғашқы шәкірттері оқуға қашан қабылданады?
– 2013 жылы алғашқы екі топ қабыл­да­нады. Оның әрбіреуінде 30 адам білім алады. Олар білім беру саласындағы магис­тратура бағдарламасы, ағылшын тілінде Master in Education бойынша білім алмақ. Онда екі мамандық бар. Біреуі – орта білім, екіншісі – жоғары. Бірінші ма­ман­дыққа Кембридж университеті жауап берсе, жоғары білім саласы бойынша Пен­силь­вания университеті жұмыс істейді. Біздің жоспарымызға сәйкес, 2020 жылға дейін Жоғары мектептің 400-ден астам түлегі еңбек нарығына шығады. Док­то­ран­ту­раның алғашқы түлектері де сол кезде оқу­ларын аяқтайды деген жоспар бар. Бұдан басқа, білім беру саласының қызмет­керлері үшін кәсіби дайындықтан өтуге мүмкіндік болады. Осы орайда атап өтер тағы бір жайт – бүгінде Қазақстандағы білім берудің өзекті мәселелерін ескере оты­рып, магистранттарды оқытудың негізгі талаптары анықталып отыр. Ол – талдап сараптай білу, отандық білім берудің негізгі проблемаларын түсіну, ғылыми тұрғыда тал­дау және білім беру саласын рефор­ма­лау­ға ұмтылу. Мектепті бітірген мамандар облыстарға барып, сол жердің жоғары білім беру саласын көтеретін болады. Енді тек Астана мен Алматы қалаларында ғана «ре­волюция» жасап отыра беруге бол­май­ды ғой (күлді).
– Жаңа мектеп Жоғары білім беру сала­сы көшбасшыларының еура­зиялық форумы аясында ашылады екен. Назарбаев университеті қолға алған осы бір іс-шара үлкен халық­ара­лық жиынға айналғалы тұр. Осы тура­лы кеңінен айтып берсеңіз?
– Бүгінде біз жоғары оқу орындарын жаңаша басқару жайын жан-жақты зерттеп жатырмыз. Қазақстанға кез келген елдің білім беру үлгісі келе бермейді ғой. Ән­шейін шетелдік үлгіні алып, көшірме жасай салуға да болмайды. Өйткені оның арты үлкен проблемаларға ұласуы мүмкін. Сон­дық­тан біз Қазақстанның, жалпы, осы аймақ­қа тән бірыңғай білім берудің озық жүйесін қалыптастыру үшін сан алуан ғылы­ми мәжілістер мен конференцияларды өткізіп тұрамыз. Оған отандық және шетел­дік сарапшы-мамандар көптеп тартылады. Мәселен, 2011 жылы біз Назарбаев уни­вер­ситетінде «Қазіргі білім беру сала­сын­дағы үрдістер – 2011» тақырыбында халық­­аралық конференция өткіздік. Оған сегіз елден 190-нан астам делегат қатысты. Ғылыми көпшілік арасында осы іс-шара­ның мән-мағынасы зор болды. Сондықтан биыл біз оның аясын кеңейтіп, «Жоғары білім беру саласы көшбасшыларының еура­зиялық форумы» форматында өткізуді ұй­ғардық. Бүгінде оған 30 мемлекеттің ға­лымдары, сарапшылары және универ­ситет басшылары қатысуға ниет білдіріп отыр. Олардың ішінде жоғары білім және одан кейінгі білім беру саласының танымал сарап­шысы Джамиль Салми, «Әлемдік санат­тағы университеттерді құру» кіта­бының авторы, Кембридж университетінің про­фессоры Дэвид Бриджес, Пенс­иль­ва­ния университетінің Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мектебінің профессоры, белгілі ғалым Роберт Земский, Лондон уни­верситеттік колледжінің халықаралық ынты­мақтастық жөніндегі бұрынғы рек­торы Майкл Уортон және тағы басқа ға­лым­дар бар.
– Бізде не көп, жиналыс көп. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, бірақ бұл форум да қатардағы «кезек­ші» жиын болып қалмай ма? Оның нақты нәтижесі қандай болмақ?
– Биылғы форум барысында біз білім берудің аса өзекті мәселелерін барынша қамтуға тырыстық. Күн тәртібінде жоғары оқу орындарын қайта құру кезінде оқыту, ғылыми-зерттеу университеттерін құру, оның бірыңғай қоғамдастық болып қалып­та­суы, ғылыми-зерттеулердің сапасын көтеру және тағысын тағы. Қазірдің өзінде бұл форум адам капиталын дамытудағы жоғары білім беру саласының орны мен рөлін талқылаудың ашық алаңына айнал­ды. Себебі мұнда Орталық Азиядағы транс­ұлттық білім беру жүйесін дамытудың маңыз­дылығы ашылды. Бүгінде бұл аймақ­та академиялық ілкімділік барынша бай­қалып отыр. Осы жолы да форумға қа­ты­су­шылар әлемдік білім беру саясатының үлгі­лерін жан-жақты сараптап, оны жер­гі­лікті жерде бейімдеу жайын талқыға са­ла­ды. Жоғары білім беруді басқару сала­сын­дағы үздік тәжірибені тауып, біздің жүйе­мізге енгізу форумның басты тақы­ры­бына айналады. Біз үшін нақты нәтиже осы болмақ.
 – Байқап қарасақ, Жоғары білім беру саласы көшбасшыларының еура­зия­лық форумы Қазақстанда жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шараға айна­ла­тын сияқты?
– Бүгінде Ұлыбританияда жыл сайын өтетін Going Global деген халықаралық кон­ференция бар. Онда қазіргі заманда білім беру саласын дамыту мәселелері, оның жаһандану проблемалары тал­қы­ла­нады. Биыл 80 елден 1300 делегат қатыс­қан осынау ауқымды форумның бағ­дар­ла­масына алғаш рет «Орталық Азия және Шығыс Еуропада білім беруді реформалау» деген сессия ашылды. Оның аясында Қазақ­стан, Ресей және Өзбекстан өз жерін­дегі білім беру жүйесі туралы айтып, осы са­ланың көкейкесті проблемаларын талқы­лауға мүмкіндік алды. Қазақстанның та­ра­пынан форумға Назарбаев университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­ка­лық университеті және Мұхтар Әуе­зов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­ле­кет­тік университеті қатысты. Шыны керек, бұл аймақтан үш ел қатысса да, Қазақстанға деген қызығушылық ерекше болды. Фо­рум­ға қатысушылардың көбісі бізге сұрақ қойып, мемлекеттің білім беру сала­сын­дағы саясаты, оның болашаққа деген көз­қа­расы, білімге бөлініп жатқан қаржының көле­мі, жастарға берілген мүмкіндіктер жә­не ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы көп мәлімет алғысы келді. Ал енді Қы­тай­дың Шанхай қаласында екі жылда бір өтетін World-class University деген тағы бір халықаралық конференция бар. Онда да білім берудің өзекті мәселелері тал­қы­ла­нады. Біз оған да қатыстық. Бірақ оның бәрі Орталық Азияның мүддесіне сай келе бермейді. Картаны алып қарасақ, осы бір аралықта бірде-бір форум өткізілмейді. Сон­дықтан біз Орталық Азияның білім беру мәселелерін талқылайтын алаңды осы Қазақстан жерінде ашып, «Жоғары бі­лім беру саласы көшбасшыларының еу­ра­зия­лық форумы» үлгісінде өткізуді ұйғар­дық. Негізгі мақсатымыз – Назарбаев уни­верситетін білім-ғылым хабы ретінде қа­лыптастырып, ол арқылы әлемдік тә­жірибені барлық жоғары оқу орнына тарату. Болашақта Қазақстанның дипломы дүниежүзінде танылуы тиіс.
– Назарбаев университетінің негізгі серіктестері Ұлыбритания мен АҚШ университеттері екен. Демек, Қазақ­станның білім беру жүйесі Батыс­тың үлгісіне негізделе ме?
– Бүгінде әрбір мемлекет білім беру саласында өз реформаларын жүргізеді ғой. Ол жұмыстың дұрыс-бұрысын тек уа­қыт қана көрсетіп жатады. Ал оған бір емес, бірнеше жыл кетеді. Сондықтан біреу­дің қателігін қайталауға болмайды. Мәсе­лен, Грузияда біраз реформа жасал­ды. Біз оның тәжірибесін де зерттеп шықтық. Олар да Батыстың іргелі жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, отан­дық білім беру жүйесін дамытып жатыр. Біз де осы жолды таңдадық. Бірақ Қазақстанға қажетті тәжірибені Грузиядан ала салған дұрыс емес. Оны сол тәжірибенің автор­ларынан алған жөн. Сол себепті біз АҚШ-тың Пенсильвания және Ұлыбританияның Кембридж университеттерімен тікелей әріптестік байланыстарды орнатып, отан­дық білім беру саласын реформалау жұ­мы­сын қолға алып отырмыз. Негізі, бүгінде әлемдік білім беру нарығында АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы бәсеке қатты. Сондықтан олар өз әріптестеріне ең үздік тәжірибені ұсынуға тырысады. Біз болсақ, әлемдік рейтингіде алдыңғы қатарда тұр­ған осы екі іргелі университеттің тәжірибесі не­гізінде өз моделімізді қалыптастыратын бо­ламыз.
– Ал осы жүмыстың маңыздылығын сонау кеңестік жүйе кезінде білім алған университет басшылары қаншалықты түсініп отыр?
– Шыны керек, қазіргі кезде ректор­лар­дың бір бөлігі біздің барлық бастамамызға қолдау білдірсе, екіншілері, керісінше, мін та­ғып, бізді бөлек бір орта деп санайды. Сонда айтатындары: «Ой, Назарбаев уни­верситеті бөлек бір әлем ғой. Сендер бізді түсінбейсіңдер, бізге де сендерді түсіну қиын». Себебі, олардың айтуынша, жер­гі­лікті жерде кеңестік жүйеден қалып қойған проб­лемалар көп. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Біздің университет басшылары білім беру саласындағы реформаларды түсіне ме?» деген сұрақ қойылғанда, мен: «Он-ақ пайызы түсінеді», – деп жауап бере­тін едім. Қазір болса, университет бас­шыларының 80 пайызы білім беру сала­сын­да мемлекеттің қолға алып жатқан рефор­маларын түсініп отыр. Бір нәрсені анық білу қажет. Қазақстанның дипломын дүние­жүзіне таныту – бұл жалғыз Назар­баев университетінің жұмысы емес. Оған барлық жоғары оқу орындары жұдырықтай жұмы­лып, атсалысуы тиіс.
– Сонда сіз айтып отырған рефор­маны неден бастау керек?
– Бұл реформа тек жаңа кітап шығарып, оқытушылардың жалақысын көтеруімен ғана шектелмейді. Жалпы, білім беруді басқару жүйесін өзгерту қажет. Осы орайда біз «академиялық еркіндік» туралы жиі айтамыз. Онымен қалай жұмыс істеп, пайдалануға болады? Оқытушы-профес­сор­лардың көбісі оны әлі түсінбейді. «Қар­жылай еркіндік» деген тағы бар. Ол не? Бұрынғыдай мемлекеттік дотацияларды алып тастап, студент қабылдауды шек­те­меу­ге де болады. Университет қанша сту­дент қабылдаса, сонша ақша табады. Он­дай жүйе бізде де болады. Білім беру саласын дамытудың мемлекеттік бағдар­ла­ма­сында оның бәрі бар. Қазақстанда «ака­де­миялық еркіндік», ең бірінші, ұлттық университеттерге, одан кейін басқа жоғары оқу орындарына бірте-бірте беріледі. Деген­мен оның бәрі университет басшы­ла­рына байланысты болмақ. Егер олар өз ұжымдарын кәсіби түрде ұйымдастыра білсе, онда білім беру жүйесін аз уақыттың ішінде өзгертуге болады. Меніңше, оған әлі бір 5-6 жылдай қажет.
– Демек, біздің жоғары оқу орын­дары оған әлі дайын емес пе?
– Негізі, бүгінде нарықтық бәсеке зама­нын­да Қазақстанның жоғары оқу орын­дары өз бағдарламаларын барынша өзгер­тіп, студенттерді көптеп тартуға тырысып жа­тыр. Шетелдің сан алуан ғылыми-зерттеу жобаларына қатысады. «Ака­де­мия­лық ілкімділікті» ойдағыдай жүргізіп, шетелдің белгілі ғалымдарын шақырып тұрады. Былайша айтқанда, университеттер дайын, студенттер де бәрін жақсы түсініп отыр. Бүгінде тек министрлік тарапынан болатын бақылау-қысымды ғана барынша азайтып, жоғары оқу орындарына еркіндік беру қажет. Ол жағынан Назарбаев универ­ситетінде артықшылық бар. Себебі біз Білім және ғылым министрлігіне бағын­бай­мыз. Өздігімен жұмыс істеп, оқу бағ­дар­ламаларын жасаймыз. Шетелден ға­лым­дарды шақырып, ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргіземіз. Міне, Қазақ­стандағы жоғары оқу орындарына осын­дай еркіндік жетіспейтін сияқты.
– Аида Қыстаубайқызы, білім беру саласындағы реформаларға әлі 5-6 жыл қажет деп отырсыз. Оған дейін қол қусырып отырмай, бірдеңеден бас­тау керек қой. Өзіңіз осы істің басы-қа­сында жүрген маман ретінде біздің жо­ғары оқу орындарының басшы­ла­ры­на қандай нақты бір кеңес берер едіңіз?
– Университеттер кез келген мәселені өзді­гімен шешуді үйрену керек. «Ми­нистр­ліктен дайын шешім қашан түседі?» деп күтіп отырмасақ та болады ғой. Жоғары оқу орындары сол мәселені шешудің бірнеше жолын тауып, оны министрлікке ұсынса жақсы. Министрлікке қарап отырмай, оны өзіне қарата білу керек. «Бастамашыл жаза­ға лайық!» («Инициатива наказуема!») деген ескі психологиядан бас тартқан жөн. Университет ректорлары басшының (ми­нистрлік. – Авт.) соңғы сөзін күтпей, ре­фор­­маға өз бастамаларымен араласса игі. Былайша айтқанда, білім беруді дамы­ту жұ­мысын жоғарыдан емес, төменнен бастау қажет.

Алашқа айтар датым...
Өз еліндегі проблемаларды түсінбейтін маманды шетелде оқытуға болмайды. Себебі ол жақтағы «жаңалық» атаулының бәрін бойға сіңіре берудің пайдасы шамалы. Тек өзіміздегі проблемалармен ұштастырып, талдай білген жөн. Әрине, шетелдің тәжірибесін сол күйі көшіре салуға да болады. Бірақ оның арты үлкен проблемаларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Мәселенің мән-мағынасына үңіле бермейтіндер солай істеп те жатыр.

ОҚШАУ ОЙ...
Қазақстанның білім беру саласында бір ескі үрдіс бар:  министр айтты, бітті. Ол шешім дұрыс па, бұрыс па? Отандық білім беру саласына қаншалықты пайдалы? Осы мәселеге көп үңіле бермейміз. Ал ол шешім дұрыс емес болып шықса, тұтас бір мемлекеттің білім беру саласы зардап шекпей ме?

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста