Жанғали ХАМЗАБАЕВ, Қазақстан рентгенорадиологтері қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Жанғали Хамзабайұлы, сізден сұхбат алардың алдында радиология туралы біраз мәлімет іздестіріп, оның қаншалықты маңызды екендігін, тіпті медицинаның кез келген саласы осы радиологиядан бастау алатындығын түсіндік...
– Енді радиологияның адам баласы үшін қаншалықты маңызды екендігін түсіну үшін жалғыз рентген аппараты туралы айтсақ та жеткілікті. Ежелгі заманда Гиппократ пен Авиценалар адамның ішкі ағзасын көре алмай, тек саусақпен ғана басып-басып, диагноз қойып отырған ғой. Сол кезде олар «Шіркін-ай, осы адамның денесіне жарақат салмай, ішкі дертін анық көре алса ғой!» деп армандап кеткен еді. Ал XX ғасырда неміс физигі Вильгельм Рентген өз зертханасында керемет аппарат ойлап тапты. Медицина үшін бұл ғажап ғылыми жаңалық болды. Ғалым сәулелердің жаңа түрін тауып, онымен адамның қаңқа сүйегін көруге болатындығын дәлелдеді. Әрине, бас кезінде ғылыми қауымдастық оған бірден сене қойған жоқ. «Фантазер» деді кейбір ғалымдар. Бірақ уақыт өте келе, бәрі оны мойындады. Ал В.Рентген Нобель сыйлығына ие болды. Ол – осы халықаралық сыйлыққа ие болған алғашқы ғалым. Осыны ерекше атап өткен жөн. Рентгеннің өзі сыйлыққа да, ақшаға да қызыққан жоқ. Сол кезде Америка мен Еуропаның көптеген кәсіпкері бұл ғылыми жаңалыққа патент алып, пайда табайық деген ұсыныс жасады. Бірақ ғалым оған үзілді-кесілді қарсы болды. «Бұл – менің жаңалығым емес, ол – барша адамзаттың жаңалығы», – деді В.Рентген. Оның ұлылығы сол: жаңа сәулелерді ол өз атымен атаған жоқ. Ғалым оны «x-сәулелер» деп шартты түрде ғана атаған. Оны әлем ғалымдары бірауыздан қолдап, рентгенология бойынша өткен І халықаралық съезде жаңа сәулелерді ресми түрде Рентгеннің есімімен атау туралы шешім шығарды. Негізі, сан алуан ғылымда жаңалық ашқан ғалымның атымен аталатын салалар көп емес. Медицинада ондай бір-ақ сала бар. Ол – рентгенология. Осының өзі рентгенорадиологияның қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе керек.
– Рентген аппараттарының бастапқы үлгілерінен тараған радиацияның күші қатты болды. Ал қазіргі құрылғылар адам денсаулығына қаншалықты зиян? Осы орайда УЗИ туралы кеңінен айтып берсеңіз. Себебі халық арасында ол ана құрсағындағы нәрестенің өсіп-дамуына кері әсер етеді деген пікір бар.
– Иә, бас кезінде рентген аппаратынан өткен науқастың өзі ғана емес, ол құрылғыны ұстап тұрған дәрігер де сәулелердің біраз мөлшерін алып қалатын. Қазір болса, біз аналог аппараттарынан сандық технологияға көшіп жатырмыз. Оның әсері төмен әрі адам ағзасын жан-жақтан көре алады. Ал УЗИ-ге келетін болсақ, оның болашағы зор. Әрине, кейбір жағдайларда ол адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Себебі УЗИ-ден таралатын жылылық нәзік жасушалардың өсіп-өнуіне, яғни ана құрсағындағы болашақ шарананың дамуына әсер етеді. Сондықтан аяғы ауыр келіншектер үшін алғашқы 12 аптаның ішінде УЗИ-ден өтпеген дұрыс. 22-24 аптадан кейін – екінші рет, ал 32-34 апта өткен соң, үшінші рет өтуге болады.
– Сіз бір сұхбатыңызда Қазақстандағы радиологиялық аппараттардың басым бөлігі ескірді деп айттыңыз. Бүгінде ол мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Өкінішке қарай, ондай проблема бар. Әлбетте, мемлекет бұл мәселені барынша шешуге тырысып жатыр: жаңа аппараттар сатып алынып, озық үлгідегі техника әкелінеді. Қазіргі кезде республика бойынша үш мыңнан астам рентген құрылғысы бар. Ел аймақтарына осындай аппараттардың жаңа үлгілері жеткізілсе де, кейбір жерлерде осы техниканы пайдалану мерзімі 15-20 жылға дейін жеткен. Соңғы сараптама көрсетіп отырғандай, елімізде бар рентген аппараттардың басым бөлігі – 70-75 пайызының тозығы жетті. Демек, ол науқастарға, сондай-ақ дәрігерлердің денсаулығына кері әсерін тигізуде. Міне, осындай аппараттарды сандық технологияға ауыстырсақ, біз сәулелердің қажетсіз әсерін 5-10 есеге азайта аламыз. Ендігі мәселе, ол – мамандардың кәсіби дайындығы. Шыны керек, бүгінде біз жаңа радиологиялық техниканы толығымен игере алмай жатырмыз. Себебі мамандардың кәсіби дайындығы әлі де жеткіліксіз. Былайша айтқанда, техникалық прогресс маман даярлаудан ілгері кетіп қалған. Бүгінде біз жаңа радиологиялық құрал-жабдықтарды тек 15-20 пайызға ғана қолданып келеміз. Мәселен, кейбір аймақтарда жұмыс істеп жатқан мамандардың көбісі әлі күнге дейін ескі аппараттарға тапсырыс беріп жатады. Бұл проблема Қазақстандағы бастапқы диагностиканың дер кезінде атқарылмауына әкеліп соқтырады. Осының салдарынан сүт безінің қатерлі ісігі сияқты дерттерге шалдыққандардың 30 пайызында ауру асқынып кеткен кезде ғана анықталады.
– Бәлкім, жаңа аппараттарды шығарушы компаниялардың оқыту курстарын ұзарту қажет шығар?
– Қазір жаңа құрал-жабдықтарды сатып алған кезде, кем дегенде, екі маман аталған техниканы басқарудың қыр-сырын сол тауар шығарушы компанияда үйренеді. Бұл жерде оқытудың бірнеше жолы болады. Компания мамандары осы жерге келіп, арнайы шеберлік-сыныптарын өткізеді я болмаса біздің мамандар шетелге барып, компания кеңсесінде арнайы дайындықтан өтеді. Әрине, шетелдік курстар аз болып тұр. Сондықтан біз кәсіби мамандардың қатысуымен сан алуан шеберлік сыныптарын өткізіп, рентгенорадиологияның өзекті мәселелері бойынша дәрістер оқимыз. Мәселен, екі-үш күннің ішінде дәрігерлер остеопороз, сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау, радиациялық қауіпсіздік, компьютерлік және магниттік-резонанс томографиясы туралы кеңінен біле алады. Бұдан басқа, екі жылда бір рет біз радиологтердің еуразиялық форумын өткізіп тұрамыз. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын белгілі ғалымдар теориялық тұрғыда тәжірибе алмасумен қатар практикалық курстар өткізеді. Бұл жұмыс үздіксіз жүргізілуі тиіс. Сонда ғана біз отандық мамандардың кәсіби дайындығын көтере аламыз. Қазіргі кезде Қазақстанда ақша да бар, құрал-жабдықтардың озық үлгілері де жоқ емес. Бірақ оны дұрыс пайдалана білетін кәсіби мамандар жетіспейді.
– Демек, радиология мамандығына келетін жастар аз болып тұр ғой... Сіз басқаратын кафедрада бұл жағы қалай?
– Бастапқыда қиын болды. Себебі құрал-жабдықтардың бәрі ескі. «Рентген-30», «Рентген-40» сияқты аппараттар көп еді. Сонда практикалық сабаққа келетін мамандар одан қорқатын, кәдімгідей ат-тондарын ала қашатын. Бір-екі адамды іздеп жүріп, ординатураға түсірген кезіміз болды. Бірте-бірте заман түзелді, жаңа техника келе бастады. Онымен жас мамандардың легі де ұлғайды. Мәселен, қазіргі кезде резидентураның бірінші жылын – 15 адам, екінші жылын – 12, ал интернатурада алты адам оқып жатыр. Сондай-ақ биыл бастапқы мамандандыру курсына 40 адам келді. Бүгінде дәріс оқыған кезде жас мамандар аудиторияға сыймай кетеді. Бұл ненің белгісі? Радиология саласының өскендігін көрсетсе керек.
– Қазақстандағы радиологияның тарихына шолу жасай отырып, бір нәрсеге көзіміз жетті: сіз болмасаңыз, бұл саланың даму деңгейі мүлдем басқаша болғандай екен. Қазақ ғалымдарының ішінен бірінші болып докторлық диссертация қорғап, біраз шәкірт тәрбиелеп шығардыңыз. Сонда сіз осы радиологияны қалай таңдадыңыз?
– Менің таңдауыма үлкен ағам Ертай Хамзабайұлы өз септігін тигізді. Ол радиобиология бойынша Алматыдағы медициналық институтқа түсіп, барлық өмірін осы салаға арнады. Ертай ағам отбасымыздан шыққан алғашқы ғалым еді. Мен де оған қызығып, шағын ғылыми ізденістер жасап отырдым. Сосын аспирантураға түсем деген кезде, Оразақов деген ғалымның «Мәскеуден бір орын келіп тұр бізге, аспирантураға» деп, маған ұсыныс жасай қалғаны. Мен бірден келістім. Алланың өзі салып берген шығар деп, Мәскеуге тартып отырдым. Оқуымды бітіріп, елге оралдым. Міне, содан бері 50 жыл өтті, осы рентген саласында еңбек етіп жатқанымызға.
– Сосын Астанаға келіп, жаңа елорданың диагностикалық медицинасын көтеруге кірістіңіз...
– О-о-о, оны ұмыту мүмкін емес. Шыны керек, ол кезде барлығы Алматыны қимады. Неге? Себебі ол жақта үйің бар, отбасың – жаныңда. Бірақ «Жаңа елорданың қалыптасуына үлес қосайық!» деген бастама көтерілгеннен кейін мен де көштен қалмауға бел будым. Сол кезде «Жоқ, мен жылы жерімді тастай алмаймын!» деуге арым бармады. Сөйтіп, пайғамбар жасына келсем де, жалғыз өзім бір шабаданымды алып, жолға шықтым. Сонда қаланың «Астана» деген аты болғанымен, дұрыс асфальты да жоқ. Таңертең жұмысқа балшық кешіп баратынбыз. Содан кіреберістегі легенге аяқкиімімізді жуып, сүртіп, жұмысқа кіреміз. Бас кезінде жатақханада тұрдым. Ашығын айту керек, ол кезде жас Астананың диагностикалық медицинасы төмен деңгейде еді. Радиология саласында бірде-бір кандидат болған жоқ. Мен не істедім? Ең бірінші, Қазақстанның рентгенорадиологтері қауымдастығын заңды түрде тіркедім. Оған жан-жақтан жас рентгенологтерді шақырдым. Дәріс оқып, осы саланың маңыздылығын барынша түсіндіруге тырыстым. Артынан зайыбым да Астанаға ауысып келді. Ол да – радиология саласының докторы, профессор. Содан екеуіміз ортақ жұмысқа білек сыбана кірістік. Осы уақытқа дейін тек Астананың өзінде біз 30-дан астам ғылым кандидаты мен докторды даярлап шығардық.
– Шынымды айтсам, бір салада еңбек етіп, осындай ғылыми жетістіктерге жеткен ерлі-зайыптыларды бірінші рет кездестіріп отырмын!
– Соның әсері бар деп ойлаймын. Себебі ойымыз бір, еңбек етіп жатқан саламыз да бір. Кей кездері пікірталас болып қалады. Сол кезде екеуміз екі жаққа бөлініп, ғылыми дәлелдерді іздей бастаймыз. Сосын бір-біріміздің алдымызда өз көзқарасымызды қорғаймыз. Меніңше, осындай қарым-қатынастың ғылыми әлеуетке әсері мол. Мақтанғаным емес, Раушан (зайыбы. – Автор) екеуміз сияқты медицина бойынша бір салада профессор дәрежесіне дейін жеткен ерлі-зайыптылар бізде жоқ-ау деймін.
– Сіздерді ғалым ретінде, дәрігер ретінде бүгінде қандай мәселелер мазалап жүр?
– Мазалайтын жайт көп қой. Мысалы, дәрігер мамандардың қателігі неден басталады? Бұл кәсіби біліктіліктің төмендігі, жоқ, әлде медиктің өз қызметіне немқұрайды қарауы ма? Бәлкім, қазіргі диагностикалық техниканы толыққанды пайдалана алмаудың кесірінен дұрыс диагноз қоя алмай жүрген шығармыз? Қалай болса да, оның арты мүгедектікке, тіпті адам өліміне апарады. Сондықтан осы мәселелерді бүгіннен қалдырмай шешу қажет. Негізі, әрбір дәрігерлік қателіктің арғы жағында адам тағдыры тұр ғой. Сондықтан оның қателесуге ешбір құқысы жоқ. Дәрігер қазіргі техникалық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білсе, қателеспейді деп ойлаймын.
– Жанғали Хамзабайұлы, «біздің мамандар техникалық прогрестің артынан ілесе алмай келеді» дедіңіз. Оған жету үшін қазақстандық дәрігерлердің қадамдары қарымды болғаны жөн шығар. Сондай-ақ олар осы саланың даму бағытын білуі тиіс деп ойлаймыз. Рентгенологияның болашағы жайында айтып берсеңіз?
– Біріншіден, сәулелі диагностиканың «гумандық миссиясы», яғни адам денесіне жарақат салмай, ішкі органдардың жұмысына зиян келтірмеу міндеті күшейе береді. Ультрадыбыстық зерттеу компьютерлік және магниттік-резонанс томографиясының қолдану аясы кеңейеді. Қазіргі диагностикада осы технологияларды қолдану жағынан УДЗ бірінші орында келеді. Екіншіден, осы аппараттардың радиациялық әсері барынша азайтылып, рентген суретінің сапасы жақсарады. Ол үшін сәулелі диагностиканың барлық түрі сандық технологияға көшіріледі. Осының арқасында рентгеннің 3D форматындағы суреттері шығарылады. Демек, біз адам ағзасындағы ауытқуды жан-жақтан көре аламыз. Бүгінде сандық үлгідегі суреттерді түсіріп сақтауға мүмкіндік беретін Picture Archiving and Communication Systems (PACS) сияқты ақпараттық жүйелер бар. Dicom атты медициналық суреттердің бірыңғай халықаралық стандарты жасалды. Қазіргі кезде дәрігерлер сапасы жоғары сандық суреттерді интернет арқылы шетелдік әріптестеріне жіберіп, онлайн режимінде бірлескен кеңестерді өткізе алады. Әлем бойынша осындай үрдіс бар. Оның экономикалық тиімділігі зор. Мәселен, сандық технологияға көшкен мекеме рентгенге қажет қымбат пленканы алмайды. Оның суретін шығаруға қажетті химиялық реактивтерді қолданбайды. Сондай-ақ осының бәрі тұратын арнайы бөлмені босатып алуға мүмкіндік болады. Үшіншіден, сәуле аппараттарының ерте диагностика жасау саласындағы рөлі артады. Қазірдің өзінде рентгенография мен флюрографияға қоса, ультрадыбыстық зерттеу мен компьютерлік томографияның арқасында жүрек, өкпе, сүт безі, бүйрек пен басқа да маңызды органдардың ауруларын анықтауға мүмкіндік бар. Төртіншіден, рентген суреттерін шығару жылдамдығы күшейеді. Өз кезінде Рентген бір суретті алу үшін жарты сағатқа дейін күткен. Қазір болса, бір секундтың ішінде бүкіл ағзаны суретке түсіруге мүмкіндік бар. Осындайда дәрігерлер шапшаң әрі кәсіби шешім қабылдай білуі тиіс. Бесіншіден, жүрек-қан тамыр аурулары диагностикасында томографиялық әдіс-тәсілдерді қолдану аясы кеңейеді. Медицинаның осы бір саласында радиологтер біраз жұмыс жасауы қажет.
– Болашақта да ондай құрал-жабдықтарды шетелден ала береміз бе? Қазақстан осы санаттағы озық технологияны өзі шығарма алмай ма?
– Жалпы, тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, II дүниежүзілік соғыстан кейін сарбаздардың денсаулығын жақсартуды көздеген кеңестік рентгенология жаңаша бір деңгейге көтерілді. Бірінші бесжылдықта рентген аппараттарын шығаратын кәсіпорындар ашылып, жұмыс істей бастады. Олардың ішінде «Ақтөберентген», «Мосрентген» және «Севкаврентген» бар еді. Бертін келе ол өндірістік ошақтардың біреуі қысқартылды, екіншісі банкротқа ұшырап, быт-шыт болды. Құдайға шүкір, сан алуан қиыншылықтарға қарамастан, «Ақтөберентген» қалды. Қазіргі кезде ол жерде «Арман» және «Жеңіс» сияқты жылжымалы және стационарлық флюрографтар шығарылады. Алдағы уақытта шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, компьютерлік томографтарды шығару жоспарда бар. Осылайша, уақыт өте келе, біз де озық үлгідегі рентген технологиясын өндіретін боламыз.
– Бүгінде ядролық диагностикаға да ерекше көңіл бөлініп жатқаны мәлім. Бұл саланың аяқ алысы қалай?
– Негізі, медицинаның бұл түрі кеңестік жүйе кезінде жақсы дамыған еді. Алайда одақ ыдырағаннан кейін тоқтап қалды. Сол кезде Қазақстанда 24 радиоизотоптық зертхана болды. Соның бірен-сараны ғана қалды. Бүгінде диагностиканың бұл түрі Астанадағы диагностикалық орталықта қолға алынып жатыр. Ол үшін арнайы ядролық орталық ашылды. Гамма-камералар, позитронды-эмиссионды томографтар сатып алынып, Циклотрон салынды. Онда қысқа өмір сүретін изотоптар әзірленіп, ядролық диагностика үшін қолданылады.
– Сонда ол изотоптарды шприцпен енгізе ме?
– Иә, изотоптарды шприцпен енгізеді де, олар қан арқылы адам денесіне тарайды. Адам ағзасында қатерлі ісік болса, изотоптар соған жиналып қалады. Сосын суретке түсіріп, дерттің нақты жерін анықтайды. Ал ядролық изотоптар бірнеше сағаттың ішінде таралып кетеді.
– Әңгімеңізге рақмет! Биыл қазан айында сіз 75 жасқа келеді екенсіз. Редакцияның атынан сізге зор денсаулық тілейміз!
Алашқа айтар датым...
Әрине, диагноз қоярда адамның рентгеннен мейлінше аз өткені жөн. Бірақ ауру-сырқаттың нақты диагнозы бәрінен де қымбат қой. Сондықтан рентгеннің көмегімен қандай да бір дертті қараған кезде, біз радиация мөлшерінің аурудан келетін қауіп-қатерді толығымен ақтауы тиіс екендігін түсінуіміз қажет. Бір рет қара, он рет қара, бірақ нақты диагноз қой! «Рентгенмен көп қарауға болмайды» деп ауру асқынып кетсе, адам өміріне қауіп төнбей ме?! Алайда қайта-қайта рентгенге түсіріп, бейберекеттік танытуға да болмайды. Негізі, профилактика үшін адам жылына бір рет рентгеннен өтуі тиіс. Ал кейбір сырқаттардың нақты диагнозын анықтау үшін төрт-бес реттік рентген де жасап жатады.