Қазақстан мәдениетінің гүлденуі үшін әртістерімізді әлемге танытуымыз керек

Қазақстан мәдениетінің гүлденуі үшін әртістерімізді әлемге танытуымыз керек

Аян СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры:

– Аян Нұрмұхамбетұлы, сіздердің сайттарыңызда «Филармонияға келіп тұрасыз ба?» деген сауалнама жүргізілген екен. Соның нәтижесі бойынша басым көпшіліктің мұнда мүлдем бас сұқпайтыны анықталып отыр. Бұның себебін немен түсіндіресіздер?

– Сайт – уақыттың ықпалымен туындаған жаңа дүние. Бұрын біз көрерменмен тікелей қарым-қатынас арқылы жұмыс істедік. Концерттерімізге бұқаралық ақпарат құралдарына жарнама беріп, шақыратын болдық. Бірақ, негізінен, филармонияға бауыр басқан тыңдармандар ұзақ уақыт бойы концертке өз аяқтарымен келіп бас сұғуға әдеттенді. Соның арқасында концерт залдарымыз әрқашан лық толы. Ал сайт – күні кеше пайда болған қарым-қатынас құралы. Оны аға буын емес, негізінен, жастар пайдаланып жатқан болар. Ал ол жастардың көпшілігі әрине, филармонияның тыңдармандары емес. Сол себепті осындай жағдай байқалған болар. Бірақ алдағы уақытта тыңдармандарымызбен ғаламдық желі арқылы байланысты жақсартатын боламыз деген ойдамыз.

– Батыстағыдай емес, қалай болғанда да, діліміз басқа, бізде халықтың белгілі бір тобы болмаса, кәсіби музыкаға, биік өнерге деген жаппай құлшыныс аз. Осы рухани сұранысты арттыру үшін қандай жұмыстарды қолға алып отырсыз?

– Иә, бізде кәсіби музыканы, негізінен, тек кәсіпқой мамандар ғана қолдайды. Осы салада бірнеше музыка мектебі, бірнеше ұйым бар. Кәсіби музыканың негізгі тыңдармандары – солар. Сөзіңіздің жаны бар, биік өнер Батыстан келді. Біздің елде кеңес дәуірі тұсында өркен жайды. Бірақ өткен заманға өкпеміз жоқ. Көрерменіміз қазір де азаймай отыр. Жастар тарапынан да қызығушылық байқалып жатыр. Егер орындаушыларымыздың, өнерпаздарымыздың шеберлігі шыңдала берсе, көрермендеріміз де көбейе беретін болады. Ешкімнің сапасыз музыканы тыңдағысы келмейтіні шындық. Әсіресе, қазіргі көрерменнің талғамы жоғары. Тағы бір назар аударатын жайт – қазір, әрине, эстрадаға сұраныс көп екені даусыз. Өйткені ол жан-жақты, көпқырлы. Ал кәсіби музыка оған қарағанда, консервативті, яғни оны түсіне білу, сүйе білу қажет. Міне, осы жағдайды ескерген абзал. Бірақ біздің ойымызша, қай кезеңде биік деңгейдегі музыканың өз тыңдармандары, өз қолдаушылары табылады, ол ешқашан көрерменінен алыстамақ емес.

Менің басшылық қызметке келгеніме екі жыл болды. Мұнда ұжым көп. Мемлекеттік хор капелласын, симфониялық, камералық, үрмелі аспаптар, «Отырар сазы» оркестрлерін, басқа да квартет-квинтеттерді, солистерді қосқанда барлығы – 500 адамдай. Қазіргі таңда ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ал шығармашылық жоспарларымызға келсек, биыл бірнеше фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының 70 жылдығы аталып өтеді. Келесі жылы тұтас мемлекеттік филармонияның 75 жылдығы тойланады. Халықаралық орган фестивалін өткізумен байланысты бірнеше ірі жобаны іске асырғалы отырмыз. Қазақстан Композиторлар одағының 70 жылдығына арналған концерттер өтеді. Жетістіктерімізге келсек, биылғы концерт маусымында біздің симфониялық оркестріміз Израильде өнер көрсетті. Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі Корея мен Біріккен Араб Әмірлігіне барды. Камералық трио – Австрияда, хор капелласы Үндістанда болды. Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі Тайваньға сапар шегіп қайтты. Біріккен Араб Әмірлігінде екі рет өнер көрсеттік. Оның бірі – Елбасының және басқа да отандық саяси элита өкілдерінің қатысуымен болған мәдени шара. «Отырар сазы» оркестрі Сауд Арабиясында концерт берді.

Сондай-ақ мемлекеттік филармония әртістері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Йордания еліне ресми сапары кезінде мәдени-рухани шараға үлес қосты. Үрмелі аспаптар оркестрі Ұлыбритания жерінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін кәсіби музыка ұжымдарымен бірге концерт беретін болады. Қазір дайындық жүргізіліп жатыр. Біздің ұжымдарымыздың мемлекетіміздегі және шетелдердегі  ресми шараларға қатысуы – біз үшін абырой. Бұл – биік өнерді дамытудағы кәсіби деңгейімізге берілген баға әрі бізге деген сенім, орындаушыларымыздың шеберлігіне деген құрмет. Мысалы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі – біздің елдің ұлттық бренді іспетті. Біздің президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған жастарымыз көп. Скрипка, пианино, музыкалық аспаптың басқа да түрлері бойынша олар әлемдік деңгейде жоғары білім алды. Енді олардың алды елге еңбек етуге қайтып келіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі бізге сондай талантты да кәсіби біліктілігі жоғары жастарды жұмысқа қабылдауды тапсырды. Міне, қазір біздің ұжымда осындай жас дарындар аға буынмен бірге еңбек етуге кірісті. Халықаралық байқаулардың жүлдегері, пианист Данияр Есімханов, Айжан Нұркенова, Әмір Бисенғалиев, Майя Сепп және басқалар – ұлттық кәсіби музыканың келешегі.

– Бірақ бізде түрлі мерекелер болған кезде биік өнердің өкілдерін сырттан шақыру үрдісі әбден қалыптасып қалған. Даңқтары ешкімнен кем емес керемет баритон, тамаша сопрано дауыстар және өзіңіз айтқан ұлттық кәсіби музыканың басты нышанына айналған өнер ұжымдары бізде де бар ғой. Неге осы сырттан әртіс шақыруға тосқауыл қойып, өз өнерімізге қолдау көрсетпейміз?

– Еліміздегі кейбір маңызды мемлекеттік мереке-тойларға әлемдік мәртебе беріліп жатады. Сол себепті мұндай шараларға, мәселен Елорданың туған күніне, Тәуелсіздік мерекесіне әлемге аты мәшһүр өнер өкілдері арнайы шақыртылады. Бұл біздің өнер ұжымдары деңгейінің төмендігінен емес, әрине. Бұл еліміздегі мерекеге әлемдік мәртебе беру мақсатымен ғана жасалады. Және мұндай жалпыхалықтық мерекелерге дүниежүзілік мәдениет жұлдыздарын шақыруға, негізінен, ірі кәсіпорындардың қаржысы жұмсалады.

– Мұндай қаржы біздің мәдениет мекемелеріне де қажет қой. Осындай қомақты қаражатты неге өз ұжымдарымыз, мәселен, мемлекеттік филармония өкілдері өздері иеленбеске?

– Мәдениет және ақпарат министрлігі, негізінен, көпшіліктің сұранысын ескеретін болар. Демек, көрермендеріміз әлі де болса, елімізге әлемдік өнер шеберлері келіп концерт бергенін қалайды. Пласидо Доминго, Уитни Хьюстон деген – болмысы дара тұлғалар ғой. Оларды Қытай да шақырады, Жапония да шақырады. Мұндай жағдай отандық музыка өнерінің жалпы ахуалына ешқандай нұқсан келтірмейді. Керісінше, Батыс мәдениеті өкілдеріне қарап, біз де ширай түсеміз. Бұдан мәдени-рухани байланысымыз артады. Жалпы, біздің өзге өркениеттерге ашық болғанымыз өзімізге жақсы, өзімізге пайдалы. Дегенмен олардың орнына өз өнерпаздарымызға ұсыныс жасап жатса, әрине, ешқашан бас тартпас едік. Ал ұжымның қаржыландырылуы жайлы айтып кетер болсам, қызметкерлеріміз қанша дегенмен өздерінің бюджеттік сала өкілдері екенін түсінеді,   сондықтан, мемлекеттен бөлінетін еңбекақыларына разы. Бірақ бірнәрсені баса айтқым келеді, ол – біздегі мәдениет ұжымдарының біркелкі емес екендігі. Бюджеттен 60 адамдық коллектив пен 500 адамдық үлкен өнер ордасына бірдей мөлшерде қаржы бөлінеді. Әрине, осы кезде қай ұжым қаржы тапшылығын көбірек сезінетіні белгілі. Бірақ біз күрделі жағдайлардан шығып, демеушілер табуға, шығындарымызды қысқартуға тырысамыз. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі гастрольдеріміздің деңгейін көтерсе екен деген тілегіміз бар. Әртістеріміз, ұжымдарымыз шетелдерге көп шықса екен. Өйткені гастрольдік сапарлар музыканттарды әрқашан ынталандырады. Олардың Алматы облысы көлемінде ғана концерт бергеннен гөрі Америкада өнер көрсетуді қалап тұратыны ақиқат.

Бұл – әртіс үшін дүниежүзіне сапар шегудің және өз өнерін жұртшылыққа кең танытудың жалғыз мүмкіндігі ғой. Шетелдерге сапарға шыққан кезде, басқа елдер тарапынан шақыртулар алуға да жағдай туады.

– Қалай болғанда да, өнерпаздарымыздың өз тыңдармандары, өз жолы бар дедіңіз. Біздің ұлттық кәсіби музыкамыз әлемдік музыкадан несімен ерекшеленіп келеді?

– Расында кәсіби музыкада ұлттық шекара жоқ. Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди сияқты классиктеріміздің қазақ кәсіби өнеріндегі орны қандай болса, әлемдік мәдениетте де сондай биікте. Олардың еңбектері де өзге әлем классиктері шығармалары сияқты халықаралық деңгейге сәйкес келеді. Айырмашылық бұл тұлғалардың музыкалық мұрасының таралуы мен ақпараттық жағынан насихатталуында. Мәселен, Моцарт, Штраус, Бетховендердің мерейтойы келсе, ол барлық құрлықта түгел, тіпті Африкада да аталып өтер еді. Өйткені олардың шығармаларын насихаттаушылар әлемнің түкпір-түкпірінен табылады және олар ғасыр бойы мейлінше көп жарнамаланған. Ал өкінішке қарай, Латиф Хамидидің мерейтойы бұлайша кең көлемде тойланбас еді. Қазақтың кәсіби музыкасының кейінгі буынына келсек, соңғы кездері бұл буын өкілдері симфониялық музыканы эстрадамен, басқа да қазіргі заманғы жанрлармен ұштастыра дамытып жүр. Сонысымен ерекшеленеді.

– Әйгілі сазгер, қазақтың біртуары Нұрғиса Тілендиев негізін қалаған «Отырар сазы» оркестрінің бүгінгі беталысы қалай?

– Биыл бұл ұжымның басшысы ауысты. Бұрынғы дирижер, Қазақстанның өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Жамағат Темірғалиев зейнеткерлікке шыққаннан кейін оркестрдің көркемдік жетекшісі болып, сазгердің ізбасар қызы, Динара Нұрғисақызы тағайындалды. Жас талантқа «Отырар сазы» сияқты құрылғанына 27 жыл болған үлкен ұжымды басқару мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл әрине, оңай шаруа емес. Бірақ Динара үшін тәжірибенің үлкен мектебі болмақ. Ұжым қазіргі уақытта өзінің шығармашылық кемеліне келді десек, әсте қателеспейміз. Өнерпаздар арасында кезінде Нұрғиса ағамызбен бірге жұмыс істеген көнекөздер бар. Міне, бұл – өнердегі ұрпақ сабақтастығы. Оркестрдің шығармашылық бағыты, бағдарламалары, репертуары уақыт өткен сайын жаңарып, толығып-молығып келе жатыр. Ұжымның шетелдерде дүркін-дүркін концерт беріп жүргенін жоғарыда айтып кеттім.

Бір тілек...
Басшы ретіндегі басты арманым – филармониямыздың халықаралық мәртебе алып, әлемге танылуы. Өнерпаздарымызды дүниежүзі білгісі, көргісі, естігісі келетін дәрежеге жетсе екен деймін. Біз шетелдерде тек ресми-саяси, дипломатиялық шаралар кезінде ғана өнер көрсетіп қоймауымыз қажет. Мәдени бағдарлама аясында өнер көрсету мен коммерциялық концерт берудің арасы жер мен көктей. Коммерциялық концерт – әртістің өз кәсіби деңгейін жұртшылыққа кеңінен паш ету мүмкіндігі. Бұл үшін әртістің өнеріне ақы төленеді. Шетел жұлдыздарын не себепті көп қаржы беріп, шақырамыз? Өйткені олардың концертіне сұраныс бар және бұл ол әртістің кәсіби деңгейінің қаншалықты екенін байқатады. Міне, мен де мемлекеттік филармониядағы әртістердің барлығының уақыт өте келе осылай әлемге танылса, дүниежүзі тыңдармандарының орасан зор сұранысына ие болса екен деп тілеймін. Қазақстан мәдениеті гүлденуінің ең негізгі белгісі осы болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста