Ердос ОҢҒАРБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің деканы, химия ғылымының кандидаты:
– Ердос Қалимұллаұлы, ең алдымен, біздің елімізде химия ғылымының дамуы және сала мамандарының кәсіби мерекесінің аталып өту тарихы жайлы кеңірек тарқатып айтсаңыз.
– Теориялық және қолданбалы химияның халықаралық одағының (IUPAC) бастамасымен ЮНЕСКО-ның қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2011 жылды Халықаралық химия жылы деп жариялаған болатын. Халықаралық химия жылы ресми түрде 2011 жылдың 27-28 қаңтарында Париж қаласында ашылды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының Халықаралық химия жылын өткізу туралы қарарында іргелі химияның жетістіктері қазіргі материалдық әлемнің кілтін табудың заманауи деңгейін анықтайды, ал химиялық технологиялар мен үдерістер климаттың өзгеруі, халықты таза сумен, тамақпен және энергиямен қамтамасыз ету, қоршаған табиғи ортаны сақтау сияқты ғаламдық мәселелерді шешуде маңызды роль атқарады делінген. Халықаралық химия жылының ұраны «Химия – біздің өміріміз, біздің болашағымыз». Бұл ғылымның адамзаттың тұрақты дамуындағы маңызды ролін айқын көрсетеді.
Химия ғылымының еліміздің экономикасындағы алар орнын 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының үдемелі индустриалық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасынан да байқауға болады. Бағдарламада анықталған экономиканың басым секторларының барлығы да – мұнай-газ секторы, мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсібі, атом өнеркәсібі, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс индустриясы тікелей химия ғылымының жетістіктерімен және химиялық технологиямен тығыз байланысты. Шын мәнісінде де, химия ғылымының шекарасы өте кең және заттардың бір түрін екіншісіне айналдыруға және практикада қолдануға бағытталған.
Өткен ғасырдың 60-жылдары бұрынғы Кеңес Одағында халық шаруашылығын химияландыруға үлкен күш-жігер жұмсалған еді, соның нәтижесінде Одақ экономикасы қарқынды даму алды. Республикамызда ірі химия зауыттары мен кәсіпорындар салынып, оларды игеруге жастар жұмылдырылды. Ғылым саласында да химия бағытына жас ғалымдар тартылып, соның нәтижесінде қазіргі кемел жастағы ұстаздарымыз бен ғалымдарымыз тәрбиеленіп шықты. Егемен еліміздегі химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасы осы шараның жалғасы, екінші толқыны іспеттес. Еліміздегі аталмыш бағдарламада үлкен мақсат қойылып отыр – бұл жаңа технологиялық шешімдер мен инновациялар негізінде химия өнеркәсібін қайта қалпына келтіру және дамыту. Көмірсутек және минералды шикізаттың, Д.И.Менделеевтің периодтық жүйесіндегі барлық элементтердің қорына бай еліміз осы шикізатты ұқсату және өңдеу технологиясына да бай болу керек.
– Қазақстан елінің минералды және көмірсутек шикізатына бай екендігі бүкіл әлемге аян. Ел экономикасының қарқындап өсуі де осы шикізат ресурстарын өндіру есебінен жүзеге асуда. Әсіресе мұнай мен газ өндіру саласында қандай ғылыми зерттеулер жүргізілуде?
– Индустриалық-инновациялық бағдарламаның бір саласы – мұнай-газ секторы мен мұнай химиясы. 2011 жылы елімізде 80 млн тонна мұнай мен газ конденсаты және 39,5 млрд м3 газ өндірілді. Осындай көп мөлшерде көмірсутек шикізаты өндірілгенімен, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында 13,7 млн тонна ғана мұнай өңделді. Бұл көмірсутек шикізатын терең өңдеу арқылы толық технологиялық циклді жүзеге асыратын өндіріс орнының жоқтығымен түсіндіріледі. Сондықтан Елбасы Жолдауында да айтылғандай, әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірісін жасаудың инвестициялық жобалары – газ-химия кешенін, ароматты көмірсутектер өндірісін, битум өндірісін тұрғызу қолға алынуда.
Химия саласында жүргізілетін ғылыми зерттеулер факультет жанындағы үш ғылыми-зерттеу институтында орындалады. Жану мәселелері институты қазірдің өзінде электр энергиясын тасымалдау үшін оттан қорғау қасиеттері жақсартылған ВВГ типті кабель, өсімдік материалдарының қалдықтары негізінде жасалған ЗАК, ЗРШ маркалы нанокөміртекті сорбенттермен отқа төзімді материалдар мен бояулар өндіріп, тауар ретінде нарыққа ұсынып отыр. Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістерінің орталығында шунгит минералы негізінде дайындалған көміртек-минералды сорбенттер ағын суды, өндірістік кәсіпорындардың қалдық газдарын тазалау үшін өндірістік көлемде шығаруға дайын. Сондай-ақ әртүрлі мақсаттарға арналған алхидин, рамон, лимонидин, биосед, жантақ деп аталатын синтетикалық және өсімдік текті дәрілік препараттар да биоскринингтен өтіп, медициналық практикада қолдануға ұсынылды. Бұл препараттардың әртүрлі дәрілік формалары (инъекция, мазь, таблетка, суспензия және т.б.) дайындалған. Жаңа химиялық технологиялар мен материалдардың ғылыми-зерттеу институтында көмірді өңдеу арқылы бағалы отындар мен материалдар, нововалидол, корвалол органикалық синтетикалық дәрілік препараттарын алу технологиялары инновациялық жаңалық ретінде қабылданып отыр. Жалпы, химия факультеті мен оның ғылыми-зерттеу институттарында жүргізілетін ғылыми зерттеулер Инновациялық-индустриялық бағдарламаның барлық басым бағыттары бойынша жүргізіледі.
Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістерінің орталығында құрғақ зарядталған қорғасын аккумуляторлары үшін коррозия ингибиторлары өндіріледі. Талдықорған қаласындағы «Қайнар» ААҚ-ның аккумулятор зауытында сынақтан өткізілген бұл жоба өндіріске енгізуге дайын. Күтілетін экономикалық эффекті – жылына 20 млн теңге. Бұған дейін аккумуляторларда қолданылып келген оксинафтой қышқылының орнына одан құны 1,5 есе арзан жаңа ингибитор ұсынылады.
Бұл орталық сондай-ақ шунгит негізіндегі сорбциялық материалдар өндірісін іске асыруға жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл 2011 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Әлемдік банктың қолдауымен «Технологияларды коммерцияландыру» конкурсында қаржыландыруға ұсынылған әрқайсысы 500 мың доллар тұратын екі ғылыми жобаның жоспары аясында іске асырылады.
– Қазіргі күнде өндіріске енгізілген фармацевтикалық дәрі-дәрмектердің экономикалық тиімділігі қандай болып отыр?
– Маңызды өнеркәсіптік саланың бірі – фармацевтика. Қазіргі уақытта Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығындағы отандық өндірістің үлесі 30 %-дан, қаржы көлемі бойынша 10 %-дан аспайды.
Факультеттің органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасында өсімдіктен бөлініп алынған «Санжар» (лимонидин) мазі шығарылады. Ол антиоксидантты, гепатопротекторлы, тұтқыр, қабынуға, вирусқа қарсы, иммуномодульдеуші дәрілік зат ретінде ұсынылған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеліп, өнеркәсіптік мөлшерде шығаруға және өндіруге ұсынылған. Құрамында фенолды қышқылдар, флавоноидтар, микроэлементтер, витаминдер, амин қышқылдары, жоғары карбон қышқылдары, көмірсулар бар. «Химфарм» АҚ базасында өнеркәсіптік мөлшерде шығаруға келісім жасалып отыр.
Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу институты нововалидол дәрілік препаратының тәжірибелік мини-өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Препараттың токсикологиялық, фармакологиялық және фармакопеялық сараптамалары жүргізіліп, Денсаулық сақтау министрлігінде бекітілген. Препарат зертханалық деңгейде өндіріледі. Күнделікті қолданыстағы валидол препаратымен салыстырғанда құны 3-4 есе арзан және сапалық көрсеткіштері де жоғары болып келеді.
Осы институтта сондай-ақ жаңа наноқұрылымды гидрогельді имплантациялық материал өндірісінің технологиясы әзірленген. Бұл материал хирургиялық емдеу тиімділігін айтарлықтай арттырып, аурудың клиникада емделу күндерін қысқартады. Гидрогельдің артықшылығы – оны қарапайым шприцтің көмегімен енгізуге болады, бұл жарақатқа алып келетін тілу жұмыстарын қажет етпейді. Жаңа имплантациялық материал өндірісінің өзіндік құны шетелдік материалға қарағанда он есе арзан. Шетелдік мұндай материалдың грамы шамамен 100 доллар тұрса, отындық гидрогельді материалдың бір грамы 10 долларды құрайды. Бұл дегеніңіз артық шығынды азайтады әрі экономикамыздың ілгерілеуіне үлкен үлесін қосары сөзсіз.
– Ердос Қалимұллаұлы, елімізде мұнайды өндіруде, тасымалдауда қаншама артық қалдықтар жер бетінде қалып, экологияға зиянын келтіруде. Ресми мәліметтер бойынша елімізде 30 млн тоннаға жуық мұнай қалдықтары бар екен. Мұндай қалдықтарды залалсыздандыра отырып, тиімді пайдалану үшін қандай ғылыми жұмыстар атқарылуда?
– Қазіргі уақытта елімізде жылына 80 млн тонна мұнай өндірілсе, 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 150 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Мұнай мен газ еліміздің байлығы болса да, оны өндіру мен тасымалдау, өңдеу мен тұтыну кезінде көптеген өндірістік қалдықтар пайда болатынын қарапайым жұрт біле бермейді. Мұнайды өндіру, тасымалдау, өңдеу және тұтыну кезінде жерге, суға көп мөлшерде мұнай мен мұнай өнімдері төгіледі, ауаға таралады. Төгілген мұнай және мұнай өнімдері өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, адам денсаулығына, жалпы қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Олар топырақтың құнарсыздануына, судың ластануына, адам ағзасына түрлі аурулардың таралуына алып келеді. Ресми мәліметтер бойынша, елімізде 30 млн тоннаға жуық осындай мұнайлы қалдықтар бар.
Бұрынғы кездерде мұнай өндіру аймақтарында ұңғымадан төгілген мұнайды сол жерге шұқыр қазып, соның ішіне жинап сақтайтын болған. Соның нәтижесінде осы аймақтарда «қамба» деп аталатын жүзге жуық, көлемі үлкен мұнайлы шұңқырлар пайда болады. Мысалы, Өзен кен орнында тыйым салынған, дегенмен бұрыннан қордаланып қалған осындай «қамбалы» мұнай үшін жергілікті мұнай өндіруші компаниялар экологиялық штраф төлейді. Сонымен қатар, мұнай жер қойнауынан жердің бетіне шыққанда оның құрамында су да, тас та, топырақ та, басқа қажет емес заттар болады. Оларды тазарту үшін өндірілген мұнайды алдын-ала үлкен резервуарларда сақтайды. Ұзақ уақыт сақтау нәтижесінде мұнайдың құрамындағы ауыр фракцияларды, зиянды заттарды толық тазарту және ары қарай өңдеу үшін пайдаланады да, түбінде қалғанын сыртқа шығарып тастайды. Бұл қалдықты мұнай шламы деп атайды. Осындай құрамды мұнай өнімдерінен, судан, топырақтан және басқа да заттардан тұратын қалдықтарды өңдеп, тазарту немесе пайдаға асыру – мұнай өндірісінің келелі мәселелерінің бірі. Бұл мәселені шешу үшін отандық және шетелдік әртүрлі компаниялар, ғылыми-зерттеу орталықтары бірнеше әдістер ұсынған. Бұл әдістерді механикалық, термиялық, химиялық, биологиялық және т.б. топтарға бөлуге болады. Механикалық әдістер мұнайлы қалдықтарды механикалық жолмен тазартуға, ал термиялық әдістер қалдықтарды қыздырып, органикалық және минералды фазаларға бөлуге негізделген. Химиялық әдістер аталған қалдықтарға химиялық реагенттермен әсер етіп, басқа өнімдер алуды көздесе, биологиялық су мен топырақты төгілген мұнай өнімдерінен тазарту үшін микроорганизмдерді, бактерияларды пайдалану ұсынылған. Бұл әдістер көп болғанымен, әрбір кен орнының мұнайының құрамы, қасиеттері өзгеше болғандықтан, оларға әсер ету әдісі де соған сәйкес болуы керек. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар көп жасалып жатқанымен, өндірістік қолдауға ие болып отырғандары некен-саяқ.
– Мұнай саласында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің іргелі ғылымда да, қолданбалы ғылымда да бүкіл дүниежүзі ғалымдарын толғандырып отырған проблемалары қандай?
– Мұнай және мұнай өнімдері бір ғана жеке-дара құбылыс емес, ол 300-ге жуық әртүрлі көмірсутектер мен олардың туындыларының қоспасы. Сондықтан осындай қоспаны ашық ауада сақтағанда, Күннің, желдің, жылудың, суықтың басқа да климаттық факторлардың әсерінен оның құрамында қандай өзгерістер мен түрлендірулер болатындығын анықтау қиын. Осы мақсатта Өзен – Жетібай – Атырау мұнай құбырынан төгілген және Өзен кен орнындағы «қамбалы» мұнайды әртүрлі физикалық зерттеу әдістерімен, мысалы, сұйықтық хромотография, ИҚ-спектроскопия әдістерімен зерттегенде, оның құрамындағы жеңіл фракциялардың біраз мөлшері ұшып, біразы тотығып, ауыр фракцияларының мөлшері көбейетіндігін анықтадық. Ал құрамды мұнайдан бензин, керосин, дизель отыны сияқты жеңіл мұнай өнімдерін алу тиімсіз. Сондықтан мұнайлы қалдықтарды ауамен толықтырып, мұнай битумдарын алу жолын ұсындық. Мұнай битумдарын жол құрылысында асфальтбетон қоспасын дайындауда, құрылыс материалы, қаптама ретінде пайдалануға болады. Топырақты төгілген мұнайдан ең тиімді әдіспен қанша тазартқанымен, онда аз мөлшерде болса да мұнай өнімдері қалып қалады. Оны толық тазарту үшін дүниежүзінде микробиологиялық әдісті қолданады. Бұл әдіс бойынша топыраққа микроорганизмдер штаммын енгізеді, олар мұнай көмірсутектерін өзіне қорек ретінде пайдаланып, нәтижесінде оларды көмірқышқыл газы мен суға айналдырады. Сонда топырақ мұнай мен оның өнімдерінен толық тазарады. Осы бағытта біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің микробиология кафедрасымен бірлесіп, профессор Ажар Жұбановамен бірге біршама зерттеулер жүргіздік. Мұнай өндіру аймақтарының топырағынан бөлініп алынған микроорганизмдермен Өзен және Қаражанбас кен орындарының мұнайы мен толуод, н-декан сияқты жеке көмірсутектерге әсер етіп, осы кезде олардың құрамында қандай химиялық өзгерістер болатындығы зерттелген болатын. Зерттеулер нәтижесінде бактериялар әсерінен қалыпты қаныққан көмірсутектердің мөлшері азайып, ароматты көмірсутектердің мөлшері көбейетіндігі анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір Германияның Циттау қаласының Халықаралық жоғары мектебінің профессоры Мартин Хофрихтермен бірлесіп жүргізілуде. Мұнаймен ластанған топырақты тазалау саласында шетелдерде де қарқынды зерттеулер жүргізіледі. АҚШ-тың Сан-Диего, Амхерст қалаларында жыл сайын ғылыми конференциялар өтіп, ғылыми басылымдар жарияланады. Қазіргі уақытта мұнда негізгі мәселе осы көмірсутектердің құрамындағы химиялық өзгерістер мен түрленулерді анықтауға бағытталып отыр. Шетел тәжірибесінде, әсіресе, жоғарыда айтылған биоремидация әдісі кең таралған. Осы үдеріс кезінде көмірсутектер қандай түрленулерге ұшырайтыны туралы қазіргі уақытта көп айтылуда. Біз мұнайды неғұрлым көп өндірген сайын технологиялық мәселелер де соғұрлым көбейіп отыр. Мысалы, еліміздегі қазіргі уақыттағы ең үлкен кен орны – Теңіз кен орнында жыл сайын күкірттің қоры көбеюде, қазір оның мөлшері 9 млн тоннаны құрайды. Теңізде өндірілетін мұнай мен оған серік газдың құрамында күкіртсутектің, күкіртті қосылыстардың мөлшері өте көп. Осы қосылыстарды бөліп алып, күкіртсутекті Клаус әдісімен өңдеу нәтижесінде күкірт элементі түзіледі. Осы сары күкірт қазір тау-тау болып үйіліп жатыр. Ол да ашық аспан астында ұшып, қоршаған ортаға тарап, жергілікті халық зардап шегуде. Осы күкіртті пайдаға асыру да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұл бағытта да күкіртті ұқсатудың әртүрлі әдістері ұсынылған. Біздің тарапымыздан күкіртті мұнай қалдығына қосып, тотықтырып, мұнай битумын алу әдісі ұсынылуда.
– Сіз маман ретінде, қоршаған ортаның ластануына жол берілмеуі үшін жалпы, мұнай өндіру сапасы қандай бағыт ұстанған жөн деп ойлайсыз?
– Мұнайлы қалдықтарды өңдеу және пайдалану саласында елімізде жүргізілетін ғылыми зерттеулердің көпшілігі аталған қалдықтардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына зиянды әсерін анықтаумен ғана шектеледі. Ал нақты өңдеу және пайдалану әдістерін ұсынған зерттеу нәтижелері бірен-саран. Бұл салада Ресей, АҚШ, Германия елдерінің ғалымдары көптеген жұмыстар жасауда. Мысалы, Ресейдің де мұнай мен газ өндіретін кен орындары көп, бірақ жаңағыдай мұнайлы қалдықтарды өңдеу мәселесі біздің елмен салыстырғанда жақсы шешілген. Әрбір компания өзіне тиімді әдісті пайдаланып, қоршаған ортаның ластануына жол бермейді. Егер біз технологиялық құрылғылар мен аппараттардың, ұңғымалар мен мұнай тасымалдаушы құбырлардың жұмыс жасау тәртібін толық қадағаласақ, онда мұндай қалдықтар да түзілмес еді. Сондықтан қазіргі уақытта ең тиімді шара – осы қалдықтардың түзілуінің алдын алу болып табылады.
– Отандық ғылымда қабырғалы, тіпті әлемдік деңгейдегі зерттеулер болғанымен, оны өндіріске енгізуге енжарлық байқалады. Сіз бұл жағдайды қалай түсіндірер едіңіз?
– Ғылыми зерттеудің түпкі нәтижесі – оның халыққа берер пайдасы болу керек, яғни әркім өз саласында ғана қайнамай, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, тәжірибеде, іс жүзінде пайдалану керек. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар өте аз немесе жоқ деуге де болады. Мысалы, бүкіл әлем білетін Қазақстан ғалымдары ашқан қандай жаңалық бар? Ғылыми жаңалықтардың өмірден өз орнын таппай жатуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, өндіріс орындарынан Қазақстан ғалымдары жасаған жаңа технологияларға сұраныс жоқ. Олар шетелдің озық тәжірибесі деп сол жақтың технологияларын іздеп, пайдаланады. Бірақ, менің ойымша, шетелдің озық тәжірибесі біздің еліміздің шикізат ресурстарына бейімделмеген, оны сынақтан өткізу үшін де біршама уақыт, қомақты қаражат керек. Ал шетел компаниялары бұл қаржыны өздерінің есебінен бөледі. Біздің ғалымдарымыз еліміздегі бар шикізатты ресурстарын өңдеу, пайдалану жолдарымен ғана айналысады. Бірақ оларды өндіріске енгізуде қиындықтар кездесуде. Ғалымдардың көбі технологияны зертханалық ауқымда ғана жүргізеді, оны өнеркәсіптік деңгейде сынауға қиналады. Себебі бұл үшін олардың қосымша инженерлік, техникалық, экономикалық және басқа да салаларда біліктілігі болу керек. Сондықтан ғалымдар мен инженерлер, конструкторлар, экономистер арасында тығыз байланыс орнатса, мұндай тығырықтан шығуға жол табылар еді. Менің ойымша, әрбір үлкен өндірістік компанияның, кәсіпорынның жанында осы өндірістегі ғылыми мәселелерді шешумен айналысатын ғылыми орталық немесе зертхана болу керек. Сонда ғана үлкен жаңалық ашылар еді.
Алашқа айтар датым...
Болашақ ғалымдар ғылымға берілген тұлғалар болуы тиіс. Жастар ғылымға қандай жағдайда өздерінің білімдерін арнайды? Олардың басында баспанасы, жеткілікті еңбекақысы, ғылыми-зерттеу жүргізуге қажет заманауи құрал-жабдықтары мен материалдары болса ғана ғылымға жастар көптеп тартылар еді. Ғылым бір адаммен ғана жасалмайды, оны ғылыми орта жасайды. Қазіргі ХХІ ғасыр – ақпарат, нанотехнология ғасыры. Егер нанотехнология дамыса, адамзат өмірі, тіршілігі түбегейлі жақсарар еді. Өйткені заттар нанотехнологиялық өлшемде болса, олардың қасиеттері тіпті басқаша болады. Бұл кезде химиялық реакция жүргізбей-ақ атомдар мен молекулаларды біріктіріп, кез келген затты алуға мүмкіндік туатыны сөзсіз. Абай атамыздың «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» дегені – болашақ өмірдің кілті ғылымның қолында екендігін ескерткені болар.